Маралтай Құдайберген:Қара юмoр (Black comedy)

5d898e1bf11b01c7c0fe8a2024ab8fc2.jpg (1280×759)


Өткен ғасырдың 1960 жылдарының бас шенінде Американың əдебиет майданында дəстүрлі прозадан мүлде өзгеше, жаңа формадағы сатиралық романдар дүниеге келді. Алғашында оған əркімдер əртүрлі қарап, ұқсамаған пікірде болды. Кейін 1965 жылы Американың осызаманғы көрнекті жазушысы Фрейдыман осы формада туынды жазатын он екі автордың романынан үзінді алынған кітапшасының атын «Қара юмoр» деп атады. Жаңа үлгідегі бұл прозаның өкілдері дербес топ болып бірігіп, белгілі əдеби ағымға жатқызылуға көне қоймады. Алайда, осы бір өзгеше əдеби құбылыс сыншылар қауымы жағынан Батыстың осызаманғы постмодернистік ағымдарының негізгі біреуі ретінде қаралып тұрақтандырылды. Оның «Қара юмoр» делінетін аты туралы да бастабында біраз бөгде пікір айтылып, сыншылар таластар өрістеткен болса да, жүре келе бұл атау жұрт жағынан жалпы беттік қабылданып тұрақты терминге айналып кетті. «Қара юмoр» əдебиеті басқа да əдебиет пен өнердің шығармашылық құбылысы сияқты белгілі қоғамдық тарихи жəне философиялық ой ағымының туындысы ретінде дүниеге келген.

Қоғамдық тарихи астары жөнінен алғанда өткен ғасырдың 1960 жылдарындағы Американың күрделі қоғамдық жағдайы «Қара юмoрдің» туған топырағы есептеледі. 1950 жылдардың басында Америка Корея түбегіндегі соғыста зор жеңіліс тапты. Ал 1960 жылдары Вьетнамға əскер кіргізіп, онда да қиын жағдайға тап болды. Осыған байланысты ел ішінде жаппай соғысқа қарсылық сыңай өріс алды. Дара билік пен сорақы əскери қимылдар жұрт көңіліне қаяу салды. Айтылмыс демократия, бостандық дегендер құр елеске айналып, адамдар дүниенің «мəнмағынасыздығын», өмірдің «сандырақтығын» сезінді. Сонымен қоса осызамандандырылған өндіріс тəсілі мен ғылым-техниканың жалпыласуы жеке адамның өмірдегі даралық қасиетін жоғалтты. Озық техниканың жаппай қолданылуы адамдарды ауыр еңбектен азат етіп, олардың заттық талабын белгілі дəрежеде қанағаттандырғанымен, адамдардың күнделік тұрмысы мен қимыл қозғалысын белгілі қалыпқа түсірілген электронды қағида меңгерді де, еңбекшілер өздерін адамдық еріктен айырылып, заттың құлына айналып «өзін» жоғалтқан күйде сезінді. Сонымен бірге ел ішіндегі нəсілдік кемсіту жəне орнықсыз саяси ауқым жұрт көңілін алаңдатып күдіккүмəн туғызды. Міне осындай дертті қоғамдық орта, содан туындаған адамдар санасындағы психикалық қалыпсыз көңіл-күй, «Қара юмор» əдебиетінің дүниеге келуіне себеп болды. Əсіресе, Батыс зиялылары мен жазушылары мұндай психикалық дертке елден ерек шалдықты. Сонымен олар қазіргі қоғамда өткенге мүлде ұқсамайтын қимыл формасы: əсіре қарбаластық пен жындану белгісі бар жаңа тұрмыс ритімін, құлазуды, жалғызсырау сезімін бейнелеуге тиіс болды. Мұндай қалыпсыз көңіл-күйді əдебиетте бейнелеу үшін оған сəйкес келетін, яғни “бір аяғын жындылар емханасына басып тұрған” бір түрлі жаңа əдеби форманы қажет деп қарады. Міне бұл форма біз сөз етіп отырған — «Қара юмор» еді.

Ал оның идеялық қайнары жөнінен сөз ашсақ қазіргі заманғы Батыс философиясының алуан текті бей ақылдық философиясы мен қоғамдық ой-ағымдары оны назариялық негізбен қамдады. Айталық З.Фрейттің рухани анализ ілімі, А.Бергсонның тіке түйсік фиолсофиясы  мен Жан.Пол Сартрдың болмысшылдық фиолсофиясының «дүние мағынасыз», «сорақы сандыраққа толған», адам өмірі қатерге толы болады “– деген қуаттамалары «Қара юмердің» басты идеялық негізі болды. Міне осындай философиялық ой-пікірдің əсерінде «Қара юмер» жазушылары дүние мен адамзаттың өмір сүріп тұруының ешқандай негізі жоқ; адамзат өмірі қаттыгездікке, сорақылыққа толы; жаратылыс дүниесі мен адамзат қоғамы өзіне ғана тəн қасиетінен айырылуға мəжбүр. Содан да адамдар өздерін үнемі əлеуметтік орта жағынан шетке қағылып, керексіз етілгендей сезінеді, үнемі жалғызсырап құлазыған, қасіреттеніп қапаланған жəне алаңдап үрейленген көңіл-күймен жасайды деп түйді. Əрі өз туындыларында олар адамның рухани дүниесін осы жағынан ашты.

«Қара юмердің» өкілдері мен олардың басты шығармаларын атар болсақ:  Ю.Хайлердің «22 əскери ереже», Г.Фонигеннің «5 нөмірлі жаза лагері», Ж.Бененің «Темекі саудагері», Т.Пенкіннің «Əлемнің тартылыс күш доғасы» қатарлы романдары. Осы аталған шығармалардың ішінде Ю.Хайлердің «22 əскери ереже» романы осы ағымның өкілдік шығармасы саналады. Енді біз осы роман туралы тоқталайық.

Романда өткен ғасырда туылған екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі  Жер Орта теңізінің белгілі бір аралында тұратын Америка əуе армиясының шағын ұшақтар əтіретінде болған қисынсыз сорақылықтар сөз болады. Əтірет бастығы Каненгат тəсіл талғамай жоғары өрмелеуді ғана білетін рақымсыз басшы. Ол қол астындағыларға мейлінше қатыгез, олардың өлген-тірілгенімен мүлде санаспайды. Олардың əрқандай талабын орындамайды. Ал оның көмекшісі лейтнант Скакоф тіпті де рақымсыздығымен көзге түседі. Ол алуан түрлі шектен асқан сорақы жаттықтыру тəсілдері арқылы əскерлерді барынша азаптайды. Ал өзі осының бодауына мəртебесі өсіп, дəрежесі жоғарлайды, кейін келе тіпті тұтас армияның бас қолбасшысына айналады.

Романдағы тағы бір жұрт назарын аударатын негізгі кейіпкер əтіреттің ішпекжемек басқарушысы — Мило. Ол қызмет қолайлығынан пайдаланып, қосынға азықтүлік əзірлеу сылтауымен барлық жерде алдамкөстік істеп, пайда табудың сан түрлі жолын ашады. Ебін тауып генаралдармен астасады, тіпті қарсы соғысып жатқан жау ішінен де (немістерден) сыбайлас-дос табады. Сонымен ол соғыстан пайдаланып үлкен бір халқаралық түс алған компания ашып алады. Оның осы ұйымына қарсы соғысып жатқан немістердің өздері жарнагер болып кіреді. Саудасы күннен күнге күсет болған Мило, шырқап кеткенде бір жағынан Америка үкіметімен тоқтам жасап   Германия армиясының көпірлерін талқандау міндетін үстіне алса, енді бір жағынан Германия армиясымен тоқтамға отырып Америка ұшақтарын ұшырмау міндетін алады. Осы тоқтамдардан ол ырғын пайда табады. Бұған Америка үкіметі де, Германия жақта пысқырмайды. Керісінше оның еркін ұшып-қонуына  екі жақта бар мүмкіндіктер жаратады. Мило барған жердің бəрінде қызу қарсы алынып, зор қошаметке бөленеді.

Романның бас кейіпкері Пусерин — қатардағы ұшқыш. Ол басында ержүрек, отаншылдық сезімге бай, адал жауынгер бейнесінде ортаға шығады. Бірақ уақыт өте келе ол өз бастықтарының азғындаған, баспайдашыл, қатыгез, қара ниет екендігін, олардың өз атақ-абыройлары үшін қатардағы əскердің өмірімен санаспайтындығын, тіпті мемлекеттің мүддесін саудалайтын опасыздар екенін көзімен көреді. Өзінің осындай адамдар үшін жанын салып қызмет істеуі əсте ел үшін еңбек сіңіру емес, қайта ешқандай маңызы жоқ, есуастықпен құрбан беру екенін сезінеді. Содан бастап ол қорқақ, сужүрекке айналады. Əрі амалын тауып ұшу жұмысынан құтылуды көксейді. Айтылмыс «22 əскери ережеде» нерв ауруына шалдыққандардың елге қайтуына болады делінген. Сондықтан Пусерин өтірік жындану жолымен міндеттен босамақ болады. Бірақ «ереже» де тағы да «міндеттен басауды талап етуші сөзсіз өзі өтініш етуі керек» – дейтін тармақ бар. Ал жындының міндеттен босауға өзі өтініш бермейтіні белгілі ғой. Сонымен бұл тəсілде де Пусериннің мұрыны тасқа тиеді. Ол содан «əскери ережедегі» «32 рет ұшу жоспарын орындағандар елге қайтуына болады” деген жолдарға үміт артады, бірақ «əскери ережеде» тағы да жауынгер “ұшу міндетін аяқтаудың алдында сөзсіз бұйрыққа бойсынуы керек» делінген. Сондықтан Пусерин 32 рет ұшу міндетін орындаса да бастықтары оған жалғасты ұшуға бұйрық береді. Сонымен Пусерин 40 рет, 50 рет, тіпті 72 рет ұшу міндетін орындаса да елге қайту үмітін орындай алмайды. Ақыры «22 əскери ереже» дегеннің — біреулер шығарған алдамкөстік шырмау екенін түсінеді де, достарының көмегінде Швецарияға қашып кетеді.

Романда сөз болған шағын аралдағы белгілі əуе армия əтіреті ісжүзінде автордың санасындағы тұтас Америка қоғамының шоғырлы көрінісі деуге болады. Ондағы əр қилы кейіпкерлер де реал өмірдегі əр түрлі тивтегі адамдар шоғырының өкілі болып табылады. Онда Америка үкіметінің билеуші тобы ішіндегі атақ-абырой, ақша құмарлық, байлық пен мəртебеге жету жолында қара халықтың өліп-тірілгенімен есептеспейтін қатыгездік сынды жалпылық сипат алған дерт астарлы бейнеленген. Ал романдағы «22 əскери ереже» ісжүзінде билеуші топтың рақымсыздығы мен қатыгездігінің, адамдық қасиеттен айыратын бюррократтық жайлаған əкімшілік органдарының символы десек асыра айтқандық болмаса керек. Əсіресе, онда бейнеленген əділетсіз соғысқа деген қарсылық сыңайы мен адамдарды рақымсыз соғыстан бездіру идеясы, сол тұстағы Американың Вьетнамға əскер шығару əрекетіне наразылық жұрт жағынан кең қолдау тауып, қоғамда зор ықпал тудырған еді. Мұның дəлелі кітаптың баспадан шығысымен соғыстан мезі болған жас оқырмандардың құмарта оқитын кітабына айналуы болып табылады. Осыған сай «22 əскери ереже» деген сөз де ауыз екі тілде «рақымсыз да қатыгез бюррократтықты» жəне «құтылам десең де құтыла алмайтын шырмау» дегенді меңзейтін тəмсілге айналып кеткен.   

«Қара юмор» əдебиетінің тұтас Америкаға ықпал етіп, Батыстың постмодернизмдік əдебиетінің негізгі бір саласына айналуының басты себебі — оның шығармашлықтағы өзгеше көркемдік тəсіл жарата алғандығында. Оның бұл ерекшелігін мына бірнеше жақтан сөз етуімізге болады.

1.Əдеттен тыс юморлы болуы. «Қара юмор» романдарындағы юмор дəстүрлі əдебиеттегі юморден мүлде өзгеше. Жұрт Американы юмердің мекені дейді, Америкалықтар əзілқой, сықақшыл келеді. Марк Твен өзінің «суық жүзді» сықағымен адамға терең ой салса, Чаплин «көз жасқа толы күлдіргілері»  арқылы адамға терең ой салып көңіл тебірентетін.

Демек «Қара юмор» міне осы дəстүрден табиғи түрде нəр алған, бірақ оның жоғарыдағыларға ұқсамайтын қасиеті бар. Дəстүрлі əдебиеттегі «юмор» ішке бейімделіп жекенің өзіне қаратылатын. Бейнесі өте тұнжыраңқы еді. Марк Твен кейіпкерлер мен оқиғаны реал өмірден алып, нанымды суреттейтін. Оның юморінің объектісі де өмірде болуы мүмкін, болған адамдар мен істер, бірақ «қара юмор» əдебиеті кейіпкер мен оқиғаны ұнамды жақтан, қалыптасқан əдет бойынша суреттемейді. Керісінше, үмітсіз, қасіретті юмер арқылы ғылымтехника барынша жалпыласқан капиталистік қоғамдағы адамдық қасиеттің жойылуы сынды идеяны бейнелейді. Онда негізінен қисынсыз, өмірде болуы мүмкін емес оқиғаларды, кейіпкерлерді суреттейді. Сонымен бірге  «қара юмор» жазушылары ылғи күлімсіреген раймен рақымсыз тағдыр тəлкегіне түскен кездегі ашты құсаны суреттеп, өзін жұбату жолымен тұйыққа тірелген көңіл-күйді жəне өмірдің мағынасыздығын бейнелейді. Бұл жағынан ол дəстүрлі юмормен салыстырғанда өткір де рақымсыз болып, қараңғы да сүркей реалдықты  тіпті де жеріне жете соққылау ерекшелігіне ие. Мысалы, Ю.Хайлердің «22 əскери ереже» романында мынадай бір көрініс бар: жаралы əскердің білек қантамыры арқылы таза құмыра ішіндегі қан сұйықтығы оның денесіне тарап жатады. Ал оның құрсағындағы тесіктен сыртқа шығарылған разинке түтікше арқылы оның денесінен шыққан жарақсыз сұйықтық жердегі құмыраға құйылып жатады. Бір кезде жердегі құмыра толып, асулы тұрған құмыра босаған соң, екі құмыра дереу орын алмастырады, толған əлгі жарақсыз сұйықтық енді қайтадан əскердің денесіне құйылады. Автор мұнда екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі белгілі бір жаралы əскер жөніндегі суреттеу арқылы, фащисттік соғыс кезіндегі қарапайым əскердің аянышты халін, азап-дертін бейнелейді, адам санасындағы бейберекеттіктің салдарын, нəтижесін көрнектілендіреді. Ал жалпылық мəннен алғанда сол реткі соғыстың адам баласына əкелген жан төзгісіз қасіреті мен қайғысын қасіретті күлкі арқылы ашып тастайды. Сол себепті де оны Фониген «ажал алдындағы юмор» немесе «дара ағашы түбіндегі юмор» деп атаған.

2.Қаһармансыз кейіпкерлер. «Қара юмор» əдебиетіндегі кейіпкерлер, əсіресе, ондағы бас кейіпкерлер дəстүрлі əдебиеттегі ұнамды жақтан суреттелетін қаһарман кейіпкерлерге мүлде ұқсамайды. Олар кейде аңқау да сəби мінезді, ал кейде есерсоқ, даңғой, кейде тіпті сұрқия-арсыз болып келеді. Олар қиялғажайып ертегілеріндегі шексіз ақыл-парасат пен теңдессіз күш қайратқа ие кейіпкерлерге де, реализм əдебиетіндегі реал өмірден алынған тивтендірілген кейіпкерлерге де ұқсамайды. Олардың басты характерлік ерекшелігі — өмірдегі қасірет пен азапқа қарата селт етуді білмейтін, кейбірі сақтану қиын əрі рақымсыз құбылыс алдындағы күлкілі дəрменсіздік болып табылады.

«Қара юмор» кейіпкерлерінің қаһармандық қасиетсіз ерекшелігі жоғарыда аталған  «22 əскери  ереже» романында айқын көрініс табады. Айталық,  романдағы негізгі кейіпкердің бірі болған Мило сержанттан тез өсіп халықаралық сипаты бар біріккен компанияның қожайыны болып шыға келеді. Онымен қоймай оның Германия əскерлеріне жағдай жасап, бірде Америка əскерлерінің ұшақтарын күйретуін екі елдің үкіметі де жазғырмайды. Керісінше оған қошамет көрсетіп, шен береді. Міне бұл қаһармансыз кейіпкерлердің романдағы көрінісі. Ал бас кейіпкер Пусерин іскер де адал, ер жүрек жауынгерден су жүрек, қашқынға айналады. Ол ұшу міндетінен құтылу үшін жалған жынданады, əрі мақсаты орындалмаған соң шетелге қашып кетеді. Бұл жағынан ол дəстүрлі прозадағы сияқты автордың немесе оқырманның көңіліндегі ұнамды кейіпкер емес. Қайта белгілі бір əлеуметтік нысайдың немесе ауқымның символына жатады. Демек, бұл образ арқылы автор сол тұстағы басым көп санды Америка жастарының үкіметтің шетелге шығарып, шапқыншылық соғыс жүргізу əрекетіне деген наразылығы мен соғыстан безген үрейлі көңіл-күйін бейнелеген.

3.Шығарма құрлымының өзгешелігі. «Қара юмор» əдебиетінің құрлым жақтағы өзгеше ерекшелігі сюжет құрлысындағы жəне оқиға баяндаудағы дəстүрлі прозаға мүлде ұқсамайтын жаңа форма болып табылатындығында. Олар З.Фрейд ілімінің жəне Бергосонның кеңістік пен уақыт туралы назариясының ықпалын қабылдағандықтан, оқиға мен роман құрлымын біржақтылы етуде уақыт пен кеңістіктің шектемесіне ұшырамайды. Онда қоғамдық морал мен əдетке айналған салттан аттап, кейіпкердің шытырман рухани күйін қалағанынша еркін бейнелеуге жол қойылған. Айталық  «22 əскери ереже» романында бір адам өліп қайта тіріледі жəне қайта өледі. Оның əйелі біресе оның тірі екенін естиді, біресе өлгенінен хабардар болады. Дағдарған əйел бір жылап, бір күледі. Ал Фунигеннің «5 нөмірілі жаза алаңы» романындағы белгілі кейіпкер түнде ұйықтаған кезде қаусаған жесір кемпір болса, тəңертең орнынан тұрғанда, жаңа бас құраған жас келнішекке айналады. т. т.     

Қорытып айтқанда, көріністердің қайталануы немесе қабаттаса келуі жəне өткен мен қазір, сондай-ақ болашақтың өзара орын алмасуы, реал көріністер мен түс, елестердің араласып қым-қуыт бейне қалыптастыруы —  «Қара юмор» əдебиетінің басты көркемдік ерекшелігі саналады.    

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты