Джон Гилгуд (John Gielgud ): Шекспир шығармаларын қою

506c9e926b33ee31fba0c52442f6caff.jpg (638×500)

Джон Гилгуд (John Gielgud, 1904ж. – 2000ж.) – Ағылшын актер һәм режиссері. 17 жасынан сахнада өнер көрсеткен. Шекспир шығармаларынан Гамлет,  Ромео,  Антоний, Макбет, Ричард II, т. б. ролдар ойнаған. Осы барыста актер ретінде үлкен даңыққа бөленген. Режиссер етінде де аты аңызға айналған. Ол қойған «Ромео мен Джульетт», «Асауға тұсау», «Гамлет» Шекспир шығармаларының табиғатына ақау түсірмеу алғышартында жаңа тыныспен, бүгінгі заманның биігінде жеткізген қойылым деп жоғары бағаланған. Оның «Режиссер сахнада» (1963ж.), «Үздік труппа» (1972ж.) тақырыпты шығармалары бар. Төмендегі мақаласында автор Шекспир шығармаларын қою турасындағы ой-тәжiрибесімен бөліседі.      

Аударушыдан 

Меніңше, классик шығармаларды он жыл сайын қайталап қойып отыру керек. Дәстүрге тән дүниелерді қашанда ұлықтап әрі насихаттап отырған бәзім. Сонымен бір уақытта актерлер оған өздеріне тән мүмкіндікпен қазіргі уақытқа тиесілі дүниелерді де сіңіре білгені жөн. Біз бір орында тұрақтап қалудан сақтануымыз тиіс. Дүние қаурыт өзгеру үстінде. Он жыл сайын ой жеткізудің тәсілі жаңаланып жатыр. Жаңаланудың сол жүлгесін тапқанда ғана біздер драматургияны тыңнан түсінетін боламыз. Бұл саған бәрін басынан баста деген сөз емес, қайта, жұмысқа бар махаббатыңмен, бар ынта-жігеріңмен кіріс, сонда ғана тақырыпты заман ауқымында игере аласың дегендік. Өйтпегенде, қойған спектакльміз кәдімгі болбыр-батпақ, ескі сүрдекте шаң қапқан дүние болады да шығады. Шекспирді қойғанда мен біз бастысы осыған ұрынып қалмасақ екен деп алаңдаймын. 

Анда-санда жалпы мәтінде кездесіп қалатын өткенге тән сөз алыстар мен түсініксіз сөйлемдер болмаса, классик туындылар уақыттың шектеуіне ұшырай бермейді. Олардың құрлымы ескі болуы мүмкін, бірақ, қайта сахналағанда біз ол түйінді әдейі ескермей немесе оны өзгертуге күш салудан аулақ болуымыз керек. Айталық, «Венеция қираудан аман қалған жоқ» атты пьсаны режиссер П.Бурок екеуіміз сахналағанда әлгіндей шалалау көрінетін шығарма құрлымының жаңаша тыныс тауып, көз тартқанын көріп таңдай қақтық. Кейбір күлкілі естілетін диялоктары болмаса, біз мәтінді қысқартуға жол берген жоқпыз. Амалсыздан алып тастауға тиіс болған тұстарына келгенде жеті өлшеп бір кестік. Текісті сұрыптау қажет екені шындық. Осы заманның көрермендері тақырыпты сұрыптап беруді талап етеді. Боқтық сөздер, шұбалшаң сөйлемдер қажет емес. Дегенмен, Шекспир де мұндай олақтық көп кездесе бермейді. Оның диялоктары тым созылып немесе сөйлемнің мағынасы күңгріттеп кеткенде ғана ықшамдауға барасың. Ширақы шықсын деген үкілі үмітпен мәтінді күзеп тастау Шекспир шығармалары үшін анық қорлаумен бараба болар еді.  

Кейінгі кезеңнің киім үлгісімен Шекспир шығармаларын сахналауды да дұрыс таңдау деп ойламаймын. Тіпті, ол қажетсіз әурешілік әкелуі, көрерменді алжастырып, актерлерге де артық салмақ болуы мүмкін. Жағымды юморы бар «Асауға тұсау» мен Әдебиет пен өнердің қайта өрлеу кезеңінің теңіздей тебіреністі сезім буырқанысын беретін «Гамлет» те Елизавет дәуріне тән туынды. Егер актер Шекспирдің диялогтарын айтып, одан кейінгі заманның мырзалары мен ханымдарының іс-әрекетін жасап жүрсе, онда шығарманың мазмұны мен тартымдылығы өз деңгейінде шығады деп айта алмаймын. Себебі, кейінгі кезеңнің салт-дәстүрі, қағидасы мен отбасы құндылығы Шекспирге таныс емес дүние. Қазіргі адамдардың киім-кешегі өзіне ғана ыстық. Артық-ауыс салттық әдеттерді алып тастауға болатын шығар. Бірақ, қазір бізде сыртқы көрініс пен киім үлгісін артық баптау үрдісі етек алған сияқтытанады. Поэзиялық әуен де кеміп бара жатқандай сезіледі, оқыған өлеңіміз өлең емес, қара сөзді шұбыртып тұрғандай әсер береді. Бұлар шығарманың түпкі болмысын ақсатады. Виктория дәуірі мен Эдуард кезеңінің шығармасын қойғанда көп нәрсені алып тастау, қажетсіз кідіріс-үзіліс жасау, қарадүрсін әрекеттерге бару, қала берді жасанды әуенде сөйлеудің бәрі де шығарманың жандүниесін бұзады. Шекспир шығармаларының табиғаты мәтіндегі бай мазмұнның сахналану барысында үздіксіз сұрыпталып, актерлердің шығармашылық мүмкіндігін ұштап, екі жақтың да серпіліп жаңа тыныс ашуына мүмкіндік береді. 

АҚШ пен Канада бүгінгі таңда біздің жолымызды қуып, актерлерді классикалық тәсілмен баулуға күш салып отыр. Бірақ, оларда орын алған мәселе шағын театрлардың өмір сүру кеңістігінің тарылғандығы. Бұл ауқым бізде де бар. Біз үлкен көрініске, арсы-күрсі әрекетке, көзтартар киім-кешекке, көрерменнің дүркіретіп қол соғуына үйірміз. Бұлардың бәрі үлкен қойылым алаңы бар театрға бағытталған. Бұл үрдіс осылай кете берсе, шығарманың түпкілікті ойын бұрмалап, жағымсыз түйсік тудыруы мүмкін. Айталық, эстрадалық түсінік белең алып, шынайы өнер туындысы жуылып-шайылып кетуі мүмкін. Тіпті, одан да сорақы жағдай тумасына кім кепіл?! Шекспир шығармаларын жаңа кезеңде сахналау ойламаған қиындықтарға жолығып жатқандығы шындық. Жас актерлер қойылымды өз тұрғысынан терең қазбалап, қуатты әрі қиялға бай тәсілдермен кейіпкер табиғатын ашуға күш салып жатыр. Оларға алдымен дұрыс мәнерде сөйлеу мен лайықты тыныстауды білу, сахнада асып-саспай, тақырыптан ауытқымауды меңгеру қажеттілігі туып отыр. Актерлердің диялог барысында сөздің жүйеге түскен мәнерін, дауысты көтеріп немесе бәсейтіп шығарудың өзіндік заңдылығын шебер игермей тұрып, Шекспир шығармаларын биік деңгейде, сеніммен орындап шыға алмайтынын айтқым келеді. 

Режиссерлердің дені сахнаның техникалық әдіс-тәсіліне көбірек басымдық танытады да, диялогтың нақтылығы мен ерекшелігіне мән бере бермейді. Дегенмен, муызыканың икемді сүйемелдеуі болған жағдайда диялоктың беретін әсерін басқа ештеңе бере алмайтынына сенімдімін. Мен актерлерге үнемі «бәрі лайықты болсын, басы артық әрекеттің қажеті жоқ, артық қимыл диялогтың сапасын төмендетеді» деп кеңкес беремін. Шекспир шығармаларындағы диялоктың көбі төгіліп тұрған лирикалық әуен. Егер осы сөз-сөйлемдерді өз мәнерімен, лайықты әуенімен, шынайы болмысымен жеткізе алсақ, көрерменнің назары сахнадағы басқа дүниеге ауа қоймайды. Кезінде Бернард Шоу «Шекспирдің шығармасын сөзсіз диялогпен қойған дұрыс, сондай-ақ, диялогты өз тұғырына қондыра білу керек. Әсте диялогтардың арасында қалып қоюға болмайды», - деп керемет айтқан.  

Мен Шекспирдің шығармаларын шағын операға өзгертіп қоюға (көрермендер жақсы қабылдасын деген жақсы ниетпен) да, немесе «Қыстағы ертегідегі» тамаша аяқталуды кейбір режиссерлердің өзгертіп, сахнаның төрінде қалуға тиіс мүсінді бейіт басындағы ағаш мүсінмен алмастыруын да қабылдамаймын. Бұл тәсілді Шекспир «Ромео мен Джульетта» да шебер пайдаланған. Оны қайталау жаңа бірдеге береді деп ойламаймын. Оның үстіне бұл шығарманың мәтінін өзгерту болып шығар еді. 

Мүмкін, менің қатал сын айтуымның қажеті де жоқ шығар. Осыдан үш жыл бұрын мен «Король Лирді» күңгірттеу стильмен қою жұмысында роль алдым. Қойылымның суретшісі мен аса бір құрмет тұтатын адам еді. Қойылымды қоюда алға қойған мақсатымыз керемет бір шеберлікті көрсету емес, қайта Шекспир трагедиясының уақытпен шектелмейтін мәңгілігін көрсету болатын. Бірақ, қойылымның нәтижесі мүлде біз ойлағыдай болған жоқ (суретші тұрғысынан айтып отырмын). Қойылымнан соң біздің жүзімізде күйрей жеңілмен жандардың сұрғылт шырайы бар еді. Бұл қойылым менің жандүниеме өз табын қалдырды. Кейде сондай жағдай да болады. Алайда, біз ол келеңсіздіктің тұманынан біртіндеп шыққан сияқтымыз.         

Мақаланы аударып, дайындаған – Ардақ Нұрғазы

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты