Жұмекен Нәжімеденов. Күнделік (1983ж. 3 сентябрь)
1960-шы жылдардың басында бірнеше поэма жаздым. Оларым, әрине, со кездерге дейінгі жазылып келген / «Сұлушаштан» бастап «Дала қоңырауына» дейінгі/ ешбір поэмаға ұқсамайтын еді. Содан шығар поэма деп айдар тағуға қорқып, әңгіме /лер/ деп атадым. Оны түсінген адам болган жоқ. Баспа жүзінде алғаш рецензия жазған адамым Қастек Баянбаев болғасын...
Осы күні сюжетті дүниелер жазуға /притча песенно-балладного характера/ кұмармын. Құмар болмасам да еркімнен тыс /еркімнен тыс десем жұрт сенбейді/ солай, сюжет боп кетеді. Мәселен, жел үйтті, жапырақ бүйтті, жол сатқындық жасап, бір тауды бір тауға алғызды деген секілді. 1970-тен 1979-ға дейін өлең жазғам жоқ немесе почти /«Жеті бояуда» жаңадан жазылғандары «Алдар көсе», т.б. бірер он өлең/ жоқ, бұрыннан жатқан кейбіреуі алдыңғы кітаптарға өтпей қалған өлеңдер болатын. 1980 жылы «Шуақ» шықты. Содан бастап газет-журнал беттерінде де мол-мол боп шыға бастадым. Қазір жұрт мен туралы: «бұ қайдан шықты» деген сауалдан, соған жауап іздеуден ауыса алмай жүр. Вознесенскийді аударды - содан шықты ма, Евтушенконы көп оқушы еді - содан шықты ма? Әлде Мұхтар мен Қадырдың бірінен шықты ма? Нәжімеденов қалай өзінен-өзі шыға қалады? Әйтеуір «шығуы» керек еді ғой? Неткен сауатсыз жұрт! Мен осы топырақта өлең жазған қай замандасымнан болса да бұрын шықтым ғой? Мен шыққанда /«Балауса», 1961/ әдебиетте Төлеген, Мұхтар түгілі Мүқағали, Қадыр да жоқ еді гой? Бұл - бір. Екіншіден, менің сорым /бәлкім, бағым да шығар/ қанша ұқсайын, еліктейін, алайын, үйренейін десем де - қолымнан түк келмейді. Тіпті, аударманын өзі, рухын, ырғағын, ой-бояуын қаншама сақтайын десем де - бәрібір өз өленім болып кетеді.
Өткенде бір жігіт /ақын/ менің Вознесенскийден аударған өлеңдерді мақтай келіп, «точно аударма екен» деп қорытты. Ақымақ! Там Нәжімеденов больше, чем Вознесенский. Мен шынымды айтсам, өзіме-өзім тәнті боп көрген кісі емеспін. Соның ішінде аударма... кімді аударсам да /Бартоны мен аударғам жоқ, бір жолын да аударғам жоқ, жолдастар өздері аударып, ақшасын мен арқылы алған/ өзім болып шыға келем. Ал, біреу оригиналдың аузынан түскендей, аумай калады. Ғафу аударған Мақтымқүлы, Қадыр аударған Расул Ғамзатов сондай дүниелер. С.Есенинді Қадырдан гөрі Ғафу жақсы аударды. Олжастың поэмасын Темірханға аударту керек секілді /әттең, культура/. Сергей Есениннің қайсыбір жолдары Мұқағалида жүр дегенді Оразбек айтып еді. Қарап көрсем, рас екен. Назым Хикметті - Әбішке аударту керек. Мен аударып, шығара алмадым: Хикмет түгілі, Нәжімеденов те шықпай койды. Қолдан келмесе - амал не.
Қалай дегенмен, Андрей Вознесенскийді қазақша оқуға болады. Керек.
1982 жылы «Советский писатель» жинағымды шығарды. Бұдан артық нашар аударма болуы мүмкін емес. /Біз, өзім де бармын/ ешбір елдің ақынын бұлай қорлаған емеспіз. Мендегі төрт жол өленді А.Юдахин он алты жолға жеткізген. Сөздердің белін сындыра берген, сындыра берген. Ақша тауып отырған /бәрімізде табамыз ғой, дегенмен.../ менің досым Қайрат Жұмағалиев секілді. О кісі Маяковскийден де көп сындырады. Жарасқан екеуі. Бірақ ептеген мағына, ақындық күш-қуат деген секілді ұғым-түсініктерді сызып тастаса-екеуі де ешкімнен кем біз деп жүрген жоқ…
Баспа директоры баяндамасында: «Біз былтыр жаңадан бұрын аты белгісіз 30 талант ашып ек, келесі жылы олардың санын 40-50-ге жеткіземіз деп отырмыз». Міне біздің творчестволық мекемелердің басшылары партия мен үкіметтің творчестволық жастарға жасап отырған қамқорлығын тап осылай түсінеді. Күлесіз бе? Жылайсыз ба? Екеуін де істей алмайсыз!