Поль Гоген

6edfc991ac108dd6b133c99729ddc4fd.jpg (1200×865)

Терезені аштым. Бөлме ішіне жел кірді. Төменде бейтаныс қала жатыр. Күн болса шатырлардың үстіне шығып алған. Дауылдан кейінгі топырақтың иісі танауға ұрады.

Мен шөлмек құмырадан кемелер сапарының уақыты тізбеленген кестені (бір жапырақ жылтыр жасыл қағазды) алып шығып, артына былай деп жаздым:

«Кезбе болу, жолыңда кездескеннің бәрін: тұманды, ауру мен уайымның табы қалған жандардың жүзін, ешкім оқымайтын өлеңдерді жинау және осы туралы ләззаттана ойлану, түсіңдегідей қалыптан тыс образдар табу, сосын дәл осы қағаз бетінде екінші өміріңді бастау. Шектен тыс аяр әрі ес-ақылы толыспаған қоршаған орта үшін өз әлеміңді жасау. «Өз жаныңның шарайнасына үңілсең ләззатқа шым батасың. Махаббатпен рухтанған сенің жаның ақиқаттың сәулелі қолдары санаңның пердесін түріп тастайтын алыс шыңдарға қарай самғатады һәм оны бағындырады».

Мен бұл парсы нақылының тұңғиығына қажет десеңіз сағаттап тереңдеген үстіне тереңдей беруге бармын.

Кездейсоқтық жайында көп ойлаймын. Міне, кішігірім майлы эскиз. Бұл менің әмиянымда жатқалы қашан. Төменгі жағында қара сиямен «Гогенге - Винклер» деп жазылған.

Гоген.

Осы бір жанның өмірі жайлы ойлана бастаймын.

Гогеннің көгілдір шашты испандық анасы – мексика даласында шөлден қаталап өлген теңіз қарақшысының шөбересі болатын. Жез латтардың сыңғыры, алтындар, иә, аты мәшһүр алтындар, сосын шарап пен мерез оның осынау католик жанұясының өткен тарихын түгелдей белден сызып тынды. Ол ұлын иезуиттік мектепке берген. Гоген онда латын тілі мен гимндерді оқыды, бейкүнә пішінде құрсаққа бала біту мен Иса қанының бургундық шарап болып қайта түрленуімен танысты. Оның бойында – арық, ашаң дінбасыларында, олардың желбегейлері мен аңқыған алақандарында, рухтарында әйтеуір қайырымсыз ата-бабаларынан қалған бір дүние болды. Католик дінбасылар әулие Петрдің ұлы империясының басқыншылары-тұғын.

Ол мектептен атеист болып шықты. Сол уақыттарда теңізшілік кәсіппен де айналысты. Шетсіз-шексіз кеңістік оны ата-бабаларының күңгірлеген әуезімен шақыратын да тұратын. Тропикалық кештердің майлы қызыл бояумен салынған суреттері, дәл осы тропикалық даланың қолақпандай һәм көл-көсір алтындары, ойдан шығарылмаған экзотикалық тынысы ... әйнекке түскен сызат секілді Гогеннің жады арқылы өтті. Сағым сынды бұлдыр әрі жырақтағы сағынышты өмір бойы арқалап жүру, оның үстіне осы бір аңсарын жап-жаңа бояулар арқылы жеткізу оңай деймісіз?!

Гоген сынды қалампыр түстес тотыққан жүзді, жанарынан сары уызы сырғанаған ойнақы көзді париждік дамымаған, қарабайыр ойлы қоғамның мүшесі болып өтті.

Кемеден ауысып барған банктегі жайлы қызметін, жанұясын, Париждің тыныш орамындағы жасыл перделі кішкентай үйін, өзен жағасындағы жексенбілік серуендерді, бәрі-бәрін...үйреншікті кәдуілгі дүниедей әп сәтте кедей суретшінің ғұмырына айырбастай салды. Лас жастық қап, қырылмаған иек, бульварлардағы сан-сапат жабысқан жарнамалар және алғашқы бола тұра тым сүркейлі суреттер. Міне, оның мансабының бастауы.

Оның Құдай мен мәдениетті су қаны сүймеді. Олардан құдды бір жылтырлық пен жансыздық, суықтық сезді. Қалада ғұмыр кеше тұрып, тым құрыса жұлдызды аспанның сызбасын да білмеу – сорақылық қой. Парижден қашып құтылар алдында ол осылай деген еді. Парижден қашып, ұлық адамдарға арналған Тынық мұхитындағы Таити аралына табан тіреді. Иә, қашты. Қашып бара жатып, ендіктер мен бойлықтардан аттағанда мәңгілікке жараланды.

Күн оның картинасындағы бояуларды ерітіп жіберді. Көздің жауын алатын жарқыраған, бақытты шақтың белгісіндей бояулар кенептен кенет төгіліп кетті. Қара кеңістік, сәбидің денесіндей қоңыр топырақ, үшкір үрпілі бойжеткен, қабырғадай ауыр толқындар. Лимонда, кешкі мимоза мен әйелдердің бөксесінде жалтыраған алтындар.

Ол жазды, жазған сайын қолын безгек қалтырата түсті. Тоқтады, кенеп пен қолындағы құстың қауырсынына көз салды да, Інжілдегі әлемнің жаралуы туралы баянға алғаш рет нанды. Бұрын-соңды жаратылмаған, қалың бояулармен әдіптелген үнсіз әлем – осынау данышпан үшін тым қорғансыз тәнге ашкөздікпен қарады.

Ол дүниеден өтті, оның әйелі – таитилік қыз шаштарымен оның көзін жапты. Жел желпіп өтті, аралдардың үстінен ақ бұлттар көтерілді. Гоген бір сәтке қалғып кеткендей ғана болды.

Жабайылар жылап жатты. Келбеті келіскен ақ нәсілді адам өлді. Оларды, таң шапағына малшынып жататын аралды бойындағы бар ашуымен өзіне ұқсайтын өзге бір ақ нәсілділерден барын сала (өзінің саяси жүйесімен, түсік тастауымен, арақпен, есеп-қисабымен) қорғаған дөңгелек көзілдірікті жан өлді.

Дүниеден өтеріне дейін Гоген батыстықтардың басқыншылығынан қорқып өтті. Батыстықтар болса қалтасындағы алтын сырғалар мен моншақтарды сайлап алып, жәй ғана, ың-шыңсыз жер бауырлап жылжыды. Құмарлық олардың бойынан іріңді у болып тама бастады, қыздар қызғылт сары кеуделерін арзан шытпен жауып, теңіз суы мен бақалшықтарға мінәжат еткен аралдарда ремингтондар (қару-жарақтар – ауд.) сатырлай бастады. Гоген өзінің екінші отанына бірде-бір еуропалықтың аяғының аттап баспауын қалады. Ол екі жақтың күштері тең болмаса да, Еуропаға қарсы майдан ашты. Ал бұл бүлікшіні, шегеленген айқышын тепкілеген қарғыс атқан жанды аббаттар шіркеудің ең адал перзенті деп танып, католиктік әдет-ғұрыптарға сай сән-салтанатпен жерледі.

Адамзаттың балалық шағының қайта жаңғыруы туралы мәңгілік ойларымен арпалысқан, көздері мұңға толы, теңізші кеуделі, қолдары бояу мен шайыр аңқыған, сәби жанды Гоген өз өмірдін осылай аяқтады.

Мәскеудегі Щукин сарайының ақшыл кілеммен әдіптелген жып-жылы залдарынан менің оның кенептерін көрдім. Төменде қолтаңбасы қойылған:

Paul Gauguin.

Оның автопортреті есімде. Шығыңқы бет-сүйегіндегі жылтыр, қара көздері сабырлы әрі қатал көрінген. Ал терезенің арғы жағында тып-тыныш жапалақтап жауып тұрған Мәскеудің қары бұтақтар мен шіркеудің ернеулеріне құлап жатты.

Адамдық деңгейдің биігіне көтерілген, ұмытыла бастаған данышпандар өздерінің шалағайлығымен біртұтас, балалар сияқты ерекше, балалар сияқты қыңыр-қисық.

Небір кезбелер мен ақындар есімде. Жоқшылық, бір кесе сұйық кофе, ұлы жетістіктердің қуанышы және ең мықтылардың өзінің кем дегенде жүректерін тот бастыратын айықпас мұң. Олардың тағдыры – көзді дымдандырып, жалғыздардың көңілін аласапыран ететін оғаш кітаптар.

Әркім өзінде кемеңгер болар мүмкіндігін сақтайды. Бірақ жол қиын. Мен жан дірілін жақсы білемін. Ол күтпеген жерден, кейде әлдебіреулермен әңгімелесіп жатқанда, кейде ойға шомып отырған түн ішінде немесе ұйқылы-ояу айлақтың тыныш таңында келеді. Мен сонда осы адамдардың тағдырынан қорқамын.

 

Авторы: Константин Паустовский

Орыс тілінен аударған: Еділбек Дүйсен


Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты