Оразбек Жәнәбілов (Orazbek Zhanabil). Ақтабанның құны

86332e98cfb70bf3397dfd9b53955548.jpg (1000×541)

(әңгіме)


Текті жылқыға тән қасиет қанша шығанға кетсе де туған топырағына бір оралу. Ал жер көксеп қашатын мезгілі көбінде көктем мен күз. Сонда жылқы туған жерінің көктемі мен күзін сағынатын болды ғой. 

Бірақ ақтабанның құлын болып қутыңдап, бесті болып беліне ер салынған мекеніне, сұлымен жемделіп, сиырдың сүтімен суарылған Тайып қарттікіне оралған мезгілі қыс ортасында болды. Таң намазын өтегелі қаптал шапанын желбегей жамылып, жейде-дамбалшаң дәрет ала шыққан қарт оқыранып тұрған ақтабанды көріп көңілі босап кетті. 

- Пырағым-ай, төрт түлік ішіндегі естім-ай, - деп мойнынан кемсеңдей құшақтады. Өткен істер ойымен үзеңгілесіп жатыр: аудандық, аймақтық тойда «мақтаған ат келеме, ақтабан ат келеме?» деп отырғанда ілгерінді-кейінді екі рет бас бәйгені әпергені, майда қоңыр жүрісі... қойшы, бәрі де еске түседі. Қазақ үшін бәйгеден ат келу-қаншалық мерей десеңші! Шалының кемсеңдей сөйлеген дыбысына алдымен құс ұйқы кемпірі, одан азамат үлкен ұлы тағы басқасы болып тысқа үреймен шықты да, ақтабанды көріп бәрін түсіне қойды. Расында осы жануар бір үйлі жанның қимасы еді. Ауылдың мақтанышы еді. Шын қолқаға қимас та кетеді екен. Қоңыр күзде жаңағы үреймен шыққан топтың ішіндегі үлкен ұл үшін жиырма үйге «Қоржын» жөнелтілді. «Қоржын» келсін деген құда ақтабанды ерекше атапты. Басқа жылқы да бар еді. Оған басқаша сөйлер қауқар қайда. Үкіленіп көрші ауылға ұзатылған қыздай боп кете берген. Содан келіп есігін «сүзіп» тұрғаны мынау. 

- Іңірде босанып кеткен ғой, іздеп тентіреді-ау, - деді үлкен ұл. Аз-кем үнсіз тұрған Тайып кемпірінен ақ қант алдырды да ақтабанға асатып жіберді. Одан сүт бергізді. Бір үйлі жан өстіп айланып-үйріліп тұрғанда өздерімен ауылдас Сәлім келді. Бағанағыдай емес, жарық жамыраған уақыт еді:

-  Қайда кете қалды десем, ой, жануар, төркінін тапқан екен ғой, - деді ол анадайдан дауыстап. Сөйтіп дабырласқан бәрі таңертеңгі шәйға отырды. Шәй үстінде Сәлім:

- Мен сіздерге құданың құдасы, балықтың сорпасы болдым. Құдаларыңыз жақында біздің балаға «үкі»» тағып кеткен еді... -деп тынды. Жеңіл ауыз Тайып қарт:

- «Жақсы атта кесімді құн жоқ деген осы екен ғой» -деп қалды. Артынан сасқалақтап онысын басқаға бұра берді. 

Сонымен ақтабанның өз аяғынан келмегені түсінікті болды. Сөйтіп ол тағы біреудің сетеріне үкі боп тағылыпты. Тағы бір құданы разы етіпті. Мына заманда қазақ арасында екі бірдей құданы разы еткен ақтабанның қүні осал ма?! Ал келешектеші?          


Оразбек  Жәнәбілов, жазушы, 1963 жылы наурызда  ҚХР,  Шыңжаң өлкесі Жемсары ауданында дүниеге келген. Шыңжаң университеті филология факультетінің түлегі. 1988 жылдан бастап шығармалары жарық көріп келеді. Алты повесті, алпыстан астам әңгімесі баспа бетін көрген. Бірнеше прозалық кітаптың авторы. Шыңжаң Жазушылар қоғамы «Дүлдүл» әдебиет сыйлығының иегері. Қазақстанда жарық көрген «Құбының құжа жоны» (2016ж.) таңдамалы әңгімелер жинағына шығармалары енген. 

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты