У.Фолкнер (William Faulkner): Эмиллді еске түсіретін бір шоқ раушан гүл
(АҚШ жазушысы, 1949 жылғы Нобель әдебиет сыйлығының иегері)
«Эмиллді еске түсіретін бір шоқ раушан гүл» У.Фолкнердің ең үздік әңгімесі. 1930 жылдың 30 сәуір күні АҚШ – тың «Әдебиет мінбесі» журналында жарық көрген. Бұл жазушының мемлекеттік деңгейдегі басылымда жарияланған тұңғыш әңгімесі еді. Осы әңгімеден кейін, У.Фолкнер «Жексенбілік пошта газеті» бастаған басылымдарға 42 әңгіме ұсынған. Кейінгі үш жылда оның 30 -ы жарық көрген. Әңгімеде әйел образы жасалған. Эмилл турасында қазірге дейін түрлі - түсті айтыстар толастамай келеді. Біреулер оны Американың оңтүстігіндегі құлдық түзімді сақтауға тырысқан жүйенің жинақталған бейнесі десе, енді біреулер керісінше, оңтүстіктегі сол кері кеткен жүйенің құрбаны деп қарайды. Автор әңгімеге «Эмиллді еске түсіретін бір шоқ раушан гүл» деп тақырып қойған. У.Фолкнердің:«Адам — өзінің немесе қасындағылардың, орта мен өз болмысының құрбаны» дегені бар. «Айғай мен кек» романындағы Кәид, «Мүрдені қорғаушылар» романындағы Аиди, одан қалса жоғарыдағы Эмилл міне осындай құрбандар. Аңыздағы «әйелді құдай ер адамның қабырғасынан жаратқан» деген сөзге назар аударсақ, У.Фолкнердің жоғарыдағы сөзі өзгеше мағына алары даусыз. Әңгіменің жазылу ерекшелігінің өзі бір төбе. Бес бөлекке бөлініп жазылған әңгімеде уақыт пен кеңістік «Фолкнерше» сәйкестік тапқан. Әңгіме Эмиллдің өлуімен басталып, оның жерленуімен аяқталады. Өте қысқа уақыт. Автор осы аралықта бір адамның, бір дәуірдің тұтас бейнесі мен өзгерісін жазған. Оны шұбыртып уақиға баяндау жолымен емес, қайта, уақиғаны деталдарға — қиықтарға бөліп, сол қиықтарды тордай тоқи отырып «аздан көп мағына шығарып», әңгімені өзгеше көркемдік өреге көтерген. 1970 жылға дейін, «Эмиллді еске түсіретін бір шоқ раушан гүл» отаны АҚШ - та 25 рет қайталап басылым көріпті.
Эмилл Герисон бикеш қайтыс болды да, оны бүкіл ауыл тайлы таяғына дейін шығып, арулап аттандырып салды. Қалай да, бір арыс құлап түскендіктен еркектер жағы құрмет сезіммен тəу етсе, əйелдер жағы таңырқаған таңсықтықпен үйдің ішін көруге өмешектері үзілді. Бұл үйге кем дегенде он жылдың ішінде анау бір бағбан əрі аспаз болып істейтін кəрі малайдан басқа ешбір пенде бас сұқпаған болатын–ды.
Бұл өзі сонау жылдардағы ең бір айтулы көшенің бойына жайғасқан, ақ сырлы, төрт бұрышты үлкен дөңбек үй болатын. Оның үстіне, 19 ғасырдың 70 жылдарындағы талғам бойынша төбесін күмбездеп, сүмбедей мұнара жəне иірім тақылетті бедер салынған самалдықпен айшықталғандықтан, аса бір сергек леп аңғартып тұратын. Десе де, бұл өңірдің салауатты есімдеріне гараж жəне мақта ату машиналары сияқты көр–мəзіреттер дақ келтіріп, сиқын бұзып жіберіп еді. Ал, төрт төңірегін мақта машинасы жəне бензин түтіктері қоршап, тек Эмилл бикештің үйі ғана жападан - жалғыз сопиып қалды. Үй можа болып тозып, сыйқынан айырылып, сүркейлі түске енсе де, бөрі арығын білдірмей, салауаттымсып тұра берді. Ал, Эмилл бикеш қазір де шырша мен бүркелген қабырлықта шырт ұйқыда жатқан аты ардақты ардагерлердің қатарына барып қосылып кетті. Ол арада оңтүстік–солтүстік соғысы дəуіріндегі Жеуенсон шайқасында жауласқан екі жақтың шейт болған атсыз сарбаздарының қаз - қатар тізілген молалары болушы еді.
Пəниде жер басып жүрген шағында Эмилл бикеш ғұмыр бақи дəстүрдің пірі, киелі борыштардың жоқтаушысы, əрі жұрттың көз тігер қарауылының бірі болып өткен еді. 1894 жылдың мəлім бір күні ауылбасы Садорис полковник: негр əйелдер алдына шалғыш тартпай көшеге шықпасын деп пəрмен түсіріп, Эмиллдің өтеуге тиісті барша бажы сомасына кешірім жасаған еді. Мұның мерзімді уақыты — əкесі о дүниеге аттанған күннен оның өзі өлгенге дейінгі уақыт делінген. Бұл — бүкіл ауылда салтқа айналып Эмиллге өтейтін бір түрлі борыш болып қалып еді. Мұны əсілі Садорис полковник құрыққа сырық жалғап: бұрын Эмиллдің əкесі ауылдық үкіметке қаржы қосқан еді, мұны ауылдық үкімет айырбас ретінде қарап, осындай жолмен қарымжы қайтармаққа келісім берген болатын деп соқтыртқан еді. Мұндай сөзді Садористың замандастары жəне Садорис сияқты зейіні бар адамдар ғана ойлап таба алады. Ал, оған тек қатын – қалаш қана сенеді.
Ауыл бастығы мен кеңес мүшелерінің орнына анағұрлым ашық ойлы екінші буын адамдары отырған кезде, əлгі орналастыру болмашы ғана наразылық тудырған еді. Сол жылы қаңтарда олар Эмиллге бажы тапсыру туралы бір парша құлақтандырма жолдайды. Ақпанға дейін ешбір хабар-ошар болмағаннан кейін, олар тағы бір қатынас жіберіп, оған сəті келгенде заң басқармасы бастығының кеңсесіне соға кетуді талап етеді. Бір жұмадан кейін Эмиллге ауыл бастығының өзі хат жазып үйіңе барсам, болмаса өзіңді машина жіберіп алдыртсам деген тілегін білдіреді. Ал, оның қайтарған жауап хаты ескі хат қағазына маржандай етіп, ұсақ жазумен жазған, бірақ, сиясы өшкіндеп кеткен бір жапырақ қағаз ғана болып шығады. Хаттың ұзын ырғасында ол ешқайда аттап шықпайтындығын айтыпты. Бажы құлақтандырмасын қоса қайтарыпты, ол туралы жақ ашпапты.
Кеңес мүшелері осыған бола кезектен тыс мəжіліс ашып, оған бір өкілдер үйірмесін аттандырады. Олар сегіз жыл ма, жоқ он жылдың алдында ма, əйтеуір, Эмилл ханым фарфор ыдыстарға өрнек салу сабағын тоқтатқаннан бері, бейсауат пенде аттап баспаған қақпаны барып қағады. Баршындап қалған əлгі негр малай олардың қарсы алдынан шығып, ала көлеңке дəлізге алып кіреді де, одан бетер бұлыңғыр тартқан баспалдаққа қарай бастайды. Не заманнан бері жан баспаған бұл үйдің сызды, дымық ауасы мен шаң тозаңның иісі қолқаны атады екен, негр оларды дөрекі жасалған отбасы мүліктерінің барлығы жарғақпен тысталған қонақ үйге бастап барады да, тор көзді терезенің бірін ашып жібергенде, жарғақ тыстықтардың тозғындап жыртылғаны айпарадай анық көріне кетеді. Олар отыра қалысқанда жамбастарының астынан бұрқ етіп көтерілген майда тозаң найзаланып түскен күн сəүлесінде баяу ғана ұйытқып тұрады. Қабырға пештің алдында сарғыш түсті, өрнегі оңып кеткен рамкада Эмиллдің əкесінің қара бояулы суреті ілулі тұр екен.
Эмилл үйге кіріп келгенде барлығы орындарынан дүркірей түрегеледі. Дембелше келген, тығыршықтай семіз əйел тал бойына тұтастай қарадан киім киіпті. Қойын сағаттың қылдырықтай алтын бауы белге таман көлбей келіп мықынға қарай сүңгіп кетіпті. Қара ағаштан жасалған аса таяқ оның денесіне сүйеу болып тұр. Асаның сабына жалатқан алтынның жарқырауық реңі əлдеқашан оңып кеткен екен. Бəлкім, бойының шарғылығы шығар, басқа əйелдердің тұрпатынан етті -жеңділік болып қана байқалатын семіздік мынаны жардай етіп көрсетеді. Өзі қарасуда ұзақ жатып қалған мəйіт тақылетті баржиып, бозарып кетіпті. Қонақтар келген бұйымтайын айтқан кезде, оның былшиған білеу бетіне шөгіп кеткен, бір кесек қамырға жабысқан екі түйір көмір қиыршығындай көздері біресе ананың бетіне, біресе мынаның өңіне сұқтанып, тынымсыз ойнақтап тұрды.
Эмилл оларды отыруға мархабат етпейді. Сөз алған өкіл кібіртіктеп, кекештеп сөзін бітіргенше ол босағада лəм деместен тыңдап тұрады. Алтын баудың біржақ басында көрінбей жатқан қойын сағаттың тықылдаған дыбысын олар осы кезде ғана естиді.
Оның сөз лəмі ызғарлы болады:
—Жеуенсонда менің тапсырар бажы салығым жоқ екендігін маған Садорис полковник əлдеқашан айтқан. Болмаса біреуің ауыл үкіметінің архивін ақтарып көрсеңдер істің анығына көз жеткізген болар едіңдер.
—Біз архивті ақтарып көрдік, Эмилл бикеш, біз сол үкімет адамдары боламыз. Əлде сіз заң басқармасының бастығы өзі қол қойған құлақтандыруды тапсырып алған жоқ па едіңіз?
—Əлбетте, бір құлақтандыру тапсырып алғам, — деді Эмилл бикеш, — бəлкім, ол өзін заң басқармасының бастығы қойып алған шығар... Бірақ, менің Жеуенсонға тапсырар салығым жоқ.
—Алайда, бажы салығы дəптерінде ондай түсіндірменің жоқ екенін аңғарып тұрған шығарсыз, біз соған негізделіп...
—Садорис полковникті іздеңдер, менің Жеуенсонға тапсырар бажы салығым жоқ. —Алайда, Эмилл бикеш...
— Садорис полковникке барыңдар, (Садорис полковник қайтыс болғалы он жылға таяп қалған болатын) Жеуенсонға өтер бажы салығым жоқ, Тоби! — негр лып етіп жетіп келеді. —Мына мырзаларды шығып кетуге мархабат ет.
II
Бейне отыз жылдың алдында бір түрлі іс жайындағы таласта олардың əкелерін жеңіп шыққаны сияқты Эмилл бикеш оларды бұл жолы да “Үйірімен” жер соқтырып кетті. Бұл бикештің əкесі өлген соң екі жылдан кейін, біздің жорамалымызша онымен қалай да үйленеді ғой деп жүрген əлгі бір сүйіктісі оны тастап кеткен соң көп өтпей болған оқиға еді. Əкесі о дүниеге аттанғаннан кейін, оның сыртқа шығуы сиреп кетті. Көңілдесі тайып тұрғаннан кейін жұрт оның жүзін мүлде көрмейтін болды. Бірен-саран əйелдер тауекелмен тас жұтып, оған кіріп шықпақшы болып еді, бірақ, есігінен бас сұға алмай қайтты. Оның мекен-жайының төңірегінде тіршіліктің бірден-бір тынысындай болып əлгі бір негр ғана себет көтеріп кіріп-шығып жүретін болды. Ол жылдары негр жап-жас жігіт болатын.
Əйелдердің бəрі де: “мейлі қандай еркек болсын, айтеуір, еркек кіндік болса болғаны, асүйді таптұйнақтай етіп жиыстырып қоятын сияқты ғой” десіп жүрді. Сондықтан, əлгі бір түрлі иіс барған сайын күшейген кезде де, олар ғажаптана қойған жоқ. Бұл иіс он сегіз мың ғалам мен қаракөктің тұқымы Герисон аулетінің ортасындағы тағы бір байланыс болатын.
Көршілес бір əйел жасы сексенге келген əділқазы ауыл бастығы Стифенске келіп шағым айтты:
—Бірақ та, жаным, сен маған бұл іс туралы қандай шара қолдан демексің? — деді ол.
—Е, оған ана иісті жоғалт деп ұқтыру керек,— деді əлгі əйел,— заңда тайға таңба басқандай жазулы тұр емес пе?
—Менше, мұның қажеті жоқ,— деді əділқазы Стифенс,— Мүмкін, оның қолындағы əлгі қара албасты ауланың ішіне жылан немесе əлдебір тышқан өлтіріп тастаған шығар. Мен оған мұны айтып қоярмын.
Келесі күні ол тағы екі арызшыны қабылдады. Келген бір ер адам сыпайы сарынмен ғана пікірін білдірді.
—Əділқазы, біз бұл іс туралы қузау салмасымызға болмай қалды, мен Эмилл бикештің мазасын алмауды сонша тілейтін адаммын, бірақ, біз қалай да бір шарасын табуымыз керек.
Сол күні кеште жалпы кеңес мүшелері: үш ақсақал жəне жастау бір жаңа буын кеңес мүшесі бірге жиын ашты.
—Бұл өте оңай шаруа,— деді жас жігіт,— Оған үйіңді сыпырып тазала, шекті мерзім ішінде бітіретін бол деп ұқтыру керек. Əйтпесе...
—Мырза, бұл қайтып болады, — деді Стифенс,— сен бір ақсүйек əйелге бетпе-бет барып, сенде қолқаны ататын иіс бар екен деп айта аласың ба? Сонымен келесі күні түн ортасынан кейін төрт адам Эмилл бикештің қорасының гүлзарын ендей өтіп, үйді түн ұрысындай бұқпантайлай айланып, бұрыштарды жағалата жəне ұраның боздықтарын өзелене иіскеп жүрді. Бұлардың біреуі иығына асып алған дорбасынан əлде бірдемені алып, тұқым шашқан құсап толассыз əрекет жасап отырды. Олар ұраның есігін ашып, ол жерге жəне басқада барлық сыртқы бөлмелерге əк шашып тастады. Қайта қайтып тағы да гүлзардан өте берген кезде, бұрын қараңғы тұрған бір бөлменің шамы жарық етіп қалды. Эмилл бикеш сонда отыр екен. Қаздиған тұлғасы қыбыр етпестен бейне бір мүсін сияқты қатып қалыпты. Арт жағынан шам жанып тұр. Олар аяғының ұштарынан ғана басып, гүлзардан өтті де, көшенің екі қапталындағы қарағанның қалқасына сүңгіп кетті.
Бір-екі аптадан кейін иіс те үшті-күйді жоғалды. Ал, осы кезден бастап қана адамдар ол үшін шынымен қабырғалары қайыса бастады. Ауыл адамдары Эмилл бикештің əпекесі Вит ханымның ақыр-аяғы бүкілдей есалаң болып кеткендігін естеріне ала келіп Герисон аулетінің кеудемсоқ, өз тұрғыларын бағамдай алмайтындығына көздерін жеткізді. Эмилл бикеш жəне сол тектес əйелдер нендей бір жас жігіттердің барлығын көздеріне де ілген емес. Талай уақыттан бері біз бұл аулеттің адамдарын бір суреттегі кейіпкерлерге балап жүрдік: денесі талшыбықтай ақ киімді Эмилл бикеш арт жағында түрегеліп тұр да, əкесінің аяғын айқастырып қырынан түскен бейнесі ту сыртын Эмиллге беріп, қолына қамшы ұстап оның алдында тұр. Қайырылып ашылған алдыңғы есік екеуінің көлеңкесін дəл ғана баса қалыпты. Сондықтан, жасы отызға таяп, күйеуге тимей жүрген кезінде бізде, шынымен, қуанышты сезім болған жоқ, тек бұрынғы көзқарасымыздың дəлелденгенін ғана сезіндік. Оның тұқымында желікпе қан бар деген күннің өзінде де, егер барша орай алдынан, шынымен бой көрсетер болса, ол оны қолынан шығара қоймас еді. Əкесі өлгеннен кейін оған қалған барлық қазына сол əлгі қора-жай екен деген пыш-пышқа жұрт ептеп қуанып та қалысты. Айналып келіп олар Эмиллге мүсіркеушілік білдіретін болды. Бойдақтық, жалғыздық, жарлылық, панасыздық оған адамшылықты үйретті. Ол артық бір жармаққа жүрегі жарыла қуанатын, жоғалған бір жармаққа жаны күйзелетін пенде атаулыға тəн сезімнің дəмін енді түсінеді десті. Əкесі өлген күннің ертеңінде біздегі жол-жосын бойынша қатын-қалаштар жиылып, оның үйіне бата оқуға кіріп, қазаға қайғыратындықтарын жəне қайыр- медет қылуға əзір екендіктерін білдірмекші болды. Эмилл бикеш оларды есіктің көзінен қарсы алды. Үстіндегісі жайшылықтағы киім, өңінде ешбір қайғы-қасіреттің ізі де байқалмайды. Ол əйелдерге əкем өлген жоқ дейді. Шіркеудің Побы барса да, мəйітті жұрт жайғастырсын деген уəжге көндіру үшін дəрігер барса да, үш күндей ол сол бетінен қайтпай қойды, оны олар заң, зорлық арқылы жықты. Əкесін лезде жерлеп жіберді.
Ол тұста біз оны жынданған екен деп айта қойғамыз жоқ–тын. Оның бұл қылығын өзін ұстай алмағандықтан болды деп ұқтық. Əкесінің бозбала атаулыны бездіріп жібергені де есімізде болатын, қазір оның құралақан отырғанын да білдік. Тек жұрттың қашанғы əдетіне басып, оның барлық дүниесін тартып əкеткен əлгі бір адамға тастай қатып жабыстық та қалдық.
III
Эмилл сартөсектеп ұзақ ауырды. Содан қайта төбе көрсеткен кезде, ол бойжеткен қыз сияқты шашын қысқартып қиып тастапты. Сəл мұңлы, жабырқаңқылығы болмаса, шіркеудің нақышты терезесіндегі перизаттың суретінен онша парқы жоқ дерлік болыпты да қалыпты.
Көшеде жаңа жол жасауға акімшіліктегі атқамінерлер келісім–шарт жасасып, Эмиллдің əкесі қайтыс болған жылы жазда іске кіріскен еді. Құрылыс серіктігі бір топ негрін, есектері мен машиналарын алып, келіп те қалды. Жұмыс басы Хем Боллон деген еңгезердей, қараторы, пысық, алымды, үні зор, көздері өңінен гөрі қылаңдау келген солтүстіктің сүмелегі еді. Қора –қора бала артынан еріп алып, оның негрлерді төбе құйқаны шымырлата боқтағанын, ал, негрлердің қайланың сілтенімі бойынша ырғаққа түсіріп айтатын еңбек жырын тыңдайтын. Көп өтпей–ақ, бүкіл ауылдың адамдары оның атын танып алды. Қай мезгіл болмасын алаңның əлде бір жерінен қарқылдаған күлкі дауысын естісеңіз болды, Хем Боллон шаршы топтың ортасында тұр дей беріңіз. Көп өтпей біз жексенбі сайын түстен кейін оның Эмилл бикешпен бірге жеңіл пауескемен сейілге шығатынын көретін болдық. Сары доңғалақты пауескеге қорадан арындап шыға келетін жирен аттың өзі де құп жараса кетуші еді.
Алғашында біз Эмилл бикештің азда болса алданышына қуанып жүрдік. Өйткені, əйелдер жағы: “Герисон аулеті қайдағы бір солтүстіктің сүмелегін, күндік жалақы алып, жан бағатын адамды бойына тоғытуы мүмкін емес” десетін. Сөйтсе де, кейбіреулер — кейбір кексе адамдар “қайғы нағыз дегдар əйелге ақсүйектік құлқын, мейлі ауыз жүзінде оны ақсүйектік құлқын деп атамаған күнде де, ұмыттырып жібере алмайды” десті. Олар “сорлы Эмиллдің туыстары қасында болуы керек” деп айта беретін еді. Абаламада оның туыстары бар болатын, бірақ, талай жылдың алдында əкесі нақұрыс Уаит кемпірдің мирасқорлық құқығына бола олармен дүлдараз болып, содан екі отбасы ат кекілін кесіскен болатын. Ауелі, олардың жаназаға біреуі де келіп қатынасқан жоқ-ты.
Қарттар “Эмилл байқұс-ай” десе–ақ болғаны сыбыр –күбір басталып жүре беретін. Олар біріне-бірі: “сен құдай ақы солай деп ойлайсың ба?”, “солай емей, не болушы еді? . . .” деп жататын. Бұл сөзді олар ауыздарын қалқалап, сыбырлап қана айтатын-ды. Аяңшыл аттың тықылдаған тұяқ дыбысы өтіп кеткен кезде, жексенбі күнгі түстен кейінгі шағырмақ күнді қалқалайтын тор көзді терезе жабығынан кейде: “Эмилл байқұс-ай” деген торғын-торқаның сусылдаған дыбысы естіліп тұратын-ды.
Ол паң басып, басын кекжите ұстады. Айта берсең, оның азғындауына көзіміз əбден жеткен кезде де дəл осылай болды. Тап бір ол өзінің Греисон аулетінің соңғы ұрпағы ретіндегі абыройын жұрттың мойындауына бұрынғыдан арман ділгер болып тұрғандай-ақ, тап бір оның абыройы жол-жосынмен жанаса келіп, ешбір ықпалға ұшырамайтын харектрін қайта тұрақтандыруды қажет ететіндей-ақ болды. Мысалға оның əлгі бір рет тышқан дəрісін — кепіреш сатып алған жайін тілге алайық. Бұл оны жұрт “Эмилл байқұс–ай” деп айта бастағанына бір жылдан астам болған, оның екі бірдей немере əпеке-сіңлісі келіп жатқан кезі еді.
—Біраз улы дəрі алмақшымын,— деді ол дəрішіге. Сол тұста ол отыздан асып қалған кезі болатын. Сонда да əлі талшыбықтай бұралған қыз еді. Тек бұрынғыдан гөрі ашаңдап əрі қарақат көздерінен зілділік, паңдық байқалып тұрушы еді. Бетінің еттері екі самайы мен көз ұясының төңірегін тырыстыра түскен-ді. Мына бет əлпеті, сенің қиялыңда шырақты мұнара қарауылшысына бітуге тиісті еді.
—Біраз улы дəрі алмақшымын,— деді ол.
—Ұғып тұрмын, Эмилл бикеш, қайсы түрін алмақшысың?
Тышқан улататын түрі ме? Онда мен...
—Мен дүкендеріңдегі ең күшті улы дəріні аламын, түрі не болса, о болсын. Дəріші бірдемде бірсыпыра түрлерін айтып шықты.
—Бұлар нені болса да, тіпті, піл болса да сеспей қатырады. Бірақ, сенің алмақшың?... —Кепіреш,— деді Эмилл бикеш, — Кепіреш күшті ме?
—Солай... Кепіреш? Ұқтым, бикеш, əйтсе де алмағың...
—Кепіреш алмақшымын.
Дəріші сыдырта бір көз салып өтті. Бойын қаздита ұстаған, бет əлпеті керген жалаудай тыртысқан Эмилл бикеш те оған тігіле бір қарады.
—Е, е, бар ғой,— деді дəріші, — Алмағың бұл түрдегі улы дəрі екен ғой. Бірақ, заңда оны неменеге істететіндігіңді түсіндіру керек деп белгіленген ғой.
Эмилл бикеш лəм деместен оған қадала қарады. Көздері оның көздеріне тура түсу үшін басын артына қарата кекжеңдетіп қойып, дəріші жанарын тайдырып, кепірешті орап əкелуге қарай тайып тұрғанға дейін тігіліп тұрды. Оған əлгі дəріні негр қолғанаты əкеліп берді, дəріші содан қайтып төбе көрсеткен жоқ. Эмилл үйіне келіп дəрінің орауышын ашқан кезде, қораптағы қу сүйекті белгінің астынғы жағында “тышқан улайтын дəрі” деген түсіндірме тұрды.
IV
Сонымен, келесі күні жұрттың бəрі: “Ол өзін-өзі өлтірмекші екен ғой” десті. Біз де “бұл айта қалсын іс болар еді” дедік. Біз Эмилл мен Хем Боллонның алғаш рет жұптаса қалғанын көргенімізде “ол оған тиетін болды ғой” десіп едік. Кейіннен тағы да “Эмилл ауелі оны көндіріп алсын” десетін болдық. Өйткені, Хем өз аузымен “мен еркектермен араласқанды ұнатамын” дегені бар еді. Оның “Теңбіл бұғы” клубында бозбалалармен бірге арақ ішетінін де жұрт жақсы білуші еді. Үйленуге құлқы соқпайтын адам екенін өзі де айтып жүретін. Кейіннен олар жексенбі сайын түстен кейін əдемі пауескемен құйындататынды шығарды. Эмилл бикеш басын кекжите ұстайтын, Хем телпегін қисайта киіп, аузына сигарын қисайта тістеп алып, сары қолғапты қолдарымен божы мен бишікті ұстап отыратын-ды. Біз болсақ тор көзді терезенің қалқасында тұрып “Эмилл байқұс-ай” дегенді айтпай қала алмайтынбыз.
Соңынан бағзы бір əйелдер “бұл бүкіл ауылдың бетіне шіркеу əрі бозбалаларға көрсетілген өнегесіздік” десе бастады. Еркектер бұған араласқысы келе қоймады. Бірақ, əйелдер жағы қояр да қоймай жүріп, шіркеудің Побын (Эмилл бикештің үйелмені шіркеудің жамағты болатын) онымен сөйлесуге елшілікке жіберді. Сұхбаттың барысы жайында Поп ештеме айтқан жоқ, бірақ, екінші рет баруға қайтып көнбей қойды. Келесі жексенбіде олар тағы да пауескемен көшеге шықты, сонымен, ертеңінде Поптың қатыны хат жазып, Эмиллге Алабамадағы туыстарына барып тұруды ұқтырды.
Əсілі, оның үйінде тағы да жақын туыстары бар екен, сонымен, біз əліптың артын бағып отыра бердік. Алғашында ешбір сыбыс білінбеді. Артынан олар той жасағалы жатыр екен деген анық хабар алдық, бұл ғана емес, біз Эмилл бикеш зейнеттік бұйымдар дүкеніне барып, күмістен жасалған, əрқайсысының бетіне “Х.Б” деген жазу ойылған, ерлердің бір жұп жуыну бұйымдарына тапсырыс беріпті дегенді де құлағымыз шалып қалды. Екі күн өткеннен кейін ел тағы да ол ерлердің ұйқылық киімдерді қамтитын бір жұп киімін сатып алыпты дегенді айтып келді. Сондықтан біз “олар некеленіп алған болды” дестік. Біз, шынында да, қуанып қалдық. Біздің қуанатынымыз немерелес екі əпекесіңлісіне қарағанда, Эмилл бикеште Герисон аулетінің салауаты анағұрлым басым болушы еді. Сондықтан да болса керек, көшеге төсеніш жатқызу құрлысы аяқтап, Хем Боллон бұл қалашықтан аттанып кеткенде біз ешқандай қайран қалғамыз жоқ. Қайта думанды аттандыру салты өткізілмегендіктен көңіліміз жабырқау тартып та қалды. Алайда, оның бұл аттанысы Эмилл бикешке дайындалу орайын беру немесе оған əлгі екі немерелес əпеке-сіңлісін жолға салуға қолайлылық туғызу үшін болып жатқанына иманымыз каміл еді. (Бұл кезде бір құпия ұйым қалыптасып та қалған еді. Біз барлығымыз Эмилл бойжеткен жағына шығып, осы əпеке-сіңлісін қуып шығуына қолғабыс еттік) Олар біттей де əрі-берісі жоқ, бір жұмадан кейін жолға түсті, оның үстіне, дəл біздің күткеніміздей-ақ Хем Боллон ауылға қайтадан қайтып келді. Көршілерінің біреуі бір күні екінті мен ақшамның аралығында əлгі негрдің оны асүйдің есігін ашып, кіргізіп əкеткенін өз көзімен көріпті.
Міне, бұл Хем Боллонды ақтық рет көруіміз болатын. Ал, Эмилл бикешті бір мезгіл көре алмай қалдық, негр зат салатын себетін көтеріп, кіріп - шығып жүрді. Бірақ, алдыңғы қақпа үнемі берік тұратын болды. Бейне əлгі бір əк шашқан түні адамдардың көріп қалғанындай, анда - санда оның сұлбасы ғана терезенің көзінен көлбең ете қалатын-ды. Бірақ, алты ай бойы ол қан көшеге шықпай қойды. Бұған да таң қалуға болмайтындығы, əкесінің мінезі əйел ретіндегі оның ғұмырына тəбиғи түрде бұралаңдықтар туғыза беретіндігі түсінікті еді. Ал бұл мінез соншалық кəрлі, соншалық долы, əрі арылмастай қырыс көрінуші еді.
Біз Эмилл бикешті қайта көрген кезде, ол семіріп, шашы да бурыл тартып кеткен екен. Кейінгі бірқанша жылда шашы барған сайын күлгіндеп, тұз түйген келсап бастанып, ақсұрланып барып тоқтап қалды. Жетпіс төрт жасқа келіп, о дүниеге аттанғанға дейін, бейне бір қылаң ұрған еркектің шашы сияқты, сол баяғы сұрғылыт түсін бұзбай сақтап қалды.
Оның қырық жас мөлшеріндегі алты-жеті жыл уақытын қоспағанда сол кезден бастап оның үйінің алдыңғы қақпасы сол беті жабық тұрды. Əлгі алты - жеті жыл уақытта ол фарфор ыдыстарға өрнек салу сабағын өтті. Қабаттың астынғы жағындағы бір бөлмені ол уақыттық сызу үйі етіп жасап алған-ды. Полковник Садористің тұрғыластарының барлығы оған ұл-қыздарын, немерелерін суретшілік үйренуге берді. Жексенбі күні оларды шіркеуге апарып, онымен қоймай, олардың қайыр-сахауат тостағанына тастайтын жиырма бес тиын ақшасын күн ілгері қолдарына ұстатып қоятыны сияқты, уақытқа соншалық ұстамды, мұқият еді. Бұл тұста ол бажы салығынан əлде қашан кешірім етілген болатын.
Кейін келе жаңа бір буын бүкіл ауылдың тірегіне, рухына айналды. Суретшілікті үйренген оқушылар да есейіп азамат болып, біртіндеп сетіней бастады. Олар өздерінің қолдарына бояу қалбырын, адамды жиіркендіретін сызу қаламы мен əйелдер журналынан қиып алынған сурет қиындыларын ұстайтын қыздарын Эмилл бикештен суретшілік үйренуге жібермейтін болды. Ең ақырғы оқушы кеткеннен кейін алдыңғы қақпа жабылып қалды, əрі мəңгілікке жабылды. Бұл ауылда ақысыз поштолиондық түзім атқарылды, тек Эмилл бикеш қана босағасына металдан жасалған қақпа нөмірін шегелетуге, қосымша хат сандығын орнатуға келісім бермей қойды, ол оларды пішту құрлы көрмеді. Күндер өтіп, айлар айналып, жылдар жылжып жатты. Əлгі негрдің де басы ағарып, белі бүгіліп, сонысына қарамастан себетін көтеріп, кіріп-шығып жүрді. Əр жылы желтоқсанда оған бір парша бажы тапсыру жайында ұқтыру қағазын жібереміз. Бірақ, бір аптадан кейін хат алатын адам болмағандықтан пошта мекемесі қайтарып əкеліп тастайды. Кейде қабаттың астыңғы жағындағы бір терезеден (зайыры ол үстіңгі қабатты пешеттеп тастаған сияқты) бейне буд текшесіне қойылған құдайдың мүсініне ұқсаған көлеңкесін көзіміз шалып қалады. Оның бізді көретін-көрмейтіндігі туралы бірдеңе дей алмаймыз. Ол бірнеше буынға созылған ғұмырын міне осындай асқақ, тыныш, өмірден безіп кетуге де, өмірге жанасуға да шарасыз, ғажайып-ғарыптық күйде өткізді.
Міне, осылайша бақи дүниеге аттанды. Сүркейлі сағым ойнаған, шаң-тозаң басқан үйде дертке шалдықты. Оны бағып-қаққан адам кəріліктен қаусап қалған жалғыз негр ғана еді. Біз оның ауруға шалдыққанын да білмедік. Негрден ертерек барып хабар-ошар алу да ойымызға келмепті. Ол ешкімге де тіл қатып, тіс жармаушы еді, бəлкім, Эмиллге де солай болса керек. Ұзақ уақыт сөйлемегендіктен дауысы да қырылдап шығушы еді.
Ол астыңғы қабаттағы бір бөлмеде жатып өліпті. Жаңғақ ағашынан жасалған дөрекі төсекте шымылдық сол қалпы тартулы тұр екен. Қою сұрғылт шаш қаптаған басына жастаған жастық ұзақ жылдар бойы жасталғандықтан əрі күн нұры тимегендіктен, сарғайып, шіріп кеткен екен.
V
Негр есіктің көзінде алғаш бір топ əйелді қарсы алып, оларды мархабат етіп кіргізіп алды, олар, бəсең дауыспен сыбырласа сөйлеп, таңырқаған көз жанарларымен əпсəтте бəрін шолып шықты. Негр лезде жоқ болып кетті. Ол үйді кесіп өтіп, артқы есіктен шықты да, содан із-тозсыз ғайып болды.
Немерелес екі əпеке-сіңлісі де тізгін ұшы келіп жетіп, келер күні жаназасын шығартты. Ауылдың тайлытұяғына дейін жас гүлдерге оранып жатқан Эмиллдің мəйітін көруге анталап жетті. Мəйіт қойылған табыттың жоғарғы жағына əкесінің қара бояумен сызылған тұңғиық ойда отырған суреті асылып қойыпты. Əйелдер күбір-сыбыр етіп өлімді сөз етісіп жатыр. Ал, баршындап қалған еркектер жағы (бұлардың кейбіреуі мұнтаздай етіліп тазартылған Оңтүстік одақтас армияның нұсқалы киімін киіп алыпты) дəлізде, гүлзарда Эмилл бикештің өмірі туралы сілтесіп тұр, оны бейне өздерінің тұрғыластарындай көріп, оның үстіне, онымен би билегендіктеріне, тіпті, оған ғашықтығын білдіргендіктеріне де сенетін бейне байқатып сөйлейді. Олар математикалық рет бойынша алға ілгерілейтін уақытты да шатастырып жіберді. Бұл қарттарда болатын қалыпты құбылыс. Олардың пайымынша өткен дəурен барған сайын қысаңдай беретін соқпақ емес, қайта қыраулы қыста қылпын құрата алмайтын, көсіліп жатқан шалғынды бір тепсең сияқты, тек таяудағы он жылдан бері ғана құмыраның шұмшиген аузы сияқты оларды өткен күндермен бөліп тастап отыр еді.
Екінші қабаттағы ана бір бөлек жерде бір бөлме үйдің бар екендігін білуші едік. Қырық жылдан бері оған ешбір пенде бас сұғып көрмеген болатын. Кіру үшін оның есігін бұзып ашу керек-ті. Олар есікті Эмилл бикешті жерлеп келгеннен кейін ғана ашты.
Есік шарқ етіп ашылғанда, сол дүмпумен бөлменің ішіне шаң-тозаң борап кетті. Жаңа отаудай жасақталған бұл үйді иендегі жалғыз моладай құлазыған сүркейлілік жайлап алған екен. Раушан гүл түстес терезе перде, сондай түсті шырақ шишасы да қудай боп оңып кетіпті. Тарану айнасы, бір қатар нəзік кристал бұйымдар мен ақ күміспен түптелген ерлердің жуыну бұйымдары тұр, бірақ, ақ күмістің жалтырақ өңі əлдеқашан оңып кетіпті. Аты-жөні жазылып ойылған өрнек те танылмастай екен. Көр-мəзірет заттардың ішінде жаңа ғана үстінен шешіп алғандай қатырма жаға мен галстук жатыр, оларды былай алған кезде үстелдің бетін басқан шаңның үстінде солғын ғана ай орақты із қалды. Жақтаулы орындықта мұқияттап қатталған бір пар киім тұр. Орындықтың астында құлазып, мүлгіген бір пар етік жəне керексіз етіп тастай салған бір пар байпақ жатыр.
Əлгі еркек төсекте жатыр. Біз ол арада еттен айырылған беттің адам байыбына бара алмайтын ырсиған бейнесіне үңіліп ұзақ тұрдық. Мəйіт құшақтаудың нобайын аңғартып жатыр, бірақ, махаббаттан да əлде қайда баянды, махаббаттың жалынын жержастандырып кеткен мəңгілік ұзақ ұйқы оны əлдеқашан ырқына көндіріп алыпты. Оның сартап болып қалған мүрдесі қақырап кеткен ұйқы киімінің ішінде шіріп, өзі жатқан ағаш төсегіне жабысып қатып қалыпты. Мүрдесін де, жанындағы жастықты да ұзақ жылдар бойында жиылған бір қабат шаң-тозаң теп-тегіс етіп қымтап тастаған.
Кейіннен біз оның қасындағы жастықтан əлде кімнің басының табын байқадық. Біздің арамыздағы біреу соның үстінен бір нəрсені алып жатты, жұрт үймелесіп қарай қалған еді, осы кезде болар-болмас қаңсыған сасық иіс танауды жыбырлатып кетті. Сөйтсек ол шұбатылған бір тал сұрғылыт шаш екен.
Аударған - Əрмиябек САҒЫНДЫҚҰЛЫ.