K.Porter. Мола
(Әңгіме)
Дүние салғалы он жылдан асқан ұлы əкесінің тəтті ұйқысын, алған бетінен қайтпай өз дегенін істейтін жесір əжесі екі рет бөліп, бастабында оның сүйегін Луизиана штатына көшіріп, одан Техас штатына алыпкелді. Техасқа əкелген соң, өзі де бір баспана тапқан құсап, осы штаттағы ең тəуір егіс алаңының бірінен шағын мазар соқтырды. Өйткені, бұрынғы жүрген жерлеріне бара алмайтыны енді оның өзіне де аян еді. Бір атадан тараған ұрпақтың өсіп-өнуіне байланысты, Кентукки штатындағы туған-туыстары да осы араға көшіп келіп, осы шағын мазардың өзінде жиырманеше зират пайда болды. Əжесі қайтыс болған соңоның бала-шағалары тіршілік күн көрісінің қажетіне қарай бір бөлім жерлерін сатуға келісті. Əлгі шағын мазарда сатылуға тиісті жерлердің ішінде еді. Сол себепті бұл арадағы сүйектер еріксіз жер көлемі кең жаңа əлеуметтік мазардың үлкен қорғанына көшірілді.Тірісінде бір молада жатуды армандаған əжесінің сүйегі де ұлы əкесімен бірге сол араға қойылып, арманы мəңгілікке орындалды.
Сатылғалы отырған бұл мазар тегінде көпкөрім бақша болатын. Біріне бірі ұйысқан қалың қырмызы гүлдерінің, бұтақтары мəуелеген самырсын шыршалардың, қош иісі аңқыған қалың шалғындардың арасынан сұп-сұрғылт, жұп-жұпыны құлпытастар қылтиып тұратын. Жаздың шіліңгір ыстық күні Миланда мен оның ағасы Паул осы араға келді. Жан баласы жоқ иен мазар құлазулы екен. Ол екеуі ылғи бірге жүріп қоян, кептер аулайтын. Уанчерстер маркалы жиырма екі атар рефл мылтықтарын баушар баққа еппен сүйеген олар, тақ бір барлаушылардай жер бауырлап мазарға кірді. Сол шақ, Миланда тоғыз, Паул он екі жастаршамасында еді.
Бір-бірінен аумайтындай ғып жасалған қабырғаларға көз тастап, үлкен тəуекелге келгендей бір-біріне сақтана қарасқан екеуі:
—Мыналар қабір! – десті байсалды əуенмен, көңілдеріндегі дəл осы шаққа тура келетін əлдеқандай бір ерекше сезімді оята түскендей. Бірақ олар мұндай сезімді əлі аңғара қойған жоқ еді. Жаңа көріністерді көріп тек өздері бұрын істеп көрмеген істі тындырғандай бір жайбірақат таңырқау сезімі ғана белең берген. Десе де көз алдарындағы көріністердің таңдануға тұратын жерін таба алмаған екеуі лезде қоңылтақси бастады. Қабірдің шіне қойылған незаман болған табыт сандықтар көшіріліп кеткен соң орындары ұрадай боп үңірейіп қалған. Тегінде ұлы аталары қойылған қабірдің ішіне қарғып түскен Миланда, нендей бір кішкене мақұлық құсап, өзінен өзі мəз болып, жан-жағындағы бос топырақты беталды шұқылай бастады. Шұқылап жүріп бір уыс топырақты қолына алған ол, салмақтап-салмақтап қойды. Қарағай бүрі қылқандары мен жапырақ үгінділері араласқан топырақтан шіріктің тəп-тəтті иісі шығады. Қолынан суси төгілген топырақтың ішінен үлкендігі бармақтай күміс түсті кептер жарық етті. Екі қанаты жазылып, құйрығы сүзілген оның төс тұсы тесік екен. Күнге қаратып сығалаған ол, тесіктен қажаған бұранданың болымсыз табын байқады. Ұшып түрегелген ол құлап үйілген қабір топырағының төбесіне шыға кеп:
—Мен бір нəрсе тауып алдым, тапшы қане! – деп Паулға айғай салды. Қасындағы бір қабірдің төбесінен басын қылтитып, уысын жұмып мəз бола қолын бұлғаған Паул де:
—Мен де бір нəрсе тауып алдым, - деді. Сонымен бір-біріне жүгірісіп келіскен екеуі, тауып алған асылдарын уыстарына мықты жұмып, табыспақ ойнағандай «сен тап», «мен тап» десті. Бірақ ешқайсысы да таба алмаған. Ақыры екеуі де уыстарын ашты. Паулдың қолындағы əрі жұқа, əрі беті жалпақтау келген алтын жүзік екен. Көрген жерден жүзікке қатты қызыққан Миланда, қайтсе де оны алудың қаразына кірісті. Ал Паул Миланданың қолындағы кептерге қызығулы еді. Олар біраз саудаласып тұрып, ақыры келісті. Кептердіқолына алған Паул:
—Сен мұның не нəрсе екенін білесің бе? Табытсандығы бұрандасына вент қып кигізілген нəрсе бұл!... Мұндай нəрсе дүниеде ешкім де жоқ, - деді.
Онша өкіне қоймағандай кептерге бір жалт еткен Миланда алтын жүзікті бас бармағына салып еді, дəл келе кетті.
—Енді жүрейік, - деді ол, - қара сайтандардың бірі көріп қойып əлде кімге айтып жүрмесін.
Бұл жердің сатылғанын, мазардың өздерінікі емес екенін білетін олар, өздерін құдды заңсыз кірген екі сұғанақ құсап сезінген еді. Мылтықтарын қалпаңқұлпаң еткізіп иықтарына аса баушар бақтан шыққан олар, енді аңдарын аулауға ойысып, қоян, кептер тағы да сол сияқты ұсақ аңдарды іздеуге кірісті.
Бұлар əр түрлі мылтықтарды атуға жеті жастарынан бастап жаттыққан. Мынадай ұзақ жорыққа шыққанда Миланда қашанда Паулдың соңынан жүретін. Қалтқы шарбақтардан кіріп-шыққанда Паул ескерткендей мылтығын мықты ұстап, Паулды атып алмау үшін құралын қалай тік алып жүретініне, қалай асықпай нысанаға келтіріп ататынына зер салып, көреркөрместен мылтығын тарс еткізіп, Паулден қапы қалмауға тырысатын. Паул болса ораты келген жерде көздегенін құр жібермейді. Ал өзі алдынан бір құс пыр етіп, немесе аяғының астынан бір қоян тұра қашса қатты сасқалақтап, көземей жатып шүріппені баса қалатын. Əуелдесең бірде бір аңға тигізіп көрген жері жоқ. Аңшылық салымы оған бұйырмаған. Мұнысын ағасы да қатты жақтырмай:
—Сенде тіпті оғыңды тигізейін деген ой жоқ, қайтып аңшы боласың, - дейтін. Ағасының неге бұлайша ашу шақыратынын Миланда түсінбейтін. Кейде, тигізе алмай қалғанда ызадан қатты қыстыққан ағасы, бас киімін қолына жұмарлап алып, талай ақырған жері де бар. Бірақ бұған келгенде Миланда онша бықпайтын.
—Менің мылтық атуды жақсы көретінім – шақпағын басып, дауысын шығару үшін, - дейтін.
—Осы да сөз болып па, нысана атып негежаттықпайсың? – дейтін ағасы.
—Ойыным қанса болғаны, маған сол керек, -дейтін Миланда.
—Жарайды екен, онда бұдан былай менің атуыма кесіріңді тигізбей соңымнан жүр, - дейтін ағасы. Жиырма оқты бір-ақ шығарып бір құсты атып алып, сонан кейінгі жерде екеуі қатар атса болғаны, оғы тисін-тимесін мен атып түсіргем деп бой бермейтін болды. Мұнысы əділетсіздік, көпе-көрнеу орынсыз қыжыртқандық еді. Жақтырмаған ағасы:
—Келісіп алайық, алғаш кезіккен аңды қоян болсын, кептер болсын мейлі мен атамын. Екінші кезіккенді сен ат. Есіңде болсын, ерегес шығарма, - дейтін.
—Егер жылан кезігіп қалса қайтеміз? Онда алдымен мен атамын ба? – деп сұрайтын Миланда сүле-сапа ғана.
Міне енді басбармағын жеңіл ғана қозғап əлгі алтын жүзігіне қарап тұрған Миланданың мылтық атудан көңілі қалт суи қалды. Үстіне кигені жұпыны ғана жаздық киім: қара көк түсті жұмысшы сымы, көкшіл көйлек, жалдамалы жұмысшылар киетін ши қалпақ, қоңыр сандал. Ағасының киімі де тек тау жаңғағы түстес түрінің өзгешелігі болмаса, өзімен ұқсас. Осы арадағы елдің сөзіне қалып жүрсе де Миланда жайшылықта басқа киімнен гөрі осы жұмысшы сымын жақсы көретін. Сол 1903 жылдары шеткергі ауылқыстақтарда əйелдердің жол-жоралық салты қатаң сақталушы еді. Қызының еркекшора болып киініп, жайдақ атқа мініп, шақпылайтынын мақтайды деп те ел оның əкесін сөгетін. Əпекесі Мария денсаулығы онша жақсы болмағанымен ештемеден тайсалмайтын, алған бетінен қайтпайтын өр мінезді еді. Атын шылбырмен ноқталай салып, ылғи ойлы-қырлы құйындатып жүретін. Мұны көрген ел бассыз үйдің берекесі кеткені осы десетін. Өйткені, олардың басын құрап отыратын о дүниеге кеткен əжелері енді қайтып келмейді. Əжелері ұлы Генриды жек көріп, еншіні де жарытып бермей, шаруашылығының жұқалаң боп қалғандығын елдің бəрі білетін. Сол себепті, көрші-қолаңдары өрліқырлы шапқылатып жүретін мұндай аттар əлі-ақ көзден бұлбұл ұшар деп табалайтын. Не мəнісі екенін айта алмағанмен бұл жəйтті Миланда да аңғарушы еді. Кейде жүгері өзегінен жасалған қор-қорларын сораптап жол бойында отыратын, өлген əжесінің басынан құс ұшырмайтын көне көз кемпірлерге кездесе қалғанда, домбыққан көздерін өзіне сығырайта қараған олар: «қызым-ау, мынау кейпіңе ұялмайсың ба? бүйтіп киінгенің тіпті «Інжілгеде» ерсі, байқұс əкең не ойлайды екен осы?» десетін. Қоғамдық көзқарас жағына келгенде Миланда қылп еткенді қалт жібермейтін антенадай сергек еді. Əкесінің бұл киімнің бойыңа құп жарасады деген сөздеріне онша шек келтірмегенімен, іштей қысылып та жүретін. Өйткені, көптің бəрін ренжіту, тіпті əлгі қырсық мінез кемпір екеш кемпірлер болса да, біраз орынсыздау ғой. Десе де, «бұл киім саған əбден қажет, мектепке барғанда киетін киіміңді үнемдеп қалатын боласың...» деп əкесінің көп айта беретін сөздері оның құлағына қарапайым да табиғи болып есептелетін. Қолы қысқа отбасында өскен ол аспа-төк сырапшылдықты намыс, тіпті күнə деп санап, құлағына күнде құйылатын əлгі ақиқаттан онша күмəндана қоймайтын.
Қазір жарқырай нұр шашқан мына алтын жүзік өзінің үстіне киген жұмысшы сымынан, шұлығы жоқ жаздық сандалынан жеріткендей білінді. Жүгіріп үйге барып əйбаттап шомылып, Марияның опа-далабын өне бойына бір-ақ сеуіп алғысы (əрине, Мария үйде жоқ болса) оның əлгі бір жарасымды əдемі киімдерін киіп,жалпақ белбеуін буынып, ағаштың түбіндегі арқалыорындыққа шертиіп тұрып отырғысы келді... Тек қана бұл емес-ау, бұрынғы ата-бабалар бақ-дəулеті жөніндегі аңыздарда ғана кездесетін, өзі қанша қиялдаса да ойлап жете алмайтын сол бір көл-көсір молшылық өмірдің бұлдыр елесін де көкседі. Осының бəріне ол қазір-ақ кенеліп, дереу қол жеткізгісі келді. Сонымен Паулдың артынан алыстап қалыңқырай бастады. Бір уақытта тіпті оған айтпай-ақ бір-ақ зытайын деген бір ой келе қалды. Бүйтсе бəрібір Паул оны оңдырмайды, онан да айтып кетейін деген бір ой тағы келіп, енді жүре бергенде, қасынан бір қоян ытқи жөнелді. Таласқысы келмеген ол Паулге жол берді. Паул оны жалғыз-ақ оқпен атып түсірді.
Миланда қасына барғанда қоянды қолына алған Паул оқ тиген жерін көріп отыр еді.
—Дəл басынан тиіпті, - деп, əуелде-ақ сол басынан көздеп атқан кісідей масаттанған ол, пышағын алып қоянның терісін соя бастады. Мұндай жұмысқа епті ол теріні ілезде-ақ сыпырды. Тон тігетін Гембри атай Миланданың қуыршақ ойыншығына бір тон тігіп берем деп жүрген. Миланда ойыншыққа онша құмар болмаса да, бірақ қуыршағының тон киген кейпін көргісі келетін. Екеуі сойылған қоянның қасында жүрелерінен қарамақарсы отыр. Ағасының қолдан қолғап шешкендей лезде сыпырған қоян терісіне Миланда сүйіне үңілді.
Терісі сыпырылыған ет қарамаққа қызғылт, жалтыр əріқасаң екен. Миланданың қолы жіп-жіңішке ақшылтым жолақтары білеуленіп тұрған бұлшық етке тиіп кетті. Қоянның қампиып кеткен қарнын көрсеткен ағасы:
—Қарашы, - деді таңдана, - көжегі бар екен.
Қоянды шалқасынан жатқызған ол, қарынды еппентілді. Аржағынан қып-қызыл боп жатырдың қылпыбілінді. Жатырды тілгенде, ішінен бір қабат қызылқағанаққа оранған кіп-кішкене көжектер көрінді. Қағанақ та сыпырылды. Жаңа жуған сəбидің басындайсұрғылт жүндеры сумен ұйпаланған жан иесі көжектер қыбыр-қыбыр етеді. Қызыл шақа нəзік құлақтары кісінанғысыздай біріне-бірі жабысып, көздері жұмылыпқалыпты. Түс-тұрықтары бір-бірінен аумайды.
—Қане, мен де көрейінші, - деді Миланда ақырын ғана Көжектерге əлсін əлі үңілген ол тебіреніп кетті. Бірақ қорыққан жоқ, өйткені мұндай атылған аңдардың талайын көріп көзі үйір болған еді. Десе де, кісі түсініп болмайтын мынадай кішкене мақұлықтарға деген бір түрлі аяныш, таңырқау, қуаныш сезімдері өн-бойын билей жөнелді. Не деген сүйкімді деші. Ішіндегі бір кішкенесін саусағымен еппен ғана түрткен ол:
—Үйбай-ай, қан ағып жатыр екен, - деді. Неге екені белгісіз дір-дір етеді. Сонда да көңілі елжіреп, онан сайын көргісі, онан сайын білгісі келді. Бірақ қараса болғаны, бұрын өзіне таныс нəрсе сықылданды. Өткен күннің білместігі ұмытылып, бұрынғы біліп алайындегендері осылар құсап аңғарылды. Мұнан бұрын оған мұндай мəн-жайларды ешкімде ұғындырып айтқан емес, төңірегіндегі жан-жануарлардың тіршілігіне мүлде көңіл бөліп көрмеген. Өйткені, соның бəрі өзіне таныс сияқтанатын. Олардың тіршілік харекеті бей-берекет, жабайылығынан жан түршігетін тəрізденгенімен, жалпы алғанда бір қалыпты, қызығатын ештеме жоқ секілді көрінетін. Ал ағасы білмейтін нəрсесі жоқ құсап сөйлейтін. Мүмкін ол бұрын бəрін де көрген шығар. Бірақ Миландаға еш нəрсені ашып айтпайтын. Міне енді ол ағасы білетін нəрселердің бір бөлімін біліп алды.
Ол өзінің жаны тəнінде тасаланған бір түйсіктің бар екеніне сене бастады. Бірақ бұл барыстың жарыққа шығуы мен қалыптасуы, білуге тиісті нəрсесінен талпынып жатқанын кісінің өзі де түйсінбейтін соншама жай нəрсе еді.
—Міне олар дүниеге келмекші, - деп нендей бір айтуға тиым салынған істі айтқандай сақсына сөйлеген Паул, «дүниеге» деген сөзді естілер-естілмес қып мұрнынан ғана міңгірледі.
—Білемін, мысықтың баласы немесе жаңа туған кішкене бала сияқты, - деді мылтығын иығына салған Миланда. Қан-қан боп ұйлығып жатқан əлгі көжектерге тағы бір қарады. Қарауы-ақ мұң екен, көңілі бір түрлі боп қатты түршігіп кетті.
—Терісінің маған керегі жоқ, алмаймыз, - деді ол. Көжектерді қайтадан қоянның қарнына салып, терісімен сыртын орап, бір топ бұтаның түбіне апарып көмген Паул, айланбай қайтып оралып бір маңызды құпия іске екеуі тең араласқандай, жайшылықтағыдан бөлек бір түрлі жан тартқан əлпетпен:
—Айтқанымды ұқшы, мынау есіңде болсын, бүгінгі көргеніңді жан баласына айта көрме, - деді, - мейлі қандай жан болсын, əкеме де айтпа, өйтпегенде менің сорым қайнайды. Саған көрсетпейтін істі көрсеттің деп əкем менен көреді, тіпті қыр соңымнан қалмай қояды. Есіңе мықты сақтап ал, білдің бе, қандай кезде де аузыңнан шықпайтын болсын. Солай, бұл бір құпия, ауыздан шығаруға болмайды.
Миланда қайдан айтсын. Айтайын деген ой оныңөңі тұр ғой түсінде де жоқ еді. Бірақ мазасын алып,көңілін қобалжытқан бұл бір іс əлде неше күнкөкейінен кетпей қойды. Ол ол ма, өзіне де білінбей көңіліне орнап қалған бұл нəрсе, басқада сан алуан нəрселермен тоғысып, табан жиырма жыл өмір сүрді.Табаны күректей жиырма жылдан соң, бір күні, ол жат ел базарының көшесін аралап, қалай болса солай үйілген сыпырындылар мен ығы-жығы, ұра-жырасу шұңқырларының қасынан өтіп бара жатыр еді,ішкі дүниесінің тереңінен орын теуіп, өткен шақтыңқиырында қалған əлгі нəрсе кенет оның көз алдына жарқ етті. Жарқ еткенде күні кешегідей, сол қалпына аумай, ап-анық болып көрінді. Ешбір себепсіз өзіненөзі тітіреп кеткен ол, қатты тіксініп тұра қалды. Көзалдында сол бір өткен шақтың бұлдыр елесі. Үнділікбір алып-сатар түрлі-түсті ойыншық салған қорап көтеріп қарсы алдында тұр. Беті ашық қорапта алуан түрлі ойыншықтар: құс, шөже, көжек, қозы, торайпішінде жасалған ойыншықтар, бəріне бояулы түсберіліпті. Бір түрлі тəтті иістің лебі еседі. Бəлкім...
Жаздың шіліңгір ыстығынан ба, базардан да борсыған еттің, шіріген гүлдің исі шығады. Құдды баяғыдағы өз мекеніндегі құлазыған қабырдан аңқыған тəп-тəтті шірік иісі тəрізді. Бертін келе ескірейін дегенмен, ағасы екеуі құлаған қабірдің ішіне түсіп əлгі бір асыл нəрселерді тауып алған күн оның əлі есінде еді. Ойы осы араға жеткенде көз алдындағы əлгі қорқыныш елес лезде ғайып болып, өзінің ағасы көріне кетті. Ол сол ұмыт болған бала қалпымен жаз күннінің шаңқан нұрына шомып тұр. Əлі сол он екі жастағы шағы, жанарынан шаттықтың лебі есіп, қолындағы күміс түсті кептерін əлсін-əлі бұлғайды.
Аударған Əзімқан ТЫШАНҰЛЫ
Американың әйгілі әйел жазушысы K.Porter -дің «Мола» атты әңгімесі дәстүрлі эстетикалық дағдымен түсінуге ерсілеу сезілуі де ғажап емес. Өйткені, қазіргі Батыс әдебиетінде абъстракт ой басым орынды ұстайды. Жазушылар келелі философиялық мәселелердің талқысына өзінің шығармаларымен қатысады. Олардың қызығатыны шығармадан нақтылы сезімдік сыртқы образдың көрінуі емес, мәлім рухтың, философиялық мағынаның көрінуі. Олар оқырманды дәстүрлі сюжетті оқиғамен немесе кейіпкер харектрімен тартпайды, поэтикалық, философиялық ойларымен тартады. Мынау «Мола» әңгімесінде дәстүрлі сюжет те, қайшылық та, қатқығыс та жоқ, тек екі баланың ескі мазарда бір ауық ойнап жүргені: бірақ екі бала да, ескі мазарда тегін емес. Өйткені жазушының көздегені адамзаттың едәуір қомақты нәрсесі, ашығырақ айтқанда — өлім елесі, жанамалай емес, тіке бетінен елестейтін елесі. Үңірейіп құлазып жатқан ескі қабырға келген екі бала «мыналар қабір!» деп бір-біріне қомақтана қарасқаннан бастап бұл елестің беті ашыла бастайды. Бірақ, балбұл жайнаған екі баланың есілдерті өмір. Қабырға түсіп арсы-күрсі ойнап, біреуі кептердің мүсінін, біреуі алтын жүзікті тауып алып, тапқан олжаны бірі бірінен қолқалағанда да, жетекші күш — өмір. Тек Паул қоянды атып, ішінен көжектер шыққанда ғана, оған ұзақ қараған Миланда «мұнан бұрын мұндай жағдайларды ешкім ұғындырып айтпаса да»«өзінің жаны мен тәнінде тасаланған бір түйсіктің бар екенін сезе бастайды». Тым айқын болмағанымен, мұның өзі туу мен өлудің арасында бір лекер барлығын аңғарғандық еді. Туу — барлық тіршілікке оралудың негізі, өлім — жоқтықтың, яғни барлықтың байырқалаған жері. Тумақ пен өлмек, барлық пен жоқтықтың арасында өткел бермейтін шекарада жоқ. Табан жиырма жыл өткенде әлдеқашан ұмытылған сол бір көрініс Миланданыңалдынан жарық ете түсті. Бірақ бұл кез оныңбаяғыдағы балалық шағы емес, бірталайды көріп, тумақ пен өлмек; барлық пен жоқтыққа түсінігі едауір артқан кезі. Сол себепті, ол көрініс қапелімде оның өн-бойын дір еткізгенімен, өлімді емес қайта туудың ардақтылығын аңғартады.
Тегінде, тумақ пен өлмек, барлық пен жоқтық модернизм (осызаманшылдық) ағымының соқпалы бір тақырыбы, сондай-ақ экзистенциялизм сынды философиялық ағым идеясының да тұрақтар жері. Экзистенциялизмнің белбасары Хайдгер, адам өзінің болмысын өлімге бет алғанда ғана түсінеді, адам өзін басқадан, қоғамнан, топтан өлім алдында ғана бөліп алып, сонда ғана өзін-өзі танып, сонда ғана өзінің болмысы мен басқаның болмысының ұқсамайтындығын, тумақ пен өлмектің басқабасқа екенін біліп, сонда ғана тумақтың мәнін ұғына алады деп қарайды. Былайша айтқанда «Мола» әңгімесінде оның айтқандарының бәрі негізінен тиянақ тапқан. Бірақ Хайдгер дұрыс алғы шарттан теріс қортынды шығарып: өлімді болмыстың шырқау шыңына балап, өлімге мойынсал болу керек деген уағыз айтады. Ал, Кателина Аннепортер оған мүлде басқа ойға жетелейді, жиырма жылдан соң өлім елесінен Миландаға өмірдің ардақты екендігін аңғартады. Мінеки, Миланданың алдында: «күннің шаңқан нұрына шомылған Паул», «жанарынан шаттықтың лебі есіп, қолындағы күміс түсті кептерін әлсін-әлі бұлғап» тұр.
Бір әңгіме мен қомақты бір философияны сынға салып, батыс дүниесінің тек бүгінгісіне ғана емес, ертеңгісіне де белсенді ықпал жасау, бір автор үшін әрине аз олжа емес.
Əзімқан ТЫШАН