A.Dante. Құдіретті комедия
Тамұқ
Бірінші жыр
Бұл фәниде жарты өмірді жасадым да, әрі астым,
Әрі астым да, қара орманға қапелімде жанастым.
Ойпаттағы опа көрген оң жолымнан адастым.
Ежелгі оның қорқынышын есте тұтып келемін,
Үрей бұққан тағы орманды тажалдайын көремін.
Қандай еді ол, пәруәрдігер, қалай айтып беремін!
Сұрқай еді-ау, өлім одан әлдеқайда сұлу-ды,
Бірақ онда бір игілік мәңгі-бақи бұғулы,
Бәрін де айтам, нелер көрдім, нені жүрек ұғынды.
Есімде жоқ, алқапқа қалай барып қалғанмын,
Анық ізден адасқанда абдырадым, таңдандым.
Сайқымазақ сұм ұйқының сайтанына алдандым.
Бөктеріне жон-жотаның жақынырақ келгенде,
Қыратқа кеп иек артқан атырапты көргенде,
Аузыма кеп тығылады жатқан жүрек кеудемде.
Көрдім сонда, қос жанарым жалт етіп бір ашылып,
Айналаға жол сілтеген аппақ нұрлар шашылып,
Жадырап тұр алып таудың иығына асылып.
Сонда ғана жаным еркін жадырады, жай тапты,
Тұла бойда тулаған қан жайыменен қайта ақты.
Тұңғиық түн тұралатып, жан азабын байқатты.
Тал қармаған шыңыраудан шыққан пенде алайтын,
Жағаға кеп, әзер дем ап, құтылдым деп санайтын.
Артындағы үрей шашқан толқындарға қарайтын.
Солай менің рухым да құрақ ұшқан, шошынған,
Бір үміттің сәулесіндей сапарыма тосыннан.
Хақ-ажалға апаратын хас-соқпақта тосылған.
Төрт мүшеме сәл дем бердім қалжыраған, қаңсыған,
Өрмеледім өрге қарай тағат алмай бар шыдам.
Ал табаным тіреу болды жердің төсін жаншыған.
Ылди төмен, мекен етіп балқып жатқан баурайды,
Құйқылжыған бір сілеусін құйындайын аунайды,
Әшекейлі таңғажайып тарғыл жүні лаулайды.
Шыр айналып тұрып алды сол сілеусін көлденең,
Сол қауіпті шыңыраудан шыға алмаймын, сенделем.
Кері қайтып, қорғансам деп, сәл абдырап көрген ем.
Тамаша құн тұғырында, таңсәріде, ерте еді,
Шок, жұлдыздар бірін-бірі ұзатады, ертеді,
Айнала бір тұнып тұрған, тұнып тұрған ертегі.
Құдіретті махаббат көп жұлдыз шоғын қозғады,
Сол бақытты сәтке сеніп, жігерім де тозбады.
Жүрегімде тулай ағып қаным дағы қозбады.
Алабажақ тағыға мен қарап тұрып алыстан:
Тағы да бір құбыжықпен зәре ұшыра табысқам.
Қарсы алдымда қасқайып тұр айғыр жалды арыстан.
Қарсы қарап келе жатыр, жалмайғұғын секілді,
Аштық буып, айбат шегіп, үрей бүркіп өкірді.
Тұнып тұрған жан-жағымның тынышын да кетірді.
Аран ашып, толтыра алмай ашкөздіктің қоржынын,
Қаншық бөрі ілесті де, арыстанға болды күң.
Көргенде оны құты қашқан талай-талай сорлының.
Өңменіңді тесіп тұрған қанды көздің алдында,
Айлам құрып қапаландым, құтылып көр, ал, мұнда.
Армандаған биігімнен адастым ба, қалдым ба?!
Қоңыз-дүние қоламтасын қалт жібермей қурайтын,
Бір сараңдар болушы еді аш өлуге шыдайтын.
Бастарынан дәулет тайса қайғыратын, жылайтын.
Мен де солай абдырадым, сабырсыздық жаншыды,
Қыр соңымнан қалар емес аш бөрінің қаншығы,
Ықтырады түнекке бір, сәуленің жоқ талшығы.
Қу далаға құлатты әкеп қорқыныштың өр күші,
Қарсы алдыма келді сонда қалжыраған ер кісі.
Қалжырапты кейпіңде бар үнсіздіктің белгісі.
Мұңды үнмен жалына бір, сол адамды болжадым, —
"Мейлің әруақ, мейлің адам, мейлің елес бол, жаным,
Құтқар мені, құтқар мені, бұ пәледен қорғағын!".
Үн қатты ол: "Адам болғам, қазір адам емеспін:
Ломбардтар ұрпағымын, сол рудан мен өстім,
Мантуяны ломбардтар отаны емес демес кім?
Юлий Цезарь кезінде мен кеш болса да туғанмын,
Августқа мен арқа сүйеп, Римде де тұрғанмын.
Қасиетті сол жандарға халық тағлым қылған мың.
Ақын едім жырға сенген, жырдан рахат сезгемін,
Анхиз ұлы секілденіп аулақ жаққа кезгемін.
Жалын құшқан Троядан жанұшыра безгемін.
Бар қуаныш бастамасы, себебі мен қорегі,
Шұғылалы шында неге сүйдірмейсің денені?!
Артындағы азап-сорға неге кайтқың келеді?".
Апырау, сен, Виргилий ме, бар әлемге жыр құйып,
Мөлдіреген бұлақпысың, теңізбісің тұңғиық?" —
Дедім дағы тайды жүзім, барлық жүйем турды иіп.
О, шамшырақ, ар мен ождан, жыр төресі жер-көкте,
Құрмет көрсет махаббатқа, қажымайтын еңбекке.
Демеп жібер, келдім міне, қауымыңа еңбекке!
Тағлым тұғын, тәрбие алған ұстазымсың сен менің,
Әлі есімде әсем жырды мұра қылып бергенің.
Әсем жырың аралап жүр барша әлемнің елдерін.
Келші маған, медет берші, о, көреген Адамым,
Жыртқыш тағы тұңғиыққа тықсырады, қарағын!
Қыл үстінде құрақ ұшып, қалтырап мен барамын!
Үрейімді көріп менің тар қапаста қалғанда,
Жаңа жолды тиістісің, — деді маған, — таңдауға,
Бел байлайсың артыңдағы жабайы інге бармауға.
Сені аңдыған қаншық бөрі — қанішерлер қу аңы,
Өсіп келе жатқандарды өлтіреді, қуады.
Жолындағы заттың бәрін жалмайды да, тынады.
Ол өзі бір қайырымсыз, қанды ауызды сұрапыл,
Жемді көрсе, бір азуын бір азуына ұратын.
Ол өзі бір обыр жауыз, жалмайтын да жұлатын.
Көрінген бір мақұлықпен құшақтасып аунайды,
Ол әзірге алдарқатып талайларды алдайды,
Қара Төбет келген күні қарасы оның қалмайды.
Жер бетінің байлығына ол бас ұрмайды, тайқайды,
Ар, махаббат, ақыл-парасат не екенін байқайды,
Мемлекеттік құшаққа алып, меңіреу түңді шайқайды.
Камилла, Нис, Эвриал, Турн өлген жерлерде,
Жауына жай түсіретін жаратылар өр кеуде,
Италия қалқаны боп қалар мәңгі өлмеуге.
Күншілдіктің құрты қозып желіктірген — "жарыққа",
Қаншық бөрі қашып барып, енсе дағы табытқа.
Желкесінен сүйреп шығып, қақтайды ол Тамұқта.
Саған айтам, айтам саған, сөз кезегі келгенде,
Мына жерден әкетемін, құры босқа сенделме,
Ер соңымнан, алып барам махшардағы елдерге.
Сонда естисің боздауларды, қарғыс отқа қарылған,
Атам заманғы рухтарды азап-сорға таңылған,
Басқа өлімді арман етіп, босқа көксеп жалынған.
Ұжмақтағы пенделерге қосылуды қалаған,
От ішінен көресің сен қайғыға жат сан адам,
Ізгіліктен ниеттеніп үмітпенен қараған.
Шыңға өрмелеп шығам десең, қанаттанар қарқының,
Қарсы алдыңнан күтіп алар сол бір әйел — алтының.
Жолың болсын, енді екеуміз қоштасайық, жарқыным.
Тәкаппарлы тәңірінің қарсы тұрған заңына,
Қаласына кіргізбейді ол, тыйым салған жауына.
Маған ерген адамдарды жолатпайды маңына.
Бар ғаламға ол әмірші, сонда өтеді уақыты,
Сонда оның қаласы да, тәжі менен тақыты.
Жолы болып, соған енген пенделердің бақыты!".
"О, ақыным, — дедім де мен, — жалбарына жалынам,
Сен шындығын аңғармаған құдай ақы табынам.
Кетейінші аждаһа ажал, жауыздықтан, тағыдан.
Мәңгі азапқа жан тапсырған, жалынменен баттасып,
Көрсет маған сол жандарды, көрсет тәңір қақпасын,
Өзің өткен жолды көрсет, сәуле шашсын, сақтасын".
Аяңдады ол, мен артынан келем ізін тап басып.
Екінші жыр
Күн де батты, мақұлықтар тірлігінен енді ада,
Бәрісін де ұйқыға алды, кешкі ауа, кең дала,
Кең далада үйсіз-күйсіз жалғыз қалған мен ғана.
Алда тұрды ауыр шайқас, даярланып, қамданам,
Азап-қайғы, ауыр сапар төзейін деп қарманам.
Жалғаны жоқ, есіме алам, жалғыздықтан арланам.
Муза, саған жалбарынам, шақырамын келе гөр!
О, ақылдың қазынасы, дана ойыңнан бере гөр!
Әңгімеме ақылыңнан нұр тамызып, себе гөр!
Былай дедім: "Ей, ақыным, сын сағаты қысқанда,
Сен шақырған бұл ерлікті опық жемей ұстауға.
Сірә, менде қуаты мол құдіретті күш бар ма?
Сен айтасың, пәмле етіп Сильвилердің бабасын,
Безбей тұрып, үзбей тұрып тіршіліктің қарасын.
Тірісінде-ақ көрді дейсің қияметтің арасын.
Жалғандағы бар күнәні байыппенен еңсерер,
Ықыласын төгіп оған, ақ батасын берсе егер.
Даңқ тағдырын, кім болғанын саралаған сол шебер
Қадірменді жандарға оның жақсылығы анық-ты,
Ол жаралған меңгеруге жақсылық пен жарықты.
Қадірлі Рим қасиетті елге баба болып қалыпты.
Ол да, анау да алма-кезек сәтті уақыт төнгенде,
Әулие Петр мұрагері дүниеге келгенде,
Бұл өмірде ардақты тақ тұрғызған-ды, берген де.
Ол өзінің, сен жыр еткен ерлігінің жолында,
Баянды боп қалу үшін бар ынтамен қоруда.
Дүниеге аса таяқ папа ие болуда.
Алға апарар атышулы, таңдамалы Жол бар-ды,
Демек сонда басқалар да сенімменен қорғанды.
Сенімменен қорғанды да, құтылуды қолға алды.
Мен ғұлама Павел емен, Эней емен және де,
Кіммін осы? Сүйенемін кімдер салған кәдеге,
Ардақ тұтар жоқ менде, жоқ қой менде дәнеңе.
Елестердің ортасына бара қалсам егер мен,
Әй, қорқамын, қор боламын өлермен.
Барлығына қанықсың сен, ақылдысың, көрермен".
Айырылған адамдайын жаңа ғана еркінен,
Шыңырау бір құпияда қайта ойланып елтіген,
Бұған дейін ойлағанын ойран-асыр серпіген.
Мен де солай тұңғиыққа, дал болдым да, бас қатты,
Алдарқатқан, қызықтырған әсем ойдан бастапқы.
Ойлай-ойлай жойдым оны, санам менің бас тартты.
Киелі аруақ сонда маған салмақпенен үн қатты:
"Ақиқатты ашып айтып, ащы үніңді тыңдаттың.
Амал нешік, рухыңды ұялттың сен, қымбаттым".
Ақылды үрей билемесін, билемесін әрдайым,
Әйтпесе біз әр нәрсені құбыжық көрген андайын,
Адыра қалып, аулақтаймыз біткен істен дап-дайын.
Саған айтам бір әңгіме көңіліңді бұратын,
Сейілтейін қауібіңді, мұқалмасын мұратың.
Қалай білдім сендей жанды аяуыма тұратын.
Жақсылық пен жауыздықтың арасында болғанда,
Ару әйел шақырған-ды, алған мені қолдауға,
Барымменен міндеттімін, қарыздармын сол жанға.
Жанары оның жарқыраған жұлдыздайын тұнық-ты,
Сорғалаған әңгімесі баурап алар ырықты.
Сөзі оның періштенің тәтті үніне жуық-ты.
"Мантуяның таза жанды, о, ғажайып ұлысың,
Дүниені дүбірлеткен даңқың менен ұлы ісің.
Өшпек емес, дүниемен мәңгі бірге тынысың.
Досым менің, амалым не, дос бола алмай қалған жан,
Қузар тауда оң жол таппай, опық жеген, қарманған.
Қорқыныш кеп ығыстырып, абдыраған, қорланған.
Көк әлемнен бір хабарды есіттім де, тыңдадым,
Әл беруден кешіктім бе деп, қорқып та тұрғаным,
Мұқалта алмай қалуы хақ сор — азаптың тырнағын".
Жанға шипа жақсы сөзбен табыл оның қасынан,
Қорға оны, сонда мен де тағат табам, басылам.
Қорға оны, не мүмкіндік қолында бар, бас ұрам?
Мені мұнда комбат өлке, қимас ұжмақ, гүл-елден,
Алып келген махаббатым, сені осында жіберген.
Мен — Беатриче, сүйіп айтам, жігерлен.
Тәңірі алдында есіміңді даңқ көтеріп, мақтағам,
Сан-сан рет есіміңді есіл үнім жаттаған".
Үнсіз тұрған әйелге мен мына сөзді саптағам:
"Өлгендердің ортасында жалғыз сенсің мәуелі,
Сенің жарқын жамалық ғой жарқыратқан әуені.
Бұл ғарышта сенен өтер зат жоқ шығар әдемі.
Саған ғана қызмет етсем, ең бақытты жандаймын,
Бар ісінді тындырам да, ешбір ақы алмаймын.
Әміріңді берсең болды, басқа жаққа бармаймын.
Бірақ қалай үрейленбей қара жерге енесің,
Тұңғиықтан кетпек болып, қарманасың, көнесің.
Сен отырған сол биіктің көрмек болып төбесін".
"Неге маған қорқынышсыз енгенімді бұл маңға,
Айтам саған, ақиқатты білгің келіп тұрғанда, —
Үн қатты ол, зейін қойдым оның сөзін тыңдауға.
Ең қадірлі жақыныңа қауіп-қатер төнгенде,
Содан ғана қорқу керек, бір жауыздық келгенде.
Ал басқадан қорқу деген — қуатсыз бір шерменде.
Бұл ғаламның падишасы мені солай жаратқан,
Қайғыдан мен қаймықпаймын, маңайыма жолатпан.
Жанған отқа енгеніммен, жалынына жалатпан.
Ғарыштағы Мариям ару ізгілікті қолдаған,
Ауыр азап шеккен жарды аянышпен қорғаған.
Тәңірінің зауалдарын жұмсартуға жолдаған.
Сол бір әйел Лючияға былай деп бір үн қатты:
Ең сенімді серпінді жауыздықтар шырмашы.
Ізгілікті жақтаушыны жібер соған, қымбаттым, —
Лючия — қашаннан да қаталдықтың қас жауы,
Рахильмен бірге отырған маған назар тастады. —
О, өркенің өскір! — деді, әңгімесін бастады.
Махаббатын арнап саған құдіретіндей табынған,
Күнделікті күйкі өмірдің қақысынан арылған.
Беатриче, ұмтыл соған, қорлықта тұр жарымжан.
Әлде оның жалынышы құлағыңа жетпей ме?
Теңізден де жолы тасқын, көремісің, көктей кеп.
Күрестерде күш сарыққан сорлыны алын кетпей ме?—
Мен зытқандай ешбір пенде қайғы-сордан зытпаған,
Қуанышқа, сірә, мендей басқан емес нық кадам.
Осы сөзді жүрегіммен мың қайталап, жұптағам.
Мақтауға да тұрарлық жан, кем де емес ақылдан,
Сөзіңе еріп келіп турмын, қасиетті сатыдан.
Құрмет сыйлап келдім саған, құрметті батыл жан", —
Деді дағы, көкті нұсқап оның мұңды жанары,
Көз жасымен араласын, сәуле шашын жанады,
Ұзақ, сапар, алыс жолға асықтырып барады.
Сол аруды тыңдадым да, саған қарай жытқанмын,
Шыңырауға шығар жолды шырмап тұрған мықты аңның
Тырнағынан, азуынан, талауынан құтқардым.
Неғыл дейсің? Созып тұрсың неге, неге, неге енді?
Неге үзбейсің берекесіз бұйығылық бөгеуді?
Ту ғып неге көтермейсің тәкаппарлық дегенді?
Үш арудың батасымен көктен қорған тапқанда,
Ғажайып жол қарсы алдында кең ашылып жапқанда,
Әл-дәрменін, келмей тұр ма алға батыл аттауға?
Салқын түнде гүл-жапырақ бүрісетін, семетін,
Семетін де, келе жатқан аппақ, таңды көретін,
Көретін де, сабағыңда гүл-гүл жайнай беретін.
Мен де солай, танды көріп, қанаттандым ерлікпен,
Үрейімді бастым соңда жүрегіме мен бүккен,
Мен де үн қаттым, салауатпен сөйлеп тұрмын ерлікпен:
"Қандай ғана қайырымды ару мені азаптан арылтқан!
Ақиқатты әңгімесін сол адамның танытқан.
Сен де ұстазым, шапағатты, мені өзіңе табынтқан.
Айтқаныңа қуандым да, құлақ астым, тыңдадым,
Алған жолды бар ынтамен жалғайын деп тұрғаным,
Ерік, жігер — бәрісін де бұрынғыдай шындадым.
Екеуміз де бір тілекте, баста мені, еремін,
Сен — ұстазым, сен — көсемім, сен — тәңірім, сенемін!"
Аяндады ол, қарсы алдында мен осылай деп едім.
Тас қараңғы күз арасы, мен артынан келемін.
Үшінші жыр
Қараң қалған тұл мекенге — ұнтақтарға апарам,
Мәңгі-бақи күңіренген сырқаттарға апарам,
Күні бітіп опат болған ұрпақтарға апарам.
Данам менің ақиқатпен шабыттанған, нәр алған:
Құдіретті күш, ағыл-тегіл ұлы ілімнен сан алуан,
Мен осылай ең алғашқы махаббаттан жаралғам.
Жалғыз мәңгі жаратылыс менен көне, білгемін,
Мәңгілікпен де иықтасам, мәңгілікпен біргемін.
Сеніміңді, үмітіңді сөндір мұнда кіргенің.
Кіре беріс маңдайшадан оқыдым да осыны,
Ұстазға айттым, көз алдымда сұрғылт белгі жосыды,
"Мәнісіне түсінбедім, жаным менің шошыды".
Көрегенім көңіл бөліп, басу айтты маған шын:
"Жаның мұнда жасқанбайтын жай оғынан жаралсын.
Үрей мұнда кеңес берер болмақ емес хабаршың.
Ақыл-ойдың шуағынан біржолата арылған,
Қарғыс атқан қан-тамұқтың таңбасымен қарылған.
Айтқам саған барамыз, — деп, — елестерге сарылған".
Қолын берді ол, сезбесін деп сезік құдай атқырды,
Бап-байсалды кейпін құрып, маған қарап шақ, тұрды.
Бір құпия тар аяға жайлап қана ап кірді.
Жұлдызсыз да, саңлаусыз да қараңғыда жаңағы,
Шыңғырулар, біреу әзер ақтық демін алады.
Әуелгіде көзім жасы мені буып барады.
Барша тілдер жамырасын, жабайы наз, оттаулар,
Ашу, үрей, жылау-сықтау, өтініштер, даттаулар,
Ербеңдейді, қарманады дене, басы жоқ қолдар.
Ыю-қию, азан-қазан, тынымсыз шу мәңгілік,
Тас қараңғы тар үңгірде шыр айналды мәңгіріп.
Құйып қуған қаңқаларға жан біткендей әл кіріп.
Үрей қысқан басымды иіп, әзер былай дедім мен:
"Кімнің даусы ол мәңгі-бақи тұңғиықта көмілген.
Апырау, бұл неткен жандар қасіретті кемірген?!"
Деді көсем: "Пешенеге жазылғанды жөн көрер,
Масқара өлімді ойламайтын, тіршілікпен дөңгелер.
Мақтаудан да, мазақтан да хабары жоқ пенделер.
Бірге олармен бір әумесер періштелер қаптаған,
Жаратушы тәңіріге сенімсіз боп, жақпаған,
Қорсы тұра алмайды олар, екі ортаны сақтаған.
Оларды тәңір аластаған масқараға көнбеген:
Тамұқтың да құз-қиясы оларға орын бермеген,
Әйтпегенде бөсер еді күнә дейтін өр немең".
"Ұстазым-ау, кім бұларды осыншама қорлаған,
Жалбарына бас салуға бас игізіп, зорлаған?"
"Сұрағыңа жауап қысқа, тыңда", — деді ол маған.
"Ақ өлімнің өзі — олардың қол жеткісіз арманы,
Төзгісіз де, көргісіз де мына өмірдің зардабы.
Әйтпегенде, имантараз болар ма еді қалғаны.
Жер бетінде аты аталмас, есімдерін жұрт көмген,
Әділ қазы, аяушылық енді оларға сырт берген.
Сөз етерге тұрмайды олар, жалт қара да, шық бермен!".
Қарадым да, қашып жүрген тобыр көрдім алыстан,
Шыр айнала қуалаған дүлей күштей жанышқан,
Құтырынды құйып қуған, құйқылжыған шаң ұшқан.
Бұлардан соң бір-біріне итіндіре жалғаған,
Адамдар тұр, әзер сендім, сендім дағы таңдағам.
Мұңдар өлім мұнша адамды қалай ғана жалмаған?!
Біреулерді шырамыттым, ал біреуді таныдым,
Қорқақ сорлы жемі болып жігері жоқ жанының,
Иен-тегін несібеден сыбаға алмай қалуын.
Түсіндім мен пақырларды зәре ұшыра зарлаған,
Құлым деп те құрметтемей, құдай жолын қармаған,
Жаратқанға қарсылар да қатарына алмаған.
Тіршіліктің пендесіне келмейді олар қосуға,
Қараң қалған қалың тобыр тыр жалаңаш босуда,
Арқаларын қанға бояп, маса-сона жосуда.
Беттерінен қан аралас көздің жасы ағуда,
Құжынаған жексұрын құрт құлқындарын қағуда,
Жалма-жан кеп жұтып жатыр, қоректерін табуда.
Бір қиянда, көк айдында тасқын шапшып алысқан,
Бір топ жанға көз қиығын тастадым мен алыстан.
"Айтшы, ұстазым, саған аян, сірә
Кімдер олар, қандай тағдыр ығыстырған, айдаған,
Кімдер олар, қандай қаһар толқындармен байлаған,
Кімдер олар, шалғай шеттен көрінуді ойлаған?"
Жауап қатты ол: "Ахеронға қалған сәтте бір адым,
Көреміз ғой жағалауды — мұң-қапаның тұрағын,
Өз көзіңмен көресің ғой, оның несін сұрадың".
Ұстазымды ығыр қылмай, алға түсе жөнедім,
Жасқаншақтап жанарыммен жерге қарай беремін.
Жарқабақты жағаға мен үнсіз тұйық келемін.
Қарсы жүзіп қарт келеді, қайықпенен қатулы,
Андап тұрмыз екеуміз де аппақ басты пақырды.
"О, сор маңдай, қарғыс атқан ұрпақтар!" — деп ақырды.
"Кездескенде меніменен, пейішіңді ұмыт та,
Мініңдер де қайығыма, барар жерге жуықта,
Қамданыңдар мәңгі-бақи түн, қапырық суыққа.
Ал сен жоғал, мұнда сенің қалуыңа болмайды,
Тірілер кеп өліктердің ортасына қонбайды!".
Басқалардан менің бөлек кеткенімді қолдайды.
"Келмес жерге кездейсоқта бекер аяқ басқасың,
Жеңілдеу бір желқайық тап, тыңдамаймын басқасын.
Басқа жерге мұнан аулақ апарсын да тастасын".
Көсем оған: "Харон, дөкір, сөздеріңді доғарғын,
Соны қалап — сонау жаққа бетін түзеп, жол алды.
Үкімдерін орындауға тиісті енді солардың".
Сұрқия өзен қайықшысы бола қалды сұмпайы,
Қорқынышты өзен қайықшысы бола қалды тұрпайы,
Жанарының жасыл оты жыланнан да сұрқайы.
Тыр жалаңаш, тырбың жандар тәңірінен қаза алын,
Құтылуға құлқы қайда, үкім тыңдап сазарып,
Азулары сатырлайды, мұңға батын, бозарын.
Тәңіріге қарғыс айтып шыңғырады, зарлайды,
Адамзатқа айтылмаған қара қарғыс қалмайды.
Өскен өлке, өнген ұрық, күн, саратын қарғаңды.
Қан өзенге бет алды да, қарт еңіреп жылайды,
Күнәкарлар мәңгі азапта кешер осы лайды.
Көрер оны бұл жалғанда ұмытпаңдар құдайды.
Харон сайтан кіжінеді күнәкарларға ес кеткен,
Қоздағы шоқ — екі көзі қанталап тұр кеспеттен,
Бейқам тұрған бей әруақты қуын, соғын ескекпен.
Күздің күрең кездерінде жапырақтар жайрайтын,
Үкі таққан үйеңкілер сөйтіп соры қайнайтын,
Жерде жатқан киімдерін көретін де ойлайтын.
Сорға бола жаратылған Адам ата ұрпағы,
Бірін бірі кимелеп кеп, тұңғиыққа шырқады,
Торға алданған топ құстайын кезек күтіп тұр тағы.
Сол мүсіндер жүзді әрі тас-тереңнің бетінде,
Амал нешік, үлгермеді арғы жаққа өтуге.
Өзен үстін өлімші топ қайта қаптап кетуде.
"Ұлым менің, — деді маған ұлы ұстазым райлы, —
Барлық пәнде, мемлекеттер кектендірген құдайды,
Бәрі осыған асығады, бәрі осында қулайды.
Әркімдер-ақ асығады баспай кетуге өзенді,
Құдайдың бұл айналайын ақиқаты ежелгі,
Ұран болын шақырады қорқыныштың өзі енді.
Ізгі ниет жандар үшін басқа жол бар алайда,
Харон шалдың түйсінгенін зейінге сал, ал ойға,
Қаталдықпен айтқандарын түсінесің қалайда".
Ол да тынды, барлық өңір бар күшімен сілкінді,
Есіме алып ойлап тұрсам ес кетірген бұл күнді,
Әлі күнге өз теріме өзім шомам бір түрлі.
Қара жердің қара өзегі қалт дем алды желменен,
Сезімге ине жасуындай саңлау, сәуле бермеген,
Шөл-қайғының қандай қызыл жалыны тұр көлбеген.
Ұйқы қысқан пендеге ұсап қуладым мен көлденең.
Төртінші жыр
Апандайын азынаған, азынаған гулеген,
Мимырт ұйқы зынданына лап қойысты дүрбелең.
Біреу түртіп оятқандай тітіркеніп тұр денем.
Толастаған шырағыммен төңірекке қарадым,
Атып тұрдым, айналамды ақтарып жүр жанарым,
Көрмек болып қияметтің қиян кескі ғаламын.
Алпауыт бір апан гулеп аяғымыз астыңда,
Ию-қию үн ұласты үрейлі бір тасқынға,
Құрдым құздың қиясында тұр екенбіз тас шыңда.
Ол соншама қап-қараңғы, көп-көмескі, теп-терең,
Бір нәрсені білмек болып еңкейіппін текке мен,
Ештеңе де түйінбедім, гулейді ұра леппенен.
"Түсеміз біз дүниеге тас қараңғы шарқ ұрған, —
Деді ақын, өңі құп-қу, өзегінде салқын қан, —
Алдыменен мен жүремін, сен ересің артымнан".
Боп-боз болған ұстазымды байқадым да, үн қаттым:
"Өзі үрейде тұрған шақта, көсем досым қымбаттым,
Сүйенішсіз мен қалайша қапасқа алдым бұрмақпын?"
"Таяу қатқа құрсауланған ғазиздерді көргенде,
Өңім құп-қу тартқаны рас, аяу турды кеудемде,
Аяушылық, үрей емес, сол ойыңа келген де.
Кеттік әйда, біздің сапар сан салалы шалғай тым",
Төмен түсті ол, өкше басын мен де артынан қалмаймын,
Алғашқы қат, алда турды апан аузы жалмайтын.
Түпсіз түнек арасынан естіледі түршігіп,
Жылау емес, айналаның әммесі тұр күрсініп,
Мәңгі ауаға шапши барып, мәңгі-бақи тұр сіңіп.
Жанды жеген аурусыз, жалаң-қайғы жарапты,
Әйел, еркек, нәрестелер қаптап кеткен алашы.
Ауру-дертсіз мұң жайлаған мұңдар, мылқау абақты.
"Қандай рух, нендей әруақ пана тапқан бұл жерде?"
Абақты — апан ауырлығын арқалатты кімдерге?
Алған жолды жалғау үшін не жетеді білгенге.
Күнәсіздер қудай салған адал жолға баруда,
Адал сеніп, шоқынбаса, бас имесе нанымға.
Жалаң еңбек жарамайды оттан алып қалуға.
Христиан іліміне дейінгілер — дінімен,
Тәңіріге шын табынып қадір тұтпас, біліп ем.
Соған тете күнәсі жоқ көп жандардың бірі — мен.
Ақиқатты ақ үкімі, тәңірінің сиынған,
Сондықтан да айыптаған, бізді осында бұйырған,
Аңсаймыз біз, амал нешік, үмітіміз қиылған".
Бұл хабарды естігенде, кеудем менің аһ ұрды,
Қалайша осы қайраткерлер құрметті һәм ақылды,
Жәһаннамның зәр-сыбаға заһарларын татулы.
"Ұлы ұстазым, ием менің, ұғындыршы, — дедім мен,
Еш бүкпесіз, еш күдіксіз бір ашқарақ сеніммен.
Сенімменен, жалғандықтан үрдіс биік көрінген, —
Өзінің бе, өзгенің бе шындығымен жуылып,
Осы көрден шыққан бар ма рахатқа нұр іліп?"
Жауап берді ол қадірлі сөз қасиетін ұғынып:
"Жеңіс туы желпуімен нұр дидарын шайқаған,
Көз алдымда көктен түскен құдіретті байқағам,
Осы арада тәңірді мен көргемін деп айта алам.
Адам ата мұны кешкен тәңір алғаш жаратқан,
Адам ата адал ұлы Әбіл мұнда зар атқан,
Нұқ пен Мұса кешкен мұны тәңір ісін таратқан.
Бұл арадан Дәуіт, Авраам дей алмаймын құр қалған,
Әзірейіл, ұрпағы мен әкесі де бұл маңнан.
Құр қалмаған Рахиль да, қисабы жоқ құнға алған.
Басқалар да күні бүгін тау шуағы нұр берген,
Буларға дейін пенде жоқ-ты құтқарылған бұл көрден,
Міне, осылар рахаттанып, ең алғашқы нұр көрген".
Айта берді ол, аяңдадық аялдамай келеміз,
Шырқыраған шыбын жанның шытырманын көреміз,
Түйіндім мен: өлгендердің ортасында денеміз.
Ұйқтап тұрған орнымнан алыс емес бөктердің,
Түртсе білмес түнектерін көз алдымнан өткердім,
Қаратүнек астынан мен қарақоңыр от көрдім.
Ол алыста болғанымен, болжай біліп тұрғаным,
Сонда барып саялапты мәртебелі бір қауым.
Байқаудамын әлдеқалай адал жандар тұрғанын.
"Білім менен көркемөнер өнеге етіп тұрар-ды,
Мына көрде, мыналардан несі ерекше бұлардың?
Тобырлардың ортасында құрметтеулі бұлар кім?"
"Атағымен, атыменен күңірентті олар жеріңді,
Даңқы олардың құдіретке лайықты көрінді,
Сондықтан да құрметтеулі, нұр — рахат берілді".
Осы сәтте әлдеқалай біреу кенет бақырды:
"Ең жоғарғы мәртебелі құрметтеңдер ақынды!
Әнеки ол, ақ елесін аппақ нұрға матырды".
Сонда көрдім, бізге қарай ақындардың көркемі
Келе жатыр, құдіретпен, маңғаз басып төртеуі,
Жүздері тек жайдары емес, қатал да емес, өр, тегі.
"Қара — деді қадірлі ұстаз, — тәкаппар жан келеді,
Ол — бастаушы, ал соңынан ана үшеуі ереді,
Ақ семсерін серт ұстаған ұлылықтың желегі.
Анау — Гомер, барлық елдің жыршысының құдайы,
Ал Гораций жат қылықты осқылаған ұдайы,
Овидий, Лукан — бәрісі де поэзия Күн, Айы.
Біздерді сол ұлы атақ жария қып, жалғап тұр,
Құрмет тұтып, жақындағам мен де соған андап бір,
Олардікі ақ, құрмет тұтам құрметімді арнап бір".
От жырлары дүниені өртеді де шек, кетті,
Басқалардың бастарынан қыран болын көкте өтті,
Солай түйдім, сонда мен де сол бір ғажап мектепті.
Оларды қарсы ап, ұстазымның күлімдеді көздері,
Ақындардың ақындары жақындады өздері,
Сәлемдесіп жыр желкені тура мені көздеді.
Жиынына қатысуға жол алғанда олардың,
Қадірім де арта түсті, шалқи түстім, жаңардым.
Кемеңгерлер арасында алтыншы боп саналдым.
Әңгімеге зейін қойып аяңдадық нұрға бір,
Жайсандарды жалмап қойған керексіз-ақ бұл қабір,
Шіркін, жарық дүниеде рахат қой бұл да бір.
Жеті қабат қабырғамен қайыспастай қойылған,
Сыңғыр бұлақ — сылдыр күлкі айналаға жайылған,
Қарсы алдымда сарай тұрды шырқау көкке бой ұрған.
Толқынымен өттік біздер жердегідей түрге енген,
Жеті қақпа арасында ендік ішке сүрлеумен.
Жасыл алқап ашылды бір айналасын гүл көмген.
Отыр екен ойшыл жандар — алты қарыс маңдайы,
Байыппенен, салмақпенен алыс қарап арнайы,
Сөздері де жайбарақат, бал — тілі, жез — таңдайы.
Ашық теңіз бетіндегі ұқсайды аппақ, кемеге,
Жасыл бақты жайлап тұрған әлде маңғаз төре ме?!
Қасымызда қатар тұрған көтерілдік төбеге.
Жасыл барқыт көк майсада жайнап тұрған өң беріп,
Жақсы менен жайсаңдардың елестерін мен көріп,
Жүрегімнен нұр атылды, әзер тұрдым меңгеріп.
Ұрпақтардың қауымынан Электраны андадым,
Эней, Гектор жыртқыш жанар, майдан еткен жан-жағын,
Арпалысты ақылшы еткен Цезарьды да барладым.
Пентесилея Камилламен бір жерде отыр сұхбаттас,
Лавина — әкесімен, әкесі оның тіпті ақ, бас,
Тұңғыш елші Брут отыр, сыбағасын ұрттатпас.
Цезарь қызы — Коллатинның жан жарын,
Гракхтың да шешекесін, Катонның да алғанын —
Сонда көрдім, қиыр шеттен Саладиңды андадым.
Қос жанарым төменірек баурай жаққа ауыпты,
Ғұламалар ұстаздарын қоршап отыр, тауыпты.
Көрегендер көсемдерін ортасына алыпты.
Сократ Аристотедьге жақын барын жайғасқан,
Платондай көрегенге қауым тағзым ойласқан.
Дүние зәру жайсаңдар дана басын ой басқан.
Аты әйгілі философ Демокрит те осында,
Диоген, Фалес, Анаксагор — бәрі соның қасында.
Зенон менен Эмпедокл, Гераклит — осында.
Диоскорид, дәріптелген дәлел тауын дәріге,
Сенека, Орфей, Лин, Туллий — осында отыр бәрі де,
Өткен жандар көз алдымда, көз тастадым әріге.
Әнеу жерде — геометр Эвклид Птолемей — қарсы алад
Гиппократ, Гален менен Авиценна бар сонда,
Аверроис, жаңа күнді насихаттап жар салған.
Барлығының атын атау — ауыр ғой тым, мүмкін бе,
Бір сөзбенен бірегей боп бәрісі де тұр тілде.
Әңгімемді әлсін-әлсін әлсіреттім бұл күнде.
Салтанатты жиынның салтанаты тарқады,
Әдемі әлем қап қойды, ауа алапат, тар тағы,
Басқа жолмен қозғалдық басқа сапар тартады.
Сәулесі жоқ қара түнек енді мені қоршады.
Бесінші жыр
Алғашқы қат қалды солай, темен түсе бастадым,
Екінші қат біріншіден кем де емес, ашқаным,
Бірақ мұнда азап басқа, ыңыранған басқа мұң.
Мұнда Минос күтіп турды, азу тісін қайрайды,
Аузы алапат, босағада сот үкімін байлайды,
Байлайды да, құйрық сілтеп, қияметке айдайды.
Шыбын жанның сағы сынын, зауқы қайтып алладан,
Алдында оның есеп беріп, әңгімесін жалғаған.
Бар кінәні жіктеген ол қаталдықпен барлаған.
Күнәкәрді шыр айналын, қанша иірілсе құйрығы,
Соншама peт сор маңдайдың жерге кіру — сыйлығы,
Тамұққа әкеп тұрғын ету — сол сайтанның бұйрығы.
Әрқашан да жұрт нөпірі, жан қауіптің шегінде,
Сайтан-сотқа жақындаған кезекпенен өтуде.
Сәл үн қатып, сәл сезініп, шыңырауға кетуде.
"Ей, пақырым, қалап келген қырсық атқан ұяны, —
Деп айқайлап, Минос маған көзінен от құяды,
Құйды да, зәрлі істерін бірер сәтке тыяды, —
Неге жүрсің бұл арада, серігің кім қасында?
Оп-оңай-ақ енемін деп азғырынба, бас ұрма!"
Көсем оған жауап қатты: "Доғар сөзді, басынба.
Доғар сөзді, доғар сөзді, неменеге төске алдың?!
Бұл тамұққа келгендерге кедергі боп кеспе алдын,
Жаратқанның жазмыштарын орындайды, еске алғын".
Ыңыранған дыбыстарды әзер байқап, тек тұрдым,.
Ию-қию боздаулар құлаққа дәл кеп тұрды,
Азан-қазан аңыраулар лықсып келіп бетке ұрды.
Мінеки, мен пақырмын бір, жарық сөнген жердегі,
Ұлы теңіз тұңғиығы ұли келіп тербеді,
Жан берісіп жауласады қос құйынның селдері.
Біресе кеп тамұқ желі тағат алмай сарнайды,
Жан нөпірі жайрап ұшып бара жатыр шалғайды.
Шыр көбелек айналдырын, езіп, жаншып, жалмайды.
Құзар құзға құрақ, ұшып, құйын айдап жеткесін,
Атылады ашу-айғай, ақ көбікті кектесін,
Тәңіріге жаудырады балағат сөз, өкпесін.
Сонда сездім бұл қыспақтың алапатты қылығын,
Ақыл-есін сатқандарға салған бұғау құрығын,
Қу нәпсіге құл еткендер парасаттың тұнығын.
Суық, күзде үйірілген қара торғай көштерін,
Қанаттары әкететін қағын алын естерін,
Сол сияқты дауыл қуған жауыздықтың дестерін.
Азаптары жеңілмейді, үміттері үзілген,
Сәл мызғуға бұйырмайды жалғыз тұтам үзік дем,
Сандалсақ боп сенделеді құжынаған, тізілген.
Асқар таудың жотасында баяулатып мұңлы әнін,
Үшкілденіп Оңтүстікке ұшқанындай тырнаның.
Көріп тұрмын боран қуған көлеңкелер тұрғанын.
Шыр айналып, торыққанын көрдім дағы олардың,
Ұстазымнан сұрадым тек, бөтен сөзді доғардым:
"Түнек ауа жегідей жеп, түтіп тұрған олар кім?"
Жауап қатты ол: "Қора да көр қалжыраған бұл жанды:
Осынау әйел қаһарлы бір патшалықты құрған-ды,
Өткен шақта талай тілдер бұған құлдық ұрған-ды.
Қу нәпсіге құшақ ұрған осынау әйел-балқыма,
Етектерін жаптырмай бір ерік берген халқына,
Қатыгезді қауым келіп, салғанынша талқыға.
Нин патша қатыны еді, некеленген жары еді,
Семирамида аталатын көне патша бар еді,
Бір султанға берілген-ді жері менен бар елі.
Қора мына құрбан болған, құмар-құйқыл сопқанды,
Осы үшін де Сихей көрі масқара боп шайқалды,
Таны, мынау Клеопатра — күнәліні, сайқалды.
Алапат кез айыпкері — Елена анау шатылды,
Қылышынан қаны тамған матаған ол Ахилды.
Майдандардың найзағайын махаббатқа батырды".
Атап жүр ол сан жеткісіз Парис, Тристаңдарды,
Қолыменен көрсетеді елестерді, бағдарды.
Қу нәпсінің құшырынан опат болған жандарды.
Ақын айқан, қауесетпен дәріптелген есімдер,
Қалды ойымда нелер жаугер, нелер әйел-жесірлер,
Санам сонда күңгірттенді, тас қараңғы десім — көр.
Мыналардан жауап алсам, — көсеміме қас қағам, —
Мына екеуден, қаңбақ құрлы боран түтіп тастаған.
Жауап алсам, осы сәтте, құйын алын қашпаған.
"Күттік онда оларды жел бізге қарай қысқанын,
Жалбарына аят оқып, жағаңды да ұстағын,
Тілегіңді қабыл алып, қояр сонда ұшқынын".
Жел оларды бізден аулақ, айдап кетті, қарадым,
"Шерменделер, тарт берменге, егер болса амалың.
Үн қатындар, егер өзі мұрсат берсе Ананың!"
Шақырғанда, көгершіндер, ұясына қонатын,
Еріктерін ес тұтып бір, самғайтын да баратын,
Қайыспай-ақ қанаттарын қалықтата қағатын.
Соларға ұсап әлгі екі жан қанат қаға бастады,
Дидоның да құжынаған қасіретін тастады,
Сәлем берген даусыма назар салды, қашпады.
"Қанымызбен қара жердің қабырғасы жылыған,
Түнектеміз өте алмаған қияметтің қылынан.
Келіпсің-ау иман жүзді, инабатты, тірі жан,
Біздейлерге дос болса егер әміршісі ғаламның,
Қайғымызға ортақ сіздей жаны ашыған адамның.
Жанын сақта дер едік біз, жалбарынып оған мың.
Қазіргідей құйын қумай, құйқылжымай тұрғанда,
Айтарыңды айт біздерге, қуанамыз тыңдауға,
Тыңдаймыз да, құмартамыз біз де әңгіме құрғанға.
Толқындары хабаршыдай қажып, ерні кезерген,
Кездесетін сан өзендер По дейтұғын өзенмен,
Сол жағада туған едім, тұрған едім, сезем мен.
Махаббат ол өртейді ғой нәзік, шырын жүректі,
Ол да солай құл еткен-ді қу нәпсіге тілекті,
Міне содан қорлық көрді ол, қорқынышты күні өтті.
Сүюіме жарлық еткен ынтызарлы сүйіктім,
Тартқан мені, тәкаппарлы әміріне тиіппін,
Көріп тұрсың, айрылмайды ол лағындай киіктің.
Сол махаббат екеумізді апатқа әкеп қамады,
Тек Каинде біздің күндер сөнеді де қалады".
Екеуінің аузынан осындай сөз ағады.
Жапа шеккен елестерге сүле-сопа қарадым,
Басымды иіп уайымдап, мең-зең болып барамын,
Сұрады ұстаз: "Қандай ойлар қажытты, — деп, — қарағым?".
"Білді ме екен бірер адам, сезді ме екен қатал жан,
Не сәбилік, не еркелік, қандай ғана от — арман,
Оларды осы заһар жолға, сор-сапарға апарған!".
Үнсіз қалған жандарға мен қарадым, сөз арнадым:
"Франческа, тебірентті өтініштің, жан зарың,
Жан зарыңа жаным ашып, көз жасымды жалғадым.
Көкіректі қарс айырған нәзік күндер шебінде,
Сана ашылып, махаббаттың оянғаны тегін бе,
Құпия сол құмарлықтар кулак, түрді не үнге?"
"Шаттық шақты есіне алса қапастағы кімде-кім,
Тек сол ғана азап-сордың ауырлығын білгені.
Соған кепіл көсемің де, — деп ол маған үндеді. —
Сол бақытсыз махаббатты білуге сен шөлдесең,
Жалғыз дәнін жарып тұрып, сырын ашып бер десең.
Ағыл-тегіл көздің жасы сездіреді сенбесең.
Демалын бір отырғанда оқыған ек бірде біз,
Ланчелоте туралы бір тәтті әңгіме білгеміз,
Екеуміз де қамсыз едік, тек екеуміз біргеміз.
Сонда біздің жанарымыз бір-біріне төнген-ді,
Өң бозарып, өн бойымыз діріл қаға берген-ді.
Бірақ, әрі кітап бізді жетелеген, жеңген-ді.
Езу тартқан еріндерді еркек келіп өпкенде,
Сол кітаптың осы тусын біздер оқып өткенде,
Меніменен мәңгі-бақи құрсауланған көк пенде.
Діріл қағын аузымнан мені сүйе бастады,
Галеот болып турды бізге махаббаттың дастаны!
Назарымыз басқада еді, оқи алмай тастады".
Рух өксіп, жаншиды кеп қорқынышты бір ағын,
Естідім де жан азабын, біреулердің жылауын,
Маңдай шылқын қора терге, тамұқ болды тұрағым:
Күрт күйреген өліктейін мен де сонда құладым.
Алтыншы жыр
Төзе алмай күңгірлеген тілдер менен үндерге,
Күреңіткен елестерге, күңіренген түндерге,
Енді өзіме өзім келіп, енді есім кіргенде,
Ортасынан бір-ақ шықтым тары да бір азаптың,
Қан қақсаған құрбандықтар әлсін-әлі, ғажап тым,
Айналамның барлығы көр қасірет пен мазақтың.
Қарғыс ақан қан-нөсерлі сол үшінші қатта бір,
Мәңгі-бақи мұз бүріккен мұндар зындан жатты ауыр:
Мәңгі-бақи толастамас, мәңгілікке ол жат бауыр.
Қорғасындай ауыр бұршақ, ақ қар, сызды шірінді,
Көз түрткісіз көр-ауаны көлбей қаптап жүгірді,
Сұп-сұйқылтым буалдырдың астында жер бүлінді.
Өз қиына өзі батып, нәжісіне маталған,
Үш өңешті алын Цербер жыртқыш жұртқа төніп, тақалған,
Тақалған да, дүйім елге ит боп үріп, қақалған.
Қара сақал майға шылқып, найза тырнақ зыр қағын,
Жанарлары қанталаған, қарны кеуіп, жүрді алып,
Шыбын жанды түтіп жатыр, ет-терісін жұлды алып.
Ал сорлылар нөсер төпеп, қаншықтайын ұлыған,
Жаппақ болып жасырады бүйірлерін құрыған,
Жан ұшыра дөңгелейді жатпақ болып қырынан.
Бар тәнінің баршасы да қыбыр-қыбыр қозғалып,
Бізді көріп Цербер зұлым аузын ашты қозданып,
Айыр тырнақ, саусақтарын ашып-жұмып, созды алып,
Көсем сол сәт еңкейді де, қос уыстап, табанда,
Қос алақан топырақ алып, қомағай сол тағы аңға,
Дәлдеп тұрын лақтырды, алпауыттай аранға.
Бір төбеттер болушы еді сүйек сұрап ұлыған,
Қу сүйекті құшырлана кеміретін құныға.
Есі кірмей, қажалайтын қу сүйекті құрыған.
Соған ұсап сақақ тұмсық Цербер пері "кенелді",
Ит үруін естігенше түршіктірген денеңді,
Сорлы жандар сүйкімдірек көруші еді кереңді.
Елестердің арасымен алға қарай аттадық,
Қырғын-нөсер иеленіп, бұл қапасты жатты алып,
Қуыстағы мәйіттердің кейпін біздер таптадық,
Тізбектеліп жатыр екен қияметтің жандары,
Арасында тек біреуі бізді байқап, андады,
Сәл ұмтылып, қайта отырды: бізге назар салғаны.
"Ей, тірі жан, саған айтам енген мына тамұққа, —
Деді әлгі, — мүмкін, мені тұр шығарсың танып та:
Сен қалғансың, бордай тозғам, мен кеткемін табытқа".
Дедім: "Бейнең тым мүсәпір, көзге бөтен соншама,
Таныс рең көз алдыма келмей отыр оншама,
Бұл. кескіңді тану қиын ең жақының болса да.
Басқалардан күйікті емес, бірақ сұрқай тұр, жаны.
Сағат сайын жазалаған қасіреттің зынданы,
Айтшы маған, сен кім едің, кекті тағдыр құрбаны?"
"Сенің қалаң бір кездерде болған менің қалам да,
Кеңірдектеп, сұмдық күншіл толған еді адамға,
Сызат алып тұрушы еді, сынған жоқ па, аман ба?
Азаматтар арасында Чакко деп мен атанғам,
Құлқын ұрып мешкейлікке, қу нәпсіге қақалғам.
Қан-нөсердің; астыңда енді шіріп барам қапамнан.
Бишара жан мен ғана емес тосқан құдай жарлығын,
Сол күнәмен осы жерде жазалайды барлығын", —
Деп үзді ол әңгімесін өтінішін, зар-мұңын.
"Чакко, сенің мақшардағы қорлығыңа қиналам,
Көзім жасы көкірек қысын, уайым, дерт жинаған.
Алайда мен өтінемін, бір ауыз сөз қи маған!
Өш қалада өшіккендер неге апарын соқтырмақ;
Өзара бұл жауласуда кімі әділ боп тұрмақ,
Қастандыққа желік беріп, желпіген не от бұлғап?"
"Ұзынсонар айтыстан соң қаны — сөлі төгілер,
Ақтар жаны үстем болын, бар үкімет берілер,
Ал жаулары қуғындалып, масқара боп көрінер.
Үш мәртебе жүз көрсетіп жарқ еткенде күн қызын,
Құлайды олар, бұл шақтағы екі бетті бір бұзық,
Қараларды демеп, сүйеп, жібереді тұрғызып.
Ақтарды олар аямайды, жаншиды да езеді,
Ұзақ мерзім дестік етер келеді де кезегі,
Қырғындардың тым қымбатқа түскендігін сезеді.
Игі жанды екеуге, сірә, мойын бұрған ба,
Менмендік пен күншілдік, озбырлықтар бұл маңда.
Мәңгі-бақи қалғымай, ұшқын атын тұрғанда".
Опық жеген сөздерге ол тоқтады да, езілді,
"Қырсық, шалған зынданнан, құрбан еткен төзімді, —
Дедім оған, — қишы маған игі, жомарт сөзіңді.
Теггьяйо, Фарината рухтары қуатты,
Парасат пен ақылға бай жандар еді шуақты,
Арриго, Моска, Рустикуччиді нендей тағдыр құлатты?
Әлде Тамұқ қинады ма, еркелетті әлде аспан,
Тағдырларын білмек болып, жалын жүрек алжасқан,
Тарландарды көрсем егер қуанар ем әу бастан!"
"Күнәлілер арасында бізден бетер датталған,
Өткендегі айыптары темен сүйреп сотталған;
Кездесесің, оларменен алдыңдағы қаттардан.
Бір-ақ нәрсе өтінерім: оралғанда жарыққа,
Арасында өмір сүргем, ескерт мұны халыққа.
Ақырғы соз, жауап та осы: ал, бара ғой, қамықпа".
Мұң ұйыған көздерімен алаң етіп, бір қарап,
Ол еңкейіп бара жатты өз-өзінен ұрланад,
Соқырлардың арасына құлап түсті сырғанап.
"Ол осында шіриді де, — деді ұстазым, — тұрмайды,
Қызыл ошақ, қиямет соты күңіренткенше сырнайды.
Өлі-тірі араласып, аспан асты шулайды.
Қасіретті өз көріне бәрі сонда ұмтылар,
Баяғыдай қалпына кеп, бір сүрініп, бір тұрар,
Күңіренген жаңғырықты мәңгі естіп тыншығар".
Нөсер елес, мибатпақ арасында келеміз,
Мәңгі өмір туралы тұңғиық, ойға төнеміз,
Пайымдаймыз әртүрлі, үнсіз ойлай береміз.
"Ұлы ұстазым, бұлардың азаптары арылмай,
Қатал үкім бойынша қала ма өстіп алынбай?
Жеңілдей ме немесе бере ме әлде қалыңдай?
Жасағанның бір өзі жетілдірсе пәндені,
Рахат пен азапқа онан сайын дәндеді,
Соны айтады ғылымың, пәнде дейтін зәндемі.
Күнәкарлар тірілгенмен, көгермейді қайтадан,
Бұрынғыдан бетер оны мына тамұқ жайпаған,
Сопыларды баяғыдай бейіш тербеп, шайқаған".
Біздер енді осы жолмен қатқа кадам басамыз,
Болған жайды босқа сөз ғып, несін жұртқа шашамыз,
Еңіс бізді бастағанда зынданға бір тас ауыз.
Бізге қарап, қарсы тұрды Плутостай хас жауыз.
Жетінші жыр
"Раре Satan, раре Satan aleppe!" —
Қырылдаған Плутос айғайлайды ала өкпе.
"Ашуына ашу қосқан дүлей, кәрлі әлекке.
Құлақ аспа, жаныңа үрей, қорқынышты түсірме, —
Деді маған демеу беріп, ғұлама ұлы кісім де, —
Не кедергі болмақ бізге бұл жартастан түсуге?"
Жекіді ол жауыздықтан жалын атқан тұмсыққа:
"Үніңді өшір, бейбақ, бөрі, қат та қалғын қырсықта!
Шұрылдаған құрсағында шірі де жат, тұншық та!
Тұңғиыққа түсеміз біз келіс мейлің, келіспе,
Бізге медет тәңір өзі, өр Михаил періште.
Құдірет өзі қолдап отыр, сенесің сен не күшке?"
Алысқанда қайраты мол аптал, атан кісімен,
Мың бұралып құлаушы еді жел үрлеген күшіген,
Сол тәріздес жыртқыш құлап, айырылды күшінен.
Күлді әлемді күрмеп алған зұлымдықты көрдік біз,
Күңіренген азаптармен төмен түсе бердік біз,
Үшіншіден төртінші қат төріне енді еңдік біз.
Жаратқанның жазуын-ай! Бұл алапат ғажапты,
Кім есебін айыра алар көзім көрген тозақты?
Қандай күнә қамап қойған мұнша сорды, мазақты?
Харибданың үстіменен ақбас толқын ұмтылып,
Бөгеттерге кездескенде, кері ағатын жұлқынып,
Сол сияқты адам селі бір жығылып, бір тұрып.
Лек-лек ағылады қараң қалған қар — халық,
Екі тобыр келе жатыр нықпа-нық, қарманып.
Кеудесімен ауыр жүкті игереді зарланып.
Құлады да, әзер-әзер артқа қайта соқтықты,
Ығысады, теңселеді, әлдері де жоқ тіпті.
Айғайлайды, бір-біріне ағызады боқтықты.
Күреңіткен қапаспенен олар және ығысып,
Қарсыдағы нүктеге кеп екі жақтан тұрысып,
Ұмтылады қайтадан, баяғыдай ұрысып.
Қайта тағы шегініп, қайта айнала бергенде,
Жұлқыласқан сұрланып сол тобырды көргенде,
Былай дедім жүрегім жайрап тұрып кеудемде:
"Ұстазым-ау, кімдер булар салбыраған иығы?
Сол жақтағы сонау қатар — төбел таздар сиығы
Оу, неліктен мұның бәрі клириктер жиыны?"
"Көзің шалған мұның бәрі — бақас болған өмірде,
Ақылдарын пақырлар сарын еткен көңілде,
Сауда нарқын білмегендер шығындарын бөлуде.
Қырсығады қиястанып, итше үріп зынданда,
Бір-біріне бетпе-бет кеп опасыз боп туғандар,
Бір-біріне қарсы тұрған қияметте бұл жандар.
Ал аналар — клириктер төбе шашы алынған:
Бір де сараң шендеспейтін, жұрт та қулай табынған,
Кардинал мен папа дағы шығар әлі алдыңнан".
"Осылардың арасынан ойда жүрген көптенгі,
Білер едім ласталған өңшең қара беттерді,
Опасыздар кеше ғана арсыздықпен өткен-ді".
"Көрудің де керегі жоқ, олар көрге көмілген,
Мибатпаққа батқан олар мимырт сұрқай өмірден,
Айтып болмас арамдыққа ақылдары жеңілген.
Олар мәңгі сенделеді, әл-дәрмені таусылып,
Көрлерінен тұрады да, көрсетеді қарсылық,
Соқа басын сойыл қылып, жұдырығын қамшы ғып!
Мағнасыз дүние жиып, қайта шашса кімде-кім,
Ізгіліктен құралақан, жаһаннамда жүргені,
Менсіз де оны ұғындың, сол ғой жаның білгені.
Өштік отын қаулатып, өзеуреткен жер бетін,
Көресің, ұлым, Фортуна зекетінің зер бетін,
Өмірдегі тым өткінші жалғандықтың келбетін.
Бұл жалғанның бар алтынын бергеніңмен жұбанбас,
Мына тобыр арасында бір аруақ та қуанбас,
Азап-сорды алтының да алдарқатып жыға алмас".
"Өсиеттер өркеніңдей, о, ұстазым, ар-тұлға!
Құрыш тырнақ шеңгелінде құрыстырған қалпында,
Барлық ұрпақ, бақытыңдай бар емес пе Фортуна?"
"О, есі жоқ ақымақтар, аңқауын-ай тағдырдың,
Қандай ғана қара түнге ақылыңды алдырдың!
Ал ұғын ал, уағызға сусыныңды қандырғын.
Дана құдай әлімсақтан бұл ғаламды меңгерген,
Жаратушы жаратқанда әммесін де теңгерген,
Өзгелерге нұр құятын көсемдікті жөн көрген.
Жөн көрген ол көсемдерден нұрлы шуақ атқан-ды;
Тағдырлардың тәңіріне өмір сәнін тартқан-ды,
Сондықтан да сол бір әйел әмірші боп жатқан-ды.
Өлкелерден өлкелерге, ұрпақтардан ұрпаққа,
Бақыт тастап, байғұстарды салып қойған бұлтаққа,
Өлімге де өзі ие боп, бөліп отыр бұл шақта.
Бір халықтың бір халықты жаныштауы, басуы,
Соның ғана билігінде, соның қатал кәсібі.
Шалғындағы жыландайын көрінбейді ол әсілі.
Өзі құдірет патша да, сот та болған адамға,
Ешкім даты таласа алмас ол әйелмен әманда,
Құдірет сол құдайлардай өткен-кеткен заманда.
Ол толассыз әділ сотын бір минут та тыймайды,
Уақыттың әр сағаты асықтырып, қинайды,
Жұмыр басты пендесіне қысқа өмірін сыйлайды.
Сол аруға жала жауып, қайбар айтын, оттауда,
Аяққа арын басып оның, ақымақтар таптауда,
Амал қанша, сол бір жаңды турар еді мақтауға.
Фортунара естілмейді балағат сөз кіл бүлік,
Жаратқанның тұңғыштары арасында тұр күліп.
Тәңір добын айналдырып, рахатта, нұр кіріп.
Шарамыз не, кеттік енді, алда — нағыз сор-қайғы,
Нағыз азап әлі де алда, кешігуге болмайды.
Ғарыштағы жұлдыз әне ізгі сәлем жолдайды".
Қапы кесіп өттік тағы, жеттік долы жылғаға,
Кең апанды морып, қағып, түтіп әрі жұлмалап.
Су аяғы құр дым болын ағып жатыр жындана.
Жылға реңі қызыл күрең түске еніп, сырланған,
Иықтаса, жанай жүріп, өттік судан сұрланған,
Соқтырмалы соқпақпенен төмен түстік құз-жардан.
Тұнжыр қайнар түнереді, басылады, жылайды,
Өшпенділік батпағында тасынады, сұлайды,
Сұп-сұр тасты биіктердің баурайына құлайды.
Үсті-басы ласталып, меңірейген-меңгірген,
Құрдым өзен жылымына құр бекерге телмірген.
Ашу буған тыр жалаңаш тобырларды көрдім мен.
Төбелесіп жатыр олар аяқпен де, қолмен де,
Кеудеменен, баспен де, иықпен де, жонмен де.
Бірін-бірі түтпек болып ұмтылады соркеуде.
"Ұлым менің, — деді ұстазым, — алдан тағы көресің,
Ақылдарын ашу жеңген пенделердің төресін,
Су астыңда сан адам бар толқын көмген денесін.
Ақтық демі көбіктеніп су бетінде ойнайды,
Өзен беті қазандағы қора судай қайнайды,
Алапат бір арпалысқа көзің жетпей қоймайды.
Шырмалады, сыбырлайды: "Күнге қорап қуанған,
Айналайын ауада біз, қуанған да, сыланған,
Көңілсіз бір жандар едік айықпаған мұнардан.
Енді, міне, көңілсізбіз, құртты лас құлқынды",
Көмейінде олардың осындай бір жыр тұрды,
Бір лебіз айтпақ болып бекер босқа ұмтылды.
Жылым тұрған сол қуысты орап өттік айналып,
Тартпа батпақ, жиегімен құрғақ жерді ойға алып,
Тұрды адамдар балдырменен кеңірдегі байланып.
Мұнараның бауырына жеттік әзер айла ғып.
.................
Орыс тілінен аударған Мұқағали Мақатаев