Pablo Neruda. Күзгі өсиет

196e101ad745b6a6b599dd149e5c1055.jpg (800×533)

(The photo was taken from the internet)


Матильдам менің!

Тыңдағын мені, таң нұрлым:

Қуаныш-күлкі, қайғымның

Сыбаға сыйын тағдырдың,

Сәулесін, нұрын Ай, Күннің –

Бәрін де саған қалдырдым.


Бір саған менің құмарым

Теңіз ғой қимас жағаны.

Күн жетіп көрге құлармын –

Сезімім сенде қалады.


Қалдырдым саған, қимасым,

Лаулаған махаббатымды.

Сол болсын менің мирасым

Қалдырған саған ақырғы. 


Мен үшін туған, жыр үшін

Жалғызсың, жаным, жалғанда.

Түстіктің нәзік гүлісің,

Тәттісің ыстық наннан да.

Көкірегің толы күміс үн,

Пәк жаның таза ардан да.


Жаралғансың сен, жарқыным,

Ылғи бір әсем әуеннен

Жүргенде мұң боп әр түнім

Өзіңді тапқам әрең мен.


Сәбидей сонда балқыдым

Аналық төстен нәр емген.

Таба алмай шыдам жарты күн

Мен ергем саған, ән ерген. 

Қиялда көріп, алтыным,

Іздегем сені әлемнен,

Іздегем сені бар елден. 


Біздің жер мынау қашаннан

Қайғы мен шерден қан жұтып,

Көзіне талай жас алған,

Тұмансыз атар таң күтіп.


Осынау жерге қатерлі

Естілген ылғи жұтаң үн,

Нұр бейнең сенің әкелді

Орманның інжу жұпарын,

Шыршаның жасыл бұтағын,

Көктемнің мөлдір жаңбырын,

Талма түс шақтың бар нұрын.


Сен келдің, жаным, жарқылдан

Жаралған ба едің, таң-нұрдан!

Бағым боп келдің, алқымдап

Тартысып алған тағдырым.


Айым боп тудың алдымнан,

Гүлім деп тердім шалғыннан.

Әйтеуір мені арылттың

Жалғыздық салған бар мұңнан.


Сен жеңдің мені, арманым,

Мабхаббатыңмен құлап тым.     

Ернінен сездім бал дәмін

Сарқылмас мәңгі бұлақтың.

Сездім мен атар таң барын,

Құштарлық билеп гүл аттым.


Сүйіктім, сенің бар денең

Туған жер сынды тәтті екен.

Екеуің барда зарлы емен, -

Тартпайды жұмбақ – жат мекен.


Жақындап кетсең жаныма

Сеземін исін шалғынның.

Сеземін исін сан гүлдің.

Кеудемнің жұпар бағында

Қалдырсам екен енді не?


Күз келді.

Қауіп таңғы ызғар...

Жете алмастаймын бақытқа.

Жапырақтарды жалғыздан

Түсіріп жатыр уақыт та...

Сен болсаң менің жырымды

Отырсың қарап жерінбей.

Жалғанымды да бұрынғы

Қарайсың қайта ерінбей,

Өткіздің талай күніңді

Таңғы ұйқыдан да жеңілмей.


Егер маған өмірде

Кездеспей кетсең, асыл жан,

Сәуледей нәзік саусағың

Сыйпамаса егер шашымды

Күн кешер едім жабырқау,

Қалпыммен мұңды, ашынған.


Мына мен байқұс жүрер ем 

Қаңғырып қайда, қай жақта?

Жылаусыз, жалғыз түнер ем

 Япырай, қандай аймақта?


Автобустарда жол үсті

Ауырып-сырқап қалар да ем.

Табынтқан мені, о күштім,

Не айтам енді саған мен?!

Өзіңмен жүріп жыладым,

Өзіңмен шалқып күлдім мен.

Сарқылмас мәңгі бұлағым,

Аспаным мәңгі Күн күлген!


Ынтыққан екі жүректі 

Бақытпен матап байладың,

Мендегі қайғы - түнекті

Лақырдың.

Сонда жайнадым,

Ырзамын саған сол үшін!


Борыштымын ғой мен саған

Шабытты жыр мен ән үшін,

Сенімен атқан таң үшін,

Өмірдің барлық мәні үшін,

Қарызбын саған бәрі үшін,

Матильдам менің!


Аударған Фариза Оңғарсынова

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты