Әнуар Әлімжанов. Талант парасаты
Қазір, XX ғасырдың 60-жылдарының ақырында, қазақ топырағында Мұхтар Омарханұлын үлтымыздың данышпан перзенті санап, оның есімін үлкен қүрмет, зор мақтанышпен атауымыздың сыры неде?
Қазақ халқы, оның ұлы перзентгері, халықтың өз жарқын келешегі үшін ғасырлар бойғы күресі туралы Мұхтар Әуезовке дейін де аз жазылмап еді ғой.
Қазақ топырағы бұдан мың жыл бұрын әлемге «Шығыс Аристотелі» аталған философ Абу Наср Мұхаммед Аль Фарабиді, астроном әрі математик Жаухариді бергенін басқа елдердің ғалымдары мен тарихшьшары жақсы біледі. Сонымен қатар олар бізде ірі тарихшылар, жылнамашылар, атамзаманда білімге деген құштарлығымен аты шыққан Фараб, Отырар, Сығанақ, Жент, Тараз сияқты қалалар болғанына да қанық.
Ақыры, Абай мен Махамбет болды, бұдан жүз жыл бұрын Ыбырай Алтынсарин өз мектебін ашты, ал Шоқан Уәлиханов болса — өз топырағының тарихын мұхиттың арғы жағьндағы ғалымдарға жеткізді. Олардың әрқайсысының қолында өз шамшырағы, парасат шамшырағы болды. Олардың әрқайсысы өз туған ортасына мәдениет сәулесін әкелуге талпынды.
Ендеше, бүгін біз өз халқын басқа ұлттарга таныстыру жөнінен Мұхтар Әуезовті неліктен түңғыш із салушы деп атаймыз?
Бүл сұраққа жауап беру үшін аз-кем шегініс жасауға тура кеп түр.
Аравия теңізінде Элефант аралы бар, Бомбейден айтарлықтай алыс емес. Бір кезде Еуропа жаугершілері Үндістанға жорықты осы арадан бастаған. Олар келместен көп бұрын таудың тасын қашап, жер астынан храм салған. Мәзін-қазилердің басшылығымен үндінің айтулы суретшілері мен мүсіншілері жер астының қараңғы қапасында қамалып отырып тастан құдайлардың кескінін қашаған. Кейін жер асты храмына келген адамдар құдайлардың айбатынан ығып, амалсыз бастарын иген.
1965 жылы май айында, ертеңгілік тауап етушілер мен әулиелердің жоқ кезінде әлгі храмға бардым.
Үлкен есіктен түскен сәуле тас мүсіндердің жансыз жанарларынан қаймыққандай бүйығы тартып, зал ішін бұлыңғырландырып түр.
Гидтің әңгімесін тыңдап болып, кетуге ыңғайланғанымызда қатпар-қатпар таудың әлдеқандай жарығынан жырылып түскен жіңішке сәуле шағын хауыздағы су бетіне айнадай шағылысты да, қабырғаларды аралай жөнелді. Міне, ғажап! Тастарға жан бітіп сала берді. Құдайлар күлімсіреп, қимылдай бастады. Күлкілері мейірімді, әдемі. Беттеріндегі әрбір сызық тіріліп шыға келді.
Бұл ғажап көріністің қаншаға созылғанын білмеймін: бір минут пе, екі минут пе, әлде бес минут пе? Әулиелер мен әміршілер құдайлардың құпия жай-жатағына жарық түспеуін қатаң қадағалағанына қарамастан, көне дәуір мүсіншілері өз қолтумаларын мәңгі қараңғылықта қалдыруға қимағандарын түсінуге соның өзі жеткілікгі еді. Олар амал асырып жақпар-жақпар тас арасынан күн көзіне жіп ізі жол тапқан. Күн нұры мұнда жылына бір рет, онда да сәті түскенде қасқағым мезетте қарап өтеді. Мәселе онда емес, мәселе — осы сәтке тап болған адамның көне шеберлер қолынан шыққан өнердің әсемдігін өзімен мәңгі әкететінінде, нағыз құдірет Құдайда ғана екеніне сенімі бекитінінде. Алла жаратқан талант қашан да жарқырай бермек.
Мен бұл оқиғаны тектен-тек айтып тұрғам жоқ. Менімше, Мұхтар Әуезовтің ұлылығы — мейлі, ол халқының алыс өткенін жазсын, мейлі, бүгінгісін жазсын — оның өзегін жарып шыққан әдеби перзенттері, талант кемеңгерлігі суреткер парасатының бесігіне бөленген. Оның шалқыған дарынының жалыны біздің халқымыздың бір ғасырлық өмірін — күрделі, бірде қайғылы, бірде қаһарман өмірін жаңаша сәулелендірді. Әуезов спектакльдері, ғылыми еңбектері, романдары, әңгімелері мен повестері беттерінен халық өмірінің дәуір-дәуір, кезең-кезең суреттері тұнығы шайқалмаған күйінде көрініс тапты, өткен күндердің жүдеу кескіні оянды, сонымен бірге біз бабаларымыздың жүзінен қаталдық пен қайғының ғана емес, жайдары күлкінің, жарқын келешекке сенімнің сәулесін де байқадық. Өткен саңылаусыз қара түнек емес екен, оның да Элефант аралындағы киелі храмдағы тас мүсіндер сияқты күн сәулесі түскенде езуіне жарқын күлкі оралатын кездері болатынын ұқтық.
Егер Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай өткен ғасырда өз ұлтының сауатын ашып, көңіл көзін ояту, басқа халықтармен терезесі теңдігі үшін күрессе, кемел ойшыл, келісті суреткер оз топырағының шынайы патриоты Әуезов оқу-білімге кенелген, таланты мен тарихының байлығы жағынан бірде-бір ұлттан олқы емес, революция жаңғыртқан өз халқының өмірі мен тарихын басқа жұртқа жеткізуді мақсат етті.
Мұхтар ағаның кітаптарын көптеген елде ұшырастырдым. Піл сүйегі Жағалауындағы Абиджан қаласында, Жасыл мүйіс аралдарында, Гвинеяның кітап дүкендерінде көрдім. Жуырда жолым түсіп, Цейлонға бара қалғанымда, бейбітшілік жолының атақты күрескері, Халықаралық Лениндік сыйлықтың лауреаты, будда монахы Удакендавала Сарананкара Тхеро өмір сүріп, қызмет істеген шіркеуге барып, қабыры басына гүл қойдым.
Оның жай-жатағында болдым. Монах спартандық ғұмыр кешіпті. Темір кереует. Сабан төсек, орындық, шелек, ожау. Басқа ештеңе жоқ. Бар байлығы қат-қат кітаптар ғана екен. Будданың өмірі туралы, дін тарихы туралы кітаптар. Барлық сөре киелі кітаптарға сығылысып түр.
Бөлмеден шығып бара жатып, жоғарғы сөрелердің бірінен ағылшын баспасынан шыққан «Абай жолының» таныс мұқабасын көзім шалып қалды. Осынау киелі діни дүниеліктер арасындағы жалғыз көркем әдебиет Абай жайлы екі томдық екен.
Монархтардың ақсақалы Мұхтар ағаның кітабын қолыма алып, ақтарып көруге рұқсат етті. Кітап беттерінде Удакеңдавала Сарананкара Тхероның белгі қойған жерлері бар екен. Ал екі томдықтың соңғы бетінде монахтың көне синғаль тілінде өз қолымен жазған жазудың, шамамен мағынасы мынадай: «Бүл кітап өмірді кеңірек түсінуіме көмектесті».
Біздің ұстазымыз Мұхтардың көсем таланты Элефант аралындағы құдайлардың тас қараңғы мекен-жайына түскен күн сәулесі сияқты басқа жұртқа өз халқының нәзік те асқақ өмірінің әдемілігін ашып берді.
Туған топырақ өзінің әу бастағы табиғи бояуына ие болды, қуарып қалған шөптер мен гүлдер шаңнан тазарып жұпар иісін қайта тапты…
Бүгін біздің Мұхтар ағаны туған топырағымыздың ұлы перзенті атап, алтын тұғырға Абаймен қатар отырғызуымыздың сыры, міне, осында.