Michael Wood. Үнсіздіктің өзінде де бір үн өмір сүреді

8bab9be9944080fb113811eae5406f08.jpg (634×551)

“Қазір біз екінің бірін таңдауымыз керек!” – деді Мище.

“Қайсы екеуінің бірін таңдаймыз?” – деп сұрады Камие.

“Күйреу мен қираудың біреуін таңдаймыз” – деп жауап берді Мище.

 С.Беккет: «Мище мен Камие»


С.Беккет үшін айтқанда, ақылдық комедия дегенің ақыл айтудан бас тартқан комедия. Бұл ойдың екі астары бар: бірінде, біздер өзіміз білуге мүмкіндігіміз шамалы дүниені білуге ұмтыламыз — енді бір сөзбен айтқанда білмейміз, бірақ, білгіміз келіп тұрады. Екіншіден, əлгіндей білуге деген құмарлықтан кейін, өзіміз білмейтін дүниенің ұшан теңіз екенін шын мəнінен сезіне бастаймыз. С.Беккет осы арқылы біздің білеріміз қаншама аз еді дейді. Ол бізге осылай деп кесетіп отыр. Біз бұған дейін де біздің “білеріміз шамалы” деп көп айттық, десе де өзіміз өтпелі дүние болғанымыздан тек асыра сілтеушілігімізбен ғана болмасты болдырғымыз келді. С.Беккеттің қаламынан туған дүние əу бастан-ақ кем-кетікке толы дүние болып келеді, уақыттың өтісімен оның өзі арқауынан сөгіле бастайды, бірақ, оның өзін мүлде жоғалтқан кезі болған емес. Үнсіздіктің өзінде де бір үн өмір сүреді — ешкім сөйлемеген жағдайда да, біреу саған “мұнда адам жоқ!” деп сыбырлайды — бейне адам жоқ деген қараңғылықтың өзінде де адамның келбеті жəне əлде бір сəуле бардай сезіледі. С.Беккеттің шығармалары өзіне тəн ерекше бір қасиетімен сахналануға бейім тұрады. Айталық, «Мен емеспін» (1972 жыл) де сахнаның көлемі сахнада тартылған бұлдағы адам аузының көлемімен айқындалып тұрады. Осы пьесаның телеэкрандағы нұсқасында сахнадағы ауыз ерекше зораяды да, бүкіл экранның бетін жауып кетеді. «Кино» (1969 жыл) пьесасында, түсірушінің тұрғысы айтылар ойдың қыры мен сырын саралайды. Ал, радио пьесасы «Аяқ дыбысында» шынымен аяқтың дауысы естіледі, бірақ, шығармадағы үнсіздіктің ішкі ырғақ екені, жазушының жетпек болған түп мақсаты да сол екені аңғарылып тұрады. Шығармашылықтағы осы үлгілерден біз ақылдық сараптаудан бас тартуға деген ерекше адалдықты байқаймыз, кейде оның бəрін шешетін құдіретті күштей сезіліп кететіні де бар, оны шырылдаған шындық десек те болатындай, мəселе, тек біздің сол шындыққа шынымен дəл сондай жақындап бара алатын-бара алмайтынымызда. Біз бұнда С.Беккеттің соңғы шығармаларын төңіректей сөз етіп отырмыз, себебі, осы шығармаларда ақылдан бас тартудың алуан түрі көрініс тапқан. Мұнда айта кетуге тиісті түйін С.Беккеттің шығармалары қай тұрғыдан қарасаңда, бəрі бірдей дүниенің арқауынан ажырауға қарай бет алғанынан дерек береді, мұндағы парық тек ол қадамның үлкен-кішілігінде ғана жатыр. Мұндағы дүниенің өзі аңғартып тұрғандай адамның ішкі жан дүниесі екені анық, дегенмен онда да заттық дүниенің болмысы бар (заттық дүниенің күші бұл арада мардымсыз болғанына қарамастан) — ол бейне XIX ғасырдың романдарындағы əлсіздік сияқты əлсіз... Біздің əдебиеттегі бұл өлкеге прозадан айрылған проза деп ат қоюымызға болады.

С.Беккеттің өзі ұнатқан көрінісі «Клаперттің ақырғы таспасында» айтылатын “келешектегі бір күннің түні”. Келешек — бара қоюға болатын жер емес, оны уақытқа да жатқыза алмайсың, ол тек қана жорамал, бір түрлі мүмкіндік немесе селт еткізер сезік. Біз оны миымызда десеке те болады, С.Беккеттің кейіпкерлері соған келісетіндей:қиялға берілген бір “баста”; “солай, біздер бір қиялдың ішіндеміз”; “бұл ми деген жындыхана, одан басқа емес”; “мүмкін біз бір бастың ішінде шығармыз, бұл ара құрт кеміріп өтуден бұрынғы ми сияқты қараңғы, піл тісіндей берік екен” – дейді С.Беккеттің кейіпкерлері. Дегенмен мұнда айтылған дүниеде бір дүние емес, қайта, ол бүркемелілік, зерденің шалғайында жасырынған кеңістік. Біздің мұнда осы қарапайым стлистиканың қақпанына түсіп қалмауымыз өте маңызды. Кезінде «Аты өшкен адам» (1953 жыл) романындағы кейіпкер өзі жеткізе алмайтын дүниені жеткізуге тиіс болғанда “осының бəрі қарапайым нəрсе” –дей салған болатын. Бұл жоқ жердің немесе тозақтың аты да емес, қайта тозақтың маңайы, онда “жаратушыға да, жауларына да сенбейтін адамдар” тұрады. Бұнда С.Беккет Дантенің сөздерін мысалға ала отырып өз ойын түсіндіре кеткен. С.Беккеттің дүниесі міне осындай тозақтың маңайына жататын дүние, дегенмен ол қиялдан өрілгенімен ерекшеленеді. Содан да ол болашақтың мəлім бір күніндегі тіршіліктің ақырғы шегін, сондағы адамдардың өзінің барлық мүмкіндігінен айрылып қалған кейуана кейпінен ой түртеді. “Іріп-шіріген жым-жырт дүниеде жатып, мен өзімнің өтіп кеткен күндерімдегі шымшытырық шақтардың елесіне баттым, менің өмір дегенім сол екен . . . Іріп-шірудің өзі өмір екен, мен соны білдім, сездім, мені енді азаптай берме” – дейді Моллой.

Десе де С.Беккеттің шығармаларынан да өмірден алудың ізін табамыз. Ол қабырғасын қалаған дүние тұтастай қиялдан өрілсін немесе елестен тұрсын, дүниенің өзі қиқым сияқты паршаланған, керексіз, қарапайым, түсініксіз əрі қатігез болып сыпатталсын, бəрібір өмірдің қағазға түскен бейнесі. Жазушы қаламынан туған дүние жиі өзгеріске ұшырап тұрады, солай да онда үлкен бет бұрыс болмайды, қайта өзгеше бір еркіндік орын тепкен. “Жəй нəрсе, қарапайым нəрсе - дей салуға болады, алайда, шындығына келсек бұдан өткен күрделі нəрсе жоқ” – дейді «Моллой» (1951 жыл) романындағы Моран. С.Беккеттің дүниесі оның өмірдегі қиялынан туған, содан да ол шығармалардағы дүние қашанда бақылау мен баяндаудың астында тұрғандай сезіледі. “Мүмкін, оны мен жаратқан шығармын” –дейтіні бар Моллойды Моранның, – “айтайын дегенім мен оны миымның бір қуысынан таптым да тани қойдым”. Қалай құбылсын, бəрібір біз жасап жатқан дүние С.Беккет шығармаларында жиі-жиі төбе көрсетеді. Ол жазушының ақылдық санасының ұсақталуынан тұрған дүние. С.Беккеттің соңғы кездегі шығармаларында бұл дүние тіптен күңгірттеніп, адам мен оқиғаға орын қалмады. «Қасірет қуаныштан күштірек келеді» (1934 жыл) да кейіпкер Белка Берлинде тұрады, ол жүрген көше де, шарапхана да, тіпті Малахайдені қастамақ болған адам да анық көз алдыңа елестейді. «Морпида» (1938 жыл) бас кейіпкер айна қатесіз Уест Бромртон қонақ сарайының шарапханасында отырады. Ал, «Уат» (1953 жыл) «Моллой», «Мореннің өлімі» қатарлы шығармаларда кездесетін орта күңгірттесіп мүлде танылмай кеткен, бірақ, оның біздің дүниемізбен қым-қиғаш байланыста екені аңдалып тұрады, тіпті одан бір секірсең болды, біздің дүниеге топ ете түсетін сияқтанып тұрасың. Ондағы бір кейіпкер Лондонды ауызға алса, енді біреуі Х.Гелинді (Германия фашистерінің көсемдерінің бірі, А.Гитлердің үзеңгілес серігі) атайды.

Маңыздысы жоғарыдағылардың бəрі кейіпкерлер, олар оқиғаның ішінде өмір сүреді, сол оқиғаны жеткізуге ынталы болып тұрады. Олар (бұл қатарда С.Беккет те бар) оқиғаны формадан, мəннен, тіпті əлде бір тұрлаусыз үміттен ары асырмайды. Ұқсамастық міне осыдан тебітіп шығады. “Оқиғаның қажеті жоқ” –деп жазған С.Беккет «Ештеме жазылмаған тексте» (1955 жыл), - “оқиға сөзсіз қажет емес, ол тіршіліктің бір кезеңі”. С.Беккеттің соңғы шығармаларында — «Құдіретінен айрылған қиял» (1965 жыл), «Піңк» (1966 жыл), «Тіпті де аз» (1969 жыл), «Жоғалып кетуші» (1971 жыл), «Бір реткі ақырласу үшін» (1975 жыл), «Серіктес» (1980 жыл), «Қате көріп, қате айту» (1981), «Көз алдыда» (1983 жыл), «Ой түйнекте» (1988 жыл) — кейіпкер кездеспейді, тек көз алдыңда көлбеңдеген тіршілік тынысы бар заттар жүреді; оқиға жоқ, есесіне елес бар. Бұл шығармалар дүниеден сыр шертеді, бірақ, онда бары “тіршіліктің бір кезеңінен де” əлде қайда аз; айтары да қоңылтақсыған қиялдың есеңгіреген көрінісі сияқты:

“Ол арада тіршіліктен із қалмаған, сен айтшы, түйт, бұнда еш қиындық жоқ, қиял әлі құмда қиырлаған жоқ, солай, өлді, жарайды, құдіретінен айрылған қиял. Арал, сулы алап, жасыл дүние, көкорай, жылт етіп жоғалған дүние, түгеп бермейді, жоқ болып кетті.” 

(С.Беккеттен)

 

Өмір аяқтайды, одан кейінгі кезек қиялға, қиялдағы көгілдір дүниеге, сулы алапқа, жас өскін қиялға келеді. Бірақ, тіпті осы шеке жеткеннің өзінде де мəлім дүние тағы да орнында қалады, ол дегенің қиял күшінің сəулесі жəне қалам иесінің талқылайтын рухы. С.Беккет осының бəрін назарға алған, содан да оның сөздері əлде несі түсіп қалған, жартыкеш болып келеді, оның көрген дүниесін толық сыпаттап беруден бас тарта беретіні де сондықтан. «Құдіретінен айрылған қиял» да, қалықтап жүрген елес ақ түсті алып домалақ бітеу дүниені көреді əрі оны суреттеп береді (“кірер аузы жоқ, кір де, өлшеп шық”), онда екі адам сұлбалы дене бар, бірі еркек, енді бірі ұрғашы, олар арқаларын тиістіріп бүктетіліп жатады, қозғалмайды, ұйықтап жатқан да жоқ, өліп те қалмаған. Домалақ бітеу дүниенің темпратурасы бірде жоғарлайды, бірде төмендейді, жарық та бір өшіп, бір жанады. Осыдан кейін елестің “өткір жанары” “өте əлсіз күйдегі дегбірсіздік” таниды:

 

“Оларды жан шыдамастай ыстық әрі суық орынға қалтырған, бұдан басқа кез келген жер бұған қарағанда жақсырақ болар еді. Жоқ, өмір аяқтаған, енді бір жағынан өмір аяқтаған да жоқ, бұдан басқа жерде ештеме де жоқ, енді ақ түсті домалақ мекеннен көрінген әлгі ақ дақты таба да алмайсың, олардың боранды, қалықтаған ақ қар басқан дүниеде екенін де анық айыра алмайсың, немесе олар ақ қардың құшағында, болмаса қара түнекте, олар сұлап жатпаса, енді қалай тұр”

(С.Беккет)

 

С.Беккеттің кейінгі прозалық шығармалары “өлім туралы қиялға” қайрылып соға береді:

“Осылайша ақырласу үшін (шығарманың аты да осы сөйлемге ұқсап кетеді)адам басын тұйықталған әрі тастай қараңғы жердегі тақтайдың үстіне қояды да әлде нені күтеді. Ұзақ бір мезгілден кейін, әлгі ортада өз мәнін жоғалтады, соңынан бас қойылған тақтай да ғайып болды”.

(С.Беккет)

 

Əуелгі айтылған жер ғайып болады да, оның орнынан өзге бір сұрғылт дүние пайда болады. Кішкентай адам порымдас біреу тозаңға ұқсаған сұрғылт құмға балтырына дейін батып, тозған дүниеде өзінің баспанасы деген тұрағында мүлгіп отырады. Зəмбіл көтерген, ағарған екі ергежейлі оған жақындайды. Олар жетпей жатып əлгі адам тұрған орнында сұлап қалады. Екі ергежейлі де аяздан жаурап немесе өліп қалғандай мелшиеді, олардың ортасында зəмбіл тұрады.

“Бұл сонда зәмбіл мен ергежейліден тұратын кішкентай денесі сұрғылт тартқан кең алапты мөлшерсіз құм ораған тозақтың күрсінгеніндей леп есетін ақырғы сәт пе екен.”

(С.Беккет)

 

Дегенмен бұл əлгі тақтайға қойылған бастың соңғы сəті немесе ақырғы түйсігі емес. Қатігез парасат та қашанда мөлшерлегенімізден əлде қайда көп дүние қамтылып жатады, қиялдың келер көкжиегі дегеніміз Гамлеттің өлгеннен кейінгі ұйқысы сияқты, оны түстің желпіп өткен қанаты мəңгілік мазалай береді.

Аударған: Гүлнар Ақан

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты