Ардақ Нұрғазы (Ardakh Nurgaz). Бір әлемнің екі келбеті

798242a03276795bb8c8d24250f3c7f7.jpg (1198×800)

(Жазушы Ю.Серебрянскийдің «Қазақстан ертегілері» кітабына шолу)


Ертек десе, көз алдыңа терезенің алдында түнгі аспанға қарап отырған бала мен мысық келеді. Барлық ертек осылай басталады: оны біреу бастайды, айталық әжесі ұйықтар алдында немересіне ертек айтады. Ұйқыға шомар алдында бала сол ертек әлеміне сүңгиді. Ол кезде баланың өзі ертектің бір бөлегіне айналады. Түнгі жұлдызды аспанға қарап отырған бала қасында отырған серігі - мысығына сөйлей бастайды. Бұл ең алдымен сенім: шындыққа, таным дүниесіне, реал дегенге басқа қырынан келу. Соған өзіңді де, өзгені де сендіру. Егер сендіре алмасаң, ол ертек болмайды. Сол үшін де ертек әр халықтың әдебиетінің көш басында тұрады. Соған қарамастан заман қалай өзгерсе де, таным қалай жаңарса да, түсінік құбылса да, бәрі бір түпкі болмыс сол күйінде қалғандықтан адамзаттың мәдениет пен әдебиет тарихының көшінде ертек үздіксіз жаңарып жасай береді.

Жазушы Ю.Серебрянскийдың «Қазақстан ертегілері» («Аруна» баспасы, 2017ж.) кітабы да біздің бүгінгі заманымыз тудырған ертектерден тұрады. Тәуелсіз Қазақстанның соңғы ширек ғасырлық тарихын тарихшылар, саясаткерлер, идеологтар, саясаттанушылар түрліше жазып келді. Міне осы тарихқа жазушы да өз тұрғысынан келген. Оның таңдауы өнердегі осынау ескі әрі жаңа үлгіге түскен. Неге деген сұраққа мен жазушының өнерде өзгеше талғам иесі екеніне назар аударуымыз керек деп жауап берер едім. Ол тақырыпқа қалай кіргенде тереңге оңайырақ жетуге болатынын анық білген.
     Бүгінгі заманның осынау қиял әлемінде біз Қазақстанның бізге беймәлім басқа келбетіне кез боламыз. Ескерте кететін түйін жазушының осынау шарықтаған еркін қиялы болмағанда, бұл түсінікпен, бұл әлеммен біз ешқашан жүздеспеуіміз де мүмкін еді. Ертек болған соң онда қиялы қиыр шалатын баланың болатыны даусыз. Троллейбустың терезесінен сыртқа қарап отырған сол бала бізді қиял әлеміне бастап барады. Кітап қалада баланың тасбақа мінген адаммен жүздесіп, сөйлесіп, онымен қоштасқанынан кейін басталады. Тасбақаның мәдениет тарихында көп жағдайда уақыттың өзгеше өлшемі ретінде аталатынын айта кеткеніміз жөн. Мүмкін, бұл да жазушының тақырыпқа кірерде әдейі таңдап алған тиегі болса керек.

Кітапты оқып отырып жазушының біз білетін көп дүниеге басқаша қарайтынын аңғардым. Алматы қаласы қалай салынған? Бұл сұраққа жазушының берген жауабынан соң мен өткен тарихтың өнердегі болмысын танығандай болдым. Айталық, біздің сүйікті қаламыздың іргетасын қалаушылар биікте тұрып, төмен қарауға үйренген жандар. Олар ешкімнің еркімен есептесе бермеген, өздерінше өмір сүрген, уақыты келгенде сол биіктерінде тұрып ғайып болған. Ал қала мен халық орнында қалып қойған. Бұған, оқырман, сен не дейсің? Енді бірде қойшы құдіреттің иесі Тау иесіне «Тау иесі, сенің зор күшің барын мен жақсы білемін, сондықтан адамдар тіпті сенімен қатар тұрудан қорқады, сол сияқты мен де жазық далада үреймен өмір сүріп жатырмын. Ол жерде мен құмырсқа сияқты кіп-кішкентаймын. Бірақ, менің арманым бар. Менің үлкен болғым келеді, даланың қай тұсынан қараса да бірден көзге түсетін болсам ғой, шіркін...»-дейді. Содан не болды дейсіз ғой? Тау иесі таяғымен қойшының басындағы тақиясын түртіп қалады. Етекке домалаған тақияны қайта тапқанда қойшы өз бас киімінің басындағы шаңырағы дөңгелек киіз үйге – мекеніне айналғанын бір-ақ аңғарады. Еуразия кеңістігінде ондаған ғасыр бойында өмір сүрген көшпенді халықтың басындағы қара шаңырағы бар болмысы екенін тану, сол тұрғыда ой қорту да қызық емес пе. Қазақтардың туған өлкесін, ата мекенін, кіндік қаны тамған жерін рухани мекені санайтыны да шындық қой. Жазушының бұл шығармасында «ненің болса да өзіне тән ішкі бұйырмысы болады» деген көзқарасқа табан тірейтінін анық аңғарасың. Неге көк туда алтын күн мен қыран-бүркіт бейнесі салынды екен? Бұған жазушы ертедегі грек аңыздарындағы бір мысалы артқы көрініс ете отырып ой қортады. Ертеректе ештеңеге қарап жатпайтын қыран бүркіттен жұрт әбден зәбір көріп, одан құтылудың жолын қарастыра бастайды. Бірде бүркіттің ойына өз бейнесін көк туға ойып салғызу келеді. Сол барыста суретші бүркітке «сен тым үлкенсің, сен биіктен ұшпасаң, күнге жақын бармасаң, мен сені күнмен бірдей етіп туға сала алмаймын» дейді. Бұл сөзге иланған бүркіт аспанға шарықтап көтеріледі. Суретші оған «әлі де күнге жақындай түс, әйтпесе суретіңді дұрыс сала алатын емеспін» дейді. Сонымен күнге шексіз жақындаған бүркіт ақыры күнге күйіп өледі. Одан құтылған жұрт ақыры осынау бір есте қаларлық шақты ұмытпау үшін көк туға күнмен қатар бүркіттің бейнесін де салады. Бұл ертегіні көп тұрғыдан түсінуге болатын сияқты. Өз басым жазушының бұл қиялын Ж.Дариданың парық болғанда ғана ұқсастыққа жол ашық қағидасына сай түсінген дұрыс деп санадым. Ал Балқаш көлінің неге солай аталғаны және Арал мен Каспийдың ұлы теңізді іздеп сапарға шыққаны туралы айтылған аңызға таңдай қақпай қалу, тіпті, мүмкін емес. Біздің тәуелсіз, қалыптасу үстіндегі мемлекет ретінде өткенімізді түгендеп, қайта жазатынын қайта жазып, жаңаша түсіндіріп жатқанымыз да, сондай-ақ адамзаттық ортақ өркениетке қарай тыңнан сапарға шыққанымыз да реал әрі түсінікті нәрсе. Бұл тұрғыдан келгенде жазушы бізге тамаша ой өрнегін тарту еткен.

Әрбір жазушы өзі бір әлем. Сол әлемде, сол кеңістікте жазушының болмыс-бітімі жатады. Жазушы, ақын Ю.Серебрянскийдің жаңа кітабы біз үшін де бір әлем. Ол әлемде біздің де болмыс-бітіміміз жатыр. Бір әлемнің екі келбеті ретінде «Қазақстан ертегілері» сенің кітап бөлмеңнің сөресінде тұрса, ол ешқашан да артықтық етпейді. Себебі жазушы бізге ғасырлардан ғасырларға кететін тамаша ертек сыйлап отыр.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты