Anuar Duisenbinov. Менің ішімде

9fddf4ca3d0abe86f2c218a710951726.jpg (1280×720)

Ішімде кінә тіл қатса

 

Үміті ақталмағандардан кешірім сұраймын,

Жаттығу жасамай төрттік алғаным үшін де

Ағам азия мен қазақстан чемпионы болса да

Еркін күрес секциясында ойыншық ойнағаным үшін де

Әкемнен сұраймын кешірім

 

Қоғамдық моншадағы душтан ағатын мөлдір су болса да

Душта үстіне дәрет сындырды деп ойлаған ағамнан да

Сұраймын кешірім

 

Үнемі мен туралы жақ аша алмай

Ыңғайсыз жағдайға қалдырғаным үшін де

Өзге балалар сияқты ойнамай

Кішкене қарындасымның қуанышына

Бөленгім келгені үшін де

Оның қуыршағына көйлек тіккенім үшін де

Шешемнен сұраймын кешірім

 

Менен жақсы күйеу жасауға тырысып

Текті жалғастыратын жалғыз еркек кіндік

болғаным үшін тәрбиелеуге тырысқан

Тәтелерімнен де сұраймын кешірім

Ал менің баяғыда қайтыс болған ағамның баласына

Бұзық деп айдар тағып жетім деп қарайтын

Себебі ол расымен жетім болатын және ешқандай үлгілі

Қазақ жанұясы бұл кемшіліктің орнын толтыра алмады да

 

Менің арманымнан басқа арманның бәрін

орындауға уәде берген әйелімнен де

сұраймын кешірім

Бұл арманның бәрі баяу бақытсыздыққа ұшыратты

Бірде мен өзіме өзім бұның бәрі өтірік екенін

Ал өтірік уланған топырақ екенін мойындауға батылым жетті

Және өкінішке қарай сол топырақта өскен менің ұлым

Енді ешқашан ол удан құтыла алмайтын да шығар

Мен әлі күнге дейін

Көпшілік қабылдаған қалыпты жағдайдың

Кесірінен мүгедек болғаныма өзімді аяған сәттте

Тәніммен де сол уды сезінемін

 


Жақсы көруге батылым да жетпейтін

Ұлымнан да сұраймын кешірім

 

Жүзінен екіұштылық сәулесін өшіріп бара жатқан

Шексіз қайталана беретін өмір сүру салтына

жыртқыш дәстүрдің талауына тастап кеткенім үшін де

Қарындастарымнан да сұраймын кешірім

 

Анығында шын ниетімен құбылаға қарап сиынсам да

Жайнамаздан түскенім үшін

Жауаптарға қанағаттанбағаным үшін

Үш-ақ сөз үшін

Басында менің жоғарыға құлауымның басында болған

Үш-ақ сөз үшін кешірімшіл болуға

жарық сәуле таба алмағаным үшін

Ағамнан да сұраймын кешірім

 

Құлағанда қанаттанып биіктен тасталған балапан сынды

Ұшқаныма масаттанып ұмытып кеткен адамдардан да

Сұраймын кешірім

 

Ішімде әділдік тіл қатса

 

Сайтан алғыр, бәрі де құрып кетсін

Себебі адам еркін болу үшін туған

 

Мен өзіме бәрін дұрыс істедің деп айтамын

Өзіме өзім қарсы келмейтін ізді таңдағаным үшін

Себебі бір күні жарыларым анық еді

Қысымнан өлтірер едім өзімді мүмкін оларды да

Мен өзіме адам өмірін сақтау үшін

өз жолыммен жүргенімді дұрыс деп айтамын

Бәлкім өзімшілдік болар бірақ бұдан басқа жол да жоқ

Ешқандай алғы шарттың тіпті қарыздар емес

екенімді немесе жауапкершіліктің де жоқ екенін

Қайталап айтамын өзіме

Өмір туралы, менің өмірім туралы сөз қозғалғанда

Мен өзіме қағидалар мен әлдебіреу танып қойған адамгершілік те

Әлсіздер мен мойынсұнғандардың ісі екенін айтамын өзіме

Мен өзіме ешкімге ештеңе міндетті емес екенімді

Тіпті қазір бәрін тіке айтқанымды және бәлкім

бұл жерде поэзия да жоқ екенін

Жай ішімдегі алай-дүлей сезімді ақтарғым келгенін де

Айтамын өзіме

 

Ішімде махаббат тіл қатса

 

Мен аяқасты тынышталып көптен күткен

Тыныштыққа оралғандай боламын менің үйім

Ешқашан мені мен ешқашан үйімді тастап кетпегенімдей

Сүйікті әжем бәсең дауыспен әндетіп

Шашымды сипап жатқандай ал мен оның алдында жатамын

Ештеңе есімде қалмағандай себебі ештеңені есте сақтаудың да қажеті жоқ

Немесе армандаудың да себебі мені әжемқалай бар солай сүйеді

Мен де оны сүйемін дәл сол қалпында

 

Орыс тілінен аударған Абызал Сүлеймен

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты