Ardakh Nurgaz. Еліктеу және лирика

e4b8427a4fba93a57b08bcfbb7cb2322.jpg (933×689)


Ақын Омарғазы Айтанның өмірінен аз таныс адам, оның – саяси қуғын-сүргіннен бұрынғы және кейінгі, деп екі кезеңге бөлінгенін біледі. «Жылыну ма, махаббат па?» өлеңі соның кейінгі кезеңінде жазған шығармасы. Өлең көп жағдайда екі нәрсеге еліктеумен басталады. Оның бірі дәстүрге еліктеу. Енді бірі кейіпкерге еліктеу. 

Жоғарыдағы шығармада дәстүрге еліктеу жоқ. Өлеңнен әдебиет дәстүріндегі қай бір өлең ұйқастар, айталық, қара өлең ұйқасы, шалыс ұйқас, егіз ұйқас, т.б. таппайсың. Оның орнына ақын еркін шығармашылыққа барған. Бұл еркіндіктің атын жаңалық жарату, десек те, «Омарғазыша стиль» десе де бола береді. Ол басқа сөз. Бастысы ақын сөз теңізінен өзіне тиісті ағын салған. Жаттанды өлең жазғыштар сияқты бірден машыққа басып, көне сүрдекке қойып кетпеген. 

Өлеңде кейіпкерге еліктеу бар. Кейіпкерге еліктеу, дегенді екі тұрғыда түсінуге болады. Оның бірі жалпы адами тірлікке қатысты болмысты қайталау. Екіншісі, осы қайталау барысында белгілі бір ерекшелігі-құндылығы бар образды жарату. Соңғы түйіннің жүгі ауыр. Ол көп нәрсені шешеді. Осы тұрғыдан келгенде жоғарыдағы өлеңнің бойынан біз әлгі екі дүниені қатар кезіктіреміз. Өлең Қытай астанасы Бижіңнің бас көшесінде (Чаңанжеде) автобус күтіп тұрған бір ақынның махаббаттасқан екі жасты көріп, сол көріністен өзінің жастық өмірін бір шолып өткен көңіл күйін жазудан тұрады. Бұл арада жастардың махаббатынан өзінің жастық махаббат кезеңі туралы ой кешкен кейіпкерді «Омарғазының өзі» деп кесіп айта алмаймыз. Ақын ол жерде өзін атаған жоқ. Өлеңде мүмкіндіктер жағынан кейіпкер мен автордың шексіз жақындықтары бар болса да, біз олардың белгілі деңгейде айырмашылығы барын да жоққа шығара алмаймыз.

Сонымен ақын кейіпкер жаратқан. Бірақ, оған өзіне тән дүниелерді де молынан сіңірген. Осы түйіннен еліктеу мен лириканың ғажайып түрлері бастау алады. Өлең өмірге еліктейді, сонымен бірге кейіпкер жаратады. Бірақ, бұл лирикалық шығарма. Баяндаудың, айталық оның енді бір аты еліктеуді іс жүзіне асыратын тәсілдің, бұл шығармада салмағы басым емес. Айталық, оқиға мен сюжетке құрылатын дәстүрлік поэмаларға немесе кеңестік реалистік өлеңдерге салыстырғанда аталған шығарманың еліктеу қасиеті төмен деңгейде. Бірақ, Абайдың әйгілі лирикасы  «Қараңғы түнде тау қалқып...» өлеңінен тағы басқаша. Мұнда кейіпкер мен орта маңызды рөл ойнайды. Олар болмағанда бұл шығарма басқаша болар еді. Мұндағы кейіпкерлер тек лиркалық кейіпкерлер, деуге болады. Алайда, ақынның жеке басына тән детальдар да кіргені себепті өлең тарихи сипат алады. Немесе лирикаға тарих кіріскен. Біз оны уақыт пен кеңістікке жіктей аламыз. Уақыт жағынан өлең бүгін мен кешенің (ақынның жастық шағы өткен тұс) ықпалдастығында тұр. Кеңістік жағынан Қытай елінің екі тұсын – Қытай астанасы Бижің мен Жұңғария, Тарым өзенінің аңғарын қатарға тартады. Осылар үндесе келе бір кординат көз алдыңа келеді. Ол Омарғазының өмірін ортасынан қақ бөлген – Қытайдағы саяси қуғын-сүргін (1966ж.-1976ж.) кезеңінің болмысы. Өлеңдегі ақынның екі жастың махаббатын кездестіріп, содан туған ой ағынынан біз – оқырман – әрине дайын оқырман (тарихи санасы бар, ойлы, түйсікті оқырман дейікші) болсақ, оқиғасыз-ақ, сюжетсіз-ақ, «мен» деп артық саяси романтикаға бармай-ақ, нағыз поэзияға, лирикаға тән сезім бояуына тоғытылған өлеңге кез боласың.  

О.Айтанның бұл өлеңі өткен ғасырдың соңғы жартысында өмір сүрген Шығыс Еуропа ақындарының деңгейін еске салады. Шығыс Еуропалықтар кеңес ақындарынан мүлде басқаша жазды. Олар идеологияның қазанында бірге қайнап, биліктің тұрғысында тұрып өлең жазған жоқ. Олар қаскөйлік пен қара ниеттің не екенін анық таныды және соны тереңнен тербеп жазды. О.Айтан саяси қуғын-сүргінге дейін өлеңді кеңес ақындарынша жазды. Екінші кезеңде барып ақын өзгерген. Оған, біріншісі, тарихи тағдыр себеп болса, екіншісі, сол кезеңде Шығыс Еуропа ақындарының шығармаларымен танысып, оларды қазақ тіліне аударып «Көкжиек» сияқты журналдарда жариялауы себеп, деп ойлаймын.        

Жоғарыдағы өлеңнің еш жерінде саясат туралы сөз жоқ. Бірақ, шығарма саясаттық факторға тұнып тұр. Айталық ақынның Қытай астанасындағы бекетте тұрғанда татқан сол бір сезімі «махаббат па, жылыну ма?» Ол саясатты жасаған жүйенің қан жүрегінде тұрып, тап-таза айыптаудан тұрған сезім алау емес пе?! Қызығы, оны көп адам сезіне бермейді.   


Омарғазы Айтан (Omarkhaz Aytan). Жылыну ма, махаббат па?

http://www.thebilge.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=5&id=3722

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты