Ardakh Nurgaz. Қазақ театры сахнасындағы өлік қойылымдар
Драматургия әлсіз болған жағдайда немесе әлсіреу басталғанда, режиссураның орыны барынша көрнектіленеді. Бірақ, онымен мәселе шешілмейді. Театр да көгеріп-көктеп кетпейді. Оның ақыры мықтағанда орыс театрының өткен бір ғасырдағы жағдайы сияқты күй кешеді немесе театрдың құр қаңқасы ғана қалады, көріністе дыр-ду, аржағында мән-мағынасыз сахналық ойындар.
Айталық, А.Чехвтан кейін орыс театрында драматургия тоқырады. Одан қалған бостықты режиссерлер толықтырды. Қ.Станиславсий, В.Мейерхольд сияқты теориетиік режиссерлер қалаған теорияны кеңестік идеология жақсы пайдаланды. Сол арқылы жалпы кеңестік театрдың жүйесін ұстап тұрды. Кеңестік идеология үшін, шындығында, А.Чехов сияқты драматургтың қажеті де шамалы. Себебі, шынайы, өз деңгейіндегі драматургия адами, мәдени, дүниетанымдық, философиялық болмысымен билік үшін қауіпті болары, саясатқа қайшы келетіні айдан анық. Содан барып кеңестік орыс театрының «драматургиясыз театр» кезеңі басталды.
Қ.Станиславсий, В.Мейерхольдтардың театр теориясы Батыстың екі жарым мың жылдық тарихы бар драматургияның негізінде қалыптасты. Бастысы Софокл, У.Шекспир, Х.Ипесен, А.Стринбергке, одан А.Чеховпен тоқтаған драматургияға табан тірей отырып өмірге келді. Жоғарыдағы драматургтардың шығармалары болмағанда, әлгі екі тұлға өкілдік еткен орыс театр теориясы болмас та еді. Бірақ, қалыптасқан орыс театр теориясы басқа бағытқа жұмыс істей бастады. Ол ендігі жерде кеңестік саясатқа құрылған немесе соған жұмыс істейтін аты бар да, заты жоқ, драматургиялық талапқа сай емес пьесаларды саханаға дайындайтын қалыпқа, идеологиялық машинаға айналып шыға келді. Мұны орындау талабы, әрине, режиссерлерге жүктелетіні белгілі. Сонымен уақыт ұзара келе жатса-тұрса теорияны аузынан тастамайтын, бірақ, драматургияның заңдылығынан хабары аз, талантсыз, бар білері биліктің тапсырмасын айнытпай орындайтын заказшик режиссерлер қауымы қалыптасты. Олар түпкілікті драматургиялық талапты бір жаққа қайырып қойып, орнына өздерінің қалауынша жұмыс істеуге ауысты. Соның тікелей нәтижесі ретінде кеңестік театрлардан поэзиялық, прозалық шығармалардан өңделіп сахналанған театр қойылымдардан аяқ алып жүре алмайсың. Бұл арада прозалық мәтін мен сахналық мәтіннің жанрлық ерекшелігінде мәндік парық бар екенін түсінбеу немесе түсіне алмаудай шектемелік орын алып тұрғанын байқау қиын емес. Драмалық элеменітсіз прозалық шығарманы сахна көрінісімен әрлеу теарды жасау кеңестік режиссерлердің басты атқарар жұмысы болды. Олар театрды сол деп түсінді. Бұл өз кезегінде театр өнерін қарабайырластырып, сахнаның табиғатын, салмағын жойып, театрдың түпкі мән-мағынасы мен болмысын жоғалтуға барып тіреді. Теориялық түсініктердің көпірмесімен қаруланған, мәтіндік-театрлық негізі жоқ режиссура сахнаны өзінің түп болмысынан – жанрлық ерекшеліген алыстататыны анық нәрсе. Есесіне кеңес қоғамында ауыз толтырып атын атауға тұрарлық драматург шықпады. Кеңес драматургтарын «драматург» дегеннен гөрі «режиссерге қажетті мәтінді жазып беруші», өз алдына қолтаңбасы, айтары, эстетикалық талғамы, жалпы драматургияға тән философиялық эпкеті жоқ жазушы-прозиктер деуге болады. Драматургиясыз элементі жоқ қойылымдарда прозалық баяндау - оқиға ғана жүреді. Сахнаның, сахна өнерінің болмысы көзге түспейді. Көзге түссе де тек көшірме дүниелер кездеседі. Драматургиясыз қойылымдарда режиссерлік қолтаңба ғана болады, драматургияға табан тіремегенен кейін, соған қатысты тетік-түйін, талап ескерілі бермейді. Содан да мұндай қойлымдардың аты бар да, заты жоқ. Көріністе сахнада қойылым жүріп жатыр, әртистер де өз жұмысын атқаруда, бірақ, ол қойылым сахна талабына сай емес: мағынасыз әрекет пен сөздің, қимылдың жүйесіз желісі немесе әлдеқашан жаттанды дүниены тағы бір рет қайталаған көшірме дүние болады да шығады. Осы жерде қайталау, көшірмешіліктің өнердің қас жауы екенін айта кеткен жөн. Жалпы кеңестік театрларда қаптаған драматругиясыз, пьесасыз әлгіндей өтірік қойылымдардың жалғандығы шығып қалмау үшін, оларға ара тура Софокл, У.Шекспир, т.б, классик драматургтардың шығармаларын қосып, солардың көлеңкесінде өз әлсізідктерін жасырып-жабу ойыны үздіксіз жүріп отырған. Аталған классиктердің шығармаларын бір ғасыр бұрын Мәскеуде, Петерборгта немесе Берлиінде бір режиссер қойған, соның қолтаңбасын одан кейін тоғыз жүз тоқсан тоғыз режиссер пайдаланып, қайталап сахнада көрсеткен. Әне сол қолтаңбаны біздің режиссерлер тағы да қайталайды. Бар болғаны сол. Бүгінгі қазақ театрының сахнасы бірен-сараң болмаса, толықтай осындай қаңқасы ғана бар өлік шығармадан тұрады. Драматургиясыз қойылым қойып үйреніп қалған режиссерлер үшін шығармашылық деген қайталау, біреудікін көшіріп алып сахнада пайдалана беру,өзін тынбай қайталай беру, көрерменге төмен деңгейдегі талғамсыз қойылым ұсыну, одан басқаны ойлап жатпайды. Сол қайталау, пайдалану барысында кеңестік режиссерлер жоғарыдағы классиктердің шығармасын – әлгі дайын тұрған үлгіні бірде аздап ұқсатса, бірде жүнін жұлған тауықтай етіп шығарып жатады. Ал өздері сахналаған төл шығармаға келгенде мүлде құрдымға құлайды. Себебі драматургия жоқ жерде, табан тірер тиянақ қалмайды, режиссер тамырсыз, таянышсыз жұмыс істейді. Ондай қойылым бос қаңқа, басқаны қайталау, ол болмаса мағынасыз құр дүрмектен басқа ештеңе бермейді. Өнердің өресін төмендетеді. Бүгінге дейінгі қазақ театрының басындағы басты мәселе осында. Оны бар деуге де, жоқ деуге де болады. Себебі,өнердің түп қағидасы тұрғысынан айтқанда өзіңе тән ештеңең жоқ, бары өзгені електеуден ғана тұрса, әрине, ондай өнер жоққа тән.
Соңғы отыз жылда қазақ театрында орын алған жағдайдан байқайтынымыз, режиссура тоқырамаса, алға жылжымай қалған. Тәуелсізідктен кейінгі жас буын режиссерлердің сахна туралы түсінігі кеңестік режиссерлердің түсінігінен бетер қара құрық. Аға буын кеңестік саясатты насихаттаса, соған сай келетіндей сахналық дүние жасаған. Ол шығарма биік талапқа сай болмағанымен, сахнадағы болмысы арқылы көрерменге қарабүрсіндеу болса да бір ұғым-түсінік - идеология ұсынатын. Кеңестік идеология орнынан кеткенімен, кеңестік режиссуаны қайталап, нәсихаттық үлгідегі шығарма сахналау әлі де аттан түспей келеді, тіпті жүйесіздігімен одан да асқына түсті деуге болады. Сахнаны Хан-сұлтан, олардың әйелдері, батыр-билер және биліктің саясатын нәсихаттайтын шығармалармен толтыру қазақ сахнасының басты ұстанымына айналғандай. Бүгінгі жас буын режиссерлерде – олардың алды қырықты қырқалап, арты отызға жүк артқан жандар – мәтін, ұғым, сөздің сахнада алар орыны туралы түсінік кемшіл. Кеңес қоғамы құрдымға кеткен соң, дүниеге көзқарас пен құн көзқараста ұсақталыу, паршалану орын алды, жас буын сол мағынасыздықтың, мәнсіздіктің, қала берді даңғойлық пен қарадүрсіндіктің таза құрбаны болып кеткендей. Әне содан да бүгінгі қазақ театрының сахнасы даңғаза, у-шуға толы қара базар сияқты. Сахнаға көшеде жүрген біреулер шамалылар шыға келеді, олар қайғырады, жылайды, күледі, аһ-ұрады, басы жоқ, аяғы жоқ диалоктар жасайды, жынданады, құшақтасады, алысады, жұлысады, жанталасып билейді, т.б. ең маңыздысы – сөздің салмағы мен мәні жойылған. Сахнадағы арсы-гүрсі музыка мен ала шапқын жүрстен өзге ләззат таппайсың. Өнер өмірдің өзінен бетер кірлеп кеткен. Кешегі драматургияны қажет етпейтін режисерлердің бүгінгі шәкіріттері толықтай сахна заңдылығын белден басып, талғамсыз, таяз, қарабайыр мағнасыздықтың құрдымына біржола құлап кеткенін көріп отырмыз.
Жалпы тәуелсіздіктен кейін келген театр режиссерлерінің арманы бар да, дәрмені жоқ сияқтанады. Өнерге кеуде емес, дарын керек. Ол жоқ жерде қарадүрсіндік пен қойыртпақ қатар жүреді. Бірақ, оған қарап жатқан театр ортасы да, үкіметтік театр саясаты да жоқ. Орын бепкен өзекті мәселелерді жылы жауып қойып, өтірікпен, құр мақтанмен өмір сүру басым. Жалпы өнер заңдылығына сай келетін тірлік болмаса, өнер ұстағанның қолында, тістегеннің аузында жүрсе істің дұрыс бағытқа баспайтыны анық нәрсе. Мұндай беталыспен Қазақ театрының көктемі бүгін-ертең оралмасы анық.