Thomas Hobbes әлемі және ақкөңіл қазақстандықтар

Коммунстердің бейіш орнатамыз деген жалған идеологиясы шатқаяқтап, Кеңес одағы ыдыраған тұста, бір нәрсе анық болды. Кеңес одағының барлық тұрғыны Thomas Hobbes айтқандай «натурални адам» екен. Олар ештеңесі жоқ аш-арық кедей адамдар. Сонымен бүкіл кеңес адамы қираған үкіметті, мемлекетті тонауға жалпы беттік бас қойды. Сол қатарда қазақтар да бар.

Сонымен не болды. Біреулер қолдарындағы мүмкіндікті жақсы пайланып, барынша ұрлады. Енді біреулер, басым сандағы адамдар соңында бәз баяғысындай көк тиыны жоқ  кедей болып қала берді. Бұл қанталапайды және мұндай кезеңде неге көңіл бөлу керектігін Thomas Hobbes айтып кеткен. Ол мұны: «қум сияқты шашылған, басы бірікпейтін, бірігуге мүмкіндігі жоқ, біріге де алмайтын барлық адамның барлық адамға қарсы жан алып, жан берген мейірімсіз күресі» деген. (Абайдың «жеп жүр ғой, біреуінің біреу етін...» дегені бар. Абай өз жасаған дәуір мен қоғамын анық таныған, түсінген ғой) Бірақ, жұрттың осы шындықтың бетіне тура қарауға түсінігі болған жоқ. Оның орнына тәтті өтірікке, жалған сөзге сенді. Биліктегілердің, үкімет басқарғандардың әзәзілдігін тани алған жоқ. «Бізде ортақтық бар, біз мемлекет құрып жатырмыз, ол маған қарайлайды, біз отандаспыз, біз бір ұлтпыз, қарасады, мені ойлайды, байлықтың бәрімізге ортақ екенін біледі, менімен бөліседі...» деп сенді. Бұл жердегі негізгі түйін біреулердің алдап, енді біреулердің алдануында. Алдану мен алдаудың жүзеге асқанында. Жұрттың бәрі алдауға көнбегенде немесе өзін өзі алдамағанда, бүгінгі мына бейшара тірлік болмас еді. Тоқсан тоғыз пайыз қазақстандықтар тақыр кедей болып, бір пайыз адам шылқыған бай болып отырмас еді.   

Ал шындығында елді 30 жыл басқарғандар мен оның атқосшылары (естуге қарағанда 361 адам дей ме?), мемлекеттің бар байлығын жекешелендіріп алып қойды. Ал қалған жұрт бәрінен жұрдай болып отыр. Неге бұлай? - деген сұрақ бар. Жауап жоқ.

Басты себеп біздерде, әсіресе әлгі 361 адамнан басқа қазақстандықтарда адамзат қоғамының заңдылығы туралы түсінік болған жоқ. Егер барлық қазақстандықтар Thomas Hobbesтың не дегенін білсе, олар Кеңес үкіметі құлаған тұста мемлекет меншігінде қалған, өздеріне тиеселі байлықты айдың-күннің аманында суайт Ұрыларға – Қазақстаннан «Кувейт жасаймыз, бәрің шылқып өмір сүресің...» деп қойып, бар байлықты үптеп кеткен, жекешелендіріп алып, оны шет ел асырып, бәрін жылан жалағандай етіп, жұртты тақырға отырғызуға әсте жол бермес еді. Өтірікке сенбес еді, соңғы тиынға дейін  таласар еді. Әр бір қазақстандық өз үлесін қорғай алатын еді.

Бірақ, бір нәрсе анық. Ұрылар ендігі жерде өз мүддесін, ұрлаған ақшасын қорғау жолында ештеңеден тайынбайды. Соны біліп қойған дұрыс.   

Бірақ, қазақстандықтар әлгі өтірікке әлі де сенеді және сене бермек. Ұрлыққа жол беріп қарап отыр береді. Шындықтың бетіне тура қарайтын мүмкіндігі жоқ. Бар байлықты ұрап жекешелендіріп алған пысықайлар осыған риза. Осы түйін анық болса, ұрлаған дүйнені біржола өзіне сіңіріп және қалған байлықты жалғасты ұрлай беруге мүмкіндік бар. Бәрі баяғы сенари бойына жүре береді. Осыдан артық не керек оларға?! Себебі пысықтардан басқа жұрт Thomas Hobbes айтқан өздерінің «қум сияқты шашыраңқы... барлық адамның барлық адамға қарсы жан алып, жан берген мейірімсіз күресінен» туратын қоғамда жасайтынын білмейді. Ал әлгі пысықтар мұны жақсы біледі. Не істеу керек екенін де жақсы меңгеріп алған. (қазақты жақсы білетін Абай тағы да айтқан ғой: «көпте ақыл жоқ, ебін тап та, жөнге сал...» деп)

Надандық, білімсіздік біздің түбімізге қалай жеткен, а?! Басқаны қойғанда Абайды дұрыс оқысақ мынадай аузы ашық көрсоқыр болмас едік.     

E.Bolatkhan

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты