Ardakh Nurgaz. «Қабанбай батыр» жырындағы әйелдер кім?

f227e98596e446c6e7b647a6bdaf7d72.jpg (524×420)

Жазба әдебиеттің ауыз әдебиетімен тіке қатысы бар. Оларды жалғап тұрған көпір аңыз-әңгіме, ертек, миф. Жазба әдебиет жазу заңдылығының себебінен хатқа түсу барысында әлгі аңыз-әңгіме, ертек, мифке тән дүниелерді жаңартады, өзіне сіңіреді, басқаша талаппен пайдалана бастайды. Бұл жаңартудың тасасында дүниетанымдық, эстетикалық өзгеріс жатыр. Әдебиеттік талғам жаңарғанымен,тыңдау емес, оқу басты орынға шыққанымен, сақталып қалатын  дүниелер  баршылық. Айталық, қазақ эпостарының ішкі құрылымынан біз аты ұмтылған авторлардың шығарманы туындату барысындағы рухани болмысына бойлауға мүмкіндік табамыз. Ауызша жырлауға лайықталғанына қарамастан, эпостық бұл мәтіндерде де әдебиетке тән өзгермейтін дүниелер сақталған және ол бүгінгі интеллектуалды әдебиетпен үндесіп кете береді.

Қазақ тарихында XVII ғасырда «Жұңғарға қарсы соғыс» деген атаумен қалған тарихи оқиғаның басты кейіпкерлерінің бірі Қабанбай батыр. Қабанбай батырға қатысты қиса-жырлардың ішінде ел ауызында кең тараған нұсқа батырдың қартайған шағында жорыққа шыққан оқиғаға құрылған. Зерттеушілер осы нұсқаның 17 түрі бар деседі. Жырға негіз болған аңыз мынау: Алатауды мекендеп жұңғарға сіңген қырғыздың бір тайпасы Қабанбай батырдың жақын інісінің (Арыс аталатын) ауылыш шауып, еркек тұяқ қалдырмай қырып салады. Қырғын тауып, қансыраған ауылға жеткен қарт батыр сан соғып, қайғы жұтады. Сол сәтте төңкерілген қазанның астынан жылаған баланың дауысы естіледі. Қазанды көтерсе, астынан ұл нәрсете шығады. «Арысымнан да бір тұяқ қалған екен...» деп батыр содан көзіне жас алады. «Қабанбай батыр» жыры осы оқиғадан кейін жалғасқан оқиғаға құрылған. Қабанбай батыр Арыстың ауылын шапқан қырғыз-жұңғар тайпасынан кек қайтаруға қол жиып, жорыққа шығады. Бұл жорыққа хан Абылайдан тартып жұңғарға қарсы соғыс тарихында аты аталатын батырлардың бәрі дерлік қатысты, делінеді жырда. Жорықта Қабанбай бастаған батырлар көшіп келе жатқан қырғыз-жоңғар ауылының үстінен түседі. Әтеке жырық аталатын жау батырын айқас соңында Қабанбай батыр жекпе-жекте өлтіреді.

Жыр осы араға келгенде шындап басталады. Жырда Қабанбай батырдан тыс, өзге аты аталатын батырлармен қатар Дәулетбай, Шағалақ сынды тарихи кейіпкерлерге ерекше орын берілген. Соған қарамастан шығарманың рухани ауанын ұстап тұрған бұлар емес. Оны тұлғалаған Қабанбай батыр мен екі әйел затына қатысты деталь. Шығарма осы үштік одақтан туындайтын ұстанымға құрылған. Алғашқы әйел кейіпкер былай ортаға шығады. Әтеке жырықтың өлгенін көрген қырғыз-жұңғар тайпасы жақтан ақ бас бота жетектеген бір қыз келеді. Қыз жекпе-жекте өлген әкесінің сүйегін сұрайды. Бірақ, ол өзге қазақ эпостарындағы әйел затынан басқаша сипатталады. Жырда былап деп жазылған.

 

Жағалап Алатауды қырғыз келген,

Ол қырғыз түнде келмей, күндіз келген.

Көрген соң әкесінің мерт болғанын,

Жетелеп ақ бас таялақ бір қыз келген.

 

Қазақ тарихында жаугершілікке байланысты әйел затының көп бодау бергені тарихты зерттеушілерге кеңінен белгілі. Шапқыншылық себебінен жау қолына түсіп, бодан болып, өзге жұртқа сіңген апаларымыз қаншама. Қазақ хиса-дастандарында бұл туралы көптеген детальдар кездеседі. Жиі ұшырайтын бір вариант – жау қолына түсіп, сол елдің анасы болған қазақ әйелінің өзі қызына өсиет етіп «құлыным тегіңде қазақ қаны бар, қазаққа тұрмысқа шық» деп айтатыны. Санамызда ерекше із қалдырғаны соншалық, мұны біз XX асырда жасаған ақын Иса Байзақовтың «Құралай сұлу» дастанынан да, кеше ғана түсірілген «Көшпенділер» (2001ж.) филімінен де кездестіреміз. «Қабанбай батыр» жырының белгісіз авторы дәстүрге айналған осы үлгіні бұзады. Оның орнына мүлде басқаша әйел образын берген. Мұның әдейі ойластырылған, шығармашылық ерікке саятын өзіндік себебі бар. Әкесінің сүйегін сұрай келген қыз «елді қырарсыңдар, жоярсыңдар, мені де біреуің аларсың, бірақ, үнемі қатын мен болмаймын...» деп батырларға батыл айтады. Жырда осы тұс былай баяндалады:

 

Қабекең ақ найзасын шоқтайды енді,

Ойбайлап қыз әкесін жоқтайды енді.

Ойбайлап қыз әкесін жоқтағанда,

Батырлар құлақ салып тоқтайды енді.

 

Келеді бір қыз төтелеп,

Ақ бас тайлақ жетелеп.

Зарлаған дауысы шығады,

«Емеде қоқи» әке деп.

 

«Отырмайын, тұрайын,

Батырларға барайын.

Сүйегін бер деп әкемнің,

Қиылып сауға сұрайын.

 

Көл тартылар таяз боп,

Ер сарғайар мал аз боп.

Көшпе десем көштің бе,

Ағайыныңмен араз боп.

 

Көшпе десем көштің бе,

Үйіңнің бауын шештің бе?!

Бастап келіп еліңнің,

Тақ түбіне жеттің бе?!

 

Жатқызды сені Қабанбай,

Қапысын қалдың таба алмай.

Мінген атың көк торғай,

Неғып қалдың шаба алмай?

 

Әлгінде жүрген әтиім,

Ажалың неге шорт болды-ай!

Қашсаңда қоймай Қабанбай,

Қалдың ба ойбай кек алмай?!

 

Батырдың қалдың астында,

Мүкамалды шаштың ба?

Қабанбайдың найзасы –

Қайың бір ағаш, күрт болды,

Әтиімнің найзасы –

Қарағай болды морт болды.

 

Қазақтан шыққан Қабанбай,

Қақ жүректен атуын.

Айналайын әтиім,

Арыстай болып жатуын.

 

...

  

Сары ат мінсем таға жоқ,

Қазине кисем жаға жоқ.

Қайткенде адам болармын,

Алдымда үлкен ағам жоқ.

 

Етік кисем байпақ жоқ,

Жейде кисем шапан жоқ.

Қайткенде адам боламын,

Алдымда тұрған апам жоқ?

 

Ойбайдан басқа күнім жоқ,

Ой, жанымда тыным жоқ.

Қайткенде адам болармын,

Артымда өскен інім жоқ?

 

Ағасы жоқ сум қызбын,

Інісі жоқ қу қызбын.

Әуедегі жұлдызбын,

Арманым көп бір қызбын.

 

Жапандағы құндызбын,

Су ішінде жалбызбын.

Еңіретпе, қазақ, еңіретпе,

Бір енеден жалғызбын.

 

Ішкенде асың бал шығар,

Артқанда түйең нар шығар.

Еңіретпе, қазақ, еңіретпе,

Мендей де балаң бар шығар?!

 

Отырмайын, тұрайын,

Отырмай амал қылайын.

Көңілі өскен көп батыр,

Батырдан сауға сұрайын.

 

Сауға берсең өзіме,

Сөйлеп тұрған сөзіме.

Тыңдашы менің мұңыма,

Мұңымды шағам өзіңе!

 

Сұрағаным сіздерден,

Жалғыз қасық қаным ғой.

Сіздерге жетпес әлім ғой,

Бір Құдайға мәлім ғой.

Бірің мені аларсың,

Алып үйге барарсың.

Қойың болса соярсың,

Тойың болса қыларсың.

Үнемі қатын мен болман,

Орныңды сипап бір күні,

Саныңды соғып қаларсың.»   


Жырда қыздың сөзін өзге жұрт түсінбесе де Қабанбай батыр түсінеді. Ата жауы, әрі қайраты жоқ әйел заты болса да қыздың айтқан сөзіне айырықша ден қояды, ойланады, соңында қыздың еркін орындайды. Жыр авторының түпкі жетпек мақсаты да осы түйінді көрнекілендіруде жатыр.  

Әдебиетте біртума даралық көркем қиялды мәтінде қайталанбайтын деңгейде берумен өлшенеді. Жырдың аты белгісіз авторының жоғарыдағы өлең жолдарынан біз жалпы қазақ өлеңіндегі керемет, біртума поэзиямен ұшырасамыз. Онда бірегей туындаға тән барлық белгі кездеседі. Қыз ортаға шығатын тұсы шығармадағы драмалық тартыстың қызып шырқау шыңына көтерілген тұспен ұштасып келеді. Автор мұны тегінен тегін орайластырмағаны, үлкен тәжірибеден келгені анық. Себебі, осындай тартысты тұс болғанда ғана адам жанының бүкпесі жақсы ашылады, тереңге бойлауға мүмкіндік туады. Батырлар жауын жеңеді, енді жеңілген жақты үлкен қырғын, сұмдық жазалау күтіп тұр. Жеңген жақ жеңілген жақтан еркек тұяқ қалдырмай қырып, әйел затын олжалап, мал-мүлікті бөлісіп алу шарт. Бұл сол замандағы соғыстың заңы. Дәл осы сәт басталатын тұста жеңілген жақтан ақ бас бота жетектеген қыз ортаға шығады. Қыздың сөзінде үлкен мән-мағына жатыр. Бұл арадағы өлең шумақтарында күшті трагедиялық тартысты шиленістің нәтижесінен туындаған, жайшылықта көзге түсе бермейтін адам жанының терең шүңетіне тән психологиялық көрініс бар.Қараңыз: Қыз сөзінде жекпе-жекте өлген әкесін аздап кінәлағанымен мүсіркемейді қайта жоғары көтереді, қан майданда өліп жаста да қастер тұтып бағалайды. Әкесін өлтірген батырды да жолсыз қарғап-сілемейді, қайта тура бағасын, мәртебесін береді. Өзінің барлық мұң-зарын, жеке басына тән күйінішін, тілегін шебер жеткізеді. Тіпті, әкесінің мал табу үшін соғысқа барған сырын да сөз етеді. Жалпы бұл шұмақтардың айтары телегей теңіз мол. Қыз бұл арада қанды қырғын басталғалы тұрған сол бір сәтте таудай ауыр дүниені сөзбен ақырын ғана көтеріп алып, төгіп-шашбай, жеріне жеткізе отырып, еппен ғана қайта орнына қояды. Салмақты, бірақ, даңғой емес, нәзік, шағын ғана болғанымен берік те бекем сөз айтады. Бұл сөздер таза әрі тартымды шумақтармен төгіліп тұр. Қыздың жоғарыдағы сөздері елден ерек парасаттылықтың жемісі. Қиын-қысту жағдайда мынадай деңгейде сөйлеу оңай шаруа емес. Оң-терісін толық қамтыған, бәрін түгендеген сөз енді сондай тереңдікке бойлайтын, үлкен деңгейде түсініп жететін естір құлақ, сананы қажет етеді. Ол, әрине, Қабанбай батыр да бар. Жыр авторы бұл жерде қыздың болмысы мен образы арқылы батырдың болмысы мен образын сомдаған, тұлғалаған. Ғажабы сол автор бір кейіпкерді сомдау арқылы екі кейіпкердің партретін ашады. Мұндай шеберлік әленмдік әдебиетте де көп кездесе бермейді. Есіңе бірден У.Шекспирдің «Отелла» шығармасындағы қанды қастандыққа барған Отелланың жандүниесінде жүріп жатқан арпалысты оның әйелінің монологы арқылы жеткізетін тұсын салады.                           

Жырда екінші әйел кейіпкер Қабанбай батырдың келіні – батырдың інісі Дәулетбайдың әйелі. Жырдың соңында әл үстінде жатқан Қабанбай батыр есік жаққа қарайлай береді. Өзіне өкпелеп көшіп кеткен інісі Дәулетбайды іздегендей болады. Әл үстінде жатқан, көшіп кеткен өздерін ойлап, күтіп жатқан батырдың хәлін сонда алдымен осы келіні біледі. Жыр авторы бұл арада көп шумақ шығындамаған, бірақ, ойдан өрнек тауып тамаша берген. Алдымен батыр келінін қалай танып бағалағанын жеткізеді. Соңынан батыр бағалаған сол келін айтса айтқандай өзгеше болмысымен көзге түседі. Атасының ауырып хәл үстінде жатқаны туралы хабар келуден бұрын «бір жамандықтың болғанын» күні бұрын сезеді. Жары Дәулетбайға дәл атасы айтатын сөзді айнытпай өзі тұрғысынан айтады. Мұнда да автордың қайталауды еркше тәсілмен пайдаланғанын көреміз. Қабанбай батырдың образы шебер орналастырылған дана келінінің образы арқылы биіктеп, кемелдене түседі. Мұны, енді, шеберлік демей болмас. Басқаша айтқанда шығарма авторы екі әйел затының бойында бар ерекше бағалы қасиетті қисынды тәсілмен сыналау арқылы қас батыр Қабанбайдың образына қайталанбас көрік, құдырет сыйлаған. Бұл жерде Қабанбай батыр дара туған батыр ғана емес, көреген, тектілігі мен кемергерлігі егіз  бөлекше қасиеті бар адам ретінде көрнектіленеді. Ақын мұны жалаң айқай, дәріптеме сөзбен емес, образға, мәнге сіңіріп жіберген. Ерлікті, жауынгерлікті, баса жырлайтын батырлар жырында дәл осындай шағын деталға көмілген нәзік, соған қарамастан өткір әрі сезімге бай сөз сарасы көп ұшырай бермейды. Осыдан жыр авторының жай сөз ұстасы ғана емес, талғамы заманынан асып туған шығармашылық тұлға, ойы ұшқыр, шеберлігі шегіне жеткен ақын болғанын аңғарамыз. Заманауи әдебиеттану тұрғысынан айтқанда мынадай эстетикалы-писхологиялық иірім жасау күшті ақындық біртуар талғамнан ғана туады. Дара аң-аурамен ғана жүзеге асады.

Жоғарыдағыдай тамаша қолтаңбаны біз тағы бір эпос «Қобыланды батыр» жырынан да кездестіреміз. Бұл шығарманың да авторы белгісіз. Мен оның авторы әйел затынан болуы мүмкін, деп қараймын. Оған дәлел жырдың бас кейіпкері Қобыланды батыр болғанымен, шығарманың рухани құдыретін, құрлымын тұлғалап тұрған Қобыланды батырдың жары - Құртқа сұлу. Шығармада Құртқа қосалқы кейіпкер ретінде белгілі. Бірақ, ол жырдың тағантасы сияқты рол ойнайды. Жыр авторы әдебиетке тән тәсілмен Құртқа образын тасада ұстауға мүмкіндік тапқанымен, оның әр кезеңдегі атқарған ролы арқылы шығарманың жалпы ауанынада ұстаған орнын жасырып қала алмаған.

Жырда Құртқа бірінші рет Қобыланды батырдың ер серігі мініс аты – Тайбурылды танып, таңдауымен көзге түседі. Тайбурылсыз Қобыландыны көзге елестету мүмкін емес. Сол Тайбурылдың тасасында бастан ақыр Құртқа тұрады. Жырда алда болар істі Қобыланды біле бермейді, бірақ, оны Құртқа сұлу толық біледі және соған сай жұмыс істейді. Бұл не деген сөз? Бұл Құртқада авторға тән қасиет бар дегенді білдіреді.  Оған шығарманың басынан аяғына дейін «бәрін орналастыра алатын» мүмкіндік қарастырылған. XX ғасырдағы әдебиеттану ғылымының бір сарасы мәтіндегі автордың тұрғысы мен орынын анықтаудан тұрады. Сол арқылы шығармашылық иесінің дүниетанымы мен эстетикалық талғамын, қала берді туындының төлтума қасиетті анықтайды. Осы тұрғыдан алғанда Құртқаның қаншалық маңызды екенін парықтай беріңіз. Қобыландының кіші әкесінің жылқысы жанынан өтіп бара жатқанда Құртқа Тайбурылдың енесі бурыл биені әдейі қалатқызып сұрап алады. Екіншісінде, Қараман батырдың сөзіне ашуланып жорыққа шықбақшы болған Қобыландыға Тайбурылды шығарып беріп тұрып, «Тайбурылдың қырық үш күндік кемдігі бар, соған қарамай мініп барасың, күндердің бірінде Көбіктінің жылқысын айдап қайтқанда, жылқы ішінен екі көгала бие қайта қайырылып қашады, соны қуғанда, жете алмағанда білесің, қырық үш күннің кемдігін», дейді. Жырда расымен солай болады. Үшіншісінде, жаудан қайтқан батыр еліне қарай Тайбурылымен түнде ұшқан құстай шауып келе жатып жығылады. Жығылған жерден батыр қазық табады. Ол Құртқа сұлудың бір кезде Тайбурылды бағып, баптаған қазығы. Сол қазықтың түбінен батырға арнап көміп кеткен Құртқаның асын табады. Басқаша айтқанда Құртқа күндердің бірінде Тайбурылдың осы қазақтың түбіне келетінін, Қобыландының оралатынын біледі. Соған сай өзі жау қолына кетіп бара жатса да, Қобыландыға арнап ас қалдырып кетеді.

Міне, осы үш дерек жалпы «Қобыланды батыр» жырын үш тағандап көтеріп тұр. Мұны аты ұмтылған автордың әдебиетке тән шеберлігінің айғағы деуге де болады. Бірақ, Құртқа образы арқылы бүкіл шығарманың рухани болмысын жасап тұрып, онысын жасырып, оған көп сөз шығындамай, тіпті, елеусіздей қарайтындай тасада ұстауын қалай түсінуге болады? «Қобыланды баты» жыры діни шығарма емес. Құртқа да ер адам емес. Бірақ, Құртқаның бойында адамнан асып туған – пайғанбарға тән тылсым қасиет, құдырет бар. Автор Құртқаны солай тұлғалайды. Мұндағы сыр жыр авторының әйел затынан болуында жатуы мүмкін. Егер, автор әйел затынан болса, жырдағы батыр Қобыландыны бетке ұстай отырып Құртқа сұлуды алға шықпайтын, бірақ, оған өлшеусіз мүмкіндік берудің сырын түсінгендей боламыз. Автор бұл арада «күшті алып та, шалып та жығады» дегеннің керін келтіріп отыр. Өз заманында ерекше дарын туған апаларымыздың болғаны анық. Бүгінде біз оларды анық біле бермейміз. Олар Батырын басына көтеріп сыйлаған, бірақ, өзіне де лайықты орын берген. Олай болмаса, ауыз әдебиетімізде Құртқадай, ақ бас бота жетектеген қыздай, Қабанбай батырдың келініндей әйел образдары тумас еді. Осы арада біз ұлы шығарма жаратып, батырлар жырында батырдың көлеңкесінде, тасасында қалып қоймай, шеберлігінің арқасында Құртқа сұлудың образына жасырынып, ғасырлар қатпарынан қылаңдап жеткен сондай бір шығармашылық тұлғаның нобайын көргендей боламыз.Бұл да мүмкін. 

 

P.S. Тайбурылдың қазығы, десе, ойыма 1995 жылы жазған «Жылқы» атты әңгімем түсіп отыр. Сол шығармаға цитат ретінде «Қобыланды батыр» жырының аталған шумақтарын келтірген едім. Дәл сол Тайбурылдың түнде шауып келе жатып қазықтың қасына сүрініп жығылатын тұсын. Әңгімеде де сондай бір қазық бар еді. Екеуі де жылқы арқандайтын қазық. Өз ойым оқырман екі деталь арқылы екі шығарманы үндестіріп еске алса, тіпті де көп дүниеге көз жеткізер, деген ой болатын. Бұл әңгіме Қытайда «Шұғыла» журналының 1997 жылғы №4 санында жарық көрген.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты