Chingiz Aitmatov. Ақ кеме
6
Төсекке жатқанмен жылынбады, сол денесі түршіккен бойы біразға дейін ұйықтай алмады. Аула ішінде әлдақашан қараңғы. Басы сырқырап барады. Бірақ бала ешкімге тіс жармады. Мұның сырқаттанып қалғанын білген жан жоқ. Бәрі де баланы ұмытқан. Баспақ түгіл бас қайғы болып жатқанда оны қайтсін.
Атасы болса жынынан айрылған бақсыдай өзін қоярға жер таппай жанталасып жүр. Үйге бір кіреді, бір шығады. Кейде бұрышқа барып анда-санда бір күрсініп мұңайып отырады да тағы шығып кетеді. Әйтеуір байыз таппайды Кемпірдің аузында тыным жок, айналдырғаны осы шал. Бұл да бір кіріп, бір шығып жортып жүр. Аула ішінде әлдекімдердің түсініксіз сөзі, шаңқылдаған үні естіледі. Әрлі-берлі асығыс жүрістері аңғарылады. Әйтеуір тегін емес. Ұрыс-керістің де сыңайы байқалады, шамасы Оразқұл бүлдіріп жатыр-ау, әллебіреудің бұлығып жылаған үні де келеді...
Бала бүлк етпестен жатыр. Үйдің ішіндегі бүгінгі берекесіз, көнілсіз көрініс, сырттағы әрлі-берлі жүріс, айқай-шу әбден титығына жетті. Үйдің ішінде де береке жоқ.
Бала көзін тарс жұмып алды. Мұнымен жұрттың ісі болмағанын, мұны бәрі ұмытқанын, үйдің ішінде, аулада болып жатқан оқиғаның бәрін жиып қойды да, өзінің көптен бергі арман етіп жүргеніне бүгін кездескенін тағы да көз алдына елестетті. Міне, өзеннің жағасына келіп тұрды. Судың ағысына көз ілеспейді. Ұзақ қарап тұрсаң басың шыр көбелек айналады. Өзеннің арғы бетінде бұдан көз айырмай маралдар тұр, бағана күн батар алдында өзі көрген үш марал да сол орнында. Сол көрген-білгені көз алдынан қайтадан өте басталы. Су ішіп турған ата марал басын көтерген шақта, оның ернінен қайтадан тамған тамшыға дейін көрінді. Мүйізді Бұғы ана баланың барлық жай-күйін танығандай оған мейірлене көз айырмай қадалып тұр. Көзі тостатандай, терең, тұңғиық, қандай тамаша десеңізші! Байқасаң әлденеге елжіреп жасаурап турған тәрізді. Баланы, Мүйізді Бұғы ананың адамша күрсінетіндігі, аң-таң қалдырды. Көз қарасының өзі мұңды, қайғылы, өзінің атасындай шерлі көрінеді. Тағы да тоғайды аралай жылжып бара жатты. Ағаш бұтақары шайқалып, олардың арқаларына қызылды-жасылды жапырақтар жауды. Әне, жарқабаққа көтерілді. Сол жерде тоқтады. Содан кейін ата марал мойнын созып шаңырақ мүйізін шалқасынан тастап жер-көкті көшіре «Бао» «Ба-о» деп мөңіреп жіберді. Ата маралдың осы үні тау, орман, көл, құзды күңірентіп жібергені есіне түсіп бала күлді. Содан кейін маралдар орманға сікіп кетті. Бірақ баланың бұлардан көз үзгісі келмеді, өз қиялымен өзі болып қайтадан солармен қауышты.
Тағы да көз алдынан асау өзен. Сол баяғы мөлдір шымырлап қайнаған қатты ағысымен өте бастады. Ағысқа қарап тұрсаң басың айналады. Ол сәл секіріп қалып еді: өзеннің үстімен өте шықты. Сол қалқыған күйі әлгі алаңда тұрған маралдардың қасына барып жаймен түсті. Мүйізді Бұғы ана жанына шақырып:
- Қалқам, кімнің баласысың? – деді.
Балада үн жоқ. Кімнің баласы екенін айтуға ұялды.
- Мүйізді Бұғы ана, біз, атамыз екеуміз сізді өте жақсы көреміз. Сіздің келуіңізді көптен бері күтіп жүр едік,- деді.
- Мен де сені танимын, атаңды да баяғыдан білем. Ол мейірбан, жақсы адам ,- деді Мүйізді Бұғы ана.
Баланың қуанғаны сонша, Бұғы анаға қалай рахмет айтудың жөнін таппады.
- Мен қазір балыққа айналып, осы өзенмен жүзіп отырып Ыстықкөлдегі ақ кемеге қалай барғанымды көргіңіз келе ме? - деді бала кенеттен.
Жүзу мұның қолынан келетін. Бірақ, Мүйізді Бұғы ана баланың бұл сөзіне жауап қатпады. Сосын бала өзінің жаздаңы әдеті бойынша шешіне бастады, жағадағы талдың бұтасынан ұстап абайлап суға түсе берді. Бірақ су бұрынғыдай мұздай салқын емес екен, қайта ыстық, әрі қайнап жатқандай қапырық сезілді. Ол судың астымен көзін жұмбай жүзіп келеді, су астындағы алтын рәуіштес киыршық кұм, майда тастар ызғып шулап қоя берді. Әлденеден тұншыққандай қалпы бар. Ыстық қайнаған ағыс мұны алды-артына каратпан алып барады.
- Мүйізді Бұғы ана, құтқар мені, құтқара көр, мен де сенің балаңмын ғой? Қол ұшыңды бере көр! - деді ол бар даусымеи.
Мүйізді Бұғы ана мұның ізінше өзен жағалап, шауып келеді. Мұның жүйріктігі сонша мүйізінен желдің ысқырығы сезіледі. Мұны көргенде баланың бойы жеңілдеп сала берді.
Қазір қара терге түсіп жатыр. Атасының мұндай жағдайда көрпені аямай жабатыны бар, өзі де қымтана түсті. Үйдің ішінде тірі пенде жоқ. Сықсима шамның білтесі де әлсіреп сәулесі азая бастады. Бала орнынан тұрып, су ішкісі келіп еді, ауланың ішінен тағы да бір дөрекі үндер, айқай-шу аралас жылау-зарлау, әлде біреудің біреуді жұбатып жатқан үндері келді. Әрлі-берлі, ерсілі-қарсылы жүргендері байқалады. Сәлден соң дәл терезенің алдынан аһлап-уһлеп, әлде біреулер бірін-бірі сүйреп, итермелеп келе жатқандай көрінді. Әне-міне дегенше салдыр-гүлдір есік ашылды, әбден ашуға мініп екі иығынан дем алып ентіккен кемпір Момын шалды желкелеп үйге кіргізді. Атасының мұншалықты үрейі ұшып, ес-тұссіз болған жайын бала бұрын-соңды көрген емес-ті. Шалдың көзі ештеңеге қанар емес, әбден есінен адасқан сияқты дәнеңе білмейді. Кемпір кеудесінен бір-ақ итеріп отырғызды.
- Отыр енді, отыр деген соң, кәрі қақбас! Сен не бетіңмен килігесің? Бұлардың жанжалын, қанды шайқасын бірінші рет көріп отырмысың? Килікпе, кіріспе деп саған қанша айттым! Арты тыныш болсын десең араласпа, қыбыр етпе. Менің айтқанымды істесең өлмейсің. Ұқтың ба? Ол ең аллымен бізді қаңғыртып жібереді. Осы қартайған шағымызда кімге барып телміреміз? Қуып шығады, қайтесің сонда? О сормаңдай, қақбас, соны ойласайшы?
Осы сөздерді айттыдағы кемпір жалма-жан есікті тарс жауып асыға шығып кетті.
Үйдің іші тағы да құлаққа ұрған танадай тым-тырыс. Тек қана атасының үздік-үздік дем алғандағы кеудесінің сырылы ғана естіледі. Қалш-қалш еткен қос қолымен басын кұшақтап пештің түбінде бір уыс боп отыр. Кенет шал қос тізерлеп, екі қолын көкке жайып, даусы діріл қағып, әлдекімге жалбарына бастады.
- Е, жаратқан жалғыз, неге аямайсың мені, маған арнаған ажалың жоқ па еді? Бұл мазақ-масқараға душар еткенше мені алдағы, анау тас маңдайға бір шикі өкпе берсейші. Жүрт бетіне қарайтын менде не қалды. Аясайшы, тәңірім, ол бишараны. Мейірімің түсіп бір нәресте берсейші. Мүсіркесейші бізді де...
Зар еңіреп жылаған шал орнынан теңселе тұрып, үйдің қабырғасының әр жерінен бір ұстап есікті зорға тапты. Сыртқа шықты да, есікті жапты. Сол есік сыртында аузын қолымен басып булыға өксіп ұзақ жылады.
Баланың халі нашарлай берді. Тағыда тұла бойы түршігіп тоңа бастады. Біресе алабұртып қызады, біресе тоңады. Орнынан тұрып атасына барғысы келді. Бірақ басы зілдей, көтертпейді, аяқ-қолынан да әл кетіп ырқына көнбейтін сияқты. Есіктің сыртында зар илеп жылап тұрған шал, ауланың ішінде бәрін қырып-жойып жүрген мас Оразқұл, таяққа жығылып зар еңіреп жүрген Бекей, бұларды арашалап, жанталаса жалынып-жалбарынып жүрген Гүлжамал мен кемпірдің даусы.
Бала бұлардан тағы да қол үзіп, өзінің қиял әлеміне кетті. Тағы да ағысына көз ілеспес өзен жағасына келді, арғы бетте алаңда өзі көрген маралдар түр. Оларды көрісімен бала: «Уа, киелі Мүйізді Бұғы ана! Бекей апайға өзіңнің мүйізіңе іліп бір бесік әкеп берші! Жалынып, жалбарынып өтінемін, осыларға бір бесік әкеп берші! Бұларда да бір бөпе болсын да. Сөйтіп ол судың бетімен Мүйізді Бұғы анаға қарай жүгірді. Бірақ бұрынғыдай емес суға батпайды, жүрісі де өнбейді, Бұғы анаға жақындай алмайды. Бір жерде тұрып жүгірген сияқты. Сонда да болса Мүйізді Бұғы анаға жалына, жалбарына берді: «Мүйізіңе іліп осыларға бір бесік әкелші! Атам жыламайтын болсын, соның көзінің жасын тыйшы. Оразқұл Бекей апайды сабамайтын етші. Осыларды бөпелі етудің жолын тапшы. Егер осының барлығын істесең, осылардың бәрін де өзім жақсы көрер едім. Бөпелерін өзім тербетем. Ең ар жағы Оразқұлға да бұдан былай аға деп қол беріп жүрер едім. Бөпе берші бұларға. Бесігіңді әкеп тасташы!»
Бала ұзақтан еміс-еміс, үзіліп-талып келе жатқан бесік коңырауының үнін естігендей болды. Осы бір үн жақындай берген сияқты. Бұғы ана таулар асып, белдер басып қайыңнан жасалған қоңыраулы бесікті мүйізінің бұтағына іліп алып келе жатыр екен. Қоңыраудың сүйкімді, қуанышты үні анық жақындап қалды. Бұғы ана да асығып келеді екен. Міне, келді, келді, әне көрінді... Әне, қоңыраулы бесік...
...
Орысшадан аударған Шерхан Мұртаза