Екіжүзді ұлт

56cf7c8151bf2661939ac4a92a69d46e.jpg (849×564)

Қасым Аманжолов туралы деректы фильмді көзім шалып қалды. Қасым ақын мен үшін бала кезімнен таныс есім. Әкем ақынның «Өзім туралы» өлеңін дауыстап, әндетіп айтушы еді. Сол дауыс, сол әуен бала жасымнан құлағымда қалды. Ән салудан алыс болсам да, өзіммен өзім қалып «әндеткен» сәтімде ең алдымен осы әуен келеді.

Ақын тағдырын елінің тағдырымен үндестіріп жататын әдет бар. Кейде ойлайсың поэзиядағы жеткен жетістігі, шыққан биігі, артына мол мұра етіп қалдырған құндылығы елге керек қой, деп.

Ақындарының түбіне жетуге алдымен өздері құлшынатын елдер болады. Тарихқа үңіліп қарасаң, мұндай сұмдығы бар елдің көшін орыстар бастап тұр.  Қазақ та соның ізін басқан ел. Мағжан Жұмабаев, Қасым Аманжолов, Мұқағали Мақатаевтардың өмірбаянын оқышы, тап бір өлім жазасына кесілген, атқарылатын уақыты ғана белгісіз өмір сияқты. Қ. Аманжоловты «үй салып алсам» деп сұраған жеріне өзін жерлеп қайтқан соң, екіжүзді, сұрқия көпке ермей өз жөніне кете берген Тәкен Әлімқұловтың ұзап бара жатқан сырт бейнесін көріп тұрғандаймын. Осы арада бір түсініксіздік басталады. Сонда ақынды кім өшіріп, өлтіріп, кім соңынан оны қажет етіп, мұрасын қастерлеп, қасиеттеп жатыр?

Ол - елі ғой. Сұрқия, мұмдығы барлар елге жатпайды, олар ақынды бір мезет аяғынан шалуы мүмкін, бірақ, түбінде бәрі орнына келеді, әлгілер қара бет болып қала береді, деп жататындар бар. Бірақ, М.Жұмабаевтың артынан шам алып түсіп, өлімге итергендер сонымен тоқтаған жоқ. Олар Қ.Аманжоловты да өшіруге, өлтіруге жұмыс істеді. Сол адамдар М.Мақатаевтың да артынан салпаңдап қалған жоқ қой? Елдің тағдырын, тұтқасын ұстаған сол адамдар. Елдің тағдырын, тұтқасын ұстамаса, ақындарын көрге итере алар ма еді? Әрине, итере алмас еді.

Негізі қазақтың бет-бейнесі сол. Біз тек екіжүзділікке салынамыз: ақындарды өзіміз өлтіреміз де, ел болып өтірік қайғы шегеміз, соңынан ештеңе болмағандай мұрасын ұялмай-қызармай көкке көтеріп, мүсін тұрғызып, өзімізге пайдалана береміз. Және мұнан арланбаймыз, да ойланбаймыз. Қажет болса тағы да солай істей береміз.  Екіжүзділіктті жеріне жете әбден меңгеріп алған сұмдық ұлтпыз.

 

Ardakh Nurgaz

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты