Федор Достоевский. Ең дөкей дін төрешісі (The Grand Inquisitor)

991e096c6da4966556dfe246ca947099.jpg (1080×720)

V

 

ҰЛЫ ЖЕНДЕТ

 

— Міне, бұл арада да кіріспесіз болатын емес, яки әдеби кіріспесіз дегенім ғой, тьфу! — деп Иван күліп жіберді, — мені дастан жазды дегенге кім иланады! Байқасаң, менің бұл туындымда оқиға он алтыншы ғасырда өтеді, — әйтсе де, бұл саған мектеп қабырғасынан мағлұм болуға тиіс, — ол кезде поэтикалық шығармаларда көктегі киелі күштерді жерге түсіру дағдылы нәрсе болатын. Дантені сөз етіп те отырғам жоқ. Францияда сот қызметшілері, ал монастырларда монахтар өздерінше әжептәуір қойылымдар көрсеткен болып, құдайана, періштелерді, әулиелерді, Христосты, тіпті құдайдың өзін де сахнаға алып шығатын. Онда мұның бәрі ақ ниетпен істеліп жататын еді. Виктор Гюгоның "Notre Dame de Paris"1-інде француз бекзадасының дүниеге келуі құрметіне Парижде, XI Людовиктің тұсында, ратуша залында "Lc bon jugement de la tris sainte et graciense Vierge Marie"2 деп аталатын аса тағылымды қойылым халыққа тегін көрсетіледі, онда бибі Марияның өзі келіп, bon jugement-iн өзі өткізеді. Бізде, Мәскеуде, сонау Петрге дейінгі бағы заманда, әсіресе көне өсиеттен алынған дәл сондай дерлік драмалық қойылымдар ауық-ауық көрсетіліп тұрған; бірақ, бұл қойылымдардан басқа, бүкіл жер жүзінде ол кезде түрлі хикаялар мен "бәйіттер" де ете көп тараған, бұларда да, қажетіне қарай, әулиелер, періштелер, көктегі құдіретті күштердің бәрі әрекет еткен. Біздегі монастырларда да осындай дастандарды аударған, көшірген, тіпті өздері де жазған және де осының бәрі маңғұл езушілігі кезінде істелген ғой. Мысалы, "Құдайананың азап жолын аралап көруі" деген бір монастырлық дастансымақ бар (әрине, грекшеден аударылған), керемет батыл суреттелуі жағынан Дантеден кем түспейді. Құдайана тозаққа барыпты, "азап жолын аралаған" кезінде оны жебірейіл Михаил бастап жүреді. Ол күнәкарларды, олардың азап шегуін өз көзімен көреді. Жанып жатқан бір көл бар екен, оған тасталған күнәкарлар одан шыға алмай, сонда қала береді; "оларды құдай тағала ұмыта бастаған" деген сөздерде өте терең мән мен құдірет бар. Сөйтіп, қатты қайран қалып, көзіне жас алған құдайана құдіреттің тағы алдында тізе бүгіп тұрып, тозақтағылардың бәріне, оны аралағанда көргендерінің бәріне ала-құлаламай кешірім берілуін өтінеді. Оның құдай тағаламен сұхбаты ғажап қызық, құдайана жалбарынып тұрып алады, құдай оған баласын қол-аяғынан шегелеп керіп қойғанын көрсетіп: мен оның азаптаушыларын қалай кешірмекпін деп сұрағанда, құдайана әулиелердің, дін жолында азап шеккендердің, періштелер мен жебірейілдердің бәріне өзімен бірге тізе бүгіп тұрып, тозақтағылардың бәріне түгел кешірім берілуін сұрауға жарлық етеді. Ақыры ол жасаған иемді жыл сайын, ұлы жұмалықтан троица күніне дейін, күнәкарлардың азапталуын тоқтата тұруға көндіреді, сонда дозақтағылар: "О, жасаған ием, өте дұрыс болды ғой бұлай шешкенің" — деп рахметін жаудырады. Егер сол заманда жазсам, менің дастансымағым да осы секілді бірдеңе болар еді. Менде құдай сахнаға шығады; рас, дастанда ол тіл қатпайды, тек көрінеді де, кете барады. Оның өз патшалығына келемін деп уәде еткеніне міне он бес ғасыр өтті, оның пайғамбары: "Оның келуіне көп қалған жоқ" деп жазғанына да он бес ғасырдың жүзі болды. "Оның қай күні, қай сағатта келетінін тіпті баласы да білмейді, бұл менің көктегі әкеме ғана мәлім" — жерде болған кезінде оның өзі осылай деген. Бірақ адам баласы оны бәз баяғы сенімінен айнымай, жүрегі бұрынғыша елжіреп әлі күтуде. О, тіпті бұрынғыдан да зор сеніммен күтіп отыр, өйткені адамға көктегі кепілдіктің біткенінен бері он бес ғасыр зымырап өте шықты:

 

Айтқанына сен жүрегіңнің

 

Аманат жоқ көктен түсер.

 

Жүрегіңнің лүпіліне сен, өзге ештеңе керегі жоқ! Рас, ол заманда түрлі ғажайыптар да көп болған. Таңғажайып тәуіптер де өткен. Кейбір тақуалардың ғұмырнамасына қарағанда, көк тәңірі жерге түсіп, олармен тілдескен екен. Бірақ пері де жайбарақат жатпаған, сөйтіп 14адам баласында әлгі ғажайыптардың шындығына шүбәланушылық туады. Дәл осы кезде солтүстікте, Алманияда, сұмдық бір жаңа күпірлік басталады. "Шырағданнан айнымайтын" (яки шіркеу секілді) орасан зор жұлдыз дәл бұлаққа келіп түсіп, оның суы кермек татып кетіпті-міс". Осындай сандырақ ғажайыптарды мансұқтап, құдайға күпірлік көрсетеді. Бірақ қалғандары құдайға онан сайын бекем сене түседі. Адам баласының көз жасы бұрынғысынша оған жетіп жатады, ол оны күтеді, оны жақсы көреді, оған сенеді, бұрынғысындай... ол үшін қасірет шегіп, шәйт болуға әзір. Сөйтіп, адам баласы: "О, жасаған ием, пенделеріңе бір көрініп кетсеңші" деп талай ғасырлар бойы үмітпен, емірене жалбарынды, талай ғасыр осылай жалынған соң, жаны ашыған құдайекең өзінің табынушыларына төмен түспекші болады. Ол бұған дейін де жанашырлық білдірген, кейбір тақуалармен, дін жолында азап шегушілермен, қасиетті диуаналармен кездескен — олардың "ғұмырнамаларында" осылай делінген. Бізде өз сөзінің шындығына кәміл сенген Тютчев былай деген болатын:

 

Удрученный ношей крестной

 

Всю тебя, земля родная,

 

В рабском виде царь небесный

 

 

Исходил благославляя.



Меніңше, бұл қалайда дәл осылай болған. Сөйтіп, ол азаптанып, қасірет шеккен, жиіркенішті-күнәкар, бірақ оны бейне сәби балаша сүйетін халқына бір сәтке болса да көрінбекші болады. Менің дастанымда оқиға Испанияда, Севильеде, инквизиция қаһарланып тұрған шақта, елде құдай тағаланың мерейі үшін күн сайын жүздеген жерде от лаулаған кезде өтеді; онда былай болып жататын еді ғой:

 

В великолепных автодафе

 

Сжигали злых еретиков.

 

О, бұл, әрине, оның берген уәдесіндегідей, заман ақырында көктегі даңқы жер жарған күйі, "шығыстан батысқа дейін жарқылдаған нажағайдай болып" келуі емес-ті. Жоқ, ол өзінің пенделеріне бір сәтке ғана көрініп кетуге құштар болады және де оларды діннен безген азғындардың оттары лаулап жатқан жерлерден көргісі келеді. Ол осыдан он бес ғасыр бұрын жұрттың арасында адам кейпінде үш жыл бойы жүргендегісіндей, мейірі тасып адамдардың арасынан тағы бір өтеді. Ол кешегі "ғажап діни ерлік" кезінде корольдің, ұлықтардың, рыцарьлардың, кардиналдар мен сарай маңындағы сұлулардың көзінше, Севильенің қарақұрым халқы алдында ұлы жендет кардинал ad majarem gloriam Uci1 үшін жүз шақты діннен безушіні бір-ақ өртеген оңтүстіктегі бір шаһардың "кешегі оттың қоламтасы суын үлгірмеген алаңына" түскен еді. Таңғаларлығы, ол ақырын, көзге түспей келсе де, бәрі оны танып қояды. Бұл, яки жұрттың оны неліктен тани кеткендігі дастанның ең сәтті тұстарының бірі болуы мүмкін еді. Бір құдіретті күш халықты оған үйіріп әкетеді де, жәмиғат оны ортаға алып. айналасына жинала береді, оның соңынан ереді. Шын жаны ашып, жымиып қана күлген ол халықтың арасынан үнсіз өтеді. Оның жүрегінде пенделеріне деген махаббат сезімі Күндей қызады, жанарынан Жарық йен Білім, Күш-Қуат нұры құйылады, сөйтіп осы шұғылалы нұрға шомылған адамдардың жүрегінде енді оған деген махаббат оты туады. Ол пенделеріме емірене қолын созып, пәтиқасын береді, ал қалың жұрт оған, тіпті оның киіміне болса да сәл жанасудан-ақ ғаламат шипагер күшті сезеді. Міне, топтың ішінен бала жасынан басыр болған бір шал оған қолын созып: "Жасаған ием, менің көзімді жазшы, сені көргім келеді" деп жалбарынып еді, қарашықты басқан шел әп-сәтте өзінен-өзі жоғалып, соқыр шал құдай тағаланы көреді. Мұны көргенде көз жасына не бола алмаған жұрт оның табаны тиген 15топырақты сүйеді. Балалар болса оның алдына гүл тастап, ән шырқайды, "Осанна!" деп жар салады. "Сол ғой, соның өзі ғой, — деп жамырасады бәрі, — сол болуға тиіс, одан басқа кім болушы еді". Ол Севилье шіркеуінің баспалдағында тұрған сәтте жылап-еңіреген бір тон адам беті ашық ақ табытты мінәжатханаға алып кіруге көтеріле береді: табытта жатқан бір ақсүйек азаматтың жеті жасар жалғыз қызы екен. Өлген бүлдіршінді гүлге көміп тастапты. Зар еңіреген анаға топтың ішінен біреу: "Жылама, қазір ол сенің қызыңды тірілтеді" деп дауыстайды. Табыттың алдынан шыққан шіркеудің имамы мұны естігенде аң-таң болып, қабағын тыжырады. Осы сәтте азалы ана құдайдың аяғына жығылып зарланып қоя береді: "Егер жасаған ием сен болсаң, жалғызымды тірілтіп бер" деп жалбарынады ол қолын созып. Қаралы топ тоқтап тұрады, кішкентай табыт баспалдаққа, құдайдың аяғына қойылады. Ол іші-бауыры елжірей қарап тұрып: "Талпфа куми" — "Қызым, кәне түрегел" дейді баяу ғана. Табытта жатқан сәби қыз басын көтереді, сосын күлімсіреп отырып, жан-жағына таңдана қарайды. Ақ раушан гүл шоғын қолына ұстаған қалпы. Халық әбігерленіп, улап-шулап, жылап-сықтап жатыр, міне дәл осы сәтте шіркеу алдындағы алаңнан кенет ұлы жендет, кардиналдың өзі өте береді. Бұл тоқсанды қусырып қалған биік бойлы әлі, тіп-тік, жақ еті солып, көзі шүңірейгенмен, оты қайтпаған қос жанары жарқ-жұрқ еткен шал еді. О, ол кеше Рим дінінің дұшпандарын отқа салғанда халықтың алдына шыққан кардиналдың сән-салтанатты киімінде емес-ті, — жоқ, бұл жолы ол кәдімгі тақуаның шұбатылған көнетоз бешпентінде болатын. Анадай жерде тұнжыраған нөкерлері мен құлдары, "қасиетті" сақшылары келеді соңынан еріп. Тобырдың алдына таман келген ол алыстан көз салады. Ұлы жендет бәрін көрген, табытты құдайдың аяғына қойғанын да байқаған, өлген қыздың қалай тірілгенін көргенде жүзі түнеріп те кеткен. Көкшулан қалың қастары түксие қалып, жанарынан зұлымдық оты жарқ-жұрқ еткен. Сонан соң ол қолын сермеп қап, сақшыларына ананы ұстаңдар деп әмір береді. Оның құдіреттілігі, оның ырқынан шықпай, айтқанына көне беруге. халықтың көндігіп алғаны сондай, тобыр қақ айырылып сақшыларға жол береді, сөйтіп кенет орнаған осынау тылсым тыныштықта сақшылар әлгі кісіні бас салып ұстап, алып кетеді. Жендет қарияның алдында тұрған тобыр маңдайлары жерге тигенше заматта бір кісідей иіліп-бүгіле қалады, ал ол болса жұртқа үнсіз бата бергенсіп өте шығады. Сақшылар тұтқынды қасиетті соттың атам заманғы ғимаратындағы күмбез төбелі, тар, түнерген абақтыға әкеліп қамап қояды. Күн батып, Севильенің "тынысыңды тарылтатын" қараңғы, қапырық түні келеді. Ауладан "лавр мен лимон иісі аңқиды". Қараңғы түннің бір уағында кенет абақтының темір есігі ашылып, шырағдан ұстаған ұлы жендет қария баяу басып ішке кіреді. Жалғыз өзі екен, ол ішке кіргесін есік іле қайта жабылады. Ол, бір минут пе, әлде екі минут пе, босағада аялдап тұрып, оның жүзіне көз салады. Ақыры, баяу жақындап келіп, шырағданды үстелге қойғаннан кейін оған былай дейді:

 

— Сен бе едің? Сенбісің? — Бірақ, жауап естімеген соң, іле-шала тағы былай дейді: — Жауап бермей-ақ қой, үндемесең үндеме. Не айта алушы ең? Сенің не дейтініңді өзім де бек жақсы білемін. Сонсоң, сенің баяғыда айтқаныңа қоса тағы бірдеңе деуге тіпті хақың да жоқ. Сен бізге бөгет жасайын деп келдің бе? Сен бізге бөгет жасауға келдің, мұны өзің де білесің. Бірақ, ертең не болатынын сезесің бе? Мен сенің кім екеніңді білмеймін және білгім де келмейді. Сен болсаң да, немесе оған ұқсас өзге біреу болсаң да, ертең үкім шығарып, дінсіздердің ішіндегі ең қаскүнемі есебінде отқа салып өртеймін, сөйтіп бүгін сенің аяғыңнан сүйген халық ертең-ақ мен қолымды сілтеген сәтте сені өртейтін оттың күлін көсей бастайды, сен мұны сеземісің? Иә, сен бәлкім, мұны білетін де шығарсың, — деді өзінің тұтқынынан бір сәтке де кез алмай, терең ойға батқан ол.

 

— Иван, мен онша түсінбедім, бұл айтып тұрғаның не? — деп бағанадан бері оны үнсіз тыңдаған Алеша күлімсіреді, — тұп-тура шексіз қиял ма, әлде егде қарияңның қандай да бір қатесі ме, әлде басқа бір қисынсыз gui pro guo?1

 

16— Соңғысы десең де мейлің, — деп күлді Иван, — егер осы заманғы өмір шындығы сені әбден еркінсітіп жіберіп, қиял дегенді әсте көтере алмайтын халге жетсең — gui pro guo болғанын тілесең — мейлі, солай-ақ болсын. Рас, — деді тағы да күлген Иван, — ол шал тоқсанға келген, демек, оның өз идеясымен әлдеқашан ақылдан адасуы да ғажап емес. Ал тұтқын оны өзінің кескін-кейпімен қайран қалдыруы мүмкін. Ақыр-соңында, бұл әншейінгі сандырақ, тоқсанға келген, оның үстіне кешегі жүз шақты құдайсыздар отқа өртелген діни ерліктің қызуымен есірген шалдың өлерінде көзіне елестеген бірдеңе болуы да ықтимал. Бірақ екеумізге бәрібір емес пе, gui pro guo-сы не, шексіз қиялы не? Бұл арада гәп мынада ғана: шалдың айтып қалуы керек, ақыр-соңында, ол тоқсан жыл іште сақтаған ойын бірінші рет сыртқа шығарып отыр.

 

— Қалай, тұтқын да үндемей ме? Ләм деместен, оған қарап тұра бере ме?

 

— Тіпті, әмес осылай болуға тиіс қой, — деп Иван тағы да күлді. — Бұрынғы айтылғанына тағы бірдеңе қосуға оның хақы жоқ деп шалдың өзі ескертіп қойды емес пе. Тілесең, менің пікірімше, Рим католик дінінің ең басты сипаты да нақ осында: "былайша айтқанда, бәрін папаның қолына беріп қойған өзің, демек, енді бәрі папаның құзырында. сен енді мүлде төбе көрсетпесең де болады, тым болмаса, біразға дейін бөгет жасамасаңшы". Олар осы мағынада тек айтып қана қоймай, тіпті жазып та жүр, тым құрығанда иезуиттер сөйтеді. Мұны олардың діндар ғұламаларының жазғандарынан өзім оқығанмын. Менің шалым одан: "Өзің келген әлемнің тым болмаса бір құпиясын бізге ашып беруге хақың бар ма?" — деп сұрайды да, ол үшін өзі жауап береді: "Жоқ, бұрынғы айтылғанға ештеңе қоспау үшін, жерде болғанында өзін барынша жақтаған адамдардың еркіндігін қайтып алмау үшін бұған хақың жоқ. Сенің ендігі айтатыныңның бәрі адамдардың дін бостандығына қол сұғу болады, өйткені ол ғажайып болып естіледі, ал онда, осыдан мың жарым жыл бұрын, саған олардың дін бостандығынан қымбат нәрсе жоқ-ты. Онда: "Мен сендерді ерікті еткім келеді", — деп қақсаған өзің емес пе едің. Міне енді сол "еркін" пенделеріңді көріп тұрсың, — лезде ойға батқан қария күліп жібереді. — Иә, бұл іс бізге қымбатқа түсті, — бірақ біз оны саған бола ақыр аяғына дейін жеткіздік. Біз осы еркіндікпен он бес ғасыр азапқа түстік, ал енді оның бәрі бітті, біржола бітті. Біржола біткеніне сенбеймісің? Неге жуаси қалдың, маған тіпті қабақ та шытпапсың? Біле білсең, бұл адамдар өздерінің кәміл еріктілігіне қазір қай кездегіден болса да әлдеқайда сенімді, оның бер жағында өздерінің осы еркіндігін алып келіп, біздің аяғымызға өз ықтиярымен тастаған тағы да өздері. Бірақ мұны істеген мына біздер, ал сенің тілегенің осы ма еді, осындай еркіндік пе еді?

 

— Мен тағы да түкке түсінбедім, — деді оның сөзін бөліп жіберген Алеша, — бұл не, мысқылдағаны ма, әлде күлкі қылғаны ма?

 

— Әсте олай емес. Олар, ақыр-соңында еркіндікті жеңуге қол жеткізгенде, мұның өзін адамдарды бақытты ету үшін істегенін ол өзі мен өз жақтастарының сіңірген еңбегі деп санайды. "Өйткені адамның бақыты жайында алғаш рет ойлануға енді ғана (яки ол, әрине, инквизиция туралы айтып тұр) мүмкіндік туды. Адам баласы бүлікші болып жаратылған ғой; ал бүлікшінің бақытты болуы мүмкін бе? Сені сан рет сақтандырған-ды, — деді ол оған, — сақтандыру мен ақыл-кеңестен, кейде болған жоқсың, бірақ сен оған құлақ астың ба, адамдарды бақытты ететін бірден-бір жолды еш қабылдамадың, бірақ, бақытымызға қарай, кетіп бара жатқаныңда істі бізге тапсырған едің. Уәде еткен өзің, сөзіңмен бекітіп берген де өзің, бізді байлауға да, шешуге де хақылы еткен де өзің, енді келіп біздің осы хақымызды қайтып алуды, әрине, ойлай алмайтын шығарсың. Сен бізге неге келдің, бөгет жасауға ма?"

 

— Сақтандыру мен ақыл-кеңестен кейде болған жоқсың деген сөздердің мәні неде? — деп сұрады Алеша.

 

— Шалдың іштегісін айтып қалғысы келгенінің басты себебі де осында ғой.

 

"Жапан түзде сенімен сұхбаттасқан қорқынышты һәм парасатты рух, өзінен-өзі құрып біту мен жоқтықтың рухы, ұлы рух болатын, — деді одан ары қария, — ол сені "арбап алыпты-мыс" дегенді біз кітаптардан оқығанбыз. Солай ма еді? Оның саған үш сауалда айтқанынан, бірақ сен қабылдамаған, ал кітаптарда "арбау" деп аталған нәрседен артық ақиқат бірдеңені тауып айту мүмкін бе еді? Оның бер жағында, егер бір кезде жер бетінде нағыз керемет ғажайып болса, ол дәл сол күні, осы үш бірдей арбау күні болған. Ғажайыптың мәні нақ осы үш сауалдың тууында. Егер жай байқап көру мен мысал үшін ғана қорқынышты рухтың бұл үш сауалы кітаптардан із-түзсіз жоғалған, сондықтан оларды қалпына келтіру керек те, қайтадан кітапқа кіргізу үшін оларды қайта ойлап шығару қажет, осы мақсатпен жер жүзіндегі барлық данагөйлерді — әмірлерді, әулиелерді, ғұламаларды, пәлсапашыларды, ақындарды жинап алып, оларға: оқиғаның ауқымына сәйкес келіп қана қоймай, оған қоса, не бары үш сөзбен, кәдімгі үш сөзбен ғана бүкіл әлем мен адамзаттың күллі болашақ тарихын бейнелейтін үш сауал ойлап табыңдар деген міндет жүктеуге болады деп ойлау мүмкін болса, — онда сен жер жүзіндегі күллі даналық жиналғанда, күші мен тереңдігі жағынан жапан түзде құдіретті һәм зерделі рух саған қойған үш сауалға ұқсас өзге бірдеңені ойлап таба алар еді деп ойлайсың ба? Бұл арада адамның күнделікті ақыл-парасаты емес, ал мәңгілік, кәміл бірдеңені сөз болып отырғанын осы сауалдардың өзінен-ақ, олардың тууының таңғажайыптығынан-ақ ұғуға болады. Өйткені осынау үш сауалда адамзаттың болашақ тарихы тұтас күйі алғанда күнілгері болжанған және бүкіл жер бетіндегі адам табиғатының шешілмес тарихи қайшылықтарының бәрі тоғысатын үш бейне көрініс тапқан. Ол кезде бұл онша байқалмайтын, өйткені болашақ беймағлұмды, ал қазір, он бес ғасыр өткеннен кейін, осы үш сауалда барлығының толық айтылып, дәл болжанғаны, әбден ақталғаны сонша, оған енді қосатын да, алатын да ештеңе қалмағанын көріп отырмыз.

 

Кімдікі дұрысын енді өзің шешерсің: сен бе, әлде сонда саған сауал берген бе? Бірінші сауалды есіңе түсірші: сөзбе-сөз болмағанмен, оның мәні мынадай: "Сенің дүнияуи тірлікке кеткің келеді және де оған құр алақан бармақсың, қайсыбір еркіндіктің уәдесінен өзге түгің жоқ, ал олар болса өздерінің қарабайырлығы мен туа біткен жүгенсіздігі себепті мұны түсіне де алмайды және одан қорқады, — өйткені ешқашан да адам мен адамзат қоғамы үшін еркіндіктен төзгісіз ештеңе болған емес! Күнге күйген шөл даладағы ана кесек тастарды көремісің? Сол тастарды жейтін нанға айналдыршы, сонда адамзат баласы сенің соңыңнан малша жамырайды, сен қолыңды тартып алсаң нәпақадан айырыламыз ба деп үнемі үрейленсе де, ал саған риза және көнгіш болады. Бірақ сен адамды еркіндігінен айырғың келмеді де, айтқан ұсынысты қабылдамадың, өйткені, егер бұл көнгіштік бір үзім нанға сатып алынса, ол қандай еркіндік болушы еді? — деп түйдің. Сен адам жалғыз нанмен ғана тіршілік етпейді ғой деп қарсылық білдірдің, бірақ нақ осы ырзығына бола жердің рухы саған қарсы шығып, сенімен шайқасқа түсіп жеңіп шығатынын, сонда бәрі: "Ол бізге кектегі отты әпермек, ондай ізетке қайсымыз ұқсап тұрмыз!" деп жар салып, оның соңынан кете баратынын білесің бе? Талай ғасыр өткен соң, адамзат баласының даналығы мен ілім-білімі ешқандай қылмыс болған жоқ, демек, күнә да жоқ, тек ашыққандар ғана бар деп жариялайтынын білесің бе? "Олардың әуелі қарнын тойғыз, ізгілікті содан кейін сұра!" — саған қарсы көтерілетін байраққа міне осы сөздер жазылады, сенің шіркеуің осы байрақпен қиратылады. Оның орнына жаңа ғимарат тұрғызылады, Бабылдың ғаламат мұнарасы қайта салына бастайды, бұрынғы мұнара сияқты, бұл да аяқталмай қалады, бірақ сен қалай болғанда да, осы жаңа мұнарасыз-ақ бірдеңе ғып амалдап, адамдардың қайғы-қасіретін мың жылға кемітетін едің ғой, өйткені олар өздерінің сол мұнарасымен мың жыл әуре-сарсаң болғаннан кейін бәрібір бізге келеді емес пе! Сонда олар бізді тағы да жер астындағы үңгірлерді паналаған тұрағымыздан (өйткені біз тағы да қуғын-сүргінге түсіп, азап көреміз ғой) іздеп табады да: "Бізге кектегі отты әкеп береміз деушілер уәдесін орындамады, бізге тамақ беріңдерші" — деп жалбарынады. Сонда олардың мұнарасын мына біздер тұрғызып боламыз, өйткені кім тамаққа тойғызса, оны сол аяқтайды, ал сен үшін оларды тамаққа тойғызатын біздер, мұны біз сен үшін істедік деп өтірік айта саламыз. О, еш уақытта, ешқашан да бізсіз олар өздерін асырай алмайды! Олар әзірше еркіндікте болып отырғанда, ешқандай ғылым оларға нан тауып бере алмайды, сонан соң мұның ақыры мынамен бітеді: олар өздерінің еркіндігін біздің аяғымызға әкеп тастайды да: "Онан да бізді құл еткендерің жақсы, тек тамаққа тойғызсаңдар болды" — дейді. Пенде болған соң, бас еркі мен тойып жейтін нанның екеуі бірдей бұйыруы мүмкін емесін, өйткені олар еш уақытта, ешқашан да бұл екеуін өзара бөлісе алмайтынын ақырында өздері түсінеді! Қауқарсыз, бұзық, бейшара, бүлікші болғандықтан, ешқашан да бас еркі бола алмайтындығына да көздері жетеді. Сен оларға көктің ырзығын уәде еттің, бірақ, қайталап айтам, қауқарсыз, ғұмыр бақи дөрекі, ғұмыр бақи пейілсіз адам нәсілінің көз алдында ол жердегі ырзықпен салыстыруға келер ме екен? Егер де көктің ырзығына қызыққан мыңдаған, он мыңдаған жандар сенің соңыңнан кетсе, көктегі ырзыққа бола жердегі ырзығынан айырылғысы келмеген миллиондаған, мың миллиондаған пенделердің халі не болмақ? Әлде саған тек ондаған мың кемеңгерлер мен күштілер ғана қымбат па, ал қалған миллиондар, сені жақсы көретін, теңіздің құмындай қисапсыз көп қауқарсыз қара халық кемеңгерлер мен күштілердің қажетіне ғана жарауы керек пе? Жоқ, бізге қауқарсыздар да қымбат. Олардың бұзық, бүлікші екені рас, бірақ түптеп келгенде ең көнгіш болатын нақ солар. Олар бізге қайран қалады, біздің оларға бас болып. еркіндікке көніп, оларға үстемдік жүргізуге келіскеніміз үшін бізді құдірет санайды — сайып келгенде, еркіндіктің олар үшін сұмдық азапқа айналатындығы — осындай! Бірақ біз: айтқаныңа құлдық, біз сен үшін үстемдік етеміз дейміз. Біз оларды тағы да алдаймыз, өйткені енді енді өзімізге маңайлатпаймыз. Біздің қасірет шегуіміздің мәні нақ осы алдауда, өйткені біз өтірік айтуға тиісті боламыз. Жапан түздегі бірінші сауалдың мәні осы, өзің бәрінен де жоғары санаған еркіндік үшін қабылдамай тастаған нәрсең міне осы. Оның бер жағында, бұ жалғанның ұлы құпиясы осы сауалда жатқан. "Ырзықты" қабылдаған болсаң, онда сен өз атыңнан, сондай-ақ бүкіл адамзат атынан да, екі аяқты пенде біткен ғұмыр бақи аңсаған "Кімге табыну керек?" деген сауалға жауап беруге тиісті болар едің. Еркін қалғаннан кейін жұмыр басты пендеге енді кімге табынатынын тезірек шешіп алудан қиямет, бітпес уайым-қайғы жоқ. Бірақ та, онда ол жаппай табынуға баршасы бірден-ақ келісетіндігіне күмән келтірмейтін біреуді іздейді ғой. Өйткені бұл бейшара жандардың уайымы — тек менің немесе басқа біреудің табынуына татитын кісіні іздеп табуда ғана емес, оған бәрі кәміл сенетін, бәрі бас иетін және де бәрі бірге бас иетін біреуді іздеп табуда. Міне осынау жаппай табыну қажеттігі сонау әлімсақтан бері жеке алғанда әрбір адамның, тұтас алғанда күллі адамзаттың ең үлкен ғазабы болған. Жаппай табынуға бола олар бірін-бірі семсермен тураған. Олар құдайларды ойлап шығарып, біріне-бірі: "Өз құдайларыңды тастаңдар да, біздің құдайларға табынатын болыңдар, әйтпесе өздеріңді де, құдайларыңды да қырып тастаймыз!" деп қоқаңдаған. Ақыр заман туғанша, тіпті бұл дүниеде құдай атаулы жоғалып біткен кезде де осылай болмақ: бәрібір, тым болмаса, пұтқа табынады. Адам табиғатының осы негізгі құпиясын сен білдің, мұны білмеуің мүмкін емес, бірақ сенің алдыңда бас июге барлығын сөзсіз көндіру үшін ұсынылған бірден-бір қасиетті байрақты — жердегі ырзық байрағын сен қабылдамадың, еркіндік үшін сен көктің ырзығын да ысырып тастадың. Содан кейін не істегеніңе көз салшы өзің! Тағы да бәрі еркіндік үшін! Білгің келсе, адамның осынау бақытсыз болып туған пендеге табиғат сыйлаған еркіндікті тезірек ұстатуға болатын біреуді іздеп табудан үлкен уайымы жоқ. Бірақ адамдардың еркіндігіне олардың ар-ұжданым тыныштандыра алушы ғана ие бола алады. Нанмен бірге сенің қолыңа күмәнсіз байрақ есепті нәрсе тиетін еді: бір үзім нан берсең, саған кім табынбайды, өйткені наннан құдіретті ештеңе жоқ, ал егер дәл сол сәтте біреу-міреу оның ар-ұжданын арбап алса — о, онда ол сенің наныңды лақтырып тастап, өзінің ар-ұжданын арбаушының соңынан еріп кете барады. Бұл жөнінен сенікі дұрыс. Өйткені адам болмысының құпиясы тек тіршілік етуде емес, не үшін өмір сүруде. Өзінің не үшін жер басып жүретінін бекем ұғынбайынша, адам өмір сүруге келіспейді, онда ол, тамағы тоқ. көйлегі көк тұрмысқа бөлегі қойсаң да өлгенді артық көреді. Бұл солай ғой, бірақ ақыры не болды: адамның еркіндігіне ие болуың керек еді, ал сен олардың бұл еркіндігін тіпті өсіре түстің! Әлде сен жақсылық пен жамандықты ажырата білуді еркін таңдаудан гөрі адамға тыныштықтың, керек десең елімнің де қымбат екенін ұмытқансың ба? Жұмыр басты пендеге ар-ұждан еркіндігінен ардақты ештеңе жоқ, бірақ мұнан артық қияметі және жоқ. Сөйтіп, адамның ар-ожданын біржола тыныштандыруға берік негіз болатын нәрсенің орнына — сен ғажайып, жұмбақ һәм бұлыңғыр бірдеңелерді таңдап алдың, адамның күші жетпейтін нәрсенің бәрін жинап алдың, сол себепті сен оларды мүлде жаратылғандай әрекет қылуға бардың, — сонда мұны істеген кім дейміз: олар үшін жанын пида қылуға келуші істеген! Адамның еркіндігіне ие болудың орнына, сен оны көбейтіп жібердің де, оның жан дүниесін ғұмыр бақиға салдың да қойдың. Сен адамның ерікті махаббатын көкседің, мұны сен өзіңе елігіп алып, тәнті болған пенденің саған өз еркімен еріп кетуі үшін істедің. Адам ежелгі берік заңның орнына, тек бір өзіңді пір тұтып, ненің жақсылық, ненің жамандық екенін бұдан былай еркін жүрегінің қалауымен өзі шешуге тиісті болды, — бірақ та, егер таңдау еркіндігі секілді сұмдық азаппен езетін болса, түптің түбінде ол сенің бейнеңді де, сенің шындығыңды да қабылдамай қоятынын, онымен келіспей қарсы дау айтатынын сен неғып ойламағансың? Ақыр-соңында, олар шындық сенде емес деп айқай салады, өйткені сенің оларды уайым-қайғы мен шешілмес міндеттерге душар еткенің соншалық, бұдан артық әбігерленіп, азапқа түсу мүмкін емес-ті. Сонымен, сен өз патшалығыңды күйретудің негізін өзің қалағансың, бұған енді ешкімді кінәлама. Оның бер жағында саған айтылғаны осы ма еді? Бұл қауқарсыз бүлікшілердің ар-ожданын олардың бақыты үшін мәңгі-бақи басып, тізгіндеп ұстай алатын күш жер бетінде үшеу ғана, — ол күштер: ғажайып, құпиялық және бедел. Сен біріншісін де, екіншісін де, үшіншісін де мойындамадың және бұған өзің үлгі көрсеттің. Құдіретті һәм данагөй рух сені шіркеудің мұнарасына қойып: "Егер сен құдайдың перзенті екеніңді білгің келсе, онда қазір төмен қарай құлайтын бол, өйткені адамды періштелер қағып алып, көтеріп әкетеді, сөйтіп ол жерге құлап мертікпейді делінген ғой, хақ тағаламның перзенті екеніңе сонда көзің жетеді және әкеңе қаншалықты сенетініңді де дәлелдейсің" дегенде, сен оны жай тыңдадың да қойдың, оның айтқанына көніп, төменге құлаған жоқсың. О, әрине, бұл арада сен, құдай есебінде, тәкаппарлық көрсетіп, тамаша істедің, бірақ адамдар, осынау бұлқынған қауқарсыз нәсіл — олар құдай ма екен? О, онда сен тек бір аттап, төмен құлауға оңтайлана берген сәтте-ақ, құдайды сезе қойып, оған деген сенімнен ада болғаныңды, сөйтіп өзің құтқармақшы болып келген жерге құлап өлетініңді, сонда сені азғырған данагөй рух бұған қуанып кететінін түсіне қойдың. Алайда, қайталап айтайын, сен сияқтылар көп пе? Мұндайға басы жұмыр пенделер де төзе алады деп бір сәтке болса да ойлағаның ба? Адам баласы ғажайыпты еш қабылдамайтындай, өмірінің осындай қатерлі сәттерінде, ең қорқынышты деген көкейкесті, қиын сауалдарға келгенде не істесе де тек жүрегінің қалауымен істейтіндей етіп жаратылған ба екен? О, сен ерлік істеріңнің кітаптарда сақталып, талай заманға кетіп, жер шетіне дейін жететінін білдің де, өзіңнен үлгі алған пендең де, ғажайыпты керек қылмай, құдаймен бірге болатынына сеніп қалдың. Бірақ сен адам ғажайыпты сәл ғана мойындамаса болғаны, сол сәтте ол құдайды да мойындамай кететінін өйткені ол құдайдан гөрі ғажайыпты көбірек аңсайтынын білмедің. Адам ғажайыпсыз отыра алмайтындықтан, өзіне жаңа бір ғажайыптарды ойлап табады, бұл оның өз ғажайыптары болады, сөйтіп, жүз мәрте бүлікші діннен безген, құдайсыз болса да, бақсының тәуіптігіне, қатынның сиқырына табынады. Сені қорлап, мазақтап: "Сен екендігіңе сенейік, кәне крестен түсші" — деп айқайлағанда да сен крестен түспегенсің.

 

Ал түспеген себебін, сен тағы да адамды ғажайыппен құлданғың келмеді, ғажайыпқа сенуді емес еркін сенімді көкседің. Аңсағаның құдіреті күштінің алдында тітіреген тұтқынның құлдық ұрып шұлғығаны емес, еркін махаббат болатын. Бірақ сен бұл жолы да адам жөнінде тым асқақ пайымдадың, өйткені адам дегеніңіз, бүлікші болғанмен, құлдыққа жаратылған ғой. Ойлап қарасаң, міне он бес ғасыр өтіпті, сол адамдарға енді барып бір қарашы: кімдерді өзіңе теңестіре көтергенсің? Адам сенің ойлағаныңнан гөрі әлсіздеу, төменшік болып жаратылған, бұған мен ант етемін! Сен істеген іс оның қолынан келер ме екен, әй қайдам? Оны соншама құрметтегенде, сен оған енді жаның ашымайтын секілді болдың, өйткені оған тым көп талап қойдың, — оны өзінен артық жақсы көрушінің бүйткені таңғаларлық! Азырақ құрметтегеніңде одан азырақ талап етер едің де, мұның өзі махаббатқа бір табан жақын болар еді, себебі оның жүгі жеңілдер еді. Ол қауқарсыз, оның үстіне арамза. Біздің билігімізге қарсы оның барлық жерде бас көтергендігінде және мұның өзін мақтан еткендігінде не тұр? Бұл баланың, шәкірттің мақтаны. Сыныпта бұзақылық жасап, мұғалімін қуып шыққан кішкентай балалар не, бұлар не. Бірақ балалардың масайрауы да бітеді, сонда олар қапы опық жейді. Олар шіркеулерді құлатып, жерді қанға бөктіреді. Бірақ, бүлікші болғанмен, қолынан түк келмейтін қорқақ, қауқарсыз бүлікшілер екенін зердесіз балалар ақыр-соңында түсінеді. Оларды бүлікші етіп жаратушы, күмән жоқ, әдейі күлкі ету үшін осылай еткенін де көз жасын көл ғып мойындайды. Олар мұны назаланып айтады, сондықтан мұның өзі құдайға күпірлік ету болып шығады, бұдан олар онан бетер бақытсыз болады, неге десеңіз, адам табиғаты күпірлікті көтермейді, сөйтіп, сайып келгенде, ол бұл үшін сазайын тарта қоймайды. С онымен, сау адамдардың үшін осыншама азап шеккеннен кейін олардың пешенесіне бұйырғаны — тынышсыздық, абыржу мен бақытсыздық болып отыр! Сенің ұлы пайғамбарын алғаш рет қайта тірілуге қатысушылардың бәрін көргенін, оларың саны әр ұрпақтан он екі мыңнан болғанын көрген түстей ғып, астарлап айтады. Алайда, егер осыншама көп болса, онда олар адамдар емес, құдайлар болғаны ғой. Олар сен душар еткен қасіретке шыдап бақты, ондаған жыл шөл далада жел обып, тамыр-тұмырды талғажау еткен аш-жалаңаш тіршілікке көнді — осынау еркіндікпен, еркін махаббат перзенттерін, олардың бір сен үшін өз еркімен осындай керемет құрбандыққа барғандығын сенің әрине, мақтанышпен айтуына болады. Бірақ олардың не бары бірнеше мың болғанын, оның өзі де құдайлар екенін есіңе алып көрші? Ал қалғандары ше? Мықтылар шыдаған азапқа төзе алмағаны үшін қалған қауқарсыз пенделер неліктен кінәлі болмақ? Осыншама сұмдық сыйлықты бойына сыйғыза алмаған дәрменсіз жандарлы не үшін кінәлаймыз? Әлде сен өзің шынында да, жақсы-жайсаңдарға бола және тек солар үшін ғана келіп пе едің? Егер олай болса, мұның өзі біз түсінбейтін бір құпия болғаны ғой. Ал егер құпия болса, онда біздің сол құпияны уағыздап, оларды ең маңыздысы — жүректің еркін қалауы емес, махаббат та емес, ал ар-ожданынан тысқары, санасыз мойынсұнуды тілейтін құпия деп үйретуге хақымыз барды. Біз солай істедік те. Сенің ерлігіңді түзетіп, ғажайыпты, құпия мен беделді оның түп негізі еттік. Сөйтіп, өздерін қайтадан малша айдағанына, осынша азапқа салған ондай сұмдық сыйлықтан бастан құлақ садақа деп, ақыры, құтыла алғанына жәмиғат қуанып қалды. Айтшы, осылай үйретіп, осылай еткенде, біз дұрыс істедік пе? Адамзат баласының дәрменсіздігін соншама мойынсұна зерделеп, оның тағдырын махаббатымызбен жеңілдетіп, оның дәрменсіз жаратылысының күнәкарлығына, біздің рұқсатымызбен болса да, мәулет берілгенде. біздің оны шынымен-ақ сүймегеніміз бе? Енді несіне келдің, бізге бөгет қылуға ма? Момақан кездеріңмен үн-түнсіз, неге мөлие қарайсың маған? Неге ашуланбайсың, сенің махаббатыңа зар емеспін, мен сенің махаббатыңа құштар болып тұрғам жоқ. Мен сенен нені жасырамын? Әлде мені кіммен сөйлесіп тұрғанын білмейді деймісің? Менің не дейтінім саған мәлім ғой деймін, мұны көзіңнен-ақ сезіп тұрмын, Сонан соң, бұл құпияны сенен жасыратын кісі мен бе? Бәлкім, сенің оны нақ менің аузымнан естігің келетін шығар, онда тыңдағын: біз сенімен бірге емеспіз, ал онымен біргеміз, біздің құпиямыз осы! әлдеқашаннан бері сенімен емес, онымен біргеміз, бұған жүзі бояды, Оған дейін сегіз ғасыр бұрын жер бетіндегі патшалық атаулының түгел көрсеткеннен кейін оның саған ұсынған ең соңғы сыйлығын сен наразы болып қабылдамаған соң, біз қабылдап алғанбыз: біз одан Рим мен билік иесінің семсерін қабылдап алып, тек өзімізді ғана жер бетіндегі патшаларымыз және бірден-бір патшалармыз және де ісімізді әлі күнге тындырып үлгермесек де, бірден-бір патшалармыз деп жарияладық. Сонда бұған кім кінәлы? О, бұл іс әлі күнге бастапқы кезеңінде қалып отыр, бірақ ол басталған іс. Оның тамамдалуына әлі талай уақыт керек, оған дейін қара жердің көрер қасіреті әлі де көп болмақ, бірақ біз мақсатымызға жетеміз, билік иесі боламыз, адамдардың бүкіл әлемдік бақыты жөнінде міне сонда ойлаймыз. Ал сен билік иесінің семсерін сонда-ақ қолыңа ала алатын едің ғой. Сен осы соңғы сыйлықты неге қабылдамадың? Құдіретті рухтың осы үшінші ақыл-кеңесін қабылдағаныңда, сен адам баласының жер бетінен іздегенінің бәрін тауып беретін едің, яки: кімнің алдында бас иіп кімге ар-ұжданын беруді, адам баласынын үшінші және ең соңғы азабы бүкіл әлемдік бірігу болғандықтан, ақыр-соңында, барлық адамдардың құмырсқа илеуіндей ұжымдасқан, күмәнсіз жалпы бірлігіне жетуді шешетін едің. Адамзат баласы тұтас алғанда қалайда бүкіл әлемдік бірлестікке әрқашан ұмтылған ғой. Ұлы тарихы бар ұлы халықтар көп болған, бірақ ол халықтар неғұрлым жоғары көтерілген сайын, соғұрлым бақытсыз болған, өйткені адамдардың бүкіл әлемдік бірігуі қажеттігін олар басқа халықтардан гөрі күштірек сезген. Жер-жиһанды жаулап алуға тырысқан ұлы жаугершілер Ақсақ Темір мен Шыңғыс хан жер бетін дауылдатып өткен, бірақ олар да, адамзат баласының бүкіләлемдік, жаппай бірлігінің нақ сол ұлы қажеттігін санасыз түрде болса да білдірген. Жер-жиһанды қабылдап алып, билік иесінің құдіретті қызыл шапанын иығыңа ілген болсаң, дүниежүзілік патшалық құрып, барша әлемде тыныштық орнататын едің ғой. Өйткені адамдардың ар-ұжданын билік етіп, олардың жейтін нанын қолында ұстаушыдан басқа кім оларға әмірін жүргізе алады. Біз билік иесінің семсерін қолымызға алдық, сонан соң, әрине, сенен теріс айналып, соның етегінен ұстадық. О, олардың еркін ақыл-парасатының, ілім-білімінің озбырлығымен, бірінің етін бірі жеген жауыздықпен әлі талай ғасыр өтеді, өйткені олар өздерінің Бабыл мұнарасын бізсіз тұрғызбақшы болғандықтан, бірінің етін бірі жеумен тынбай қоймайды. Міне, сонда хайуаның біздің аяғымызға келіп жығылып, табанымызды жалайтын болады, оның көзінен аққан қанды жас аяғымызды жуады. Сөйтіп, біз оған мініп отырып "Құпия!" деген жазуы бар зеренді көтереміз. Адамдарға тыныштық пен бақытты өмір сонда, тек сонда ғана орнайды. Сен өзіңнің қалаулыларыңды мақтан тұтасың, сенің құзырыңда тек солар ғана, ал біз болсақ баршаны тыныштандырамыз. Сосын бәрі солай ма екен өзі: осы қадауды дегендердің қаншамасы, қалаулы болуға тиісті күштілердің көбісі сені күтуден, ақыры, қажып біткен, сол себепті олар рухының күш-қуаты мен жүрегінің жалынын басқа нәрсеге бағыштады, бұдан былай да соған бағыныштайды, сөйтіп ақыры өздерінің еркін байрағын нақ сенің үстіңнен көтереді. Бірақ ол байрақты сен өзің көтеріп қойдың. Ал бізде барлығы бақытты болады, бұдан былай, сен берген еркіндік тұсындағыдай, барлық жерде бүлік те шығармайды, бірін бірі қырып-жоймайды да. О, олар өздерінің еркіндігінен бас тартып, бізге бағынғанда ғана шын ерікті болатындығына біз олардың көзін жеткіземіз. Сонда қалай, біздікі дұрыс бола ма, әлде өтірік болып шыға ма? Сенің берген еркіндігің оларды қандай сұмдық құлдық пен ашынуға душар еткенін еске түсірген соң біздікі дұрыстығына олардың өзінен-өзі көзі жетеді. Еркіндіктің, еркін ақыл-парасат пен ілім-білімнің оларды шытырманға әкеп киліктіріп, керемет ғажайыптар мен шешілмес құпияларға тап қылатыны соншалық, олардың кейбіреулері, қайсарлары мен қаталдары, өзін-өзі мерт қылады, ал басқалары, қайсар болғанмен, қауқарсыздары, бірін бірі құртады, ал үшіншілері, қалған қауқарсыздары мен бейшаралары, біздің аяғымызға келіп жығылып: "Иә, сіздердікі дұрыс екен, оның құпиясын ашқан тек сіздер екенсіздер, сондықтан біз сіздерге қайта ораламыз, тек өзімізден-өзімізді құтқарыңыздаршы", — деп жалбарынады. Нанды біздің қолымыздан алғандықтан, олардың өз нанын өзіне ешбір ғажайыптарға бармай-ақ үлестіріп бергенімізді, әрине, айқын көретін болады, біздің қара тасты нанға айналдырмағанымызды да көреді, алайда олар шындығында нанның өзінен гөрі, оны нақ біздің қолымыздан алғанына көбірек қуанады! Өйткені бізге дейін олардың тапқан наны қолға ұстай бергенде тасқа айналып кеткенін, ал енді бізге қайта оралғаннан кейін сол тастар қолға ұстаған соң қайта нанға айналғанын олар жадында бекем сақтайтын болады. Ғұмыр бақи мойынсұну дегеннің не екенін олар өте-мөте жоғары бағалайтын болады! Адам баласы қашан осыны пайымдағанша бақытсыз болмақ. Айтшы, осы түсінбеуге көбірек жәрдемдескен кім? Тобырды бөлшектеп, әр тараптағы беймағлұм жолдарға таратып жіберген кім? Алайда тобыр қайтадан бірігіп, қайтадан аяғымызға келіп жығылады және де бұл жолы біржола бағынады. Сонда біз оларға тынышталып, мойынсұнған пенденің бақытын, дәрменсіз болып жаралған пенделердің бақытын береміз. О, біз оларды ақыры тәкаппарсымауға көндіреміз, өйткені сен оларды қолпаштаймын деп тәкаппарлыққа үйреттің. Біз олардың дәрменсіздігін, олардың әлі әлжуаз сәбилер екенін, бірақ бұ жалғанда сәбидің бақытынан тәтті еш нәрсе жоғын дәлелдеп береміз. Сонда олар момақан болады, момын болады, бізге жаутаңдап тұратын, сөйтіп қорыққанда мекиеннің бауырына тығылған балапандарша, бізді паналайтын болады. Олар бізге қайран қалып, бізден зәре-құты қашатын болады, осындай мың миллиондаған тобырдың аптығын басқан біздің күш-қуатымыз бен ақыл-парасатымызды мақтан ететін болады. Олар біздің қаһарымыздан қалтырап жүреді, ақыл-ой шошынып, балалар мен әйелдерше, көзінде жасы мөлтілдеп тұрады, бірақ олар біз жылы қабақ білдірген сәтте-ақ шаттанып, күлімдеп жүре береді, балаша қуанып, мәз-мәйрам болып ән салады. Иә, біз оларға жұмыс істетеміз, бірақ қолдары босағанда біз олардың өмірін көңілді ән шырқалып, қарапайым би биленетін баланың ойыны іспеттес етеміз. О, біз олардың күнәсын да кешіреміз, дәрменсіз жандардың күнәсына көз жұмғанымыз олар бізді жас балаша жақсы көретін болады. Біз оларға, егер біз рұқсат еткен болсақ, кешірілмейтін күнә жоқ дейміз; олардың күнәкарлығына біз жақсы көргендіктен көнеміз, сонан соң бұл күнәға тиісті жазаны, мейлі, өз мойнымызға аламыз. Осылай істейміз де, өйткені жасаған иемнің алдында олардың күнәсын өзіне алған есіркеушілер деп бізді қадір тұтатын болады. Сөйтіп, олар бізден ешқандай құпия сыр сақтамайды. Олардың әйелдерімен, ашыналарымен тұру-тұрмауына, балаларының болу-болмауына рұқсат ету немесе тыйым салу да — мұның бәрі олардың мойынсұнуына қарай — біздің құзырымызда болады, олар бізге шат-шадыман болып, қуанышпен бас иеді. Олар ар-ұжданның ең қиямет құпияларын — бәр-бәрін бізге жайып салатын болады, біз бәрінің шешімін табамыз, ал олар біздің бұл шешімімізге қуана-қуана сенеді, өйткені бұл оларды жалғыз өзінің өз бетімен шешуінің қазіргі орасан уайымы мен қисапсыз қасіретінен құтқарады. Сөйтіп жүздеген мың басқарушылардан басқа, сан миллион адамдардың бәрі бақытқа жетеді. Өйткені тек біздер, құпияны сақтаушылар, біздер ғана бақытсыз болмақпыз. Мың миллиондаған бақытты сәбилер мен жақсылық пен жамандықты ажыратудың қарғысын мойнына жүктеген жүз мың қасірет шегушілер ғана қалады. Олар үнсіз кетеді, сен үшін тыныш көз жұмады, сөйтіп ақиреттің есігін ашқасын ғана өлмек. Бірақ біз құпияны іште сақтаймыз да, оларды көктегі мәңгіге есесі қайтуымен қызықтыра береміз, мұны солардың бақыты үшін істейміз. Өйткені, егер ақиретте бірдеңе бар болса, онда ол, әрине, ондайларға арналмаған шығар. Сені қайтып келіп, тағы да жеңіске жетеді, өзінің тәкаппар, құдіретті қалаулыларын ертіп келеді деп гуілдесіп, сөз қылып, сәуегейсіп жүргендер бар, бірақ біз олар өздерінің қара басын ғана құтқарған болатын, ал біздер баршаны құтқардық демекпіз. Хайуанға, аңға аттай мініп алып, құпиясын құшақтап отырған зинақор қатын масқара болады, дәрменсіздер қайта бас көтеріп, оның қызыл күрең шапанын быт-шыт қып жыртып, "Варам" тәнін жалаңаштайды деп гуілдеседі. Онда мен түрегеліп, саған әлі күнәнің дәмін татпаған мың миллиондаған бақытты сәбилерді көрсетемін. Бақытсыз болсын деп олардың күнәсын мойнымызға алған біздер сенің алдында тұрып: "Егер қолыңнан келсе және бұған дәтің барса, кәне, бізді соттап көрші" — дейміз. Білгің келсе, мен сенен қорықпаймын. Білгің келсе, жапан түзде мен де тентірегенмін, мен де жел обқанмын, тамыр-тұмырды талғажау қылғанмын, сен батаңды беріп адамдарға сыйлаған еркіндікке мен де бата бергенмін, саған ерген қалаулылардың, "санатқа ілігуге" құштар құдіреттілер мен күштілердің қатарына енуге мен де әзірленгенмін. Алайда мен тез есімді жиып, ессіз есерлікке қызмет етуден бас тарттым. Мен қайта оралып, сенің ерлігіңді түзетушілердің тобына қосылдым. Тәкаппарлардан кеттім де, момындардың бақыты үшін сол момындарға келіп қосылдым. Саған бұл айтқанымның бәрі іске асады, біздің патшалығымыз орнамай қалмайды. Қайталап айтам, бізге бөгет жасауға келгенің үшін ертең сені отқа салып өртегенімде, осынау елгезек тобырдың қолымды бір сілтеп қалғанда-ақ оттың қызыл шоғын жалма-жан көсей бастайтынын өз көзіңмен көресің. Өйткені, егер отқа салып үйтуімізге лайық біреу бар болса, ол сенсің. Ертең сені өртеймін. "Dixi!"1

 

Иван іркіліп қалды. Ол қызбаланып, елігіп сөйлеген еді; сөзін аяқтаған соң, кенет жымиып күлді.

 

Оны үн қатпастан, соңына таман тіпті қатты толқып тыңдаған, оның сөзін бөлуге талай рет оқталғанмен, тегі, өзін тежеп ұстаған Алеша, бейне бұғаудан босағандай болып сөйлеп кетті.

 

— Бірақ... мынауың ағаттық қой! — деді шаңқ еткен ол жүзі күреңітіп. — Дастаның, өзің қалағандай... мансұқтау болмай, Исусты марапаттау болып шыққан. Сенің еркіндік туралы айтқаныңа кім иланады? Бұл қалай, еркіндікті солай ұғу керек пе екен! Православие дініндегі ұғым солай ма екен... Бұл Рим, онда да күллі Рим емес, бұл жалғандық — католиктердің ең жексұрындары, жендеттер, иезуиттер!.. Сенің мына жендетің сияқты қиялдағы біреудің болуы тіпті мүмкін емес. Ол адамдардың қандай күнәлары — бұл күнәларды неге өздеріне алған? Құпияны сақтаушылар дегені кімдер, олар адамдардың бақыты үшін қайдағы бір қарғысқа неге ұшырайды? Оларды қашан көріпті? Біз иезуиттерді білеміз, олар туралы пікір жаман, алайда сенің иезуиттерің сондай ма? Мүлде ондай емес, әсте... Олар жер-жиһанда келешекте орнамақ Римнің бас діндары-императоры билейтін бүкіл әлемдік патшалыққа арналған кәдуілгі римдік әскер ғана... олардың ешқандай құпиясыз, қастерлеген мұңсыз мұраттары осы... Жай әншейін билікті, боқ дүниенің қызығын, өздері бай-бағлан болып алатын келешектегі басыбайлы құқық секілді құлдануды көксеу бұл.. міне бар болғаны осы ғана. Олар, бәлкім, құдайға да сенбейтін шығар тіпті. Сенің қасіретшіл жендетің бос қиял...

 

— Тоқта, тоқта, — деп күлді Иван, — сен өзің қызып барасың ғой. Мейлі, қиял десең дей бер! Әрине, қиял бірақ өзің ойлап қарашы: сен соңғы ғасырлардағы осынау католиктік қозғалыстың бәрі, шынында да, боқ дүниенің қызығына бола билік жүргізуді көксеу ғана деп ойлағаның ба? Мұны саған Пансий пірәдар үйреткен жоқ па еді?

 

— Жоқ, жоқ, Пансий пірәдар, қайта, бірде тіпті сенің осы айтқаныңа ұқсас бірдеңені... алайда, ол, әрине, мүлде басқа бірдеңе болатын, — деді сасып қалған Алеша.

 

— Әйтсе де сенің: "мүлде басқа бірдеңе" дегеніңе қарамастан, мынау аса бағалы мағлұмат екен. Менің сенен сұрағаным да сол: сенің иезуиттерің мен жендеттерің тек боқ дүниенің қызығына бола бірігетіні несі? Олардың арасында адамзатты шын сүйетін және ол үшін азап шегуге әзір тұратын қасіретшіл біреу неліктен болмауы керек? Былай жорамалдап көрелікші: боқ дүниенің қызығынан өзгені ойламайтындардың ішінен жапан түзде өзі де тамыр-тұмырды талғажау ғып, өзіне еркіндік алу және мінсіз жетілу мақсатында өзінің тәнін тізгіндей алғанына есірген менің жендет шалым сықылды, тым болмаса, біреу табылған екен делік; сонан соң ол адамзат баласын өмір бойы сүйіп келіп, күндердің бір күнінде санасы оянып, құдай тағаланың қалған сан миллион пенделері тек мазақ үшін жаралғандығына олар өздерінің бас еркіне еш уақытта ие бола 17алмайтындығына, бейшара бүлікшілерден мұнараны салып бітіретін алыптар ешқашан да шықпайтындығына кемеңгер идеалист үйлесімділік туралы армандағанда мұндай қаздарға үміт артпағандығына көз жеткізген соң, адамның мінсіз жетілген ерік-жігерінің жан рақаты мардымсыз екендігін көзімен көрген екен делік. Осының бәрін зерделегесін ол қайтып келіп... ақымақ жандарға қосылған ғой. Неғып осылай болмады екен?

 

— Кімдерге, қайдағы ақылман жандарға қосылыпты? — деп қызбалана айқайлап жіберді Алеша. — Оларда ондай ақыл да, ондай құпия мен жасырын сыр да жоқ... Олар — құдайсыздар ғой, барлық құпия осы ғана. Сенің жендетің құдайға сенбейді, оның бар құпиясы осы!

 

— Мейлі, солай-ақ болсын! Ақыры, сен дәл түстің. Шынында да солай, барлық құпия шынында да тек осында; бірақ бүкіл өмірін жапан түздегі ерлік ісіне сарп етсе де, адамзатқа деген сүйіспеншіліктен айықпаған, сондай біреуге болса да қасірет емес пе екен бұл? Дәрменсіз бүлікшілердің, "күлкі үшін жаратылған, шала піскен жандардың" қалт-құлт тіршілігін тек ұлы қорқынышты рухтың ақыл-кеңесімен ғана қамтамасыз етуге болатындығына оның көрер жарығы таусылар шақта ғана айқын көзі жетеді. Сөйтіп бұған көзі жеткен соң, ол зерделі рухтың, өлім мен бүліншіліктің қорқынышты рухының ақылымен жүру керегін ұғады, бұл үшін өтірік пен алдап-арбауды қабылдап адамдарды өлім мен бүліншілікке қарай бастау қажеттігін, сонсоң осынау көрсоқыр бейшаралар, тым болмаса, жолда өздерін бақытты сезінуі үшін оларды қайда апара жатқанын білмесін деп жол бойы алдау керегін де түсінеді. Байқаймысың, шалдың өмір бойы кәміл сенген мұраты алдау-арбау екен! Бақытсыздық емей не бұл? Егер "боқ дүниенің опасыз қызығынан өзгені ойламайтын" бүкіл осынау қалың қолды басқаруға сондайлардың біреуі келсе, онда қайғы-қасіретке ұшырау үшін осының өзі-ақ неғып жеткілікті болмас екен? Ол ол ма: ақыр-соңында, барлық әскерімен, иезуиттерімен қоса қабат күллі римдік іс-әрекеттің шынайы басшылық идеясы, осы істің жоғарғы идеясы табылуы үшін басшылық етуші осындай жалғыз біреудің өзі де жеткілікті. Саған турасын айтсам, қозғалыстың басы-қасында тұрғандардың арасында мұндай жалғыз-жарымдардың ешқашан азаймағандығына мен кәміл сенемін. Кім біледі, ондай бірен-сарандар, бәлкім, римдік бас діндарлардың арасында да болған шығар. Кім біледі, адамзат баласын осыншама беріле һәм елден ерек сүйетін сол қарғыс атқан шал, бәлкім, көптеген сондай жеке қариялардың тұтас бір тобыры түрінде қазір де тірі шығар және де кездейсоқ емес, бейбақыт, дәрменсіз, жандары үшін, құпияны сақтау үшін әлдеқашан құрылған жасырын одақ түрінде, келісім есебінде бар шығар. Бұл сөзсіз осылай және нақ осылай болуға тиіс те. Маған тіпті масондардың түп негізінде де дәл осы құпия тәрізді бірдеңе бар секілді, католиктер оларды сол себепті жек көріп, өздерінің бақталасы санайтын табын да біреу, бақташы да біреу болуға тиістігіне қарамастан, идея бірлігін бөлшектеу деп қарайтындар секілді болып көріне береді... Әйтсе де, мен өз ойымды қорғағанда сенің сыныңа төтеп бере алмаған жазушыға ұқсадым ғой деймін. Жетер, осымен тамамдайын енді.

 

— Бәлкім, сен өзің масоп шығарсың! — деп қалды Алеша кенеттен. Сен құдайға сенбейсің ғой, — деді ол сосын қатты мұңайып. Бұған қоса, ағасы оған мысқылдай қарайтындай көрінген. — Дастаның немен аяқталады, әлде бітіп те қалды ма? — деп сұрады ол кенет төмен қарап тұрып.

 

— Мен оны былай тамамдамақ едім: жендет сөзін аяқтағасын өзінің тұтқыны қалай жауап берер екен деп біраз күтіп тұрады. Оның үндемегеніне жендет қана болады. Бірақ оның бағанадан бері мұның жанарынан көз алмай, тегі, ешқандай наразылық та білдіргісі келмегендей, сөзін ықыласымен, тыныш тыңдағанын ол байқаған. Жанға бататын, ащы шындықты айтса да мейлі, шал оның әйтеуір бірдеңе дегенін тілеген. Алайда ол ләм деместен, тоқсандағы шалға жақындап барады да. кезерген ернінен ақырын сүйеді. Бар жауабы осы ғана. Шал селк етеді. Оның езуінен қандай да бір емеурін сезілгендей болады; ол босағаға қарай барып, есікті ашып тұрып: "Жүре бер, бірақ енді қайтып оралма... мүлде келме... ешқашанда, еш уақытта көрінбе!" — дейді оған. Сөйтіп, оны "шаһардың қараңғы алаңына" шығарып жібереді. Тұтқын кете барады.

 

— Ал шал қайтты?

 

— Ернінен сүйгені жүрегін жандырса да, шал бұрынғы идеясынан таймады.

 

— Онымен бірге сен де солайсың ғой? — деді Алеша күйінішпен. Иван күліп жіберді.

 

— Алеша-ау, мұның сандырақ екенін неғып сезбей тұрсың; өмірінде екі шумақ өлең жазбаған зердесіз студенттің парықсыз шатпағы емес пе бұл Жоқ нәрсені шын көргенің не? Оның ерлік ісін түзетуші адамдардың тобырына қосыла кету үшін мені иезуиттерге жүгіре жөнеледі деп ойлаудан саусың ба өзің? Құдай сақтасын, өйтетіндей не болыпты маған! Саған айтпадым ба: маған ілдалдалап отызға жетсем болды, ар жағында — қолымдағы зеренді жерге бір-ақ лақтырамын!

 

— Жабысқақ жапырақшаларды, қымбат бейіттерді, көгілдір аспанды, сүйікті аруларды қайтпексің! Қалай өмір сүрмексің, оларды қалай сүймексің? — деді күйінішпен Алеша. — Көкірегің мен басың мұндай сұмдыққа тұнып тұрғанда, бұл мүмкін бе? Жоқ, сен соларға барып қосылу үшін ғана кетіп бара жатырсың... өйтпесең, өзіңді-өзің мерт қыласың, шыдамайсың!

 

— Бәріне төзетін ондай күш бар! — Иван ызғарлы мысқылмен күбір етті.

 

— Ол қандай күш?

 

— Карамазовтардың... карамазовшыл арамза күш ол.

 

— Бұзықтыққа белшеден батып, жаныңды азғындыққа қор қылу ма, солай ғой, а?

 

— Мүмкін, солай да болар... тек отызға дейін, бәлкім, өйте қоймаспын, ал ар жағын...

 

— Қалай өйтпейсің? Қандай амалың бар? Мынадай оймен ол қолыңнан келмейді.

 

— Тағы да карамазовшылаймын.

 

— Бұл "барлығына рұқсат" етілгендіктен бе? Әй, қайдам, барлығына рұқсат бола қояр ма екен?

 

Иван қабағын түйді, сосын бір түрлі бозарып кетті.

 

— А, Миусовты шамдандырған кешегі бір ауыз сөзді енді сен іліп әкеткенің бе? — деп зілдене мырс етті ол — Сол арада Дмитрийдің аңғалдықпен киліге кетуінің жөні жоқ-ақ еді... Егер олай делініп қалса, онда: "барлығына рұқсат" дей бер. Безінбеймін. Сонсоң, Митеньканың түзеріңкірегені де жаман болған жоқ.

 

Алеша оған үнсіз қарап тұрған.

 

— Бауырым, алыс жолға аттанғалы жатқанымда бұл дүниеде, тым болмаса, сен барсың ғой деп көңілге медеу тұтып едім, — деді заматта тебіреніп кеткен Иван, — байқаймын, менің сүйкімді тақуам, енді сенің жүрегіңде де маған орын жоқ секілді. Мен "Барлығына рұқсат" деген қағидадан бас тартпаймын, онда тұрған ештеңе жоқ, бірақ осыған бола сен менен безбейтін шығарсың деймін, солай емес пе?

 

Алеша түрегеліп, ағасына жақындап барды да, оның ернінен ақырын ғана сүйді.

 

— Әдеби ұрлық қой бұл, сен мұны менің дастанымнан ұрлағансың! — деп бір түрлі шаттана қалған Иван айқайлап жіберді. — Алайда, рахмет. Түрегел, Алеша, кеттік, саған да, маған да кететін уақыт болды.

 

Олар сыртқа шыққасын трактирдің баспалдағында біраз тұрды.

 

— Былай, Алеша, — деді Иван бекем үнмен, — егер жабысқақ жапырақшаларға шынында да шамам келсе, онда мен оларды сені еске ала отырып сүйетін боламын. Осында бір жерде тірі жүргенің жетеді маған, сен барда өмірден түңілмеспін деймін. Саған осы жеткілікті ме? Қаласаң, бұл сөзімді сені жақсы.көретінімді айтқаным деп біл. Ал енді сен оңға, мен солға кетемін - жетер, естимісің, жетер. Яки, егер ертең алда-жалда кете алмасам (бірақ кететін шығармын), сөйтіп екеуміз әлде қалай тағы бір кездессек, сен бұл тақырыпта ләм деп ауыз ашпайсың. Қатты өтінемін. Сонсоң, Дмитрий жөнінде де, сенен ерекше өтінемін, менімен енді ешқашан да әңгіме бастама, барлығы таусылған, бәрі сан рет айтылған, солай емес пе? — деді тағы да ол кенет қабақ шытып. — Ол үшін мен, өз тарапымнан, саған бір уәде беремін: Отызды қусырған шақта "қолымдағы зеренді жерге бір-ақ лақтырғым" келгенде, қайда жүрсең де, тағы бір сұхбаттасу үшін саған... Америкадан болса да келемін, мұны біліп қой. Әдейі келемін. Сонда сенімен тағы бір жүздесуден артық ғанибет болар ма екен: онда сен қандай боласың? Көремісің, анау-мынау емес, салтанатты уәде бұл. Ал шындығында екеуміз, кім біледі, бәлкім, жеті, не он жылға қоштасып тұрған шығармыз. Ал енді өзіңнің Рахег Seraphicus-ыңа бар, ол әл үстінде жатыр ғой; сен жоқта өліп кетсе, мені бөгеп қалып еді деп, маған өкпелеуің мүмкін. Көріскенше күн жақсы, мені тағы бір сүйші, міне былай, сосын кете бер...

 

Иван жалт бұрылып, өз жөнімен кете барды, артына бір қараған да жоқ. Кеше Алешадан ағасы Дмитрий де осылай кетіп еді, бірақ оның жөні басқа болатын. Осал сәтте ақыл-ойын қайғы-қасірет билеген мұңлы Алеша бір нәрсені байқағанда қайран қалды. Ол ағасының артынан біраз қарап тұрған. Иванның бір түрлі шайқала басып бара жатқанын, артынан қарағанда, оның он иығы сол иығынан төмен секілді көрінетінін Алеша енді ғана байқады. Бұрын мұны еш уақытта сезген емес еді. Сонсоң, ол да жалт бұрылып, монастырьға қарай жүгіре жөнелді. Ымырт үйіріліп қалған, сондықтан ол қорқайын деді; оның ішінде жаңа бір сезім үдей түскен-ді, бірақ ол бұған жауап таба алмас еді. Кешегідей, тағы да жел көтерілді, ол мінәжатхана орманына кірген соң, айналадағы тұнжыраған жүз жылдық зәулім қарағайлар гуілдей жөнелді. Ол жүгіре басып келе жатқан. "Paxcr Seraphicus"— бұл есімді ол бір жерден алған, бірақ қайдан алды екен? — деп ойлады Алеша. — Иван, қайран бауырым, сені енді қашан көрер екем... тәңірім-ау, мінәжатханаға да жетіп қаппын ғой! Иә, иә, бұл соның өзі, бұл — Paxcr Seraphicus, ол мені... одан мәңгіге құтқарады!".



Иванмен қоштасқаннан кейін ол Дмитрийді таңертең ғана, не бары бірнеше сағат бұрын, қалайда іздеп таппақшы болған үлкен ағасын, тіпті сол түні монастырьға қайтпаса, көрмей кетпеуге бекінгенін қалай ғана тез ұмытқанын кейіннен бірнеше рет таң-тамаша болып есіне түсірген еді.

 

«Ағайынды Карамазовтар. I»

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты