Өтежан Нұрғалиев: Қазiр бiз, дүние жүзiн­дегi ең надан халықпыз

94568c0a370b9690a6c55f7b05b017d6.jpg (1200×675)

Ел есiнде есiмi Алланың атымен қатар тұратын сол Пушкинге орыс ақындары қазiр күлiп қарайды, ақын деп санамайды. Өйткенi, орыста ақын көп. Әрбiр маскүнем жүз орыстың бiреуi ақын. Олар – абырой-беделге қарамайтын халық. Кiмнiң халқы күштi, соның ақыны аспандайды. Шекспирдi ешкiм ақын демеушi едi, қазiр жұлдызы жанып тұр. Неге? Өйткенi, ағылшындардың бағы көтерiлiп тұр. Кезiнде аралға тығылып артта қалған, мәдениеттен жұрдай, төбелес-ұрыстан басқаны бiлмейтiн елдiң қазiр ақ дегенi алғыс, қара дегенi қарғыс болуда. Ағылшындар соңғы сөзiн Шекспир арқылы айтып отыр. Ал Шекспирдi оқымай кел­генiмiз бiздiң сорымыз. Қазiр бiз – дүние жүзiн­дегi ең надан халықпыз. Қандай тақырып болсын, әңгiме айта алмайтын деңгейдемiз, Шекс­пир­дi бiлмеймiз, тiптi мүйiзi қарағайдай дейтiн Олжас та бiлмейдi оны. Олжас – бiздiң ең топас ақын­дарымыздың бiрi. Аяймын оны. Әлем әдебиетiн бiлмейдi, өз әдебиетiн сiрә да бiлмейдi. Тек орыс әдебиетiне деген талабы өте зор. Оның жалғыз қуанышы – орыс халқы мен қазақ халқы арасындағы тамырластықты дәлелдеймiн деген дон кихоттық әрекетi ғана. Оның әр күнi дон кихоттыққа толы. Неше түрлi абырой-беделдi Олжас «маған бершi деп сұрап алады, жалынып алады, бермесе, тартып алады. Семей­дегi полигонды жап­қызу дейтiн абыройды да ол Мәскеуге барып жалынып сұрап алды. Оның бұған дейiн жинаған атағы да жететiн едi, бiрақ тағы да атын шығаратын бiрдеңенi тiмiскiлеп iздеп жүр. 

...

Шекспир туралы қанша кiтап оқысаң да, айтатындары бiр-бiрiне қарама-қайшы. Өйткенi, Шекспир ұлы, қай жағынан келiп қарасаң да ұлы. Әйтпесе, тарихтағы шын Шекспир әртiс болған адам. Өзi жазған пьесаларында өзi ойнаған. Ол – ұлы актер әрi ұлы драматург, үшiншi жағынан үлкен патриот, ал төртiншi жағынан Шекспир деген адам жоқ. Ол – Френсис Бэкон. Екеуiнiң суретiн салыстырсаң түр-түсi, үстiндегi киген киiмiне дейiн ұқсайды. Неге олай? Себебi, оның дақпыртынан даңқы күштi болған. Шекспирдi ұғыну үшiн ағылшынның орнында болуымыз керек, орыстан озуымыз қажет. Бiрақ бiзге ондай бақыт бұйырған жоқ. Ағылшын, француз, испан әдебиеттерi бiзге үшiншi бiреудiң түсiндiруiмен ғана жетедi. Шындап келсең, оларды сол түсiндiрушiнiң өзi де түсiнбейдi. Бiздiң Тұманбай, Жұмекен, Мұқағали, тағы басқалар секiлдi өзiмiзге лайық кiшкентай ғана өлшемдерiмiз бар. Ал айтайық, атақты Мұқағалиды көзiмiз көрдi, ол бiздiң ақындардың iшiндегi ең орташа ақын. Онда ұлылық та жоқ, арамдық та жоқ. Қазiргi жазып жүрген кез келген етi тiрi ақынды ардақтасақ, арқасынан қағып мәпелесек, Мұқағалидай бола алады. Онда ақынға тән қасиеттiң бәрi болды. Бiрақ оның да майшам сияқты сөнетiн күнi қашық емес. Өйткенi, халтурщик қой. Оны оқитындар да халтурщиктер. Астарына үңiлiп оқымайды, қалай деп жазса солай сыдыртып оқи бередi. Бәрiң де екiншi мазмұн, кiмге болсын сырын аштыра бермес астар бар екенiн бiлесiңдер. Қазiр оны зерттеп, түбiн түсiрiп жазатын ұрпақ жоқ.

...

Ұлттық ақынымыз XIX ғасырда пайда болса, бұл бiздiң әлi жас халық екенiмiздi бiлдiредi. Демек, қазiргi қазақ әлi ұлт емес, қаншалықты талпынғанымызбен, рулық-тайпалық деңгейден ары аса алмай жүрмiз деген сөз. Рас, бiр кездерi шағатай тiлiндегi әдебиетiмiз болды. Қазiр де жазба әдебиетiмiз бар дейдi, бiрақ мен оны көрiп отырғаным жоқ. Озық елдердiң, орташа елдердiң әдебиетiмен салыстыруға тұрмайды. Қадыр Мырзалиев бiздiң классигiмiз болса, оның жазған-сызғандары орыстардың үш Толстойының бiреуiмен де салыстыруға келмейдi. Мұндай адамдарды басқа халық оқымайды. Ғажап дүние әкелiп отырмын десең, қане, жолма-жол аудармасын бер дейдi. Оқиды да, мұндай адамды бiз түсiнбеймiз дейдi. Сол үшiн оларға қазақ тiлiн үйрету керек. Қадырдың шығармасын сонда ғана түсiнедi. Әйтпесе, басқа тiлге тiкелей аударылатын болса, маскүнемнiң балдыр-батпағы сияқты мағынасыз бiрдеңе ғана болып шығады. Бiзде әдебиет жоқ дейтiн себебiм сол. 

...

Мен тек жанға жайлы өлең тудырғысы келетiн ақындарды түсiнбеймiн. Өлең жанға жайсыз болу керек. 

...

Мағжанның панисламизм, пантүркизм, панмонголизм дегендерi орыс ақындарының әңгiмесi. Абай ол аурумен ауырған жоқ. Мағжанды бәрiң жандарыңдай жақсы көресiңдер. Өйткенi, бәрiң ұлтшылдық ауруымен ауырғансыңдар. Басқа ұлттың алдында өз туыңды биiк қылуға тырысатын әсiре қызылдық сордың бiр түрi. Бұл, көбiнесе, жас халықтардың ауруы. Ұлы халықтар ондай дертке пысқырмайды. 

...

Бiздiң ақындар қазақ халқын құртқысы келедi. Етегiнен керi тартады. Ал бiзге iлгерi ұмтылып, тек алға ғана құлау керек. 

...

Бiз дайын штамптармен жүрмеуiмiз керек. Қазақтың әдебиетiнде, өнерiнде халтура көп сияқты, ұнатпай тұрамын. Сосын тоқмейiлсу, iштарлық бар. Француз, әзербайжан халықтары секiлдi кең болуымыз керек. Басқалардың артықшылығынан үйрене бiлуiмiз керек. Қазақ өзiнiң тауықтың жұмыртқасы секiлдi тар үйшiгiнен сыртқа шыққысы келмейдi. 

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты