Нұржан Манап (Nurzhan Manap). Әз наурыз
Әрі жұмсақ,
Әрі аппақ,
Наурыздың соңғы ақ қары,
Жарасым тауып табиғат әсем бақтары.
Құт ұялап, мейір тұнып далада
Жарқырап тұрды ауылдың көкшіл аспаны.
Жарқырап аспан,
Жамырап тілек көңілден,
Еншісін алып өмірден.
Ата салтын қадірлеген халықпыз,
Бірге жасадық табиғатпен, өмірмен
Тірлік кештік құшағында даланың,
Тарлан тауларға қадап келген жанарын.
Мерейленіп келе жатты жанымыз,
Рухы биік қасиетінен бабаның.
Дүбірлеткеміз Ұлы даланың алқабын,
Ер бабалар қан кешті алқабында Арқаның.
Самарханның тасын балқытқан әз наурыз,
Мерейі еді түркі тілдес баршаның.
Бұл күн біздер көзін ашқанбыз бұлақтың,
Көк тал еккенбіз жағасында тұрақтың.
Қар суынан қасиет тауып Жер-ана,
Көгеріп шөптер, бақшалар әсем гүл ашсын.
Тұрды бүгін жақсы тілектер жамырап,
Әз наурызбен табиғат тұрды жадырап.
Әжелер қолынан ішкенде дәмді көжені,
Қара тастардан қайнап шықты бал бұлақ.
Батыр елміз ізі қалған қатпарында тарихтың,
Санатты елміз көкке шығып тілін білген ғарыштың.
Сүйегі асыл сүлей бабам жатпай ма?
Құшағында буы алтын табиғаттың.
Сансыз ғасыр күн тірлік кешкен күн бабам,
Даланың мұңын жүрегімен тыңдаған.
Еуропаны тітіреткен ерлігі,
Нұрдан жаралған «Мөде» атты ғұн бабам.
Кешсе де бабам қанды қырғын мың азап,
Жойылған жоқ жер бетінде шын қазақ.
Наурыз тойы тойланады мәңгілік,
Жер бетінде қалсадағы бір қазақ.
Ұрпақ жалғап ата-баба дәстүрін,
Тектілікке жаны үйір,
Тебінді болсын жас буын.
Рухыңды тонатпа мәңгі әз халқым,
Бойыңда бар қасиеті қасқырдың.
1990 жылы болатын. Жоғары оқу орнына барып тіркеліп, медициналық тексеруден өтіп жатқанбыз. Онша кеңде емес кіреберісте, жаңа қабылданған түрлі мамандықтағы бірінші курстың студенттері кезек күтіп тұрған едік. Менің қасыма бір жігіт келіп тұра қалды. Бұрылып қарадым. Қара торы өңді, шаштары бұйра, менен бойы сәл биіктеу жігіт екен. Тілдескеніміз жоқ. Тек аман-аулық білдіргендей бас изесіп қана тұра бердік. Міне, осы жігіт Нұржан Манап еді. Келесі күні екеуміз бір сыныпта отырдық. Кейін қатар жүріп, қатар тұрдық. Арамыздан қыл өтпейтін, айтпай-ақ бір-бірімізді түсінетін достар болдық. Біздің сыныпта отыз төрт оқушы болды, соның ішінде өлең жазатын үш студент бар еді. Химия пәні тапсырма кітабының соңғы парақтарында өлең шумақтары жүретін. Сондағы өлең құмар жанның бірі Нұржан Манап еді...
Міне, арада отыз жылдай уақыт өтті. Нұржан, сол баяғы Нұржан. Ақындықта өз өрісі, өз үні, өзіне ғана тән лирикасы бар ақын. Бірнеше кітаптың авторы. Бастысы, поэзияға адалдығын ешқашан жоғалтқан жоқ.
Ardakh Nurgaz