Оуян Ю-дың поэзиясы
(Ақын Оуян Ю-дың қазақ тілінде жарық көрген «Мельбурн, жалғыз ағаш» (2021ж.) жыр жинағына жазылған беташарсөз)
Аустралиялық ақын, жазушы, аудармашы Оуян Ю мырзамен 2011 жылы Қытайдың Синин қаласында өткен халықаралық поэзия фестивальінде жүздестім. «Кең ауқымды халықаралық қатынастар жағдайындағы ұлттар поэзиясы және оларды өзара аударуда орын алып отырған мәселелер» деген тақырыппен өткен фестивальде ақын-аудармашылар жарыс сөзге шықты. Сол қатарда Оуян Ю мырза да бар еді. Менің ерекше есімде қалғаны басқалардың сөзін аудармашылар аударып жатқанда, ол баяндамасын екі тілде – ағылшын және қытай тілінде алма кезек өте тартымды жеткізгені еді. Біз осылай ұшырастық.
Ақын Оуян Ю көптеген кітаптардың авторы. Оның ішінде қытай және ағылшын тілінде ондаған жыр жинақтар, романдар мен аударма кітаптар бар. Ақын екі тілде қатар жазады, өзара аударады. «Ағылшын тілі сабағы» (The English Class) романы үшін Аустралияның оңтүстік Уилист штат губернаторы атындағы әдебиет сыйлығының (2011ж.) иегері атанған. Ағылшын тіліндегі поэзияны қытай тіліне аударған төрт кітабы үздік аударма еңбек ретінде бағаланып сыйланған. Аудармаға қатысты бірнеше зерттеу кітаптары бар. Еуропа, АҚШ, Қытай университтерінде шығармашылықтан сабақ берген.
Ақынның шығармашылығы өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан басталады. Қытайда туып, универсиетті ағылшын тілі мамандығы бойынша аяқтаған ол 1991 жылы Аустралияға қоныс аударып, сол елдің азаматтығын қабылдаған.
Ақын Оуян Ю екі тілде – қытай және ағылшын тілінде өлең жазады. Екі тілде қатар жазады дегенді екі түрлі поэзиялық атмосферада жасайды, екі тілде образ қолданады, деп түсінуге де болады. Басқаша айтқанда оның поэтикасында образдың, метафораның күрделі күйі бар. Ол екі тілдегі поэзияның дәстүрімен қатысты. Айталық, Оуян ЮҚытайдың Таң дәуірі (VI-VIII ғасыр) поэзиясы, Соң дәуірінің (X-XI ғасыр) сөзі, Иуан дәуірінің (XIII ғасыр) әуені, одан XX ғасырдың басында пайда болған жаңа қытай поэзиясының дәстүрінен шыққан ақын. Ол және ағылшын поэзияның У.Вордсворт, С.Т.Кольридж-ден Нью-Йорктік поэзия ағымына жалғасқан романтизм, символизм, модернизмнен, қазіргі постмодернизмге ұласқап дәстүрімен де қатысы бар. Ал ақын өзін поэзияда «алғадаймын» (avant-garde) деп тұрақтандырады. Айталық ақынның «Алғадайлық деген не? Алғадайлықтың ең кемі үш түрлі мағынасы бар. Бірінші, басқалар жазып кеткен дүниені жазба. Екінші, басқалар жазуға батылы жетпейтін, жаза алмайтын дүниені жаз. Үшінші, жарық көру мүмкіндігі мүлде жоқ деңгейдегі дүниені жаз» деп жазғаны бар. Жоғарыдағы ерекшелік келіспейтін қайшылықтарға бастап барады. Соған қарамастан ақын өзіне тән поэтикамен өлең жазады.
Оуян Ю поэтикасында екі түрлі желі бар. Оның бірі жоғарыдағы екі түрлі поэзия дәстүрімен, өзге шығармалармен ықпалдастығы. Екіншісі, ақын қолданған сөздің (екі тілдегі) өзара ықпалдастық кезіндегі өзгеріске ұшырауы. Осы екі ерекшелік қабаттаса, кірісе, араласа жатқандықтан ақын өлеңдерінің табиғаты күрделі көрінеді. Себебі «тілдің құрлымы әдебиеттің ішкі болмысында, стиль сыртқы дүние ретінде аталады. Образ, жеткізу тәсілі, сөздік қоры шығармашылық иесінің жеке басы мен басынан кешкен жағдайға байланысты қалыптасады да біртіндеп өнер болмысының бір бөлегіне айналып кетеді (Roland Barthes. Le Degré zéro de l'écriture)»
Желтоқсан ең бір қатігез ай
Қураған айнала түн шымылдығына оранып
Сарғайған ағаш жапырағы тұншығып сыбырласады
Құстар қаймыға әнге басады
Есіктің топсасын жұлқыған жел
Долданып демін ішіне тартады
Менің жаным осы мезгілде қабыршағын тастап шыққан ұлу сияқты
Жеңіл, желік қуады
...
Жоғарыдағы өлең жолдары талғампаз оқырманның есіне көп дүниені салады. Олар ықпалдасып жатыр, бірақ бірін-бірі қайталамайды. Мұндай ерекшелік өлеңге өзгеше мәнер береді. Мұндай мәнер ақын шығармашылығына көркемді, мазмұндық үлкен кеңістік сыйлайды.
2018 жылы Оуян Ю мырза Астана қаласында өткен Халықаралық поэзия фестивальіне қатысу үшін Қазақстанға келді. Фестивальде ақындар Баянауылға барды. Біз «Сабынды көл» аталған көлдің жағасында тұр едік. Поэзия мен сөз, табиғат пен ақындық, шабыт пен сезім, тарих пен осы шақ туралы айтып тұрғамыз. Кенет Оуян Ю Кеңестік жаза лагерлері туралы сөз қозғады. Соның алдында ғана мен ақынға Қарағандыдағы жаза лагерінің тарихы туралы айтқанмын. Біз Солженицының «Архипелаг Гулаг» кітабын сөз еттік. Бұл тақырыпқа баруға көлдің табиғаты әсер еткені анық. Әсіресе, неге екенін кім білсін, көлдің бір қапталын тор темірмен қоршап тастапты. Кірер тұсында темір қақпа және тозығы жеткен, қараусыз қалған екі бөлмелі үй тұр. Күн суық болмағанымен бұлыңғыр, аздап жел соғып тұрды. Кәдімгі Арқаның, күздің ауарайы. Арада жарты сағаттан кейін біз көлден кеттік. Көлікке отырған соң ақын қолтелефонына өлең жазды. Жазды да жол үстінде оқып берді. Мен өзімнің өлеңге кіріп кеткенімді сонда білдім. Көлікте қазақ ақындары да бар еді. Ақындар өлеңнен сөз қозғап, ой бөлісіп отырды. Сол жолы Оуян Ю бірқатар өлеңдер жазды.
Сабынды көлдің жағасында тұр едік.
Бір иіс келді,
Кәдімгі әйел тәнінен шығатын хош иіс секілді иіс.
Біз Гулак аралдары туралы айтыстық.
Ол маған:
Негізі Солженицының жазғандарының барлығын өзі жазбаған,
Олар, тағдырластарының жазбасы, деді.
Мен:
Ол жер керемет пе, дедім
Ол тұрып:
Гулак аралдары ма, көркімен керемет, деді.
Мен:
Ендеше Гулак аралдарын саяхатшыларға ашу керек екен,
Ақша десе жарқұлағы жастыққа тимейтіндерге сыбырласағана жетіп жатыр,
Олар ертең-ақ сонда топ ете қалады.
Олар тұтқындар отырған барлық камераларды ашар еді.
Қорлық-зорлықтан ләззат алғысы келетіндерге айтам:
Кім аш отырғысы келсе, ол тас бөлмеде отырсын,
Таяқ жегісі келгендер болса, сабап, таяқтасын
Сонда ғой боқ қарындары тартылып,
Екі аптаның ішінде жіптей болып шыға келер еді.
Ал жазғыштар болса, жаза берсін
Естелік пе, эссе ме
Тіпті, «Гулак аралдарынан көрген-білгенім», деп жазып тастаса да бәрібір...
Ол күліп кетті.
Мен жымиып қана қойдым.
Менің осынау алып ұшқан қиялым Сабынды көлдің жағасында,
Екеуімізді тағы бір рет сілкіп алды.
«Сабынды көл» Оуян Ю поэзиясының табиғатын жақсы ашатын шығарма. Ақын қырық жылдық шығармашылығында біртүйінді берік ұстанған. Ол поэзияның тіке түйсікпен қатыстылығы, өлеңнің ойланып алып, толғанып барып сөз құрап жазу еместігі туралы ұстаным. Содан да ақын өлеңге бір сәтте ұстап қалған дүниені арқау етеді. Бірақ, бұлай жазудың өзіндік қиындығы бар. Айталық, жазған дүниеңде поэзиялық элемент болуы керек. Онсыз, ол өлең болмайды. Жоғарыдағы өлеңде ақын сондай элемент ретінде Солженицының «Архипелаг Гулаг» кітабындағы, күллі адам баласына жақсы таныс болған көріністі – тұтқындарды қар-мұзда, аязда қамаған камераларды алған. Ол көріністі кері мағынада бүгінгі адамзаттың жағдайымен шендестіріп, кірістіріп пайдаланған. Айталық, кешегі адамдар сол бөлмелерде жан сақтау үшін барлық қиындықтарға көніп, төзіп отырған болса, бүгінгі адамдар тойғанына төзе алмай, өмірдің мағынасын таппай рухани жақтан азып-тозып кеткені бар. Оларға тіпті сол Архипелаг Гулагындағы қанды-қапас бөлмелерді ашып берсең де, содан тән ләззаты үшін қызық іздеуге бар. Бұл енді бүгінгі адамзаттық парадокс! Ақын, міне, осы көріністі жазған және оны икемді, юморлы жеткізеді.
Осы арада ақынның көптеген шығармаларын аудару мүмкін емес екенін айта кеткен дұрыс. Олардың дені эксперменттік қасиетке ие болғандығы себепті аударуға тәбиғи түрде қарсылық көрсетеді. Айталық, «Жасанпаздық» жинағы толықтай Қытайдың Таң дәуірінің (VI-VIII ғасыр) өлеңдеріне пародия жасаудан тұрады. Өте қызықты әрі бөлекше қолтаңбасымен ерекшеленеді.
Қолыңыздағы кітапқа ақынның бірнеше жинағынан таңдап алған өлеңдердің аудармасы енді. Сондай-ақ Астанада өткен әдебиет фестивальі (2019ж.) кезінде жазған шығармалары да еніп отыр.
Ardakh Nurgaz
Ақын Оуян Ю. «Мельбурн, жалғыз ағаш» жыр жинақ.
Алғысөз. «Arna-b» 2021ж.