Қизат Кәділханов (Hizat Kadilkan). Найзағайлы түн

f89410b86861296e0617f4a6197d9ad5.jpg (721×671)


(Әңгіме)


Самал шешей осы баласын көрді болды, бір кінәсі бетіне басылғандай болады да, қарадай қысылады. Оған түзу қарап сөйлей алмайды. Бұрын ондай әдеті жоқ еді. Баласы ес білгеннен бері осындай күйге көшкен. Неге екенін кім білсін, оған бет беріп тура қараса, көзінен бәрін де көріп, ішкі құпиясын түгел біліп алатындай ыңғайсызданады. Баланың нәресте кезінде осындай түйсік атымен жоқ еді, оның сәби исін иікеген заман, исініп сала беретін.

Марқұм күйеуі Сағыман да оны жанындай жақсы көретін. Қолы босай қалды болды, алдына алып, емірене аймалап, құшырлана сүйіп, жырғап қалушы еді. Ол өз әйелінің жатырына жаттың жалқағы құйылып, жанданғанын қайдан білсін, бәлкім, өз бойының нілі де оқтын-оқтын отқа түскен сайтан көбелектей обырлана жымысқы жыныстық жыбырдан біртіндеп баланың бойына сіңген болар. Мүмкін, жарықтық, өзіне тән болымсыз бір істі көңілі шіркін сезінетін шығар...

Жатар алдында оның бөлмесіне кірген ұлы:

- Ертең Үрімжіге барып дүкенге зат әкелемін, - деді шешесін хабардар етіп.

- Қарағым Жайдар, қай күні тағы да тауар әкелмеп пе едің? – деді Самал шешей оған әдеті бойынша қырынан қарап отырып.

- Ел үнемі тұтынатын, дүкенге қажетті тауар түгепті, тез әкелмесек болмайды, - деді Жайдар шешесіне алаңдамай бейғам отыруын ескерткендей емерурінмен.

- Онда өзің біл, ұры-қарыдан сақтан, сергек бол, - деп Самал шешей қашанғы әдеті бойынша ақылын айтып, ескерту қылды.

Дәл осы тұста әйнек терезеден лап етіп кірген нажағайдың жасыл жалыны үйішін күндізгідей жап-жарық қылып барып сөнді. Аз-кем іркілістен кейін күн күрілі баяу басталса да, бірте-бірте зорайып, соңында «гүрс!» еткен ашты дауыстан тау құлап түскендей жер «солқ» етіп тынды.

- Қанат! - селк ете түскен Самал шешей, - бисмилла, бисмилла! - деп иман келтірді.

-Тәте, сасқанда бысмилланың алдында кімнің атын атап жібердіңіз өзі, - деді Жайдар шешесіне еркелей әзілдеп.

- Е, ол ма, - сасып қалған Самал шешей, - баяғыдағы, я, бала кезіміздегі көршіміздің баласының аты ғой, қалай аузыма түсіп кеткенін өзім де білмей қалдым, - деп жалтарса да бір айыбы бетіне басылғандай Самал шешейдің беті ду ете түсті.

- Сіз жақсы көруші ме едіңіз? Жан алқымда жақсы көретін адамның аты ауызға түседі дейтін сөз бар, - деді Жайдар ескі жараның аузын жұлып алғандай шешесін мазақтап. Оның кәперінде ештеңе жоқ болса да, Самал шешейдің денесін төк соққандай дір еткізді де, бір лепті сезім тұла бойына лап қойып, жүзіне қызыл алау ойнай қалды.

- Тайт ары, шешесіне өстіп албаты сойлеген бар ма? - ол қуыстана отырып баласын жеңіл жазғырған болды.

- Әншейін қалжыңдағаным ғой шеше, көңіліңізге ала көрмеңіз, - деді де Жайдар сөзді басқа арнаға бұрып әкетті.

- Тәте, күн күркіресе балаша қорқатыныңыз не осы? - деді жайдарлана жымиып ол.

- Неге екенін қайдан білейін, балалық шағымнан бастап осы қорқыныш бар, - деді Самал шешей сабыры сабасына түскендей көңілдене.

- Қорқатын түк те жоқ, жатып ұйықтаңыз, - деді де Жайдар жатын бөлмесіне шығып кетті.

Күн батпай тұрып батыс көкжиектен көрінген жауар күннің түйдек-түйдек қабаты қалың қара бұлты айдаһардай бүктетіле аунақшып, жалын тілін жалаңдатып, ышқына шоқ шашып, ысқыра ішін тартып, Боғда тауының шығыс солтүстігіне қарай ала қанатын аялсыз сермеп, боранын ұйтқыта ұша жөнелді.

Ол осы аумақтың аспанына жеткенде демін алып, солығын баспастан әлде нені арбағандай айнала үйріліп, ұлы денесін жинап, қол-аяғын баурына тығып, басын қақшитып, бүктетіле салмақпен иірілді. Тұнжырай тұтасты. Аспанда ине шаншар саңлау қалмады. Сөйтіп ол қараңғы түннің қабағын мезгілінен бұрын салбыратып жіберді.

Ақшамнан бастап үй төбесін сыртылдатып анда-санда шертіп тұрған андыз жаңбыр тамшысы жатарға жақын шелектеп құйғандай дөдегеден сарылдап ағып кетті. Нажағаи иір жалынын от бишіктің өріміндей арт–артынан жерге шаншып, күлліәлемге сағымын ойнатып, жер-көкті зел-зала қылып күңіреніп қоя берді.

Самал алақызып ұйықтай алмады, шырақты жақты. Бойын бір түрліүрей билеп алған. «Сол күні де нажағайлы жаңбыр жауып еді» деп ойлады ол...

... Далада жаңбыр құйып тұр. Нажағай жарқылы киіз үйдің саңлауларынан лап қояды да, үйішін күндізгідей етіп көрсетеді (ол кезде малшылардан тыс, қыстақтағы там үйлерде отыратын еңбекші тұрғындар да жазда көшіп барып, қарағай етегіне киіз үймен күзге дейін жайлап отыратын еді). Бір сәт жер-әлемді нұрға бөлеп тұрған аспан шытынап барып сынып кеткендей жалын ата шарт етіп қалды.

«Қанат қайда екен?» деп ойлады Самал. Кештен бері оның бойы шымырлап, дел-сал болғандай қажымыр күй кешкен еді. Қарадай алақызып, әлдекімді күткендей елең қағып елегізді. Көңілінде көмескі сағыныш бар. Денесі өртеніп, қызуы өрлеп бара жатқандай болады. Тұңғиық бір аңсау әбжыландай арбап, аранын арыдан ашып, азабын ауырлатуда. Оның сезім құртын мүлде қоздырып кеткен...

Бүгін күндіз озы баяғыдан іштей жақсы көретін құрбысы Қанат келіп үйден шай ішіп кеткен. Самалдың екі балалы болған толысқан дер шағы. Сағыман бір топ еңбекшімен бірге қыстақтың ойдағы егінін жаздай суарып, бағып-баптауға кеткен. Оның үйге келмегеніне бір айдан асты.

Самал мына Қанатты қыз кезінен бастап өте жақсы көретін. Бірақ, Қанат оны-мұны сылтауратып жанына көп келгіштесе де, жарытып ештеңе айтпай төменшіктей беруші еді. Самал да одан әлденені дәметкендейіштейүміттенумен титықтайтын. Шын сүйген адамдардың шыдамы аз болғанымен, бет келгенде «сүйдім, күйдім» деген сөздермен жеңіл тілек айтуға аузы бармайды екен-ау! Шынайы махаббат адам жан-тәнінің терең түкпірінен бүршік жаратынын ол кезде Самал ойлап жете алмаған. Оған Қанатта жақсы көретінін ашып-жарып айтпаған. Самал да қыздың қылдай жіңішке жолынан ауытқып оған көңілін білдіре алмады.

Сөйтіп жүргенде Қанаттың әкесі тыпырлағанына қаратпай туыстас қарындасының қызына құда болып, жыл айналдырмай алып берді. Содан Қанат ашық-жарқын, ақкөңіл мінезінен айнып, томаға тұйық, үнсіз жүретін, дүңк ете түсетін, адамға жуымайтын дойыр, оқшау қалған момын адамға айналып, қысқа уақыттың ішінде өзгеріп шыға келді. Оның әйелінің ақылсыз болғанын жұрттың өсегінен естіген болатын. Қанат осы күнде қыстақтың бір қора қойын бағады. Үйі жайлауда, өзі тұз, ұн, шай сияқты отбасына қатысты керек-жарақты алғалы келіпті.

Қанат үйленіп кеткен соң, үміті бір жолата үзілген Самал бірнеше рет жасырын жылап алып, бірте-бірте сабасына түскен еді. Кейін Сағыманмен үйленіп бас құрады. Бүгін таудан түскен Қанат жүрекке түскен сол сезімнің жарасына тұз сепкендей болды. Шай үстінде үнсіз қипақтап ол көп бөгелді. Неге екенін кім білсін, бір қызарды, бір қуарды. Бірдеңені айта алмай қиналып отырғандай тер басып кетті. Ақыры ол тіс жарып, тіл шығарды:

- Самал, мен саған көптен көңілімде жүрген бір істі айтпасам болатын емес, - деп үніне діріл араласқан ол Самалға үздіге қарады. Көз терісі қыртыстанса да, көз алмасы отты екен. Жалт-жұлт ете жалын шашады.

- Айт! – деді Самал кәперсіз жайраң қаға бұйырып.

- Айтсам, - деп әрі-сәрі болып аз бөгелген ол қайратына қарысқандай кемсеңдеген ерні әрең икемге келіп, - қазір айтқаным ұят, сондада айтып азабымнан арылайын, - томырыла қамыққан ол, - мен сені бір кезде жан-тәніммен сүйген едім. Хақ діліммен ғашық болған едім. Амалым бар ма, ата-анам мені саған көңілімді білдіруге үлгіртпей аяғыма тұсау, аузыма кергіш салғандай, үнімдіішіме түсіріп, тұншықтырып кетті ғой. Солай да, мен сеніәлі де құлай сүйемін. Өзім-өз болып шынайы ынтыққаным әйел затында өзің ғанасың, - деп күңірене көзіне жас іркіп барып тоқтады.

Бұл сөзді естіген Самал не дерін білмей аңырып отырып қалды. «Бұл байқұс та менің күйімді кешкен екен ғой» деген оймен көңілі астаң-кестең болып аз-кем үнсіз отырғаннан кейін ол:

- Жасымыз бір жерге барған да қайдағыны қоқсытып қайтпексің? - деді нарау пиғыл танытып.

- Жоқ, Самал, мен саған бұрын-соңды ойымды айтудың орайын таппадым. Мен қазір үйленейік деп талап қойып отырғаным жоқ, өзіңді шынайы сүйген бір азаматтың бар екенін білсін дегенім, - деді ол айыпты жандай басы салбырай төменшіктеп.

- Білгенде қайтем, дәл қазір ондайды ұққанымнан ұқпағаным жақсы емес пе? - деп Самал наразы пейілін тағы көлденең тартты.

- Сенің қандай ойда екеніңмен жұмысым жоқ, пікіріңмен де есептесіп жатпаймын. Еркімді саған зорлап таңбаймын. Бірақ, көкейімдегі көрікті ойымды саған айтпасам, өлсем де көзім жұмылмай кететін сияқты. Самал, тағы да қайталайын, әйел затынан өмірімде сені ғана шын жүректен сүйген едім. Қайтейін енді, бәрі де бітті, - ол шын ділімен мұңайды.

- Онда сен қойныңдағы әйеліңді жақтырмайсың ба?

- Солай.

- Өтірік, шын болса сонша жылдардан бері қайтып отасып келесің?

- Саған не деп түсіндіре аламын. Өлмеген соң жүрген ғой.

- Қойшы ары, қай-қайдағыны айтпай.

- Мен қай-қайдағыны еске алып отырмын. Сенің ойыңа ештеңе оралта алмадым ба, білмеймін?

- Балауса балалық күндердің қызығын еске салдың ғой, Қанат, - деп Самал жанашыр жандай жақын тарта тіл қатты.

- Ұят болса да, сұрайыншы Самал, сен тартынбай жауап бер, қыз кезіңде мен жөнінде қандай ойда болған едің? Мен соны білгім келеді.

- Бұның буынсыз жерден пышақ салып қинағандай орынсыз сұрау болды. Саған мен не деймін? Уылжып отырған қыз емес, бұл дәрежеге жетіп, боларым болып, бояуым сіңіп болғанда.

- Не десең, о де. Тек шындықты айтсаң болды.

- Япыр-ау, мынауың қисынсыз қинау ғой.

- Мен сенің шын көңіліңді білгім келеді.

- Ойбой, отқа салғандай болдың ғой мені.

- Сол тұстағы шынайы ниетіңді айтшы, - деп тақымдады Қанат.

- Айтпайын деп ойлап едім, қоймадың ғой. Ендеше бір кезде жалыныңа көбелектей көзсіздікпен күйген едім. Мұның қажеті не? Болмадың ғой, болмадың. Айтып не керегі бар еді. Енді бұған не амал бар? - Самал көз жасының бұршақтап кеткенін сезбей қалды. Қанат жанқалтасынан бет орамалын алды да, Самалға ұсынып тұрып «рахымет саған!» деп орнынан тұрып үнсіз егіліп жүре берген болатын. Самал да отырған бетіөксігін ішіне тартып булығып қалған еді.

Түн. Самалдың көңілінде қорқу ма, қобалжу ма? Беймағылұм алаңдау бар. Көрпесімен көзін басып, қиялына тізгін бермей көкірек сәулесін көлеңкелесе де ұйқысы қашып алақызуда. Сыртта нажағайлы жаңбыр құйып тұр. Оның бес жастағы ұлы мен екі жастағы ұлы қасында пысылдап ұйықтап жатыр. Дүние бүлініп кетсе де ұғар емес, сәбидің ұйқысындай тәтті нәрсе жаһанды кезсең де табылмас. Ол ой соқты боп ұйықтай алмай жатқан еді. Бір кезде төсектің сыртындағы кереге сықырлап, мал сүйкенгендей болды.

- Аһа! Үй, а! – деді Самал дауыстап, - үй, а! Қарасан сол!

Керегені сықырлатып тағы да сүйене сүйкенді бір нәрсе. Күндіз әтірет сауынға берген қара сиыр кұйлеп, жуан қара ала бұқаның алдынан тайнша бұқалар қуалай қашып, арқан бойы жерге жетпей алқынып барған ала бұқаның айбарынан қорқып, сиырды тастай беріп тайып шетке шығып, орай күтіп шуап қара сиырдан қалмай жүр еді. Енді келіп үйге паналағанын қарашы, қарасандардың. Жауында сиырдың қылығы осы үйге ықтай келіп тығылады. Үйді қиратып кетерме  екен, қайтерекен?!...

Кешке әуелі ауыл балаларын жинап, бұқадан қаптап әрең айырып, шала сауған болатын. Тағы да сүйкеністен кереге сықырлап, үй теңселіп кеткендей болды. «Баяғы жыбыршыған қара қарасан ғой, адыра қалғыр жауында шыбжыңдап біткен сасықты ертіп үйге кеп паналаған. Керегені шағып, уықты сындырып, шаңырақты ортасына түсірерме екен» деп ойлаған Самал алаңдап қалды.

- Үй, а! Үйді құлататын болды ғой мына қарасан, - деп шындап ашу шақырды ол.

- Мен ғой, - деді сыбырға жақын әлсіз үн. Дауысынан адам екенін білген Самал шошып кетті.

- Бұл кім жеті қараңқыда үй торып жүрген? Зайыры, мені еріүйінде жоқ деп басынғаны ғой, - деп ол ашу шақырды.

- Мен, - дедіәлгі дауыс сал қатайып.

- Мен дегені кім? Құтырған жарымағыр сол, - деді Самал да екілене түсіп.

- Мен Қанат!

- А, не қылып жүрсің мына жауында?! - Самалды Қанаттың десі басты ма, ашуы тарап, бәсейіп қалды.

- Қасыңда біраз болсам бола ма?

- Қой, қайтып кет! Мұның не? Мынауыңды ел білсе ұят қой. Басымызды өл-өлгенше өсекке байлар әуелі. Тез ақылыңды тауып, жөніңе жөнел!

- Басқа ниетім жоқ, сенімен біраз сырласқым келеді. Бүгін басқа жерде жата алатын емеспін.

- Жоқ, кіргізбеймін!

- Кіргізбесең мейлі, таң атқанша төсегіңнің бүйірінде тік тұрамын да, жолыма түсемін, сосын ғұмырымның соңына дейін сенің ту сыртыңда жаңбырға малшынып бір түн тұрғанымды медеу тұтып, күн кешетін шығармын.

- Жындандың ба Қанат? Біреу көріп қалса қайтесің? Онда жұрт алдында қара бет боп, бас көтере алмаймыз. Шоқ басып, отпен ойнайын деп жүрсің бе? Бұл екі шаңырақты да күйретудің қаразы. Бұл жолмен жүруге болмайды. Тізгініңді тарт!

- Мына жауында мені кім аңдып жүр дейсің. Болмаса үйіңе таң қараңғысына дейін жауыннан паналап, «итке үргізіп, кісіге білдірмей» тып–тыныш жолыма түсейінші!

Қанатты райынан қайтара алмасын білген Самал:

- Тоңған шығарсың, кірсең кір, бірақ, тыныш жатасың, - деп амалсыз рұқсат етті.

- Болады.

Самал шамды жағып, есіктің құлпын ашты. Қанат судан шыққан тышқандай сүмірейіп үйге енді. Оның аянышты хәлін көрген Самал:

- Тез, сырт киіміңді шешіп керегенің басына іл. Мен саған төрдің алдына төсек салып жіберейін, - деді де, жатын орын әзірлеу қамына кірісіп кетті.

Самал төсек салып болғанша Қанат сырт киімдерін шешіп кереге басына іліп үлгірді. Ол енді жатын орнына қарай бұрыла берген Самалдың білегінен ұстай алды.

- Самал, мен жататын орын іздеп келіп тұрғам жоқ. Айтарымды жаңа айтқанмын, - деді де, үнсіз тұрған оны төрдің алдындағы төсекке қарай жетеледі. Самал да қарсылық білдіре алмады. Оның бейіміне қарай икемделе бергенін өзі де сезбей қалды.

Ол жаңа Самалдың қолын ұстарда шамдандырып аламын ба деп қорыққанынан қобалжыған жүрегі құрық түскен тайдай тулап еді, бірте-бірте орнына түсіп орныққандай болды. Ендігі жерде Қанат оның қолын қоя беріп үн-түнсіз орнына жатты. Самал да қарсы болған жоқ. Шырақты өзіүрлеп өшірді де, көрпенің шетін өзі көтеріп қойнына кірді. 

Екеуі де аралық тастап, шалқаларынан үнсіз жатқандарына бір талай уақыт болды. Әркім өз қиялымен қиналуда, демдері сығылып, булары бұрқырап, қызынуда... бір тұста нажағай сәулесіүйішін күндізгідейжарқыратып жіберді. Бұл реткі нажағай жалыны бұрынғыдай лап етіп жанып, лып етіп сөнбеді. Бір талай уақыт жанып тұрып алды. Самал көз қиығымен қарап еді, Қанат білген дұғасын оқып күбірлеп жатыр екен, жалын сонбей тұрып күн қатты күркіреп барып, алып жер ортасынан опырылып кеткендей«гүрс» ете түсті. Жер сілкініп, үй теңселіп, ыдыстар салдырлап кетті. Қатты шошыған Самал «Алла-ай!» деп Қанатты бас салып, тас қылып құшақтады. Әйелдің ыстық демі шілденің аптабындай аузын құрғатып, демде шөліркетіп жіберген. Қанат құр жұтынып, сілекейсіз тілін әрең икемге келтіріп, оны жұбатып «қорықпа» деп маңдайына алақанын басты. Күйіп тұр екен. Бәлкім оның қолы тастай мұздап тұрған соң солай сезілген болар. Не өзінің табиғи қызуы жоғары болуы керек. Қолынан төк өткендей жүрегі дір етіп, ерніндегі шұрай мен екі құлағы бұғаудан босай сала, үстіне шығып алған екі аяқты мақұлықты түсіріп тастауға құлшынған шу асаудай тулай жөнелді. Бір қатерге қарсы келгендей деміүзіліп барып қайта өрекпіді. Жүрегі кеудесін жарып шығардай жанталасты. Әйел затына жанасып көрмеген боз баладай болбырап, жүйкесі жүгініп, буыны босап, тынысы тарылып, дымы құрып, жігері құм болды. Дәл осы тұста Самал қолын босатып шалқалап кетті. Оның бұл әрекетін Қанат қарсылығы деп ойлады да, өкпелеп қалмасын деп қолын тез жиып алды. Ап еткенде, сап еткен өз қылығын әбестік санады да, «бағанағы Самалға берген уәдең қайда?» деп өзін-өзі іштей жазғырып, ренжіп қалды. Бірақ, Самалда ашуланған айбын, өкпелеген бейне білінбеді. Солайда, ол төзімнен ауыздық салып, тісін-тісіне басып тыныш тынып жатыр.

Осы шақта Самал да сал болып қалғандай күй кешті. Денесі қорғасындай ауыр салмақпен балқып барады. Неге екенін ит білсін, дәрмені кетіп, буын-буыны босап салдырап кетті. Ол бар қайратын жинап, сүлдерін сүйреп Қанаттың бауырына еніп барады, елжіреп барады, ол оң жақ білегіҚанаттың кеудесіне тіигенде барып тоқтады. Жігітке жеткенге дейінгі уақыт қас-қағым болса да оған сондай ұзақ сезілді. Қуаты құрып үзіліп кете жаздады. Ол әлде нені күткендей күйініп жатыр. Бір періште қол сиқыр күшімен бәрінен ада қылып, айықтырып, аунатып тастайтындай сезімге келді. Сол тылсым күш кеудесін бар салмағымен басып жаншыса, қызуы қайтып, қызығына батып, сарығы сарқылатындай ерекше ләззатты аңсау бар. Ол сол салмақты жанындағы жігіттен дәметкендей сабырсыздана сағыныш шүңетіне сарыла батып барады, зарығы басылар түрі жоқ. «Неге бүйтеді?! Тас қылып құшақтаса жарар еді. Мені зарықтырғысы келе ме қандай? Өйтіп жатса ақымақ екен» деп ойлайды. Сосын сал басын көтерген ол болымсыз қырындап қос қолдап жігіттің басын сипай бастады. Сол сәтте Қанатқа жан кірді. Шойындай бос жамбасын басып жатқан зіл-батпан қолы қоқаң етіп көтерілді де, құлаған ағаштай ербеңдеп әйел кеудесіне сүйене құлады. Шыт көйлектің сыртынан алақаны жұп-жұмысақ, жып-жылы пысқан анардай шертіп тұрған қос омырауына ілінді. Әйелдің көтеріліп басылған кеудесінен әлдеқандай жан толқыны жігіт жүрегіне соғылып қайта шегінді. Бейне теңіз толқынының жағадағы жартасты шолпылдата сүйіп, қылықтана күліп, қырындай қашқанындай ерекше еркелік емеурін бар еді. Енді бір де қолы бейіштің бағын тамашалаумен шарлап жүргендей бірден-бірге көше бастады. Ақырын өрмелеп сол жақтағы омырауға ауысты. Киім сыртынан қиысу қылпын меңгере алмаған саусақтар діріл қаға тайғанақтайды, қипақтаған ішкі бір ындын ашқарақтана аласұрады. Белгілі бір жақындықты аңсайды. Көңіл есігін ашпақ болып тімтіне тоғысу тұтқасын іздейді. Ақыры кіндіктің маңайынан тінтіп жүріп, кеудешенің етегін тауып алды да іш жағымен саусақтары өлермендене өрлеп, сезімінің жетегімен көздеулі жеріне жеткен соң қос алманы алма кезек уысына алып, умаждай аймалады. Екі баланың анасы дейтін емес, қыздар құсап сырыған қатырма торғынмен қаптап алмаса да мамасы шертіп тұр екен.

Теңіздей көбік шашқан көңіл толқыны бірін-бірі қуалай тоғысып,  көкейге көмескі көпір салып үлгірді. Тағаты көл түбіне батқан тастай шымырлап барып ғайып болған Қанат оның омырауын обырлана қысып-қысып жіберді. Самал «аһ!» деп ләзаттана ыңырсыды. Одан бейіштегі қор қызының үнін естігендей болған Қанат рахаттана мекіренді. Сосын екеуі емірене сүйісті. Арбасқандай арпалысқа түскен алақандар кіндіктің астына жеткенде тышқан көрген мысықтай сақтықпен баспалап кібіртіктей қалып еді, бір алақанының саусақтары әлдебір баға жетпес асылдың тарыдай түйінін құм ішіне жоғалтып алудан қорқып ыждағатпен іздегендей бір алақанының саусақтары сол асылын тыққыштап, айрылып қалудан үрейленіп қанатының астына ала қорғаштайды. Осылай екі алақан алыса арбасқанына бір қауым уақыт болды.

Бір кезде Самал тосуға үлгірмей қалды. Кеудесін ауыр салмақ басып жүйке-жүйкесін босатып болбыратып жіберді. Ол борбайынан босып бара жатқан ішкиімінің ышқырына жармасуға шамасы келмеген соң, дәрменсіз аяғын жинап қарсылық көрсетем деп жатып, қарсы жағын ептеп демеп жібергенін сезбей қалды. Аяқтар айқасты. Денелері салдана ұйып, жан дүниелерінің қайнар көзі шымырлай тепшіп, қатты бір үйкелістің сүйінішінен лаззат тапты. Бір сүйем болса да теңдессіз күш-қуатқа ие, күллі адамзатта ортақ қасиеті бар тіршілік тірегіөмір өзегін өрлеп бара жатты. Дәл осы тұста күн ышқына, жалынын сыртқа шығарып жылап жібергендей құйып кетті. Барлық дүниені тәрік еткен екеуі де тұншыға күрсініп, езіле егілді. Бақыт құсы өз заңғар биігіне ұя салып, жұмыртқа шайқау үшін аузымен балшық тасып жанталасқа түсті. Әйелдің жып-жылы үлбіреген жұмысақ тәніҚанатқа ұжымақтың өзіндей сезілді. Ол тұңғыш рет сүйген әйелдің құшағы бейіштен кем емес екенін пайымдады. Қанат Самалға салмағын сала иіле еңкейіп тілін таңдайына басып, емірене таусап, кәусар суын ішкендей шырын дәмін шырғасын шығармай жұтып, жұпар исін тоқтаусыз сіміріп, нысапсыз ынтамен ыңырана ырғап жатты. Бір мезгіл бұлқыныстан кейін екеуі тас бұлауға түскендей жіпсіп, жүйке-жүйкелері босап, бойлары суып, беймәлім парталаудан жан жүйелері балқып, сүйектері жасаңғырағандай жеңілдеп, бақыттың балын батыра сарқып тынды. Олар көрер таңды көзбен атырды.

Балық бауырлап таң белгі бергенде Қанат асықпай орнынан тұрып киінді де, үн-түнсіз Самалдың маңдайынан түшіркене иіскеп, шашынан аялай сипады. Бұл «кеттім» дегені екенін Самал айтпаса да білді. Қанат жәйімен басып үйден шығып кетті. Бойы байсал тартып, мең-зең күйде жатқан Самалдың да бірдеңе деуге зауқы соқпады. Сонда не демекші? «Кеттің бе?» деп сұрай ма? Оның қажеті қанша? Міне бәрі де аяқтады. Самалдың жаны жиіркенді, өз тәні өзіне арам сезілді.

Самал тәңертең жайырақ тұрып, далаға шықты. Түндікті ашты. Жауын басылып, аспан ашылған. Дымқыл ауада сыз бар. Дүние жаңарып жаңа түске енген. Жап-жасыл жасаң дала көздің алмасын суарады. Таза жер, таза ауа, тап-таза көркем пәк дүние шалқып тұр.

Самалдың үйінің өр жағындағы қапталда топ қарағайдан алыстау жалқы біткен жуан қарағай бар еді. Оны жұрт «жалғыз қарағай» деп атайтын. Сол қарағай ортасынан қақ жарылып, ақ жоңқа болып шашылып жатыр. Қарағайдың астыңғы жағында кешегі күйлеп жүрген қара сиыр, оның арт жағында қыстақтың қара ала бұқасы аяқтары аспанға қарап теңкиіп жатыр. Қарағайдың дәл түбінде бір тайынша бұқа тұлыбына симай торсиып, торсыққа құйған айрандай көлкілдейді, әуелі сүйегі де еріп сұйықтыққа айналып кеткен тәрізді.

Самал бұл көріністі көріп, түршігіп кетті. «Жасын оғы сайтанның тіліне азып, арам жолға түскендер мен жын ойнаққа түседі деуші еді. Түнде тойымсыз нәпсіге құл болған бізге түссе не болдық?!» деп ойлады. Тәубасын үйіріп, құдайына күбірлеп мынәжат етті. Ол алақанына қарады. Мына қолындағы күні бүгінге дейін жазылмай жүрген қиғақты бала кезінде жәй түскен қарағайдың жаңқасын жағамын деп жүріп пайда қылған еді.

Қара сиырдың ала бұзауы да үш күн мөңіреп енесін іздеді де, бірте-бірте азайтып, артынан бір жолата ұмытқандай мөңіреуін қойған болатын.

Сол күннен бастап Самалдың «бүгін бе? ертең бе» деп жүрген етек кірі мүлде келмей қалды. Осыдан бір жарым айөткен соң ойдағы егінді қаптап, қамбалап тастап Сағыман қайтып келді. Алғашында қарадай қуыстанған Самал Сағыманға жазықты жандай жоқтан өзгеден сылтау тауып жалтара қашқалақтап жүрді. Ол оның жамандығын біліп алғандай сезінді. Бірдеңе деп бетіне басып ұятқа қалдырса қайтеді? Тіпті мажыра шығарып елге қарағысыз қара бет қылса қайтпек? Ол қатты қорыққан еді, алаңдауының қажеті жоқ екен. Олай болмады. Сағыман еш нәрсені сезбепті. «Кірген із бар, шыққан із жоқ» деген осы да. Оны қатты Сағыныпты. Айналып-үйріліп бәрін де ұмыттырды.

Самалдың құрсағындағы бала біртіндеп өсіп, жан біте бастады. Ол ішінде жатқанда да басқа балаларына ұқсамайтын тынымсыз еді. Тынымсыз бүйірін бүлкілдете сүзгілеп, текпіленіп тыпырлап жататын. Кейін ай-күні толғанда осы жайдар туды. Оған Сағыман байқұс қатты қуанып, ағынан ақтарылды. Ауыл адамдарын жинап қалжа беріп қарық қылды. Самал одан кейін де екі қыз, бір ұл көтерді. Сол балаларының ішінде Жайдар ғана қағылез, зерек, ақылды болды. Оқуда ылғары болды. Оның арқасында Самал да талай рет мектептің сахнасына шығып марапатталды. Жоғары мектепті де сыйлық ақша алып, үздік нәтижемен бітірді. Қайтып келген соң қызмет іздеп сенделмеді. Жанталасып сауда жасап баю жолына түсті. Ауыл қалашығынан үй сатып алды. 90 мың юанға жеке дүкен салдырды. Содан бастап ауқаттанып кетті.

Басқа балалары Сағыман сияқты момын, бір тоға, қақ-соқтысы жоқ, түзу шаруа адамдары болды.

Сағыман марқұм бүйрек өспесіне тап болғанда оны Жайдар «әкемді қайтсем де құтқарамын» деп бір мұнша ақшасын жұмысаған еді. Оны апармаған емшісі аз. Ең соңында Үрімжідегіүлкен емхнаға апарып, ота да жасатты. Алайда өнімі болмады. Марқұм көз жұмарда Жайдарды қасына шақырып алып, басқа балаларына бермеген батасынберіп дән риза боп көз жұмған еді.

Ал, Қанат Сағыманның жаназа намазына келіп, Самалға көңіл айтқаннан қайтып көрінбеді. Сонда ол аруақтың алдындағы айыбына арланды ма, жоқ, Самалға шынайы жаны ашыды ма, кім білсін, оның қолын алып, кеңкілдеп жылап тұрып: «Самал, өзіңе мықты бол, Сағыманның алдынан жарылқасын, иманы жолдас болсын» деп артына бұрылып кете беріп еді. Ол сол нажағайлы жаңбырлы түнгі уақиғадан кейін көп өтпей көршілес ауылдағы туыстарын қара тартып көшіп кеткен болатын. Самал өйтіп-бүйтіп сұрастырып көріп еді: «ұлдары арақкеш, тұрмыс күйі нашар, қиыншылығы ауыр» деп естіді. Ол оның жағыдайын білген соң қатты қамықты. Е, оған не септігі тиеді. Әйтеуір, көне көзін еске алғаны ғой.

«Я, ол да бір өз кезіндегі дәурен екен ғой. Қайран заман, жастық көктем-ай!» - деп терең тыныс алды Самал.

Ол Қанатты бұрын-соңды жазғырып көрген емес, бұдан кейін де айыптамайды. Оған іштей риза болып, оны көңілінде мақтан тұтады. Ол кезіндегіөзі сүйген қолы жетпеген аяулы азамат. Құрметтеуге, ардақтауға татитын ер жігіт еді. Оның үстіне, оған Жайдардай мықты бала сыйлады. Осы Жайдардың арқасында Самал бақытты тұрмыс кешіріп, қолын жылы суға малып отырмай ма...

Самал таң намазына дәрет алу үшіншырақ жағып құманға жылтпалап су құйды. Қартайған адам қайдағы ауыр күнәлардіөткізе алсын, жеңіл-желпі кемшіліктер адамның тума қасиеті ғой. Қартайған адам Алласынан намазының артында ылғи жас шағында өткізген ағатықтарын кешірім етуін сұрана өтініш етеді. Оныңда қарекеті сол жүлгеде. Ол аяңдап тысқа шықты. Түнде жауған нажағайлы жаңбыр бүкіл әлемді мөлдір тамшысымен монтаздай қылып тазартып кетіпті. Шешейдің де көкірек аспанынан түнімен құйған нажағайлы жаңбыр жүрегін кіршіксіз пәк дүниеге айналдырды.

Буы бұрқыраған Жер-ана жаңа туған сүйкімді сәбидей балбырап, күнге қарап езу тартып шалықтап жатқандай жайнап кеткен.



Қизат Кәділханов, жазушы, 1962 жылы ҚХР, Шыңжаң өлкесінің Санжы облысына қарасты Шонжы ауданында дүниеге келген. Тұңғыш әңгімесі 1985- жылы жарық көрген. «Талды бейіт», «Аналар рухы аспанда» повесть-әңгіме жинақтарының авторы. Шығармалары «Жүзден жүйрік», «Бурыл тай», «Жаңа дәуірдегі қазақ прозасы», т.б. жинақтарына енген. Шыңжаң Жазушылар қоғамының, Фольклоршылар қоғамының мүшесі. Шыңжаң Жазушылар қоғамы «Дүлдүл» әдебиет сыйлығының бірнеше мәрте иегері. Әңгіме, повестері қытай тіліне аударылып жарық көрген. Қазақстанда жарық көрген «Құбының құжа жоны» (2016ж.) таңдамалы әңгімелер жинағына шығармалары енген. 

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты