Ardakh Nurgaz. Spinoza

f07620d4dd8e0246439312d2211e0de6.jpg (800×772)

 

Есікті қаққан едім,

Ешкім ашпады.

Аржағынан дабырласып сөйлесіп жатқан

Дауысты естідім.

Құлақ қойып тыңдамасыма қояр емес.

Тап бір өзіңнің ішкі дүниеңнің үнінен

Бас тарта алмайтының сияқты:

 

«Бет алды шимайлай берме,

Бояуы артық болып кетпесін.

Іреңдер қабаттасса,

Жағаға малтап шыға алмай қалады.

Түн ұзақ

Дауылда, далада билеп жүргендер

Кімдер?

Жалаулаған шырақты өшірмеуге тырысып

Қалқалағаныңмен

Қолың діріл қағады.

Әлгі иіттің, иіттің тұмсығы

Тиіп кеткен жоқ па?

Тап бір қараңғы тар көшеде темір шынжыр сүйретіп

Дымы құрыған жан сияқты.

Анасының құшағында жылу бар ма?

Недеген түгеп бермейтін баспалдақ

Аз отырып демін алса дұрыс болар еді.

Ай толған түні

Қаңырап бос қалған базардан жалғыз қайтып келеді.

Малта тастар арасынан ол

Біреуін таңдап қолына алды

Өзімен тілдесіп тұр.

Алаңда тұрған Ахиллестің тас мүсінін

Біреулер қаумалап көтеріп алып кетті

Орнында грант тұғыр ғана қалды.

Барын салып бет алды шимайлап жатыр

Шимайлап-шимайлап өзіңді жоғалтып жібере алмайсың.

Иіт үргенде оянып кетті

Қайтып ұяқтай алмаса

Үрген иттен көрмейтін шығар.

Лифтте ұшырасқан бейнені ол

Өмір бойы ұмыта алған жоқ.

Бұлбұл немесе бұлбұлдың үні

Түннің тағы бір атауы.

Отшашу ілезде аяқталады, дейді

Оның бүкіл ғұмыры

Қысқа да, ұзақ та емес

Сол бір сәттік отшашудан тұрады.

Ауланы жабайы шөп басып кеткен

Келген-кеткендердің ізі байқалмайды

Ескі үйде жаңғырық қана қалған.

Кімнің жарасынан тамған тамшы

Күллі теңізді әпсәтте қызартып жіберді.

Ұялғанда жерге кіріп кетердей қияналған жанның

Бетінде де қызыл алау ойнайды.

Теңізден соққан дауыл қашан тынар екен?

Жас қайыңның жапырағы желде тынымсыз сыбырласады

Екі адам көлеңкесінде өздерін күн көзінен жасырып отыр.

Ол неге өзіне шеңбер сызып алып

Содан аттап шыққысы келмейді?

Көл бетінде толқындар бірін-бірі жұтып жатыр

Көшеде қайшалысқан адамдар сияқты.

Кілітті жоғалтып алып

Барлық жерден іздеп таппай қойды.

Кіліт шынымен бар ма, өзі?

Жалғыз аяқ жол жатыр

Аржағында қарауытқан тоғай.

Аяқталмаған картинадан көз алмай қарап тұр

Өзенді ешкім де бір жолда екі рет кеше алмайды.

Тас түскен жеріне ауыр.

Теңізде алып акула алдынан шыға келді

Ұйқыда бір аунап түскен ол

Айналасын қарманып маскасын іздеп жатыр.

Ілулі тұрған бір пар киіміне қарап тұр

Ақиқат ішінде ме, әлде сыртында ма?

Әлдеқайда өзен тасуда.

Махаббат деген жерге не жазамыз?

Жұрттан бөлініп өз алдына жалғыз кетіп бара жатқанда

Ол шаттанып бара ма, әлде мұңайып бара жатыр ма?

Оң бетіне шапалақ тиссе,не істейді?

Үнсіз қала ма, әлде...

Жығылып жатқан адамды сүйеп жатыр.

Түсінде ескі үйдің ауласында тас орындықта отыр.

«Көңіл толқынын»* ерте де, жай емес

Дәл сол күні тыңдағаны дұрыс сияқты.

Гүлді бас жағына қоямыз ба

Әлде аяқ жағына қоямыз ба?

Ақырғы сәтте кім келіп маңдайынан иіскесін?

Қайталанбайтын кеште

Өзіңді қайталап, тағы жоғалтып алып тұрсың

Кімнің құлағыңа сыбырлағаны есіңде ме?

Бәрін ұмытып қалған шығар?

Ақ қағаздың бетінде қарауытып

Уақыттың су жаңа қалдырған ізі жатыр

Іздің кейбірі терең, кейбірі таяз.

Иен алаңда айналсоқтап жалғыз жылқы жүр

Хырмнан шыққан шабытты әуеннен

Тас тұяқтың ұзаққа кеткен тықыры естіледі.

Тас құдықтың түбінде

Қарауытқан кімнің бейнесі?

Ақ парақ пен жазуы бар қағаздар араласып, шашылып кетті

Көзін тарыс жұмып алған біреу

Отты қос қолымен қақбақыл етіп жатыр.

Түсінде ме, өңінде ме?

Қарша бораған тастар

Қасіреттің тәніне жым жылас қана батып кетуде.

Аялдамада түсіп қалған кім?

Жұлдызды аспаннан жыртып алған парақты біреу

Жұмарлап-жұмарлап

Қоқыс салатын шарбаққа қарай лақтырып жіберді.

Малтаған сайын

Өзеннің жағасы кері шегініп бара жатқан сияқты.

Оның қолындағы жіпті

Кім жұлып алып шүйкелеп, шатыстырып тастады?

Үлпілдек ақ қарға басылған іздің дауысы бар да

Өзі көрінбейді

Тағы бір рет қайтып оралма ма, жоқ?

Өзіне емес, сөз теңізіне үңіліп тұр.

Көшеде қайшалысқан көп адамның біреуінің соңынан

Қарауытып көлеңке еріп барады.

Тап солай, өзіңді, үнді естіп тұрсың, деп

Оған ескерту керек пе?

Әлде кімнің қараңғыда лақтырған тасы тиіп кетіп жүрмесін.

Күңгірт бөлмеде

Алаулап жалғыз тал шырақ қана жанып тұр.

Тозақта есік жоқ, деп сыбырлаған кім өзі?

Есік ашылып-жабылып тұрғанымен

Оның сол жақта бір жола қалатын түрі бар.

Қоңыраудың үні, қараңғылық, түн...

Аңызды жел айдап кетті,

Қызғалдақпен көмкерілген дала теңіз сияқты толқыйды...

 

Мен бар батылдығымды жиып, тас түйін

Есікті тағы бір рет қақтым.

Есік ашқан кісі күлімсірей тіл қатты:

Сіз іздеген адриіс мұнда емес

Ана есікте, - деп

Ту сыртымдағы бөлмені меңзеді.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты