Ардақ Нұрғазы: Соңғы сарын

92b7f5f178b167c9006848810c5eb98e.jpg (670×476)

Суретте О.Айтан, Қ.Шабыдан, Р.Әпшеб, Е.Нүсіпбеков

(немесе ақын Омарғазы Айтанұлының ақырғы өлеңдері) 

Өмірден өтерден сәл бұрын ақын Омарғазы Айтанұлы Қытайдың «Шинжаң халық баспасына» «Сәукеле» деген атпен өлең жинағын өткізген. Бұл кітап 1998 жылы сәуір айында жарық көрді. Баспаның кітапқа жазған кіріспесінде мынадай сөздер бар:

«Сәукеле» — артына мол мұра қалдырып, әдебиетімізге еселі үлес («Тырналар», «Құс жолы», «Екі теке қашан сүзіседі», «Таразы», т.б.) қосып кеткен көркем сөз зергеріміз — марқұм Омарғазының баспамызға былтырлар өз қолымен ұсынған шығармасы. Кітап ақынның әр тұс, әр жылдары жазып, жарық көрмеген өлеңдері мен тағы бір кесек дастаны — «Құстар қайғысынан» құралған. Баспамыз қазасына көп өтпеген көгенбасы автордың  өз қолымен құрастырған еңбегінің жарық көргенін көре алмай кеткеніне өкініш білдіре отырып, қалпын құрғатпай  басып шығарды...»

Ақынның 1993 жылы жазылған өлеңдері осы жинаққа кірген. Кітапта жалпы 94 өлең, екі дастан бар. Өлеңдер 1956—1994 жылдар аралығында қағазға түскен дүниелерді қамтып жатыр. «Сүрініп кетпе» (1994ж) деген жалғыз өлеңді айтпағанда, 1993 жылы жазған 19 өлең ақынның соңғы өлеңдері — соңғы сарыны деуге болады. 

Бұл шығармалардан ақынның өмірден өткен соң жарық көрген «Қорқыт» поэмасы мен «Соңғы жайлау» повесінен де соңғы келбетін көреміз. Жоғарыдағы екі шығарма 1998 жылы Қытайда қазақ тілінде шығатын «Шұғыла», «Тарбағатай» журналдарында жаряланды. Поэзия мен прозада қатар қалам тартқан О.Айтанұлы шығармашылығында екі жанр қашанда бөлінбестей сабақтасып, салаласып жатады. Соған қарамастан уақыт ағысында шығармашылықтың түрлі кезеңінде екі жанр айтулы өзгерістерді бастан кешіп отырған. Айталық, Омарғазы прозасы жазушының екі романы — «Аң шадырын оқ табар» мен «Таразы» да мүлде екі бөлек стильде өрістейді. Оның бірі Ф.Достоевский үлгісіндегі (кейіпкерлердің ақыл-парасат деңгейімен қоғамның жалпы ауқымын қазбалайтын) ойшылыққа бейім болса («Таразы», «Екі теке қашан сүзіседі»), енді бірі лирикалық түс алады («Аң шадырын оқ табар»). Мұнда жазушының тақырыпқа қарай стиль таңдағанын байқаймыз. 

«Соңғы жайлау» повесі Омарғазы прозасындағы «Аң шадырын оқ табар» романы салған соқпақты ары жалғаған шығарма. «Қорқыт» поэмасында да осыған жақын ерекшелік бар. Өткен ғасырдың 50-жылдарынан бастап О.Айтанұлы өзі өмірге келген, тіршілік еткен ортаны — Азия құрлығының кіндік тұсын шекаралар бөлмеген әуелгі күйінде, үлкен кеңістікте, өркениеттік, мәдениеттік, философиялық деңгейде игеруге күш салды. 1957 жылы жарық көрген «Табиғат философиясы» дастанынан бастап 1981 жылы жарық көрген «Тырналар» дастанына дейін, және одан кейін жарыққа шыққан оннан артық поэмасында ақын өзі жасаған топырақтың құдыретін рухани биіктік деңгейінде игерген. «Қорқыт» поэмасы, міне, осы ұмтылыстың соңғы сірке жияр шығармасы деуге болады. Өкініштісі, бұл шығарма толық аяқталмаған. Ақын бұл туындыда қаузаған тақырыбын жаңа мифтік деңгейге көтеруге ұмтылған. 

Есіме түседі бір күй 

 Ботадай боздаған — 

 «Қарақалмақ» күйі Қорқыттың,  

Нысан абыз қозғаған. 

Шіркін дала сәуегейлері-ай, 

Ғайыпты болжаған. 

Баладай сәби 

 Сенім заманы ғой 

Ол заман...

Бұлармен салыстырғанда «Сәукеле» жинағына кірген, 1993 жылы жазылған өлеңдердің жөні бөлек. Бастысы, бұл өлеңдерде ақынның соңғы сарыны менмұндалайды. 

Адамзаттың рухани тарихында үлкен талант иелерінің денінде «соңғы сарын» делінетін өзгеше болмыс орын алған. Бұл күйдің пайда болуы тереңнен сезінетін, ойшылдыққа бейім, сезімтал жандардың ақырғы сәтте қалыптан тыс ойлауымен, өнерді дағдарыс деңгейіне көтеруімен қатысы бар. Бұл О.Айтанұлының өмірінің соңғы 6 жылында жазған шығармаларында, әсіресе, ақынның 1993 жылы жазған өлеңдерінде анық көрініс берген. Аталған 19 өлеңді таяздан тереңге қарай бірнеше топқа бөлуге болады. Тақырыбынан, жалпы ауанынан қарағанда ұғынықты өлеңдер. Бұған «Далалар», «Күнә мен ғибарат», «Шешеміз ағаш», «Тоқал бұқа», «Азырақ жаз», «Сындырып алма» өлеңдер кіреді. Енді бір топтағы өлеңдерді тақырыбы мен жалпы ауанынан қарағанда бірден түсінуге болмағанымен, сөз қуып, жіліктеп, астарына үңіліп оқысақ, білуге болады. Бұған «Табиғаттың шығыны», «Жору», «Ертең не болады?», «Елегізу», «Арылу», «Сұрау белгі», «Үркер суға батады», «Айна» өлеңдер кіреді. Бұлардан басқа түсінуге қиын түсетін өлеңдер бар. Оларда не айтылғанын Омарғазыша модернистік ойлаудың соқпағымен терең бойлағанда, онда да тек алыстан ғана аңғарғандай боласың. Бұған «Жүлге», «Дұға», «Көгілдір күмбез», «Елес», «Көлеңке» өлеңдер кіреді. Әсілінде писихикалық ирім мен сөздің ең жоғары деңгейдегі ұштасуы басталған жерде поэзия қайрауына жетеді де, мәтіннің тығыздығы шегіне ұмтылып, рух қылай береді немесе өлең ақынның сол сәттегі болмысын көрсететін бірденбір дүниеге айналады. Бұл кезеңде поэзия өлең туралы түсініктің кез келгенінің өлшеміне сыймай қалады.      

Жоғарыдағы өлеңдерге тән ортақ ерекшелік — толғақты, сырлы, бүркемелі, екіұшты, бөлшектенген, монологқа жақын әуенмен жазылған. Өлең эстетикасы жағынан тақырып ерекшелігіне байланысты қалыптасқан үрдісті бұза отырып, қарапайымдылықтан күрделікіке қарай ойысады. Ақынның шығармашылықта көздеген ақырғы биігінен, ойындағы төрт аяғынан тік тұрған өнер туындысы деген қалыпты (айталық, «Қорқыт» поэмасын толық аяқтаған жағдайда) да бұзып өткен. Енді бір тұрғыдан айтқанда, бұл өлеңдер сырт келбеті жағынан шектеуге ұшырамай еркін көсілген, ішкі жақтан тас түйін болып жинақыланған: сөз бояуы анық мазмұннан гөрі музыканың табиғатын елестетеді. Реал дүние тұрақтылығынан айрылып, қозғалысқа бағыт алған. Ақын санасында жер бауырлаған көлеңкелі күдік тұтасып, орынан көтеріліп келе жатқандай. Бұл жағынан аталған өлеңдер киелі кітаптардағы тылсым сыры бар жазбалар мен түркілердің ежелгі «Балнама» кітабындағы (VIIғ.) мәтінді еске салады. Бұл өлеңдер өнер туындысы ретінде таным көкжиегін кеңейтетін, оқырман назарындағы дүниені жаңартатын ерекшелікке ие.   

Қаңбақ па домалаған? 

Далалар — таңғы түс. 

 Ұзатылған қыз, 

Ол және 

Қанаты талған құс.


Жеңілген көшпенділер — 

Далалар

Солардың жығылған туы.

Оққа ұшқан арғымағының — 

Далалар соның

Терсіген буы.


Жым-жырт адырлар —

Ұйқысы.

Отыншының балтасы қолған,

Кәрі жыңғылдың таты — 

Соның қызыл қанына боялған...

Жоғарыдағы жолдар ақынның «Далалар» деген өлеңінің басқы жолдары. Өлең бір қарағанда түсінікті — тақырыбы жағынан да, жалпы мазмұны жағынан да ұғынықты. Алайда, нақты не айтылғанын бірден кесіп айту қиын. Бұл жерде Омарғазы өлеңдерінің эстетикалық құрсауы тұр. «Қаңбақ па домалаған?» деп ақын әуелі көз алдыңа бір сурет тартады. Бұл жай сурет емес, келесі жолды анықтайтын және соған мағына берер қасиетке ие сурет.  Одан ары «далалар — таңғы түс» келеді. Дала табиғатында ең бір жиі кездесетін әрі дара қайталанатын қаңбақ образы бұл арада ақынның көкірегіндегі (оқырманның да) дала ұғымын уақытынан бұрын әкеліп, сананың тасасында жатқан сәулелердің жіп ұшын шығарып тұр. Ал, дала ұғымы шындап ортаға шыққан тұста ол өзімен бірге тағы бір жаңа ұғымды ала келеді. Ол — таңғы түс. Қазақтың дүниетанымында таңғы түс — көп жағдайда басқа кездегі түстен гөрі шынайылығы басым, алда болып қалуы мүмкін дүниелерді аңғартатын, шамандық түсінігі басым тіркес. Бұл ұғым келесіде «ұзатылған қыз» және «қанаты талған құс» деген жолдармен толығады. Қазақ халқы қыз баласын қашанда алақанына салып мәпелеп ұстаған. Соған қарамастан оның түбінде жат жұрттық екенін де біледі. Сезім бояуының астарында өмірдің өтпелілігі, тілсімдігі туралы қиял қылаңдайды. Бұл жерде үлкен сезімдік қайшылық тұр. Даланың кеңдігі мен өмірдің тұрлаусыздығы, тіршілік оты мен аяқталудың бұлжымастығы, содан туындайтын көлеңкеге айналған күдіктің көшкен сеңдей жылжуы бар. Содан ең бір қимас дүниесінен де бас тартуға тура келген жанның өзгеше қоштасу жыры басталады. Осыдан соң өлеңнің келесі шумақтары анық бола бастайды. 

Жеңілген көшпенділер —  

Далалар 

Солардың жығылған туы...

«Далалар» бастаған өлеңдерде ақынның беймазалығы, жел жыртқан жалаудай көңіл-күйі, дағдарысты санасы анық көзге ұрады. Өлеңдер келесі топқа өткенде жоғарыдағы бұлқыныс анық, ашықтықтан ішкі иірімге қарай ауысады. Өлеңдер үшінші топқа жеткенде ақынның алабұртқан сезімі мүлде сейіліп, өлең мәтінінде үп еткен желсіз мамыржай тыныштық орнайды. Барлық бұлқыныс, өрекпіген жандүние, қайшылықты буырқаныс тасаға кетіп, беті шымырлап жатқан үлкен ағыстың арыдағы дүлей ағынындай жасырын тартады. 

Соңғы сарын баса билеген кезеңде О.Айтанұлының өмірінде бірнеше жағдайдың орын алғаны белгілі. Сол жылдарда ақын денсаулығының нашарлауы саладарынан тіршіліктің ақыры — өлім туралы жиі ойлай бастаған сыңайлы. Бұған сол дәуірдегі төбе көрсеткен сенім күйреуі келіп қосылды. 1991 жылы Кеңес одағының ыдырауы «теңдік, бауырмалдық, әділеттен» тұратын коммунизм идеясының шаңырағының ортасына түсуі, ақшадан басқаны танымайтын капитализмнің бір құбылып, келешектің кепілі деп сыпатталуы ақынды ойландырғандай. Өткен ғасырдың бел ортасында өмір сүрген ұрпақ ретінде ақын коммунизм идеясына қатысты басынан бақайшығына дейін қайшылықты көңіл-күйде болды (айтарға болмаса, коммунизм идеясының өзі басынан бақайшығына дейін қайшылықты дүние болды ғой). Пенде баласы армандаған барлық жақсылық біткенді жарнамасына жазып алған қоғам әділет туралы айтып тұрып, бір кезде әділетсіздікке барғанда, ақын лажысыздықтан налыған болатын, ал, ол қоғам ашкөздікті ашық дәріптейтін капитализмнің соққысынан қирай күйрегенде адамзаттың есіл үміті селге кеткені үшін тағы да күйінді. Бұған бала кезінде «жас молда» аталып, діни сауатын ерте ашқан ақынның өмір бойы құдайсыздықты дәріптеген қоғамның жел өтінде өмір сүргенін қосып қойыңыз. Жиып келгенде ақын аса қайшылықта еді. Ақырғы қоңыраудың үні естілген, сенім аспанына қым-қиғаш жарықтар түскен, соған сай көп нәрсенің қайта қарала бастайтыны белгілі болған шақ еді. Ауыздан шыққан кез келген сөз әп-сәтте өңінен айрылып, қураған жапырақтай желге ұшып жоқ болуы мүмкін. Ал рух тереңге шөккен болатын. Ақын бұлардың неден дерек беретінін, салмағының қаншалық ауыр екенін анық түсінді. Дегенмен, салған соқпақты ары жалғауға ақын табиғаты дайын еді. Бұл поэзиядағы тазару, ағару жолы, немесе сөз мәнін игерудегі көкжиектің де арғы жағына ден қою жолы болатын. 

«Жүлге»:

Екі ауыз сөз екен бұл дүние,

Біріншісін данышпандар айтып кетіпті.

Ендігі қалғаны — екіншісі.

Бірақ оны да

Шайхы-дәруіштер тәрік етіпті...


«Көлеңке»:

Әлемнің тарғыл теңбілі

Жер бетіндегі 

Аласы және құласы; 

Күнәсі мен сауабы

Жіктеледі

Тазасы мен ласы.


Екі қара барқын

Жұқарып тең

Жыртылады сұйылып.

Ақшылдайды бозарып

Бір шаңыт

Сәскеде төбеңнен құйылып.


Жетер ме көзіңнің оты

Бір көлеңке мен бір көлеңкені қуып

Тазартуға

Бір ақ көлеңкемен

Екі қара көлеңкені жуып? 


«Дұға»:

Ит терісіне жазылған жазу,

Ескі жұртта қалған көмбе.

Адамзат ақылы қандай аянышты!

Бір аунап уанбаған қайсы пенде.


Құмарпаздар әуесі қаныңдағы,

Иманың қырық кез төбеңде тұрады.

Бір жыл өсіріп көрші шаш-сақалыңды,

Екі иығыңда екі періште отырады.


Ентігіп есіріктен бе кәрі жасамыс,

Үндемей отыра қал онан да сол күні,

Бар екені рас болса, егер бір жаратушы

Жеңісім деп білер, бәлкім, ол мұны.

Соңғы өлеңді мен ақынның Маркс пен марксизм идеясына оқыған дұғасы дер едім. Қалай аянышты емес! Бір ғасыр бойында Маркс пен оның идеясына бүкіл адамзаттың үштен бірі сенім артты ғой. Сол жолда миллиондаған адамдар жан қиды, сергелдең болды, өмірдің бар болмысы келешек жұмаққа бергісіз қоғам құру деп білді, соған сенді. Соңында не болды?! Ақырында адамдар коммунизмді қойғанда, коммунистерден құтылғандарына бас киімдерін аспанға атып қуанды ғой!  

Соңғы топқа жататын өлеңдердің ішінде назарға ерекше ілінетін бір туынды бар, ол — «Көгілдір күмбез» деген өлең. Бүгінге дейін қазақ елінің Тәуелсіздігі туралы мыңдаған өлең жазылған шығар. Солардың ішіндегі ең бір кіршіксіз таза, күнәдан пәк өлең болса, меніңше, ол осы «Көгілдір күмбез». 

Дон Кихот киген көне дулыға,

Менің басымда да бар

Бір дөңгелек киім.

Еліктемеген осы формаға

Қайсы-қазан ошақ,

Қайсы бұйым!


Қысып тұрған бір темір құрсау

Суын Укоңның кішкене басын;

Шыр етіп келгелі тұрған бір сәби

Берсін тәңірім оған да

Дөңгелек ықыласын!


Аузын ашады бір балапан шиқылдап,

Ұқсатқан Гоголь бір ауызды дөңгелек әріпке.

Көгілдір күмбез,

Бере гөр сен де жасыл жиегіңді

Керегі не онан арының өзінің де

Біз ғаріпке.

Әсілінде коммунизм идеясын донкихоттық идея деуге де болады. Дон Кихот өзі жасап алған қияли қағидаларды бетке ұстап өмір сүрсе, коммунизм де сондай таныммен ауырды. Кезінде коммунизм идеясы аса жұқпалы болды. Оны тіпті мемлекет құруда бірнеше мың жылдық тарихы бар Қытайдың өзі жұқтырды. Сондықтан да ақын дон Кихоттың дулығасы сияқты «менің басымда да бар бір дөңгелек киім» дейді. Дегенмен, бұл киім жәй киім емес, қыршаудай қысатын, тіпті қатыгездігі бір басына жетіп-артылатын киім. Оған коммнизм тарихының өзі куә. Содан да ақын шыр етіп өмірге келгелі тұрған сәбиге тәңірден өзгешелеу ықылас тілейді. «Аузын ашады бір балапан шырылдап», менің тілейтінім, тәңірім,  ықыласың түсіп — «көгілдір күмбезіңді» қия көр (қазақтар көгеріп-көктеген кезде Көк Орда болғанын есіңізге түсіріңізші) дейді ақын мінәжатында. 

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты