Vargas Llosa: Біздің прозаиктер қашанда көп жазған...

7d6b26731852780ef00a4f180f22d898.jpg (940×592)


V.Llosa — өткен ғасырдың 60-жылдарында әлем әдебиетін дүр сілкінткен Латын Америкасы «әдебиет қопарылысы» дәуірінің белді өкілі, Перу-Испан жазушысы. 1995 жылы М.Сервантес атындағы және де Еуропа мен Латын Америкасының басқа да беделді әдеби сыйлықтарына  лайық деп танылған талантты қаламгер. 2010 жылы әлемнің ең мәртебелі марапаты Нобель сыйлығының иегері атанады. 
1986 жылы мамыр айында бразилиялық тілші Д.Сади Перу жазушысы М.Льосамен әдебиет, өнер, тарих, саясат және т.б. тақырыптарда үш күнге созылған ұзақ-сонар сұхбат өткізген еді. Әсерлі әңгіменің әдебиетке қатысты бөлігі төмендегіше өрбиді.

 Аударушыдан

 

– Сіз жұртқа белгілі жазушысыз. Оқырман шығармашылығыңыз жайлы: қазір не жазып жатқаныңызды және нені жазғыңыз келетінін білгісі келеді. Десек те, сөзді басқадан бастағым келіп отыр. Қандай кітаптарды сүйіп оқисыз?


– Соңғы жылдарда мен көп өзгердім. Байқаймын, көзі тірі қаламгерден гөрі, о дүниелік авторлардың шығармашылығына жиі үңілемін.  XX ғасырдың авторына қарағанда XIX ғасырдың жазушылары көбірек қызықтырып жүр. Саясат пен тарихқа қатысты кітаптарға да ықыласым айрықша. Неге бұлай болғанын білмеймін. Мүмкін қолға алған жұмыстарым себеп болған шығар. Албырт шағымда, нақтырақ айтсам, 15-18 жастағы кезімде, дүниеде кітап біткеннің бәрін оқып тауысатындай сезінетінмін, ал қазір оған уақытымның жоқ екенін аңғарамын. Содан да таңдап, талдап оқуға көшкен сияқтымын. Өз тұстастарымның кітаптарына көп уақыт бөле алмай жүрмін.


– Тірісі болсын, өлісі болсын, модернист жазушылардың ішінде кімнің есімін ерекше атар едіңіз?


– Жас кезімде, жүйелі зерттеген және өзіме үлгі тұтқан жазушым Жан Поль Сартр еді. Тіпті бір кездері мен Сартрдың өлермен оқырманы болатынмын. АҚШ қаламгерлерінен «Мәңгірген бір ұрпақты» жаныма жақын санадым — Фолкнер, Хемингуэй… Аталғандардың ішінде, әсіресе, У.Фолкнерге деген «махаббатым» ерекше. Фолкнер жас кезімде де, қазір де сүйіп оқитын, жалықпаған бірден-бір жазушым. Айталық, Э.Хемингуэйді, Ж.Сартрды қайталап оқыған кезіңде, ондай сезімге кенеле бермейсің. Сартрдың толық жинағын қайталап оқыдым, қазір оқымаймын, себебі оның прозасы ескірді, ал зерттеу еңбектері мен мақалаларының біразында парасат-пайым бар. Көбісі өзіне-өзі қайшы келетін, түсініксіз, бүгінгі уақыт талабынан шыға бермейтін дүниелер деп ойлаймын. Ал Фолкнер ешқашан ескірмеген, ескірмейді де.


– Сіз бір сөзіңізде «Фолкнердің шығармасын қолыма қалам алып отырып оқимын» депсіз. Бұл нені білдіреді?


– У.Фолкнер – кітабын оқығанда алдыма қағаз бен қарындаш қойып оқитын бірінші авторым. Себебі оның шығармасы жақсы прозаға тән шеберлікке тұнып тұр. Мен әу баста прозаға келіп, үйренсем деп құныға оқығанда, бұл туындылардан шығармадағы уақыт пен кеңістіктің орнын, олардың өзара қатынасын, қалай қиысатынын, оқиғаны құраудың сан түрлі соқпағын, сол барыста нелерді көрнектілендіріп, нелерді қалдыруды, оқырманды жетектеудің жолдарын, қайшылықты шиеленістіріп таратудың шеберлігін кездестірдім. Бұл жағынан Фолкнердің алдына түсетін осы ғасырда да, өткен ғасырда да екінші бір жазушы жоқ десем, артық айтқандық емес. Меніңше, біздің толқынды, жалпы  Латын Америкасының «жаңа прозасын»  Фолкнерсіз көзге елестету мүмкін емес нәрсе. Әдебиет майданына алғаш қадам басқан біздер Фолкнерден көп нәрсе үйрендік. Бір жағынан, оның шығармаларына арқау болған АҚШ-тың оңтүстігіндегі өмірдің біздің тіршілік ортамызбен ұқсас жақтары өте көп.  Кейін мен оқитын кітаптардың тізіміне Г.Флобер, О.Бальзак, Ф.Достоевский,  Л.Толстой, Ф.Стендаль бастаған XIX ғасырдың жазушылары қосылды.


– Ал Латын Америкасының жазушылары туралы не айтасыз?


– Латын Америкасы жазушыларының шығармасын 1958 жылы Испанияда жүрген  кезімнен оқи бастадым. Кейін оқытушылық жұмысыма байланысты бұрынғыдан да жүйелі оқуыма тура келді. Әдебиетке мен басқа мамандықтан келген адаммын, содан да болар кітапты құмарта, көп оқитынмын. Соның ішінде бас алмай оқыған авторларымның бірі — Хорхе Луис Борхес. А.Карпентьер, Х.Кортасар сынды  қаламгерлердің де кітаптарымен бұрын таныс емес едім.  Олармен Испанияда жүріп таныстым. Үлкен  жазушылардың шығармаларын қалдырмай оқуға тырыстым. Г.Маркестің атын сол уақытқа дейін, тіпті естімеппін, бірақ кейін құныға оқыдым, тіпті ол туралы «Г.Маркес: Исаға қастандық жасаушының қылмысты тарихы» деген монография да жаздым (1971ж.). Университетте сабақ берген шағымда XIX ғасырдың жазушыларын жүйелі оқуыма тура келді. Дәл сол кезде мен біздің Латын Америкасында көзге түспей келе жатқан талантты жазушылардың көп екенін, Самита сияқты өте талантты қаламгерлер жаңа ұрпақ жазушылардың биік деңгейге көтерілуіне үлкен ықпал еткенін аңғардым.


– Сіз Хорхе Луис Борхесті ұнатып оқисыз, солай ма?


– Иә. Егер бір жазушы таңдауға тиіс болсам, мен сөзсіз тек Борхесті таңдар едім.


– Неге?


– Себебі Борхестің жазғандары – оған дейін ешкім ашпаған тың дүние. Жаңалығын былай қойғанда, ондағы шексіз қиял мен шалқар білім – тек Борхеске ғана тән даралық. Әсіресе, мәдениет туралы ойлары, оны жеткізу жолдары өзгеше. Борхестің тілі Латын Америкасы әдебиетінің соған дейінгі сөз алысын өзгертті немесе жаңартты десем, асыра сілтеп, асылық айтқаным емес.  Испан тілі — табиғатпен етене байланысқан, сөздік қоры мол, сөйлемдері көл-көсір, лексикаға барынша мән беретін тіл. Біздің прозаиктер қашанда көп жазған. Сонау Сервантестен бастап қазірге дейін солай. Алайда Борхес керісінше: шағын, ықшам, дәлдікке жүгінген стильдің иесі. Оның шығармалары қашанда парасат-пайымымен бөлекшеленіп, оқырманына шабыт сыйлап тұрады. Меніңше, Борхес испан тілінде ғана емес, күллі әлем әдебиетінде аз ұшырайтын ұлы қаламгер.

Борхестен өзге сондай-ақ мексикалық ақын В.Пастың шығармашылық шеберлігін де жоғары бағалаймын. Ол тек мен бас иіп, құрмет көрсететін дарынды ақын ғана емес, ұлы прозаик, сыншы, теңдессіз суреткер. Пастың жазбаған тақырыбы жоқ деп кесіп айта аламын, ол өнер туралы да, саясат туралы да өндіріп жазған қарымды қаламгер, үлкен ойшыл адам. Сол себепті оның шығармаларын өзіме жақын ұстаймын.


Аударған – Ардақ Нұрғазы

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты