Көзқамандық пилософия немесе керегі жоқ перде

 b86fb872868b1e45b607a058363be031.jpeg (800×771)

Нақты қай кез екенін тап басып айтып беруміз қиындау, әйтеуір көз көрген дүниеге сенбейтін бола бастадық. Көзің бақырайып, көріп, танып тұрсың. Бірақ, кешегідей бірден құлап кетпейсің. Күмән-күдігің басым түседі. Себебі, көрген дүниеңде жалғандық бар болуы мүмкін. Тасадағы шындық көп қырлы. Көргенің соның бір парасы ғана болмасына кім кепіл. Негізі, бұл танымда бір басбалдақтан екінші басбалдаққа көтерілгендей маңызды қадам.  

Мұндайда басталатын сенімсіздіктің тарихы ұзақта. Әлем үлкен, жер шыр айналған шексіз болса да, екі табаның басып тұрған жердің көлемі шекті. Содан ары асып ешқайда бара алмайтыныңды шын сезінесің. Қашып құтылы алмайтын қарама қарсылықтың бірлігі біздің санамызға мызғымастай орнығып қалған. Кешегі идеологиялық қоғамның жемісі. Біздің көзімізді көлегейлеген де осы байланыстың, идеологияның торы еді ғой. Бәрі осылай басталған.

Релаистік поэзия осы қадамды, тек бір ғана қадамды баса алмай, бір орында қаншама уақыт тұрды. Қазақ поэзиясы осы басбалдақта 70-90 жыл қаңтарылды. Қазір де аға буын ақындар, тіпті, біздің орта буын ақындардың шығармашылығынан да мұндай көзқамандық пәлсападан шықбаған шығармалар жиі ұшырайды.

Сыртқа бағытталған, түсінікті, айтып беруге болады, айта аламын, мен соған сенімдімін, деген түсінікке байлаулы шығармашылық. Негізі, бұл көрсоқырлықтың бір түрі. Сыртқы әлемді айта да алмайсың, айтып бере де алмайсың. Тек өзіңді және өзгені алдайсың. Өтірікке, басқаша айтқанда шартты дүниеге, шекті сипатқа мастанасың да, не мақтайсың, болмаса даттайсың, соны жалпы дүние деп қабылдап, өзгені де соған сендіріп тынасың. Бары сол ғана.  

Ал бүгін мен кейінгі буын ақындардың ішінен Арман Әділбектің бір өлеңін ұшыратып қалдым. Өлең «Ілкіде пердені жек көруші едім...» деп басталады. Осы тармақ бүкіл өлеңнің түп болмысы, қазығы, түйсігі сияқты. Осы тармақ өлеңде бірнеше рет қайталанады. Неге? Себебін шығарманың тақырыбы айтып тұр. Өлең «Терезе» деп аталады. Терезе мен перденің қарама қарсылықтан тұратын бірлігі өлеңді бірнеше бағытта ұқсамаған кеңістікке тартады. Соған беттейік.

Ілкіде пердені жек көруші едім.

Ыстық, һәм дымқыл ауа терезеден ішке құйылуда,

Өкпемді керуде.

Ыстық, һәм жарық сәуле терезеден ішке құйылуда,

Жанарымды керуде. 

Ақын өлеңін бірден «пердені жақсы көрмеуші едім...» деген оймен бастайды, одан ары пердесіз терезеден кірген «Ыстық, һәм дымқыл» ауа менің мазамды алды, деген оймен жалғайды. Кеудеме құйылған жағымсыздық «Жанарымды керуде»,- дейді. Перде мұнда тосқауыл, кедергі, көзқамандық, түйықталған, тұмылдырықталған, жарықсыз, қараңғы, шектеулі дүниетанымның көрінісі. Ол және шекара. Екі түрлі дүниетанымның шекарасы. Перде жоқ болса ғана, әлгінің бәрінің басқаша болмысы ашылады. Сондықтан ақын әу бастан-ақ пердені жоққа шығарады. «Жанарымды керуде» деген тіркестің мәні тереңде. Бұл сөздің құбылғанын көрсетеді. Ыстық, һәм дымқыл ауаның барар жері басқа арнаға ауып, өзгеше мән алып тұр. Ақын «жанарым» деген сөз арқылы ой үзігін көз, көру, тану деген ұғымдарға бастайды. Өлеңнің мән-мағынасы, беталысы осы тұста айқындала түседі. Сөздің төркіні жай терезе, терезе перде және ыстық, һәм дымқыл ауа да емес. Қайта сыртқы әлем мен ішкі әлем, көрнеудегі дүние мен көмескідегі,жаттанды дүние мен шынайы болмысқа қатысты екенін аңғартады. Ақын осы шумақта таным тұрғысынан «мен енді сендердің өтіріктеріңе сенбеймін» дегенді анық ұқтырады. Өлең былай жалғасады:

Ауаға тұншықтым.

Жарыққа тұншықтым.

Тірідей қабырғаға жерленген күнәһар секілдімін.

Бұл тіркестер жармақтың екі беті сияқты. Екі түрлі болмысты біріктіріп тұр. Ол жоғарыдағы шумақтың нәтижесі немесе тар қапастан кең дүниеге шыққысы келген, өтіріктерге сенуден қалған, жаттанды дүниеден қашқан, өзін алдаудан бас тартқан және шығармашылықта жаңа кеңістікке шыққан адамның болмысын, жандүниесін анықтап тұр. Ұйқыдан оянсаң ғана жан-жағыңа қарайсың, өзіңе «мен не күйдемін?» деген сұрақты қоясың,сонда барып өзіңнің нақты шындығыңа көз жеткізесің. Сол тұста жандүниенің шынайы «Тірідей қабырғаға жерленген күнәһар» бейнесі ашылады. Жаттанды дүниені көзді жұмып алып жаза беруге болады. Ал шынайы түйсікке тірелген шығармашылықтың бейбіт, мамыржай болмасы анық. Ол қайшылықты, ыс-түтекті,арпалысты, бұлқынысты болады. Басқаша айтқанда шынайы өнер «тірідей қабырғаға жерленген» күйден әсте кет ары емес. Келесіде ақын былай дейді:

Терезеден тек терезелер ғана көрінді.

Терезелер ғана,

Оның өзі ыстық ауада дірілдеп,

Аласапран жарық ішінде мұнартып тұрады.

Жылыстай алыстап бара жатады.

Писихологияда көбінде терезе, есік деген терминдердің түйсіктегі бір әлемнен екінші бір әлемге өтетін өткел, немесе өту дегенді меңзейтін бар. Ақын «Терезеден тек терезелер ғана көрінді»,- дейді. Өлең екі түрлі орта туралы ой айтады. Олар бір-бірімен байланысты, соған қарамастан басқа басқа дүние. Олардың ортасындағы қайшылық ымырасыз қайшылықтан тұрады. «Аласапыран» жарық әне сол жерде. Өлеңнің келесі шумағы таныс, жаттанды дүниеден бір жола кеткен,шарық ұрып өзін, өзінің жаңа кеңістігін, болмысын іздеген ақынның рухани күйін аңдатады.

Маған өлеңнің бар болмысы ұнады. Ақын нені жазу керектігін анық түсінеді. Жазу барысында ой өрнегін қалай құруды да біледі. Сөзді тежеп, орнымен, салмағымен, сәтімен қолданады. Өзіндік машығы, талғамы, тәжірибесі бар ақынның қолтаңбасы екені көзге ұрып тұр. «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп көзді жұмып алып жаза беретін талғамыздардың қойыртпағынан мүлде басқа сападағы дүние.  

Арман Әділбек анық ізденістің жолына түскен ақын. Ол басқаша жазу керектігін анық түсінеді. Сол бағытта нық қадамдар басып келеді. Жаттанды дүниеден бас тарту оңай емес. Жаттанды дүниеден бас тартып қана қоймай, өзінің жазу мәнерін қалыптастыра бастау деген тіпті қуанарлық шаруа. Шығармашылық ежелден машақаты жұмыс. Арман соның тәтті дәмін тата бастаған сыңайлы...

Ardakh Nurgaz.


Қосымша:

 

Арман Әділбек. Терезе

 

Ілкіде пердені жек көруші едім.

Ыстық, һәм дымқыл ауа терезеден ішке құйылуда,

Өкпемді керуде.

Ыстық, һәм жарық сәуле терезеден ішке құйылуда,

Жанарымды керуде.

Ілкіде пердені жек көруші едім.

Ауаға тұншықтым.

Жарыққа тұншықтым.

Тірідей қабырғаға жерленген күнәһар секілдімін.

Терезеден тек терезелер ғана көрінді.

Терезелер ғана,

Оның өзі ыстық ауада дірілдеп,

Аласапран жарық ішінде мұнартып тұрады.

Жылыстай алыстап бара жатады.

Ілкіде пердені жек көруші едім.

Көзімді жұмдым.

Тас қараңғы,

Бұлдырап тағы терезе көрінді.

Пердесіз терезе,

Ішінде тұңғиық шүңет,

Мұздай суық шіріген ауа…

Терезелер маған қарап тұр.

Ілкіде пердені жек көруші едім.

 

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты