Сағат Әшімбаев Мақатаевты неге және қалай сынады?
Біраз уақыттан бері, бір байқағаным Сағат Әшімбаевтың М.Мақатаев поэзиясы туралы жазған сыны («Талант пен талап» Қазақ әдебиеті газеті. 17.07.1974ж.) әдеби ортада жиі ауызға алынады. Бірақ, көбінде сыншының ақынды бағаламағаны немесе ақынның жолын кескен, басқаша айтқанда бір беткей теріс азу, сойып салма сын ретінде қаралатыны байқалады. Тіпті осы мақала сыншының беделін түсіріп тұрғандай, М.Мақатаевтың алдында әлдебір кінә арқалаған жандай сезіндіретіні де бар. Аталған мақаланың сыншының сын кітаптарынан орын алмауы да осы түйткілдің салмағына салмақ қосып, мәселенің маңызын асқындыра түскен сыңайлы.
Ендеше, нақты жағдай қандай? С.Әшімбаев не айтты немесе сыншының таразысындағы М.Мақатаев кім? Енді осы сұрақ төңірегінде тоқталайық.
С.Әшімбаевтың аталған сын мақаласы М.Мақатаевтың екі жыр жинағына табан тіреген. Оның бірі 1968 жылы жарық көрген «Қарлығашым, келдің бе» өлең жинағы. Екіншісі 1974 жылы жарық көген «Аққулар ұйықтағанда» жыр жинағы. Сыншы мақалада алдыңғы кітапты жоғары бағалайды. Арада алты жыл өткен соң жарық көрген жаңа жыр жинақты сонымен салыстырғанын ауызға алады. Мақаланың мақсаты осы жылдарда ақынның шығармашылықта қандай өзгерістерді бастан кешкенін бағамдау екенін анық айтады. Сыншы М.Мақатаевтың ақындығына күмән келтірмеген, қайта ақынның өз биігін жаңартқан, жаңартпағанына баға беруші немесе ақынның одан да биіктерді бағындыруына тілекші сынды ролға тианақтаған.
Ұзын сөздің қысқасы сыншы мақаласында М.Мақатаев соңғы жинағында алдыңғы биігінен төмендеген, деген қортындыға келген. Жаңа жыр жинақта жеңіл, үстіріт жазылған («бір қайнауы ішінде...») өлеңдер көп. «Ақын творчествосында етек алып бара жатқан жалған патетика, желдірме желпіну, орынсыз тасып шалқу ғана бар...» дейді. Бұл сөздің берер мағынасы көп. Бастысы ақын бұрын өзінде бар кінәраттан (ол қандай кінәрат болды екен деп ойлап қойыңыз) арылмаған дегенді меңзейді. Жеңіл жазылған дүние болса, ойшылдығы жетіспесе, оның үстіне жалған пафосты, жалған патетикалы болып келсе, бұрын бар дүние жалғасып жатса, ол не болғаны? Әрине, ондай ақын керіне кетпегеннің өзінде де тоқырады дегенді білдіреді.Сыншы кітаптан «жеңіл жазылған» деген өлеңге де, «жалған пафосты, жалған патетикалы» деген өлеңге де мысал келтірген. Содан кейін жыр жинақтағы үш поэмаға тоқталған. «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын «рухтың тереңдігі мен содан туындайтын пәрменді парасаттылық жеткілікті емес», «көтеріп отырғаны мәселесі әлімсақтан әйгілі «аққу киелі құс, оны атуға болмайды» деген идея. Мұнда ақын аңыздық белгілі мотивтен ұзап кетіп айтарлықтай тың ой түйіндей алмаған» деп түйеді.
М.Мақатаев шығармаларының бәрі бірдей мінсіз емес, онда жеңіл, желдіртпе өлеңдердің де бар екені шындық. Сыншының бұл ойымен толық келісуге болады. Ақынның шығармашылығында «жалған пафосты, жалған патетикалы» жоқ, деп те айта алмаймыз. С.Әшімбаевтың дәл осы тақырыпты сол заманда жүрек жұтып қалай қозғағанына таңым бар. Үнемі партияның күн шуағындай құдыретін жырлауда қолданатын әдіс-тәсілді, сөз саптауды сынау дегенің ол заман үшін миға кірмейтін нәрсе ғой. Бұл айта берсең бас кететін, бас кетпесе де біраз жау тауып алатын саяси сипаты бар үлкен қатер. М.Мақатаевтың жалған пафосқа, жалған патетикасына өкіл болатын туындысы сыншы көрсетіп отырған қысқа өлеңдері ғана емес, қайта 1964 жылы жарық көрген «Ильич» поэмасы. Сыншы арнайы түстеп атамағанымен, мақала толықтай ақын бойындағы осы шығарманың салдарын, ауанын сынауға арналғандай әсер береді. Мақаладағы сөздің салмағы, қонар жері, түйіні соны меңзейді. «Ильич» сияқты айқай шығарманы кім жазбады. Қанды қасап төңкерістің баскесерлері мен соны көзсіз дәріптеушілер жазды оны. Сонау Маяковскийден бастап санай беріңіз.Оның үстіне М.Мақатаев коммунизмге шынымен шығармасындағыдай күмәнсіз сенім артқан болса, онда оның дүниетанымында кішігірім емес, үлкен ақау бар деген сөз. Ондай кемістігі, шектемелігі бар таным дүниесінен үлкен парасат-пайым, терең толғам, ақаусыз шығарма туа қоймайтыны да белгілі нәрсе. Өтірікті өр көкіректікпен мадақтап, мақаудың өзі шындықты ашықтан ашық аяққа таптауға жатады. Ол шындық мыңдаған жазықсыз адамның қанына, талқан болған тағдырына қатысты болса, одан туындайтын моралдық өтемнің де салмағы ауыр болады. Оны білмеу, көрмеу, көрсе де үнсіз қалу, көз жұмбайлыққас алыну, жылы жауып қоя салу дегенді қалай түсінеміз? Ақын шығармашылығы тұрғысынан айтқанда ол бәрібір алдынан шығады. Басқа қырынан келсек, ол М.Мақатаевтың шынайы болмысын тануда маңызды жұмыс атқарады. Уақыт қалай өзгергенімен де бұл мәселеде тайғақтаған әр адамның ар-ұжданы сынға түспей қалмайды. Әрине, көкірек көзің жабық біреу болмасаң. С.Әшімбаевтың «М.Мақатаев сияқты талантты ақын үшін басқаларға ұқсап жазу, белгіліні қарадүрсін қайталап шығу үлкен мін саналуы тиіс» деуі де тегіннен тегін емес. Сыншы сол кездің өзінде мәселенің арыдағы мәніне көз жеткізген. Жалғандыққа жақтас бола кетпеген. Бастысы «жалған пафос, жалған патетиканың» атын атап, түсін түстеп тұрып терістеп, арнайы сынаған.Астарында кімді болса да ойландыратын дүние жатыр.
Соған дейін бірнеше өлең жинағының авторы атанып, ақындықта қалыптасып, жақсы аталып үлгірген М.Мақатаев У.Уитменнің “Шөп жапырақтары” (1969); У.Шекспирдің “Сонеттер” (1970)Д.Алигерьитің “Құдіретті комедиясының” “Тамұқ” бөлімін (1971)] аударды. Мәскеуде М.Горький атындағы әлем әдебиеті институтында оқыды (толық аяқтамаса да). Басқаша айтқанда ақынның бұрынғысынан басқа сапада жазуына толық негіз болды деген сөз. Бірақ, ол ой орындалмайды. «Ильич» поэмасын ақынның пенделік орайшылдығы, деп қабылдағанның өзінде, одан кейінгі шабытты шығармаларында (айталық «Аққулар ұйықтағанда» поэмасында) оқырман (сыншылар) күткен тың дүние, үлкен серпіліс болмаған. Оны сыншы нақты дәлелмен көрсетеді. Сынайтын да жөні бар. Кеңес қоғамы, идеологиясы туралы өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының орта тұсынан бастап одақ көлемінде әдеби ортада жасырын болса да күмән-күдік орын ала бастағанын білеміз. Қазақтың әдебиетші қауымы да одан тыс қалмайтыны анық. Бірақ ол М.Мақатаевты айналып өткендей әсер береді. Ақын баяғы әуенінен жазбаған. Басқаша айтқада ақын өспеген. (Мақалада аталған екі жыр жинақтан тыс тұрған, ақынның соңғы шығармашылығының биігі саналатын «Моцарт. Жан азасын» да осы арада атауға болады. Онда да ақын басын тыңнан бастап, соңында өзіне таныс сүрдекке қайта оралғанын көреміз) Міне, осындай тарихи артқы көрініс жағдайында С.Әшімбаев аталған мақаланы жазған. Меніңше, сыншы дұрыс сынаған. Сыншы өз міндетін мінсіз, адал атқарған. Әр нәрсені өз атымен атаған. Сынның болмысы айқындала түскен.
Негізі сын болады екен, қара қылды қақ жарып өз уақытының, өз кезеңінің сұрағына жауап беріп отыруы, әдебиеттің шаң-тозаңын қағып, қалғып кеткен сананы оятып, теріс кеткенді арнасына қайтарып, рухани жоқшы болып, ұлы әдебиеттің көшінің ноқтабасы болып отыруы тиіс. Сонда ғана сынның ролы болады. Сын жазу деген болған істің қортындысын жасау, әшекейлеу, шашбау көтеру, дайын асқа тік қасық болу емес, немесе көптің көңілін аулау да емес. Сын жазу деген бастысы жауапкершілікті сезіну. Осы тұрғыдан келгенде аталған мақала С.Әшімбаевтың сыншылық тұлғасын кемелдендірген.
Мақалада сыншы М.Мақатаев шығармашылығына қатысты ойлы, терең де әділ сын айтқан. Мұндай сауатты, көзі ашық мақала кеңес әдебиет сынында көп кездеспейді. Кеңес әдебиет сыны партиялық әдебиеттің сынына – идеологиялық сынға жатады. Ол көбінде алдынала түсінікті ұғымдарды мәтінге тықпалайды. Ақиқатты меншіктеп алады. Шығарманы талдамайды, қайта өзінше түсіндіреді. Сөзқуар келеді, көбіне догмалық ұранға жақын ұғымдарды айналсоқтайды. Партиялық ұстаным менмұндалап тұрады. С.Әшімбаевтың өзге сын еңбектерінде идеологиялық сынның элементтері көп ұшырасады. Оған салыстырғанда аталған мақала мүлде басқа бір түсініктегі сыншы жазған еңбек сияқты сезіледі. Саясаттық фактор жоқтың қасы. Қызыл үкімет өкіріп тұрған өткен ғасырдың 70 жылдарында жазылған мақала дегенге тіпті сене алмайсың. Айта қалсын тамаша сыни еңбек.
С.Әшімбаевтың аталған мақаласында әдебиет зерттеуге қатысты назар аударуға тұрарлық тағы бір түйін бар. Сыншы жеткен жерден бір адым алға аттасақ, ойламаған жаңа дүниеге кез болуымыз да мүмкін. Айталық М.Мақатаев сияқты артықшылығы мен кемшілігі бірдей көзге ұрып тұратын аса ірі ақындарды бағалау, ақындық келбетін анықтау, орынын тұрақтандырудың талабы өзгеше болады. Қазақ поэзиятану ғылымында бұл әлі толық бір ізге түсіп кеткен жоқ. Біреу былай десе, енді біреу оған мүлде кереғар айта береді. Ғылыми келісім, диялогқа орын жоқ. Мақалада сыншы М.Мақатаев шығармашылығындағы тамаша, тартымды жазылған өлеңдердің келу тарихына үңіледі. Ақын өзіне жақсы таныс өмірді, айталық балалық шақтағы, соғыс тұсындағы өмірді жазғанда өте әсерлі әрі тартымды жазады («Бозқараған», «Сары ала қаз оралды», т.б.) дейді. Ақынның өзге сарындағы өлеңдері туралы: «Бізде көбінесе образ бен ойды терең астарлап жеткізуден гөрі, төтесінен төпеп қалу, тікелей толғап баяндау сарыны басым. М.Мақатаев творчествосында да осындай кемшіліктің табы бар» деген. Сыншы М.Мақатаев шығармаларын айқын екі арнаға бөлгені байқалады. Қазақтың ендігі поэзиятану ғылымының бір міндеті көзсіз табынудың жетегінде кете бермей, қарабайырлықтан арылып, осы қақ айрылған М.Мақатаев поэзиясына өзіне тиісті орын көрсетуге барып саяды. Немесе қажеттілікке сай жаңа ой-жұжырым ұсыну керек деген сөз. Себебі орын алған мәселе шешімді талап етеді. Одан басыңды алақашып құтылып кете алмайсың. Ол түйін шешімін тауып жатса, керемет деген сол, қазақтың поэзиятану ғылми сынында теориялық және сапалық өзгеріс орын алуы да әбден мүмкін.
Негізі М.Мақатаевты ақын ретінде көпке танытқан да, даңқын асырған да осы сыншы көрсеткен тақырыптағы өлеңдері. Уақыт өте келе ақынның жыр жинағын құрастырушылар да соны түсініп алған сыңайлы. Біртіндеп «Ильич» сияқты шығармаларды қағып тастап, жұрт жылы қабылдаған өзге шығармалармен жинақ құрастыруға ысылып алған. Кезінде Т.С.Элиот поэзиятануға «жинақтық топтама өлеңдердің» ақыны деген бір ұғым кіргізгені бар. Жинаққа лайық топтама өлеңдерімен классик атанатын ақындар болады. Ондай ақындардың толық шығармасын оқысаң, тартымсыз, кереғар дүниеге кезігуің де мүмкін, бірақ, әлгі «топтамаға лайық» таңдамалы өлеңдерімен-ақ ол ақын әдебиет майданында өзінің төмендемейтін орынын тұлғалап кетеді, деген. Ойланарлық нәрсе. Айталық Абай шығармалары жоғарыдағы талапқа сия бермейді. Абай шығармашылығын бөліп-жара алмайсың, қайта олар бірін бірі толықтап, бірін бірі кемелдендіріп, түрлендіріп отырады. Оны біртұтас, толық күйінде оқысаң ғана жақындайсың. Сондықтан да Абай «топтама жинақтық» ақын санатына жатпайды.
Осы себепті де М.Мақатаев шығармашылығын бөліп-жармай, әдейі тыққыштамай толық түрінде көрсеткен абызал. Бар дүниені жасырып-жапқаныңмен де ол жоқ болып кетпейді. Жоқ дүниені тықпалағаныңмен де бар болып кетпейді. Қайта келешек поэзиятану ғылымының жағдайын ойлаған дұрыс. Ақын мұрасына адалдық болашақ поэзиятанудың қабырғасын бекітіп, қанаттануына жұмыс істесе, тіптен жақсы. Мұны да естен шығармаған жөн.
Ardakh Nurgaz