Ardakh Nurgaz. Мағжанның «күнәсі»

f5cc3ce25139d2561bc249436edb560d.jpg (800×653) 

Қазан төңкерісінің алды-артында жазылған қазақ прозасындағы ерекше атауға болатын бір туынды – Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» әңгімесі. Шығарма дәстүрлі қазақ ауылын артқы көрініс етіп жазылған. Әңгіме сүйіп қосылған бір жұптың өміріне құрылған. Алғаш отбасын құрғанда әйелі Шолпан балалы болғысы келмейді, оған күйеуі де қарсы болмайды. Уақыт өте, жастары ұлғая келе Шолпан отбасына бала керек екенін, күйеуінің де баланы жақсы көретінін сезеді. Бірақ, өзі бала көтере алмайды. Соңында балалы болуға бар ынтасы, назары, үміті байланған Шолпан күйеуінен таппаған баланы басқа еркектен тауады. Шығарманың соңында жоғарыдағы күнәсі себебінен Шолпан да, баласы да аянышпен өледі. Жазушы Шолпанның трагедиялы тағдырын  дәстүрлік қоғамның қаталдығына артқандай түсінікпен аяқтайды. Әңгіменің ұзын ырғасы осы мазмұннан тұрады. Бірақ, шығармадағы шындық олай болмауы мүмкін.

Бір қарағанда «Шолпанның күнәсі» әңгімесі ерекше бөгенайымен, бұрын-соңды қазақ прозасында қайталанбаған тақырыптық ерекшелігімен көзге түседі. Осының өзі бұл шығарманың өн бойына қалыпты түсініктен тыс бір дүниені жасырып тұрғанын аңғартады. Айталық, мынадай бірнеше сұраққа жауап керек. Бірінші, Шолпан неге балалы болуды жақсы көрмейді? Екінші, соңында неге өзінің шалыс басқанын жасыру мүмкіндігінің жоқ екенін біліп тұрса да, балалы болу жолын таңдайды? Үшінші, жазушы неге әңгімедегі қайшылықты Шолпанды төңіректей отырып жазады, оның күйеуінен тақырыпқа қатысты мәлімет бермейді?

Жазушының шығармашылығы оның өмір сүрген дәуіріндегі қоғамдық түсінік, ой, ұстанымдар және қағидалармен қатысы бар. М.Жұмабаев өмір сүрген, шығармашылықпен айналысқан XX  ғасырдың алғашқы жиырма жылдығында қазақ қоғамы толықтай Ресей империясының отарына айналған және империяның асқынған қоғамдық қайшылықтары мен одан туындаған дағдарысты дүниетаным, түсініктер қазақ зиалыларының да жан дүниесіне орныға бастаған тұсқа тура келеді. Сондай түсініктің бірі – дәстүрлі қоғамды қиратуды алғы шарт ететін қоғамдық төңкеріс теориясы. Негізі Франция ұлы төңкерісінен бастау алған бұл теория XIX ғасырда Еуропада қанат жайған еді. Бірақ, көп өтпей оның практикалық шындығынан күмән туады да, батыс Еуропада бұл теория біртіндеп әлсіреп, күшін жойған. Алайда сол кезеңде қоғамдық төңкеріс теориясы шығыс Еуропада, әсіресе Ресейде кеңінен қанат жайа бастайды. Орыс зиалылары XIX ғасырдың ортасынан бастап бұл теорияны қабылдады.  Оның түсінігі мен қағидасы, ұстанымдары қоғамды жаңартқысы келетін күштердің ортақ теориялық қаруына айналды. Бұл әдебиеттану мен әдебиет сыны саласында да өріс алды. Айталық В.Г.Белинский, Н.Чернышевский, Г.В.Плеханов, т.б. шығармаларында бұл тақырып көптеп көзге түседі. Қоғамдағы бұл ой өзгерісінің соңы Ресейде Ленин бастаған большевиктердің патшаны тақтан тайдырып, билікті пролетариаттың қолына берген үлкен тарихи оқиғамен жалғасты. Жазушы М.Жұмабаев осы кезеңде жасаған тұлға. Жазушының әдебиеттану және басқа да қоғамдық ғылым саласына қатысты еңбектерінде жоғарыдағы орыс сыншыларының, мәдениеттанушыларының еңбегінің ықпалын байқай аламыз.

Маркистік-Лениндік төңкеріс теориясы бойынша қоғамда ескі саяси жүйе жойылып, оның орнына жаңа қоғамдық жүйе орнауы тиіс. Бұл адам бойындағы, адамдар ара қоғамдық қатынастағы дәстүрлік байланыстарды жойып, оның орнына төңкерістік сипаттағы жаңа түсініктер мен адамдар ара жаңа байланыстарды қалыптаструы керек. Егер, біз М.Жұмабаев жасаған кезеңдегі осы түсініктерді негізге ала отырып ойлансақ, «Шолпанның күнәсі» әңгімесіне қатысты жоғарыдағы сұрақтарға жауап таба аламыз. Әңгімеде жазушы Шолпанды дәстүрлік қазақ ауылының аясына қойып жазғанымен, ол жазушы санасында орын ала бастаған төңкерістік теориядан туған кейіпкерге жақындайды. Дәстүрлі қазақ әйелінің танымында «балалы болудың қажеті жоқ» деген түсінік болмайды. Бұл дәстүрлік қоғамның таным-түсінігі мен ой-түсінігіне мүлде жат нәрсе. Эпостан басталған, айталық «Алпамыс батыр», «Қобланды», т.б. жырларында ата мен ана Жаратушыдан бір бала тілеп баспаған жері, төкпеген тері қалмайды. Осы детальдан-ақ біз балалы болудан қашудың жаңа заманның түсінігі немесе жазушының жеке жаңалығы екенін аңғарамыз. Әңгімедегі Шолпан дәстүрлік қазақ әйелі емес. Содан да ол дәстүрлік түсініктен басқаша ойлайды. Шолпан образы кеңес қоғамы құрылудың алдында төңкерістік теорияның дәріптеушілердің жаңа қоғамдағы әйелдер туралы түсінігінің жинақы көрінісі. Олардың ойында ескі жүйенің, ерлердің езгісі мен қанауынан, құлдығынан әйелдер азат болуы тиіс. Кеңес қоғамына тән азат болған мұндай типтік әйел образы кейін С.Мұқановтың «Ботакөз» романында, Б.Майлиннің «Раушан коммунист» шығармасында анық көзге түседі. Азат болудың көп түрлі белгісі бар. Соның бірі әйелдердің бала табу немесе бала таппау құқығының өзінде болуы, мыс. Міне, осы түйін «Шолпанның күнәсі» әңгімесіне негіз болған.

Жазушы төңкерістен кейінгі жаңа қоғамның әйел туралы түсінігін жазу барысында жаңа қайшылықтарға бет келген. Ол қайшылық - әйел затының ұрпақ жалғастырушы сынды міндетін қайда қою мәселесіне барып саяды. Әйел заты бала таппаса ұрпақ жалғаспайтыны, қоғамның да күйрейтіні белгілі нәрсе.  Әңгімеде бұл түйін Шолпанның санасында күйеуі баланы жақсы көретінін білгенінен кейін ғана туындаған қалауы етіп жазады. Әйел барлық жауапкершіліктен азат болды делік, содан кейін не болады? Бұл жерде жазушы шығармада көп көзге түсе бермейтін, көзге түссе де ішкі сыры ақтарылып айтыла бермейтін Шолпанның күйеуін объектретінде алған. Ол бір жағынан қоғамға, қоғамның талабына да өкілдік етуші образға жатады. Қоғам әйелден бала табуды талап етеді. Бұл адамзат пайда болғаннан бері өзгермей келе жатқан заңдылық. Міне, осыдан барып әңгіменің оқырман санасына өрескел тиетін, бірақ, не екені бірден аңғарылмайтын, қайшылықты, тіпті түсініксіздеу тұсы ортаға шығады.  Ол Шолпанның басында балалы болуды жақсы көрмейтін, соңында балалы болуға құмартатын, соның жолында жанын да құрбан ететін оқиғасы.  Бұл арада жазушы қоғамдық жаңа талаптың, жаңа түсініктің тасасында жатқан ақылға сиымсыз тұсын ашады. 

Кеңес қоғамы әйел затын дәстүрлік қоғамның түсініктері мен міндеттерінен толық азат етуді көздеді. Мәселе, содан кейін не болады? Бұл сұраққа төңкерістік теорияны қолдаушылар жауап бере алмаған. Оған жазушының да қосары жоқ. М.Жұмабаев тек әйел затының бойындағы барлық міндетті алып тастаудың дұрыс еместігін аңғартады. Содан да шығарманың соңында Шолпан балалы болуға құмартады.  

Бұл жердегі басты мәселе төңкерістік теорияны жақтаушылары төңкеріс жасағанымен, қоғамды өзгерткенімен, кейбір түпкілікті мәселенің бәрібір бәз баяғысындай орнында қала беретіні сынды ақиқатта жатыр. Оны өзгерту төңкерістік теорияның авторларының да қолынан келмейді. Ал жазушы М.Жұмабаев ол факторды біледі, аңғарады, бірақ, тамырынан анық түсініп кетпейді. Содан да шығармасында жазушы Шолпанның соңында балалы болуға құмартуын дәстүрлік қазақ ауылының орта жағдайына қойып трагедиямен шешеді. Негізі бұл мәселенің тамыры тереңде. Оның писихологияға тән - адамтанудың модернистік кезеңінде пайда болған қоғамдық ғылым саласында ашылған жаңалықтармен ғана тереңірек тануға болатын күрделікпен қатысы бар.  

Француз психолог Лакан (Jacques-Marie-Émile Lacan) У.Шекспирдің «Гамлет» (Hamlet) шығармасындағы Гамлеттің шешесі мен өгей әкесіне қатысты, туған әкесінің кегін қайтаруда қайта-қайта бір бекімге келіп, әрекет етуден қашқалақтайтын қасиетіне талдау жасағаны бар. Соған дейін осы тақырыпта танымал З.Фрейдтің зерттеуін Лаканның жаңартқаны белгілі. Психолог бұл мәселеге қатысты ер/әйел, әйел/бала (ер бала) қатынасы туралы танымын алға тартады. Нәпсі деген өзгеден талап ету, дегенді ортаға қойған. Ол Гамлеттің әкесінің кегін алуға бірден бармауының түп себебін шешесімен арадағы махаббатынан іздейді. Психологтың түсінігінше әйелдің денесінде жаралып, өмірге келіп, сүтін еміп, мейірін, құшағының жылуын көріп өскен баланың бойында (ер бала) есейе келе әйел затына қатысты екі жақтылы көңіл-күй (the desire for mother) орын алады. Жасының ұлғаюымен ер бала өзге әйел затына жыныстық жақта ынтық болумен қатар өз бойындағы шешесінен қалған әйел затына қатысты таным-түсініктерден (the desire of mother) арылуына тура келеді. Анасы мен әйел заты туралы түсінікті жандүниесінде бөліп қабылдауға тиіс болады. Өте күрделі әрі салмақты қайшылық осы тұста туындайды.

Біз Лаканның түсіндіруі бойынша «Шолпанның күнәсі» әңгімесіне назар салар болсақ, жазушының әйел образын жасаудағы өзіндік ерекшелігіне көз жеткізе аламыз. Төңкерістік теория қоғамда үстемдік алып, әйелдердің азат болуы мәселесі ұран етіп көтеріле бастағанда, аталған тақырып туралы толғанған жазушы өз жан дүниесіндегі, аңдаусыз санадағы (unconscious mind) шешесімен байланысты әйел заты туралы екі кезеңнен тұратын түсінігін шығармасында аңғартқандай.

Бірінші кезең жазушының балалық шағына тән. Лакан адамның өмірге келе салғаннан басталатын қалауы (нәпсісі) біртіндеп талапқа (beso in) өзгереді, дейді. Айталық сәби туа салған күннен тартып өзіне қажет дүниені белсенді түрде сұрап - талап етуге көшеді. Айталық, өзіне қажет дүниені бірінші болып анасынан талап етеді. Мұндай талаптың мағынасы өте кең. Әйел затын (анасын) өзінен басқа үшінші біреуге қимайтын, бөлісуге де көнбеу де сол санатқа кіреді. Шолпанның баланы жақсы көрмеуінде жалпы ер адамдардың (жазушының) анасын (анасы тұрғысынан емес, әйел заты ретінде) өзінен басқа еркекке қимайтын сананың бұлтарыңқы көрінісі деумізге болады. Шолпанның «баланы жақсы көрмеуі» жазушының оған (анасына) қатысты талабынан туындаған. Бұл сәби мен туған ана қатынасы кезеңіне тән тұс. Үшінші біреуге ол кезеңде орын жоқ. Содан да жазушының қаламынан туған Шолпан балалы боуды қаламайды.   

Ал екінші кезең жазушының ересек адамдардың санатына қосылған кезеңіне тән. Әйел затына қатысты анасының елесінен бас тартып, өзге әйел затына әйел ретінде (анық жыныстық нәпсімен) қарай бастаған шағы. Әйел затының ана екенін, оның ұрпақ жалғастырушы екені туралы түсінікті толық қабылдаған тұсы. Содан да Шолпан шығарманың екінші бөлегінде бар қиындыққа қарамай ұрпақ көруге ұмтылады. Жазушының осындағы Шолпанның суық жүрсіке барған тұсын аса белсенділікпен жазатыны бар. Бұл жазушы санасындағы әйел затына қатысты түсінікте жыныстық нәпсі толық үстемдік алған шақтың көрінісін әйгілейді.

Лаканның ер / әйел қатынасын адам бойындағы екі жақтылықтың (you and the other) бірлігі туралы теориямен түсіндіргені бар. Бұл қатынаста үшінші біреуге орын жоқ. Жазушы Шолпан образын осы қатынасқа қойып жазғаны көзге ұрып тұрады. Әңгіме бастан ақыр Шолпанға қатысты өрбиді. Жазушының талабы жасырынып тасада тұр. Содан да Шолпанның күйеуінің образы елеусіз қалады.  

Төңкеріспен бірге келген әйелдерді азат ету ұраны шаңдатып тұрған шақта, аталған тақырып туралы жазған жазушы соңында осылайша өзінің ешкіммен бөліспейтін тасадағы шындығын – жан дүниесінің тереңіндегі болмысты ашып тастаған.     

Сондықтан да «Шолпанның күнәсі» әңгімесін Лаканша айтқанда М.Жұмабаевтың әйел затына қатысты өзіндік екіжақтылы дағдарысты санасының (the desire of mother) көрінісінен туған шығарма деп тануымызға толық негіз бар. 

 

Ескерту: қатысты әдебиеттер қысқартылды.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты