William Shakespeare. Король Лир

3ea80ee3ce8f5a775f73423b93d34243.jpg (670×368)

БЕС ПЕРДЕЛІ ТРАГЕДИЯ

ҚАТЫСУШЫ АДАМДАР: 

Лир — Британия королі

Француз королі

Бургундия герцогі

Корнуэль герцогі (Корнуол)

Альбан герцогі (Олбени)

Граф кент

Граф Глостер

Эдгар — Глостердің ұлы

Эдмунд — Глостердің некесіз ұлы

Куран — сарай адамы

Шал

Дәрігер

Сайқымазақ

Освальд — Гонерилья сарайының қызметкері

Эдмунд қарауындағы офицер.

Корделия нөкеріндегі сарай шонжары

Герольд

Корнуол қызметшілері

Гонерилья

Регана — Лирдің қыздары

Корделия

Лирдің нөкеріндегі сайыпқырандар, офицерлер, жаушылар, солдаттар, сарай адамдары.


Аңыздың айтуынша, уақиға біздің дәуірімізге дейінгі IX ғасырда (Голиншедтің жыл қайтаруынша, дүние жаратылғаннан кейін 3105 жыл кейін) Британияда болған.

 

БІРІНШІ ПЕРДЕ

БІРІНШІ КӨРІНІС

 

Король Лир сарайындағы тақыт залы.

Кент, Глостер және Эдмунд кіреді.

 

Кент. Мен корольге Альбан герцогінен гөрі Корнуэль герцогі көбірек ұнайтын шығар деп ойлаушы ем.

 

Глостер. Бәріміздің ойымыз да солай-тын. Бірақ, корольдің өз игілігін мынандай қып бөлгеніне қарағанда, бүйрегінің кімге бұратынын айыру қиын. Қара қылды қақ жарғандай. Жіліктің майлы басының кімге түскені белгісіз.

 

Кент. Бұл сіздің ұлыңыз ба, милорд?

 

Глостер. Иә, оның дүниеге келуіне аз-мұз араласым болғаны рас. Бұрын мұндай сұраққа қызарақтап қалушы едім, қазір бетімнің қытығы қашайын деген бе, қысылмайтын болыппын.

 

Кент. Мына сөзіңізге түсіне алмадым.

 

Глостер. Ендеше, бұл жігіттің анасы менің көмейімді бірден түсінген-ді. Соның салдарынан ол бейбақ байдан бұрын бала сүйді. Сіз мені жазғырып тұрғаннан саусыз ба?

 

Кент. Мынандай жайсаң жігіт жарыққа келгесін жазғырып қайтем.

 

Глостер. Некелі әйелімнен туған бұдан бір жас үлкен ұлым бар, бірақ оған бүйрегім бүлк етпейді. Бұл пәтшағарды жата-жастанып тілеген ешкім болмаса да, анасы асқан сұлу еді, бұл туарда талай-талай бал дәуренді басымнан кешіп ем, әкесі екенімді амалсыз мойындауға тура келді. Эдмунд, сен бұл мәртебелі мырзаны танитын ба едің?

 

Эдмунд. Жоқ, милорд.

 

Глостер. Ендеше, танып ал. Граф Кент, бұдан былай мені қалай сыйласаң, бұл кісіні де солай сыйла. Асыл текті бұл мырза — менің ғазиз досым.

 

Эдмунд. Қызметіңізге әзірмін, тақсыр.

 

Кент. Жақын біліскесін, өз баламдай бауыр басысып кетерміз деп сенем.

 

Эдмунд. Бұл сеніміңізді ақтауға тырысып бағам, тақсыр. Глостер. Тоғыз жыл шетте жүрді, енді көп ұзамай тағы да жолға шықпақ. . . Король келе жатыр.

 

Шымылдық сыртынан керней тартылады.

Лир, Корнуэль герцогі, Альбан герцогі, Гонерилья, Регана, Корделия және нөкер кіреді.

 

Лир. Глостер, қазір барып, Француз королі мен Бургунд герцогіне хабар бер.

 

Глостер. Құп болады, тақсыр ием.

 

Глостер мен Эдмунд шығып кетеді.

 

Лир.

Ал, жарандар, қазір енді

Таныстырам шешіміммен бел бұған.

Карта қайда, әкел бермен.

Былай болмақ пәтуа:

Өлкені біз үш бөлікке бөлмекпіз.

Тәж бен тақтың тауқыметін

Өздеріңе артқан соң,

Қара көрге «уһ» деп бір қайғы-мұңсыз кірмекпіз

Корнуол ұлым, қадір-қасиетің бір де кем емес.

Олбени балам, бір-біріңе алакөз боп

Жүрмесін деп күні ертең,

Қыздарымның еншілерін

Осы қазір өз аузымнан айтпақпын.

Кіші қызыма таласып жүрген

Екі бірдей бекзада

Франция королі мен Бургундия герцогі.

Олар да менің жауабымды тосулы.

Ал, қыздарым, мына біз ертең

Тәж бен тақтан,

Жер мен судан,

Дүние-малдан

Шыққаннан соң баз кешіп,

Қайсың көбірек сыйлайсыңдар әке деп? —

Айтыңдаршы құла бүкпей көңілге,

Енші бөлерде ескерейік оны да.

Ал, Гонерилья, қарағым, алдыменен сен айтшы!

 

Гонерилья.

Сізді қандай сүйетінімді айта алам ба сөз тауып!

Екі дүниенің дәулеті мен тіршіліктің рақаты,

Беттің ары, көздің нұры,

Жеті мүшенің саулығы

Әке, сіздің бір басыңыздан садаға!

Ықылым дүние орнағалы

Туды ма екен, сірә, перзент

Мендей сүйген әкесін.

Жүйе-жүйкемді жидіте беріп,

Мұнша сынап қайтесіз.

 

Корделия (өзімен-өзі).

Ал, Корделия, сен не дер ең?

Шын сүйгенге сөз шығындап не қажет!

 

Лир.

Балам, онда, мына жатқан

Сайын дала, самиян қол, ну шалғын мен жасыл орман

Бердім саған.

Қосағыңмен қоса ағарып,

Ұл өсіріп, қыз өсіріп,

Игілігіңе пайдалан.

Ал, екінші қызым Регана,

Сен, не дейсің әкеңе?

 

Регана

Бір емшектен нәр емген

Апамнан асып не айта алам?

Оның сөзін сөзім деп біл менің де.

Жан-тәніммен жақсы көрем бір сізді,

Содан асқан бақ пен дәулет

Керек емес мен үшін.

Корделия (өзімен-өзі).

Көңілім сұңғыла, тілім олақ

Мен неғылған бейшара едім.

 

Лир.

Сен де, ендеше, от басың мен

Қызығын көр мына өлкенің.

Құт пен көркі мұның-дағы

Кем түспейді ешбір жерден.

Бір басына талас қылып,

Сүттей ұйып, судай сіңген

Егіз елді егестірген

Кенже қызым не дейді екен?

Екі апасына да ұсынбаған

Енші етемін ен өлкені.

Ал, қанеки!

 

Корделия.

Мен ештеңе айта алмаймын, милорд.

 

Лир.

Ештеңе айтпайсың ба?

 

Корделия.

Иә, тақсыр.

 

Лир.

Ештеңе айтпасаң, кетеді есең,

Бірдеңе де, меселімді қайырмай.

 

Корделия.

Қызыл сөзге шорқақтау ем.

Бір перзенттей сүйем мен де,

Жұрттай өліп-өшпегенмен.

 

Лир.

Корделия, дұрыс сөйле,

Қапы соғып қалма кейін!

 

Корделия.

Тақсыр ием, өзіңізсіз жарық дүниеге жаратқан,

Асырадыңыз, бақтыңыз-қақтыңыз.

Сыйға — сый, сыраға — балды білем мен де,

Қадір тұтып басыңызды,

Орындаймын сөзіңізді екі етпей.

Ал, мына екі апамның

Болса рас айтқандары,

Бұл дүниеде екеуі де

Бір сізді ғана сүйеді екен, —

Ендеше күйеуге неге тиеді екен?!

Мен олардай өз әкемді

Өліп-өшіп сүю үшін

Кіре алмаймын жат құшаққа.

Ерге шықсам, оны-дағы

Жан-тәніммен сүйем рас.

Сондықтан да, жарық жалғанда

Жалғыз сізді

Жақсы көрем деуге болмас.

 

Лир.

Құдай ақы шын сөзің бе бұл, қызым?

 

Корделия.

Иә, милорд.

 

Лир.

Жас басыңмен, тап осынша тас жүрек пе ең?!

 

Корделия.

Жалтара сөйлеген жараса ма екен жастыққа!

 

Лир.

Жараспаса, жалаң шындық — жасауың!

Бізді кеше әкеліп аз күн фәниге,

Ертең бізді әкетер мәңгі-бақиға

Жарық күннің шұғыласымен,

Қара түннің түнегімен,

Сәулесімен жұлдыздың"

Айдай жұрттың алдында

Ант етемін.

Безер қыздан бездім, халқым,

Әке көңілін тәрк қылған.

Балам ғой деп шырқырап шыбын-шіркей жанымды да,

Алпыс екі тамырында

Ағып жатқан қанымды да

Мансұқ еттім. Аулақ! Аулақ!

Бауырымнан шыққан шұбар жылан

Бетің әрі!

Бұдан былай сенен гөрі

Өз нәсілін өзі жеген

Маған туыс түзде тағы.

 

Кент.

Тақсыр ием!

 

Лир.

Жә, Кент!

Аждаһаның аузына

Басыңды сұқпай, тұр былай!

Үш перзенттен емешегім құрып,

Сүйген едім ала бөтен бұл қызды.

Аз жарықты қалған енді

Өткізем деуші ем ошағының басында.

Қайырды ғой хиуазын,

Көрінбесін көзіме!

Тірімде көңілімді шошытпай,

Өлген соң үрейімді шошытпай,

Бұдан былай жуымасын маңыма.

Біржолата ат құйрығын кесістім.

Естіді ме екен, шақыртып ем

Франция королін?

Не дейді екен?

Қайда Бургунд герцогі?

Сіздер неге қалдыңыздар үндемей,

Корнуол мен Олбени?

Қалған жерді қаққа бөліп,

Қостым тағы үлестеріңе үстеме.

Тиер күйеуін тапсын өзі

Ақиқат құмар асау қыз.

Мынау елдің ендігі тізгінін

Ұстатамын екеуіңнің қолыңа.

Әр ай сайын алма-кезек

Қолдарыңа шығам да,

Жүз сарбаздан артық енді

Нөкер ертпен соңыма,

Қанағат тұтып король деген атымды,

Соңдағы — әскер қолдағы — билік

Жерден түсер табысты

Сендерге бердім,

Мынау соның айғағы —

Басымдағы тәжімді

Алыңыздар тең бөліп.

Тәжді ұстатады.

 

Кент.

Уа, падишам деп табынып,

Жақсы әке деп тамсанған,

Құлдық ұрған тақсырлап

Құдіретің күшті Лир патша. . .

 

Лир.

Көрмейсің бе сұр жебелі садақты,

Жолда тұрма, кет былай!

 

Кент.

Атар болсаң сұр жебеңді маған ат!

Лирді ашу жеңгенде

Кент бола алмас мәймөңке.

Адуын шал, ақылыңнан алжаспа!

Көлгірлікке құлақ тосып,

Ақиқаттың қақпа аузын.

Падишаның есерлігін көргенде,

Әдеп, иба қалмай ма екен адыра!

Берме тақты! Сабаңа түс, сабаңа!

Корделия бұлардан кем сүймейді

Бәске тігем басымды.

Сырдандардың сылдыр сөзіне иланып,

Шын сүйгеннің тәрк етпе сен пейілін!

 

Лир.

Жан керек болса, кет былай!

 

Кент.

Талай жерде жауына тосқан кеудемді

Енді, міне, өз оғыңа тостым мен.

 

Лир.

Көзіме енді көрінбе!

 

Кент.

Ондай көздің жоғы Жақсы барынан

Айыра алмаса қас пен достың парығын.

 

Лир.

Құдай куә. . .

 

Кент.

Иә, құдай куә, тұрғаныңа

Бостан-босқа алжасып.

 

Лир.

Сұмырай! Опасыз!

Семсерін суырады.

 

Олбени мен Корделя

Дат, патша ағзам!

 

Кент.

Басын шауып досыңның

Қанжығасына бөктермек пе ең қасыңның?!

Қайт райдан,

Әйтпесе,

Өлтірсең де айтарым —

Бар сұмдықты бастап тұрған өзіңсің!

 

Лир.

Қу, шұнақ құл!

Ұмыттың ба атыңды.

Тыңда ендеше!

Сүйегіңе өшпес-кетпес дақ салып

Өз сөзіңнен өзің айны деп тұрсың.

Сөзімізге ісіміз

Келіп жатса кереғар

Патша деген атақтан не пәтуа!

Өз обалың өзіңе.

Бес күн береміз

Алыс сапар алдында

Керегіңді сайлап ал,

Алтыншы күні

Біздің мынау өлкеден

Өшірер бол қараңды.

Тек біліп қой,

Он күнге дейін қараң сенің өшпесе,

Қыл тұзақ көрер

Қызығын қылша мойныңның!

Жоғал. Айныр болсақ бұл сөзден,

Тәңірім берер сазамызды.

 

Кент.

Қош бол, король,

Өз тізгініңе өзің ие бола алмай,

Астамдықтың алып тұрсың ақылын.

Өз жерімде өзім құл боп жүргенше

Пейіл көрдім жаттан шегер запыны.

(Корделияға)

Қызым, дұрыс сөзің тұрған екен бұрыс боп,

Тілеуіңді бірге тілеп жүрермін.

(Реганаға және Гонерильяға)

Ауыздарыңнан жарқылдаған жақсы сөз

Жадылықтан аулақ болғай, лайым.

(Қалған жұртқа)

Мұндай дәурен Кентке енді мақұрым,

Жаңа жерде бастайды ескі кәсібін.

(Кетеді)

Керней даусы естіледі.

 

Француз королін, Бургундия герцогін және нөкер ертіп Глостер кіреді.

 

Глостер.

Король мен герцог келіп тұр, тақсыр ием!

 

Лир.

Қымбатты герцог, сөзді өзіңізден бастайық.

Мұнда король екеуіңіз

Құда түсіп келіп қапсыз.

Қораш боп шықса қалыңдықтың жасауы

Жүрмейсіз бе құдалықтан бас тартып?

Бургундия герцогі.

Не атасаңыз да пейілмін,

Түкке тұрмас құрдым нәрсе,

Сірә, түспес аузыңызға.

 

Лир.

Ендеше, герцог, қапы соғып қалмаңыз,

Бұл пәтшағарға әке көңілі өзгерген,

Қалыңдығыңызда қарғыстан басқа енші жоқ.

Бургундия герцогі.

Енді не дедім?

 

Лир.

Әкесі безген, әулеті безген безер қыз.

Үйленем десеңіз — өз еркіңіз.

Қайталап айтамыз —

Теріс бата алған тентірендіге

Телисіз бе басыңызды?

Бургундия герцогі.

Ендеше, тақсыр, сізді түңілткен пәтшағар

Бізді түңілтіп жүрмесіне кім кепіл?!

 

Лир.

Айнысаңыз айнығаныңыз жөн шығар,

Барлық жайды баян еттік жасырмай.

(Француз короліне)

Ал, сүйікті тақсыр, сізге өзім де

Атай алман аузым барып бұл қызды,

Жұртқа қарар беті Жоқ бұл қарабет

Төкпей тұрып абыройыңызды айрандай

Ақ сүт емген басқа бір жар іздеңіз.

Француз королі.

Мен қайранмын!

Көрген жанның бәрі бірдей ынтыққан,

Кеше ғана әкесінің

Ең сүйікті перзенті

Періште ару

Ойда жоқта осылай

Масқараға ұшырардай не істепті?

Ондай ауыр күнәға қия алмай тұрмын өз басым,

Әлде әуелде-ақ онша жақсы көрмепсіз,

Мен, әйтеуір, сене алмадым

Сіз айтқан әлгі сезікке.

 

Корделия.

Тақсыр ием, көлгірліктің келтіре алмай ретін,

Көңілімді жеткізсем өз қалпында,

Желіге алмай желдірме сөз желіне,

Ант-су ішпей айтсам аппақ пейілімді,

Сүйекке дақ салатындай,

Бетке күйе жағатындай не істеппін,

Иә, өзімнің арым төгілмей,

Иә, біреудің қаны төгілмей,

Қалай ғана бола қалдым қарабет, —

Соның бәрін ашып неге айтпайсыз!

Жанарыма жалған күлкі жуытпай,

Көңіліңізді көлгір сөзбен суытпай

Тура сөйлеп, тура жүрсем — онымды

Дұрыс демей, бұрыс десеңіз не шара!

 

Лир.

Беттің арын бес төккізер бұлайша

Мұндай перзент неге бердің, о, тоба?!

 

Француз королі.

Солай ма еді, жағдайға енді қанықтым,

Уыз сезім тұрғанында бұзылмай

Көлгірлікке көңіл қайдан көнуші ед?

Қалай, герцог? Енді айтасың бұған не?

Ғашықтықпен туыспайды

Пайда іздеген пасықтың.

Періштеге жасау сұрап қайтесіз?

 

Бургундия герцогі.

Лир,

Енші атаңыз қызыңызға ең кенже,

Осы қазір

Мына жұрттың көзінше

Атандырам Бургундия ханшасы.

 

Лир.

Айтарымызды айтып ек қой әлгінде,

Қайта сөйлеп,

Анттан аттар жайымыз жоқ.

 

Бургундия герцогі.

Өкінішті-ақ, ендеше, әкеңізден бір айырылып,

Мына мендей күйеу жігіттен екі айырылып

Қалғаныңызға қиналам, бикеш.

 

Корделия.

Бетіңізден жарылқасын тәңірім,

Көздегеніңіз пайда екен ғой, мен емес.

 

Француз королі.

Корделия,

Қимаса әкең, бермей-ақ қойсын еншісін,

Тұлдыр басың-ақ тұнған байлық емес пе!

Өліп-өшкен асылым,

Алтын қазынам,

Жұртта қалған сұрауы жоқ нәрседей

Бұлай болып бұйырар деп кім ойлаған?!

Жаныма тек жалғыз ғана батары, —

Қосылмадық, қосақ боп ақ баталы.

Жасаусыз деп жазғыратын кім сені —

Ханымысың Франциямның еңселі.

Ұланғайыр Бургундия аймағын

Сенің сынған тырнағыңа алмаймын.

Корделия,

Хош боп тұр де,

Көрдей суық еліңе.

Аттанайық менің жаннат жеріме.

 

Лир.

Ендеше, тақсыр, болсын бұл қыз сіздікі.

Тек тезірек жоғалтыңыз көзімнен.

Маған енді ол — шіріген бір жұмыртқа,

Босқа әуре боп,

Менен бата күтпеңіз.

Жүріңіз, герцог.

 

Лир, Бургунд, Корнуэль, Альбан герцогтері, Глостер және нөкер шығып кетеді.

 

Француз королі.

Бауырларыңмен қоштаспайсыз ба!

 

Корделия.

Ал, әкемнің перзенттері шын сүйген,

Жылап-сықтап кетіп барам сендерден

Жоқ болса да мен білмейтін сырларың,

Жария қылмай, сақтап барам ішімде.

Байғұс шалдың бабын таба көріңдер,

Сенбесем де, өтінемін жалынып.

Маған ерсе — табар еді жайлы орын,

Жазықсыз, бірақ, қалып тұрмын қарғысқа.

Жарайды, сау тұрыңдар.

 

Регана.

Сенің ақылыңсыз-ақ

Күнімізді бірдеңе ғып көрерміз.

 

Гонерилья.

Өз мұңыңды мұңдамай,

Басқаны қамдап қайтесің.

Бата аттағанның бағы жанбас деген бар,

Барған жеріңде

Күйеуіңнің көңілін тауып бақ.

 

Корделия.

Өтіріктің түбі бір тұтам

Деген де бар,

Ақыры, бір зауал сендерге де туар.

Хош!

 

Француз королі.

Корделия, сүйіктім,

Уақыт болды жүретін.

 

Француз королі мен Корделии шығып кетеді.

 

Гонерилья. Сөйлесу керек еді, сіңілім. Байқаймын, екеумізге ақылдасып алатын біраз шаруа бар сияқты. Жаңа осы әкем бүгін жолға шығамын деді ме?

 

Регана. Иә, бүгіннен бастап сенің қолыңа шығады. Келесі айда маған келеді.

 

Гонерилья. Сол шалдың өзі ақылынан алжасайын деген емес пе? Әлгі қылығына қалай қарайсың? Екеумізден гөрі көбірек жақсы көретін кенже қызын мынандай күйге ұшыратады деп кім ойлаған?!

 

Регана. Жасы келіп қалғаны рас. Бірақ, бұрын да мап-мақұл адам емес-тұғын.

 

Гонерилья. Иә. Жас кезінде-ақ жаны қас немеге қартайғасын не жорық!

 

Регана. Бір күні әлгі Кент құсатып біздің басымызға да әңгір таяқ ойнатып жүретін шығар. Қалай қуып шыққанын көрдің ғой.

 

Гонерилья. Француз королін де жерге қаратып жіберді. . . Бұдан былай аузымыз бір болсын. Әйтпесе, билік әкемде қалса, мына бүгінгі мінезімен бізге де талай зобалаңды туғызар әлі.

 

Регана. Иә, жақсылап ойлап алмаса болмайтын шығар.

 

Гонерилья. Уақытты көп соза бермей, алдын-ала бір амалын қарастырып қойғанымыз дұрыс.

Кетеді.

 

ЕКІНШІ КӨРІНІС

 

Граф Глостер қорғанындағы зал.

Қолына хат ұстаған Эдмунд кіреді.

 

Эдмунд.

Уа, табиғат, менің тәңірім бір өзің,

Өле-өлгенше өтем саған табынып.

Әрі кіші, әрі некесіз екем деп,

Жібере алман есемді,

Қайдағы бір қаңқу сөзден қаймығып.

Некесіз тусам, несі бар,

Некелі туған сабаздардан

Ақылым кем бе, көркім кем бе, күшім бе?

Көзімді неге шұқи береді осы жұрт?

Некесіздің несі ұят!

Өн бойдағы оттай қайнап қызыл қан,

Екі жүрек елтігенде елжіреп,

Шын ықылас, шырын сезімнен жаралғам,

Некелі жар төсегінде немқұрайлы нәпсінің

Ұйқылы-ояу ұрлығының олжасы —

Манаураған маубастардың бірі емен.

Жүргенде Эдгар заңды мұрагер менмін деп,

Иеленем оған енші ен жерді.

Заңды перзент, заңға сеніп жүре бер,

Заңсыз перзент айласына сенеді.

Мінеки хат. Бұл амалым іске асса,

Тектіні тексіз тентіретіп кетеді,

Шүкір оған қажыр-қайрат жетеді.

Мен пақырға өзің жар бол, құдайым!

Жер қылам деп жүргенде жұрт

Төрден бір-ақ шығайын.

 

Глостер кіреді.

 

Глостер.

Кент байғұсты жер аударып жіберді!

Франция королімен шығып кетті қоштаспай!

Сарай — қаран, тақыт — талаң, тәж — тәрік, —

Соның бәрі көзді ашып-жұмғанша!

Иә, қандай жаңалық бар, айт, Эдмунд?

 

Эдмунд. Ешқандай жаңалық жоқ, милорд. (Хатын жасырады)

 

Глостер. Әлгі хатты неге жасыра қойдың?

 

Эдмунд. Мен ешқандай жаңалық естігем жоқ, милорд.

 

Глостер. Ендеше, жаңағы оқып тұрған қағазың не?

 

Эдмунд. Мен ештеңе оқығам жоқ, милорд.

 

Глостер. Солай ма? Ендеше жаңа жалма-жан қалтаңа сүңгітіп жібергенің не нәрсе? Қане, көрсетші. Секем алатындай ештеңе жоқ болса, мен оны оқымай-ақ білем.

 

Эдмунд. Кешіріңіз, милорд. Ол ағайымның хаты еді. Аяғына дейін қарап шыға алмадым. Алайда, әлгі өзім үлгірген сөздеріне қарағанда, сол хатты сіздің қойғаныңыз дұрыс сияқты.

 

Глостер. Бері әкел

 

Эдмунд. Апыр-ай, қинадыңыз-ау, өзі бір өте жаман хабар еді, сізге оны көрсетсем де кінәлімін, көрсетпесем де кінәлімін.

 

Глостер. Соншама немене екен, көрейік.

 

Эдмунд. Сыңайы ағам мені қайтер екен деп, сынап жазған сияқты.

 

Глостер (оқиды). «Осы бір үлкеннің алдында қоғадай жапырылатын жәреуке үрдістің қырсығынан біздің жалындаған жастық шағымыз бекерге зая боп, азғантай тиесілі еншіміз жұмсап қызығын көре алмайтын қалтылдаған кәрі кезімізде қолымызға тиеді. Осы бір алжыған шал-шабырды әулие тұту — біздің ынжықтығымыздың салдарынан етек алып келе жатқан ен бір сұмырай құбылыс екендігіне күн санап көзіміз жете түсті. Егжей-тегжейін кездескен жерде айтармын. Егер әкем қашан өзім оятқанша, қаннен-қаперсіз ұйқыға кететіндей жағдайға жетсе, оның жарты дәулеті мен ағаң Эдгардың айнымас сүйіспеншілігіне өзің ие болар едің». Бұл не дегені? Қастандық па? «. . . Қаннен-қаперсіз ұйқыға кетердей жағдайға жетсе, оның жарты дәулетіне ие болар едің». Осыны менің ұлым Эдгар жазып отыр ма? Мұндайға қайтіп дәті барды! Көңіліне шайтан қашып жүргеннен сау ма! Бұны сен қашан алдың? Хатты саған кім әкеліп берді?

 

Эдмунд. Барлық пәле сол ешкімнің әкеліп бермегенінде болып тұр ғой. Терезеден лақтырып кетіпті.

 

Глостер. Мынау сонда сенін ағаңның жазуы ма?

 

Эдмунд. Егер ішінде басқа сөздер жазылған болса, бұл дәл соның жазуы деп айтар ем, әңгімесінің әлгіндей түріне қарап, аузым бармай тұрғаны.

 

Глостер. Жоқ, бұл соны қолы.

 

Эдмунд. Бұл хат соның қолымен жазылғанмен, мұнда оның жүрегінің ешқандай қатысы жоқ қой деп ойлаймын.

 

Глостср. Бұрын саған мұндай құлаққағыс жасаған жоқ па еді?

 

Эдмунд. Жоқ. Тек кейде ержеткен ұлдар қартайған әкелеріне қамқорлық жасап, дәулеттеріне бас-көз болуға тиісті деп өзеурейтіні бар еді.

 

Глостер. Сөзін қара сұмырайдың! Әлгі хаттағы айтып отырғаны да сол емес пе! Оңбаған жексұрын! Қара жүрек қаныпезер! Хайуаннан өткен топас. Балам, бар да, тауып әкелші өзін. Абақтыда шірітейін. Сөзін қара найсаптың! Қайда тұр өзі?

 

Эдмунд. Білмедім, милорд. Менің айтайын дегенім: көзіңіз әбден жеткенше, ашуыңызды басып, сабаңызға түсіңіз. Сөйткеніңіз дұрыс. Өйтпейінше, анық-қанығын ақи-тақи білмей тұрып, ашу үсті әрекет қылсаңыз, жұрт алдында абыройыңызды төгесіз, әрі өз балаңызды өзіңіз жауықтырып аласыз. Мен басымды бәске тігем. Ол менің сізді қаншалықты сүйетінімді білейін деп әдейі жазып отыр, одан басқа ойы жоқ. Осыған сеніңізші.

 

Глостер. Солай ғой деп ойлайсыз ба?

 

Эдмунд. Көзіңізді жеткізіп берейін. Сіз тек екеуміздің әңгімеміз анық естілетіндей жерде жасырынып тұрсаңыз болғаны. Бірақ, бұны бүгінгі кештен кейінге қалдыруға болмайды.

 

Глостер. Оның тап осындай қанішерлікке баруы еш мүмкін емес қой.

 

Эдмунд. Әрине, оған күмән бар ма!

 

Глостер. Өзін өліп-өшіп Жақсы көретін әкесіне ондай қиянат жасауға қалай дәті шыдайды! Эдмунд, сен оның сеніміне кіріп, шынында да не ойлап жүргенін біліп берші. Қызметім қайтпайды деп қорықпа. Бар шындықты біліп берсең, қалағаныңды ал, қолың-нан қақпаймын.

 

Эдмунд. Мен қазір оны тауып aп, әлгі хат жайында сөйлесейін, не дейді екен, сізге айтып берермін.

 

Глостер. Жуырда ай мен күн бірдей тұтылғанда-ақ, ішім мұздап қоя беріп еді. Оқымыстылар не десе о десін, табиғат қай кесапатты да алдын ала сездіріп отырады. Махаббаттың орнына көлгірлік жайлаған, достықтың орнына жағымпаздық иемденген, бауырға бауыр қол көтерген бұл неғылған жады заман. Қалада — бүлік, ауылда — айтыс, сарайда — сатқындық, үйінде — әкеге бала қарсы ұрыс-керіс. Өз баламнан өзім құқай керіп менің тұрысым мынау. Өз баласын өзі тентіретіп корольдің жүрісі анау. Сүттей ұйып, судай сіңіскен қайда баяғы заман! Енді қалған ғұмырда, қашан көрге кіргенше бірімізге-біріміздің қанымыз қатып, бірімізді-біріміз сыртымыздан сатып осылай үрит-соқпен өткеніміз бе? Әлгі жүзіқараның масқарасын мойнына қойып бер, Эдмунд. Ол үшін кейін өкінбейсің. Тек құнттап кіріс бұл іске. Тағы бір мысал: адамның абзалы Кенттің елден-жерден аласталып кеткені әлгі. Не үшін? Адал жүріп, ақ сөйлегені үшін! Бұ не сұмдық!

Кетеді.

 

Эдмунд. Бәз баяғы әңгіме. Неткен есуастық десеңші! Барлық пен бақытты көтере алмай, өз өмірімізді өзіміз бүлдіріп жүріп, басымызға түскен кесапаттың бәрін қайдағы бір айдан көреміз, күннен көреміз, жұлдыздан көреміз. Құдды бір біздің мұншама миғұла топас болғанымызға аспан кінәлі сияқты, жымысқы жылпос, теспей соратын жебір ұры болғанымызға ауа әсер еткен секілді; ал ғарыштағы біз білмейтін сансыз планеталардың әлде бір ықпалынан аузы құрғамас маскүнем, сасық ауыз, суайт өтірікші, көлденеңнің көрпесін ластамаса ұйқысы келмейтін қолетек азғын болып жүрген тәріздіміз. Өн бойдағы мініміздің себебін жеті қат көктен іздейміз. Жердегі жетесіз пенденің барша найсаптығына аспандағы жұлдызды айыптаймыз. Менің әкем анам бейшараны күнәға батырғанда Есекқырған туып келе жатыпты, аспанда Жеті-қарақшы самсап шыға келгенде мен жерге түсіппін. Бұдан шығар қорытынды: мен су жұқпас суайт, күллі керуеннің обалына қалған кесапат жұлдыздай алдамшы азғын болуға тиістімін. Бұдан асқан не есуастық керек! Мен туғанда бесігімнің басында ен бір періште жұлдыз жарқырап тұрса да, мен бәрібір осындай боп шығар ем. . . Әне, Эдгар келе жатыр. Әлгі бір ескі ертегінің оқиғасындай бәр-бәрінің өзінен-өзі қиюласып кете қоюын қарашы. Қарлы қара тау төбеме құлап келе жатқандай қайдағы бір сары уайымды сапырайын-ай кеп.

 

Эдгар кіреді.

Ақыр заман орнататындай ай мен күннің қатар тұтылуын-ай! Фа, сол, ля, ми. . .

 

Эдгар. Хал қалай, Эдмунд бауырым! Қайдағы бір тұңғиық ойға батып тұрсың-ау деймін.

 

Эдмунд. Мен бір кітаптан оқып ем, жақындағы ай мен күннің бірдей тұтылғаны тегіннен-тегін емес көрінеді. Оның қандай қанды оқиғаларға ұрындыратынын біле алмай басым қатып тұрғаны.

 

Эдгар. Е, сен де, ермекті тапқан екенсің.

 

Эдмунд. Рас айтам, мен оқыған тұспалдардың бірқатары келіп жатқан сияқты. Ата-ана мен балаларының ара-қатынасының ию-қию боп жатысы анау, қайдағы жоқ індеттің қаптап кеткені мынау, бірінің жағасын бірі жұлып жеп жұртың жүр, бармақтай нәрсеге бабаңның құнын сұрайтын қымбатшылық орнады. Мемлекетті алауыздық қаусатып барады, құтан король бекзадаларға құқай көрсете бастады, кісіге кісі сеніп болар емес, достарың сәл нәрсеге бола қуғынға ұшырайды; әскер бет-бетіне тарап кетуге айналды; бір төсектегі екі жұбай өңінде екеу де, түсінде төртеу; тағысын тағылар, санап шетіне бәрібір шыға алмайсың.

 

Эдгар. Сен мұндай сәуегейлікке қашан көшкенсің.

 

Эдмунд. Жә, бұл әңгімені қоялық. Сен әкемді соңғы рет қашан көріп ең?

 

Эдгар. Кеше кешкісін көргем.

 

Эдмунд. Сөйлесіп пе едің?

 

Эдгаp. Иә, екі сағат әңгімелескенбіз.

 

Эдмунд. Ренжіспей қоштасып па едіңдер? Әкемнің әңгімесінен, я саған қарағанда көзінен ешқандай қаяу көрмедің бе?

 

Эдгаp. Көрген жоқпын.

 

Эдмунд. Дегенмен есіңе түсірші, көңіліңе келетіндей бірдеңе айтқан жоқсың ба? Ендеше, ашуы тарағанша көзіне түспей тұра тұр. Қазір көрсе, боршалап пісіріп жейтін түрі бар.

 

Эдгар. Бір оңбаған мені жамандап жүрген болды ғой.

 

Эдмунд. Мен де солай ма деп қорқам. Ол қашан сабасына түскенше, шамына тимей, жуымай-ақ қой. Білесің бе: әкемнің не дейтінін естігің келсе, әзірге менің бөлмемді баспалай тұр. Кілті, міне. Егер көшеге шығар болсаң, қаруыңды тастама.

 

Эдгаp. Қару дейсің бе?

 

Эдмунд. Иә. Бауырым, саған жаным ашығасын айтам. Оның көңіліне бірдеңе қашқан. Сен туралы әңгімесін естісең, төбе шашым тік тұрады. Өтінем, көзіне түсе көрме.

 

Эдгар. Сен онда маған тезірек бір хабарын берерсің.

 

Эдмунд. Қолымнан келгенін аянбаспын!

 

Эдгар кетеді.

Әкем де сенді, ағам да сенді

Ең болмаса күмән айтқан бірі жоқ.

Ашықауыздар тартар енді сазасын,

Екі есерді қыламын да үрит-соқ. .

Құдай қимағанды,

Өз қолыммен бұйыртам.

 

Кетеді.

 

ҮШІНШІ КӨРІНІС

 

Альбан герцогі сарайындағы бөлме.

Гонерилья мен Освальд кіреді.

Гонерилья. Әкемнің әлгі сайқымазаққа тіл тигізгені үшін менің қызметшімді дүреге жыққаны рас па?

 

Освальд. Рас, миледи.

 

Гонерилья.

Миды әбден қатырды.

Сағат сайын бір шатақ.

Тыныштық кетті бұл үйден.

Өзі ойына не келсе соны істейді де,

Сәл нәрсеге жазғырады біздерді.

Осыдан аңнан қайтқасын,

Сөйлескім келмейді онымен,

Науқастанып жатыр ед деп айта сал.

Алдында құрдай жорғалап,

Құрақ ұшпай қоя тұр.

Өзім берем жауабын.

Керней даусы естіледі.

 

Освальд.

Келе жатыр, кернейді естіп тұрсыз ба?

 

Гонерилья.

Бәйек болмай, көрсетіңдер салқындық.

Басқаларға да айтып бар.

Шамына тиіп, шатақ шықса,

Керегі сол маған да.

Ұнатпаса — тайып тұрсын

Кіші қызының үйіне.

Ол да мұны отырған жоқ сағынып,

Тап мұндай қып тайтаңдатып қоймайды.

Билігімді бердім дейд те,

Өзі билеп-төстейді.

Қариялар да жас сәбилер секілді.

Жекірмесең —

Кетеді екен

Басыңа әбден секіріп.

Осынымды ұмытпа.

 

Освальд.

Құп болады, миледи.

 

Гонерилья.

Нөкеріне де жылы шырай танытпақ.

Қысылатын ештеңе жоқ олардан,

Қызметшілерге айта бар:

Сөз шығарар ілік іздеп жүр дерсің.

Төзім әбден таусылды,

Қазір барып хат жазамын сіңліме

Есер шалдың есіргені жетті деп.

Бар да әлгі тамағыңды әзірле.

 

Кетеді.

 

ТӨРТІНШІ КӨРІНІС

 

Әлгі сарайдың залы. Киімін өзгертіп киген

Кент кіреді.

 

Кент.

Жаттың тілін жатырқамай сөйлейін,

Қу шұнақ шал құлығымды білмесін.

Өңімді де өзгерткенмін сол үшін,

Бекем будым белімді енді біржола,

Басымды алам деп басынған кәрінің

Қызметші боп кірейін бір қолына.

Білсін ақыр аңғал патша досының

Неге дайын екенін өз жолында.

Керней үні шығады.

Лир, сайыпқырандары, қызметшілері кіреді.

 

Лир.

Бір минөт те күте алмаймын.

Берер тамақтарыңды тезірек әкеп беріңдер.

Қызметшілердің бірі шығып кетеді.

Не шаруамен келдің? Сен кімсің?

 

Кент. Адаммын.

 

Лир. Адам болсаң кәсібіңді айт, бізден сұрар бұйымтайыңды айт.

 

Кент. Кәсібімді айтсам: өз басыма өзім ие боп жүру. Кімде-кім сенім көрсетіп жатса, соған адал қызмет қылу. Адал адамды жақсы көру, аз сөйлесе де ақылды сөйлейтіндермен сырласу. Kөптің сөзіне құлақ асу. Басқа амалың қалмағанда, батыл айқасқа шығу және балық атаулыны аузыңа алмау.

 

Лир. Ал, енді кімсің өзің? Соны айт.

 

Кент. Мінезімді сұрасаңыз — баладан өткен пақырмын, дәулетімді сұрасаңыз — корольден өткен қу тақырмын.

 

Лир. Шынында да, қара табандардың ішінде сен де корольдердің ішіндегі мендей жарлы болсаң, қу тақыр екенің рас шығар. Не сұрайсың?

 

Кент. Қызмет еткім келеді.

 

Лир. Кімге?

 

Кент. Сізге.

 

Лир. Мені білуші ме ең, жігітім.

 

Кент. Жоқ, мырза. Бірақ, беті-жүзіңізде кісіні үйірер қасиет бар.

 

Лир. Ол не қасиет?

 

Кент. Өктемдік.

 

Лир. Ал, қолыңнан не келеді?

 

Кент. Құпия айтсаңыз — аузыма берікпін, аттың құлағында ойнаймын, жүгір десеңіз жүгіре алам, шатып-бұтып қызық-қызық хикаялар да айтып бере алам, онша қиын емес тапсырмалар болса тапжылтпай орындаймын. Бұның бәрін кез келген кісі істей алады. Бірақ, бәрі-бәрі мен құсап ынт-жынтын сап істемейді.

 

Лир. Жасың нешеде?

 

Кент. Әйелдерге ән салғандағы даусына бола ғашық боп қала қоятындай аңғал жас та емеспін, себепсізден-себепсіз ұрғашы көрсем, естен танып қала қоятындай, алжыған қарт та емеспін. Қырықтың сегізіне шығып тұрмын.

 

Лир. Жақсы. Қызметшім бола ғой. Тамақтанып болғанша ши шығарып алмасаң, сосын, қайтып айырылмайтыныма сене бер. Тамақ әкеліңдер, тамақ. Әлгі сайқымазақ қайда жүр. Әй, барып, менің әлгі ақымағымды тауып әкеліңдерші.

Тағы бір қызметші шығып кетеді. Освальд кіреді.

Ау, менің қызым қайда?

 

Освальд.

Сіз рұқсат етсеңіз. . .

Кетеді.

 

Лир.

Не деп кетті әлгі. Шақыр өзін!

Сайыпқырандардың бірі шығып кетеді.

Сайқымазақ неге көрінбейді?

Жұрттың бәрі ұйықтап қалғаннан сау ма осы?

Әлгі сайыпқыран қайта кіреді.

Әлгі доңыз қайда? Әкелмедің бе?

 

Сайыпқыран. Ол қызыңыз сырқаттанып жатыр деді.

 

Лир. Ол найсап мен шақыртқанда өзі неге қайтып келмейді?

 

Сайыпқыран. Ашығын айтсам, жолымнан қалар жайым жоқ деп бұрылмай кетті.

 

Лир. Бұрылмады дейсің бе?

 

Сайыпқыран. Милорд, не себепті екенін өзім де білмеймін, байқауымша осындағы жұрт, мәртебеңізге құлдық, сіздің бұйрықтарыңызды орындағылары келмейтін сияқты.

 

Лир. Еһе! Солай дейсің, ә?

 

Сайыпқыран. Қате айтып тұрсам, тақсыр, кешіріңіз, бірақ мұндағылардың сізді басына бастағанын көріп тұрып жасыра алмадым.

 

Лир. Жоға, тәйірі, сен менің өзім көріп жүрген нәрсені айтып тұрсың. Бұлардың маған біраздан бері енжар қарай бастағанын өзім де байқап қалып ем, бірақ, өзім секемшіл кісімін ғой, содан шығар деп ойлағам. Ендігәрі есімде болсын. Бірақ, әлгі ақымағым неге көрінбейді? Көзіме түспегеніне екі күн болды.

 

Сайыпқыран. Кенже ханшайым Францияға аттанып кеткелі сайқымазақ көңілсіз жүр.

 

Лир. Жә, бұл жайында енді ештеңе деме. Оны өзім де байқағам. Әй, сен барып, менің қызымды шақырып кел, сөйлесетін әңгіме бар де.

Қызметшілердің бірі шығып кетеді.

Менің әлгі сайқымазағымды шақырыңдар.

Екінші қызметші шығып кетеді. Освальд қайтып келеді.

Е, бұл сен бе едің? Кәне, кел бері. Шырақ, сен мені кім деп ойлайсың?

 

Освальд. Герцогиняның әкесі деп ойлаймын.

 

Лир. «Герцогиняның әкесі!» Герцогтың құйыршығының әңгімесін қара! Не дейді-ай иттің баласы! Не дейді-ай мына найсап!

 

Освальд. Өйтіп, беталды сөйлемеңіз. Мен әлгі айтқаныңыздың үшеуі де емеспін. Кешіріңіз!

 

Лир. Менің бетіме келуге қандай хақың бар? Көргенсіз! (Тартып жібереді).

 

Освальд. Мен бүйтіп қол көтергеніңізді көтере алмаймын, милорд?

 

Кент. Ендеше, аяқ көтергенді көтере алатын шығарсың! (Аяғынан теуіп, тыраң еткізеді. )

 

Лир. Рахмет, достым. Мына қызметің жаныма жағып барады. Сен енді қасымда боласың.

 

Кент. Әй, тыраймай тұр әрі! Ендігәрі әдептірек боласың. Жөнел! Тағы да жамбасың қышып тұрса — қызметіңе құлдық. Әйтпесе теуіп жібермей, шығып кет. Ұқтың ба? (Освальдты итеріп шығарып жібереді).

 

Лир. Жарайсың, қызметшім. Мә, ақысы мынау. (Кентке ақша береді').

 

Сайқымазақ кіреді.

 

Сайқымазақ. Сенің жалшың — менің жалшым. Мә, жапырайтып жапсыра сал басыңа. (Басындағы қалпағын Кентке ұсынады).

 

Лир. Ә, достым, келдің бе? Халің қалай?

 

Сайқымазақ. Мен киген таз телпек саған да жарасады екен, ала ғой.

 

Кент. Ол не үшін?

 

Сайқымазақ. Ақымақтығың үшін. Әйтпесе, жазықсыз жапа шеккенге ара түсіп нең бар еді? Солай, достым, абайламай сөйлесең, ауырмай өлесің. Онан да мынау қалпағымды ал. Мына әпенде екі қызын қуып шығып, үшіншісіне қарғыс айтам деп, алғыс айтып отыр. Мұндайларға ерсең — әрдайым киетінің таз телпек. Солай, төрем. Әттеген-ай, екі қыз, екі қалпағым болғанда ғой.

 

Лир. Онда қайтер едің?

 

Сайқымазақ. Дәулетімнің бәрін қыздарыма беріп, ал өзім ақымақ боп, бір басыма екі бірдей таз телпек киіп қалар ем. Мә, біреуіне менікін ал, екіншісін қызыңнан сұра.

 

Лир. Абайлап сөйле, есуас. Қамшы жеп қаларсың.

 

Сайқымазақ. Ақиқат сорлыны қора күзетер қой төбеттей қуып шығып, жылпостыққа жылмаңдаған тазыдай төрін шіріткізеді.

 

Лир.

Меңзегенің мен шығар.

 

Сайқымазақ.

Онан да, құда, өсиет айтсам қайтеді!

 

Лир.

Айта ғой.

 

Сайқымазақ.

Ендеше, көкем, тыңдай ғой:

Тыныш жүріп байып ал да тымпиып,

Аузыңды ашпай жайыңа жүр монтиып,

Ертелі-кеш жаяу жортып сымпиып,

Ерінгенде атқа қонғын қомпиып.

Ешкімменен таныспа,

Ешкімменен алыспа,

Қаңғып кетпе басыңа,

Жан жолатпа қасыңа

Тыныш болад жаның,

Түгел болад малың.

 

Лир. Ақымақ-ау, бұныңның несі өсиет.

Сайқымазақ. Ақысы төленбеген ақтаушыдан қандай пәтуалы сөз шығатын еді. Айтшы, көкем, ештеңе еместен қанша пайда түсіруге болады?

 

Лир. Ештеңе еместен ештеңе түсуші ме еді, ақымағым-ау!

 

Сайқымазақ (Кентке). Өз игілігінен қанша түсім түсетінін сен айтып берші. Мен айтсам «ақымақ» — деп аузыма қақпақ қояды.

 

Лир. Зұлымын қарай гөр, бұл ақымақтың!

 

Сайқымазақ. Ендеше, көкем, зұлым ақымақ пен зұлым емес ақымақтың айырмасы қандай, білесің бе?

 

Лир. Жоқ, достым, өзің айта қойшы.

 

Сайқымазақ.

Қалпақ киіп жасырар

Зұлым ақымақ таз басын.

Зұлым емес ақымақ

Қинап қайтеді өз басын:

«Бер» дегенге — береді,

«Ер» дегенге — ереді;

Кещелігін ұялмай

Кемеңгерлік көреді.

 

Лир. Сонда, достым, мені ақымақ дегің келе ме?

 

Сайқымазақ. Басқа атағыңның бәрін жұртқа үлестіріп берген жоқсың ба?

 

Кент. Сөзіне қарағанда, онша көк ми есуас көрінбейді.

 

Сайқымазақ. Көк ми есуас болсам, онда жұрт мені көре алмай ізіме түседі ғой. Егер барша есуастықты бір өзім иемденіп кетер болсам, жоқ, бұ жұрты құрғыр кісіге ақымақтық екеш ақымақтықты қия ма, біз де жарналас болайық деп лордтар мен бекзадалар, ақсүйек ханымдар жата қап шаужайыма жабыспай ма? Көкешім, қолыңдағы жұмыртқаны маған берші, екі тәж жасап берейін.

 

Лир. Ол қайдағы екі тәж?

 

Сайқымазақ. Таңданатын ештеңесі жоқ. Жұмыртқаны қақ бөліп, бар уызын ындыныма ытқытып жіберем де, екі қабықты екі тәж қып бере салам. Анада тәжіңді екі бөліп, күйеу балаларыңа ұстата салғаныңда, әлгі көк есегімнің аяғы су болмасын деп, балтырын түріп ап, белуардан батпақ кешіп, арқалап өткен әпенде неме есіме түсті. Басыңдағы алтын тәжді түк қиналмастан бере салғаныңа қарағанда, қауқиған неменің ішінде әуелде де онша көп ми болмаған сияқты. Егер біреу-міреу осы сөзімді де ақымақтық дейтін болса, сол неменің өзін ышқырын түсіріп қойып дүрелеу керек. (Әндетеді. )

Мынау жыртық таз қалпақ

Жолдас болмас түбінде.

Бізден де асқан ақымақ

Шығып жатыр бүгінде.

 

Лир. Мұндай әнге ауызың үйренгелі көп болды ма, достым?

 

Сайқымазақ. Жоға, тәйірі. Әлгі өз қыздарың өзіңе шеше боп, қолдарына қамшы алып, көйлегіңді түріп, тоңқайтып теріс қаратып қойғалы осындай әндерге зауқым соғып тұратын бопты. (Әндетеді. )

Күлмей қайтіп жылайын,

Жыламай қайтіп шыдайын,

Күркіреген корольді

Күлкі қылса құдайым.

Көкем, маған осы өтірік үйрететін мұғалім тауып бермесең болмас.

 

Лир. Өтірік айтып көр, жоныңнан таспа тілейін.

 

Сайқымазақ. Қызыңыз бір жаққа, өзіңіз бір жаққа тартасыз. Ол шындықты айтсаң дүрелеймін деп діңкілдейді, сен өтірік айтсаң сабаймын деп қоқиланасың, енді біреулер неге үндемейсің деп қамшы үйіреді. Кім болсаң да, тек сайқымазақ болмаған дұрыс. Бірақ, көкем, сен де болғым келмейді. Тапқан-таянғанын жұртқа бөліп беріп, өзіне түк тастамай, сақал сипап қалғанның несі жақсы дейсің. Әне тағы бір тажал келді.

 

Гонерилья кіреді.

 

Лир. Ә, қызым! Кейінгі кезде қабағың ашылмайтын бопты ғой, неге тымырайып жүрсің?

 

Сайқымазақ. Оралыңның барында жұрттың күліп жүргенінде де, күмірә боп жүргенінде де шаруаң шамалы еді. Енді жұтап қалғанда, қызымның қас-қабағын бағатын болдым де. Мына сенен мен екеш мен де зормын бүгінде. Ең болмаса, сайқымазақ атым бар ғой әйтеуір. Сенде ол да жоқ (Гонерильяға). Жә, жә, жағым қарысты. Көзіңізді көрдім де, көмейіме құм құйдым. (Лирдi көрсетіп).

Қартайғанша ақылы жоқ бір шайнам,

Жөніңмен ал, сақта, құдай, мұндайдан!

Дәні кеткен қауыздай қаусап қалған кәрі қақпас!

 

Гонерилья.

Ақ ит кіріп, қара ит шыққан аузынан

Жалғыз ғана мына заржақ емес-ау,

Нөкеріңіз кеткен түгел бетіне.

Сағат сайын дау-жанжал,

Сағат сайын дыр-думан,

Дәметіп ем, өзіңіз

Жасар деп бір тиырым.

Тыю қайда,

Есерлерді өзіңіз екен есірткен.

Ашығын айтсам, көңіліңізге келмесін,

Өзім енді қарастырмай бір амал

Бұл бүліктің түзелетін түрі жоқ.

Егер елдің ойламасам ертеңін,

Бұл әңгімеге араласпай-ақ қояр ем!

 

Сайқымазақ.

Иә, көкешім, қалай деп ойлап ең?

Біз үшін бұл баяғыдан аян жыр:

Әзәзілдік әуелден-ақ әккі ғой;

Бірақ, енді тілеп алған шаянның

Шаққаны да тәтті ғой.

Мың күн жанған бір күн сөнер деген осы.

 

Лир.

Сен осы менің қызымбысың?

 

Гонерилья.

Құлақ ас, әке, сөзіме.

Ел-жұртыңызды таңдандырған бір кезде

Сұңғыла ақылыңыз қайда кеткен бүгінде.

Атыңызға атыменен жараспайтын

Тиыңыз мынау дырдуды.

 

Сайқымазақ. Тауыққа жұмыртқа ақыл үйреткен дәурен- ай! Заман азып, заң тозғаны көк есек екеш көк есекке де белгілі болды.

 

Лир. Айтыңдаршы, мен кіммін осы, Лирмін бе? Ал, Лир болсам, сойым қайда кескекті?

Тұрғам жоқ па әжептарқы түс көріп, Бұндай масқара болушы ма еді өңімде? Айтыңдаршы, ағайын? Мен осы өзім менмін бе?

 

Сайқымазақ. Сен Лирдің өзі емессің, көлеңкесі ғанасың! Лир. Шынында да, мен өзімнің кім екенімді білгім келіп тұр. Өйткені, король атыма сеніп, дандайсып қалған мен бейбақ бауырымнан шыққан қыздарым бар ғой деп, жалған дақпыртқа иланып, алжасып жүргеннен саумын ба?

 

Сайқымазақ. Айтқандарын екі етпейтін салпаңқұлақ көк есек әке табылса, көк желкесіне мініп, көкірегін теуіп отыратын көк айыл қыздар табылатын түрі бар!

 

Лир.

Мәртебелім, сіз кімсіз?

 

Гонерилья.

Өзге қиқарлығыңыз аз болғандай,

Өп-өтірік өйтіп естен танбаңыз.

Онан-дағы дұрыс түсін сөзімді.

Қартайдыңыз, қадіріңізді жоғалтпай,

Соңыңыздағы мына бір

Күні-түні улаған да шулаған

Жер қайысқан нөкердің

Құм құйыңыз жартысының көзіне,

Қалғандары тастап бұрынғы талтаңын,

Сыйлар болса бұл сарайдың атағын,

Қалдырыңыз,

Бала емессіз, өзіңіз де білесіз,

Айта беріп неғыламын ар жағын.

Бұйырсам да сөзім жерде қалмас ед,

Әкем ғой деп,

Сұрап тұрмын өтініп,

Тоқтатыңыз мына жөнсіз дырдуды,

Ендігі еркелік болғалы тұр есерлік!

 

Лир.

Бүйткенше сені кеткені жақсы ед жер жұтып!

Атты ерттеңдер! Сарбаз біткен, атқа қон!

Қаныпезер қара бет! Желкем көрсін сені енді!

Аттанамын,

Басқа тағы қызым бар!

 

Гонерилья.

Өзіңіз менің қызметшілерімді ұрыпсыз,

Ал мынау маскүнем тобыр сіз ерткен

Әй дер әже, қой дейтұғын қожа жоқ,

Басымызға шығып барады тіптен басынып.

 

Альбин герцогі кіреді.

 

Лир.

Жау кеткен соң қылышыңды күлге шап!

(Алъбан герцогіне).

Бәлкім тақсыр,

Сіз де осыны айтарсыз? — Аттарды ерттеңдер!

Қаныпезер перзенттің көргенінше құқайын

Жұтқынында кеткен дұрыс жыртқыштың.

 

Альбан герцогі.

Тақсыр, өйтіп таусылмаңыз.

 

Лир (Гонерильяға).

Құр бекерге сұңқылдама, құзғын қыз,

Менің нөкерім өңшең жайсаң жігіттер,

Олар сондай бассыздыққа бармайды.

Алжыған басым, Корделияның

Абайламай айтқан бір сөзін

Ауырлаймын деп, тарс айырылып талағым,

Баяғыдан бері сүйіктімді ұмытып,

Жетегінде кете бардым ашудың.

Ақ шел басқыр көзім сонда не көрген?

Ал, енді, Лир, тарттың соның сазайын,

Тауға да ұр, тасқа да ұр басыңды.

(Өз басын өзі төмпештей бастайды. )

Атқа қоныңдар, мырзалар.

 

Альбан герцогі.

Түкке түсінсем бұйырмасын,

Тақсыр, мұнша күйінердей не болды?

 

Лир.

Сөзіңізге сенемін, милорд,

Тәңірінің өзі тыңдасын мені енді!

Шашы ұзын ұрғашы боп жаралған

Мынау тас жүрек жадының

Уа, тәңірім, тар құрсағын кеңітпе,

Тас емшегін жібітпе,

Қалсын қара тас болып.

Алда-жалда қанай қалса етегі

Бала емес,

Пәле боп бітсін басына,

Жас кетпесін көзінен,

Дерт өшпесін көңілінен,

Сонда білер бұл бейбақ

Қайырсыз перзент сүйгеннен

Қара жылан құшақтаған дұрысын!

Ал, атқа қоныңдар,

Бұл арадан

Көзіміз енді құрысын!

 

Кетеді.

 

Альбан герцогі.

Құдай үшін айтсайшы,

Бұл шал неге осыншама бүлінді?

 

Гонерилья.

Бас ауыртар дәнеңе жоқ.

Қартайғанда бала болып жүр тағы.

Күркірер де басылар.

Лир қайтып оралады.

 

Лир.

Жүз емес пе еді, тек елуі қалыпты,

Нөкерімнің қайда кеткен жартысы?

 

Альбан герцогі.

Неге ренжіп жүрсіз?

 

Лир.

Қазір айтам жауабын

(Гонерилъяға)

Өлім болды-ау,

Сендей жүзі қара үшін

Еркек намысымды ұмытып,

Төккенім мұнша көз жасты.

Қуарып қал, қу тізеңді құшақтап

Көктетпесін жер боп қалған көңілім!

Шел басқыр көз, сонша неге селдеттің,

Тыйыл енді,

Ойып алып, отқа лақтырсын демесең!

Көресіні көрсетті.

Енді босқа бас қатырар жайым жоқ.

Екінші қызым мұндай тасбауыр емес,

Апасының мына қылығын естісе,

Өзі келіп тырнайды әбден

Бұл дозақының күл бетін.

Қолынан билік кетті ғой деп

Құр бекерге құтырма.

Кеткен билік қайта қолға келеді.

Сонда әкең әуселеңді көреді.

Лир, Кент, нөкер шығып кетеді.

 

Гонерилья.

Естідің ғой не дейді?

 

Альбан герцогі.

Естідім, бірақ,

Сені сүйеді екем деп. . .

 

Гонерилья.

Жә жетті енді. Освальдты әлгі

Шақырып кел бар-дағы, —

Сайқымазақ емессің сен,

Сен әзәзіл кәззапсың,

Көзіңді жоғалт,

Қожайыныңнан қап қойма!

 

Сайқымазақ.

Көкешім Лир, көкешім Лир, мені

Қайда тастап барасың.

Қақпанға түскен қаншық түлкі секілді

Қыңсылатып, тірідей сойсам етіңді

Бар демес ем обалың.

Амал қанша қашып барам бұл маңнан

Сол қақпанға өзім түспей тұрғанда.

Шығып кетеді.

 

Гонерилья.

Қара, сірә, бұ қақпастың қулығын,

Соңында сол жүз нөкері топырлап,

Не істеймін десе, соны істеп отырмақ.

Тыныш жүрмей бұл улаған-шулаған

Бір күні кеп өзімізге бас салса

Қандай қайран қылмақпыз

Әлгі Освальд қайда жүр?

 

Альбан герцогі.

Меніңше, бұл күдігіңнің жөні жоқ.

 

Гонерилья.

Құр бекерге опық жеп қап жүргеннен

Құр бекерге күмәнданған көп жақсы

Құпиядан қауіп қорғаныш,

Өз әкемнің сырын өзім білемін,

Жаңа соның жаздым бәрін сіңліме

Егер менің құлақ аспай сөзіме,

Жүз нөкерді сол қалпында қалдырса,

Ат құйрығын үзісемін бір жола.

 

Освальд қайтып оралады.

Иә, Освальд,

Әзір болды ма әлгі хат?

Освальд. Әзір.

 

Гонерилья.

Жаныңа бір топ адам ерт те, жалма-жан

Атқа қон да, өзің тапсыр апарып.

Үрейіміз ұшып отыр,

Қапы соғып қалмасын,

Дерсің, өзің қатырарсың

Ар жағын.

Тапсыр-дағы, сол бетіңде кері қайт.

 

Освальд кетеді.

Сіздің осы аспай-саспай әрдайым

Ақпейіл боп жүретұғын мінезіңіз

Жақсылыққа соқтырмайды ақыры.

Ізгілік емес ынжықтық — бұл, жарқыным.

 

Альбан герцогі.

Түйедей қып жүргенде істі түймедей,

Сол таяқтың бір басы

Өзіңізге тимегей.

 

Гонерилья.

Алайда. . .

 

Альбан герцогі.

Жарайды, оны көрсетеді келешек.

Кетеді.

 

БЕСІНШІ КӨРІНІС

 

Альбан герцогі қорғанының ауласы.

Лир, Кент, Сайқымазақ шығады.

 

Лир. Мына хатты дереу Глостерге апар. Қызыма өз жаныңнан ештеңе қосып айтпа, не сұраса, сонысына ғана жауап бер. Тек тезірек жет, сенен бұрын мен барып қап жүрмейін.

 

Кент. Сіздің хатыңызды тапсырмай тұрып, нәр сызбаспын, милорд.

 

Кетеді.

 

Сайқымазақ. Егер адамның миы басына бітпей, өкшесіне бітсе, ақылына ешқандай құс бітпеген болар еді.

 

Лир. Жоқ, бәрібір бітер еді.

 

Сайқымазақ. Ендеше, сені құттықтаймын. Миыңыздың сыртынан кебіс киіп бекер әуре болмайсыз.

 

Лир. Ха-ха-ха!

 

Сайқымазақ. Көрерсің де білерсің, екінші қызың сені құшағын жайып қарсы алады. Екеуі де бір ағаштың жемісіндей. Білген нәрсені айтпай тұру қиын ғой.

 

Лир. Білгенің не сондағы?

 

Сайқымазақ. Екеуі де таудың көк мәуесі секілді, аман болса ішімізді кептірер. Адамның мұрны неге беттің қақ ортасына орналасқан, білесің бе?

 

Лир. Жоқ.

 

Сайқымазақ. Екі жағына екі көз орналастыру үшін. Мұрны иіс сезбеген, көріп алсын көзбенен.

 

Лир. Мен оны бекер жазғырдым ғой деймін. . .

 

Сайқымазақ. Сен әлгі ұлудың өз қауашағын қалай жасайтынын білесің бе?

 

Лир. Жоқ.

 

Сайқымазақ. Мен де білмеймін. Бірақ, ұлуға ондай қауашақтың неге керек екенін жақсы білемін.

 

Лир. Білсең айта ғой.

 

Сайқымазақ. Сасқанда бас сұғатын баспана керек. Әйтпесе, қыздарына бар тапқанын бөліп беріп, өзі айдалада қалса, күнінің қараң екенін ұлу екеш ұлу да біледі.

 

Лир. Иә, талай нәрсе басқа тиіп үлгерді. Әлгі ерттеген аттары қайда?

 

Сайқымазақ. Ат ерттеуге әлгінде өңшең маубас көк есектерді жібермеп пе ең. Сен оеы Жеті қарақшыда неге жеті жұлдыз бар екенін білесің бе?

 

Лир. Сегізінші жұлдыз жоқ болғандықтан шығар.

 

Сайқымазақ. Тауып айттың. Сенен тамаша сайқымазақ шығар еді.

 

Лир. Баяғы күнді қайта орнатып, бұл бетпақтың тарттыру керек сазасын.

 

Сайқымазақ. Егер сен менің қарауымдағы сайқымазақ болсаң, тым ерте алжығаның үшін сазайыңды берер ем.

 

Лир. Неге олай дейсің?

 

Сайқымазақ. Сен есің кіріп етегіңді жиған соң барып алжуың керек еді.

 

Лир. Уа, құдай, алжастыра көрме ақылдан. Ақылымнан адастыра көрме, о тәңірім!

Сарай адамы кіреді.

Ат әзір ме?

Сарай адамы.

Әзір, милорд.

 

Лир. Кеттік.

 

Сайқымазақ. Бәлкім, сендер, біз кеткесін күлерсіңдер. Бірақ бастарыңа түссе, өздерің де білереіңдер.

Екеуі шығып кетеді.

 

ЕКІНШІ ПЕРДЕ

БІРІНШІ КӨРІНІС

 

Глостер сарайының ауласы.

Екеуі екі жақта — Эдмунд пен Куран шығады.

 

Эдмунд. Саламат па, Куран?

 

Куран. Саламатсыз ба, мырза? Жаңа ғана әкеңізде болып ем, бүгін кешке Корнуэль герцогі мен герцогиня Регана келгелі жатқан көрінеді.

 

Эдмунд. Не боп қапты соншама?

 

Куран. Анық-қанығын өзім де білмеймін. Жұрт, әйтеуір, сыпсыңдап жүр ғой. Ондай ештеңе естімеп пе едіңіз, сэр.

 

Эдмунд. Жоқ, естігем, жоқ. Ол не хабар?

 

Куран. Корнуэль герцогі мен Альбан герцогі соғысқалы жатыр дейді. Қалайша естімедіңіз?

 

Эдмунд. Құлағым керең болсын.

 

Куран. Естімесеңіз — ести жатарсыз. Сау тұрыңыз, сэр.

 

Кетеді.

 

Эдмунд.

Герцог келеді деді-ау. Іздегенге сұраған.

Әкем жаңа күзет деген ағамды,

Тағы бір шаруа табылды,

Асықпасам болмайды.

Ау, ағасы! Келіп кет!

Бір-екі ауыз сөзім бар.

 

Эдгар кіреді.

Бауырым, әкей біліп қойды,

Қара түнді жамылып

Қашпасаң, басқа амал жоқ

Корнуэль турасында

Жағымсыз сөз айтпап па ең?

Келмек кешке ол бізге,

Қасында — Регана бар,

Тегін жүріс емес бұл

Ольбени екеуінің егесін

Сездіріп алған жоқ па едің?

Есіңе бір сәт түсірші.

 

Эдгаp.

Ондай ештеңе шыққан емес аузымнан.

 

Эдмунд.

Әкем келе жатыр. Амал жоқ,

Қылышымды суырмасам болмады.

Сен де өтірік сайысқан бол менімен.

Қаруыңды таста; Қол көтер!

Қаш тезірек, әкем келмей тұрғанда.

«Жарық қайда?» — Қарап тұрмын, қаш, бауырым!

«Әй, шырақшы, бері кел».

Қош бол, Эдгар,

Cөгe көрме бауырыңды.

Эдгар шығып кетеді.

Шын шайқасыпты деп қалсын,

Мұндайда аздап қан шықпаса болмайды.

(Өз қолын өзі жаралайды).

Ішіп алған сабаздар

Өздері турап, жатпаушы ма ед өз етін, —

Әке, Әке! Көмекке!

 

Глостер мен қолдарына шырағдан ұстаған қызметшілер кіреді.

 

Глостер.

Әлгі сұмырайың қайда өзі?

 

Эдмунд.

Осы арада әлгінде

Жалаң қылыш қолында

Қараңғыны жамылып

Айға қарап ант етіп

Тұрғанына тап болдым.

 

Глостер.

Өзі қайда жоғалды?

 

Эдмунд.

Жарақаттап кетті сұмырай!

Глостер. Жерге кіріп кетті ме ол?

 

Эдмунд.

Көзі әбден жеткесін тұра алмады аялдап.

 

Глостер.

Қуып жетіп ұстау керек найсапты!

Бірнеше қызметші шығып кетеді.

Көзі неге жетіпті?

 

Эдмунд.

Маған сізді өлтір деп азғырды.

Өзі әкесіне өздері қол көтеріп,

Көктемей кеткен кәззаптардың талайын

Көзінен тізіп, көнбей қойдым сөзіне,

Қарады да менің қудай өңіме,

Ондай іс шықпасын білген соң,

Сумаңдатып суырып ед қылышын,

Мен де шықтым сайысқа,

Айқайымды естіп жаңағы

Өздерің келе жатқан соң,

Түнге сіңіп жоғалды.

 

Глостер.

Қашқанымен құтылмайды құрықтан,

Тұтылған бойда құриды.

Мәртебелі герцогтің өзі келмекші

Жерге кіріп кетсе де

Таптырады із кесіп,

Бәс тігеді басына,

Баспаналатар жады біреу табылса,

Тарттырады сазайын.

 

Эдмунд.

Райынан қайтара алмасымды білген соң,

Қорқытып ем, қыламын деп әшкере:

«Некесіз туған қызталақ,

Кім сенеді сөзіңе.

Қолыңдағы қағазды

Бөтен біреу сырттан жазған мен болып,

Десем, күдік жабыспай ма өзіңе.

Мен өлсем әкем дәулеті.

Бұйыратынын бір саған

Есі бар жұрт біледі.

Сондықтан бар пәлені

Мына сенен көреді», —

Дейді беті бүлк етпей.

 

Глостер.

Көрмейсің бе, сұмырай.

Өз жазуынан өзі танып,

Мойындамай қоймақшы.

Бездім ондай бетпақтан!

Керней даусы естіледі.

Герцог келді белгісіз бір себеппен,

Жолдың бәрін жаптыр деп мен өтінем,

Көрсін сосын құтылып.

Қанішерден сақтап қалған көзімді

Мұрагер қып жариялаймын өзіңді.

 

Корнуэль герцогі, Регана, нөкер кіреді.

 

Корнуэль герцогі.

Иә, достым, хал қалай?

Келмей жатып естідім ғой бір сұмдық.

 

Регана.

Егер рас боп шыға қалса мұнысы,

Барлық жаза жеңіл болар ол үшін.

 

Глостер.

Кәрі жүректі қан қақсатты ол күшік!

 

Регана.

Менің әкемнің өкіл ұлы еді ғой,

Эдгар қалай барып жүр бұл сұмдыққа!?

 

Глостер.

Беттің суын кетті ғой ит бес төгіп!

 

Регана.

Әкемнің әлгі нөкерінде жүретін

Көп бұзықта көңілдестері жоқ па екен?

 

Глостер.

Өзім де әлі жөнді ештеңе білгем жоқ,

Қапелімде есеңгіреп қалыппын.

 

Эдмунд.

Герцогиня, ол солардың тобынан!

 

Регана.

Таңданатын ештеңе жоқ, ендеше,

Сізді өлтіріп, барлық ата дәулеті!

Соларменен саумақшы ғой шарапқа.

Ол тобырдың түрі бұзық көрінді,

Апам маған хат жазыпты ескеріп,

Олар келсе,

Үйден безер түрім бар.

Корнуэль герцогі (Эдмундқа).

Мен де солай, Регана.

Ал, Эдмунд, біз де естідік бар жайды, —

Жақсы әкенің жайсаң ұлы екенсің.

 

Эдмунд.

Шын перзенттік парызым ғой бұл менің!

 

Глостер.

Қара беттің ашқан осы қылмысын,

Қансыратып кетіпті ит сол үшін.

 

Корнуэль герцогі.

Қуғыншылар кетіп пе еді соңынан?

 

Глостер.

Әрине.

 

Корнуэль герцогі.

Ұстаған бойда мына менің атымнан

Тарттырыңдар ол кәззаптың сазайын.

Ал, сіз, Эдмунд,

Осыншама ер жүрек,

Қарауыма қызметке келіңіз.

Қуанышпен қарсы аламыз енді біз.

 

Эдмунд. Сеніміңізге рахмет.

 

Глостер.

Рахмет айтам ол үшін.

 

Корнуэль герцогі.

Біздің неге келгенімізді білесіз бе?

 

Регана.

Тегіннен-тегін жүрген жоқпыз түн қатып,

Бір маңызды шаруалар шығып тұр,

Ақылыңыз керек болды.

Әкем мен апам қалыпты тіл табыспай,

Бізде емес, басқа шаңырақ астында

Таластарына айту керек пәтуа,

Сол арадан жауап жазып хатына

Хабаршымен қайтарамыз өзіне.

Әлгі бір іс келтірмесе кедергі

Бұл шаруаны бітірсек деп ек осында.

 

Глостер.

Ардақты милледи, бұныңызға сөз бар ма,

Әрқашанда есік ашық, төр дайын!

 

Бәрі шығып кетеді.

 

ЕКІНШІ КӨРІНІС

 

Глостер қамалының қақпасы.

Екеуі екі жақтан Кент пен Освальд кіреді.

 

Освальд. Қайырлы таң, жігіт. Сіз осы арадансыз ба?

 

Кент. Иә.

 

Освальд. Аттарды қайда қойсақ екен?

 

Кент. Теуіп-теуіп ойылмаған жерге қой.

 

Освальд. Ойыны жоқ, достым, шыныңды айтшы.

 

Кент. Менің саған дос екенімді қайдан білдің?

 

Освальд. Сенің достығыңа зәру боп тұрған мен жоқпын.

 

Кент. Оңашада түсер болсаң қолыма, білер едің қалай зәру болғанды.

 

Освальд. Сонша неге жабыстың? Мен сені танымаймын да.

 

Кент. Танымасаң — танып тұрмын мен сені.

 

Освальд. Онда айта ғой, кіммін мен?

 

Кент. Нағыз найсап, жалбаңдаған жарбақай, көрінгенге жандайшап, көк ми есек — енді өзіңді білдің бе? Қожайынның қол жаулығы, бәйбішенің сауысқандай сұңқылдаған саққұлағы, жанжал құмар жалақор. Өмірбақи көзге түсу үшін кез келген жексұрын іске қойып кетер қызылкөз. Осы сұмырайлықтың біреуін шығарар болсаң теріске, шедірейген мұрныңды шелпек қылып беремін.

 

Освальд. Мұндай да болады екен! Өзінде ешқандай шаруасы жоқ, өмірінде бірінші рет көріп тұрған адамға мұнша сөзді қалайша аузың барып айтып тұрсың?

 

Кент. Көлгірсуін бетсіздің! Көрмей көзің шығып па ед? Бұрнағы күні корольдің көзінше аяғыңнан шалып жыққан кім еді? Қылышыңды суыр, сумақай! Түн болғанмен ай жарық! Шатынды жыртып, шарбыңды төгіп берейін. Қылышыңды суыр (өзі қылышын суырады).

 

Освальд. Тоқта! Менің сенімен сайысатын ойым жоқ.

 

Кент. Көп былшылдамай, қылышыңды суыр, сен найсап! Сенің қалтаңда корольді қаралап жазған хат жатыр. Өзінің падиша әкесіне өзі тор құрған әлгі әзәзіл әйелдің қолжаулығысың, сұмырай. Қызыл қуырдақ қылмай тұрғанда, қылышыңды суыр да, тойтарып бақ соққымды!

 

Освальд. Ойбай, өлтірді! Қарауыл!

 

Кент. Қорған деймін оңбаған. Суырсайшы қылышты!

 

Освальд. Қарауыл! Қайдасың? Өлтірді ойбай!

 

Эдмунд шығады.

 

Эдмунд. Бұл не жанжал? Бұл не айқай?

 

Кент. Келе ғой, төрем, келе ғой. Қолың қышыса, сенің де тарттырайын сазайыңды. Келе ғой, батыр, шық бері!

 

Глостер шығады.

 

Глостер. Қылыштары жалаңдап, неғылған жанжал бұл тағы?

 

Корнуэль герцогі, Регана және нөкер шығады.

 

Корнуэль. Жан керегің — дымдарыңды шығарман, жанжалқордың — әзір-ақ тұр жазасы. Кімсіңдер?

 

Регана. Корольдің жаушысы мен апайдың жаушысы.

 

Корнуэль герцогі. Не үшін төбелестіңдер?

 

Освальд. Жаным әзер қалды, тақсыр.

 

Кент. Қорқақтардың әрдайым жаны мұрнының ұшында жүретін әдеті. Сендей шірікті қара жер де қажет етпей кері лақтырып тастады. Сен асылы тәңірдің емес, бір олақ тігіншінің қолынан шыққан боларсың.

 

Корнуэль герцогі. Не дейсің сен, әпенде! Адамды дүниеге тігінші жаратқанын қайдан көріп ең?

 

Кент. Әрине, тігінші. Тас өңдеуші мен суретші болса бұдан гөрі жөндемдірек бірдеңе жасап шығармас па еді?

 

Корнуэль герцогі. Дегенмен неге төбелестіңдер, айтыңдаршы?

 

Освальд. Мынау кәрі бұзақы, мен бұның сақалын сыйлап тұрсам. . .

 

Кент. Қап, мына айтуға аузың бармайтын шірікті-ай! Тақсыр, осы тұрған жерінде сүйегін үгіп ұн қып берсем қайтеді. «Сақалын сыйладым деуін» қарай гөр, шырылдауық шымшықтың!

 

Корнуэль герцогі.

Жап аузыңды!

Кімнің алдында тұрғаныңды ұмытпа!

 

Кент.

Ұмытқам Жоқ, тақсыр,

Кейде бірақ қарау керек обалына ашудың!

 

Корнуэль герцогі.

Сонша ашуланатын себебің не?

 

Кент.

Намысы жоқ мұндай найсап доңызға

Қылыш асынтып қойса,

Қайтіп ашуланбассың?

Мұндай-мұндай жылмаң тестер жымысқы,

Мырзалардың ашуына май құйып,

Бір-біріне «үрит, соқ» деп айдап caп,

От басынан оңай олжа іздейді.

«Иә» деуге де бүлк етпейді беттері,

«Жоқ» деуге де бүлк етпейді беттері,

Кебістерін жалайтын аяқ болса болғаны,

Бұралқы күшік секілді

Қожа таңдар бұлар жоқ.

Сақылдайсың неменеңе мәз болып,

Алдыңда бір тұр ғой деп пе ең қылжақбас?

Қан шайқаста қарсы келсең көрер ем,

Жон теріңді басыңа қаптап берер ем.

 

Корнуэль герцогі.

Сен өзің алжасқаннан саумысың?

 

Глостер.

Айтсайшы енді таласыңның себебін?

 

Кент.

Шапағат жауып жатса мұндай жадыға

Қалай ғана қараймассың қаныңа!

Корнуэль герцогі.

Жады болып не істеп еді саған ол.

 

Кент.

Мұндайлардың көргім келмейд бет-аузын.

Корнуэль герцогі.

Е, солай де. Бәлкім саған

Мына біздердің де бет-аузымыз ұнамас.

 

Кент.

Тура сөйлеу әдетім еді туғалы,

Мына тұрған бәріңдікінен де

Көп көріп ем көріктірек беттерді.

 

Корнуэль герцогі.

Көмекейің енді болды белгілі,

Батылсың деп масайратқан ел мұны,

Содан сабаз кете барған алжасып

Көрінгеннің жағасына жармасып.

Ешкімнің де елемейтін бет-жүзін

Мұндай-мұндай есер деген көп бүгін.

Қауіптірек бейпіл ауыз машыққан,

Күлім қағып көлгірсіген пасықтан.

 

Кент.

Уа, герцог, ай дидарлым, күн сәулеттім,

Кемеңгерім, кереметім, құдіретім,

Абыройыңыз бен арыңызға бас иіп. . .

 

Корнуэль герцогі.

Тоқта, тоқта. Не демексің бұнымен?

 

Кент. Егер менің сөз ыңғайым сізге ұнамаса, өзгертуге әзірмін. Бірақ жалбаңдаған жағымпаз емесім рас еді. Алайда, көз алдыңызда әлгінде ғана көлгірсіп сөйлеген сумақай ең бір найсап адамдардың сойынан, мен ондайға қоса алмаушы ем өзімді.

 

Корнуэль герцогі.

Сен бұны бұрын ренжіткенің бар ма еді?

 

Освальд.

Жоқ, милорд.

Король мені жақында

Абайламай жақтан тартып қалғаны —

Сонда мына бұзақы

Артымнан кеп, аяғымнан шалғаны.

Жығылып ем, жырқылдады табалап,

Король ағзам мұны содан мақтады.

Сол мақтаудың жанына сондай жаққаны

Жаңа осында көре сала бас салды.

 

Кент.

Судыр сөзге келгенде

Жан салмайды алдына.

 

Корнуэль герцогі.

Кісен бар ма, әкеліңдер,

Онда сауап дәл мынандай даңғойға.

Біліп қойсын,

Қалай екен жұртқа жөнсіз ұрынған.

 

Кент.

Енді ақыл кіргізуге

Кеткем жоқ па қартайып.

Кісеніңді дікеңдетпей қоя тұрған жөн болар.

Падишамның хабарымен кеп тұрмын.

Мен киген кісен — салынған дақ сүйегіне корольдің.

 

Корнуэль герцогі.

Әкел, әкел, ең болмаса

Түске дейін кие тұрсын.

 

Регана.

Түс емес-ау кешке дейін,

Кисін тіпті күн бойы.

 

Кент.

Ханшайым-ау, сіздікі не?

Елшісі емес әкеңіздің

Иті болып келсем де,

Менімен бұлай сөйлескен

Жараса ма екен тап сізге?!

 

Регана.

Сіз әкемнің иті құрлы

Қадірі жоқ

Бұзақысыз қаңғыбас!

 

Корнуэль герцогі.

Апаңның әлгі жазып отырған

Жаубасарлары осылар ғой

Кісен қайда, әкелсеңші!

Кісен алып келеді.

 

Глостер.

Дат тақсыр, дат.

Бір ашуыңызды қиыңыз.

Жөн болмайды бұныңыз

Король өзі жұмсаса,

Жазасын да өзі береді.

Дәл мынандай жазаны

Ұрылар мен баукеспе,

Ел ақтаған азғынға

Тыйырым қылса жөн еді.

Шамына тиіп корольдің

Асығудың не керегі?

Корнуэль герцогі.

Шамына тисе,

Өзім жауап беремін.

 

Регена.

Қызметшісін керер көзге қорлаған

Жазасыз қалса дәл мынандай оңбаған.

Өкпелеп жүрер апайым,

Кигізіңдер кісенді!

Кентке кісен кигізеді.

Кеттік!

Пюстер мен Канттен басқа адамдар шығып кетеді.

 

Глостер.

Аяғанмен қолымнан не келеді.

Бұл арада герцог өзі қожайын,

Жолына тұрсаң жақпайсың,

Беттің арын белге түйіп бірақ та,

Араша сұрап көрейш.

 

Кент.

Керек емес сэр.

Көз ілместен жол бойы.

Шаршаңқырар келіп ем,

Ұйқымды қандырып алайын,

Тістеп жатса жүректі

Тірсекті қысқан сөз боп па?

Ештеңе етпес. Хош, сэр.

 

Глостер.

Жоқ, дұрыс емес герцогтың бұл қылығы!

 

Кетеді.

Иә, король, сағат сайын жағдай барад қиындап.

Жаңбырдан құтылсаң, нөсер төпей жөнелді.

Ай да қалды қара бұлтта көрінбей,

Оқиын деп-ем өзінің хатын жаңа алған. .

Қақасқаға да тас қапасқа қамалған,

Әйтеуір бір-бұйырар да шапағат.

Корделия хат жазыпты. ! Қалайша

Таңданбайсың тап болғанда тамаша

Менің мұндай күйге түскен жайымды

Кімнен естіп білді екен.

Күтудеміз дейді оңтайлы сағатты,

Жұмыл көзім, көрмей-ақ сол қояйын

Тағдыр мынау тәлкек қылған мазақты.

Тағдыр, тағы шапағатың бар шығар,

Күн де туар қара тұман аршылар.

 

Ұйықтап кетеді.

 

ҮШІНШІ КӨРІНІС

 

Орман іші.

Эдгар шығады,

 

Эдгаp.

Естідім де үкімімді кесілген,

Паналадым ескі еменнің қуысын,

Төңірегім — тор, тұзақ,

Қалмай қапты барар жер мен басар тау -

Ендігі күн бұқпантаймен өтпекші

Сіңірі шыққан қу кедейлер сияқты

Тағы аңдай ұмытам да ұятты.

Ебіл-себіл күн кешпекпін енді мен

Бет-ауызға күйе жағып аямай,

Шаш белуардан,

Сақал деген қауғадай

Сағал-сағал шөберекті жамылып,

Тыр жалаңаш жолға шығам асығып,

Абыройым ашылып та шашылып

Ине шаншып, шеге қағып етіме

Диуанадай таңба салып бетіме,

Жер – жаһанның қоқыры мен соқырын,

Өн бойыма жапсырып,

Кейбіреуге көк езу боп шаттығын

Кейбіреуге етек тола еңіреп

Адыра қалған жел диірмендер мен қой қора

Қыстақтар мен тас қорғанды тастамай

Қайыр сұрап қақсамай

Енді маған жоқ тіршілік басқалай

 

Кетеді.

 

ТӨРТІНШІ КӨРІНІС

 

Глостер сарайының алды.

Кісендеулі Кент, Лиp, Сайқымазақ сарай адамы шығады.

 

Лир.

Өздері қорыққанынан кетіп қап,

Қайтармапты жаушымды.

Бұларын қалай түсіндік?

Сарай адамы. Естуімше кешегі, кетпеуші еді ешқайда.

 

Кент. Армысыз, тақсыр ием!

 

Лир. Бұл қорлыққа қалай шыдап жатырсың?

 

Кент. Амал бар ма, милорд.

 

Сайқымазақ. Ха-ха-ха! Сықпытын қара сабаздың! Жылқыны басынан ноқталайды, ит пен аюға мойнынан қарғы бау тағады, маймылды — көкірегінен шандып тастайды, адамды аяғынан кісендейді. Тулар болсаң, тілерсегіңді ағашпен қаптап қояды. Тұсап-матауға келгенде қалай ғана шеберміз!

 

Лир. Жаушы басыңды көр қылып, бұғаулаған қайсысы?

 

Кент. Күйеу балаңыз бен қызыңыз, милорд.

 

Лир. Мүмкін емес.

 

Кент. Солар, милорд.

 

Лир.

Мен мүмкін емес деп тұрмын ғой.

 

Кент.

Ал мен солар кісендеді деп тұрмын ғой.

 

Лир.

Жоқ, жоға, олардың бұған дәті бармаса керек еді!

 

Кент.

Барғанда қандай, көріп тұрсыз ғой.

 

Лир.

Юпитердің атымен ант етем, олар емес!

 

Кент.

Юнонаның атымен ант етем, солар.

 

Лир.

Сенбеймін.

Мүмкін емес олардың

Дәл мынандай бассыздыққа баруы!

Өлтіргендері жақсы еді ғой мұнан да,

Сүйекке таңба салғанша.

Осынша қаһар төгердей

Не бүлдіріп қойып ең,

Қалтарма, жаушым, айт шапшаң!

 

Кент.

Мәртебелі хатыңызды сіз берген

Тас қорғанға емді әкеліп үлгеріп,

Тағзым етіп, тұрғанымда тапсырып,

Тағы да бір жаушы кірді аптығып,

Аяқтатпай аузымдағы сөзімді,

Баса-көктеп келді-дағы герцогқа

Гонерилья хатын әкеп ұсынды.

Сол-ақ екен ерлі-зайыпты екеуі,

Әлгі хатты апыл-ғұпыл оқи сап,

Жын қуғандай аттарына қонғаны,

Маған барлық айтқандары:

Атыңа мін де, сонымызға ер деді,

Қақпа алдында хатқа жауап күт деді.

Мұнда келсем, Гонерилья жолдаған

Хатты әкелген оңбаған

Тап бола кетті тағы да,

Анадағы тілазар әлгі даяшы,

Шапалақпен тартып қап едіңіз ғой жағына,

Ақылымды жеңіп кетіп ашуым,

Семсерімді суырдым да тап бердім,

Әлгі қорқақ оңбаған

Салсын-ай кеп «ойбайды»,

Соны естіп бүкіл қорған жүгірді.

Күйеуіңіз бен қызыңыз.

Әлгі ісіме

Осыңдай жаза бұйырды.

 

Сайқымазақ.

Қаңқылдап қаздың қонбағаны,

Жаздың әлі болмағаны.

Бағың ұшпай басыңнан

Кетер ме балаң қасыңнан,

Айрылса әке дәулеттен

Оны кім бар білмейтін?!

Тағдыр жады қатын ғой

Жарлыны көзге ілмейтін.

Бұл бұл ма! Кесір қыздарың

Көрсетер кесапаттың көбі әлі алда шығар!

 

Лир.

Құлазытты-ау қу жанды,

Паршаламай жүректі

Қайғысы құрғыр, серпілсейші!

Өзі қайда қызымның?

 

Кент.

Тас қорғанның ішінде

Қонақ боп отыр графқа.

 

Лир. (Сарай қызметшісіне).

Өзім барам,

Қал кейін.

Кетеді.

Сарай адамы.

Сол ма барлық жазығың,

Жасырмадың ба ештеңе?

 

Кент.

Сол бәрі.

Келіпсіз король екеуіңіз,

Қалған нөкер қайда жүр?

 

Сайқымазақ. Бұл көк миды қайдағы бір сумақайға семсер суырғаны үшін жазалағанша, тап мынандай маубас сұрақ қойғаны үшін жазаламас па?

 

Кент. Ол не дегенің, қылжақбас?

 

Сайқымазақ. Шіркін, сені анандай қауға басыңды қалқитпай, құмырсқаның қарауына беріп, оқытып алар ма еді. Қыстың көзі қырауда қалай қалтырағанды көрер ең. Аузы дәм, мұрны иіс білетін жұрт сен құсап сергелдеңге түспейді. Доңғалақ өрден ойға қарай доңғалап келе жатса, жолында тұрма, қаш бөксеңді жаншып майып қып кетеді, ал, ойдан өрге қарай доңғалап бара жата, соңынан қалма, жабыс, асуға шығарып, мәртебеңді биіктетеді. Ал, данышпан біреу бұдан да асқан пайдалы ақыл айтып жатса, бұл ақылымды өзіме қайтып берерсің. өйткені, ақымақтың аузынан шыққан ақылдың кәззаптардың құлағына бұйырғанша лазым.

Пайда қуған зымыстан

Алтын деп жүрген басыңды

Бақырға сатып кетеді,

Басыңнан ұшса бақ құсы.

Алдауды білмейді ешқашан.

Лир мен Глостер шығады.

Ақылдың дұрыс тапшысы.

Аяр да қалар жер соғып,

Ақымақ болған жақсысы.

 

Кент. Есуасым-ау, мұны қайдан үйрендің?

 

Сайқымазақ. Қайдан үйренсем де, әйтеуір, сен құсап кісен кимей тұрып біліп алдым.

 

Лир.

Сөйлескілері келмейді менімен?

Ат соқты боп, шаршап қалдық деседі.

Ол әншейін шығарып салма әңгіме.

Жауап берсін дұрыстап.

 

Глостер.

Тақсыр ием,

Жақсы білесіз герцогтың

Бір қисайса құлақ аспас қисынға

Нағыз қиқар екенін.

 

Лир.

Өшім қайтпай өзге әңгіме құлағыма кірмейді,

Қиқар болса қайтейін,

Бар да шақыр әйелімен герцогты,

Осы қазір сөйлесетін сөзім бар!

 

Глостер.

Тақсыр ием, жаңа барып айттым ғой?

 

Лир.

Айтқаныңмен — түсіндің бе мені өзің?

 

Глостер.

Түсіндім, тақсыр.

 

Лир.

Айтқанда да былай деп айт:

Король күтіп тұр де, сен,

Корнуэль мен ханшайымды сүйікті,

Көрем деп мархабаттарын.

Айттың ба сүй деп? Айтпадың.

Ендеше, сөзім садаға,

Сол оңбаған нем өтe. . .

Жоға. . . Жоға. . . тоқтай тұр.

Ауру болса ауру шығар шалдыққан,

Ауру жанның сөзін тергеп бола ма!

Жан ауырса не шықпайды ауыздан,

Мен де, міне, аузым қызып

Айтып салдым

Алды-артына қарамай.

Бірақ енді. . . (Кентке көзі түсіп).

Кісенде әлі неғып отыр бұл енді?

Жоқ, Жоқ, бұның бәрі — далбаса.

Босат мұны! Сосын бар да айт қожаңа,

Сөйлесетін әңгіме бар дәл қазір

Келсе енді келгені,

Келмесе егер қақтырам да дабылды,

Ауырмақ түгіл алса-дағы қағынды,

Көресіні көрсетем.

 

Глостер.

Арты қайыр болса игі!

 

Кетеді.

 

Лир. Жүрегім неге шаншиды. Ақырын, ақырын!

 

Сайқымазақ. Бақырып бақ, бақырауық шал Баяғыдағы әлгі пәтуасыз аспаз кемпір қамырдың арасына салып, тірілей қуырылатын жыланбалықтарға: «Шошаңдамай жатыңдар әрі», — деп айқайлайтын, бастарына ағаш таяқпен бір-бір соғып. Ал, ағасы атын сондай жақсы көретін, жануар қатықсыз тамақ жемесінші деп, пішенге май қосып беруші еді.

 

Корнуэль герцогі, Регана, Глостер және қызметшілер шығады.

 

Лир.

Саламат па, балаларым!

Корнуэль герцогі.

Саламат па, милорд.

Кентті кісеннен босатады.

 

Регана.

Көргеніме сондай қуаныштымын.

 

Лир.

Қуанбасаң,

Сүйегі әбден қуарған

Суырып ап моладағы шешеңді,

Бұзбақшы едім некемді.

(Кентке).

Ә, сені босатты ма! Ол әңгіме —

Айтыла жатар артынан.

Ал, айналайын Регана,

Апаң сенің болып шықты албасты,

Қабырғамды қақыратып,

Жез тырнағын жүрегіме түйреді.

(Жүрегін ұстайды).

Айтуға тілім бармайды.

Қаншалықты қаныпезер екенін,

Көрмедің ғой, Регана!

 

Регана.

Сабаға түс, сэр.

Меніңше, сіз апамды

Тұрсыз бекер айыптап.

Жазығы жоқ жазғырардай соншалық.

 

Лир.

Мұныңа қалай түсінем?

 

Регана.

Гонерилья шын перзенттік парыздан

Бас тартты деген әңгіме

Миыма ешбір кірмейді.

Ал, ауыздықтаса бассыз кеткен нөкерді

Ол қылығын

Мына мен де «жөн» деймін.

 

Лир.

Қарғыс атқан ол немені сөз қылма!

 

Регана.

Қартайдыңыз, әке, сіз,

Бір аяғыңыз жерде де,

Бір аяғыңыз көрде тұр.

Онан қайта өзіңізге сырмінез

Өзгелердің ақылына ас құлақ.

Сондықтанда, қайтып барып апама,

Кешірім сұра, басыңды иіп алдына.

 

Лир.

Түсіндің бе өзің айтқан сөзіңді?

(Жер тізерлейді)

«Қызым, балам, әлім кетті, қартайдым,

Жер тізерлеп келіп тұрмын алдыңа,

Киім кигіз, асыңды бер, асыра!»

Істе дейтінің осы ма?

 

Регана.

Дұрыс сөзді қылжақ қылып қайтесіз,

Онан-дағы ізіңізше қайтыңыз.

 

Лир (бойын тіктеп).

Регана,

Бұл айтқаның болмайды,

Нөкерімнің қуып шықты жартысың,

Құлағына ілмей сөзімді

Келеке етті өзімді.

Бар болса құдай көктегі

Ол қыз енді оңбайды.

Сазайын тартқыз сайтанның,

Естисің бе, о, тоба!

 

Корнуэль герцогі.

Райдан қайт, милорд!

 

Лир.

Жасағанның жай оты мен жасыны

Төбесіне соның ойнағай!

Дүниенің індеті мен бейнеті

Соңына түсіп қоймағай!

 

Регана.

Тәңірім-ау, не деп тұр,

Ашуы келсе,

Айтары осы-ay маған да!

 

Лир.

Сені не деп қарғамақпын, Регана,

Ибалы едің, назарыма қалмассың.

Ол қыз менің сабырымды сарықты,

Мені мұнша жүйкелетіп

Көрініпті саған не?

Бір басымның рақатын ауырлап,

Тоз-тоз қылып соңымдағы нөкерді,

Есік ашпай келгенімде емпеңдеп,

Торсаңдайтын топас мінез жоқ сенде.

Айтпайтындай ақ батамды әкелік.

Тәрк етердей ізет, иба үрдісін,

Не қылып ем мен саған,

Бар жазғаным — патшалықтың жартысын

Қолдарыңа ұстатқаным болмаса!

 

Регана.

Айтпағыңыз не сондағы?

 

Лир.

Қызметшіме кісен салған қайсысың?

Сахна сыртынан керней дабылы естіледі.

Корнуэль герцогі.

Мынау кімнің дабылы?

 

Регана.

Қарағанда хатындағы сөзіне

Гонерилья келе жатқан болмасын.

Освальд кіреді.

 

Ал, қалай,

Миледи келе жатыр ма?

 

Лир.

Ханшайымның іші-бауырына кіріп aп,

Тойған торпақ секілді

Тойтаңдаған бұл неме

Көрінбесін көзіме!

 

Корнуэль герцогі.

Қандай қызмет көрсет дейсіз

Сонда маған, сүйікті милорд?

 

Лир.

Жазалаған кім жаушымды?

Әрине, сенің араласың жоқ, Регана!

 

Гонерилья кіреді.

Шыққыр көзім не көріп тұр!

Қартайғанға қарасатын

Жалынғанды жарылқайтын

Шарапатты тәңірім-ау,

Мынау тағы қай масқараң?

(Гонерильяға)

Сақалымның ағын сыйламадың ба, сен бейбақ?

Регана-ау, кімге ұсындың қолыңды?

 

Гонерилья.

Қолын неге ұсынбайды,

Алжығанға ұнамаған

Нәрсенің бәрі күнә деп

Қай пайғамбар айтыпты?!

 

Лир.

Осының бәрін көтеріп,

Көкірек құрғыр қалай-ақ тұр жарылмай?

Айтыңдар тез, жазалаған кім жаушымды?

 

Корнуэль герцогі.

Жазалаған мен оны.

Жазам бірақ жеңіл екен, өкінем.

 

Лир.

Қалай барды дәтіңіз?

 

Регана.

Ұмытпа, әке, жасыңыздың келгенін,

Уайым қылмай бір өлімнен өңгені,

Көп нөкердің тең жартысын таратып,

Қызыңызбен тіл табысып, жарасып,

Қайтыңыз да, уәделі мерзім біткенде

Келіңіз бізге,

Алдыңыздан әзір боп,

Қол қусырып күткенде.

 

Лир.

Оны істеп, болғанша шын масқара,

Баспанадан бас тартып,

Кетпеймін бе қорқауларға жем болып,

Құла дүзге қаңғырып.

Бұ қызға қайтып барғанша,

Кенжемді іздеп тауып ап,

Қарғысына қарамай

Қарағымды жар еткен

Франция королінің алдында

Кешірім сұрап, бас ұрып

Барамын да, босағаңа ал деймін!

Содан қорлық көрмеймін бе,

Көргенше,

Мына біреу қу шұнақ құлдан көрдемше!

(Освальдты меңзейді)

 

Гонерилья.

Еркіңіз білсін.

 

Лир.

Қызым, өйтіп әкеңді естен тандырма.

Ендігәрі азапқа салмай сені де,

Кездеспей-ақ кетейін

Қанша сұмырай болсаң да,

Іштен шыққан қара шұбар жылан ең.

Қайтып алдым ашу үсті айтылған

Нала менен қарғысты.

Тірі болсаң, ақыр түбі өз арың —

Өзіңді бір азаптар

Қарғысымды қайтып алам.

Ашылсын лайым маңдайың,

Құлқың түзеліп, құлдық ұрсаң алдымда,

Қайырмаспын пейіліңді.

Оған дейін жүз нөкерім соңымда,

Бола тұрам Реганам қолында.

 

Регана.

Әке, ғапу етіңіз,

Қабылдай алар осы қазір жоқ жайым,

Келеді деп күтпегем.

Айтарыңды айтып,

Істеріңді істеп,

Ашуыңды тараттың,

Қызыңа ер де, үйге қайт,

Ар жағында не қылып, не қоярын

Апам өзі біледі.

 

Лир.

Жөні бола қояр ма екен бұл сөздің?

Регана.

 

Айтқаны дұрыс апамның.

Елу нөкер ендігі жерге жетеді.

Жоға, тәйірі, елудің өзі тіпті көп,

Сол немелерді шұбырта беріп қайтесіз,

Бәріне күтім, бәріне ас, ат керек,

Қара тобыр жүрген жерде қатер көп,

Оның үстіне, билік екі кісі қолында,

Бейбастақтық көп болады мұндайда.

 

Гонсрилья.

Соларсыз-ақ өзіңізді

Өзіміздің қызметшілер күтпей ме?

 

Регана.

Айтпақшы, сэр, жаны бар сөз мұның да,

Керегі не соларыңның шынында,

Ертең бізге келеріңде, жарқыным,

Кіргізбеймін жиырма бестен артығын.

 

Лир.

Солардың бәрін бердім енді сендерге!

 

Регана.

Әке, сөзің енді, міне, түзелді.

 

Лир.

Басқа дүниенің бәрінің беріп билігін,

Қалдырып ем өзіме тек нөкерді.

Естігенім дұрыс болса егер де,

Жиырма бестен асырма,

Дедің бе сен, Регана?

 

Регана.

Иә, сүй дедім.

Жиырма бестен артығын

Аттатпаймын есіктен.

 

Лир.

Бетерден де бетер бар, —

Деуші еді-ау жұрт,

Көзім соған жетті енді.

(Гонерилъяға)

Ендеше, қызым, ердім саған,

Елу нөкер жиырма бестен екі есе егер көп болса,

Екі есе иман жүзді екенсің сен бұл қыздан

 

Гонерилья.

Соларыңнан екі есе көп қызметші бар үйде,

Жиырма бес емес-ау, оны, тіпті,

Оны емес-ау бесеуі

Бекер бейнет емес пе?

 

Регана.

Тіпті біреуі де

Керек емес солардың.

 

Лир.

Әңгіме сонда тұр ма екен

Керек пе, керек емес те,

Қайыршы екеш қайыршы

Ұнатқанын сұрайды.

Тірліктің бәрі тек керекпен шектелсе, —

Айуаннан несі өзге адамның?

Сен әйелсің. Керегі не торқаның,

Қағанақ құрлы септігі жоқ қаңтарда,

Тоңдырмайтын жүрмейсің бе тон киіп?

Сабыр, сабыр, сабыр ғана

Енді маған керегі!

Сақта, құдай! Қартайыппын мен әбден,

Жылдар бойғы бейнет жығып еңсемді,

Бауырымнан шыққан перзентім

Жармасқанда жағамнан

Медет бол, өзің, о, тоба!

Қаһарыма қайта мінер қайрат бер,

Қатын құсап сорғалатпай сорамды!

Жоқ! Бұ қарларға жібермеймін есемді,

Төңкеремін төбелеріне аспанды!

Аспан асты, жердің үсті көрмеген

Ақырзаман бастарыңа орнатам!

Жылап тұр деп қалмаңыздар масайрап,

Жылайтұғын мен емес

Тәңір өзі қойса-дағы еңіретіп.

Шыға қоймас көзден жас,

Шықса шығар,

Кектің уы көкірегімді кеулеген

Жүрегімді күлпаршалап болғасын.

Қылжақбас-ау,

Не деп тұрмын осы мен,

Тұрғам жоқ па ақылымнан алжасып!

Лир, Глостер, Кент және Сайқымазақ кетеді.

Жақындап қалған қара дауылдың сесі білінеді.

Корнуэль герцогі.

Қара нөсер таяп қалды, кетейік.

 

Регана.

Тарлық етіп жүрер ме екен,

Әлгі шалды нөкерімен

Жайғастырсақ осы үйге?

 

Гонерилья.

Төрімді теуіп кетті ғой,

Өзінен көрсін ол енді.

 

Регана.

Бір басына табар едім баспана,

Соңындағы шуылдағын қайтпекпін!

 

Гонерилья.

Иә, рас, әңгімеңнің жаны бар,

Глостер өзі қайда жүр?

 

Глостер.

Король ағзам қарайып кетті қанына!

Корнуэль герцогі.

Енді не істемек ойы бар?

 

Глостер.

Ол арасын білмедім,

Атқа қоңды барлығы.

Корнуэль герцогі.

Өзі білсін ендеше,

Жалынудың жөні жоқ.

 

Гонерилья.

Қалдырмаңдар жолынан.

 

Глостер.

Көп ұзамай қас қарайып түн болады,

Күн болса мынау, төңірек тұлдыр,

Бас сауғалар пана жоқ.

 

Регана.

Тіпті дұрыс сонысы.

Қиқар болып, кімді қырар екен,

Көріп алсын қап, бәлем.

Қақпаны мықтап жабыңдар,

Соңындағы көп басбұзар

Аздырып жүрсе көңілін, қапы соғып қалмайық.

 

Корнуэль герцогі.

Қақпаларға бекем бол, граф.

Дұрыс айтады әйелім.

Бұл неғылған аласапыран түн еді.

Дауыл соқпай тұрғанда кетейік,

Кетейік мынау арадан.

 

Кетеді.

 

Жалғасы бар

Ardakh Nurgaz. Клласик және клласикалық шығарма

https://www.thebilge.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=2&id=4087

Ardakh Nurgaz. Орыстың империялық прозасы

https://www.thebilge.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=3&id=4091


Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты