Ардақ Нұрғазы - Дәстүр мен модернизм

6883d012dbbd6e2311f7d1488970d1ec.jpg (940×588)

 

Зағыпар О.,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

филология факультетінің 2-курс магистранты

 e-mail: zagypar00@mail.ru

Ғылыми жетекшісі: Сәуле Ержанова,

филология ғылымдарының докторы, профессор

 

Кіріспе. Қазақ әдебиетінің даму үрдістерін саралаған тұста өткені мен бүгінгісін, дәстүр жалғастығы мен жаңашыл ізденістерді, олардың арасындағы байланыстар мен айырмашылықтарды нақтылап көрсету керек. Ежелден бастау алатын әдебиетіміздің бүгінге дейін біраз жаңарып, түрленгені белгілі, әсіресе тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті тың ізденістер мен жаңашылдыққа толы. Жаңа ғасырдың басында тұрған адам баласының жаны жаңаруға, жасампаздыққа құмар екенін білсек, әдебиеттің де жаңаратынын сезініп, жаңару үдерісін пайымдай алуымыз қажет. Бұл туралы сөз қозғағанда талқыға әдеби дәстүрдің түсетіні анық. М. Қаратаев: «Дәстүр мен жаңашылдық дейтін проблема кең мағынасында – философиялық проблема. Бұл дүние жүзіндегі барлық даму атаулының тетігі. Мұнсыз өсу, өрбу, өзгеру жоқ» [1, 4], - дейді. Біздегі қарапайым әдеби түсінікпен қарағанда, классикалық әдебиет дәстүрлі әдебиетке, ал оның қалпына сыймайтын туындылар жаңашылдыққа танылып жатады. Осы арада екеуінің арасында қарама-қайшылық туындайды. Бұл ретте ең дұрысы модернизм мен постмодернизмнің арасын ашып алған жөн секілді. «Модернизм үшін дәстүр маңызды болса, постмодернизм бұдан бас тартады және бұны басты шарт деп санайды»[2, 61], – деп А.Ісмақова екеуінің басты белгілерін көрсетеді. Осыған қарап модернизмнің дәстүрден алыс еместігін, дәстүрді жоққа шығармайтын, керісінше жаңартатын бағыт екенін аңғарамыз.

Қазіргі жаһандағы өзгерістердің аласапыран кезеңін қазақ поэзиясы да бастан кешіп жатыр. Осыған дейін қанатын кеңге жайған әдебиетіміздегі реалисттік, романтикалық бағыттарға модернисттік, постмодернисттік, постклассикалық, постреалисттік ағымдар қосылды. Соған сәйкес бүгінгі жекелеген ақындардың поэзиясынан жаңашылдықты, өлең поэтикасындағы өзгерістерді байқаймыз. Соның бірі – шығармаларында қара өлеңге тән өлшемдер кездеспейтін, формализмге ұрынбаған, керісінше өзін қоршаған орта мен қоғамды танытуда өз түйсігінде көрініс тапқан дүниелерді еркін түрде жеткізетінін аңғаруға болатын қаламгер – Ардақ Нұрғазы. Ол – модернисттерді «жаңартушылар» деп танитын жаңашыл ақын, жазушы, драматург, сыншы. Ардақ Нұрғазының әдеби сындарындағы дәстүр мен модернизм жайындағы орынды пікірлерін елемеуге болмайды. «Қазақтың модернистік поэзиясы» еңбегін оқу арқылы модернисттік поэзияның табиғатын тануға болады.

Әдістемелер. Әр дәуірде туған жаңалық кейін дәстүрге айналады. Ардақ Нұрғазының «Қазақтың модернистік поэзиясы» кітабында қазақ поэзиясының дәстүр арнасынан модернизмнің үлгілерін көрсетеді. Автор алғысөзінде «модернизм – жинақылық, дәлдік және қиял кеңістігінің кеңдігін бір басына жинаған сөз мәнері» [3, 4] деп анықтама береді. Қазақ әдебиеті отарлану кезеңінде нағыз модернистік әдебиет жасамаса да, модернизмнің белгілері бар екенін, реализмнің шеңберінен шығып, ұлт басындағы қасіретті қарапайым қоғамдық қарама-қарсылық деңгейінде ғана түсінбей, қайта адамзат тарихынан орын беріп, өнерді кемелдік деңгейінде меңгеруге талпынған ақын-жазушылар кездесетінін атап өтеді. «Қазақ поэзиясының жаңару кезеңі» мақаласында «Бір ұлттың поэзиясының деңгейін білу үшін, ең әуелі оның дәстүрін білуің қажет. Алайда, дәстүр деген симфония тәрізді, оның әр парағы бірбіріне ұқсай бермейді» [3, 6] дейді. Дәстүрдің тек бір қалыптың ішіндегі дүние емес екенін айқындауға болады. Әр қаламгердің салған өз дәстүрі кейін тұтас дәуірдің дәстүріне айналуы мүмкін. Тек сол дәстүрдің шеңберінде қалып қоюға болмайды.

Қазақтың жазба әдебиетінің бастауында тұрған Абайдың өзіне дейінгі қазақтың халық ауыз әдебиетімен, жыраулар поэзиясымен жақсы таныс болғаны белгілі. Десек те Абай өз дәуірінде қазақ поэзиясына өзгеріс әкелді. Ақынның «Сегіз аяқ» өлеңін жоғары бағалап, Ардақ Нұрғазы Абайды модернистік поэзияның бастауында тұрған ақын ретінде таниды: «Абай қазақ поэзиясының лексикасын заман талабына сай тың дүниемен, жана сапамен толықтырды. Жоғарыдағы өлең өзіне дейінгі дәстүрлік поэзияның мазмұны мен формасын тас-талқан етіп күйретіп, жаңартып қайта тұлғалау арқылы қазақтың модернистік поэзиясына айнымас тұғыр, берік негіз қалыптастырды» [4, 21]. Шынында поэзиямызға өлеңнің жаңа үлгісін алып келген Абайды өз дәуірінің модернисті ретінде тануымыз орынды.

Қай заман болмасын сол заманға сай әдеби дәстүр жаңарып отыруы шарт. Абай оны жақсы түсініп, қазақ өлеңін жаңғыртты. Одан кейінгі ақындар соның шеңберіне өз заманының келбеті мен өзінің болмысын сыйдырып келді. Бірақ оның да ескіретін, жаңаратын кезі келеді. Мәселен Ж.Аймауытов пен М.Әуезов 1918 жылы жазған «Абайдан соңғы ақындар» мақаласында былай дейді: «Ғұмар Қарашта Марабай ақын, Бұхар жырау тағы сол сықылды бұрынғы ақындардың қалпымен кеткен ескінің сарқыты бар. Бірақ ескілік сөздер батырдың батырлығын, бидің шешендігін, ханның хандығын, салтанатын жетілдіріп, ескектетіп айтқанына келісуші еді; ол кездегі халықтың халықтың рухы да, тұрмысы да ескек, асқақ сөзге лайық келуші еді. Халықтың мінезін суреттеп, мінін айтып, терең пәлсәпа сөздерді желдіртіп, ескектетіп айту бұл заманда артық, ұнаспайды» [5, 95]. Дәл сол сияқты бүгінгі жасампаз заманда әдеби дәстүрдің де жаңаратын кезі келгенін ақындар өздерінше түйсініп жүр.

Ардақ Нұрғазы ағылшын поэзиясындағы алғашқы нағыз модернист ақын ретінде Т.С. Элиотты көрсете отырып, оның шығармашылығына назар салып бір түйін шығарады: «әр дәуірдің өзіндік жаңалығы болады. Жаңалық болады екен оның бойында бұрынғыларға ұқсамайтын айқын даралық та болады. Оны дәстүр қабылдамайды, өйткені, оған дейінгі дәстүрдің бойындағы өнер эстетикасы жаңа дүниені шешіп беруге шарасыз. Сондықтан да жаңа дүние өмірге келуімен қатар, оған ілесіп сол жаңа дүниенің өнер эстетикасы да өзімен бірге келуге тиіс. Ол сонда ғана жаңалық ретінде жаңа дәуірдің туындысы бола алады» [3, 6]. Демек дәстүр мен жаңалықтың арасындағы алшақтық – өнер эстетикасының сәйкессіздігі. Қазақтың талай қазақ қаламгерлерінің шығармашылығы да өз дәуірінде осы тұрғыдан тұсалған секілді. Тағы бір себеп кеңестік құрсау. Мағжан мен Жұмекеннің поэзиясындағы ерекшеліктерді көрсете отырып, олардың модернистік поэзияның үлгісі болғанмен жалғасын таппағанын айтады.

Талқылау. Дәстүр дегеніміз не? Жыраулар поэзиясы ма? Қара өлең бе? Жоқ, Ардақ Нұрғазының түсінігінде дәстүр – біздің рухани әрі тарихи санамыз. Ал оны жаңғырту модернизмнің міндеті деген ой түюге болады. Бірақ модернизм деген өзіне дейінгі қалыптасқан форма мен танымды бұзады. Рухани дүниеде пайда болған дәстүрден өзгеше жаңа қайшылықтарды өнер тілімен айшықтау уақыт өте келе «модернизм» деп аталды. Ардақ Нұрғазы үшін жаңа түйсік, жаңа сана өткенге жаңаша түсінікпен қарауға итермелегенін аңғартады. Ол үшін модернистік деген ұғымды басты орынға шығарған. Әдебиетіміздегі модернистік дүниетаным қайдан, қалай келді, бізге дейін ол қалай болды, модернистік түйсік әдебиетіміздің дәстүрінде қалай өзгеріп, дамып бүгінге жетті деген сұраққа жауап іздеген. Модернизм тыңнан қосылған дүние емес, дәстүріміздің ішінде өмір сүрген өнер тілі. Поэзияға модернизм не үшін қажет болды деген сұраққа жауап іздесек, эпостық поэзиядан түлеп шыққан проза ХIХ ғасырдың орта тұсына келгенде өз мүмкіндігін көрсетудің жолына түскен. Бұл кезеңде поэзия дағдарыс дәуірін бастан кешіп жатты. Проза алып қойған мүмкіндіктіқайталамай, жаңа кеңістікке шығу қарт жанрдың алдында тұрған бірден-бір шығар жол болатын. Соған орай талпыныс жасаған батыстың біраз ақындары ақыры ол кеңістікті тапты. Ал қазақ әдебиетінде жағдай басқаша болған. Өткен ғасырдың 60-жылдарына келгенде әдебиеттегі басымдылықты толықтай қолдарына алған прозаиктердің жанында эпостық дәстүрдің төл мұрагері саналатын поэзия үнсіз қалды десек те болады. Поэзияның екінші тынысын ашу үшін жаңа кеңістік ашуға мүдделі болған Жұмекен, Олжас, Мұқағали, Омарғазы сынды ақындарымыздың поэзиясындағы «Қазақтың модернистік поэзиясы» еңбегінде модернисттік белгілерді табады.

Ал осы модернизмді тануға ұмтылған Ардақ Нұрғазының өз шығармашылығына қарап модернист ақын деуімізге бірнеше себеп бар:

1. Ой еркіндігі. Ақын өлеңдерінде ой еркіндігі, комплекстің жоқтығы, әлемге, ондағы зат пен құбылыстарға басқаша өзіндік көзқараспен қарай алатындығы анық байқалады.

2. Мазмұн. Ой еркіндігі болғандықтан, тың мазмұндарды жиі кездестіреміз, ақын қиялы шексіз секілді.

3. Формадағы ізденістер. Көптеген әлем әдебиетінің үлгілерімен танысқан ақын поэзиямызға жаңа формалар әкеліп жатқаны көрінеді. Ақ өлең үлгісін басшылыққа алатын ақынның қалыптасқан формадан алыстауы модернисттік ұстаным секілді.

4. Көркемдік. Үзіп алынған сәттер, тың образдар, кереғар тіркестер – ақынның көркемдік қуатының қайнары.

Ақынның «Жалған бостандық кітабы» жинағына енген өлеңдерінен дәстүр мен модернизмнің үйлесімі көрініс тапқан.

…Кұлағыма келеді –

Алыс сапардан

Желмен еріп жеткен саз –

Ботаның боздағаны.

Жүрегімде – көлде жүзген

Аққу мен қаздың сұңқылы [6, 7] деп келетін «Құс» өлеңінде ақынға өткеннің үні естілетіні, жүрегінде халықтың ежелден келе жатқан дүниетанымы мен тұрмысы орныққанын көреміз. Ақын осыны өзінше пайымдап, өзгеше жеткізе білген. Халықтық танымды тәптіштеп жатпайды, оған жаңаша рең беріп, өз болмысына сіңіреді. Тағы бір «көшеде өзімді жоғалттым» деп басталатын «Құйын» өлеңінде «құйынды» символ ретінде алып, қайта-қайта оқысаң көз алдыңа жоғалған қазақы болмысты әкеледі:

Құйын –

Мен дағы күтіп тұрмын,

Шығарсың кеудемнен бұлқынып,

Демге оранып,

Шығарсың босанып тар қапасыңнан,

Тарихтың қатпарынан [6, 17]. Бірақ бәрібір де ақынның қазақы болмысы кеудесінен кете қоймағаны, бұлқынып шығатыны, тарихтың қойнауында жатқан қазақылықтың оралатынына деген үміт бар.

Нәтиже. Бүгінгі ғасырдағы адамзат рухының өзегі жасампаздық рух, жаңалық жарату рухы. Ұлт ретінде біз дәуірдің осы талабымен бетпе-бет келіп отырмыз. Біз заман талабына сай ұлттық ой-санамызды жаңалауымыз керек. Бірақ әлі де жаңашыл, заманауи ұлтқа айнала алған жоқпыз. Ұлттық жасампаздық рухымыз әлі де ұйқылы-ояу күйде. Ұлттық ой-санамыздың жаңаланбауының ең басты бір себебі: дәстүрлі әдеби санамыздың жаңаланбауы. Бүгінгі әдеби санамыздың жаңаланбауының басты себебі: дәстүрлі өлеңге, өнерімізге деген көзқарасымызды жаңалай алмағандығымыз. Ұлт ретінде біз бүгін дүниенің күн сайын жаңаланғандығын материалдық дүниенің өзгерісінен көріп отырсақ та, сан ғасырлық ұлттық әдеби ойлау формамыздың белгілі себептері, қара өлең формасының әдеби сана кеңістігіміздегі тұлғалықорны бізге дүниедегі өзгерісті дәуірлік сана төңкерісі деңгейінде сезінуге бөгет болып, жаңа дәуір тынысын рухымызға сіңдірмей тұр.

Әдеби санадағы жаңалық терістеуден ғана туады. Өзара үнемі терістелу әдеби сана әлеміне жаңалық жарату рухын оятады. Қара өлеңнің ұлтымыздың поэзия тарихындағы өзгермес ғұмыры, ұлттық поэзиямыздың белгісі ретінде мызғымас орны бүгінгі күні әдеби санамызды бір шеңбердің ішінде айналсоқтап, тоқтап қалғандай сезіндіруде. Әсіресе, қара өлеңнің ұйқас, буын сынды өлеңдік тұрақты факторлары тұрақтылық тудырады. Осы тұрақтылық тасасында анықтық, жинақылық (типтілік), яғни ұғым, түсінік, көлем, тұрғысының анықтығы, жинақылығы менмұндалайды. Сосын да анық нәрселерден ақылдылық қалып қана тұлғаланады. Анық өлшемдердің ұзақ уақыт өзгермеуі тұрақтылықты қалыптастырады. Тұрақтылық анықтық арқылы өмір сүріп отыр. Бүгінгі ақ өлең, қара өлеңнің осы тұрақтылық түсінік қалыптастырған факторларына яғни қара өлеңнің өлеңдік сипаты анық тұрақты белгісі болған ұйқасқа қарсы майданмен менмұндалайды. Өлеңнің мазмұнындағы көзге ұрып тұратын анықтылық жойылады, көмескіленеді. Ой айту, тәлім-тәрбие құралы болып, өлең ақылдық эстетиканың құрсауында болуымен келіспейді. Бұл жаңа көзқарастарға ақ өлеңнің, қазақ тілінің жаңа мүмкіндіктерін ашуға, жаңа өлең эстетикасын қалыптастыруға, дәстүрлі әдеби көзқарастарды жаңалауға мәжбүр етеді.

Қорытынды. Бір халықтың әдебиетінің ішінде бір-біріне ұқсамайтын дәстүрлер өмір сүреді. Бұл әдебиеттің бір шеңбердің ішінде қалып қоймай, жан-жақты даму бағыттарын көрсетеді. Ардақ Нұрғазының ХХ ғасыр ақындарының шығармашылығынан модернистік белгілерді іздеуі кім қандай жаңалық әкелді деген сұраққа жауап іздеумен бірдей. Оны пайымдау арқылы әр дәуірдің өзіне тән модернистік белгілері бар екенін қабылдаймыз, ал ол заман мен қоғамның, халықтық сананың өзгерісіне қарай туындап отырған. Ал Ардақ Нұрғазы секілді модернист ақындардың жырлары – адамзат ақыл-ойының көркемдік-эстетикалық, тарихи-танымдық дүниетанымының сөз өнеріндегі өрнектері. Олардың поэзиясында мыңжылдықтар бойы көшпелілік пен отырықшылық мәдениет дәстүрлерімен қалыптасып, өсіп-өркендеу белестерінен өтіп келе жатқан қазақ халқының ата-баба мен ұрпақтар жалғастығының желісі жаңаша жырланған. Модернисттік өлеңдердегі жаңаша бейнелеулерден қазақтың халықтық-ұлттық болмысынан қуаттанатын ұрпақтарға ортақ көркем ойлау көзқарастары байқалады.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Қаратаев М. Дәстүр мен жаңашылдық. – Алматы: Ғылым, 1980 ж. – 260 б.

2. Ісімақова А. Асыл сөздің теориясы. – Алматы: Таңбалы, 2009 ж. – 376 б.

3. Нұрғазы А. Қазақтың модернистік поэзиясы. – Алматы: Arna-b, 2010 ж. – 192 б.

4. Нұрғазы А. Таным мен Талғам. – Астана: Фолиант, 2018 ж. – 237 б.

5. Әуезов М. Шығ.елу томдық жин. І том. Алматы: Ғылым, 1997. – 472 б.

6. Нұрғазы А. Жалған бостандық кітабы. – Алматы: Arna-b, 2009 ж. – 74 б.

 

 

Зағыпар О.,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

филология факультетінің 2-курс магистранты

e-mail: zagypar00@mail.ru

Ғылыми жетекшісі: Сәуле Ержанова,

филология ғылымдарының докторы, профессор

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты