Ardakh Nurgaz. Шортан суға, аққу көкке...

07f13c79da307a5e121fd452e6370059.jpg (799×480) 

Біз қалай өмір сүріп жатырмыз. Бұл бүгінгі ақындардың бәрінің басындағы түйсік. Әсіресе Тыныштықбек Әбдікәкімовтың басында бұл сезім бір сәт байыз таппайды десем, оным артық айтқандық емес. Ту ұстаған ақындар былай өмір сүруде: Мұхтар Шаханов «Руых пен тіл» атты өлең жазды. Оған ән де шығарды. Осы аралықта ақын өлім мен өмірдің шынайы мәнін сезіп қайтқандай, сын сағаттарды бастан кешті; Олжас Сүлейменов ана тіліне атойлап қарсы шапты. Ата қазақ ұлт та, ұлыс та емес, тобыр болып шықты. Тілдің қасиетіне қана алмаған былайғы жандар қумедиен құба далада, бір жұтым су мен бір үзім нанды ғана аңсаған адамдай екі жағына кезек жалтақтап, есі ауысқан жындының кебін киіп отыр. Ал аға ұрпақтың қолындағы туды жалғап ілгері алып кететін, өкше басқан кейінгі ақындар өз кезегін күтіп тұр. Олар да сол баяғы сұрауға жауап беруге тиіс. Бұл сұрақ салмағы жағынан Гамлеттің «Болу керек пе, бордай тозу керек пе?» деген әйгілі сұрағынан тіпті де кем түспейді. Бұл Мұқтар болып өмір сүру немесе Олжасша тірлік кешіу дегендік ғана емес, Мұхтар-Олжас болып өмір сүру, онымен қоймай өз бойыңдағы періште мен сайтанан тұратын қасиеттердің бар болмысын жан-тәніңмен тереңнен сезіне алу және оған лайықты жауап қайтару дегендік. Онсыз әлгі туды алып кетуің де, тіпті алып кеткеннің өзінде оны қазақ Поиэзиясының көкжиегінде  жықпай ұстап тұруың да қиынға түспек. Бұл тұрғыдан алғанда «Жансусар» («Жас Қазақ», 2005.03.18) бізге көп нәрсенің бетін ашып береді.

