Shen Wey (沈苇). Жаңа рубайлар (新柔巴依)

e7c03d0edafdeb9767dc801a8827253a.jpg (768×481)


Оян!         

Таң қылаңдап атып келеді, 

Рауан ұзатты, желбіреп аппақ желегі. 

Күнді жалғыз серуенге кім шақырды екен, 

Шұғыла нұры Тианшанға қадалып, 

Орталық Азияға ерекше саулет береді. 


Гүлге оранған 

Азияның жүрегі, 

Жас қызша ұйялып, салтанат сағым береді. 

Ұлы жібек жолы бір сабақ жіп, 

Əлемге ұзақ созылған, 

Өлі мен тіріні бір-біріне жалғап келеді. 


Батысқа бет алған паравоз–ғажап бір дастан, 

Əр бір харптерін құныға оқығың келеді. 

Ақ табыт жолдар, қоңыр самал, қамбар ата тұқымы, 

Даланың бояуы сіпетті, Бетпақ шөлге жазира төсін береді. 


Қызыл құм бейне күре тамырда ағылған қан, 

Бізді жетелеп жаңа бір өлкеге келеді. 

Уайым қырқасынан жаңа бір ойға бөленесің, 

Рухың серпіліп өзгеше, 

Хиялың саған басқа бір жұрттың дəм-тұзын береді. 


Əр бір күн-арайлы таң, 

Тыңдашы мына тіршілік жүрегін, 

Ғажайып үндер құлағыңа келеді. 

Он сегіз мың ғаламның саяхат сайраны, 

Біздерсіз де сапарын жалғай береді. 


Жасыл алқаптан əн ауені келеді, 

Шаттық пен мұңы аралас шұбалып, 

Құдды жер жүрегінің дүрсілі сияқты. 

Терек пен талдар гүзетке шыққан ерлерме екен, 

Бермеу үшін бір қарыс жер мен бетеге, қияқты. 


Бұйрат құмдар қарлы шыңдарға қол созып жылайды, 

Қожа шөптің маңдайынан бір иіскегісі келіп. 

Ұшқан құс, жүгірген аң тəбиғат арын қорғайды, 

Сақтаған жұмбағының түйінін, 

Пенделердің шешуіне бергісі келіп. 


Кіроранның сəүкелесі, 

Құм астында қалды, жоғалған. 

Жұпархан сұлу қашан шықты екен 

Қашқардан, Байынбұлаққа келген аққулар тізбегі, 

Маған сағыныш əкеледі, бəрі арман. 


Бір қиял жаныңды мазалайды, 

Өткен күндердің сүретін алдыңа əкеліп. 

Қара орман қаймығып жас төгеді, 

Дауылдары демін ап ақылға келеді, 

Шаттықтың шоқ гүлін қолыңа береді. 


10 

Мынау тірлікті өзгертуге қақылымыз біз, 

Тыңнан жаңа мұғжзаларды жаратып. 

Кыдандардың салтанатты қорғанынан– 

Бақсылардың сарыны жаныңды тербейді, 

Тұлымды балаға бір қызды əйелдікке қаратып. 


11 

Кенеттен құйып өткен жаңбыр, 

Қас-қағым сəтте көзден ғайып болады. 

Тұлпарын мамағашқа байлаған серілер, 

Саяда отырып рахаттанып, 

Ұзақ қырларға назар салады. 


12 

Тианшанннан өзендер жөңкіліп, еркесамал еседі, 

Тыныштық бəрі арсақтаған, 

Басқаша тірлік шөлімді менің қандырған. 

Жаңа дүниеге деген құштарлық сезім, 

Жаңа бір ғасырға ноқта салдырған.


13 

Тианшанның аруларын айтсаңшы, 

Саукеле киіп басына, 

Сүрме жаққан қасына,

Жайнаған жанарынан жалын ойнап, 

Өз махаббатын бағыштаған 

Туған жердің бұта-бүрген əм тасына. 


14 

Асқар таулар аспанмен тірескен. 

Шар айна көлдер жаныңа рахат береді. 

Қоңыр күзде қоңыраулатып əн салып құстар, 

Ақ мамық бұлттармен араласып, 

Шуақ сағымдар тамағын өбеді. 


15 

Көкнар–өсімдіктің сарасы ғой, 

Тете өскен қарындасым сіпетті. 

Ұлы жер–біздің анамыз. 

Бір сəттік лаззат құшағында тербеліп, 

Ерке сезімге 

Қарық боп барамыз. 


16 

Жан лаззаты дамыл таптырмайды, 

Анау дара планетаға бой алдырып. 

Терезеден далаға қарасаң, 

Тəбиғатқа деген құштарлыққа жалғасып, 

Естіледі бір ғажайып жаңғырық. 


17 

Жүрегімді алақаныма салып, 

Болашақтың əнін айтқым келеді, 

Мынау жазиралы далада сол маған ең керегі. 

Тілеймін сосын: барлығын бағышта, 

Күн көзі маған қуаныш береді. 


18 

Сиыр түс болды. 

Күн шұғыласы ауылға тарады. 

Шағылысқан саулелер, 

Топырақтан көз алып қарады, 

Изеннің көлеңкесі ары қарай бойтартып барады. 


19 

Саршымшықтан көктемнің хабары тарайды, 

Боз құлын құнан боп жарайды. 

Өріске шыққан табынды сиырлар, 

Күн нұрына жонын тосып, 

Өздерін аса маңғаз санайды. 


20 

Көктемде дала əсем бояуға енеді, 

Маусым қуалап малшылар келеді. 

Шегіріткенің күніндей тіршілік бұл, 

Адамзаттың өмірі бейне бір құс, 

Қай жерге қонақтап, қайда орын тебеді. 


21 

Көптеген жандардың үміті басым, 

Мынау тұнық ауадан сусын алады. 

Олар қиялшыл жандар, серуен қуған, 

Ойлары қиырға көшкен, 

Басқан қадамынан өмірге жауап табады. 


22 

Зеңгір көктен жерге көз салсаң, 

Өлімен тірілер қатар жүреді. 

Шілдеде Тұрпан мұражайында, 

Мұнайшы қызға тіл қатып ояттым,

Оянған да, 

Оның көзінде тұрды өткен күндердің елесі. 


23 

Күндер тоқтамай өтеді, 

Тіршіліктің жаны да қара жерге кетеді. 

Бұл таусылмайтын ғажайып бір жыр– 

Ертеңнің, өлі мен тірінің тұрағы, 

Арманшыл жан ғана өз мұратына жетеді. 


24 

Дүлей дауыл жаныңды əлекке салады, 

Демің сығылып, жалын кеудені қабады. 

Күре тамырдың қаны тілекке жалғасып, 

Таулардан өтіп, аспанға барады, 

Бірақ та, бір қадам жетпей қалады. 


25 

Мынау қай кез, əлі баяғы заман ба? 

Жанарда жалын, бойыңда қаның тулайды. 

Қос қолдан жер лаззат тауып, мекен жырғайды, 

Барлық пенде қарбалас сондай, 

Қол қусырып қарап тұрмайды.


26 

Бір перизат анжүр ағашының жанынан өтіп еді, 

Құмары тарап, жемісі пысып бой жазады. 

Меңіреу бейне өзгерді, 

Ана құрсағында жатқан нəресте, 

Қимылға келіп үн шығарғандай бір назды. 


27 

Ғажайып тірлік, ғажайып өмір дүние құшағы,

Адамдар ата жұр-мекенін іздейді. 

Дəл ананың “Ертеңім” дегені секілді, 

Бір дауірден бір дауірге ынтығып, 

Күдерін мəңгі үзбейді. 


28 

Бүгіннің өзі келешек, 

Ол бір əсем бақша ғой нəрін беретін. 

Жаннат пен тозақ бір тонның екі бауы, 

Қомағай көңіл мынау өмірді, 

Əрі шаттық, əрі қасірет деп біледі. 


29 

Асылың да, жасығың да, 

Ынжықтар мен серің де, 

Өрлігің мен өзегің де, қорқақ пенен ерің де, 

Бəрі-бəрі қосылуда бірігіп, 

Аспан жерге, жер аспанға тіл қатады беріліп. 


30 

Көлбеп жатқан көк аспан, 

Бейне біздің қара жер сияқты. 

Біз оның төсінде сапар шегеміз, 

Темір етіктен теңгедей қалса да 

Жолымызды жалғап келеміз. 


31 

Адам өмірдің жыршысы, 

Ілездік сəттен шабыт алатын. 

Қара мен ақты айырып, 

Күйбің тірлікті жөнге салатын, 

Шерлі көңілге жубату табатын. 


32 

Батыс солтүстікке ат басын бұрып, 

Орталық Азияның белдеулеріне қарадым. 

Ата жұрттың құтты білімін алып, 

Қадір-қасиетін жаныма баладым. 


33 

Еренқабырғадан Қарақұрымға дейін, 

Таусылмайтын сары құм, 

Бейне Фишаң мен Куфудың өміріндей. 

Құштарлық сезім маған қиялдан қанат силайды, 

Ескіден есіркеп, жаңадан жарылқайтын тəңірімдей.

 

              Қытай тілінен аударған Камуна ЖАНБОЗҰЛЫ 

Ақын, ҚХР, Шинжиаң университеті филология иниститотының ппрофессоры.




Shen Wey (沈苇). Бейтаныс өлкенің ғибраты


Осыдан он неше жыл бұрын, баспа зауатында жұмыс істейтін бір досым Омар Хайямның «Рубайларын» (Хуаң Гаушін аударған, «Шаңхай аударма» баспасы, 1982 жылы басылған) Үрімжінің көне кітаптар жаймасынан маған бола сатып алыпты.  Сол күні, досымның бүрме етек былғары шапанының қалтасынан ұйғырша «Шинжяң» газетіне оралған жыр кітабын суырып алып шыққандағы бейнесі «жасырын жұмыс істеп» жүрген агенттің өң-тұрқын, тіпті хош хабар əкеле жатқан жібек жолының үкілі хабаршысының кейпін елестететін еді. Досым (айтылар бұл сөзді ол жол бойы көкейіне ұзақ бүккені көрініп тұр): парсы шығанағының байырғы Жырнамасын ақыры қолға түсірдім! — деді.

Менің бұл досым тума саңырау, оның үстіне жасы менімен құралыптас болса да əлі бас құрамай жүрген жан еді. Бірақ, кітапты жанынан артық көретін,  кітапқа келгенде өте талғампаз еді, кітап нарқын терең түсініп одан лəззат ала алатын, жұртта жоқ кітаптар жинауға əуес еді. Бұл жағынан мен оны маман деп білетінмін. Түмен кітаптан тұратын байлығы оны мəз-мəйрам ететін, кітаптарын ол барған жерінде қашанда мақтан тұтатын, зəудеғалам біреу одан кітап қарыз алуға сұрана қалса, ол үшін бұл айды алып бер дегеннен де қиын түсетін де, жатып кеп қиналатын, əуел десеңіз жанынан жүдəболатындай-ақ бозарып кететін. Кейде мен жатағына барып кітаптарын көріп тұра қалсам, ол көлеңке сияқты екі елі айрылмай, бірдеңелерін айтып гүбірлеп, əлде неден алаңдаған жандай дегбірсізденіп кететін. Содан да досымның мына жомарттығы мені таң қалдырды.   

Шынына келсек, Омар Хайямның «Рубайларын» мен бұрын да кездестіргенмін. Университеттегі кезімде оны Го Моро аударған нұсқасы бойынша оқығам. Онда автордың аты басқаша жазылған еді. Алайда, жай ғана шолып шыққандығымнан болар бұл кітап онда маған басқаша əсер қалдырмаған еді. Ал, Хуаң Гаушин аударған 55 беттік жұқа ғана «Рубайларды» бастап оқығаннан кейін жоғымды тапқандай болдым да қолымнан тастағым келмей қалды. Мен рубайдың тең түскен төрт таған үлгісін, оқи бастасаңыз болды бірден өзіне үйіріп əкететін лирикалығын ерекше ұнатамын. Меніңше лириканың шырқау биігі де осында көзге түсіп қалады. Мұндағы төрт таған түрленбелі түтік сияқты ішіне сығалап қарасаң болды көркем көріністі суретке кез боласың, онымен қоймай төрттағанның əр қырынан көздің жауын алатын алуан рең мен мұндалап тұрады. Мұнан тыс, көркем  қыстырма суреттер, əсем безендірілген, көрген жанды баурап əкететін кемел Парсы стилі менмұндалап тұр...  Бəрінен маңыздысы бұл жыр  жинағы дəл кезінде қолыма тиді. Жинақтың табиғатты, махамы, лирикалық үлгісі жəне рухи беталысы сол шақтағы көңіл-күйме бап келді: дағдару мен адасу, таңдану мен ізденуге толы бұл көңіл — Чаңжиаң өзенінің оңтүстігінен келген бір азаматтың Шинжяңда ұзақ жыл жасағаннан кейінгі бейтаныс өлкенің дəстүріне болған ынтызғарлығы жан шыдатпас сағыныш дертіне айналған еді. Сондықтан, бұл «Рубайлар» қолыма тиісімен кітап сөремдегі бағалы байлығыма айналды. Менше əуелденақ осылай болуы керек еді.

Сол кездегі жағдай тұрғысынан жан дүниемнің өзгерісін лайықты бейнелегенім абзал: бейтаныс өлкеге болған ынтызарлықтың өзіндік негізі бар, ол болса “жағрапиялық өңірді шығар түйін ету” қағидасына бойсыну, бұл рухани жақтан жетілудің қажеті, жағрапиялық қуат еді. Жібек жолы əу баста сауда-саттықты мақсат етіп ашылған емес, қайта мұның төркіні адамзаттың асқақ қиялында жатыр... Бұл жолды мен адамзат қиялының жебеуінде ашылған ұлы жол деп білемін. Жібек жолының ашылуымен Азияның апайтөсіндегі Шинжяң əр алуан өркениеттер тоғысқан өңірге, батыс пен шығыстың тілдескен түйініне, кең ашылған терезеге айналды. Тарихшылардың айтуынша: Шинжиаң жер шарындағы хуашиа (қытай) өркениеті, үнді өркениеті, парсы-араб өркениеті, греция-рим өркениеті сынды төрт ірі өркениеттің бірден-бір тоғысқан түйіні саналады. Бұған қоса Орталық Азия немесе батыс бөлекті (қытайдың Шинжяң өлкесін меңзейді)  алып айтсақ, тарихтан бері əр алуан ұлттар мен нəсілдердің бірде жақындасып, бірде айрылып тұрған жер есептеледі. Ұлт пен ұлыстардың, түйелі керуендердің тарих сахнасына іркес-тіркес шығуына ілесіп, үлкенді-кішілі өркениеттер сайын дала мен құмды шөлдерде, құм жиегіндегі жасыл алқаптарда ескен желдей пайда болып, өсіпөніп, келесіде ғайыптан жоғалғандай-ақ ізін суытып кетіп жатқан. Бұл жəйт осы өлкенің мəдениетін ерекше бай мазмұнды етіп, күрделестіріп, түрлендірген. Міне бұл өркениетке деген алуан сезімдердің тоғысқанын, өркениеттер ара дау-шардың түгемейтіндігін, бұл өлке бастан аяқ өркениеттердің көрме орталығы болып келе жатқанын аңғартады. Алайда, өркениет дəстүрі күрделі, бас-аяғы жоқ, бір-бірлеп анықтап түсіндіру қиын болғанымен, мынадай бір ерекшелігін оңай байқауға болады, ол болса, жағрапиялық жəне саяси жақтан Орта Жазықтағы (ішкі қытайды меңзейді) қытайлар  тұратын өңірімен бір-біріне сүйеніп күнелту қатынасын есепке алмағанда, Шинжяң əлмисақтан бері «батысқа есік ашу» сынды дарқан пейіл мен қалпын сақтап, батыс пен шығыстың біз ойлағанымыздан неше  есе көп дүниелерін қабылдады жəне сіңірді. Осы арқылы біз үнемі айтатын Орталық Азия дəстүрінің көлемін кеңейтіп, байытты. Бұл өлкенің поэзия дəстүрі де мұнан қағыс қалған жоқ.   

Құмды шөлді шетсіз-шексіз шалқып жатқан мұхит деп қарауымызға да болады. Шинжяңдағы құмды шөл де дəл солай ұлан асыр даланы бауырына басып үнсіз жатыр. Осы сағым ойнаған сары дала онда жасап жатқан адамдардың бойына өзгеше бір кеңпейілділік сіңірген. Көп ұлттың бірге жасауы, бетінен нұр тамған шырайлары, діни ауаны, осы заманғы (модернизм) əнбилер, бай мазмұнды сурет-өрнектер... бəрі-бірі жанды да жалынды дəстүрді қалыптастырды. Шинжяңның қазіргісі мен өткеніне зер көзіңмен қарасаң үнді, араб, парсы мəдениетінің ықпалын сезінесің. Өткен ғасырдың бас шенінде Стеин доктор Оңтүстік Шинжяңдағы Миран байырғы жұртынан хандықтар үлгісіндегі қанатты періштенің қабырға суретін тапты. Бұл грек дəстүрінің тарым ойпатында  барлығын жария етті. Афинада өткен олимпиада жиналысының жабылу салтанатындағы думанды қойылымда Шинжаңның «Он екі мұхамына» ұқсайтын музыканы, сонымен бірге ұйғыр дауылпазының үнін таң қала отырып тамашаладым. Бұл менің қиялымды қиянға шарықтатты. Егер жер кең кеуде болса, о баста шекара деген болмаса, онда дабыл үні осы кең кеудедегі жүректің ортақ лүпілі болар еді.

1996 жылы жазда, мен «Жаңа рубайларды» жазуға кірістім. «Рубайлардың» байырғы əуеніне еліктеп, рубайларыма қазіргі заманды, айқын жерлік ерекшелікті енгіздім, сондай-ақ, жаз маусымының қаһары мен мейірімін, яғни, Шинжаңның жаз маусымындағы ашық күндері мен бұлтты күндерін, шаң-тозаңын, еріген күртік қардың суы мен өсімдіктердің хош иісін, баяғы Орталық Азияға уəкілдік ететін ерекшеліктерді өлеңіме арқау еттім. Мен «Жаңа рубайларымды», «Орталық Азияның поэзиясы» деп жаздым. Алғашқы 33 шумақ (132 тармақ) рубайым жарияланғаннан кейін, жұрттың жақсы бағасын алды əрі бірсыпыра алманахтарға енгізілді. Мен «Жаңа рубайларымның» «еліктеуден туғанын», «тотының бұлбұлға елікітегені» сияқты бөлекше мағынадағы жыр екенін жасырғаным жоқ. Деседе, шығармашылықта көнені жаңғыртудың да қажетті екенін көлденең тарттым. «Қаламгер өзгенің шығармасын оқу барысында қызғаныштың қызыл отына түсіп қалатын кездері де болады: ол тамаша шығармаға жолыққанда бұл туынды неге менікі болмады, мен неге осылай жазбадым деп бұлқынады; осындай қызығу, қызғану, қорлану сезімдерінің түртпегінде «мен неге сынап көрмеймін» дегендей «тотының тірлігіне» басатын кездері де болады. Иə, егер еліктеу ежелден бар бір қасиет болса, неге сынап көрмеске? Ойымды онан ары аша түсейін деп, П.Пикассоның «өзгеге еліктеуге болады, ал өзіңе еліктеу — намыс» деген сөзін қосып қойдым. Мен қазіргі заманның тілі байырғы тілді сабақтай кетуі керек деген ойдамын. Соңғы жылдары тағы да біраз жаңа рубайлар жаздым, бірақ əлі ақырластыра алмай келемін. Менрубайды əдейі ақырын, араға уақыт тастап, өміріме етене жақындығы бар жыр етіп жазғым келеді. Бəлкім шашым тұтас ағарып, толған кезімде «Жаңа рубайлар» жинағын тəмамдап, оқырманыма ұсынатын шығармын.           

Мен жəне де сол Омар Хайям мен оның «Рубайлары» туралы айтқым келеді.   

Омар Хайям (1048ж.—1132ж.) Парсы шығанағы жағалауындағы Ниша портында дүниеге келген. Сол заманда атақ-даңқы шыққан астроном, шипагер жəне философ болған. Əйгілі «Алгебра» қатарлы шығармалар берген. Кезінде күнтізбеге өзгерістер енгізген. Обсерватория (ғарышты бақылау орны) жасау ісіне жетекшілік еткен. Орда емшісі болған, философиялық талқыларға үнемі қатынасып тұрған. Ақын ретінде Омардың аты тірі кезінде онша шыға қоймаған. Өлеңге ол əуескер ретінде беріліп, достарына, шарап ішкенде оқитын шумақтар жазып берген. Алайда, Омарда ақынға тəн өзгеше мінез болғандықтан, Пифагордың итпен сырласқанындай, Омар да есекпен ой бөліскен. Сол кезеңде Парсы елі ақындарды қастер тұтқандықтан. Айтуға қарағанда, Аңсали атты бір ақын Ғазнауи елінің патшасы Мұхамедке арнап бір өлең шығарғаны үшін,     патша оны ерекше марапаттап, аузы-мұрынын інжумаржанмен  үш рет толтырып сыйлаған деседі. Бірақ Омар бұндай марапатқа ие болмаған. Оның рубайлары көзі тірісінде санаулы достарының арасында тарқалып, кейін ұшты-күйді жоқ болып кеткен. Осыған қарағанда Омар Хайям жазған рубайлар қазіргі бізге жеткененн əлде қайда көп болуы мүмкін.   

Омар Хайям жоғалып қайта табылған ақын. Бірнеше ғасыр бойында рубайлар үн-түнсіз жатып, жұрт санасынан ұмытылып кеткен. Тек 1859 жылға келгенде Англиялық зерттеуші əрі ақын Эдуард Фицджеральдд «Омар Хайямның рубайлар жинағын» (101 шумақ, 404 тармақ) реттеп баспадан шығарған. Осы аудармадан бастап Омар Хайямның атағы шығып, əлемдік деңгейде абыройға ие болды. Айтуға қарағанда, «Рубайлардың» осы тұңғыш аударма нұсқасының бағасы əрең бір Англия пинсі болса, 1929 жылға жеткенде, Нью-Йорктағы бəсекелестіріп сату орталығында, осы нұсқаның бағасы 8 мың АҚШ долларына көтерілген.

Бұл əдебиет тарихындағы аңыз тудырған қызықты хикаяттардың бірі. Белгілі тұрғыдан алғанда, Эдуард Фицджеральд Омар Хайямның рухын қайта тірілдірді. Сонымен бірге Омар Хайямның рухы 7 ғасыр бойында сарылып күтіп барып Эдуард Фицджеральдтың  жан əлемінен өз орнын тапты. «Өлең жазатын Парсы астрономы мен шығыс жəне испан кітаптарын оқыған, бірақ бəрін толық түсіне бермейтін ғажайып Англиялық кездейсоқ кездесіп, өздері ойлап та көрмеген хикімет ақынды барлыққа келтірген» (Л.Борхестің сөзі).

Омар Хайям пышақтың қырындай жыр жинағымен мəңгілікке аты қалған ақын, оның «Рубайлары» — Парсы əдебиетінің ең таңдаулы үлгісі. «Рубайдың» рухы кезінде «Құранның» адал мүриттерінің зығырданын қайнатқан. «Ғұламалар өмір баяны» кітабының авторы Кафади: «Омар Хайямның жырлары, ислам шариғаты үшін алғанда, адам арбайтын улы жылан, тұйық жолға бастайтын шынжыр» -деп қараған. Өйткені, ислам діні «бақи дүниені» көзде ұстаса, Омар Хайям «пəни дүниені» қабыл алу керектігін дəріптеген.


(Жалғасы бар)


Аударған Мәдениет Мұқатайұлы



Shen Wey (沈苇) — қытай ақыны, 1965 жылы қытайдың оңтүстік өлкесінде дүниеге келген. Университет бітірген соң Шинжяңға келіп қызмет істеген. «Уақытта кідіру» (1995ж.), «Биіктің шыңырауы» (1998ж.), «Менің топырағым, менің сүрдегім» (2003ж.) жыр жинақтарының; «Шаңқан түстегі жыр құдайы» қатарлы сын еңбектердің авторы. 1998 жылы алғашқы  «Уақытта кідіру» жинағымен Қытайдың Лу Шүн атындағы Мемлекеттік сыйлығының иегері атанған.

Shen Wey — қытайдың осызаман (модернистік) поэзиясының жаңа буынына жатады. Біраз жылға созылған батыс поэзиясының ықпалын қабылдап, қорытып болған бұл буын енді өздеріне жаңа кеңістік іздеуде.

Тарихында көптеген өркениеттің мәйегі қалған Орталық Азияның әдебиетіне қытайдың жас буын ақындары өздерінің қатты қызығатын жасырмайды.  Төмендегі мақалада біз олардың біздің бұл топырақ туралы не ойлайтынын біле аламыз. 

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты