Ділнәр Жамбай (Dilnar Zhumabay): Дәриға-ай, сезім селдеген

85c6e4cf1e86f6c29570c3171da11de4.jpg (500×350)

(әңгіме)


Ақ жауын себезгілегелі қай уақ! Талайдан бері, талықсып таңдайы кепкен боздала-адыр, қыраттар рахаттана тыныс алып, мап-майда бір салқын леп төңіректі аралап кетті. Көктемнің хош иісі тап-таза кәусар ауада қалықтап, салқын самал өн бойыңды дір еткізсе де дәл осы сәт көңілің сәтке жадырап, ұлан-қайыр рахат сезіммен қауыша қалғаныңа шұбаланбайсың сен... Өйткені, мұндай күн райы бұл арада тым сирек. Сондай бір армандағыдай әсем дүние жан сезіміңді әлдилеп сүйген жардың саған жүрек жылуын сыйлағанындай жып-жылы бір шуақ өн бойыңда қылаң бере бастайды сосын... Балалық шағымның қай ай, қай күні екені белгісіз. Дәл осындай бір жаңбырлы күн, дәл осындай бір тәтті сезім, жаным шаттанғандай күйге енгенім еміс-еміс есіме оралатын сияқты. Адам баласында кейде осындай бір түйсіктің болғанына қайран қаласың, қайран қаласың да оған қу тірліктің уақ-түйегіне шаршап жүйкесі жұқарған әлсіз миыңның шамасы жетпей, дел-сал болатының тіпті  де қызық... Неге екен дәл осы бұрын бір рет бастан кешкендей болудың өзі болжауға келмейтін бір ғажайып сезім сияқтанады да тұрады. Бұл сезімді жиі бастан кешіретініме өзім де қатты қайранмын. Көк жүзінде енді таранған сұлудай әдемі кемпірқосақ орнай қалыпты. Өзі де  нұр дидарлы арудың алқа-моншақ тағынғанындай, айналасына наздана көз тастап, бар сұлулығына масаттанып әлем-жәлем, малына киініп алған.

Мұрныма кеп ұрылған ерменнің қошқыл исі қызығы көп, аттай желген бұла шақтарымда қам-қайғысыз асыр салып жүргенімдей, көрген түстей бір таңғажайып елестерге бастап жанымды бөлек бір сезім әлдилеп әкетіп барады. Ауылдан алыс жүрген сәттерімде сағыныш пен арман ғана болған туған елге деген зарығымды туған жердің боз жусаны мен ерменін көкірегіме  қыссам ғана басатын сияқты едім, сол бұла сағым ойнаған бозаң дала мен туған жер исі аңқыған жуа мен жусаның да қандай қымбат еді маған...

Ұмытпасам ауылға Мақпуза жеңешемнің келгені де дәл осындай бір жаңбырлы күн сияқты еді. Біздің ауыл қарағайлы сайда отыратын. Ирелеңдей жылжып кетіп жатқан қарағайлы сайдың суы қандай шіркін! Қуалай ескен қоңыр самалға елітіп сұлудың сыңғыр күлкісіндей сылқ-сылқ етіп әсем әуенмен алыстарға сапар шегетін. Ал сонау кеудесін асқақ таулардың қоңыр салқын самалына төсеп, тұп-тұнық ауаны құштарлана сіміріп, бозторғай шырылы естілісмен таңғы тірлікке кірісетін ауыл адамдарының  күнкөріс әрекеті де түгеп бермес хикая дерсің. Бәрін айт та бірін айт, бар алап тек қолмен сызған көркем суреттей ғана еді ғой сонда! Күллі тірліктің бар қызығы ойында ғана деп масайрап жүрген ақ үрпек балапандай албырт кезім. Күн алаулап батып бара жатқан бір кеште ауыл маңы тосын дыр-думанға бөлене қалды. Тұнық көкте сұлу кемпірқосақ та қуана күлімдеп тұр. Әрине ұзақтан күттірген той еді бұл. Бүкіл ауыл түгел сол келіннің келісімен шыт жаңа өзгеріп сала бергендей. Тезірек оң жағымды қызартсам деп алаң-салаң күйден арылмайтын Базарәлінің шешесінің қуанышында шек жоқ, ұзақтан шеше жарапазанын құлағына қыстырмайтын Базарәлі бір-ақ күнде келіншек алып жетіп келіп отырса, ауыл болып масайрамай қайтушы еді. Қарасам, үлкен де кіші де Базарәлінің шешесіндей қуанышта екен. Өз шешем де мәз, көсіле сөйлеп отыр :

- Базарәлінің тәтесінің көңілі енді бір тыншитын болды-ау, жарығым келін де бір жылы жүзді әдемі бала екен, - деп бастай бергенде :

- Немене, сендер, келінді көріп алдыңдар ма? Мені неге ертпейсің тәте? Әпкем де көрді ме? - деп сұрақты бастырмалата жөнелдім.

- Әпкең екеуміз ең алдымен жетпедік пе жарығым-ау, қайтейін деп едің ?

Шешем кенет шоқ басып алған жандай, қайтерін білмей маған қымсына жалт қарады, - ойбай-ау, менің қарғам да көруші ме еді жеңгесін? Албасты басып ұмыта қалғанымды қарашы !

Әпекеме алая жалт қарадым. Ол бірден соғыстан жеңіспен қайтқан солдаттай маңғаздана қалыпты.

- Мен де барамын, жеңгемді мен де көремін, - деп жер тепкілеп жата кеттім.

Сосын шешем көз жасымды сүртіп жүз қайтара кешірім сұрап жүріп мені келін келген ауылға жетелей жөнелсін! Ауыл маңы рас дыр-думан, бала-шаға, қыз-келіншек Базарәлінің екі ауызды үйіне симай иін тіреседі. Шешем мені жетелегеннен жетелеп қызыл пүліс шымылдықтың жанына апарды да :

- Ал, қарғам, жеңгең осы, көре ғой, -деп шымылдықты сиыра қойды. 

Шымылдық ішіндегі қызыл сары өңді, әдемі қыз шешем екеумізді көріп, аялы көздерін жарық еткізіп ыңғайысыздана төмен қарап кетті, сол орайда мен :

- Жақсымысыз, - деп жалп ете түстім. Жеңгем қысыла күлімсіреп бас изеп жатқан сияқты болды .

Сосын мен де әпкемше соғысатан жеңіспен оралған солдаттай арсалаңдай басып үйге кете бардым. Кешкі арайға бөккен ауылдың күндегі жым-жырт тірлігі бүгін мүлде басқаша сияқтанады.

Жауыннан соңғы тұнық кемпірқосақ пен сұлу Мақпуза жеңгем ғана бұл ауылға Алатаудай шаттық әкелгендей, сол күнгі қуаныш жанымының тереңінде жатқан буалдыр сезімдерімді қозғап, бала көңілімде көмулі жатқан тәп-тәтті елестерді оятқаны ғана есімде.

Сол күні балалық бал қызықпен ғана жүргенмен тосыннан есейгендей айналама басқа бір көзбен қарай бастағандай күй кешкенімді ғана білемін. Өйткені осының алдында болған басымның дымы кеппеген шақтағы айтып түгемес қызықтардың біреуін мен қазір есіме түсіре де алар емеспін. Тек сол кешкі қызу думан, келін түскен ауыл, жүзінен бал-бұл қуаныш ескен қан жілік болған ауыл адамдары ғана менің ес біліп етек жабуымның беташарындай мәңгіге сәби санамда қалып қойыпты. 

Жаныңа нұр болып төгілетін мынау тап-таза, ағынан ақтарылып жатқан табиғат-ай шіркін! Бар көңіл қамырығыңды, көңіл аспаныңда шиырлай қалған қара бұлтты жан жаққа сырып қас-қағымда ту-талақайын шығарып айырып-айырып тастар еді-ау. Қаладағы қызметімнің әредігінде ауылдың жұпар ауасын аңсап жетіп келетін әдетім бар-ды. Келгеніме де көп бола қойған жоқ. Бала шағыман кітап құмар басым осы жолы да кітап мұжып ұйден аттап баспаған сияқтымын, шешем қузай берген соң миымды сергітпекке үйден ұзай бердім . Жап-жасыл болып масатыдай құлпырып жататын кербез дала бүгін бар көркінен айрылып сарғая сағынған жандай құлазып жатыр. Сол шалғынға баурымызды төсеп асыр салатын керемет кездер-ай, енді мәңгі келмеске кеткен, я, мәңгі қайтып келмейтін асыл арманға ғана айналған елес қана ол. Қарашы әне! Қарағайлы сайдың өзені де бұрынғы әнінен айрылған, болар-болмас тартылуға шақ қалған лайлы су еріне басып зорға жылжып барады. Ал қазір сол көк шалғынға баурын төсеп асыр салатын бала да  көрінбейді бұл маңда. Ауыл жаны жым-жырт мүлгіп тұр, қайранда сол дыр-думен көмкеріліп, қуаныш-шаттығы басылмайтын аңсатқан аңыз далам менің! Сағым ескен бұла даладан өткен күндер мен бала шақтың іздерінен дәнеңе  таппайсың енді. Тек қана көрген сайын құлазыған жабырқау жат бір сезім келіп иектей береді. Балалық шағым шынымен бір көрген тәтті түс сияқтана береді, ал шын болса оның тиіттей де болса елесі көз алдымда көлбеңдеп жанымды жадыратқаны қане? Ағын судай сырғақтап өте шыққан бал дәуренімнің болғанына да күмәнданғандай дел-сал кетіп барамын. Өзегімді өртеген өкініш пен жылауық жат сезім ғана. Шеткерірек отыратын Базарәлінің үйінің алдынан бұрылдым. Есік алдында қарайып отырған әлдекім назарымды бұра берді. Қашанда есік көзінде күншуақтап немере жиендеріне мейірін төгіп отыратын Базарәлінің шешесі бақилық болғалы қашан. Ананың қап-қара боп өрт өшіргендей түнерген, қып-қысқа қырықпа шашы күнге күйіп тозған селдір селеудей андыз-андыз, жаздың шіліңгір ыстығында да үстіне мақталы мешпет-сым киген адам ба, әруей ме, әлде біреу жаутаңдай қарайды. Әлде кімге ұқсататын сияқтымын, бірде таныс, бірде бейтаныс бейне. Ал бірдеңе айтпаққа оқталып еді, дүрдиген еріні сәл жыбырлағаны болмаса ешбір дыбыс мынау жым-жырт жатқан шалқар даладан құлағыма естілетін емес. Әлде шектен тыс абыржып кеткенімнен болар мен оған үрейлене жалт қарап қайтар жолыма бұрыла бердім. Артыман әлдебір құбыжық еріп келе жатқандай өн бойым шылқ терге малшынғанын ғана білемін. Есіктен кіргенде өңім қатты қашып кеткен болса керек:

- Базарәлінің үйі жақтан келдің бе? - деп шешем сұрай қалды .

- Я, тәте, ол ...кім, есік алдында отырған?

Шешем жай ғана :

- Е, қойшы сол салдақыны, -дей салды да жақ кірісін ашпады.

Мен аң-таң қалдым. Шешем ежелден бір жанға тіл тигізіп, бір пенденің жанын жаралап көрген жан емес еді, бүгін ғана  оның өмірдегі ең бір ызалы бейнесін көргендеймін.

- Анау отырған рас... рас Мақпуза ма? Қалайша мұндай күйге түскен? Құдай-ау бағанағы әруей мен менің бала жүрегімде тұнып тұрған сұлулықтың ғана куәсіндей Мақпузаны қалай салыстырмақпын? Құдай-ау, адамның өзгеруі осыншама қас қағым екенін бұрындары неге сезіп-білмегенмін мен? 

Миым ауырлап басым әлденеше қабат құрсауда қалғандай мең-зең болып барамын. Баяғыдағы мөлдіреген әдемі жанары жаутаңдап маған бір жылылық танытқысы келгені содан екен ғой, бәлкім сол шақтардың тәттілігіне тамсанған болармын. Адам ба, әлде тірі аруақ па, белгісіз тылсым жан мен баяғыдағы ауылдың сән-салтанатын асырған жас келінді байланыстыра алмай дал боламын. Мақпуза да мені көріп сол бақытты шақтарының бүгінгі көктем шуағындай арайлы сәттерін аңсаған шығар, иығынан басқан қаяу мұңды бір жолата лақтырып тастап, қызғалдақ гүлдей қыз дәуреніне оралғысы келген шығар. Қайтсе де таңғажайып бір сезім жүрегін әлдилей жөнелген шығар... Өмір дегеннің өзі бір қиын жұмбақ. Қанша жанталассаң да кейде шешімін таппайсың. Беу, адамдар-ау, өмірге несін келесің екен, тірліктің өзі бастан-аяқ тұнып тұрған азап пен бейнеттен ғана жаралғанын білмейсің-ау сен. Жарық дүниеге іңгалап асыға жетесің дағы аласапыран өмірге қоясың да кетесің, алдыңда не күтіп тұрғанынан мүлде бейхабарсың сен. Қандай машахат.  Егер пенде өз өмірін өзі болжап-біліп алдағы минут-секунтында не келетінін білген болса, онда мына қым-қуыт тірліктің де мәнсіз сезілетіні  шұбасыз.  Қойшы әйтеуір, адам баласы өмірге шаршауға, бір минут тыным алмай жанталасуға ғана келетін сияқты. Ал Мақпуза қазір шаршағанын, жүйкесі жұқарып, қайғы-қуанышқа қуанғанын да, жылап-сықтағанын да білмейді, тек қана сол мен көрген қалпында таңды атырып, кешті батырады.  Тірлік дегенің де пенденің таусылмас арманы сияқты екен ғой, Мақпуза Базарәлінің мейіріне бөленіп өткен сәулелі сәттерінің тәтті түстей ғана лып етіп ғайып болғанына опына  ма екен,  кім білсін? Қабағы тастай қатқан сезімсіз, жансыз  күйде сұстанып қана отырғаны отырған. Әйтеуір, қазір бүкіл әлем оған мүлде жат та сүркейлі. Енді жарық дүниенің бар қызығын қимай ма, жоқ әлде тірі жан екенін сездіргісі келеме екен, тек өн бойында тірі жанға тән жалғыз белгі - көзіне көрінген жанға жаутаңдап, жапақтап қарай беретін жәудір көз ғана. 

Жалпақ жаһанда жалғыз қалған сияқтымын, көңілім толған сұрақ. Өмір деп шыр-пыр болған пенденің соңғы тағдыры осы болса онда, мына тірліктің несі сән? О, дәриға-ай. Недерсің мынау жалғанға? Көгілжім сағым ойнаған жүдеу дала, көк мұнар күндер де еңсемді басып езіп барады. Мақпузаны үш дөңгелекті арбаға салып итерген Базарәлі көзіме оттай басылды. Баяғы сол жаутаң қаққан жанар көз алдыма тартыла берді...

Шешемнің өткенде Мақпузаны ауызға алғанда айта салған бір ауыз сөзі әлі жадымда, жатсам, тұрсам есімен кетер емес, содан бері тек қана бір жұмбақ ойдың мені иектеп алғаны шын. Неге екен жатсам-тұрсам сол аяусыз тағдыр, жұмбақ кешулер Базарәлі мен Мақпуза үшін сұрықсыз күндер, ала күлік хәл кешкен Мақпуза көкейімнен кетер емес, тек мынау азынаған көңілдің аптығын басар не бар екен деші шіркін.

Мақпузаның келуінен бастау алған қызықты бала ғұмырымның, бүгінгі қым-қуыт өмірімнің  де көк тиындық құны жоқ енді, бәлкім. «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда, Көбінің сырты бүтін, іші түтін» деп Абайды да күңреніткен, күйзеліткен қаңтардың түніндей буалдыр, сиқыр жалғанның қызығын кім көрді екен? Базарәлі мені көріп әдемі үлкен  көздерін жалт  еткізіп, әлденеден секем алғандай маған қысыла қараса да, өн бойынан алаулап тұрған кешегі шоқтай жанған жастығы мен қайраты тас қайнататын қасаңдығын жоғалтпағаны жанымды жылытып сала берді. Тек қана сол тұнық қара судай үлкен көздері қатпары қалың ауыр мұң мен бөгеу бермес құпия шерге толып шыға келген сияқты болып сезіле берді. Ойым астаң-кестең болып сол баяғы шешеме қойған сұрақты Базарәлінің алдына да қалай тарта бергенімді сезбей қалыппын.

Базарәлі сәтке үн қатқан жоқ. Мақпузаның алдынан сырғып  бара жатқан жүн әдиялмен оны қымтай түсіп, салқын ауадан тоңази бастаған Мақпузаның тарамыстанған суық қолдарын аялай сипап  қойды. Сексеуіл шоғындай ұшқын атқан қос жанары  оның жаутаң қаққан қос жанарын аялап әлдене деп күбірлегендей болды:

- Үйге қайтамыз міне, тоңдың білем, - Базарәлі арбадағы сезімсіз жанға күлімсірей көз тастап арбасын келген бағытына туралады. Аспан енді сұп-сұр бұлтқа орана қалыпты. Жан дүнием де ілезде кешкі суықпен қоса тітіреп қоя берді. Базарәлі өн бойын кешкі салқын саумал ауаға төсеп баяу жылжып барады. Көз алдында сол айлы түн, сымбатты сұлу түн...

- Менің мынау өмірде сүйетінім, жүректен өшіре алмайтыным тек қана сол Жақып екенін сен де білесің, ал енді басқа біреуді сүюден өткен қиямет қайым жоқ бәлкім, - қыз көз жасын кіршіксіз ақ орамалымен сүртіп ағыл-тегіл болды .

- Оқасы жоқ, Мақпузаш, түсінемін сені, мен өзімнің саған деген оттай ыстық махаббатыммен бәрі-бәрін де ұмыттыратын боламын. Өйткені сені сонау бала шағымнан сүйіппін, бұл сезімді дәл қазірге дейін мен де жүрегімнен өшіре алған жоқпын, мен үшін өткен-кеткенің түк те емес, сен мені сүйсең де, сүймесең де тек қана екі дүниеде де өзіңді сүйіп өтемін. Бұл да менің жүрегімді жарып шыққан бөгеу бермес тасқын сияқты, тек қана сен деп өрекпіген жүрегімнің әмірі. Сенші маған, мен сені бақытты ететініме сенсең ғана болды, - жігіт құшағына тығылып өксіген қыздың дір-дір еткен иығынан ұстап, оттай ыстық құшағына баса берді. 

- Жылағың келсе, келістіріп бір жылап іштегі шеріңді тарқатып ал, жарай ма? - жайдары жүзінен мейірімді күлкі ескен жігіттің жылы жүзі енді күн нұрындай жып-жылы нұрға бөленіп қыз жүзіне телміре қарады.

Жігіт құшағында бір ауық солқылдай еңіреген қыз сәлден соң :

- Болды, тілегіңді қабыл алдым, тек саған сендім, - деп жүзін жігіттің кең кеудесіне жасырып мойнына орала кетті.

- Рас па, Мақпузаш, мен қандай бақыттымын, жаным, ақыры аңсаған арманыма қол жеткіздім ...

Сол түннің аспаны қандай әсем, айы қандай асқақ, жұлдызы қандай сәулелі еді шіркін. Сол күн Базарәлі үшін өміріндегі мәңгі жүрегіне жатталған ең бір  аяулы күні еді-ау. Бүкіл өмірі сол сәттен бастап шүлен шуаққа ғана шомылатындай сияқты ғана көрінген .

- Қалайша мұндай күйге түскен дедің-ау, жарқыным? - Базарәлі енді қатарласа жүрген маған баяғы сол жылы жүзімен жымиып, отты көзін төңкере жалт қарады, - біз бақытты отбасы болдық, бала жасыман дәл қазіргі минутқа дейін мен оны сүйіп келдім. Ал, бойымдағы барымды оған арнаудан жалықпадым. Бірақ, әйел жанының өзі сүйген жан алдында мәңгі дәрменсіз екенін, жүректе лаулап жанған сол сезімді үрлеп өшіруінің мәңгі қиын екенін мен әу баста білмеген де шығармын, кейін Жақып некеден ажырасқасын Мақпуза мүлде басқа бір адамға өзгерді, қайтсе де алғашқы ыстық махаббатты ұмыту кім-кімге де оңай дейсің бе? Мелшиіп қатқан қазықтай  ауыр ойлар меңдетіп, күнен-күнге жүдеп-жадады. Мен үшін өзім сүйген жан бақытты болса өзімнің бақытымның жанғаны деп санадым. Әйел заты үшін өзі  шын сүймеген жанға қосақталудан өткен азап бейнет жоқ шығар бәлкім, ал, жеңгең сол алғашқы күйіп-жанған сезімдерін мәңгі ұмыта алмағанын білемін. Ол екеуі баяғыдағы оттай ыстық сезімдерімен қауышқанын кейін білдім. Ақыры ес біліп қалған екі баламен менің алдымда ар сотына тартылып, құса боп жасын жұтып жүріп ақыры осындай хәлде көз алдымда пайда болды. Бірақ, ол сонау балдырған бала шағымда жанымды тербеген, үзіліп қарағаны жаныма шоқ салған аяулы ақ періште қалпында  мәңгі менің жадымда қалып қойды. Мен оны әлі де сол қалпыммен сүйіп келем, тек қана оны шынайы сүйген адал жүрегім тоқтамаса мен осы сезімдерімді серік етіп басқа дүниеге аттанатын да шығармын. Өйткені мен оны бақытты етемін, екі дүниеде де сүйемін деген сертімде тұрдым, сол үшін де өзімді теңдессіз бақытты санаймын да. Ол жанымда болған бір күнімен бір күнімді бақытты санап әр таңымды өзім сүйген жанмен бірге қарсы алатын бақыт берген жаратушы Аллаға шын жүректен разымын... 

Жүрегімде тосын бір мұң оянғандай, сол орнымда қаттым да қалдым. 

Батыс жақ әдемі қызыл нұрға бөленіп, алаулай күлімсіреген арудың ақша жүзіндей сұлу бейнесімен бар алапты көмкере қалған. Жылы жүзінен әдемі нұр төгілген Базарәлі адымдай басып сол әдемі кешкі арайға сіңіп көрінбей кетіп барады әне...



Ділнәр Жамбай,  жазушы һәм аудармашы, 1974  жылы ҚХР, Шыңжаң өлкесі Тарбағатай аймағына қарасты Қобықсары ауданында дүниеге келген. 1997 жылы Іле Педагогика инситутының филология факультетін тамамдаған. 1996 жылы алғашқы әңгімесі жарық көрген. Бес повесть, отыздан астам әңгіменің авторы. Шыңжаң Жазушылар қоғамының мүшесі. Шыңжаң Жазушылар қоғамы «Дүлдүл» әдебиет сыйлығының иегері. Қазақстанда жарық көрген «Құбының құжа жоны» (2016ж.) таңдамалы әңгімелер жинағына шығармалары енген.  

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты