Ardakh Nurgaz. Орыстың империялық прозасы

a62a6fa7640451d7d5922d0d99e3a293.jpg (791×728)

Әдебиет, әдеби мәтін көп нәрсені қамтып жатады. Соның ішінде автордың өзі де анық аңғара берейтін, көпке ашып айтпайтын қатпар-қатпар қалың сыры да бар. Ол кейде топтық санаға да жатады. Әдебиетте ол бірде символ деп қаралса, бірде идеологияға айналған, таза саясаттық дүние болып шығуы да мүмкін.

19 ғасырдың әдебиетін «проза ғасыры» болды, десек артық айтқандық болмас. Қоғамдық дәуір бөлгіштік үлкен өзгерістер әдебиетте проза жанрының тынысын ашты. Француз ұлы төңкерісі алғаш рет саяси жүйеде капиталистік қатынастағы буржузаиялық үкіметтің пайда болу, қалыптасу, даму үрдісін әйгіледі. Ол адам мен қоғам, адам мен адам қатынасында орнықты. Осы ерекшелік француз прозасында көрініс тапты. В.Гюго, О. Бальзак, Ф.Стендаль, Г.Флобердің романы соның жарқын үлгісіне жатады. Қоғамдық үлкен өзгерістерден жеке тұлғаның болмысына қарай ойысқан осы жазу мәнері ғасыр соңында толықтай сыртқы әлемнен бас тартып ішкі әлемге ауысқанын көрсетті. Айталық Marcel Proust-тың көп томнан тұратын «Жоғалған уақытты іздеу» романы ой ағымы тәсілімен жазылды. Аталған шығарманың «Біраз уақыттан бері, мен ертерек жатып қалатын әдет таптым...» деп басталатын алғашқы сөйлемі кейіпкердің ұйқыға кетер алдындағы ой-санасын қазбалаған жеті беттен тұрады.

Француздардан үлгі алса да, орыс прозасы мүлде басқа бағытта дамыды. Орыс прозасының басты өкілі Л.Толстой шығармалары, әсіресе оның көп томды «Соғыс және бейбітшілік» романы орыстың империялық прозасының іргетасын қалады. Аталған роман 1805 – 1820 жылдардағы тарихи оқиғаларға құрылды. Бірақ, бұл роман тарихи шығармадан басқаша табиғатпен туды. Осы түйіннің маңызы ерекше. Толстой тарихи кейіпкер жасаған жоқ, оның орнына орыс империясының образын жасады. Романда аты-жөні анық жүздеген кейіпкер бар. Олар түрліше сапамен ортаға шығады. Бұл кейіпкерлерді жеке тұлға дегеннен көрі үлкен дүниенің кіші бөлшегі деп қараған әлде қайда дұрыс. Олар патшалық Ресейді тұлғалап тұр. Бұл жағынан «Соғыс және бейбітшілік» француз романдарының кері жағын көрсетеді. Француздар тарихи кезеңдегі адамды көрнекілендірсе, адам тағдырын қуарлап жазса, орыстар адамның тарихи кезеңді бөгенайына ден қойды. Екі ұлт жазушыларының шығармашылықта көзге ұстаған мақсаты мен тұрғысы ұқсамағаннан кейін, нәтижесі де парықты болды. Француздар шығармаларында адамға тән әлсізідктерді баса көрнекілендіріп жазады. Бұл капиталистік қатынастағы буржузаиялық қоғамның туындысы және қажеттілігі еді. Бальзактың «Горио Атай» романындағы екі қызының жақсы өмірі үшін өзінде бардың бәрін беріп, соңында бейшара тағдырмен өлім құшатын қарт адамды көз алдыңызға келтіріңізші. В.Гюгоның «Қасіретті жылдар» романында оқыстан болған бір қетелігіне орай қырық жыл бойы билік жүйесінің қуғынына ұшыраған бір адамның тағыры жазылады. Сол кезеңде Франция да ұлы держауа болды. Бұл жерде де дәуірдің тынысы бар. Бірақ, жеке адамның тағдыры басты орында тұр. Орыс шығармаларында, айталық «Соғыс және бейбітшілік» романында жоғарыдағыдай адамға тән әлсіздіктер, кемшілктер мен тығырықтар да кездеседі, бірақ, олар басты орында емес. Есесіне әлсіздігі, кемшілігі болса да сүйкімді адамдар негізгі образдарды құрайды. Айталық романда шылғауы сасық болса да, бірақ ақылды мұжық пен ақсүйектің арасындағы адал достық суреттеледі. Нәтижесінде «Еуропаны құлдықта ұстағысы келген Наполеон Бонапартты жеңген» Ресей империясының жарқын бейнесі ортағы шығады. Автор романды орыстардың 1861 жылы түріктерге қарсы Қырым соғысында жеңілісінен кейін бастап жазған. Ол Ресей империясының Капказ бен Орталық Азияны жаулауды мықтап қолға алған тұсымен қарайлас. Осы тұрғыдан келгенде «Соғыс және бейбітшілік» көріністе прозаға тән көркемдік тәсілдермен безендірілген, тасадағы мәтінде (subtext) саясатқа жұмыс ісейтін идеологитялық роман. Толстой Наполеонның шапқыншылығына қарсы Ресейдің Отан соғысын мақтанышпен жазып тұрып, Ресейдің өзге халықтарды отарлап, ірге кеңейткен шапқыншылық соғысына қатысты жақ ашпайды. Бұл көп дүниеден хабар береді. Әдебиеттің саясаттық сипаты деген мазмұн осындайда төбе көрсетеді. Орыс әдебиетін, оның ішінде Толстой шығармаларын қамтыған прозаны ағылшын, неміс, қытай және жапон сынды мемлекеттердің жазушылары төбелеріне көтере мадақтап жататыны бар. Оның да себебі түсінікті, аталған елдер тарихта түрлі деңгейде империялық саясат ұстанумен көзге түскен. Бұл олардың да өз тұрғысынан сәтті шыққан орыстың империялық прозасына ұқсас деңгейдегі шығарма жазу амбициясы болғанын көрсетсе керек. 

Әдебиет тарихында Л.Толстойдың орыны ерекше аталады. Арада жарты ғасыр өткенде оны тіпті француздардан да үлгі-өнеге тұтқандар болды. «Соғыс және бейбітшілік» романына еліктеп жазылған көп томды романдар туды. Бірақ, идеологиялық сипаты басым шығармалардың дені қоғамдық жалпылыққа айналған белгілі бір ұстанымды төңіректейтіні себепті көбінде алдын ала ойластырылған ойға құрылады. Ондай дүние дамудың, өзгерістің аяқ алысына ілесе алмай, көп өтпей догмаға айналып шыға келетіні бар. Соған қарамастан ол дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқаттарды (дін, моралдық қағидалар) төңіректей отырып ақыл айтқыш келеді. Автор өз тұрғысының дұрыстығына күмән келтірмейді. Ақиқатты толық меншіктеп алады. Сол негізде өзгені жөнге салады. Өзін үнемі биік тұрғыда ұстап, қарсы жағын ақылсыздау, қорқақтау, әлсіздеу көріп, төмен санап тұрады. Мұны әдебиеттануда орыстың релаистік романдары немесе имрериялық проза деп атауға болады.

Бұл шығармалар айтарға болмаса, заты шынымен реал емес екені белгілі. Алдан ойластырылған, нәтижесі анық дүние Л.Толстой сияқты қуатты қалам иесі болмаса, көбінде сәтті шыға бермейді. Жазушының өмірінің соңында жазған «Арылу» романы соған дәлел. Аталған еңбекті жазушы тығырыққа тірелген Ресей қоғамын құтқару үшін жаздым, деген. Шығарма автордың дінге қатысты ұстанымы мен моралдық түсінігіне иек артқан, қоғамдық шынайылықтан, реалдықтан аулақ қияли романға жатады. 20 ғасырда жазылған орыс романдарының дені осы қалыптан шықты. Соңында тіпті ашық саясаттың сойылын соғатын романдар туды. Көріністе әдебиетке тән дүниелерге тұнып тұрғанымен, тамаша ой-толғамнан аяқ алып жүргісіз болғанымен, шын мәнінде олар кейіпкері утопиялық түс алған рухын жоғалтқан шығармалар деуге болады. Айталық, Н.Чернышевскийдің, М.Горкидің романдарын еске алсақ жетіп жатыр.  Мұндағы басты себеп, аталған шығармалар жеке адамды, оның болмысын басты орынға қоймайды. Қайта адамның қоғамдық ұстанымын сөз етуге бейім тұрады. Басқаша айтқанда орыс романдары Л.Толстой кезеңінен бастап теріс жолға түсті. Сол сүрдектен шыға алмай қалды.

Орыстың босқын жазушысы В.Набоковтың кезінде: «мен сабақ сөйлегенде, студенттерге әдебиет туралы барынша түсінікті анықтама бергім келеді. Ол жіңішкелік мәселесі. Нәзік, жіңішке жазылған тұстар тұтаса келіп адам бойындағы сезімді қалай қақпақылға алып, тербейтінін жеткізгім келеді. Осылар жоқ болса, шығармаң түкке тұрғысыз, жансыз дүние болып қалар еді. Осы тұрғыдан алғанда үлкен желі-ой дегенің онша маңызды дүние емес. Кез келген есуас Толстойдың ойнас туралы ойын біледі. Алайда Толстойдың өнерін тамашалау үшін, таңдаулы оқырман қиялдай алатын болуы тиіс...», - деп жазғаны бар. Осы сөзден Набоковтың сөз арансын мүмкіндігінше басқаға бұрып, Толстойдың бойындағы «үлкен желі-ойға» жұрттың назарын аудартпауға, одан ауаша жүруге барын салғанын байқаумыз қиын емес. Шынымен, «үлкен желі-ойдың» маңызы жоқ па? Әлбатта, олай емес. Оның маңызы тіпті де зор екені жұрттың бәріне белгілі. Негізі Набоков та Толстойға тән шығармашылықтың шын сырын сезген.

Толстойға тән нағыз үлкен желі «Соғыс және бейбітшілік» романында жатыр. Ол империялық нысай және оны барын салып сән-салтанатымен нәсиқаттау. Бірақ, Набоков Толстойға қатысты сөзде осы романды емес, қайта «Анна Каренина» романын, ондағы үлкен желі - әйелдің ойнас мәселесін айтып қалады. Ойы белгілі, ұқсастық жағы бар мазмұнның өз ара орынын алмастыру арқылы маңызды мәселеде оқырманның көзін көлегөйлеп қалу. «Соғыс және бейбітшілік» романына мүмкіндігінше қылау түсірмеу. Бар шындық сонда.   

Француз прозасының өткен екі ғасырдағы даму үрдісі біздің көз алдымызға  көп дүниені елестетеді. Г.Флобер пен M.Proust-тың романдары жарыққа шықаннан кейін әлемдік әдебиетте айта қалсын өзгеріс орын алды. Ол адамтануды басты орынға қояды. Шығарма мәтіні кейіпкердің ішкі әлемін ұстап қалуды негіз етті. Объектив, заттық дүние мен қоғам соның көрінісі ретінде қаралды. Бұл жерде алдын ала ойластырылған дүниеге орын жоқ екені белгілі. Заманның өзгерісіне сай адамның таным-түсінігі мен тіршілік тынысы да өзгеретіні белгілі. Бұл өзгеріс әдеби шығармаларда мәтін ретінде үздіксіз көрініс тауып келді. Г.Флобер романдарындағы жан тынысын әйгілеген жолдар жарты ғасыр өткен соң А.Камюдың шығармаларына жол салды. Ортада өткел болып Э.Хемингуэй прозасы тұр. «Бовари ханым» романындағы кейіпкердің тұрғысы Хемингуэйше жазудың негізі келу қайнары саналады. Ол болмағанда Камюдың «Бөгде» повестіннің кейіпкері Мерсоның іс-әрекетіндегі көп белгілер түсініксіз болып қалар еді. Осылайша француз прозасы даму, өзгеріп отыру қарқынын үздіксіз сақтап келеді.    

Қазақ әдебиетінде орыс прозасынан тәлім алған басты тұлғаның бірі М.Әуезов.  Жазушының «Абай жолы» роман-эпопиясынан тыс жас кезінде жазған бірқатар әңгімелері бар. Әдебиетке алғаш келгенде жазылған осы шығармалардан біз жазушының бойында қалған әсерді анық байқаймыз. Әңгімелердің біразы қазақ әйелдерінің тағдырына байланысты болып келеді. Сондай шығарманың бірі «Қорғансыздың күні» әңгімесі. Шығармада қаладан мәдениетті ортан келе жатқан бай ауылдың оқыған жігіттері жолай қоржаға қонады. Сол түні жігіттердің назары қонақжай үйдің көрікті қызына түседі. Жігіттердің біреуі кіріп-шығып жүріп қызды айналдыра бастайды. Қыз есер көңілді жігіттің дегеніне көніңкіремейді. Содан кейін екінші бір ессіз жігіт қызды зорлап тынады. Алдыңғы мәдениетті, сыпайы жігіт бұл айуандыққа қарап тұрып жол береді. Әңгіменің соңында таң ата жігіттер жолына түседі. Жаны жаралғанған қыз ақ бұрқақ аязда өлген шешесінің бейтіне барып түнеп, сонда жан үзеді.

Жазушы әңгімеде қыз обыразын әлсіз, қорлық көрушінің орнына нық қойған. Солай суреттейді. Төрт тұрманы сай, кеуделеріне нан піскен жігіттердің әлсіз, қорғансыз қызды қорлауын майын тамызып әңгіме етеді. Автор арсыз болса да, күшті, батыл жігіттердің образын жасайды. Оларға салыстырғанда қыз бейшара, қорғансыз және мүсіркеуге ғана тұрарлық. Күшті, бірақ жексұрын жігіттерге әлсіз қызды қорлату керек. Шығармада одан басқа артық сөз жоқ. Автордың айтқысы келгені де осы. Айтпағы осындай бір әзәзіл, жексұрындықа автор ретінде өзінің қарсы екенін, айыптайтынын жеткізу. Бары сол ғана. Бірақ, мұнда тасадағы мәтінде (subtext) тұрған екінші мазмұн бар. Автордың өз тұрғысын көрнекілендіруі. Басқаша айтқанда моралдық жақтан өзін биікке көтеру бар. «Кінәмшіл бойжеткен» атты екінші әңгімеде жазушы сөздің салмағын жігіттерге емес, қызға ауыстырады. Шығармада қыз сұлу, көрікті болса да, ақырында жігіттердің қолжаулығы болудан қашып құтыла алмайды. «Қаралы сұлу» әңгімесінде жастай жесір қалған рубасы әйел жалғыздыққа шыдай алмай, өзінің есігінде жүрген егде еркектің қойнына кіреді. Үш әңгімедегі әйел образындағы ортақ ерекшелік әйелге тән әлсіздіктің көзге ұрып тұратыны. Еркектер күшті, ақылды, ерікті. Әйелдер әлсіз, ақылсыз, еріксіз. Бұл бірбеткей көзқарас екені анық. Үш әңгіменің оқырманға беретін ортақ әсері кейіпкер жарататын автордың «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болатын» құдыретті тұрғысы. Ол бойынша еркетердің тұрғысына баса мән беріледі, әйелдердің тұрғысы көзделген мақсатты нығайтуға ғана жұмыс істейді. Бұл арада тап-таза шындығы шамалы субъектив түсініктің басымдық алып тұрғанын байқау қиын емес. Жаратушы сияқты бәрін орын-орнына қойып, дегенін істеп, субъектив ойына басымдық беріп жазатын мұндай стил Толстоймен басталған орыс прозасын еске салады.

Л.Толстой өз заманында біреулердің «Соғыс және бейбітшілік» романын  Гомердің «Одиссея» эпосымен салыстыруын мақтанышпен ауызға алған. Сонымен бір кезеңде орыс жазушысы Уильям Шекспир шығармашылығын жаратпаған екен. Ұлы драматуркқа қатысты тіпті көлемді мақала жазып, өз ойын дәлелдеуге тырысқаны бар. Онда «Лир патша» пьесасына қатаң сөгіс айтады. Мұндағы себеп аталған пьесаның кейіпкері ұлы билеушінің айдың-күннің аманында билігінен айрылып, қаңғырып қалатын тағдыры Толстойға ұнамаса керек. «Лирдің биліктен кететін ешқандай себебі де еркі де жоқ» деп жазады жазушы. Билеуші, патша болады екен, онда шексіз құдырет бар. Ол соғыстан басқа  жағдайда қателік өткізуі, жеңіліс табуы мүмкін емес. Ондай жағдайда билеуші өзіне қол салуға міндетті. Патша Лир сияқты өкініп, жылап еңіремеуі керек.

Толстойдың «Одиссеяны» ұнататыны анық. Аталған эпос билеушіге тән ақыл-парасатқа, батырлыққа, айлакерлікке, жиып келгенде қан төгуден қорықпайтын күшке тұнып тұр. Олар және алапат соғыстан қайтып келе жатқан билеушінің бір басында көрініс береді. Толстой шығармаларының дені осындай мазмұнды төңіректейді. Оларда үлкен ортақтық бар. Бәрі билік пен билеушіге жинақталады. Соның мүддесіне жұмыс істейді. Гомердің шығармасында ол билеуші әрі батыр Одиссей болып ортаға шықса, Толстойда империя болып көрініс табады. Тасадағы мәтін (subtext) соған бастап барады. Ал Шекспир де мүлде басқаша. Ұлы драматургтың сахналық шығармалары жоғарыдағыдай алдын ала жүйеленген белгілі бір ойға, орындап шыу мақсат болған нысанаға құрылмайды. Олар бір түйінге ғана табанды тұрады. Кейіпкерлер тарихи тұлға болса да, барлық тартыс, қайшылық, күрес, қантөгіс адам жандүниесінің қатпар-қатпар қараңғы қалтарысын ашуға ғана жұмыс істейді. «Лир патша» пьесасында шығарманың салмағы Толстой ойлағандай патшаның билігінде емес. Драматургтың ашқысы келгені билеуші болса да адамға тән жандүниенің болмысы. Екі автордың тұрғысында түбірлі айырмашылық бар. Шекспирдің «Юлий Цезарь» пьесасы да дәуір бөлгіштік ұлы өзгеріс орын алған Үрім империясы тұсына құрылған. Алайда шығарма империяның болашағы мен тағдыр-тәлейін таразыламайды. Оның орнына тарихи сәттегі жеке тұлғаның жандүниесін нысана етеді.

Әдебиеттану ғылымы қарқынды дамыған бүгінгі таңда Толстойға қарағанда Шекспир шығармаларының әдебиеттік болмысы әлдеқайда ауқымды әрі тереңде екені жан-жақтылы көрініс беріп отыр. Драматургтың пьесаларынан адамзатқа тән ақыл-парасаттың шындығына көз тұндырасаң. Толстой шығармаларынан империяға қызмет еткен жазушының кемел ақыл-парасатын танисың. Біреуі тасада, екіншісі көрнеуде тұр. Мәтін ғана сөйлейтін әдебиет өнерінде тасада қалған шығармашылық иесінің мүмкіндігі шексіз әрі өміршең екені айтпасақ та түсінікті нәрсе.    

Жеке тұлғаны көздеп емес, қоғамдық сипаттағы ойға құрылатын шығармалар қазақ әдебиетінде аз емес. Т.Әдіктің «Тозақ оттары жымыңдайды» повесті өткен ғасырда жазылды. Шығарма оңтүстік америкадағы үндіс тайпасының отарлаушы еуропалықтардың жаулау себебінен құрып-жоғалған тағдырын сөз етеді. Өз кезеңінде бұл Кеңес одағының АҚШ пен батысқа қарсы Латын Америкасы елдерін одақтас ретінде өзіне тарту саясатын қолдаған шығарма болды. Тәуелсізідктен кейін роман басқаша сипаттала бастады. Жазушы романда өшіп кеткен үндіс тайпасының тарихы арқылы ұлт ретінде жоғала бастаған қазақтың тағдырын жазды, делінді. Осыдан кереғарлық туындайды. Роман ұлттардың түрмесі болған кеңес одағының саясатын қолдап тұрып, ұлттың тағдырына үңілген шығарма болып шығады. Негізі «Тозақ оттары жымыңдайды» повесті таза саясаттық туынды. Осы түйін анықталса, ондағы кереғарлық бірден шешімін табады. Бұл жерде де тасадағы мәтін (subtext) рол ойнап тұр.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты