Oralkhan Bokeev. Қасқыр ұлыған түнде...
Қыстың ұза-а-ақ кеші...
Осындайда бойыңды кернеген суықты қуып шығар айла іздейсің; осындайда «жойылсын бұйығы тірлік!» - деп жар салғың келеді. Ымырт үйіріліп, қас қарайса болды, сулысылпың кешкі асын іше салып, тас бүркеніп жатып қалар ауылдағы ағайынды сағынасың. Әбден қысқарып, бір қайырмаға келмей қалған күн суық жүзбен таудың қыр желкесінен төніп тұр. Ақ көрпесін айқара жамылған айналаңыз жылдың басқа мезгіліндей емес, күміс нұрға шомылып, қараңғылыққа ырық бермей ұзап барып ұғысады да, түннің қап-қара отауына барып кіреді. Дәл осы сәт алғашында таусылмас ұзақ болып көрінген қысқы кеш есіңе қайдағы-жайдағыны түсіріп, көңілге салкындау кабыздаған белгісіз бір мұң ұялайды. Өзіңе аласұрып ермек іздегендей боласың. Малшынын жөні бір басқа - тебіндегі отарын қыстаққа кішкіштеп қайырып, ай-үймен қоралап біткенше қас қараяды. Сосын, әйелі әзірлеп қойған тамаққа тыңқия тойып алған әлгі шопан темір пештің жылуына қыздырынып, қисайып жатып, «Ара» журналын оқуға кіріседі. Ал ақ кар, көк мұзды қак жарып, қиырдан қиырға қосын арқалап көше берер жылқышы күпісіне иегін тығып, су-су ағаштың бықсып жанған алауына телмірген күйі «Примасын» тұқылдай сорып, тым ауыр, әрі мағынасыз ойға батар. Ауылдың жөні бір басқа - малын жайғап, маңайын тазалап, сыртқы күйбеңмен аялдап, үйіне кірмей біраз жүреді-ай. «Тамағыңды іш, суып қалды», - дегенде барып керги басып міндетсіп үйге кірер. Онымен бірге кірген будак-будақ бу төрге шапшиды, сонсон әлгі ағайын: «Радионы қаттылап койыңдаршы, не сөйлейді екен?» - деп пимасын шешіп, баласына пеш қабырғасына кептіруге қойдырады. Радионы бұрағанда міндетті түрде «қияқ, қияқ» деп, кеңірдек жырта айқайлап тұрары және рас. Осы сәтте осы үйдің оныншы класта оқитын бойжеткені барын киіп, сыланып киноға аттанады... Қар алғашқы жауғанда сойып алған соғымның еті бұрқырап, дастарқанға келгенде пеш түбіндегі ала мысық керіле түрып, мияулай аяңдайды.
Қыстың үза-а-а-к кеші.
Қалада мүлдем басқа. Мүнда қысқы кеш қысқа сезіледі. Аяң-пүяңмен жүмысты тәмамдап, аялдамаға асығасың. Қаптаған халық. Түнде жауып, күндіз жылбысқылана еріген қырбақ енді көк тайғаққа айналып, тайып жығылып жатқан адамдар. Ыңыранып сасып-борсып әрең келер автобусқа жапа-тармағай ұмтылысқан ел бір-бірін итере, бір-бірін жұлқып, бір-бірін балағаттап есікке ілінеді. Әуелгі артқы, сонсоң алдыңғы есікке... алдыңғы есіктен өлдім дегенде жарты иығың кіреді. Ең алдымен шофер ұрысады, сонсоң әйелдер күңкілдейді, үйіңе өлдім-талдым деп жеткенде: «қайда қаңғырып жүрсің» деп келіншегің тұлан тұтады. Ит боп жүріп, от басынды әрең тапқан сен: «ойнап жүрдім» деп арс етесің. Өйтпеске амалың жоқ. Телевизорды қоясың «қияқ, қияқ». Үндемей барып өшіресің. Сонсоң теріс карап тымтырыс жатып қаласың.
Міне, осындай бір қыстың үза-а-ақ кешінде мен жолға шығатын болдым. Алғашында барғым келмеген. Редактор қолқалап болмаған соң, еріксіз көндім. Біздің бастық негізінде қорқытып-үркітіп жұмсамайтын жайдары, ақылды жігіт. Жас та болса атқа ерте мінген, ерте өскен әлі де біраз жерге барарына сенгендейсің. Бұйрықты қолыма алып аттанатын болған соң жол қамына кірістім. Бірақ, барар жер алыс, Қазақстанның шығысы. Алматыда он градус болғанда онда қырыққа жетіп, ел мен жердің мазасын алып тұрған шығар.
Облыс орталығынан ары автобус жүреді екен. Айтқаным айнымай келіп, қаңтардың қақаған суығына тап болдым. Автобустың мұздай теміріне қолың тиіп кетсе, қырқып түседі. Киімім жұқа еді. Әлі ірге теуіп, үйлі-баранды болмаған адамның шаруасының қиюы келуші ме еді тәйірі, айына бір рет үй ауыстырып, басы қатып жүрген жас журналистердің әзірше бірі ғанамын. Жалаң қабат пальто, кұлағы жоқ ескілеу, жасанды теріден тігілген бас киім, жасанды теріден тігілген қолғап, жасанды теріден істелген қара портфелімнен өзге іліи алар еш нәрсе жоқ. Дірдектеп жұмсаған жаққа қарай шапқылай бересің, шапқылай бересің, өстіп шапқылап жүріп жан сақтайсың. Өстіп шапқылап жүргеніңде екі жастың біріне келмей ауруға ұшырайсың. Жас кезде бәрі қызық, байқалмайтын секілді. Табаныңнан өткен суық маңдайдан шығар мезгіл әлі алда...
Мен автобусқа мінгенде, сау етіп ел азаматтары қоса кірді. Тегі мен бағыт алған үлгілі ауданның басшылары іспетті. Үстерінде кұндыз жағалы қыс пальто, кейбіреуінде әдемілеп сырып тіккен шолақ тон, бастарында үкілеген тиін қүлақшын, аяқтарында аппақ пима, беттері қып-қызыл, буы бұрқырап қарқ-қарқ күліп отыр. Дәл осындайда адамның бойын қызғаныш билейді. ҚазГУ-ді емес, мал дәрігерлік институтын бітірмегеніңе өкінгендей боласың. Өкін, өкінбе бәрі кеш екені есіңе оралып, одан әрі жаурап, енді іш мұздап, бүрісе түсесің. Автобус әне-міне жүргелі тұрғанда ақтүбіт шәлі оранған қыз кірді. Жүргізушіге билетін көрсетті де менің оң жағымдағы бос орынға отырды. Қуанып қалдым. «Ермек табылды» дедім ішімнен.
Көлігіміз гүрілдеп-қырылдап, орнынан қозғалғанша жолаушылар да дабырласып, әр нәрсенің басын шалып, көңілді отырды. Суық қыса түсті. Ауыздан үшқан будан автобус іші түманға айналды. Терезе сірескен қырау. Қысқы демалысқа шығып, жұрағаттарына қыдырыстап бара жаткан кейбір мектеп окушылары әлгі үлтандай боп қатқан сіреу мүзды тілімен жалап ерітіп, көздей тесік жасап алып, сығалайды. Редакторым командировкаға жұмсағанда әуелі тартыншақтағаным - ертең жаңа жыл еді. Осы жылына жалғыз рет келетін мерекені жолдастардың арасында қарсы алып, сонсоң аттануыма да болушы еді, бірақ қалада жүргенде қарқ болар мекенім және атап шақырған ешкім болмаған соң қысастанып, жылжи беруді жөн санағанмын. Жаңа жылды жолда қарсы алуым бір бүл емес-ті.
Автобус орнынан қозғалып сыза жөнелгенде, қатар отырған көрші қызға тіктеп қарап үлгірдім. Әдемі екен. Екі бетін суық сорып, томпайып үнсіз отыр. Оның да киімі жүқалау көрінді. Бар байлығы - басындағы ақ түбіт шәлі сықылданды. Аққүба өңіне аса жарасады екен. Көзін үнемі төмен салып отырады да, оқта-текте кірпігін көтерсе жарқ етіп жанары шығады. Маған ол өз сүлулығын өзі бағаламайтындай сезілді. Үнемі жуас халде, ауыр ойдың үстінде келеді. Жанында, тіпті айналасында адамдар барын байқамайды да. Мүндайда пысықтық жасап, бас салып сөзге тарту қиын.
- Терезе жақ суық кой ауысып отырайық, - дедім. Ол бірден жауап берген жоқ. Естімегендей меңірейіп карады да, іркіліп барып тіл қатты.
- Рақмет, сіздің киім менікінен де жұқа ғой, - деді.
- Бірақ менің жігіт деген атым бар ғой. - Бұл менің тауып айтқаным еді. Байқаймын, бұл әзілсымағым көкейінен қоныс таба алмады. Тағы да үнсіз отырдық.
Суық. Жолаушылар жағасына мойнын тығып-тығып, қонақтаған тауықтай мелшиіп-мелшиіп отыр. Тек манағы үлде мен бүлдеге оранған ожар топ қана қағанағы қарқ. Өздері жолда тоңбас үшін ептеп тартып алған сыңайлы. Биылғы қыстың қаттылығын, мал қыстату науқаны өте қиын тиерін айтысып, дабырлап сөйлеп, алғашында мазаны алды. Жасанды теріден тігілген бәтеңкемнен ызғар өтіп, башпайларымды суық сора бастады. Бір-біріне соғып, тықылдатып, жылытқан боламын. Менің осындай мүшкіл халімді сезді ме, қыз:
- Пима киіп шықпаған екенсіз, - деді. Қуанып қалдым.
- Сол қүрғырың жоқ қой.
- Не? Ақша ма, пима ма?!
- Екеуі де. –
Түрмеден босап шығып па едіңіз? - Әзілдеді ме шыны ма, айыра алмадым. Бет-пішіні өзгерген жоқ, салқын сұрады.
- Не десем екен... Алматы жылы болған соң...
- Ә, түсінікті. Бұдан былай есіңізде болсын, Алтай - Алматы емес, қатал.
- Әрине, бірақ қатыгез жерге қайтып оралу - екіталай-ау.
- Ат баспаймын деген жерін үш басады демей ме, ағай?
- Өзің қайдан келесің?
- Мен де Алматыдан.
- Оқисың ба?
- Иә.
- Қайда?
- Қыздар институтында.
- Факультеті.
- Тіл-әдебиет.
- Қайда барасың?
- «Өркен» ауылына.
- Ол қай тұста?
- «Новостройкаға» бес шакырым жетпей, тау койнауында.
- Оған автобус бұрыла ма?
- Айналдырған екі жарым шақырымға уақыт өткізіп жүрмейміз деп, жол жиегіне тастап кетеді. Әрі қарай жаяу тартамыз. Сіз мені тергей бастадыңыз ғой...
- Дәм тартып сапарлас болған соң, таныса отырайық, дегенім ғой.
- Өзіңіз «Новостройкаға» барасыз ба?
- Иә, сол селоны жазбақпын. Газетте істеймін.
- Мен де солай-ау, - деп ойлаған едім. Өйткені сұрағыңыз - нақпа-нақ. Ол селоны жазуға болар, - деп ойланып қалды. Мен оның үнсіз тыныштығын одан әрі бұзғым келмеді. Такымдап сұрақ та коймадым. Есіме редактордын сөзі оралды: «Шығыс Қазақстанда «Новостройка» деген қала типінде салынып, мәдени-тұрмыстық жағынан бүкіл республикаға үлгі болар село бар екен. Бүгінгі сәулетті қоғамымыздың ауыл-селолары барған сайын көркейіп, қаладан еш айырмасы болмай өркендеп, өсіп отырғанын паш ету үшін именно сол селоны насихаттауымыз керек. Орталық газеттің бірінде «Села Казахстана меняют облик» деген тақырыппен мақала шығып та кетті. Мейлінше зертте, мәдениет сарайын, универмагын, тұрмыстық қамту үйі мен ресторанын суретке түсіріп ал, еңбек адамдарымен кездесіп, бастығымен жүз дес, сұхбаттас». Мен таңғалғаным жоқ, өйткені, шынында да мұндай жаңа типпен жобаланып салынған сәулетті селолар саны күн өткен сайын көбеюде. Демек, каладан ауылдын айырмасы азаюда... Тамаша, әрі табылған тақырып! Газеттің бір бетіне етектей етіп тастап жіберемін...
Кыстың ұза-а-ақ кеші бітіп, түнге айналды. Барар жер әлі алыс, күн суық, аяз буып тұр. «Көңілсіз сапар болатын болды» - деп ойладым ішімнен. «Новостройканың» азаматтары мұрындары шуылдап, ұйқыға басты.
Қыз өзімен-өзі бір нүктеге қадалған күйі әлі үнсіз келеді.
Тау арасына ілінгенде боран басталғаны байқалды. Қар қиыршыктары сабалап, тіпті касқырша ұлыған үні қүлаққа жеткендей болған. Киюы қашып, тозған терезенің жақтау-жақтау санылауынан ішке ұмтылып, әлі аласұрған боран да жылы мекен іздегендей. Анда-санда бір толқып тастап, мынау алай-түлей боранды сұрықсыз дүниеден қашып кұтылғысы келгендей зымыраған автобуста әзірше кінә жоқ. Ауа райы секілді адамның бойын да қалтыраңқы суық сезім билеп, өз-өзіңнен қажисың, қан түкіргендей көгеріп, сазарасың, еш нәрсеге зауқың жоқ, дүниенің рақаты маздап жанған от екеніне иланасың, әрі мың мәрте табынасың, іштей. Құлаққа мотордың бірқалыпты гүрілінен басқа сырттан шыңшыңдаған дыбыс келеді. Мен көз алдыма жел кеулеп, аңыраған қарлы адырлардың ортасында жалаң аяқ, жалаң бас безектеп келе жаткан жалғыз жаяуды елестеттім. Қызық, әлгі тізеден қар кешкен жалғыз жаяу - қасымда жым-жырт отырған түбіт шәлі қызға ұқсады. Қандай қаталдық. Селк етіп есімді жидым да, жалт карадым. Қырау құрсауланған әйнекті тесіп, сығалап отыр екен.
- Не карадың?
- Ауылдың тұсынан өтіп кетем бе деп...
- Шофер хабарламай ма?
- Кейде ағып өте шығады.
- Мен ескертіп кояйын, - дедім де жүргізуші жігітке барып «Өркеннің» түсына келгенде айтарсыз, - деп тапсырдым. Қыз:
- Ракмет, - деді сыпайы ғана.
- Үлкен ойдың үстінде келесіз ғой. Мақалаңызды қалай бастап, қалай аяқтауды жоспарлап отырсыз-ау, шамасы.
-Ж оқ. Тіпті де олай емес. Мен сіз... сені ойлап келемін.
- Ал мен сізді...
- Қызық екен.
- Ішім жылып сала берді.
- Сізді болғанда... өзіңіздің жеке басыңызды емес қалай түсіндірсем екен... жалпы сіз секілді үнемі жол тартып жүрер... үнемі далада машина немесе ат үстінде жүрер адамдарды. Айталық, менің әкем көп жылдан бері қойшы, қазір ол отарын жайғап, бел суытып, шайға отырған шығар.
- Ол кісілер қыстауда ма?
- Иә, бірақ қыстақ ауылдан онша алыс емес, іргесіне тиіп түр.
- Сен бүгін сонда барасың ба?
- Енді кайда?
- Қорқынышты ғой. Түн іші, сыртта боран, қақаған аяз.
- Ой, ағай-ай, мен бұл жердің табиғатына әбден үйренгенмін, талай-талай тапталған жол. Біздің «Өркеннің» бұрынғы аты - Бөрілі деп аталған, кейін келе өзгертті. Аты өзгергенмен, заты - сол баяғы қалпы. Жиырма шақты ғана үйі бар. «Аюлы» совхозының бір бригадасы. Бастауыш класы бар. Қалған жылды сіз кетіп бара жатқан «Новостройкага» барып оқиды. Мен де оныншы класты сол селода бітіргенмін, ауылға тура автобус қатынамайтын болған соң, ары өткен, бері өткен, қала мен екі ортадағы кез келген көлікке мініп, жолдан түсіп қалып, тау қойнауындағы үйге жаяу барамыз. Жасырып керегі не, әсіресе қыстыкүні аса қиын. Ал қыс дегеніміз Алтайда өте үзақ қой. Амал не?
Қыз күрсінді. Сонсоң әлгінде өзі ойып алған тесікті сүртіп, тағы да сыртқа үңілді. Екі тізем мен башпайымның жаурағаны әңгімеге айналғанда ұмытылған еді, енді қайта дірілдей бастаған. Жолаушылардың бәрі қалғып-шүлғып, бейжай келеді. Мотордың әдеттегі гүрілі, даладағы боранның соғуы, бағанағы семіз азаматтардың қорылынан өзге тырс еткен дыбыс жоқ.
Мен ойладым: «Өмір деген - ғажап дейді, түк те ғажап емес, әншейін осындай автобусқа мініп, белгілі бір аялдамада түсіп қалу, біреудің тойып секіруі, біреудің тоңып секіруі. Әлдекімдер көрер таңды көзімен атқызып, ой қажап үйықтамайды; әлдекімдер ішігіне тас бүркеніп, уайымсыз тоқүйқыға басады. Сайып келгенде, өмір дегеніміз - өзгенің бақытына қызығып өту ғана... Ал мынау жанымдағы тойған қозыдай томпиып отырған қыз ше?... Оны ертең не күтіп түр? Бақытты ма, бақыты жоқ болса, оны іздеп таба ала ма? Не ойлады? Жігіті, үнатқан біреуі бар ма? Тіпті мен туралы қандай сезімде келеді? Адамдарға сене ме? Аты кім? Қайтып кездесер ме екенбіз?..».
- Атыңыз кім, аға? - деді оқыстан.
- Нүрлан. Өзіңнің есімің?
- Арай.
- Жақсы екен.
- Неге жақсы, аға?
- Есіміңді айтамын...
- Таң ата туған соң әкем Арай деп атай салған. Мен жайлауда дүниеге келіппін. - Бетінен күлкінің әдемі бір толқыны шымырлап өткендей болды.
Мен ойладым: «Өмір деген ғажап-ау, кеше ғана мынау жалпақ жаһанда Арай есімді қыз барын білмеп едім, енді міне... демінің қалай шыққанына дейін сезіп, әп-әдемі дидарын көріп отырмын. Адамдар бір-бірін әрең іздеп табады, сонсоң іпілезде жоғалтады. Сайып келгенде, өмір дегеніміз адамдардың бір-бірін тауып, қайтадан жоғалтуы емес пе өзі. Мүмкін...».
- Онжылдықты бітірген соң екі жыл әкеме көмектестім, - деді Арай мұңды жүзбен маган қарап. Әлгіндегі бір күлкінің табы да қалмаған. - Ересектері мен болдым, қалған сегізі - әлі жас. Оқуға бармай-ақ қояйын деп едім, әкем қолқалап қоймады. «Біздің тұқымнан да мүғалім шықсын» дейді. Намыстанғаны. Әне бір күнгі хатында: «биыл қыс қатты, қызым. Ит-қүс көп, жаңа жылдық демалысыңды пайдаланып, мүгалімдеріңнен бірер күнге сұранып келіп қайт, сағындық», - деп жазыпты. Не күйде отыр екен?
Мен ойладым. «Өмір деген тіпті де ғажап емес, Алтайдың қысы секілді қатыгез, кімдерге суық, кімдерге ыстық. Дегенмен өмірді лағынеттеп, өкінуге де болмайды-ау».
- Сіз бір түрлі аз сөйлейді екенсіз, - деді Арай.
- Мені сынап отырсыз ба, жоқ әлде мінезіңіз сол ма?
- Мінезімнің ауыр екені рас. Бірақ бір қызып сөйлеп кетсем, атымның басына ие бола алмай қалатын көкезу әдетім де бар.
Жол барған сайын күрделеніп, көлігіміздің жүрісі бәсеңдей береді. Боран қарсыдан соғып түр. Автобустың алдыңғы терезесін қар жентегі түтып, шофер қайта-қайта сүртіп әуре болады. Аяздың барлығы тау ішінен кашып тығылып, аядай ғана автобусты иектеп тұрғандай. Маған енді сол даладағы арпалысқан боран ит боп үріп, қасқыр болып қыңсылағандай үрейлі сезіледі. Жер түгелдей мұз шарға айналып, мәңгіге қатып-семіп, ыңырсығандай жүректі өзгеше суык сезім қариды. Мен амалсыздан Арайға қарай жақындап, осынау қаршадай ғана қыздан пана тілегендей бүрісе түсемін. Ал ол болса жаурағанын мүлдем үмытып, маздап келген ойдың ақ шанасына түсіп, баяғыда ағып кеткендей. Маған қыз да жақындап тақала отырғандай болды. Біздерді қоян-қолтық қауыштырған, бәлкім Алтайдың ақ бораны да емес, аяз да емес, басқа... өзіміз ұғып-сезе бермейтін жастықтың лыпып түрмақ тартылыс күші ме әлде жүректен шым-шымдап жасқана шығып, бойға тараған үяң сезімнің жауратпай, жатырқатпай жарастыққа бастаған қуаты ма; ішімнен Арай сөйлесе екен, ойында не бар түгел ақтарса екен деп тілеймін; табандап жақындап, адымдап қашатын тыз етпе алдамшы үміт, адамның жастык шағымен келіп-кетер оңғақ сезім емес бүл - осы мәуріттің бақилығын арман етер тәтті хал, мұзды денеден жалындап шығар ыстық сүйіспеншілік: сүйіспеншілік болғанда кыз бен жігіттің екеу арасындағы күйдімжандым ба, жоқ-жоқ осы айнымас сәттің қымбаттылығын паш етер мұңлы минуттар, кейінірек жүріп сағынатын бейкүнә отырыс, айтпай түсінетін көңіл үғыстығы шығар-ау.
Жылы киініп, алаңсыз үйқыда жатқан «Новостройканың» аткамінерлері қорылға басты.
Менің көз алдыма, неге екенін білмеймін, ат құлағы көрінбейтін боранда үстінде жұқа ғана шыт көйлегі бар, шашы жалбырап, тізеден қар кешіп, адасып жүрген қыз елестеді. Тағы да өз ойымнан өзім шошындым.
- Арай, айып болмаса мен сені қыстаққа дейін ертіп барайын. Түн, аяз...
- Жо-жоқ, аға, ол не дегеніңіз, ыңғайсыз ғой. Жолыңыздан қалмаңыз. Мен үшін бұл Алтайдың түні мен бораны - үйренген жау.
Біз келе жатқан жол тақтак, әрі оқтай түзу. Тек дүңкиген-дүңкиген алып жоталарды айналып, сайлау жерге түскенде ғана ирелең тартады. Әдетте мүндай әдемі тас жолдың бетіне қар қиыршықтары тоқтамай, үп етіп жел соқса, сусып алақаншықтана билеп, сай-сайға тырағайлап қашады. Сондығы болар, жол соқты болып шаршаған жоқпыз. Әйтсе де, екі иінімнен қос қолдап басқандай тынысым тарылып, талмау тартып отырмын. Қарным ашқаны сезілді. Мен тағы да ақ көңіл, ақ жарқын Арайды ойладым. Шынында да, өзінде бір мазасыздықтың сарыны, ертеңге деген асығыстық барау. Жалғыз көрген кісісін жатырқап-жатсынбай, бауыр тартып, ақтарыла сөйлейді екен. Ол қайта-қайта қойшы әкесін аяп, шиеттей бауырларын еске алып қояды.
- Әкемдер ендігі шайын ішіп болып, ертең ерте тұрамыз деп жату қамына кіріскен шығар. Білесіз бе, аға, біздің «Өркен» ауылында әлі электр жарығы орнаған жоқ. Бұқтарма ГЭС-ін «Новостройка» жаққа тура тартқан. «Жиырма шақты үйі бар ауылға әуреленіп, бұрып жүрмейміз, кейін асықпай тартамыз» деседі. Білесіз бе, аға, біздің ауылда клуб та, киноқондырғы мен кітапхана да жоқ, бар болғаны: ыдыс-аяқ, мата, қант-кәмпиті араласқан жалғыз дүкен, ол да сатушының екі үйінің бірінде үйіріліп жатыр. Қызығы, «Өркен» бригадасы совхоз бойынша жоспарды үнемі артығымен орындайды, ал мәдени-тұрмыстық ахуалымыз осындай... Бірак сіздер мұндай жетім ауылды менсінбей, тура түзу де жайлы тас жолмен үлгілі селоға тартасыздар, тек сондай тамашаны ғана көріп, жазасыздар?
- Арай, егер сен қарсы болмасаң, мен қазір сол қойнаудағы өгей ауылға бірге барсам...
-Соқыртеке ойнайсыз ба?! - деп сыңғырлай күлді. Күлкісі әдемі, бір түрлі кісінің ести бергісі келеді және күлу оған соншалық жарасады.
- Қайтар жолыңызда соға кетіңіз, екі-үш күнде мен де қайтармын.
- Мақұл, оған да келістік. Бірақ... Жүргізуші жігіт артына бүрылып:
- «Өркенде» түсетін кім бар? - деп дауыстады. Жатқандар жапа-тармағай қозғалып, үрпиісіп тұра бастады. Алғашқы айтқандары: «Қай жерге келдік?» болды.
- «Өркенге».
Жаман иттің атын Бөрібасар қояды деп, осы ауылға тоқтап бекер әуре болады, - деп, нәумез бола күңкілдесті. Арай ықшам тұрып, шағын қара сумкасын иығына асып тысқа беттегенде, мен де соңынан ілестім. Автобус есігін ашып жібергенде, анталаған аяз лап беріп, бетті шарпи шабуылдады-ай. Көзге түртсе көргісіз мылқау да дүлей қараңғылықты болар-болмас тесіп, сонадайдан әлсіз жарық сығыраяды. Бағанағыдай емес, алақүйын боран бәсеңдеп, кебінге оранған жер бетін өлім тыныштығандай - ұлы тыныштық иелік ете жалмап, жайпай бастаған екен. Мен Арайды сол түн-түнектің қара отауына кіргізіп тұрып, соңғы рет «шығарып салайын» деп өтіндім. Ол қарсы болды. Тек автобус орнынан қозғала бергенде:
- Қайтарда келіңіз, аға, күтемін, - деген әдемі дауысын естіп қалдым.
Осы кезде жүргіншілердің арасынан: «Осы күнгі жастар тауық секілді, көзді ашып-жұмғанша танысып, табыса қалады» деген күбірін және естідім.
«Новостройкада» екі күн еру болып, үшінші күні жолға қайта шықтым. Мен барған село расында да көз тоятын көркем еді. Қалаша салынған, оқтай түзу көшелер, қаздай тізілген ақ шағала үйлер - бейне бір ғажайып түс көргендей боласың. Онша далиған көлемді де емес. Шап-шағын селоға әлемдегі жақсылықтың бәрін үйіп-төккенге үксайды. Облыс пен ауданға келген өкіл, үятты қонақты осы «Новостройкаға» ала жөнеледі білем. Маған осынау ауыл көрмеге қойған макет село секілденген. Десек те іштей ризамын. Басшылары да қонақжай, лыпып тұрған, өңкей жүзіктің көзінен өткен жігіттер. Бірақ маған сонау «Оркеннің» бүкіл байлығы мен бакыт несібесін осы сүйкімді село ұрлап, тонап жатқандай әсерді және қалдырды. Арасы атшаптырым ғана екі ауылда неге соншалық жер мен көктей айырмашылық бар деп ойлаймын. Өйткені «Новостройка» бұрыста емес, түзу жолдың бойында...» деді ішімнен бір үн...
Қызық, әнеукүні танысқан түбіт шәлілі қызды ептеп сағынғандаймын. Таныстық неғұрлым келте болса, сағыныш анағұрлым ұзақ болады-ау. Мен оны оқыстан таптым, мүмкін өмірімнің алғы күндері соған телулі шығар-ау. Мүмкін, әйтеуір біреуді үнемі іздеп, елеңдеп жүрер жүрек байыз тауып, байырқалар айдынында жолыққан шығар-ау... Осы тілек, осы үміт-ау адам баласын елеңдетіп, ертеңгі күндерге асықтыратын, үстатпай, сағымша бұлдырап шаршататын.
Таңертең аудан орталығына барар автобусқа мініп, дәл «Өркеннің» түсынан түсіп қалдым. Таңға жуық қырбақ қар жауып, қансонар болып жатқан. Таудың көк желкесінен болымсыз сығалаған жансыз күн сәулесі шағырмақ қарға түсіп, көз суыртып каратпайды. Аппақ үлпа дүниенің таңғажайып, көркем қысқы көрінісін айтып жеткізу қиын. «Өркенге» барар жолды айқындаған шананың айқыш-үйқыш ізі ғана, өзге белгі әзірше жоқ. Әлгі шананың қатар жарысқан қос сызығы, кейбір адамдардың қиылыспайтын тағдыр соқпағын еске салады. Қойнаудағы ауылға беттедім.
Мүржадан ұшқан түтін желсіз тымық ауаға тік ұшып, баяу қалқып көзден ғайыптанады. Мұрныма сол күре жолдан екі-үш шақырым қағаберіс оң шынтақта бұйығы жатқан қайран ауылдың түтіні келгендей еді. Қайкаң болғандықтан ба, алқынып жүрісім мандымады. Мен тіпті асығып та келе жатпағанмын. Арай, сөз жоқ, мені алаңдап тосып отыр. Ертең Алматыға бірге аттанамыз. «Әке-шешесі қалай қарар екен», - деп сезіктене ойлаймын.
Мен «Өркенге» келгенде, алғашқы көрген кісім - орта бойлы, қалың қара қасты, әдемі жігіт болды. Басы салбырап, аялдамаға қарай асығыс құлдырай жөнелген.
- Әй, жігіт, - дедім дауыстап.
- Арайдың үйі қайсы? Ол маған түнере қарап тұрды да:
- Оның кімі едің? - деп қайыра сұрақ қойды.
- Жай әншейін, танысымын.
- Анау... анау... ауыл шетіндегі қыстақ, - деді де, шұғыл бұрылып жүріп кетті.
Қыстаққа жақындағанымда, сыңсып жылаған дауыс естідім. Батылым бармаса да, тәуекел деп кіріп келгенімде, басына қара жамылып, ағыл-тегіл жылап отырған әйелді, оны қоғамдай қоршаған шиеттей-шиеттей балаларды көрдім. Шешесіне қосылып пырсылдап жылайды. Жүрегім тас төбеме шықты. Басын көтеріп, жасты жанарымен қараған кайғылы әйелден сасқалақтап:
- Арай қайда? - деп сұрадым. Үнім шаңқ етіп жаман шықты.
- Айырылдым ғой, Арайымнан... - аңыраған жоқтау онсыз да бор боп езіле бастаған жүрегімді шабақтап-шабақтап тілгіледі-ай... Сай-сүйегім сырқырап, тізерлей жығылып, қыздың анасын бас салдым. Бұл менің алғашқы, әрі ақырғы кұлауым шығар.
Арайды сол боранды түнде қасқыр қамап, ауыл мен күре жолдың екі ортасында... жегі кеткен екен... Қыстақтың қыр жағында жерленген Арайдың моласына бардым. Аппақ, күмістей жылтыраған ақша қардың үстінде қап-кара төмпешікке айналып, мәңгілік сапарға, кайтпайтын сапарға аттанған Арайдың бейкүнә балапан рухы жатты.
Қыз әкесі мені көрмегендей, сол жас кабірге тесілген қалпы меңірейіп тұра берген. Ақша карға көзден аққан жас тырс-тырс тесе тамады. Қорадағы қамаулы қой маңырайды... бұл өңірдің ендігі қызығы да, қайғысы мен қуанышы да түгел осы... бірінің жүнін бірі жұлып жеп тұрған ақтылы қой сықылданды.
Мен ауылдан аялдамаға қайтып бара жатып, Арайдың кабіріне ақырғы рет қарап едім, қыз әкесі молаға орнатқан тас мүсіндей болып әлі түр екен.
Күре жолдың шетіндегі аялдамаға қайтып келгенімде, бағанағы жігіт пен «Новостройкаға» оқуға жиналған бір топ балаларды көрдім. Ішіндегі біреуі Арайға өте ұқсайды, бәлкім кішкентай сіңлісі шығар... Олар дірдектеп тоңып тұр. Автобус әлі жоқ...
Жігіт айтты: «Араймен бірге оқып, бір партада қатар отырып едім. - Көмейіне өксік тығылып барып, сөзін әрең жалғады. - Қалтасында сіріңкесі болған екен, таусылғанша жағып, айбар ғып отырыпты да, қасқырлар қамалап қоймаған соң, шанадан түсіп қалған бір бау шөпті өртепті. Сонсоң... сонсоң қар беті апыр-топыр айқасқан, екі етігі мен шашын мазақтағандай қарға шаншып кетіпті. Әкеңнің аузын... мылтығымды алып келіп, Алтайда бір қасқыр қалғанша қырамын, тұқымын қалдырмаймын бұл жерге (жылады). Сол түні қасқыр көп ұлыпты...».
Осы кезде «Новостройка» жақтан сылаң етіп автобус көрінді.
Мен редакторымның тапсырмасын тұңғыш рет орындамадым... Бүгінгі заманымыздың сәулетті селосы жайлы мақала жазылмады...