Ұшуды сезіну

75b999740f1144e22069e83356174e46.jpg (1155×800)

1

«Ой кешкен жол» Оуян Ю (Ouyang Yu) ақынның біршама ауқымды өлеңіне жатады. Оны көлеміне қарап поэма (long Poems) деп атауға толық негіз бар. Шығарма салалас емес, желілес өлеңдер топтамасынан тұрады. Бұл ақынның белгілі бір ойды төңіректегенін, соның ізіне түсіп, қуып, қуарлап бір барысты, сапарды бастан өткергенін аңғартады. Біздің оны рухани сапар деп атауымызға да болады.

Жандүниеге, ішкі әлемге қатысты ой қашанда «рух деген не?» деген сұрақты туындатады. Бұл өте қомақты сұрақ. Оның ең берісі екі беті бар. Ол метафизикалық және физикалық түс алады. Постмодернистік кезеңнің avantgarde ақыны үшін де бұл айналып өтуге болмайтын түйін. Көп сала, көп қырлылық бүгінгі таңның болмысы. Постмодерниіст ақындар көбінде аталған тақырыпқа бет келгенде тіл қолдануда салаластыққа бой ұрады. Салаластық түйсіктегі түйіннің көп қырын ашуға мүмкіндік береді. Ол рухани барыстан гөрі бір сәтте лап етіп жануға жақын. Charles Baudelaire-дің сөзімен айтқанда шын мәніндегі «мәңгілік пен бірсәттіліктің, жану мен өшудің бір мезгілде орын алуы». 

«Ой кешкен жол» постмодернист ақындардың шығармаларынан гөрі дәстүрлік ақындардың шығармасына жақын стилде жазылған. Бірақ, оны Samuel Coleridge немесе William Wordsworth өлеңдерінің стиліне де ұқсата алмаймыз. Оларда айқын дәуірлік парық бар. Бұл жердегі парықты біз мықтағанда William Butler Yeats-тің «The Pilgrim» өлеңі мен Seamus Heaney-дің «Station Island» өлеңі арасындағы алшақтықпен салыстыра аламыз. Басқаша айтқанда ақын мұнда өз рухани дүниесінде жүріп өткен бір ағынды сөз еткен. Оны және дәстүрлік ақындардай айқын талқыға салып, оқырманды сөзге тартып, өзін анық ортаға шығармаған. Оның орнына баран бір тұрғыны ұстанған. Солай болатын да жөні бар. Ойдың ұшы-қиыры жоқ қой. Оны оқырманмен ортақтасып, толық бөлісу деген мүмкін емес нәрсе.  Ортақтастың деген сөз, шектелдің, шекті ғана айттың деген сөз. Дін мен философияның өзіне тиесселі сөздік қоры бар. Тақырып ұқсас болған жағдайда да ақындар оған бағына бермейтіні белгілі. Бұл жерде нәтижеден гөрі басқан жолдың маңыздылығы көзге ұрып тұр. Өлең осы түйінге табан тіреген. Ол әр сападағы, түрлі пайым-түсініктегі оқырманға өзіне тән алуған сезім алауы мен ой шүңетін сыйлайуға тиіс.

Шығарма лирикалық кейіпкердің таудың етегінен басталған жолды бойлап соңында ұшар басына шығып тұрып, төменге көз салған сәтімен аяқтайды. Өлеңді тауға саяхатшының жазбасы, деп қабылдасаң да, қарсылық жоқ. Өлең бұл тұрғыдан оқырманын баурай алады. Тамаша лирикалық сұлулыққа тұнып тұр. Бірақ, бұл сөздің көрнеудегі мағынасы ғана. Түсінген адамға тасадағы ойдың маңызы зор. Батыс әдебиетінде де, шығыс әдебиетінде де тауға шығу, баспалдақпен қорғанға көтерілу, мұнараға өрмелеу, т.б. жалпы аспанға қарай бет алу, қадам басудың бәрі материалдық дүниеден рухани дүниеге басымдық беруді меңзейтіні белгілі. Жан тәннен кеткенде отқа айналады, деген де түсінік бар. От материадан биік тұратын болмыс. Материя жанып кеткенде ғана отқа айналады.  Рух өлмейді де, өшпейді. Ол асау өзен сияқты мәңгі алға қарап жөңкіле ағады, тынбайды. Отта ата-баба (бұрынғы ақындар деп түсінейік) рухы бар.  Оны тек көре білуің тиіс. Әрине шығармашылыққа дайын тұлға сол кеңестікте екеніне талас жоқ. Материядан жоғары деңгейге көтерілуің міндетті. Мәтіннің сиволдық белгісі осында жатыр. Ақын таңдап әдейі тауға шығуды сөздің тиегі еткен. Өлең тақырыбының төл мәтінінде «蓝山» (көкгілдір тау) деген сөз кездеседі. Мұнда астарлы ағын жатыр. Өзіңе, өзіңнің жандүниеңе үңіліп, өткен өміріңе қарап тұрсың. Табиғатпен үндестік. Табиғаттың айрылмас бөлегі. Рух бір тынбастан жөнкіліп, жалғасып жатыр. Мен бұл өлеңді ақынның өз рухани дүниесіндегі биікке көтерілуді, түлеуді, ұшуды сезінуі, бейнелеуі деп айтар едім. Оның енді бір атауы «The Pilgrim» ғой. Бұл ой поэманың соңғы шыумағында (IX) анық көзге түседі. Сол шумақты оқиық:

Тау жаңғырып жатыр

Төменде тулаған өзен гүрiлiнен

Тоқтамайды, тынбайды

Недеген жiгер мен ерiк, дешi

Беталған жағынан қайтпайтын.

Жол деген негiзi сол!   


2

Айтарға болмаса, осының бәрі адам жандүниесінде, тасада болып өтетін құбылыс. Дәстүрлік поэзияда ақын мәтінде рухани кеңістікке өтетін өткел қалдырады. Ақын мен оқырман сонда жүздесіп, тілдесіп, ортақтыққа келіп жатады (бұл ұйқасқа ден қоятын, әуенсіз өмір сүре алмайтын ән мәтінінде анық байқалады). Ал модернистік поэзияда басқаша. Мұнда сөздің дәмін, иісін, үнін сезінуің шарт. Ақын саған ештеңені шайнап, таусап, жұта салатын дайын ас етіп бермейді. Сөзді сезіне, түсіне алмасаң, оған мүмкіндігің болмаса, физикалық дүниеде қалып қойғансың деген сөз. Сөздің екінші мағынасына, метафизикалық күйіне жете алмасаң, модернистік поэзияны түсіне алмайсың. Модернистік поэзия форма жақта ықшам, шағын болып көрінгенімен ішкі әлемі, қамтитын аумағы тұрғысынан үлкен болады. Модернистік поэзия бірнеше мың жылдық әдебиет дәстүрін бойына шебер жинақтауымен, қордалаумен және соны өзінде шебер көрсета алуымен ерекшеленеді. Бұған XX ғасырда қалыптасқан психологияны қамтыған түрлі қоғамдық ғылымдардың әсері аз емес.  Сондықтан оқыған-тоқығаны көп, түйсігі қағылез оқырман болмаса, модернистік поэзияның салтанатты сарайының есігінен сығалау да оңай шаруа емес. Charles Baudelaire: «Табиғаттан тұрған сарай жаңғырып, бағаналар сөйлеп тұр...» дегенде, міне осы түйінді меңзеген.

Ardakh Nurgaz.

 

Оуян Ю. Ой кешкен жол

 I

Күннің нұры арқамда ойнақтайды

Көлеңкем

Жетектеп келеді

Көшеде көлік те, адам да жоқ

Өмір жортуыл сияқты

Katoomba-ның күзі бұл

Алыстағы орман бұлыңғыр тартады


Әлдеқайда өзі жоқ

Көліктің дауысы естіледі


Үп еткен желсіз дала

Шөп басы өз-өзінен дір ете қалады

Биік өсіп қурап қалған ағаштар

Электр бағаналарын еске салады

Шайдай ашық көкаспанның шегі де, шеті де жоқ

Тоқылдауықтың тұмсығы әр рет ағаш діңіне ұрылған сайын

 Айналаның мамыржай тыныштығы бір рет сілкініп алады

Күннің шуағы көз шанағыңды қариды

Тоғай арасында ұшып-қонып жүрген құс баласы

Немен қарбалас екен?

Дауысынан өзгеше сарын естіледі

Құс ұшқанда ағаш бұтақтары ілесе сілкініп алады

Currawong ағылшын тілінде сөйлеп жатқандай

Мен ғой түсініп тұрғаным жоқ

Күн шуағында ештеңені ойлауға зауқым жоқ


II

Шолақ балақ шалбар киген

Жирен шаш бір қыз

Жолды кесіп өтті

Сандалын сүйретіп

Дәл өзі сияқты алабажақ киген бір еркекті қолтықтап

Ауыр, өте ауыр бір әуенде сөйлеп барады

Өң-түсін айыра алмай қалдым

Арғы жағаға өткенде әлгі қыз бергі жағаға бір қарап қойды


III

Алдымда жатқан жолдың

Қайда апаратынын білмеймін

Өйткені қолымда карта жоқ

Мен картаны ұмытқалы қай заман

Жол үзілсе, аржағы жарқабақ болғаны

Онда «The Watch Tower» деп жазылыпты

Ұшар құзда тұрғанда, өзім керемет сезіндім

Тұп-тура орманның үстінен қалқып өтіп

Бір қиырға қанат қаға жөнелгендеймін

Тау да, тас та, тоғай да, жарық та, көлеңке де

Бәрі-бәрі алақандағыдай болып төменде жатыр

Ашық реңді тамаша сурет сияқты

Шыңырау төменде, бұлақ басында екі адамның қарасы шалынады

Алып қой тас тапбір буы бұрқыраған таба нан сияқты

Қасындағы айдын көл күннің нұрында айнадай жарқырайды


IV

Мүлгіген табиғат оянған іспетті

Құс ұшып

Бір жұп мен атай алмайтын құс төменде

Көз алдымды сызып өтті

Екі тоғайдың арасында тартылған бір желі бардай

Құс қонғанда бәрі әуелгі ың-дыңсыз күйіне енді

 

Құс дегенді бар ғой

Бостандық, деп атаған әлдеқайда дұрыс


 V

Басы мен

Төсі қызыл

Қыр арқасы жасыл

Құйрығы қара құсты

Не, деп атаушы еді

Солардың төртеуі

Анадайдағы ағаш бұтағында отыр

Тынымсыз шықылықтап

Тынымсыз жидек шұқып әлек

Маған сәп салғандай қарап қояды

Дәл мен қарағандай

Жақын барғаннан алаңдап тұрмын

Үркітіп аламын ба, деп

Тапбір тіл ұшына келген өлеңді

Жаза алмай қаламын ба, деп алаңдаған сәтімдей


VI

Шапқыласа бұлақ әндетіп

Құс жырға басады құйқылжып

«Currawong» өз жолымен кетіп барады

Шуылды соңынан ертіп

 Міне осылай табиғат тілдесіп жатыр

Тас бұлақ құсқа шабыт сыйлап

Құс әнімен шалқығандай

Ағаш жапырағы үнсіз мүлгиді

Менімен өлең

Бір тұлғаға айналып кеткендей


VII

Тұнық, тұнықтығынан малтасы ағарып жатқан

Өзен, өзенді бойлай өскен ағаштар сыңсиды

Сыңсығаны сұлудың сыбыры сияқты

Су биіктен төмен құласа

Төменде төсін керіп жатыр жалпақ жақпар тас

Бір-біріне еркелеген ынтық жандар сияқты


VIII

Тау бұлағы ғой

Тау бұлағы

Сол таза табиғатта

Өкінішті, әрине

Ағараңдап бір пәкет жатыр


Енді не деуге болады


IX

Тау жаңғырып жатыр

Төменге құлаған өзен гүрілінен

Тоқтамайды, тынбайды

Недеген жігер мен ерік, деші

Беталған жағынан қайтпайтын.

Жол деген негізі сол!

 

 Қытай тілінен аударған Ардақ Нұрғазы 

Оуян Ю. «Мельбурн,жалғыз ағаш» жыр жинағы. Алматы, «Arna-b» баспасы. 2021ж.

Ouyang Yu. Lake of Perfumed Soap

https://www.thebilge.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=33&id=3625

Оуян Ю-дың поэзиясы

https://www.thebilge.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=3&id=4064

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты