Нұрбек Кеңесбай. Адамзат тарихындағы алапат обалар, қасірет сіңген бояулар

fed0b3b809180ce64868f9282853b1e5.jpg (950×1280)


Қытайда тарап жатқан коронавирус, неше мың жылдықтар алдындағы тарихи қателіктер мен адамзат тарихының ұлы қасіреттерін еске салады. Табиғи апат пен қолдан жасалған зұлымдықтарға қарсы тұрар қауқарымыз қайсы? Осы жолғы коронавирус болсын, бұрынғы SARS вирусы, эбола вирусы және басқалары болсын, тарих бетіне «Оба» деген ортақ атпен қалып қойды.


Тарихтағы осынау оба салған трагедия сәл қарауға келмейтін қайғылы оқиға. Адамзат өркениеті өлім мен апаттың қайғылы сәттерін өнер туындысымен дебейнеледі.

Уақыт пен кеңістіктің өзін қайғыға тұншықтырған, қасіретке толы бояулар, бойымыздағы клеткалардың әр талшығын шымырлатып, үрейімізді ұшырары хақ. Десе де бұл суреттер оба салған трагедияның атмосферасын интуитивті түрде сезінуге мүмкіндік береді. Сайып келгенде адамзатты тәубесіне келтірерді. Өлшеусіз қасыреттерді еске алу – сол тарихи трагедиялардың қайталануына жол бермеу болмақ.


  1. Афинадағы оба (Plague of Athens) б.з.д 430-427 жыл


Б.з.д 430-427 жылдары Пелопоннес соғысы қарсаңында болған. Індет алғаш пайда бола бастаған кезде, ескі нанымға шырмалып қалған афиналықтар, бұл - Спарта тыңшыларының су қоймаларына улы заттар тастауының себебі деп топшылады. Әскери крест жорығына көптеген жұмыс күштері мен материалдық ресурстарын ысырап қылып алған афиналықтар, бұл індеттің алдын алуда оңбай қателесті. Індеттің неден пайда болғаны анықталған кезде бәрі кеш еді, ақыры зор қырғынға ұласты. Үш жыл ішінде Афина халқының тең жартысы дерлік осы індеттен көз жұмды.Қаланың іші-сырты өлексеге толып, көз жетер жердің бәрі тозақ сахнасына айналды.

Кейін Михаэль Свертссалған «Афина обасы», ежелгі грек тарихшысы Фукидид суреттеген індеттің көрінісін тіпті де айшықтай түсті.


  1. Ежелгі Римдегі Антоний індеті (AntoninePlague) б.з. 164-180 жыл


Никола Пуссен біздің заманымыз ІІ ғасырының орта тұсындағы Рим императоры Антонийдің билеп-төстеп тұрған кезіндегі, аяқ астынан пайда болған «Антони» (Ашдодтағы оба) індетін шынайы бейнеледі. Тариха зерттеулерге сүйенсек, Сириядағы көтерілісті тыныштандыру үшін барған Рим әскерлері, осы індетті бүкіл империяға алып барды деп есептейді. Лагерьге қайтқан сарбаздар тобы олжалы қайтқанымен, шешек пен қызылша дейтін жұқпалы кеселді де ала кетті. Содан бастап, Римдегі індет өрши түсті. Тарихи кітаптарда бұл ауыруда: қатты диарея, жүрек айну, дене ойылу, тамақтың ісуі, қызу көтерілу немесе гангрена, шөлге шыдамау, дененің іріңдеуі сияқты кленикалық өзгерістер болады делінген.

Рим тарихшысы Дион Кассийдің жазып қалдырғаны бойынша, сол кезде Римде күніне 2000 адам осы кеселден көз жұмады, бұл кесел жұқтырғандардың төрттен бірі ғана болса керек, осылайша Рим өлі қалаға айналады. Бұл індеттен Римдің ұлы императоры да аман қалмаған. 169жыл император Луций Вер осы індеттен жер құшса, 180 жылы оның мұрагері Марк Антоний да вирус жұқтырады.

Індет 7 жыл деген де әрең саябырлады. Десе де пәле-қазаның бәрі осымен кетті-ау деп, сақтық шаралары босаңси бастағанда, 191 жылы қайта өрши түсті. Көптеген ауылдар түбегейлі жойылып, қала халқы екінші үлкен шығынға ұшырады. Бірнеше жылдарға созылған бұл оба - Рим халқының 7,5-15 миллион адамның өмірін жалмады. Індет империяның әскери күшін әлсіретіп, әлеуметтік, саяси, әдеби және өнер салаларының құлдырауына себеп болады да, бұл - Римнің ең ақырғы сәті екенін тарих көрсетіп берді.


  1. Юстиниан обасы (Plague of Justinian) б.з. 541-542 жыл


ІV ғасырдан кейін Рим империясы шығыс және батыс болып екіге бөлінді. Шығыс Византия империясы мен Рим империясы қолдан кеткен жерлерді қайтарып алуға, Рим империясын біріктіруге, алтын ғасырды қайта орнатуға тырысып бақты.

533 жылы Византия империясының императоры Юстиниан Батыс Жерорта теңізін жаулап алу соғысын бастауға шешім қабылдады. Алайда, ол Солтүстік Африканы басып өтіп, Италияны жаулап алып, империяның даңқын аспанға шығарам деп жатқан кезде, күтпеген жерден оба таралып, Шығыс Рим империясын қайта түлету арманы селге кетті.

541 жылы оба Шығыс Рим империясының территориясы саналатын Египеттен басталып, Константинополь мен басқа да аймақтарға таралды. Ең алғаш осы індетті жұқтырған адам үй-жайы жоқ бір кедей екен. Індеттің асқынған кезінде күніне неше он мың адам қырылып отырған. Алайда мұндай ауыр індеттің алғашқы кезеңдерін империялық шенеуніктер жасырын ұстаған. Сондықтан да болар, император Юстиниан Жерорта теңізіне қуана жол тартып, қасиетті жорықты кейінге қалдырғысы келмеген. Жағдай бақылаудан шыққаннан кейін, үрейленген шенеуніктер Юстинианға хабар беруге мәжбүр болады, өкінішке орай бұл кезде бәрі кеш еді.Өлгендер саны тез арада 230 мыңнан асып, бүкіл қаладан өліктің күлімсі иісі аңқыды.

Делоне Жюль Элидің«Оба жалмаған Рим қаласы» атты туындысы дәл осы Юстиниан обасын бейнелеген еді. Үрейі ұшқан император Юстиниан індеттің тіпті де өрши түсуінің алдын алып, жүрексінсе де, неше он мың мәйітті көмуге болатындай үлкен қабыр қазуға бұйрық беріп, оны тізгіндемек болған. Өлгендердің кәрі-жас, бай-кедей екеніне қарамастан бір қабырға көмгенде, биіктігі жүз неше қабаттық ғимаратты басып озған.

Жарты ғасырға созылған Юстиниан обасы - Жерорта теңізі әлеміндегі алғашқы ірі оба болып, Константинополь тұрғындарының 40% -ы қырылды, тұрмыстық ритім бұзылды, әлеуметтік тәртіп былықты. Сөйтіп Рим халқының ¼-і жойылды. 

Оба салдарынан болған ашаршылық пен ішкі толқулар, Юстинианның амбициясын толығымен желге ұшырды, Византия империясының күшін әлсіретіп, ақыры Шығыс Римнің құлдырауына себеп болды.


6e633fa2847a974abd4ac816513684d2.jpg (1200×675)


  1. Орта ғасырдағы қара індет (Black Death) б.з. 1347-1353 жыл


Қара індет - Азия, Еуропа және Африкада төрт жыл бойы таралды. Адамзаттың жұқпалы аурулармен күрес тарихында, XIV ғасырдың орта тұсындағы, Еуропада тараған Қара індеттен асып түсетін қорқынышты індет болмаған. Обаның бактериясы - қара егеуқұйрықтардың терісінде болатын бүргелерге (оқыра) жасырынған екен. Қара індет аталып кеткен осы кесел, Ресейден Батыс Еуропа мен Солтүстік Африкаға дейін тез тарап, әлемде 75 миллион адамның жанын жалмаған.

Бұл кеселге шалдыққандарың денесінде көптеген қара дақтардың пайда болуына байланысты, оны «Қара індет» (Қара оба) деп атап кеткен. Орта ғасырлық Еуропа санитарлық және медициналық тұрғыдан кемелденбегені себепті, Қара індеттің шабуылына қарсы тұрар қауқар таныта алмады. Осындай жағдайда жұғымдалғандардың өліммен қауышуы көз жеткен нәтиже еді.

Питер Брейгель 1562 жылы «Өлім триумфы» атты майбояу суретін салды. Ол қаңқалардың шекарадан өткен кезіндегі қорқынышты көрінісін бейнелеп, метафора арқылы адамзат тарихын қансыратқан Қара обаны суреттеді.

Қайта өрлеу дәуірі кезінде Франческо Петрарка бір хатында былай деп жазды: «Мен туылмауға да риза едім: аспанның күркіреген найзағайсыз да, тозақтың лаулап жанған отысыз да, көзге көрінетін ажалсыз да, өлімнің шарлап жүргенін сезем. Кім осындай қасыретке куә болған еді?»

1446 жылы салынған «Өлім триумфы» аттытуынды, итальяндық готиканың соңғы мезгіліндегі репрезентативті туындыларының бірі саналып, оба кезіндегі өлімнің сауық құрғанын суреттеді. «Командирді жерлеу сахнасы» сол кездегі сурет өнерінің ортақ тақырыбына айналды. Картинада базарға бет алған танымал монарх немесе әулиелер емес, мазарға бет алған бейуаз халық бейнеленді. Көптеген адамдар қара індетті құдай жіберген жаза деп қабылдады да, шіркеуде дінни рәсімдер арқылы, құдайға құлшылық етуге баса назар аударады. Десе де, обаға қарсы бұл күрестің нәтижесі тек қана қайғыға ұшыратты. Ол кездегі көптеген картиналарда пасторлардан бата алып тұрған қарапайым халықтың көріністері бейнеленген.

Өлім - қатал фактке айналды да, тіршіліктің ауылы алыстап, адамдар тозақпен бетпе-бет келді. Ортағасырлық мәдениеттің барлық жанрында обаның елесі кезіп жүрді, адамдар осы эмоция арқылы қоғамдық атмосфераның күйзелісін бейнеледі.

1348 - 1350 жылдар аралығында, бұрын-соңды болмаған бұл апат шамамен 25-50 миллион еуропалықтардың өмірін жалмады, бұл сол кездегі барлық халықтың 1/3-ін құрады. Бір кездері базары тарқамайтын қала көп өтпейқаңырап бос қалды. 1352 жылы Қара індет жоғалған кезде, адамдар есігін ашып, көшеге шығатын, сүйегіне сіңіп кеткен суық қорқынышты күн нұрымен жылытатын болған.

Сонымен, бұл індет қалай аяқталды? Өте қауіпті Қара індет инфекцияға бейім адамдарды қырды, ал жаңа жұғымдалғандардың саны біртіндеп азая бастады. Індет жұқтырмаған адамдар оңашаланудан сырт, ауруға деген қарсылық қуатының күшті болуы оларды өлімнен арашалап қалды. Міне осылайша, Қара індет өзінің тіршілік етер ортасын топалаңға салды да, өзі де солармен бірге кетті. Ортағасырлық еуропалықтардың өмірін 180 градусқа бұрған бұл індет біртіндеп жойылып кетті.


  1. Миландағы сұрапыл оба (The great plague of Milan) 1629-1631 жыл 


1629-1631 жылдары таралған Миландағы оба Ломбардия мен Венецияны қосқанда шамамен 280 000 адамды қырып, Миланды нағыз «Әзәзіл қалаға» айналдырды. «Миландағы сұрапыл оба» туындысы - Миланның бір түнде жұмақтан тозаққа айналған сәтін бейнелейді. Өліктердің көптігі соншалық, кейбіреулерінің мәйітін тіпті ұстауға да келмейді. Қала тұрғындары ет жақындарын жерлеу үшін мәйіт таситын машиналарға өте көп ақша төлеп, қабырыстанға апарғызды.

Бұл індеттің қайнар көзін қарастыра келе, соғыс салған зардап деген түйінге тоқталады. Себебі, Италия 1629 жылы Германия және Францияға соғыс ашады, Германия мен Француз күштері бірлесе отырып Италияның Мантуя қаласына обаны таратып кеп жібереді. 1629 жылдың қазан айында індет Ломбардияның сауда орталығы Миланға таралады.

Эпидемия Миланға алғаш таралған кезде, Милан дер кезінде медициналық ресурстар мен қатаң карантинді қолға алып, шекарадан әскерлер мен тауарлардың кіруіне және шығуын қатаң шектеу қойып, жұғымдалудан сақтанудың нақты амалдары көрсетілген оқулықтарды халыққа таратады. 

Алайда, 1630 жылдың ерте көктемінде, Миландағы карнавал барлық медициналық қызметкерлердің еңбегін жуып-шайып, нәтижені нөлге теңестіреді. Арқасын кеңге салып, сауық құрған халық арасына тараған індет ядролық бомба сынды жарылып, тізгіндеу мүмкін болмай қалады.

Сайып келгенде, Милан бұл карнавал үшін қандай бодау берді? 60 000 мәйіт, сол кездегі Милан халқының жартысына жуық адам өліп кетті. Сонымен, бір фестиваль – бір қаланы жермен жексен етті.

Оба Миланнан басқа, Италияның көптеген ірі қалаларына, соның ішінде Неаполь, Ломбардия және Венецияға тарап кетті, нәтижесінде 280 000 адам қайтыс болды.


  1. Лондондағы алапат оба (London Black-death Plague) 1665-1666 жыл


1665-1666 жылдары Англия халқы кең көлемде таралған жұқпалы ауруға тап болды. 80 000-дай адам осы дерттен көз жұмды. Бұл сол кездегі қала халқының бестен біріне тең болатын.

Бұл - «Лимфоциттік оба» салдарынан болған, ірі көлемді қара індет деп аталды. Оба ең алғаш рет Лондондағы Сент-Гайлз шіркеуіне соқты. 1665 жылдың көктемінде, халық санының өсуіне және санитарлық жағдайдың нашарлауына байланысты,кесел бүкіл Лондонға тарала бастады.

Көптеген ірілі-ұсақты тарихи қайталаулар сияқты, індет тарағаннан кейін, король Чарльз II және оның отбасы Лондоннан Оксфордширге қашып барып, ағаш үйде тәңірінің бұйрығын күтіп жатты. Ал оның артында аш-жалаңаш, ауру-сырқау күңіренген халқы жатыр еді.

Обаның таралу жылдамдығы өте тез болғандықтан, жұғымдалғандардың есігін сыртынан құлыптап, мөрлеуге тура келді. Есіктерге қызыл крест жазылып, кіріп-шығуға шектеу қойылды. Күн сайын белгіленген уақытта ішер астарын терезеден беріп отырды.(Бұл – қазіргі қытайдағы қоғамдық тәртіпті еске салады. Ішер асты тапсырыс беру арқылы, арнайы адамдарға алғызады. Әр кім өз ауласынан шықпайды.) Он неше мыңдаған науқас міне осындай ауыр жағдайда өмірмен қоштасып жатты. Ең көп болғанда аптасына 10 мың адам қайтыс болды. Бір кездері шуылдан бас айналатын қала, көп өтпей өлі қалаға айналды.

Рита Грирдің«Сұрапыл оба» картинасы дәл осы Лондон обасы кезіндегі қайғылы көріністі бейнелеген. Барлық дүкендер тарс жабық, ал көшеде жүрген жаяу жүргіншілер сирек кездееді. Өлі тыныштықты бұзатын тек қана мәйіт тасыйтын машиналардың дауысы ғана еді. Әр кеш сайын мәйіт тасыған көліктердің мұңды сигналы, әр адмға өлімнің таяп келе жатқанын ескерткендей болушы еді.

Кей жазбалардағы деректерге сүйенсек, Лондонда қырылғандардың саны аптасына 1000-да 2000-нан кем түспей, 1665 жылы қыркүйек айына келгенде, аптасына орта есеппен 7000 адам қырылып отырған.

Бақытқа орай, Британ түбегінің солтүстік-оңтүстік шекарасындағы Ям ауылында обаның таралуын түбегейлі тоқтату үшін, Вильям дінбасы ауыл тұрғындарын бастап, обаға қарсы әрекет жасайды. Өкінерлігі, дінбасы да осы індеттен көз жұмады. 300-ден астам адам тұратын шағын ауылда бар болғаны 33 адам ғана тірі қалды.Олардың жанқиярлықпен жасаған құрбандықтарының арқасында, Қара індет солтүстікке қарай тарамай, Англияға екінші өмір сыйлайды.

Бұл - Лондон тарихында бұрын-соңды болмаған апат, сонымен бірге моральдық құндылықтардың да қайталанбас сәті туған кезі еді. Осындай ерекше кезеңде дінни көзқарас пен наным, ұқсамаған діндердің талас-тартысы өз жайында қалып, барлық адам бір шіркеуден уағыз тыңдады. Адам қанын кірпік қақпай тұрып сіміре салатын қанішерлер де өкіне бастаған еді...

Бұл апат адамдардың тұрмысын түбегейлі өзгертіп жіберді. Халық қаншалықты күңіреніп жүрсе де, бір-біріне жанашырлық таныту, өзара көмектесу, жан-жағына мейірімін төгу сынды асыл қасиеттерді бағалап, жалпы адами көзқарастар төңірегіндегі идеология түбегейлі өзгеріп кетті.

1666 жылы 2 қыркүйекте, Лондонда үлкен өрт апаты туылып, Сент-Пол шіркеуі сынды әйгілі ғимараттар отқа оранды. Десе де, індеттің вирусы бар үйлер түгелдей жанып кетіп, обаның таралуы біртіндеп жақсара бастайды.

1665 жылы тараған Лимфа безі кеселі Ұлыбританиядағы ең кең таралған оба саналды. Содан кейін, Ұлыбритания үкіметі әртүрлі аймақтарда санитарлық жағдайды жақсартуға бар күштерін салғандықтан, оба қайталамады. 


  1. Франция Марсельдегі оба(Plague in Marseilles) 1720-1722 жыл


1720 жылы француздың Марсель қаласы да обаның ошағына айналды, бұл қала тарихындағы ең ауыр індет еді. 18 ғасырдың бас кезіндегі Еуропадағы ең ауыр апаттың бірі болды.

Осы кезде тараған Марсель обасы, көпе-көрнеу техногендік сипаттағы апат болған. Алғашқы жұғымдалушы Марсельге сапар шеккен сауда кемесіндегі түрік жолаушысы еді. Оны емдемек болған дәрігер мен бірнеше экипаж мүшелері бірінен соң бір қаза болады. Қаптаған вирустарды қоса тиеген «Өлім кемесін» порт басшылығы оқшаулауға бұйырық бергенімен, ақшасына сенген дәулетті саудагер экономикалық мүддесіне әсер етпеуі үшін, порт басшылығының ұйғарымынан бас тартып, импортқа әкелінген тауарларды жағаға жеткізеді. Надан саудагер порт билігіне қысым көрсетіп, сауда кемесін портқа жақындатпау шараларын тоқтатуға мәжбүрлейді.Сауда кіргеннен кейін пандораның шайтани жәшігі айқара ашылады. 

Бірнеше күннен кейін қалада оба індеті өршіп, жұғымдалғандар ауруханаларға сыймай, бүкіл қаланы үрей билейді. Жұғымдалғандарды көшедегі тау боп үйілген мәйіттердің жанына апарып тастайды.

Статистикаға сәйкес, Марсельдегі 90 000 тұрғынның жартысынан көбі қырылады. Міне бұл - саудагерлердің топастығының бодауы еді. Бұл туындыда оба кезіндегі порттың жанындағы мәйіттерді тазартатын муниципалды шенеуніктердің қайғылы көрінісі суреттелген еді. 

Бір қуанарлығы, Француз үкіметі қабылдаған қатаң шаралардың арқасында, оба тез тарап, тез жоғалды. Үкімет: Марсель тұрғындары мен басқа жерлердегі адамдар арасындағы кез-келген қарым-қатынас өлім жазасына алып келеді деген қаулы қабылдады. Оқшаулауды күшейту үшін биіктігі 2 м, қалыңдығы 70 см келетін дауал тұрғызып, жұғымдалғандардың сыртпен байланысын түбегейлі үзіп тастады. Әрі оларды қадағалау үшін қатаң күзет қойылды.

Үкімет пен халықтың тығыз селбесуінің арқасында, Марсель халқы обадан тез арада айығып кетті. 1765 жылға қарай халықтыңөсуі бұрынғы деңгейге қайта жетті. Үкіметтің тиімді шараларының арқасында осы жолғы оба, XIV ғасырдағы қара індетке қарағанда тізгіндеуге мүмкіндік берді.

Сондай-ақ, оба туралы картиналардың бірі, Наполеонның Египетке экспедициясы кезінде салынған, неоклассикалық суретші Антуан-Жан Гроның «Наполеонның Яффадағы оба жұқтырған жауынгерлерді көзден кешіруі» деген туындысы еді.

Суретте Нафолеонның әскері Яффада (Израиль) індетке шалдыққан кездегі әйгілі оқиға бейнеленген. Сол кездері, Наполеон ауру сарбаздарын улап өлтіріп, мәйіттерін өртеп жіберді деген қауесет таралады. Сонымен, ашуланған Наполеон 1799 жылы 11 наурызда Яффаға келіп, науқас солдаттардың көңілін сұрайды.

Суретте Наполеон індеттің жұғымдалуынан сескенбей, ауру солдаттардың қолын ұстап тұрып, оларға жанашырлық танытқаны бейнеленген. Сонымен қатар, Яффа қаласының қабырғалары, француз туы мен атыс қарулары, індеттен қаза тапқан жауынгерлердің бейнесін де анық көруге болады. Наполеон осы әрекеті арқылы сарбаздарының рухын көтеріп, өзі туралы айтылған қауесеттерге нүкте қояды.

Кез-келген апатты жағдайда көшбасшының рухани күші мен берік жігері, есі шыққан халықты сабырға шақырып, апатпен тізе қосып күресуге шақыра алатынын көруге болады.

Апат дегеніміз - Сизифтің алып тасы сияқты, онымен шексіз күресуге тура келеді. Айтып келмес ауыр індет тарала қалған жағдайда, алақаныңдағы таныс әлем әп сәтте-ақ бетін бүркеп, әр бұрышта өлімнің қақпаны құрулы тұрғандай сезіледі. Алайда, оба өркениеттің дамуымен қатар жүрді. Ол адамдарға сан-алуан аурулардың пайда болу мүмкіншілігініңкөп екенін, оған қарсы күресудің жаңа тәсілдерін ойлап табуға итермеледі. Сонымен қатар, өмір құндылықтарын өзгертуге,мемлекеттің халық денсаулығын жақсарту тетіктерін көптеп меңгеруге, адамзаттың табиғат тепе-теңдігін сақтау принциптерін көбірек білуіне тікелей себеп болды.

Француз жазушысы Камю Нобель сыйлығын иелеген «Оба» романының соңына:«Қараңғы порттың үстінен ресми думанның алғашқы зымыраны да ағып өтті.» дей келе, «...Өйткені ол мынау шат-шадыман тобыр білмейтін, тек кітаптардан оқып көз жеткізетін жайды біледі. Обаның микробы ешқашан өлмейді де өшпейді және жойылмайды екен...» деп, өзінің авторлық көзқарасын былай деп түйіндейді:«Обаға шалдыққандардың пайдасын көздеп, оларға жасалған әділетсіздікпен зорлықты жалғанның жарығына шығарып, бетін айдай етіп қана қоймай, опат жылдарының неге үйреткенін айту, адамдарды жек көруден гөрі, оларға қайран қалудың негізі көбірек екенін көрсету керек болы.»

Сайып келгенде, әлемді зіл-зала еткен түрліше апаттарды еске алу – адам баласының қайғысын тереңдете түсу емес, қайта ұлы трагедилардың қайталануының алдын алу. Табиғат заңдылығына қарсы шықпай, әлеуметтік келісім мен прогреске қол жеткізуіміз қажет.

Десе де, біз өткеннен сабақ алып, әр істің себебімен күресуге дәрменіміз жете ме?. Болып өткен, болып жатқан ірілі-ұсақты апаттар, адамдардың тарихи қателіктері үшін кешірім сұрауға итермелейді. Мақсат - кінәлілердің кінәсін анықтау емес, бүкіл қоғамның атынан әрекет ету және ешқашан сол қателіктерді қайталамау.

Әгәрәки, бәрін нөлден бастауға тура келсе, оған ауыр апат немесе төгілген қан себеп болмауы керек. Мүмкін саяси бағытты, әлеуметтік ұстанымды өзгерту керек шығар? Кей жағдайда сол қолымыздың күнәсін оң қолымызбен тазарта алмай қалып жатамыз...


Дереккөздер мен суреттер интернеттен алынды.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты