Табиғат Армия (Tabygat Armya). Алаң ғұмыр
Күздің бұлтты, ұзақ бір түні, далада мазаны кетіре азынаған боран әлдебір сұмдықтың хабарын естіртердей аласұрып есік-тезезені сабалайды. Ауыл әлдеқашан ұйқыға кеткен. Андыздап үрген иттің дауысы ғана естіледі. Осы күнде ауылда ит те азайған. Ел де қорасының қорғанын шамасына қарай биіктетіп, кейбір әл-ауқаты нашар кедей-кепшіктер алаң-ашық қорғансыз отыра беруге етіүйренген. Осындай қараша үйлердің бірінде жалғыз кейуана төсегінде кірпік ілмей, күндіз кеткен баласының амандығын тілеп, ойы он саққа, санасы сан саққа бөлініп, мынау мылқау қараңғы түнде жалғыздан-жалғыз отыр.
Баласы Асқар жоғары мектеп бітіріп келген екі жылдан бері үйде жұмыс күтіп отыр. Жұмысты күте-күте үміті де үзіліп барады, тепсе темір үзетін шағында бос жүру арқасына аяздай батқан. Бұл күндері не істерін де білмейді. Екі қолы алдына сыймай, күндіз сыртқа шығып, түннің белгісіз бір уағында үйге келудіәдетке айландырған. Ақыл айтар әкесі ерте дүниеден өткелі шешесіәкесінің жоқтығын білдірмей, отбасының азын-аулақ егіндік жерін майға беріп, өзі асханаға күндік істеп тапқан азғантай ақшаны аужал етеді. Асқар оқуға аттанарда туыс-туғандары қолұшын беріп көмек еткен. Әкесінің тірісінде жиған азын-аулақ ірі қарасын сатып жүріп оқуды да тамамдаған. Шешесі екеуі жетімдік пен жесірлік тағдырдың тауқыметін әбден тартқан. Сондықтан да анасын бір сәт болсада аяйтын. Күн көріс үшін қара жұмысқа жанын жалдап күндік істеп, мардымсыз тапқан жалақысын шешесіне беретін. Бірақ, оған өзі ешбір қанағат етпейтін, өзінің жұмыссыз жүруі, жүдеу тұрмыстың қиындығы еңсесін басып, қабағына қалың қайғы, жүзіне өзі де біліп болмас белгісіз бір мұң ұялатқан.
Соңғы күндері тиіп-қашып арақ ішуді де үйренген. Ішкен күні оңашада өзімен-өзі мұңдасып жылайтынды тапқан. Ертеңгі күнібеймәлім. Осы беймәлімдіктен тұратын болашағы бейне соқыр тұманда бағыт-бағдарынан адасқан теңіздегі ескексіз қайықтай теңселтіп, терең бір ойлар кешіретін. Анасы да баласының жұмыссыздығын ойлап, қорғансыз ұлына жаны ашыйтын. Бұл күндері ұлының мінезі де өзгеріп, бұрынғыдай емес ашушаң, кем сөзді болған соң «бет жыртылмасын» деп үн-түнсіз іштей тынатын...
Есік шалқасынан ашылды, бар пәрменімен ашылған есік кереге тамға тарс етіп соғылды. Жайсыз хабардың дабылы қағылғандай ой құшағында жатқан кейуананың бойын суық сезім аралап кетті. Баласы есік жабуға да шамасы келмеді ме тәлтіректеп барып, төсегін құша жығылды. Даладағы тентек боран ағаш есікті елпек қақтырады. «Міне, көрдің бе?» дегендей топшысы босаған жылауық есікті өз әуенімен боздатады. Кейуана не істерін білмей бір қауым уақыт үнсіз жатты. Үйіші тылсым дүниенің әкелген сумақы боранымен суып кетті. Кейуана амалсыз орнынан тұрып шам жағып, есік жапқалы ауыз үйге шыққанда, арақ исі мүңкіп кетті. Жүрегі аузына тығылып, тынысы тарылғандай беймаза күй кешіп, жандүниесі тұншыққандай болды. Есікті жауып, жатын үйіне беттегенде баласы «Не үшін? Не үшін?...» -деп ұйықтағаны-ұйықтамағаны белгісіз бірдемелерді күбірлеп жатты. Кеше ғана анасының ақ сүтін еміп, аялы алақанында ержеткен ұлының араққа салынған бейнесін көргенде оның көкірегі қарс айрылды. Жатын бөлмесіне беттеп бара жатып өксіп, көз жасы бұршақтап кетті. Қыстығып жылады. Жылай жүріп шамды өшірді. Не жатарын, не тұрарын білмей төсегінде бір ауық үнсіз егіліп отырды, кемсеңдеп жылады. Жандүниесі даланың боранындай астаң-кестең болып, төсегінде дөңбекшіп жатып, терезеден таңның алғашқы хабаршы сәулелерін көрді. Таң құланиектеп атып келеді екен. Кейуана төсек орнын жиып, ауыз үйге беттеді. Киімшең төсегіне құлай кеткен баласын көрді де еріксіз басын шайқап, «Құдай-ау, өмір деген баланың бақытын ойлап өту ме еді!?» деп іштей күйзелген бейнеде далаға шықты. Түнгі дүлей боран жуасып, таңның ызғарлы суық желіне айналған. Үй сыртындағы жол жақтан көтек арбасын сүйреп, көкөніс базарына беттегендердің дыбыры білінеді. «Үһ!» деп терең бір тыныс алып өзегін өртеген жалынды сыртқа шығарғандай көңілі бірсәт тыншыды. Дәрет алып ұйге кірді, үйіші ала көлеңке. Ол төрде ілулі тұрған жайнамазын қолына алып таңнамазына отырды. Намазды бар ыждағатымен оқи отырып, сәждеге басын қойғанда, көңілі босап егіліп жылай берді. Қолын жайып жан жұбанышы Жаратқаннан жалғызының амандығын тілеп, ата-бабаларының аруағынан медет сұрады. Дәл осы шақта оның құлағына алыстан ұлыған иттің дауысы талықсып жетті. Жүрегі зырқ етіп ана көңілін қорқыныш биледі. Үрей мен күдік ішінде алаң көңілмен атар таңнан белгісіз бір үміт күтіп от жаққалы ошаққа беттеді.
Баласы әлі ұйықтап жатыр...