«Жансусар» бір тақырыптың астында төрт тағандаған төрт өлеңнен тұрған өлең топтамасы. Біз олардың жазылған уақытынан хабарсызбыз (өлеңдер бір уақытта туған ба, әлде басқаша ма, қай кезде жазылған?) Оның есесіне, біздің білеріміз көріністе бір қалпақтың астына симайтын төрт өлеңнің араздаспай сиып тұрғаны және оны сиғызған автор. Оқырман ретінде біз оны тек қабыл аламыз. Жұртқа таныс мынадай бір мысал бар. Ол «Шортанның, Аққудың... арба тартуы» деп аталады. Осы мысал да арбаны шортан суға, аққу көкке, шаян қырға тартады. Олар барін салып қалай күшегеніне қарамастан арбаны бәрібір тұрған орнынан жылжыта алмайды. Жылжытуы да мүмкін емес. Себебі, арбаның басы толған қайшылық. Ол қайшылықтың тасасында беті бүркеулі дағдарыс жатыр. Бұл дағдарыс арбаның бір басының дағдарысы емес, түптеп келгенде ол арба мен сүйреушілердің ортасында көрінбей тұрған ортаның дағдарысы. Жоғарыдағы мысал түсінуге қарапайым сияқты көрінгенімен оның шынайы мазмунын шешіу оңай емес. Адам мен сыртқа ортаның байланысын білуде рухани дүниенің көзбен көріп, қолмен ұстауға болмайтын тасадағы болмысы ескерілуі керек. Өнердің бүгінге дейінгі тарихында адам мен сыртқы дүниенің арасындағы осы психикалық кеңістікті тұлғалаудың түрліше жорамалы болған. Бірде адамдар ол кеңістікті рухани дүниенің сыртқы ортаға еліктеуі, табиғаттың бейнесін айнытпай түсіруі деп білді. Кейін ол кеңістік сыртқы ортаның көлеңкесінен тұрмайды, қайта адам табиғатындағы әсемдікке ұмтылу сынды жан дүрмегінің қалауы, ол сұлулықтың бейнесі дегенге сайдырды. Әсемдіктің формадан тұратыны, форманың таңбаланатыны, ол бірде тіл таңбалары болып келсе, бірде бояу немесе кескін болып кеңістік құрайтыны белгілі. Бұл өзі әр түрлі таңбалардан тұратын үлкен құрылым. Таңбамен – тіл таңбаларымен бетпе-бет келетін тасадағы бұл майданда жай адамдарға қарағанда ақындар тіпті де тереңге барады (Хайдегердің «Поиэзияда өмірсүр» дегені осыны меңзейді). Тілдің бойындағы сиқырлы қасиетті жан тәнімен сезінетін де солар. Тілдің бойында қордаланған, әр бір сөзге жасырынған тарихи, мәдениеттік–рухани болмыстың жалынына жақыннан қақталатындарда ақындар. Суретшілер кескін мен сызықтың сырын ежелгі жартас суреттері мен тас балбалдардан іздесе; музыканттар әрбір үннің қасиетін табиғат пен бағзы замандардан қалған саздардан іздейді. Ал, ақындар оны сөзден, сөздің тегінде жатқан мазмұннан, ондағы саз бен бояудан жиып келгенде, сөздің рухынан іздеген. Еуразия төсін бес мың жылдан бері уысынан шығармай ұстаған ата-бабалардан қазаққа төгілмей-шашылмай жеткені де сөз–ана тілі. Қазақтың ұлан асыр фольклоры, ондағы хиса-дастандар сонау есте жоқ ескі замандардан үздік-создық хатқа түскенін ескермегенде, негізінен ауыздан-ауызға жалғасып бүгінге жеткен. Адамзат мәдениетінің даму тарихында «Көшпенділер мәдениеті» деп аталып, бір өзіне тән ен-таңбасымен Еуразия төсінде тарих сахнасына шыққан қайсар халықтың ұлы жорығы күні кеше ғана ақырласты. Мәдениетінің мәйегі жатқан қазақтың қара сөзінде сол көшпенді халықтың өзіндік дүние танымы мен рухы оған қоса сол рухты тас түйін етіп, болаттай шыңдаған ұлттық эстетика сақталған. Біз бұл эстетиканы қазақтың заманнан келе жатқан қара өлеңінің табиғатынан анық аңғарамыз. Көшпенділер мәдениетінің эстетикасын терең зерттеген ғалым Әзімхан Тышанұлы «қара өлең барша өнердің–лериканың, эпостың, драманың қасиетін өз бойына сіңірген» дегенді дәлелсіз айтпаған. Ғалым қара өлеңнен «кез келген көріністерді өз қалауы бойынша құрап, жалғап, бүтіндей қылып, бөлшекті біріктіріп, одан екінші бір әсерлі көрініс тудыратын бүгінгі кино өнерінің басты беинелеу тәсілі» монтажды көрген.

 

Қара таудың басынан құлағаным,

Кербестінің кекілін сылағаным,

Сен есіме түскенде қимас қалқа,

Құшақтап құс жастықты жылағаным.

 

Осы қара өлеңнің алдыңғы екі тармағын бір-бірін логика арқылы байланыстыруың қиын. Олардың соңғы екі тармақпен үндестігі де шамалы. Алайда қара өлеңнің қасиеті, ондағы эстетиканың ерекшелігі де дәл осы тұста айқындалады. «Бұл өлеңді естушілердің психикалық көңіл көгінде біресе «Құласам ба екен?» деп қара таудың басына жүгіріп, біресе, «Мінсем бе екен?» деп кербестінің кекілін сылап, байыз таппай тықыршыған жігітті көргендей-ақ –сезімдері тықыршыи бастаса, құс жастықты құшақтай жылаған күйін білгенде, онымен бірге қабырғалары қайысады. Олардың қабырғасының қайысуына логика мен мағынаның пәлендей бір себі жоқ...  Осыны аңғарған қара өлең сезіммен ұштасқан психикалық кеңістікті өнер кеңістігіне айналдырып, керек тапқан шағында оны өзіндегі нақты дүниелермен қоса көшіріп әкеп алдыңа жаяды»дейді ғалым.

Психикалық кеңістіктің торын жасаған қара өлеңнің табиғатындағы бұл қасиет біздің санамыздың сын тасына өшпестей болып қашалған. Біздің өлең эстетикамыздың ең кіші бөлшегінің өзі қара өлеңнің осы қиыннан қиысқан қиындыларынан тұрады. Жырды ауыздан ауызға жалғап, таңнан-таңға айтатын уақыт жырақтап кеткенімен, қиуадан қиыстыратын мұндай дәстүр ақындарымыздың санасында бір сәтте өшкін тартқан емес. Сананың тереңінен жеткен қара өлеңнің осы қасиетінің бүгінгі дүниенің ауеніне ілесіп Тынштықбек Әбдікәкімов өлеңдерінен белең беруін мен  содан да «бүгінгі сананы көкбөрілердің шабуылдауы» деп атадым.

«Жансусары» осындай сананың туындысы. Өлең біздің заманымыздағы адам санасын бір қырынан ашқан. Төрт бөлімнен тұратын өлеңнің темесін таусап аз ойланған адам тақырыптың төркінінде жатқан жан сусаған шөлге кезігеді. Бүкіл өлең шөліркеген жанның тынысы тәрізді. Санада жатқан бұл шөлдің неден дерек беретіні өлеңде ашып айтылмайды. Бұл күңгіріттік тұтас өлеңнің эстетикасын анықтаған. Аздап кездесетін ағынан жарылу, ақтарылған сезімнің жетегінде кету – ақылмандық болса да, ол бәрі бір үлкен ағынның ыңғайына жығылып, айдынға көміліп кете берген. Бұндай сана да қашанда шортан суға, аққу көкке тартады. Ақынның бұлтартпас бұл қайшылықты сыпаттауы да өзгеше. Өлең былай басталады.

 

Қыбыр етпес аптапта сусар шілік,

Тау–ұйқышыл, ит–тыныш, жусан–сұлық.

Шаңырақтан тік түскен найза–сәске,

Сүйегіне сандықтың тұр шаншылып.

Уіліндей бұлттардың қанатының,

Ойхой, далам, қазағым, ана тілім! . . . .

     

Осы тармақтарда ақын бастан ақыр «тыныштықты»жазған. Бұл тыныштық жай тыныштық емес қарама-қарсылыққа, айғай-шуға, арпалысқа толы тыныштық. Өлеңдегі «сусар шілік» сөзінің құрамындағы «сусар» суда өмір сүретін жүні жылтыр тынымсыз сүңгіп жалт-жұлт еткен мазасыз аңды да көз алдыңа елестетеді. «Шілік» ағаштың аты, ағаш болғанда өте нәзік, болмашы желемікпен-ақ желп етуге дайын тұрар суға салбырап тұратын ағаш. Бұл арада «сусар шілік» деген екі сөздің қосылуынан сөздің мағынасы түлейді де, ақыл мен сезімдік түйсіктің кенеттен үндесуінен жылт еткен қиялдағы мағына–кез келген сәтте бұзылғалы тұрған немесе салыстырмалы тыныштыққа жақын психикалық күйді көз алдыңа тартады. Бұл логиканың да, мазмұнның да құдіреті емес, сөздің тегінде жатқан эстетиканың құдіреті. Өлеңдегі шаңырақтан тік түскен күннің нұры жым-жылас күйде, алайда ол да үн-түнсіз емес. Қайта ақынның санасында ол «сүйекке шаншылған найза» болып өмір сүріп тұр. Тынымсыз көшіп жатқан бұлттарды тыңдамауға  болар, алайда ақын үшін оларда жай бара жатқан жоқ, қанатынан жел есіп улап-шулап барады. Жиып келгенде ақынның мұнда жазғандары тыныштық, алайда, ол жапырақтың бетіне күзде жүгірген сарғыш рең тәрізді тыныштық, немесе қарымы қатты қатгез тыныштық. Өлеңнің онан кейінгі жолы аса маңызды. Ақын онда «Ойхой, далам, қазағым, ана тілім!» деп жазған. Сөйлемнің соңындағы көп нүктеге де міндетті түрде назар аударуға тиіспіз. Мәні жағынан бұл тармақ  жоғарыдағы тұншыққан тыныштықтың өз ағысында көтерген жалғыз жалауы сияқты сөйлем. Ақынның санасын жайлаған шөлдің бір ұшығын осы тұста аңғарып қаламыз. Алайда өлең «дала», «қазақ», «ана тіл» туралы жазылмаған, өлеңнің тақырыбы да бұл емес. (Өлең жоғарыдағы мазмұндарды тақырып етсе, біздің бүгінгі жағдайда Тыныштықбек Әбдікәкімов оны жеті күн, жеті түн жазса да тауыса алмайтынына мен сенемін). Өлеңнің бастан ақыр ақын санасын қазбалаудан тұратынын ескергенде, өлең тақырыбын бір сөзбен «санада көкбөрілердің тірілуі» деп атауымызға болады. Алғашқы алты жолда қалыптасқан құндылықтардан өлеңнің кейінгі бөлегі өркен жайған. Осы бөлектерде ақын жан дауасын қыз бен қымыз боп есте қалған ауылдан қалаберді жылуы сөнбейтін махабат деген тілсім күштен тапқысы келеді. Дегенмен мәңгілік тақырыптарға ұмтылғанымен ақынның сарығын басқан ауылда, махабатта емес. Оны басқан сағыныш–сарғайған сағынышты жазу барысында санасынан өріп шыққан, баяғы қара өлеңнен ұтылап шапқан көкбөрілер — ұлттық эстетика. Өлеңді оқыңыз.

 

Қыбыр етпес аптапта сусар шілік,

Тау–ұйқышыл, ит–тыныш, жусан–сұлық.

Шаңырақтан тік түскен найза–сәске,

Сүйегіне сандықтың тұр шаншылып.

          .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .

Сені сүю–күрсініп, күнде күту хатыңды . . .

Хат жазам деп мен де сан,

Түнге қалам батырдым.

Түнге қалам батырдым, жаныма іздеп бәтуә,

Қаламымның ұшында ауылымның оты бар.

          .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .

Самайымның тұсынан аққан күнді санадым,

Сені сүю–әлемге маңдайдан нұр тарату.

         .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .

Қақ жарылар қара ұйқым, ақтарылар ақ Өлең,

Санамдағы сәскенің сәүлесіне бөленем.

         .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .  .

Таң да туар, күн де батар... кешқұрым,

Сол бір тірлік, қалпында.

Ай да туар сақалындай ешкінің,

Ол да өзгермес, жарықтық.

 

Төртке бөлінген өлеңді  ақын рухында тұтас тұлға етіп сомдап шыққан да алаулаған осы жолдар. Бұл тұрғыдан алғанда өлеңнің ақырындағы мына шумақ жырдың тобықтай түйіні емес, есесіне қайта тірілген көкбөрілердің өлеңге қойған тамаша нүктесі тәрізді сезіле береді:

 

Бәрі-бәрі заңдылыққа бойсынар,

Әрбір іште «ит өліп» ...

Бір есікті ашамыз деп,

Бірақ та,

Жабылатын жағынан

Жүргендейміз итеріп...

Мен ақының келесі өлеңдерінен тіпті де көп көкбөрілердің шауып шығатынына сенемін. Ал көкбөрілердің ізіне біз кейінгі мақалаларымызда түсеміз.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты