Міржақып Дулатұлы — Қайда едің

82056b5ad4a188a087477292dd25d809.jpg (1080×897)

 

Кешегі қара күндерде,

Жұлдызсыз, айсыз түндерде,

Жол таба алмай сенделіп,

Адасып алаш жүргенде,

Бұл күнгі көп көсемдер,

Сұраймын, сонда қайда едің?

 

Ақыл таппай дағдарып,

Жанашыр таппай сандалып,

Барарын қайда біле алмай,

Жүрген бір күнде сан ғаріп –

Есепсіз көп шешендер,

Жөніңді айтшы, қайда едің?

 

Сарыарқа сайран жерлерім,

Көк орай шалғын көлдерім,

Асқар тау – биік белдерім.

Бәрін жауға алдырып,

Қысылып қазақ тұрғанда,

Данышпандар, қайда едің?

 

Атадан бала айырылып,

Қанаты сынып қайырылып,

Қасірет толып жүрекке,

Тұрған бір кезде қайғырып,

Толып жатқан қамқорлар,

Елде жоқ едің, қайда едің?

 

Құландай үркіп елдерің,

Қалдырып мекен жерлерін,

Жаяу-жалпы, жалаңаш,

Қатын-бала, ерлерің

Аштықтан қырғын тапқанда,

Сыпыра жомарт, қайда едің?

 

Кедейдің сорын қайнатып,

Майданға жасын айдатып,

Тіл жоқ, көз жоқ, басшы жоқ,

Өлімге басын байлатып

Жіберерде, жаным-ау,

Жанашыр, жақын, қайда едің?

 

Енді бүгін кім жаман?

Данышпан емес, кім надан?

Қамқор емес, кім жауыз?

Жомарт емес, кім сараң?

Көсем емес, кім жалтақ?

Шешен емес жоқ адам.

Бәрі білгіш, бәрі де ер –

Жеткіздің, Алла Тағалам.


Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты