J.L.Borges. Менің əңгімелерім

249186d024c358f28bb64bb6b9b9e735.jpg (800×536)


Өткен ғасырдың 60-шы жылдарында, Х.Л.Борхестің ағылшын тілінде «Ойдан құрастырылған кейіпкер туралы кітап» (1969ж.) және «Альфа және басқа да әңгімeлер (1933ж.—1969ж.)» (1970ж.) деген екі кітабы жарық көреді. Автор алдыңғы кітабына көлемді эссе-өмірбаян жазған. Соңғысына кітаптағы 20 әңгімесіне өз түсінігін жазған бір топ мақалалар берді. «Менің әңгімлерім» (Mis cuentos) деп тақырып қойылған бұл мақалалар Х.Л.Борхестің ең айтулы әңгімелерінің жазылу жағдайынан, сюжеті, кейіпкер мен жазу стилі, сондай-ақ өзге де жақтардан көптеген мағлұмат береді. Бұл еңбектің Батыс пен Шығыстың Борхес мұрасын зерттейтін зерттермендерді қатты қызықтыратыны да сондықтан.


«Альфа»


Егер мəңгілік деп уақытты айтсақ, онда альфа деген кеңістік. Мəңгіліктің уысында, барлық уақыт — өткен, бүгінгі жəне келешекте келетін уақыттар — қатар өмір сүреді. Альфада, ғалам кеңістігі жинақталып келіп кішкентай ғана шар болып өмір сүріп тұр. Осы əңгімені жазып жатқан кезімде мен Ж.Уеристің айтқандарын есіме алдым. Ол айтады, егер қиялилау шығарма жазбақ болсаң, оқырманым онда айтылғандарды қабыл алсын десең, бір əңгімеде бір ғана қиялилау дүниені жазумен шектел дейді. Айталық, Ж.Уеристің өзі  марстықтардың Жер шарына басып кіргені туралы жəне англиялық көзге көрінбейтін адамды баяндайтын кітап жазды. Егер оның таланты мен талғамына салсаң, оның көзге көрінбейтін марстықтардың Жер шарына басып кіргені туралы роман жазып тастауына болатын еді. Мен альфа туралы ойлана бастағанда, оны көзге оғаштығы жоқ қарапайым бір орынға орналастырғым келді: ол Буэнос–Айрестің мəлім көшесіндегі жер төледе тұрды. «Мың бір түн» ертегілерінде, сиқырлы шам немесе сиқырлы жүзік жоғалып кетсе, оған ешкімде таңырқап жатпайды; ал біздің мынау қит еткеннен күдік-күмəн арылмайтын заманымызда, біз ондайды сөзсіз жұрт таңырқайтындай орынға қоюға тырысамыз, немесе одан бас тартып тынамыз. «Альфаның» сыңында, мен əлгі үйді жоғалтуға тиіс болдым, əлгі нұр шашып тұрған кішкентай ғаламды да жоғалтып жібердім.

Мадридтегі бір кездесуде, тілшінің біреуі менен «Буэнос–Айресте шынымен сіз айтқан Альфа бар ма?» деп сұрады. Сонда менің құрылған бұл қақпанға түсіп қала жаздағаным бар. Сəтін салғанда қасымда тұрған жолдасым сөзді басқа арнаға бұрып əкетті де, «егер Альфа тектес нəрсе шынымен бар болса, онда ол дүниедегі ең ғажайып нəрсеге айналар еді де, біздің уақыт, ғарыш, математика мен кеңістікке болған түсінігімізді жаңартып жіберер еді» деді. «Солай деңіз» деді əлгі тілші содан, «ендеше, бұның бəрі сіздің құрастырғаныңыз болды ғой! Мен ол жақта шынында сондай дүние бар екен деп қалыппын, себебі сіз ол тұрған көшенің атына дейін жаздыңыз ғой» деді. Дегенмен мен əлгі тілшіге көшенің мекен-жайін жаза салу онша қиын шаруа емес екенін айта қойғам жоқ.

Бұл шығарманы жазған кезімде, менің басымды ауыртқан ең үлкен мəселе заттардың түгеп бермейтін тізімдігін қалай жасау болды, бұл жағынан Уитман біршама жұмыстар істеген болатын. Бұл жағында айта қалсын табысқа жетемін деудің өзі артық шаруа. Себебі, қым-қуыт дүниені біздің бір ізге салу емес, оны ойлау ғана қолымыздан келеді; көріністе кесірі бар дүние, түбін қуып келсең тасада жатқан өзгеде дүниелермен мияның тамырындай байланысып жататыны бар.   

  «Альфада» түрлі-түсті дүниелер ауызға алынғандықтан жұрт оны ауыздарынан тастамайды: онда қиял да, мысқыл да, өмірбаян да, мұң да бар. Бірақ кейде мен өзіме өзім сұрақ қойямын: менің ғаламның күрделілігі турасындағы осы замандық қызғушылығым біраз асыңқырап кеткен жоқ па өзі? Сыншылар менен де асып кетті: олар біреудің қалпағын енді біреуге кигізіп, тіпті Данелді Данте деп соқты. Олардың ойынша əлгі жер төле кəдімгі біз білетін тозақ екен. Əрине, мен мұндай ойлауларға қарсы емеспін.

Əңгімедегі əлгі əйел туралы айтарым, ол өмірде болған адам, əрі мен оған көргеннен ғашық болған адаммын. Ол өмірден өтекен соң, мен осы əңгімені жаздым. Ал Карлос Аландино Данел менің досым, ол қазірде тірі. Дəл бүгінге дейін, мен оның да шығармамда жүретінін ойлағам жоқ. Мендегі біраз өлеңдер сол досымның өлеңдерінен шабыт алып жазылған өлеңдер. Данелдің аузынан шыққан əлгі сөздер жəй құрастырыла салған сөздер емес, шынайы айтылған сөздер. Аргентина Əдебиет академиясы осындай нəрселердің мұражайы сияқты.


«Роза түсті көшенің мүйісінде тұратын адам»


1935 жылы жарық көрген «Көк соққандар туралы аңыз» жинағымның алғы сөзінде айтқанымдай, бұл əңгіме теңіз қарақшылары туралы жазылған арғыбергі кітаптар мен киноның əсерінен туған. Менің ойым шамамен елу жылдың алдындағы Буэнос-Айрестің қала маңындағы қоғам райын бейнелеу болатын. Мен əңгіменің шынайы шымыр болуын, көріністердің көз алдыңа картинадағыдай келе қалуын қадағаладым. Кейіпкерлер ортаға шығады, оларда көп өзгерісте болмайды, баяғы өмірдің өзіндегі сияқты. Прансеска Лиер бір есіктің көзінен екі рет көрінеді: біріншісінде өзі ерегескен адаммен жолығысады; екіншісінде өлім іздеп келеді. Бұл көрініске орай алынған екінші көрініс терезе. Ол терезеден бірінші рет бір пышақ лақтырылады, екіншісінде мəйіт лақтырылады. Бұлардың бəрі əдейі солай орналастырылған көріністер. Кейін содан да жұрт бұл əңгімені сахналады, киноға түсірді. Қызығы аргентиналықтар бұл əңгімені қаны тамып тұрған реалистік шығарма деп біледі. Кейбір қызық құмар жастардың əңгімедегідей жағдайды көзіңізбен көрген кезіңіз болды ма деп сұрағаны бар.

Бұл əңгімені жазып жатқан кезімде, онда айтылған көріністердің өмірде дəл солай болмайтынын мен жақсы білемін. Əңгіме аздап сахналық шығармаға да ұқсап кеткендей. Десе де мен көкейіме келе қалған сондай қиялды шындыққа айналдырдым. Барлық аргентиналықтардың бойларында өткеннің сондай бір елесіне — қиялға бергісіз аңыздарға бой ұрып тұратын, шекісіп-керісуге дайын, асқақ бір мінездерді жоғары бағалайтыны бар.

Əңгімеге ауыз екі тіл қолданылғандай сезіледі. Дегенмен онда жазба тілдің сөйлем құрау дағдысы сақталған. Сөйлемдер орнықты, бас-аяғы түскен. Ал күнделікті өмірде аргентиналықтар бұдан басқаша сөйлейді. Бізде сөйлеуші адам айтарымды айтып болдым деген тұста, қарсы жақтың түсінген-түсінбегеніне қарамастан сөзден тоқтап қалатын əдет бар. «Роза түсті көшенің мүйісінде тұратын адам» əңгімесінде кездесетін кей сөздер  Аргентинаның үйреншікті жерлік махамына жатады, оны жұрт «өзіміздің тіл» дейтіні бар. Бұл тілді бізде жалғыз адамдық спектакль жазатын жаушылар мен тангоға музыка жазатын музыканттар жақсы меңгерген. Ол жөнінде сөздіктер де, Аргентина Əдебиет академиясының зерттеу еңбегі де бар. Тегін қусақ, мұндай сөздерді қолданатын өз шоғыры болады. Кезінде Буэнос-Айрестік жазушы Роберт Алтер осындай «өзіміздің сөзден» хабарсыздығы үшін, журналистердің сынына ұшыраған болатын. Сонда оның: «мен бүкіл өмірімді қала маңында тұратын сол сүркейлі адамдармен бірге өткізіп келемін, сол үшін де оны зерттеймін деп бас қатырған емеспін» дегені бар еді.

Əңгіменің испан тілінде «Роза түсті көшенің мүйісі» деп келуі, айтылған көшенің реңінің роза гүлінің реңіне ұқсайтынғынан солай қойылған. Ол көшедегі бір қабырғаның реңі сол гүл түстес болатын жəне онда безендірілген дүкен де бар еді. Көп жылдар бұрын ол дүкеннің бір жағы шарапхана болатын, жұрт онда шарап ішіп, карта ойнап жататын. Бұндай қабақханалар орналасқан көшелердің көбінде ала-құла етіліп боялып тастайтыны бар. Роза түсті көшенің мүйісі мен үшін айтқанда өзгеше өмірдің символы тəрізді. Оның кейбір аудармашылар айтып жүргендей көше бойына ілінген түрлі-түсті шамдардың реңімен қатысы жоқ. Ондай орындарды біз өзіне тиесілі атауымен «қызыл шырақты өңір» деп атаймыз ғой. Белгілі мағынадан айтқанда «Керек-жарақ дүкеніне келген сиыршы» деген əңгімем кейінгі «Роза түсті көшенің мүйісінде тұратын адамға» ұқсап кетеді.



Қосымша:

Октавио Пас (Octavio Paz): Садақшы, жебе жəне нысана

http://www.thebilge.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=3&id=3448


Жазушы Борхестің Х.Л.Борхес туралы айтқандары

http://www.thebilge.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=2&id=3549


Х.Л.Борхес (J.L.Borges): Г.Флобердің нысанасы мен тәсілі

http://www.thebilge.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=3&id=3471

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты