Қазақтың «империялық» прозасы

896ab7001727ab83e762268d067d8032.jpg (799×805)

 «Хабар» телеарнасының аты «Бір кітап» қой деймін, бағдарламасына қатысуға шақыра қалды. Сөз Сәкен Жүнісовтың «Ақан сері» қос томдық романы туралы екен. «Алматы ақшамы» газетінде журналист болып жүргенде жазушының 80 жылдығында осы кітабына қатысты хабар жазғаным бар еді. Романға байланысты айттым. Ойымды толық жеткізген, жеткізбегенімді білмеймін. Оны хабар шыққанда көрерміз. Бірақ, аталған тақырыпты сөйлеп тұрып, тосыннан ойыма бір шоғыр дүние оралды. Соны ортаға сала кетейін.

«Ақан сері» романының екі томын жазушы екі өзекке салып жазған. Бірінші кітабында Ақанның Ақтоқты және Құлагермен байланысты өмірі. Мұнда шығарма тарихи тұлғаны өзек етіп жазылған. Екінші кітабында Ақанның өмірі арқылы ол жасаған кезеңнің шындығын көбірек ашуды негіз еткен. Бұл тарихи оқиғаларды негіз ету бағытында жазылған. «Ақан сері» романын жақсы түсіну үшін оның қайдан келіп шыққанын, прозадағы жасалу заңдылығының тарихын білген дұрыс.

Қазақ прозасы негізінен реалистік прозаға жатады. Ол орыс әдебиетінің, онда да орыс прозасындағы Л.Толстой салған реaлистік мектептен нәр алып қалыптасқан. Ал орыс прозасының артында XIX ғасырдың басында пайда болған француз прозасы қылтиып тұр.

Ұлы француз төңкерісінен кейін өмірге келген францияның жаңа прозасының табиғатын үш түйінге жинақтауға болады. Біріншісі, тарихи оқиғаларды негіз етіп жазылған романдар. Айталық  Виктор Гюгоның «Notre-Dame de Paris», «Ninety-Three»,  «Les Misérables», т.б. романдары осы түрге жатады. Екіншісі, тарихи оқиғалар кезіндегі адам болмысын ашуды негіз еткен шығармалар. Айталық Стендальдың «Қызыл мен қара», «Парма мекені», т.б. романдары осыған жақын. Үшіншісі, жоғарыдағы екі ерекшеліктен санaлы түрде бастарта отырып, жеке адамның бойындағы болмысты жазуға негізделген шығармалар. Айталық, Гюстав Флобердің «Бовари ханым» романы осы түрге жатады.

Француз прозасынан нәр алып қалыптасқан орыс прозасының жарқын өкілінің бірі - Л.Толстой. Жазушының шығармашылығы негізінен тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғаларды жазудан тұрады. Бірақ, Л.Толстой оған империялық бағыт, ерекшелік берген. Басқаша айтқанда шығармашылығы арқылы Ресей империясының жоғын жоқтап, жоғалтқанын іздеген.

1861 Орыстар Қырым соғысында ағылшын-француз қосындарынан тас-талқан болып жеңіледі. Бұл соғыс Ресей империясының іргесі шайқалтып, өзіне деген сенімін жоғалтады. Осыған байланысты 1863 жылы Л.Толстой «Соғыс және бейбітшілік» романын бастап жазған. Романның желісі 1812 жылы орыстардың Наполеонды қалай жеңген соғысын ашудан тұрады. Ниет белгілі: Ресей империясының рухани және географиялық негізін қалыптастырып, соны нығайту. Сол арқылы «орыс рухы» дегенді көрнекілендіру. Мұны орыс әдебиетіндегі империялық проза, деп атасақ та болатын шығар. Осы желі, үрдіс, таңба, құрлым кейінгі орыс прозаиктерінің барлығының шығармашылығына ықпал етті.

Орыс прозасынан өнеге алып қалыптасқан М.Әуезовтe осы арнадан таймаған. «Абай жолы» да империялық прозаның барлық ерекшелігін қайталайды. Абай сынды тарихи тұлғаны өзек етіп жазады. Оны Ресей империясының рухан және географиялық аймағы ішінде ұстайды. Абайдың өскен, өмір сүрген ортасы Семей мен Орынбордың арасы. Оның ақын, азамат болып қалыптасуына негіз болған XIX ғасырдың соңындағы Ресей империясының қоғамдық ортасы мен орыс зиалыларының ықпалы.

Қазақ әдебиетінде империялық прозаны одан ары жалғаған авторлар: Ілияс Есенберлин, Қабдеш Жұмәділов, Мұхтар Мағауин, Сәкен Жүнісов, т.б.

І.Есенберлиннің қаламынан «Алтын орда», «Қаһар», «Алмас қылыш», т.б. романдар туды. Алдыңғысы аты айтып тұрғандай Алтын Орда кезеңінің тарихи оқиғалары мен тархи тұлғалары туралы жазады. Айталық, Ақсақ Темір хан. Соңғы шығармалар да тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғаларға бағытталған. Қазақ хандығының өз алдына орда тіккен тұсы, жоңғарға қарсы соғыс және Кенесары хан, тәуелсіздіктен айырлған кезең туралы тарихи романдар. Орыстардың өздерінің мемлекеттік тарихын Алтын Ордадан іздейтіні әлемге белгілі. Осы тұрғыдан алғанда І.Есенберлин де империялық прозаның көшіне өз үлесін бір кісідей қосқанын аңғарамыз. Бұл үрдісті кейін Мұхтар Мағауин «Аласапыран» романымен арыға жалғады. Көшім хан, Сібiр аймағы, басқаша айтқанда тарихи тұлға, рухани тұрғыдан да географиялық тұрғыдан да Ресей империясының кеңістігін толықтайды. Соңғы есепте бәрібір Ресей империясының қалыптасу тарихына жұмыс істейді. Қабдеш Жұмәділовтың «Соңғы көш», «Тағдыр» романдары тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғаларды жазу арқылы империяның әр кезеңдегі шекарасын анықтай түседі. Мұндай ерекшелік Қажығұмар Шабданұлының алты томдық «Қылмыс» романында да бар.

Дүние жүзілік бірінші соғыс пен екінші соғысқа қатысы бар кезең туралы жазылған Х.Есанжановтың «Ақ Жайық», Т.Ақтановтың «Боран»,т.б. романдары да тарихи оқиғалар мен тұлғаларды жазған. Басқаша айтқанда жоғарыдағы арнадан алыс кетпеген.   

Сөз Сәкен Жүнісовтың «Ақан сері» ромнынан басталған еді. Сонымен айқтасын. Бұл роман тарихи тұлғаны да, тарихи кезеңді де қамтыған. Екеуін де құшағына алып жатыр. XX ғасырдың басынан бүгінге жеткен қазақ прозасына үңіліп қарасаң, орыс прозасының онда да орыстың империялық прозасының шекпенінен шықпағанын байқаймыз. Ендеше, басы ашық бір сұрақ: қазақ прозасы Ресей империясының геограифиялық аймағын гүзетіп қала бере ме, әлде басқа өріске көше ме?

Бізде әдебиет ұлттық идеологияға жұмыс істейді, дегенге саятын түсінік бар. Бұл байқап отырсаң, күмәнді нәрсе. Ол бойынша І.Есенберлиндер әдебиет арқылы тарихшылардың жұмысын атқарған болып шығады. Ондай шығармалар идеологияны бірінші орынға қойып, әдебиетті соған жұмыс істеткізетіні анық нәрсе. Онда да тіке емес, жанама, бүркеме тәсілмен барады. Хош. Осыдан сұрақ туады: мұндай шығарманы шын мәніндегі өресі биік әдеби шығарма деуге бола ма? Әрине болмайды. Ол мықтағанда әдебиеттік шығармаларға еліктеген, сол арқылы саясаттың жүгін арқалаған шығарма ғана болады. Ондай туындылардың әдебиеттегі орыны жоғары болмайтыны айдан анық нәсе. Есесіне мұндай шығармалар саясатта екі жақтылы рол ойнайды. Айталық, І.Есенберлин шығармалары Орталық Азияның Ресей империясының бір бөлегі екеніне анық дәлел көрсетеді. Бұған енді не деуге болады.           

Өткенге салауат дейік. Болашақты ойлайықшы. Егер, таным өзгермесе, біз бүгінгі күнге дейінгі (саналы немесе бейсалалы түрде) өзгенің әдебиетінің қарасын молайтып, жоғын түгендеп, уығын тігісіп, керегесін керіскен жолды үздіксіз жалғай беретініміз анық. Оның қазақ әдебиетіне берер артықшылығын өз басым көре алмай отырмын. Ойланатын шаруа. Қазақ прозасына үлкен, түбірлі бетбұрыс керек-ақ. Бастысы нені өзгертеміз, деген сұраққа саяды. Бір білерім Л.Толстойдан қалған дәстүрге айналған роман туралы түсінікті жаңартқан дұрыс. XX ғасырға тән прозаға жақындаған жөн. Сонда ғана біраз дүние өзгеруі мүмкін.   

 

Ardakh Nurgaz

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты