Абзал Сүлеймен (Abzal Suleymen). Желге ұшқан түстер

c0f0aeba9add49fb1671f2be9dc10abb.jpg (1280×960)

Тағы біз,
Тәніміз байланған қараңғы көшені кезуге мәжбүрміз,
Біздің көзіміз де, қолымыз да байланған.
Жалаңаш ағаштар қолдарын созып шақырады тағы —
жел ізін салған көшеге…
Яки бір қыстың,
Яки бір күздің
салқыны кезеді,
самалы еседі,
Көп қабатты үйлерді әлдилеп.
Түс пен өңнің сірескен жібін үзуге тырысып.


Үнсіз бақылауға ғана жетеді шамамыз,
Қолымыздан жел болу жайлы армандау ғана келеді…


Адам дүниетанымы қалыптасу барысындағы ерекше бір кезең «мен, сен және ол» туралы түсініктің орнығуы. Бұлар бір тұғырдың үш жақтылы көрінісі. Анықтап айтқанда қарапайым қайшылық теориясының күрделі күйі. Қарама қарсылықтың бұлжымас бірлігінің тасасында жатқан жаңа қайшылық немесе біртұтастыққа түскен сызат. Мұндай сызат біреу емес немесе ол үздіксіз ұлғая беретін сызат. Уақыт көшінде, мәдениеттің екшеуінде қалыптасқан танымдағы әлгіндей тұрақтылық жоғарыдағы себепті соңында жаңа тұрақсыздыққа апарып соғып отырады. Теңіздің толқыны жағаны бар күшімен ұратыны сияқты. Ал таным қашан да тұрақты дүниеге үйір, соған бүйрегін бұрып тұрады. Жағадағы жартас сияқты.

Абзал Сүлейменнің «Желге ұшқан түстер» өлеңін оқып отырғанда, маған: «ақын неге «біз» деген сөзге айырықша мән, салмақ берді екен», деген ой келе қалды. Бүкіл өлең бір адамның үнінен тұрады, бірақ, ақын онда «біз» дегенді барынша көрнектілендіруге тырысады. Неге? Ақын танымындағы біртұтастыққа түскен осы сызаттан ішке үңілгенде, біздер нені көре аламыз?

Өлең дәстүрлі қазақ өлеңінен басқа түйсікке құрылған. Онда алдымен тұлғалануға бейім тұрақты ұғым жоқ. Ақын қалыптасқан ұғымға емес түйсігіне көбірек мән береді. Әрине ол түйсік қалаға қатысты деталдардан тұрған. Ол деталдар «көше», «жалаңаш ағаш», «жел». Бұларды байланыстырған дәнекер лирикалық «мен» және оның «байланған» көзі мен қолы. Бұл байланысудан өлеңнің жалпы ағыс, ауаны – лирикалық әуені туындайды. Өлең тұрақты ұғымның орнына оқырманға осы әуенді, үнді ұсынғысы келеді. Бұл бағыт модернистік лириканың тынбай ұмтылатын, бағындырғысы келетін бигігі екенін біз жақсы білеміз. Ендеше, осы үннің тасасында не жатыр? Ол нені аңғартқысы, жеткізгісі келеді? Ол – лирикалық «меннің» уақытты сезінуі. Бұл сезіну түйсікпен ғана тынады, оны біреуге «айтып беру» мүмкін емес нәрсе. «Өмір өзен» десе, ойыңа бір шоғыр дүние келуі мүмкін. Ал мұнда ондай - сені мен маған ортақ дүние жоқ. Мұнда уақыт туралы жеке тұлғамен ғана шектелетін түйсік қана бар. 

(Ақынға, жеке тұлғаға тән түйсікте ғана әуелде айтқан айқын парықты үш жақтылықтың басы ажырағысыз, логосизмнен аулақ жағдайда қосыла алады. Жалпы модернистік поэзияның түп қазығы да осы түйінде көзге түседі.)

Ендеше, жаңа қайшылық туындайды. Ол қайшылық: ақын неге жеке басқа ғана тән дүниені (өлеңдегі түйсікті оқырманның ішінде өте аз сандағы адам ғана іліп алып, жан тынысымен үндесе, сезіне алуы мүмкін) жазып отырып, «біз» дегенді тықпалай береді? Мен мұны Абзал Сүлейменнің ақындық жолдағы бастан кешіп жатқан кешірмесінің бір көрінісі, деп түсінемін. Онда өткеннің елесі бар, бүгіннің қайшылығы да көрініс береді. Бастысы қазақ поэзиясының күрделі түйсікке қатысты түйіндерді шешуде, бұған дейін жеңе алмаған кемшіліктерінің жас ақындар шығармашылығында орын алуы жатыр.   


Ardakh Nurgaz

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты