Бір таба нан

(Қапиза Жаманғарақызының «Мәуелі, алып бәйтерек» эссе-естелік жинағынан үзінді)
1.Бір таба нан
ХХ ғасырдың 30 жылдары басталған ашаршылық кезінде әкеміз Әбілдаұлы Қарабай (Жаманқара) балалар үйіне өткізілген екен. Алғашқы жылы шамалы уақыт Ұлытауда болыпты. Кейін Қарағанды, Көкшетау қаласындағы, Белоруссияда балалар үйінде болған.
Сол кездерде әкеміз үйде қалған інісімен мектепте жолығып тұратын болған, кейде ол кісі қойнынан шығарып «біз кеше мынандай тамақ іштік» деп бір түйір болса да тамақ алып келеді екен. Кейін әкемді Қарағанды қаласына ауыстырған. Сол жылдары үйін, ауылын сағынып Ұлытауға қашып келген екен.
— Қарағанды қаласында балалар үйінде жүрген алғашқы кездерім. Бір күні балалар үйінен қашып шығып, көмір тиелген «товарный пойызда» (жүк пойыз) жасырынып, жолда әр вагонға тығылып, ауылға келдім. Үсті-басым күйе-күйе, кір-кір, өзім ашпын. Үйге бару қайда, кіргізбейді, қорқамын. Таяқ жеймін ғой. Содан ауылдың сыртында Ұлытаудың тауын паналап, жасырынып жүрдім. Түнгі кездерде ұрланып, ауыл ұйқыда жатқанда ешкімнің көзіне көрінбеуге тырысып, үйдің маңайына келемін. Үйдің сыртынан кірген-шыққан адамдарды аңдимын. Бір күні түнде ақырын үйдің сыртына келіп, таң атқанша шөптің арасында жасырынып, далада жаттым. Таңертең әкем мен шешем шығып кеткен соң тығылып келіп, үйге жақындадым. Үйде Байқара (әкемнің інісі) бар екенін білемін. Кіруге жүрексініп, далаға шығып қала ма деп аңдып отырмын. Бір кезде ол сыртқа шықты, мен үйге қарай жақындадым. Ол мені көріп шошып кетті. Аш екенімді айттым. Ол үйден бір уыс шыжық (малдың майларын майдалап турап, қазанға қуырып, бөлінген майын құйып алып қатырылған, қуырылған майлардың қалдығы) алып маған берді. Сөйтіп күнде қараңғы батысымен ешкім көріп қоймасын деп үй жаққа тығылып келіп жүрдім. Нан жегім келеді, қарным аш. Бір күні «нан бар ма?» деп нан сұрадым. Ол үйден бір таба нан ұрлап алып шықты. Нанды көргенде қатты қобалжып кеттім. Қойныма тығып алып, ауылдың сыртына қарай қаштым. Сол нанды бірнеше күн үнемдеп, талғажау қылдым. Ол кезде бір таба нанды беру дегеннің не екенін білесің бе, сен? (дауысын көтеріп). Оны мен ештеңемен теңгермеймін, оның құны өлшенбейді. Бірақ бәрінен бұрын үйде қалған інімнің жағдайы не болды екен деп қатты уайымдадым. Ол мен үшін оңбай таяқ жеген шығар... , — деп жылап жіберді де, үнсіз ойланып отырып қалды.
—Содан бері үнемі сол ашаршылықта берген дәмі аузымнан кетпейтін нанның құнын қалай қайтарам деген ой маған маза бермеді. Қолымнан келгенше ініме көмек беруге тырыстым. 1970 жылы бір күні өзі үйге келді. (Ол кезде Көкеміз совхозда парторг болып істейтін еді).
— Мені КПСС ұйымының жетекшісі ретінде Ленинград қаласына курсқа жіберді , — деді. — «Алысқа бара жатыр, ауылда балалары бар ғой» деп жолына 100 сом ақша тауып бердім. Ол кезде 100 сом деген екеуміздің бір айлығымыздан көп сома еді. Сол ақшаны беріп тұрып, “мен сенің аш жүргенде берген бір таба наныңды ақтадым ба, құнын өтедім бе деп сұрағанымда, «иә өтедің, өтедің» деп қайталай берді. Екеуміз де көзімізге жас алдық. Бірақ мен үшін бұл өмірде ол нанның құнын өтеуге тең келетін ешнәрсе жоқ. Оның құны ешқашан өтелмейді. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі кетпес» дегендей, мен сол аш жүргенде далада түнеп жүріп жеген бір таба нанның құнын ешқашан өтедім деп өзіме айта алмаймын. Бұл өмірде бірге туған бауыр ыстық болады. Бір-біріңді қадірлеңдер. Сендер ешкімге қарыз емессіңдер, ешкімге алты аласы, бес бересілерің жоқ» ,— деп сөзін аяқтады әкем.
2. Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы
Әкеміз – Ұлы Отан соғысының ардагері Турсумбаев Қарабай (Жаманқара) Әбілдаұлы 1916 жылы Қарағанды облысы Ұлытау селосында, анамыз – Ондыбайқызы Күләй 1929 жылы Терісаққан (Шеңбер) совхозында дүниеге келген. «Отан отбасынан басталады»,–деп бекер айтылмаған. Бірлік, сыйластық, құрмет, қамқорлық орнаған отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Біздің анамыз Күләй он бір құрсақ көтерген. Қалима есімді бауырымыз бес жасында аурудан қайтыс болыпты, қалғанымыз ер жетіп есейгенше әке–шешеміздің тәрбиесінде болдық. 1939 жылы әкеміз әскер қатарына шақырылады. Содан екінші дүниежүзілік соғыс, Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін 1946 ж. сәуір айында бірақ босапты. Бізге соғыс туралы ештеңе айта қоймайтын, «адамзаттың басына бермесін, бұл қанды соғыстан тірі қайтқан адамның арманы болмайтын шығар деп ойлайтынмын»,- деп айтқаны бар.
Соғыстан босағаннан соң ауылға қайтпай, Ресейдің Еврей автономиялық облысы, Қиыр Шығыс федералды округі, Сталин ауданында тұрақтап қалыпты. Сол жылы Сталин аудандық жол бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалады. Бірақ ауылда қалған інісімен хат жазысып, туыстардың амандығын біліп тұрған екен. Әкесінен ауылға қайт деген хабар жиі келген соң, қызметінен «ата–анасының еңбекке жарамсыздығына байланысты мекенжайын ауыстыруы» деген себеппен өз еркімен босап, 1947 ж. Ұлытауға келген.
Бірде анамнан: «Әкеме қалай тұрмысқа шықтыңыз»,- деп сұрадым.
– Бойжетіп қалған кезім. Ағатайыма (анамыздың әкесі) құда түсіп, үйге алыс–жақын ауылдардан адамдар келеді. Олар үйге кірісімен, сыртқа шығып есік алдына шешкен аяқ киімдеріне қараймын. Соғыстан кейінгі жылдар. Халықтың тұрмысы өте нашар, ауылдағы ел еңсесін көтермеген. Киерге дұрыс киім жоқ. Жыртық калош, қонышы кесілген, өкшесі басылып қалған, әбден тозығы жеткен етіктің басын да киіп келеді. Соны көрем де, адамдар кеткенше үйге кірмей қоямын. Ағатайым келіспейтінімді түсініп, рұқсатын бермей, кісілер үйден шығып кететін. Бір күні үйге үш адам келді. Үстеріне киген киімдері бүтін, жинақы, таза екен. Әкеңнің үстінде костюм – шалбар, есік алдында жылтыр (лакированный) қара туфли тұр екен. “Е, осы адамның етегінен ұстасам жаман болмаспын”,- деп ойлап келісімімді бердім. Ағатайым көк биені арбаға жегіп, астыма ақ бітпесті (бір жағына матадан » ою салған киіз) бүктеп салып жіберді. Сөйтіп, әкең екеуміз шаңырақ көтердік» деген.
Анамыз кешкі ас ішіп отырғанда тәлім-тәрбие болатын біраз әңгімелерді айтып отыратын. «Алғашқы бес-алты жылдай Атамыздың үйімен көрші тұрдық. Ерте тұрып бірінші атам үйінің сиырын сауамын, біраз үй шаруасына көмектесемін (абысыным аурушаң болды), сосын өз үйімнің шаруасына кірісемін. Тұңғыш қызым Зейілғарап туғаннан кейін, бір күні Ағатайымның келе жатқанын сырттан көріп қалып, үйге келдім де баланы бесіктен шешіп алып, жүктің үстіндегі жастықтардың артына жатқыздым. Ондағы ойым бала туғанымды біліп қалса, ұят бола ма дегенім. Ағатайыммен амандасып, шай қоюға далаға шығып кеттім біраз уақыттан кейін кірсем, баланы алдына алып отыр, қатты қысылдым. Ағатайым «Күләй-ау бұның не, үстіне жастық құласа тұншығып қалады ғой, баланың жылағанын естіп алдым», -депті.
Бірде үлкен ағайымыз Қайырғалидың үш жасар баласы Болат дастархан жайып жатқан жеңгеміз Ләйләнің артынан қалмай кірсе-кіріп, шықса-шығып жүрді, сонда анамыз «әкесі де солай жүретін менің артымнан, тіпті бірде үйге келген Ағатайымның танысы «мына баланың соңынан еретін тұяқ бермеді ғой Алла Күләйға» ,- депті, сонда нағашы атамыз «жүр, менің артыма ілес» деп балалардың бөлмесінің есігін ашыпты, үпір-шүпір ойнап отырған 5-6 баланы көрген кісі сасқанынан: «Мына балалардың бәрі Күләйдің баласы ма?» деген екен.
Ата-анамыз өздері жастайынан өгей шешенің тәрбиесінде болғандықтан шығар, отбасымызда уақытымен ояну, тамақтану, міндетті жұмыстарды тыянақты істеу жағына қатты мән беретін. Әкеміз ұлдарына ер кісінін далада атқаратын шаруасын үйретсе, шешеміз қыздарына үйдің ішкі шаруашылығын, кісі күту, тамақ істеу, іс тігу т.б.үйретті.
Анамыз: «Біреудің берген бір аяқ көжесі тамақ болмайды, оқу оқып, жұмыс істеп, әрқайсың өз нандарыңды өздерің тауып, жейтін болыңдар»,-деп айтатын.
(Ғалияның естелігі)
3. Ғалияның естелігі
1-ші сыныпқа барған жылы сабаққа шығып бара жатқанда, анам күнде қалтама бір уыс «Золотой ключик» деген кәмпит салып беретін. Мектепке Зекен апарады. Жол бойы Зекен екеуміз барғанша, мектептен келгенше әлгі кәмпиттерді жеп келеміз.
Никольский (Сатпаев) қаласына көшіп келген жылы 5-сынып оқитынмын. Әкем ауданаралық базаның директоры. Бір күні әкем «қыздарыма» деп төрт мектеп формасын әкелді. Біреуін алып Салияға берді. Қалида мен Қапизаға бір–бір формадан ұстатты. Қалған бір форманы әріректеу бөлек алып қойды. «Маған бермейсіз бе?», – дедім, әкем: «Бұл саған үлкен, мұны Ғайниға алдым (көкемнің қызы, Салия екеуі құрдас) сенің өлшемің жоқ, болса әкеп беремін»,- деді. Мен анама: «Маған осы форманы кішірейтіп беріңіз» дедім. Әкем: «Жоқ болмайды, бұл Ғайниға», –деп рұқсат бермей қойды. Мектеп формасы Германияда тігілген, көк түсті, жилеті, пиджагы, юбкасы бар, тройка болатын. Өзіме форма тимей қалғанына ашуланып, жылап алғаным есімде.
Орта мектептi бiтiрген жылы Жезқазғандағы Қарағанды политехникалық институтының филиалына (экономика факультетi) кұжаттарымды тапсырдым, емтихан тапсырғанмен конкурстан өтпей қалдым, содан кейiн кешкi бөлiмiне экономика факультетi болмаған соң, инженер кұрылысшы факультетiне тапсырдым. Ертен емтихан деген күнi, кешкi тамақ үстiнде анам әкеме: «Балаға қолдау көрсетейік»,-деді. Содан ертеңiне анам мен әкем менiмен бiрге емтиханға барды, тапсырып шықсам екеуi күтiп тұр екен. Қалған емтихандарға менiмен үлкен ағайым Қайырғали барып жүрдi, қолдау көрсетiп, демеу болғандарының арқасы болар, сол жолы оқуға түсiп кеттiм. Институттың кешкі бөлімінде оқып, жұмыс істей бастадым.
Ұлым Данияр үш жасында ауруханада жатқанда әкем жұмыс бастылығына қарамай, бір күні үйге келіп: «Мені ауруханаға апар, баланы көріп, қал -жағдайын сұрайын»,- деді. Артынан ұлым әжесіне: «Ауруханаға ата келді, жұмысқа барып жүрсе де сіз неге келмедіңіз үйде отырып?»- дегенде, анамыз күліп: «Ол жұмыстан шығып барды, мені ала кеткен жоқ»,- деп ақталған. Қазір ойласам, кішкентай балаға сондай ілтипат білдірудің өзі үлкен тәрбие екен. Данияр: «Ата көрген сайын, жылушырап «О, Құдай бере салған» дейтін. Ата кеткелі ондай сөзді ешкімнен естімедім»,- деп атасын сағынғанын білдіріп қояды.
Анамыз дүниеден озғаннан кейін, бір кезекті іш-шарадан соң үйге қайтарда әкем: «Ал, енді аман болыңдар»,- деді, мен: «Папа, сіз бізді осы күнге жеткіздіңіз, оқыттыңыз, үй қылдыңыз одан артық не керек бізге, бәрі сіздің арқаңызда, сізге ризамыз»,- дегенде ақылшы, қамқоршы, арқа сүйер әкеміз «Ее, солай ма?»,- деп ойланып қалды.
