Ouyang Yu. Жалғыз ағаш (独树)
I
Ақ қағаздың бетінде,
Өлең жоқ кез,
Қалам бар.
Сол қалам сенсің - жалғыз ағаш.
Сенің әлемің өзіңе ғана тиесселі:
Ол - жазық, ол - ой-шұңқыры көп қырат.
Үнсіздікті баурына басқан,
Көгілдір нілмен суарылған бір мекен.
Тамыздың шамырқанған шаңытында,
Тұрасың сен бір уыс көлеңке болып.
Көлеңкеңде жылжып аққан өмір – өзен.
Алыстан біреу таң қалып,
Фотoапаратын кезесе.
Сен ілезде бұлт етіп құбыла қаласың.
Біз саған «не қылған жалғыз ағаш бұл» деп қараймыз.
Сен болсаң:
«Не қылған саусылдаған темір-терсек сүйреткен біреулер» деп қарайсың-ау шамасы.
Сен тіл қатпайсың, жұмбақсың
Тіршіліктен нәр төгіп тұрсаң да.
Сен де жоқ жалғыздық деген
Дерт.
II
Қайда жүрсем де, жалғыз ағаш
Сені көрем.
Далада,
Көлікке қол бұлғап артымда қала беретін.
Мынау алып ұшқан постғасырдың жылдамдығында
Жырақтамыз.
Бір сәт сенің қасыңа қала тұра алмаймыз.
Сен бізден әлдеқайда бұрын, осындасың
Желмен серіктессің,
Қашан да қалауың басқа.
Сыңсыған орманның шуылысың сен,
Тыныштықты ішіне бүккен.
Әр тал жапырағыңа тіршіліктен сырға таққан.
Сенен алыстаған сайын,
Бір өкініш өксіп келеді өзегіме.
Келеді де өлеңіме енеді.
Сені шын көре алмайтыным анық,
Қаншалықты көргім келсе де.
Сен жарықта тұрсаң, мен түнге сіңіп бара жатамын.
Ақын Ouyang Yu-дың 9 өлең жинағынан қазақ тіліне бір кітап аударуға тиіс едім. Австралияның «Австралия әдебиетін-мәдениетін шет елдерде нәсиқаттау қорының» қаржылай қолдауымен кітап Қазақстанда «Arna-B» баспасынан алдағы наурыз айында жарық көруге тиіс. Бір жылға жалғасқан жұмыс та соңына жетіп қалды. «Жалғыз ағаш» осы кітапқа енген өлеңдердің бірі.
Ақын Ouyang Yu сұрапыл көп жазатын ақындардың санатына жатады. Өлең жинақтарынан тыс роман, зерттеу, аударма (қытай тілінен ағылшын тіліне және ағылшын тілінен қытай тіліне), т.б. кітаптары жүзден асады. Содан да болар өлеңдерінде қай тұрғыдан қарасаң да жаттандылы жоқ, есесіне суырып-салмалық басым. Ақын бір сәттік түйсіктің болмысын ұстап қалуға, соны сөзбен өрнектеуге ұмтылады. Ол сезім, ол түйсік, бір құбылса жоқ болуы мүмкін. Поэзиядағы бұл бағыт өзі бір үлкен арна. Оны алғадайлық, деп атауға да болады. Қырық жылға жалғасқан шығармашылығында ақын бастан-ақыр осы ұстанымынан айнымағанын аңғарамыз. Қазақ тілінде жарық көргелі отырған жинақтан да соны байқай аласыз.
Ardakh Nurgaz