Бостандық үшін күресейік

229828167def70cfe7aa44ffdaa87284.jpg (1254×936)


Ч.Чаплиннiң «Дарабилеуші» атты киноға арнап жазған баяндама. 1943 жыл.


Өкінерлігі менің əсте патша болу ойым жоқ, ол мен айналысатын кəсіп емес. Менің тіпті ешбір адамға үстемдік еткім келмейді, ешбір адамды өзіме бағынышты еткім жоқ. Егер, мүмкіндік болып жатса, еврейлер немесе басқа болсын, мейлі қарa тəнді немесе ақ тəнді адамға болсын менің күйімнің келгенінше көмек көрсеткім келіп тұрады. 

Біз бір-бірімізге көмектесіп тұрайық. Адам болу дегеннің өзі осыдан тұрады. Өмірді өзгелердің басына бақыт етіп жаратуға тиіспіз. Əсте өзгелерді азапқа салмауымыз керек. Біріміз бен біріміз жауласпайық, бірімізге біріміз жау көзбен қарамайық. Кең дүние біздің бəріміздің тіршілік етуімізге жетеді. Қара жердің лықсыған байлығы мен мол ырысы біздің етегімізді жауып, қарынымызды ашырмай асырай алады. 

Өмір еркіндікке толы, əсем болуға тиіс. Амал барма, бағдарымыздан адасып қалдық. Ашкөздік адамдардың жанын жаулап, сұрқия күлкі күллі дүниеге қаскүнемдіктің отын жағып, қастандықтың қамалын тұрғызып жатыр. Бізді азапқа, қызыл қырғынға итермелеуде. Біз жылдамдығымызды арттырдық, бірақ, өзімізге ие бола алмаудамыз. Жасаған техникамыз байлық жаратуы керек еді, бірақ, керісінше ол бізге өзгеше кедейліктің қамытын кигізді. Дүние көзімізге теріс көрінді, жылпостықтың арты қатгездікке айналды. Қулық-сұмдыққа көбірек, сүйіспеншілікке аз баратын болдық. Бізге қажеттісі машина емес, адамдық қасиет болатын, оны да тастүйін ұмыта бастадық. Біздің зəру болғанымыз жылпостық емес, қайырымдылық пен мейірімділік еді ғой. Бұлар селге кеткенде өмір пəлекетке ұрынбай қалмайды. 

Ұшақ пен сымсыз радио біздің арамыздағы қашықтықты қысқартты. Бұл дүниелер əуелде адамзаттың өскелең қасиеттерін онан ары сəулелендіруге тиіс болатын. Дүниенің ерекшелігі іс жүзінде адамзаттың өскелек қасиеттерін сəулелендіру, бүкіл дүниедегі адамдардың тату-тəтті өмір сүруін, өзара ынтымақты болуын талап ету. Дəл қазір дүниеде сан миллиондаған адам менің дауысымды естіді деп ойлаймын, сан миллиондаған үміті кесілген еркектер, əйелдер, балалар — жалпы жəбірленушілер өзгеше бір түзімнің жапасын тартып, азабын кешуде. Əлгі түзім — кінəсіз бейбақтарды ғана түрмеге апарып тығатын түзім болып отыр. Менің сөзімді ести қалғандарға айтарым: “үмітсізденбеңіздер!”. Біз қазір азап шегіп жатырмыз, бұл адамзаттың алға ілгерлеуінен қорқатын ана бір адамдардың құрып-жоғалу алдында заһарын сыртына шашып булығуы болмақ. Олардың қаскөйліктері бəрібір құриды, дарабилік жойылады, əлгілердің халықтан тартып алған құқықтары қалайда қалпына келеді. Тек, біз өлімнен қорқып қалмасақ болды, еркіндік ешқайда жоғалмайды. 

Сарбаздар! Сендер ана жыртқыштар үшін жандарыңды қимаңдар, олар сендерді шөп құрлы көрмейді, олар сендерді құлдықта ғана ұстағысы келеді, сендерге үстемдік жүргізіп, өздеріне істегісі келсе соған айдап салып, сендерді қарапайым қалыпты өмірден де қағады — олар үшін сендер хайуанмен бірдейсіңдер, сол үшінде сендерді кез келген сəтте құрбандыққа шала салады. Сендердің осынау адамшылдықтан безген жүйеге қолжаулық болатын жөндерің жоқ. Бұл жүйнені жасаушылар құлтемірлер, олардың миы құлтемірдің миы, олардың жүрегі құлтемірдің жүрегі! Ал, сендер машина емессіңдер! адамсыңдар! Сендердің жүректерің адамзатқа тəн мейірімі бар жүрек. Сендердің жүректеріңде адамзатқа тəн махаббат бар! Басқаға өшігетін жөндерің жоқ! Тек жүрегінде аяушылық сезімі жоқ адамдар ғана басқаға өшіге қарайды. 

Сарбаздар, құлдық үшін соғыспаңдар! Еркіндік үшін соғысыңдар! Жаратушы бір немесе бірнеше адамның ғана жүрегінде емес, қайта барлық адамның жүрегінде. Сендердің жүректеріңде! Сендерде күш бар — машиналарды жасайтын сендерсіңдер. Сендер бақыт жарата аласыңдар — өмірді бай мазмұнды ете аласыңдар. Ондай болса демократия үшін, сол күш қайратты алып шығайық, бірлесейік, ынтымақтасайық. Біз өз қолымызбен соғыстың ошағын жойып, көркем дүние жаратып шығайық. Ол əрбірімізге қызымет орайын берсін — жастарға оқу, қарттарға жайлы тұрмыс берсін. 

Əлгі жыртқыштар да осындай серт беріп жүріп билікті уысына түсірген. Бірақ олар өтірік айтты. Олар ешқашан да өз айтқандарында тұрған емес. Олар мəңгі бақи өз айтқандарын жүзеге асыра алмайды. Дарабилеушілер тек өзіне ғана еркіндік береді де, халқын құлдықта ұстайды. Қазір біз соғысып жатырмыз, адамзаттың бостандығы үшін, дарабилікті, ашкөздікті, өшпенділікті, кербақпалықты жою үшін соғысудамыз. Біз соғысудамыз, парасатты дүние құру үшін — ғылым мен алғабасарлық бəрімізді бақытқа кенелту үшін соғысудамыз. Сол үшін де демократияның туы астына жиналайық! Досым, менің не айтып жатқанымды ести алдың ба? Қай жерде болсаң да басыңды көтеріп қарашы! Басын көтеруші ғана қара бұлттың ыдырай бастағанын көреді! Күн арайын шашуда! Біз қараңғылықтан жарық дүниеге беттеудеміз — ондағы адамдар өздерінің ашкөздігін, өшпенділігін, рахымсыздығын тежей алады. Басыңды көтеріп қарашы! Адамдарға қанат бітіпті, олар асыр салып ұшып жүр. Олар кемпірқосаққа қарай ұшып барады — үміт дүниесіне ұшып барады. Басыңды көтеріп қара!

 

Аударған Гүлнар Ақан

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты