М.Пришвин. Тұқым және ұмытпаңдар мені...
Менің бойтұмарым
Сайып келгенде, өзімді түсінуге тиіспін, мына жасымда барлық жасы ұлғайып қалған адамдар сияқты, миыма толып жатқан дөңбекшіген ойлардың жиыла беретінінде дақ жоқ. Сондықтан, сөйлеген кезде барлығын түгел ақтара салуға асығып, сасқалақтап, абыржып кететінім бар. Сол себепті жазған нәрселерімді де бөгде адамдар оңай түсіне алмай қалады.
Тағы сол себебі, «Күннің асыл қоймасы» менің шам-шырағым болып қалуға тиіс. Қарттықтың азғыруына өмір бақи ілеспеуге тиіспін.
Менің бойтұмарым мынау: барлық нәрселерге ой жіберу,- барлық адам түгел түсінетіндей етіп жаза білу.
*«Күннің асыл қоймасы» автордың 1945 жылы жарық көрген балаларға арналған ертегісі.
Өсиет
Бір жазушыға дұрыс баға беру үшін оның қалдырған тұқымына ғана негізделу керек. Тұқымының тағдырын түсіну қажет. Ал, бұған уақыт кетеді.
Олай болса, өзім туралы (табан аудармай елу жыл жазыппын!) айтайын ба, менде шынайы табыс жоқ, атағым, тіпті, орта қолды жазушыға да жетпейді. Дегенмен, менің тұқымдарым көптеп шыға алады екен. Осы тұқымдардан алтын өзекті көк қауашақты, жұрттың тілімен «ұмытпа мені» деп аталатын ұсақ гүлдер шығып келе жатыр. Осы сөз бойынша егер адам өлгеннен кейін мәйті бірте-бірте ыдырай келе әртүрлі хайуанаттардың, өсімдіктердің, гүлдердің негізгі факторларын құрайтын болса, онда Пришвиның денесінен қалатыны «ұмытпа мені» дейтін гүл екендігін байқауға болады.
Сүйікті досым, егер ғұмырың менен ұзын болып жатса, осы бір шашылып қалған жазбаларды бір шоқ гүл есебінде жинақтап, кітапшаға айналдырып, әрі сол кітапшаға «Ұмытпаңдар мені» деп ат қоя салыңдар.
Прозалық өлең
Мен проза өңіріне өзімнің өлеңдерімді ала кіргенім үшін тағдырыма ризaмын. Өйткені, өлең прозаны ілгерлетумен ғана тынбайды, қайта сұрғылт тартқан өмірдің өзіне де нұр беріп ажарландыра түседі. Бұл ұлы еңбекті біздің Чехов сияқты ақындарымыз, прозашыларымыз көрсетті.
Оқырман
Бұрын әдемі бір жерде ұзын орындық тұрушы еді. Енді соның аса жуан екі сирағы ғана қалыпты, дегенмен, оған да адам отыруға болады екен. Орындықтың бір сирағына мен отырдым. Досым енді бір сирағына отырды. Қойын дәптерімді алып, жаза бастадым. Менің мына досымды сендер көре алмайсыңдар, өзім де көріп отырғаным жоқ. Тек сондай адам бар екенін ғана білемін. Ол – менің оқырманым. Мен сол үшін жазамын, егер ол жоқ болса, ештеме де жаза алмақ емеспін.
Кейде сен жазғаныңды пәлендей адамға оқып бересің.
Ол:
Мұны қандай оқырмандарға бағыштап жаздың? - деп сұрар.
Өзім үшін жаздым, - деймін жауап қатып.
Білемін, - дейді ол, бірақ, жұрт жөнінен айтқанда, мұны түсінуге болмайды.
Алдымен, - деймін мен, - өзімнің оқырманым түсінеді, кейін ол жұртқа айтып береді. Өзім жөнінен алғанда, өзімнің досым, өзімнің оқырманым түсіне алатын болса, болғаны, ал, ол дүниедегі сиқырлы призма сияқты. Мен сол болғандықтан ғана жазамын.
Менің өлеңім осы шарапатты оқырманым – адаммен достығымның естелігі. Мен жазамын, басқаша сөзбен айтқанда, мен сүйемін.
Сүю үшін күрес
Ақыл-парасат пен ізгілік жүректе тоғыса келіп, белгілі бір іске жұмылатын болса, сүйіспеншілік деген міне, осы болар еді.
Ізгі ниетті әрі зейінді адамның алдына қойылатын бүкіл мәселе өзім кімді сүюге тиіспін дейтін бір ғана түйінге жинақталуы тиіс.
Сүйіспеншілік харекет дегенді білдіреді.
Адамзат дүниесіне жалғыз келдім – бүкіл жолым міне, осы.
Автордың «Ұлы құрлықтың көзі» кітабынан
Аударған – Ә.Нарботин