Еркін Мінатай (Erkin Minatay): Ажым, теке сақал, түс жəне жыңғыл аса

b16b1369d4a8a9c6613bb8b5a585901c.jpg (1000×667)


Естуге қарағанда Кармен шал жүрелеп отырған беті дүниеден аттаныпты, деседі. Марқұмның тірі кезінде кейбіреулер оның бұлыңғыр ай саулесін жамылып жападан-жалғыз ата-бабасының қабірінің алдындағы қара жерге жүрелеп отырып алып құран оқып жүретінін үнемі көріп жүреді екен.

Ол үнемі бір нəрселерді қатты гүбірлеп айтатын, үнемі қырылдап демігіп    отыратын. Оның қасында бір жыңғыл аса жататын.

Кармен шалды жерлеу жұмыстарын атам өз қолымен жөнелтті. Кармен шалдың сүйегі молдалардың мақамдап оқыған құран əүеніне бөленіп ата-бабасының қабірінің алдыңғы жағындағы жазыққа жерленді. Ол кісі тірі кезінде, мейлі ұжымаққа кірсем де, тозаққа түссем де ата-бабаларымның аруағымен бірге боламын деген уəдесіне жетті.

Кармен шал шынымен-ақ бақиға көшті! Атам ол кісіден қалған жалғыз мұра–жыңғыл асаны қолына ұстап отырып мұның нағыз шындық екенін сезді. Атам жыңғыл асаны таянып Кармен шалдың қабірінің басына тағы бір кезек барған кезде бітік өскен дала шөбінің бейітті көмкеріп, төбесін алып бара жатқанын көрді.

Қабірістанның төрт жағын ауыр қараңғылық қоршаған, анау даладан жабайы аңдардың созаңдаған, үрейлі, бəсең ұлыған дауыстары еміс-еміс құлаққа шалынады. Осынау жым-жырыт түн аспанын жарып өткен бұл дауыстар бейне бір нəрсені жазғырып жатқандай, егіліп жылап жатқандай еді жəне одан бір түрлі қорқынышты ауен аралас шығып жататын.

Атам Кармен шалдың қабірінің алдында жүрелеп отырып алып там-тұмдап ғана есіне алған құран сөрелерін оқып отыр. Атам оқып отырған осы бір құран сөрелері дүниеге келгенен тартып күні бүгінге дейін ешбір өзгеріс болмаған күйде келеді. Сол баяғы бір сыдырғы мазмұн–адамдарды жұбату, оларды мəнмағанасыз кейістен арылту. Құран сөрелеріндегі əр бір аят неше мың жылдардың шыңдауынан өтіп сап алтынға айналған-ды. Кармен шал тірі кезінде «шын пейілмен молданың құранына ұйыған пенденің ол дүниеде түсі Роза гүлі  іспеттес болады екен» деп айтып отыратын, атам анау қатып-семген, əбден қасаңдаған Арап əріптерін менің құлағыма құйумен əбігер болып жүруші еді. Ал, ол əріптер менің құлағымның түбінде бейне бассыз шыбын сияқты ызыңдайтын да тұратын, атамның аузынан төгілген анау құран сөрелері соншама ауыр сезілетін, ол бейне бір қалықтап қалқыған жұбату музыкасындай аруақтың жанына баяу құйылып жатқандай сезілетін.

Атам Кармен шалдың түсі роза гүлі іспеттес деген.

Атам қолындағы «Құранын» алдына қойып, аппақ теке сақалын сылай, шүңірейген қос жанарын ұзақ бір жерлерге қадай отырып маған бір құбыжық сұрау қойды: Шындық деген не нəрсе?

Мен атамның жүзіндегі ажымдеріне қарадым. Ажым деймін ғой, бірақ атам оны түс деп қарысып тұрып алды.

Атам менің таңдана қараған жанарыма қарап бір күрсініп қойды да жыңғыл асасына таянып тұрып жайлау самалымен бірге келген ерменнің исін терең бір жұтып алып бірнеше ауыз бірдемелерін күбірледі де Арапшасын жалғастырып оқи берді.Садақ сынайын деген екен. Мұндай өшейін деген елес үнемі тəүбеден туындап жатады.   

Көп өтпей тағы бір күні атам жыңғыл асасын таяна тұрып маған таңданыс тудырған сол сұрауын тағы қойды. Бірақ бұл рет оның əлпеті əдеттен тыс байсалды еді.

Мен ол кісінің байыпты əлпетін көріп үнсіз мойынсал болдым.

Сол түні атам түсінде  Кармен шалдың бейнесі қабірінің артынан бұлыңғыр көрінгенін əрі қараңдап атамның төсегінің басына келіп қойнынан бір кесек алтынды төсектің ернеуіне қойып лəм деместен артына бұрылып қараңғылыққа шомып кете барғанын көреді...

Келесі күні кеште кигіз үйдің төбесінен түйенің шудасындай түтін көтерілген шақта атам да намазын оқып болды. Ол кісі жанары қалтрай отырып маған кешегі түнде көрген түсін айтып берді. Ол кісінің сезімі соншама құлазыңқы көрінді, жыңғыл аса таяққа əлсінəлі қадалып қарай берді. Кейінгі күндерде мен атамның қабірінің басында  осы бір істерді еске алған кездерімде атамның айтқан сөздерін бұлыңғыр есіме аламын, ол маған түсіндегі алтын мен қабір ортасында бір түрлі байланыстың барлығын айтып жатқандай, мұны кезінде аңғармаған екенмін, ол кісінің аппақ теке сақалына қарап қарқылдап күле салатынмын.

Атам қанен-қаперсіз аппақ ақыретке оранып кешкі шапақпен бірге Кармен шалды іздеп кетті. Кешкі шапақ қып-қызыл еді, ал атам аппақ болатын.

Атамды Кармен шалдың қабырына таяу жерге қойдық. Жыңғыл асаны алып атамның қабірінің басында тұрған кезімде көңілімнің шексіз құлазып кеткендігін сездім . . .

Түнде мен де түс көрдім. Түсімде атам жыңғыл асасын таянып қабырынан шығып келе жатыр екен. Ол кісі тіпті кəртейіп кетіпті,бетіндегі ажымдары молаңдап кеткен екен. Белуарына дейін түскен теке сақалы сол баяғысындай аппақ көрінеді. Ол бейне Боғда шоқысындағы қасат қардай кіршіксіз де мəңгілік еді.   


Қытай тілінен аударған Ахымет ƏСЕЙІНҰЛЫ


Ардақ Нұрғазы: Жоғарыдағы əңгіменің бөгенайы бөлек. Əңгіме шындығымен ерекшеленетін жанр, деседе бұл əңгіме сарынымен де оқшауланады. Үш дəуір адамдардың сенімі мен еркі үш түрлі, солайда мəңгілік бір нəрсе бар, мəңгілік өзгермей келе жатқан Құран сөрелері сияқты өзгермейтін ажым, теке сақал жəне жыңғыл аса немесе ТҮС. Қазақтар адамның бет-ажарын «өң-түс» дейді, одан «өңімде, түсімде» деп бөлетіні бар. Өң мен түс егіз екі ұғым. Əңгімеде «Атам» «Ақиқат деген не?» деп сұрайды. Қарыттың ғажайыптау осы сұрағына кезінде «мен» недерін білмей дал болады. Əңгіменің соңында біз оның ата-бабаларынан қалған жыңғыл асаны қолына алып, солар сияқты дұға оқуға, түс жоруға отырғанын білеміз. «Атам қаннен-қаперсіз аппақ ақретке оранып кешкі шапақпен бірге Кармен шалды іздеп кетті. Кешкі шапақ қып-қызыл еді, ал атам аппақ болатын»-дейді ол. «Меннің» осы ақиқатты ау баста танымауы оның «Өң мен түсті» парықтамағаны сияқты өмірдің сірə не екені турасында ойланбағанына барып саяды. Дегенмен, Е.Мінатай ойланған, ол өзіне сұрақта қойған, онысына жауап та тапқан. Ендеше, бізде өзімізге сұрақ қояйықшы: Тіршілік деген сірə не? Ол өң бе, түс пе?

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты