Ярослав Гашек. Аяулы әскер Швеиктің дүние жүзілік соғысқа килігуі

b744ca66167848ed99d3d788c46c93be.jpg (610×343)

(Романан үзінді)

- Олар фердинандты өлітіріп кетіпті ғой! – деді жалшы әйел Швеик мырзаға. Талай жылдың алдында әскери дәрігерлік тексеру комиссиясы Швеикті созылмалы есалаңдық ауруға шылдыққан, деп жариялаған соң, ол әскерліктен қалған, содан бастап нелер ғажайып дүрегей иттерге нәсілдік бояма куәлік жасайтын да ит алып-сатарлығымен күнелтетін. Осындай ауқатының сыртында, ол ревматизмге де шалдыққа болып шықты. Бұл оның тізесіне дәрі жағып отырған кезі еді.

- Қайсы фердинанд, Миуллер ханым? – деп сұрады Швеиік тізесін уқалай отырып, - мен танитын екі фердинанд бар. Бірі – емші Прошиннің жұмысын істейтін фердинанд, ол бір күні ішетін нәрсе екен деп шаш шығаратын бір бөтелке дәріні сіміре салыпты. Енді бірі – тезек теріп жүретін фердинанд Какошика. Осы екеуінің қайсысы өлсе де келер-кетер ештеңе жоқ. 

- Жоқ, әлгі Конопишттің фрединанд кінәзді* айтам, борбиған, момын әлгі біреуді білесіз ғой, Швеик мырза.

- Астапыралла! – деді Швеик селк ете түсіп, - сұмдық екен, бұл оқиға қай жерде болыпты?

- Сараевте*, оны алты атармен атып тастапты, білдіңіз бе. Ол өзінің ханымымен машинаға отырып сейілдеп жүрген екен!

- Па, машинамен жүру қандай салтанатты, Миуллер ханым! Я, солардай асылзадаларда ғана машина бар ғой! Дегенмен ол желпілдеймін деп жүріп жер жастанарын ойламаған екен де. Оның үстіне Сараевта екен. Я, Миуллер ханым, ол әлгі Босния өлкесінде ғой. Бұл түріктердің қылығы, білем. Меніңше, ту баста олардың Босния, Гертсегобин өлкелерін тартып алмауымыз-ақ керек еді. Қарашы, енді аяғы не болғанын, Миуллер ханым! Кінәздің жаны жанатқа кетті. Ол қандай итқорлықпен қиналып өлді екен, ә?

- Кінәз тіл тартпай табанда жан үзіпті. Өзіңіз білесіз ғой, сол алты атар дегенге жоламаған жөн. Сол құрғыр пәленің өзі ойнайтын нәрсе емес екен. Мұрнағы күні өзіміздің бір мырза да алты атар алып ойнап жүріп, өз үйіндегілерді жамсатып салыпты. Есік күзетшісі мылтық атқан кім екен, деп төртінші қабатқа шыққан екен, оны да жайратыпты. 

- Қалай қатты басаңыз да от алмайтын біртүрлі алты атар бар, Миуллер ханым. Мұндай мылтықтар ғой толып жатыр. Бірақ олардың кінәзді атуға сайлаған мылтығы мен айтып отырған мылтықтан жақсы болар деймін, оның үстіне мұндай істегендер сол күні қалай да ең сәнді киімдерін киіп шыққан, бұған сізбен бәстесе аламын, Миуллер ханым. Кінәзға оқ шығару біреудің бақшасына саяхат құрғалы ұрланып кірген адамның ондағы күзетшіні атып тастағандай оңай іс емес. Алдымен оған жанасудың жолын қарастырасыз, ондай әйдік жандарға кез келген жай киіммен жолай алуыңыз мүмкін емес, шошақ төбелі шылапа киесіз, өйтпесе бағдарды туралап болғанша, сақшылар сізді ұстап болады. 

- Естуімше, қанды қол бірталай адам екен, Швеик мырза. 

- Әрине-ау, Миуллер ханым, - бұл кезде Швеик тізесін уқалап болған еді, - мәселен, бір кінәзға, не бір патшаға қастық жасаған болсаңыз, біреумен күні бұрын ақылдасып алуыңыз шарт, екі адамның ақылы қалай да бір адамдікінен артық болады, бірің бір ақыл тапсаң, бірің және бір ақыл табасың, сөйтіп сүреде айтылғандай, иман-сауабын толықтырасың. Маңыздысы-ақ өзіңіз жайғамақ болған ноянның машинасының жүрер жолын сақтықпен аңдауыңыз шарт... ал ондай нояндар тіпті баршылық, бір-бірдеп олардың бәріне де кезек келеді. Әлі-ақ көресіз, Миуллер ханым, олар патшаға және оның ханымына ғапу етпейді, біз олай болмаса екен, деп тілегеніміз бен, бәлкім мынау Австрия патшамыз өз басын аман сақтап қала алмас, ал қазір олар шатақты оның кіші әкесінен бастап отыр. Бұл қақбастың жаулары көп-ақ, фердинандіктен де көп. Жаңарақта шарапхананың арнаулы бөлмесінде бір мызра: «осы патша болып жүргендер ерте ме, кеш пе, күндердің бірінде шетінен қыран жапқандай жусатылады, олардың қол астындағы ұлықтар да жан сауғалап қала алмайды», - деді.

- Швеик мырза, газетте жазылуынша, кінәздің тұлабойынының талқан-табызын шығарыпты. Атушылар оқты аямай-ақ төгіпті. 

- Қатты ептілікпен істегене кен, Миуллер ханым, епшіл-ақ екен. Егер сол ауқатты мен істер болсам, аптоматты тапаншадан бірін сатып алар едім. Көрер көзге ойыншық сияқты көрінгенімен, онымен арығы, семізі болып екі минутта жиырма кінәзді  тырпитуға болады. Десе де өз арамыздағы сөз ғой бұл, Миуллер ханым, кінәздің арығынан гөрі семіздерін ату оңай. Португалиялықтар өз патшасын қалай атып өлтіргені есіңізде шығар! Ол семіз неме болатын. Патшалардың қатпа болмайтыны да табиғи. Жә, мен аспұзыл жаққа бір айналып келейін. Әлгі ақшасы төленген қанденды алуға адам келсе, оған айтып қойыңыз, күшік менің қырдағы ит бағатын жерімде, құлағын жаңа ғана кескем, құлағы жазылған соң барып алысын, өйтпесе кезек алып кетеді. Кілтті есік қараушыға беріп қойыңыз!

Аспұзда тыңшылық істейтін жай киімді сақшы бретшнейдер ғана отыр еді. Аспұзшы Палюос стакан жуып тұрды. Онымен баптап әңгімелескісі келсе де, бретшнеиддер сөздің ығын таба алмаджы. 

- Биылғы жаз жақсы-ақ болды, - бұл бретшнейдердің салмақты кеңесінің бісмілләсі еді.

- Жаман-ақ болды, - деп жауап берді Палюос стакандарды шкапқа салып жатып.

- Олар Сараевте бізге көрім іс істеп берді ғой, -  бретшнейдер  әңгіме қозғай отырып, өзінің сөзден тосылғанын да аңғарды. 

- Ол тектес іске бұрыннан жұғыспайтын жанмын, қылқындырып өлтірсе де ондайды ауызға алмаймын, -  Палюос мырза хорхорын тұтатып тұрып, сақтана жауап берді, - осы күнде мұндай іске шатылсаң, біттім дей бер, мен өз саудаммен жүрген жанмын. Сыра ішпек болып біреу-міреу келсе, сыра құйып беруді ғана білемін. Ал Сараев деймісің, саяси деймісің немесе өліп қалған кінәз деймісің, бұлардың біз секілділермен еш қатысы жоқ, өзіміз тілеп алған өлім болмаса.

Мұнан ары ауыз аша алмаған бретшнейдер жан-пенде жоқ шарапханаға күдерсіздене көз сүзді.

- Мынау араға бұрын патша суретін ілген екенсің ғой, - деді ол сәлден соң сөзден селкеу шығармақ болып, - мынау айна іліп қойған жерге.

- Я, - деп жауап берді Палюос, - бұрын сол араға ілінген еді, басына шыбын тышып шыбарлап кеткен соң қоймаға апарып тастағам. Әлдекімдердің қысыр кеңес құрып отырып, мұнан бір пәле тауып бермесіне кім кепіл? Одан маған түсер еш жақсылық жоқ! 

- Сараевтегі әлгі оқиға Сарбиилердің істегены болды ғой, - деп  бретшнейдер сөзді тағы бұра тартты.

- Бұл жөнінде жаңылып отырсыз, - деп жауап берді Швеик, - Боснин және Герт Сегобин өлкелеріне бола түріктердің істегені ғой бұл!

Сонымен, Швейк Австрияның балқан жарты аралындағы сыртқы саясаты туралы сөз қозғады. Түріктер 1912 жылы Сарбиден, Болғардан, Грециядан жеңілген. Олар Австриядан көмек сұрағанда, Австрия көмек бермеген. Сол үшін олар фердинанды өлтіріп отыр. 

- Сіз түріктерді ұнатасыз ба? – деп Швейк Палюоске бұрылып, - аузында құдайы жоқ сол иттерды тәуір көресіз бе? Оларды жақтырытпайсыз, солай ғой?

- Әйтеуір, келген қонақтың бәрі бірдей, мейлі ол түрік болса да, - деді Палюос, - сауда-сатық істейтін біздейлердің саясиыңмен аталасуға мұрсасы да жоқ, шараптың ақшасын төлеп отырыңдар да көпіріп қырта беріңдер. Міне бұл менің ұстаған жолым. Біздің фердинандты құртқандар сарбилықтар не түріктер болсын, католик мүриттер немесе мұсылмандар болсын, үкіметсіздер не бостандықшыл азаматтар болсын, әйтеуір маған бәрі  бірдей. 

- Мұныңыз өте жақсы екен, Палюос мырза, - деді бретшнейдер бұлардың біреуінің сөз ұшығын ұстауға емексіп, - бірақ, мұның Австрия үшін аса ауыр қаза екенін мойындамай тұра алмаймыз.

Аспұзылшыл үшін жауапты Швеик берді:

- Я, мұның сұмдық қаза екеніне жан баласы шек келтірмейді, себебі фердинандқа кез келген ақымақты пар санауға болмайды. Егер дәл бүгін соғыс бастала қалса, мен бар пейіліммен патша үшін істеуге бармын. 

Швеик қатты күрсініп жіберіп, сөзін сабақтай түсті: 

- Сендер патша ағзам осы іске шыдап тұра алады деп ойлайсыңдар ма? Сендер оны түсінбейді-ақ екенсіңдер. Айтқаным естеріңде болсын, түріктермен соғысатынымызда гап жоқ. Кіші әкеме қастық қылды, қап бәлем, алдымен маған жұдырық асатты ғой олар. Ым, соғыс сөзсіз болады. Сарбилер мен орыстар бізге қол ұшын береді, жөбшөңкі шатақ болмайын деп тұр! 

Швеик қатты шалқулы көңілмен болашақ жайлы осылайша болжау айтты. Толықсыған айдай жалдыраңқы пәк жүзінен оның лепіріп тұрғаны байқалады. Ол бәрін де қолмен қойғандай көріп-біліп тұр.

...                           


Аударған Қаһарман Мұқан

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты